Өлең: Мұхтар Шаханов (Жеңілген жеңімпаз хақындағы Отырар дастаны немесе Шыңғыс ханның қателігі)

Өлең: Мұхтар Шаханов (Жеңілген жеңімпаз хақындағы Отырар дастаны немесе Шыңғыс ханның қателігі)

Олжас Сүлейменовке, мына жолдардың авторына:
"О, мы не забываем, никогда
Свои тысячелетние обиды.
Великие сжигали города,
Не ведая, что летописец видит."

"...Науқас меңдеп барады. Мына кішкене үрпек бас перзентімнің aт жалын тартып мінгенін көруді тағдырдың жазбағаны - ай! Атадан бaлaғa ауысып келе жатқан дәстүр бойынша ұлымды тіземе мінгізе отырып, Отырарды қорғау жолында түгелдей опат болған ұлы бабаларының жанқиярлық күресін сан рет әңгімеледім.

"Әлі тым жас қой, түсіне қояр ма екен?" — деп әйелім күдік те білдірді.
Жоқ, түсінуге тиіс. Түсінбесе өзіне қиын. Тамырын тереңге жібере алмаған дарақтың қашан да ғұмыры келте.
(Әкемнің досына жазған хатынан)

I
- Даңқың қайда төске өрлеген?
Екі жүз мың әскерменен
Алты ай бойы кіп-кішкентай
Отырарды ала алмау,
Алты ай бойы
Отырардың осал тұсын таба алмау
Ойы - дауыл,
Сезімі - аспан,
Тек жеңіспен көзін ашқан
Менің алғыр ұрпағымның сүйегіне зор таңба,
Намысыма сызат түсті мына сенің арқаңда, —
Деп Шыңғысхан Шағатайға оқты көзін қадады.
- Осы өкініш мені де өртеп барады.
Отырардың бақытына орнаған
Болар, бәлкім,
Алдырмай тұр зор қамал.
Бірақ, әке, жүргенім жоқ аянып,
Қанша үмітім желге ұшты.
Қанша әскерім жер құшты.
Дала жатыр қызыл қанға боялып,
Егер бүкпей баяндасам шындықты
Рухы — өр,
Тәні — бекем
Бұл бір қайсар халық екен,
Тірліктен де артық қойған бірлікті.
Жүрегінде ыза табы қалмағандай бір мысқал:
- Шалалаусың, — деп жымиды Шыңғысхан.
Сақталмауы мүмкін емес зердеңде,
Сен тоғызға келгенде,
Ұлу жылы, Үкітайдың тойында,
Оқ өтпейтін алып батыр жайында,
Ертек айтқам оңашалап өзіңе,
Сол ертекті неге алмадың пайымға?
- Кешір, әке, балалық па,
Зерсіздік пе,
Шалалық па,
Тек нобайы ғана қапты ойымда.
Ұмытпасам Массагет даласында,
Аңдысқан қас пен достың арасында
Атса садақ дарымайтын,
Мыңмен жеке шайқасса арымайтын,
Шапса қылыш кеспейтін,
Жанарынан мейірімі өшпейтін,
Өтіпті бір өжет батыр нар кісі, -
деп баласы кібіртіктеп тоқтады,
Есімде жоқ, әке, одан арғысы.
- Есің кетсе, естіге кіріптарсың,
Ең бастысын ұмытқансың, —
Деп Шыңғысхан ызбарлана тіл қатты,
Әр сөзінде атан түйе қайысардай зіл жатты. -
Жә, ендеше, түсірейін есіңе.
Жомарт, аңқау сайын дала төсінде,
Сан мың әскер жеңбеген өр алыпты
Бір-ақ адам табанына салыпты.
Әлгі алыптың кеудесінде бармақтай
Оқ өтетін осал жері болыпты.
Даңқ кімнің күліп тұрса басыңда,
Сатқындық та бұғып жүрмек қасында,
Айлакер жан соны жазбай таныпты.
Қай кезде де айла кескен нарықты.
Жақын барып үңілместен жауыңа
Шығам деме, ұлым, жеңіс тауына,
Адам аз ба күшке сеніп адасқан?
Жауың мықты.
Бұған, сірә, таласпан.
Әр мықтының осал жері болмай ма?
Болса қайсы Оған бастар жол қайда?
Ал бұл сұрақ бар кез сенің жүру керек басында,
Менің күллі жеңісімнің құпиясы осында!
Көңілінен күрт серпіліп наласы, -
Ұқтым, әке, — деп жымиды баласы.

II
Алты ай бойы ерлік салтқа төрін берген Отырар,
Алты ай бойғы алапатта жеңілмеген Отырар
Алты-ақ күнде жермен-жексен қирады.
Ақыл-ойын жалындатқан,
Өнер, ғылым шамын жаққан
Ұлы қала Азияның маңдайына сыймады.
Безбүйрек жау сәбилерді,
Шал-шауқанды,
Кемпірді,
Тіпті жүкті әйелдің де ішін жарып өлтірді.
Құзғын, қарға ғана тынбай шарлап мұңлы аспанды,
Отырардың аянышты зарлы өмірі басталды.
Айдай әлем мойындаған даңқы бар,
Жүз елу мың халқы бар,
Нән қаланың асқақ әні осыменен шектелді...
Үш күннен соң екі адамды
Шыңғысханға ап келді.
Оның бірі - аты аңызға айналған,
Алты ай бойы Отырарды
Құтқарам деп арпалысқан қайраннан,
Жүрек шамы ізгіліксіз жанбайтын,
Аман өткен сан алапат майданнан,
Қанаттыны талаптыға жалғайтын,
Фараби мен Иассауидің жырларын
Таңнан таңға жатқа айтудан талмайтын,
Әрі өзгеше ел басқару мәнері
Отырардың Қайыр атты ханы еді.
Екіншісі — қара мұрты қара түн,
Қара түнде қаққан қара қанатын,
Шағатайға Отырардың қақпасын
Ашып берген Қарашоқы болатын.
Қайран тірлік, бақ пенен сор қырқысқан,
Түлкі сайтан,
Қыран өрге тырмысқан.
Екеуіне алма-кезек көз тастап,
Ұзақ, үнсіз,ойға шомды Шыңғысхан.
Иә, Қайырхан, — деді сосын жай ғана —
Рух ердің өзегі ғой қайда да.
Ең әрісі
Жеңілістің өзін де,
Шешкің келіп тұр өзіңнің пайдаңа.
Жігіттерім рухыңа қармақты
Салмақ болып,
Тәніңді әбден қорлапты.
Батырлықтан бағың бірақ жанған, ә,
Маған қарап күліп тұрсың сонда да.
Олар сенің жеңгенімен тәніңді,
Амал нешік,
Жеңе алмапты жаныңды.
Мысқыл күлкің салды маған қаншама ой,
Шіркін, сендей бес қолбасшым болса ғой,
Қалың қолым ұқсап дүлей тасқынға
Бөлеп дарқан күйге мені
Бүкіл әлем билер еді,
Аяғымның астында.
Ха – ха – ха – ха - ха, ал мына бір сатқынды
Құдай саған қайдан ғана тап қылды.
Қайғылы әрі күлкілі.
Қайран аңқау дара тұлға
Аңғармапсың қанатыңа
Жасырынған түлкіні.
Ерлігіңе осы болсын сыйлығым,
Сатан қидым бұл сатқынның билігін.
Тұр еді еркін езу жимай күлімдеп,
Мына әңгіме лезде құтын қашырды.
Қарашоқы есі шығып, дірілдеп
Шыңғысханның аяғына бас ұрды:
- Ұлы ханым,
Әділдік пе мұныңыз?
Өле өлгенше боп өтейін құлыңыз, Отырарды
Мен қол ұшын бермесем,
Оңай жаулап алар ма еді ұлыңыз?
- Оған дау жоқ, - деді Шыңғыс түнеріп, —
Сенен асқан бар ма бірақ тірі өлік.
Қастерлінің бәрін жыққан табанға
Азған сен бе
Әлде мына заман ба?
Тым құрыса
Қасиетті бір сезім
Қалу керек емес пе әрбір адамда?
Рас,
Менің нөкерлерім безбүйрек
Зұлымдықты ерлік деп те таниды.
Олар тіпті өкшесімен езгілеп,
Кете алады жазығы жоқ сәбиді.
Одан да ірі хайуандыққа жете алады төзімі,
Бәрін өзім үйреткенмін о баста.
Қаталдық пен аяушылық сезімі,
Жауынгердің жүрегінде түспеу керек таласқа.
Түспеу ләзім қос сезімнің дауына
Мен осыған қатты көңіл бөлемін.
Қаншама иттік етсе де олар жауына
Туған жерін сатпасына сенемін.
Дәмелендің
Шығарар деп төріне.
Жетті көзің, ол үмітің құр елес.
Опасыздық жасадың ба еліңе,
Ертең саған мені сату түк емес.
Шарам нешік,
Тұрмын сені тіпті аяп.
Сорлы Отансыз,
Қарайыпсың қаныңа.
Қашан мені сатарыңды күтпей-ақ
Алдынды орап кеткеніме налыма.
Жақсылығым қайтпады деп арыма.
Сатқындыққа сатқындықпен тіл қату
Ұқсамай ма табиғаттың заңына.
Құлақ түрер кім қалды енді зарыңа?
О дүние сапарына,
Сатқыным,
Сеніп аттан әділдіктің барына! —
Нөкеріне бұрылып:
- Кәне, қылыш ұстатыңдар
Қайсар батыр Қайырханның қолына!
- Тоқта, Шыңғыс, — деп Қайырхан саңқ етті,
Бұл баланың әкесі бір нар текті
Адам еді елге сыйлы, зиялы,
Адам еді адал, ұшқыр қиялы.
Әкесі үшін перзентіне сеніп ем,
Сатқын болып шықты мына тұяғы.
Оны ойласам от жүрегім қан болар
Сеніміме содан түскен таңба бар.
Мақұл көрсең
Әкесін бұл сатқынның
Осы араға алдырғаның жөн болар.
Келді ме әлде жауынан сыр тартқысы,
Шыңғыс басын изеді оған үн-түнсіз.
Біраздан соң
Қаба сақал қарт кісі,
Екеуіне қарсы қарап тұрды үнсіз.
Қайыр айтты:
- Жылан туса жыланнан,
Құлан туса құланнан
Таңданатын түк те жоқ,
Бірақ жылан қалай туды қыраннан?
Қария айтты:
- Сыйлы басым қуарды,
Жария етіп жалғанымды.
Менің қыран болғанымды
Заман бүгін өтірікке шығарды.
Әділі сол, көнбе мейлің, көн мейлің,
Әр адымы қиындаған,
Адал өлім бұйырмаған
Менен сорлы жан бар десең, сенбеймін.
Ең негізгі кінә, әрине, өзімде.
Бұл баланы жаңа туған кезінде
Перзент үні тұсаған жан мұратын
Афрасиабтың әр жағында тұратын
Нағашысы бауырына басқан-ды.
Қателігім осы арадан басталды.
Кіндік кескен өлкесінің сорына
Ержеткен соң қайта келді қолыма.
Бөренені жарып шыққан сынадай
Бабалардан бізге жеткен,
Құлақтыны іздеп өткен,
Өсиет бар мынадай:
"Әр нәресте қашан есі кіргенше,
Жер қадірін,
Ер қадірін білгенше,
Алғашқы әнтек қылығына
Өзі ұялып күлгенше,
Көтергенше балаң ойдың желкенін
Қинаса да қиқар соқпақ, қиыс жол,
Өзін туған қасиетті өлкенің
Ауасымен дем алуға тиісті ол!"
Мен осынау борышыма әкелік
Немқұрайды қарадым да,
Кінәлі боп ар алдында
Жібердім зор орны толмас қателік.
Міне, төрім бірігіп тұр көріме,
Көрінетін бетім бар ма еліме?
Мына сатқын перзентіме қосақтап
Өлтіруге міндеттісің мені де!
Азғандықтың соңы бізбен құрысын,
Сабақ болсын ертеңгі атар күн үшін.
Құм мәңгілік бүркей алмас асылды,
Даңқың көктеп өтеді әлі ғасырды.
Ал қимылда,
Қалды уақыт тым қысқа.
Қағу үшін сенін қайсар басынды
Асығып тұр мынау залым Шыңғыс та!
Қайыр айтты:
- Иә, қоштасар келді күн
Азбан Шыңғыс ел тарихын қорлады - ау.
Ойлап тұрсаң, енді бәрі арман - ау.
Отырардың жан қиярлық ерлігін
Жыр ететін,
Әттең, ақын қалмады - ау!
Шыңғыс айтты:
- Өкінгенмен болмайды,
Ешкімге де берілмейді бас сауға.
Бұйрық еттім түгел қырып тастауға
Отырарда еркек кіндік қалмайды!
Қария айтты:
- Қателестің. қалады!
Жұма бұрын
Шеткі Елші қақпадан,
Жүзін жалын қақтаған
Мен құтқарып жібердім бір баланы.
- Бәрекелде,
Бұл еңбегің жарады!
Бірақ одан ұрпақ тарап,
Одан ақын туғанша.
Ал ол ақын ата жолын қуғанша,
Кеудесіне сидырғанша даланы,
Айырғанша ақтан бөліп қараны,
Талай өзен тасып өтер,
Бәлкім, талай ғасыр өтер -
деп, Қайырхан жасқа толып жанары
Отырарға қимай, ұзақ қарады.

III
Оян, Қайыр бабатайым, қасиеттім, қымбаттым!
Сан алапат тасырдан соң,
Тасыр дауыл басылған соң,
Жеті жарым ғасырдан соң
Өзіңді іздеп тіл қаттым.
Аман қапты батыр арман,
Отқа оранған Отырардан
Қашып шыққан сол баяғы баладан
Бұл күндері санатты ұрпақ тараған.
Дәуірінің қанатында самғаған
Сол ұрпақтан шыққан ақын мен болам.
Кешіктің деп кінәлама, айбарлым,
Сені ояту үшін қанша ойландым.
Еңіреген ер ең аузы дуалы,
Бізге жетті жүрегіңнің шуағы.
Түп-тамырын сенен алып жатқан ел
Саған ұқсас батырларын туады.
Күллі Азия көз тігетін таңдана
Құм астынан көрінбейді паң қала.
Сол қалаға арнаған бұл жырымды,
Оң қабақпен қабылдай көр, жан баба!
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
мұхтар шаханов Жеңілген жеңімпаз хақындағы Отырар дастаны немесе Шыңғыс ханның қателігі өлең стихи на казахском мухтар шаханов олен казакша, мұхтар шаханов өлеңдері, мухтар шаханов олендери, мухтар шаханов стихи на казахском, Жеңілген жеңімпаз хақындағы Отырар дастаны немесе Шыңғыс ханның қателігі

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]