Өлең: Мұхтар Шаханов (Жароков көшесіндегі кездесу)

Өлең: Мұхтар Шаханов (Жароков көшесіндегі кездесу)

Лаулата алмай бойдағы бар ұшқынды,
Жүрген кезім армандап алыс қырды.
Бірде мені Төлеген Айбергенов
Тарлан ақын Тайырмен таныстырды.

Күйін шертіп өзінің сан-салалық,
Бұлақ жатты көктемді аңсап ағып.
Күн жексенбі.
Сондықтан үшеуміз де
Тауға барып қайтуды жөн санадық.

Кез болатын кең жайған күз қанатын,
Аспан жиі бозарып сызданатын.
Алатауға ерлеген ақ қайыңға
Қарап қойып сыр тартты бізден ақын.

Жан еді өзі секілді дара қайың,
Дара қайың болса да, қарапайым. –
Қане, Төлеш, - деп күлді ол, - жырыңды оқы,
Қане, сен де тартынба, балақайым!

Күле қарап төбеден ай қабақ күз,
Көп сырластық, көп жырды қайталаппыз.
Жаңа жарқын ойларға ат шалдырып,
Күн кешкіріп қалғанын байқамаппыз.

Бас игізіп оң-солға теректі ептеп,
Соғып-соғып өтті де жел өкпектеп.
Қаба сақал қара бұлт қасын керіп,
Қара нөсер құйды-ай бір шелектеп кеп.

Бұл қырсықтан құтылу күш-ау бізге,
Салу қиын, әрине, тұсау күзге.
Әр шыршадан пана іздеп жүгіргенмен,
Сеп болмады. Су болдық үшеуміз де.

Биік ұстап үйренген асқақ атын,
Асқақ еді ол. Жаны да жас болатын.
Суық өтіп кетті ме, сәлден кейін
Боп-бозданып жөтеле бастады ақын.

Күз көңілдің желігін ноқталайды.
(Содан оны жұртта көп мақтамайды).
Жол бойында телміріп ұзақ тұрдық,
Қас қылғандай бір такси тоқтамайды.

Сенім барда үміт те сарқылмаған,
Төмен түстік тар жолмен толқындаған.
Алдан бір үй көрінді, ал қасында
Судан жаңа "Волга" тұр жарқылдаған.

Кім біледі көнерін, құп аларын,
Батылдандым. Сенімнен құламадым.
Дарбазасын қағып ем үн болмады,
Сосын барып әйнектен сығаладым.

Кездейсоқтық. Сірә, оның азба себі?
Міне мұндай ғажап та кездеседі.
Төрде отырған нән қарын сары кісі
Менің жақын досымның жездесі еді.

Әрі туыс ағаммен етене еді
(Бір қолқамды қалай да көтереді),
Соңғы жылдар мерейі қанаттанып,
Басқаратын үлкен бір мекемені.

Сақта тәңір үміті суалғаннан,
Айым мұндай сәтімен туар ма алдан.
Еркін ашып қақпаны өзімсініп,
Кіріп бардым ішкі үйге қуанғаннан.

Сәлем бердім. Сәлемі ұнамады,
Күңгірт тартты көңілімнің гүл алаңы.
Ұзақ үнсіз отырдық, бұрынғыдай
Анамның да саулығын сұрамады.

Мінез көрдім бойынан алғаш бөтен,
(Бөтендік пен оғаштық жалғас па екен?)
- Ағай,—дедім, - жаңбырда қалып қойдық.,
Машинаңыз жеткізіп салмас па екен?

- Жаяу жүрдік біз сендей жасымызда, -
Деп жымиды ол байқатып тосын ызғар.
- Ағай,- дедім тағы да, - өтінемін,
Бір ардақты ақын бар қасымызда...

- Жоқтан-бардан қайтеміз кеңес құрап,
Кеңес құрап, келіссіз егес құрап.
Алматыда ақын көп, барлығына
Көлік беру міндетім емес, шырақ.

Талабымды алғандай шоққа сұғып,
Алдан жабық, мейірімсіз қақпа шығып.
Тұрып қалдым көзіммен жер шұқылап,
Тасып кірген көңілім сап басылып.

II

Жайсаң жырдың дәмін тез айыратын,
Жасықтардың қанатын қайыратын.
Жиындар мен тойлардың мінбесінен
Көрінбейді бұл күнде Тайыр ақын.

Не болды екен, тағдырдың көзі өткен бе
Шіркін, өмір, сараң-ау өжеттерге.
Қайда сол бір достыққа ғашық адам,
Жырын неге бермейді газеттерге?

Сыйламасын бақ-дәулет төрін, мейлі,
Сонда да адам үміттен жерінбейді.
Арасынан жүлдегер ақындардың
Менің Төлеш ағам да көрінбейді.

Бір арманды бір арман жетектеді,
Қырға шықты бұл күнде етектегі.
Көп болды ғой, өмірдің от толқыны,
Ол екеуін ағызып әкеткелі.

Ту биіктен шуағын жаяды арай,
Жол кешпедік үмітті аяламай.
Міне, қызық..
Бір күні ойда жоқта,
Шыға келді алдымнан баяғы ағай.

Тым асығыс демалып иінінен,
Сәлем берді. Өзгеше күйі мүлдем.
Шеті сынған ыдыстай көңілі орта,
Есіткен ем түскенін биігінен.

Күні өткенмен күштіге табан тіреп,
Шіркін мансап болмапты-ау оған тірек.
Сөз қозғады жаныма жақын келіп,
Кінәлады ұмыттың ағаңды деп.

- Ала жіпті, немене, кесесің бе,
Өкпе қалсын өткеннің есесінде.
Кәне, қалқам, үйге жүр,қонағым бол,
Үйім мынау Жароков көшесінде.

Жібермей-ақ жылдардың тереңіне ой,
Оның үнсіз кеткені жөн еді ғой.
- Есіңізде бар шығар баяғы ақын, -
Дедім күліп, - Жароков сол еді ғой.

Көкірегін ақынның мысы басып,
Мысы басып, тәкаппар сұсы басып:
- Мүмкін емес, - деді ол дір-дір етіп,
Мүмкін емес, — деді ол түсі қашып.

Маздақ жырды қашанда тойға дайын,
Ойға алайын, тағы бір ойланайын.
О, сүйікті нұрлы өмір, мүмкінсізді
Мүмкін еткен күшіңнен айналайын!

* * *

Тарихқа үңілсең сезер ең,
Қай кезден басталған бұл сұмдық.
Ұлыға қанжарын кезеген - Күншілдік.
Бұл неткен зұлымдық, жаным-ау,
Бұл неткен ағаттық!..
Биікті биік деп танымау –
Нәмәрттік.
Арымды келемін қанат қып,
Жаныма бір тыным бермедім.
Бойымнан таусылса жомарттық-
Менің де өлгенім
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
мұхтар шаханов Жароков көшесіндегі кездесу өлең стихи на казахском мухтар шаханов олен казакша, мұхтар шаханов өлеңдері, мухтар шаханов олендери, мухтар шаханов стихи на казахском, Жароков көшесіндегі кездесу

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]