Өлең: Мұхтар Шаханов ("Өркениеттің адасуы" атты романнан Компьютербасты жарты адамдар)

Өлең: Мұхтар Шаханов ("Өркениеттің адасуы" атты романнан Компьютербасты жарты адамдар)

«Елге ұстаздық еткен қарттан алғыр, құйма құлақты,
Қонақтары сұрапты:
- Аға, неше балаңыз бар соңыңыздан самғаған?
- Бір жарым! - деп тіл қатыпты әлгі адам.
- Ал, дәл айтсам, үш ұлым бар зерек әрі білімді,
Үшеуі де ғылым қуып назарға ерте ілінді.
Сол үш ұлдың бірі ғана қайсар, ұшқыр арманын,
Техникалық санаты мен ғылыми өр талғамын
Өз ұлтының рухани байлығына жалғады,
Содан шуақ, қуат алып, ғаламдық ой толғады.
Екі ұлымның тағдырында ол өзгеріс болмады,
Екеуі де жалаң білім шеңберінде сорлады.
Рухы, жаны аласаның зорлық жатар парқында,
Сондықтан қос перзентімді санаймын мен жарты ұлға.

Мейлі, мейлі, екі ұлымды қақса да уақыт арқадан
Нағыз ұлым біреу ғана, ана екеуі жарты адам!
Иә, бізді қайда апармақ мына заман ақпалы?
Ұлан-байтақ жерімізді жарты адамдар қаптады.
Қайда барсаң көз алдыңда өнеге боп жарқылдар,
Жарты бастық, жарты ұстаздар, жарты қыздар, жарты ұлдар.
Президент пе, депутат па, тракторшы ма, бәрі бір,
Бойын рухтан аулақ салса бәрінің де мәні бір.
Өз халқының тілі, ділі - зор адами парқына,
Тамыр жалғай алмағандар не сыйламақ халқына?
Бұл қазаққа көз өткен бе,
Тілдің мұңын сөз еткенде
Кей басшылар нақ бір жылан көргендей боп қалтырар...
Ұлтсыздардың бәрі - рухи мүгедектер, жартылар.
Тілін, ұлтын менсінбеуден ол қасқалар бақ табар,
Бар назары материалдық игілікке тоқталар.
Жағымпаздар қолдауымен олар бүгін мақталар,
Ал тарихта «рухын сатқан қарын құлы» боп қалар.
Біз қанша мың жас өскінді аттандырдық шет елге:
Білім алып келсін дедік,
Жер, ел танып көрсін дедік
Бірақ осы ізгі үмітті жалаң білім өтер ме?
Қайтсек екен, мониторкөз, компьютербас, жас талап,
Білім+Рух болуы үшін ажырамас қос қанат?
Қай кезде де білім - күшің, әрі нұрлы жетегің.
Білімнің де адамзатқа зияны бар екенін
Кім ойлапты құдайым-ау,
егер ұры қаншама,
Зор білімін қулығына қару етсе жан сала
Бейқам елге оның тартар азабы да соншама.
Сан жас қанат ғаламзатқа болмақ үшін өтімді,
Түнгі оттарды іздеп ұшар көбелектер секілді,
Қасиетті ата қоныс - өзен-тауын жерсінбей,
Баба тарих ардақтаған рух тұғырын менсінбей,
Ойын тұсап ессіз, көзсіз еліктеудің жарқылы,
Тек батыстық даңғаза өнер толқынында қалқыды.
Әлде бұл да жолы шиыр ұлтымыздың соры ма,
Қалай түстік біз батыстық қиратқыш күш торына?
Қуанып ек, қосылдық деп кәусар бұлақ қорына.
Адасқандай тылсым нудан,
Біз олардың кір су құйған
Жүрек пен ой айнытатын құбырына тап болдық,
Тіпті аз жылда қолда барды жоғалтуға шақ қалдық...
Ұлы Ғабит Мүсірепов - қара сөздің кемелі,
Бүткіл қазақ рухының еңкеймес бір беделі,
Тіршілікпен қоштасатын ең соңғы сәт соққанда
Сол соңғы сәт өз күшінің соңғы шамын жаққанда,
Ажырамай сенімінен,
Діріл қаққан ерінінен,
Қанатты ойын келер күнге аққу етіп оздырған.
Шыншыл тұлға жаны дара,
Нақ мынадай мағынада
Елге арнаған ақтық сөзін маған айтып жаздырған:
"Шын өнерді басынса да жеңе алмайды асқазан,
Шырқау рух аспанында басқа мүдде, басқа заң.
Ғасырды асар әдебиеті, өнері ұлы болмаса
Ұлт даралық таба алмайды,
Және ұлы боп саналмайды ешқашан!"
Әр жүз қойдан кезінде біз үш жүз қозы алғанбыз,
Ғарышқа да құлаш ұрып, Айға түрен салғанбыз.
Рас, қазір күллі әлемде байлыққа ауды есіл дерт,
Байлығы озса мысықтар да жолбарысша көсілмек.
Бес жүз қабат үй салу да емес бүгін боз елес,
Ақшаң болса "маймылды" да бастық сайлау сөз емес.
Адамзаттың бар тағдырын енді ақша шеше ме?
Қарындарды - тек өз қамын ойлаған,
Залымдарды - қан төгуге тоймаған,
Ұрпақтары үлгі тұтып, орнатуда кесене.
Әділдікке деген сенім бірте-бірте өше ме?
Жол бар ма екен аман өтер пенде-мүдде орманнан,
Адамдықтың салтын қайттік,
даңқын қайттік қорланған?
Бүгін неге рухсыздық секілді зор батырлық?
Ізгіліксіз батырлықтан зардап шегіп жатыр жұрт.
Ньютон ашқан үшінші заң нені үндейді білдік пе?
"Әрбір қимыл - қарсы қимыл тудырады" тірлікте.
Егер қарын байлығынан рухымыз пәс тұрса,
Ұқсас, тектес жебір ойлар бір бағытта асқынса,
Қоғам қалай ұстамақшы әділ ойдың шылбырын,
Жан байлығы саяз күштер жек көреді бір-бірін.
Олар қазір заманды алдап, заңдастырып әр ісін
Оятпауға құлшынады аңқау елдің намысын...
Оян, Данте, Фирдоусидің және Абайдың айбыны!
Бөгей алмау ғасырға сын бұл тасқынгөй қайғыны.
Қол қусырып көнеміз бе,
Үнсіз жата береміз бе,
Робот-түйсік арқаланған,
Мейірімі тұл жарты адамдар
Жердің бетін түгел жаулап жеңгенше?..
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Дөңбекшиді көңіл-ғалам,
Бүгін өлу жеңіл маған,
Осы рухсыз жеңістердің ертеңіне сенгенше...»
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
мұхтар шаханов "Өркениеттің адасуы" атты романнан Компьютербасты жарты адамдар өлең стихи на казахском мухтар шаханов олен казакша, мұхтар шаханов өлеңдері, мухтар шаханов олендери, мухтар шаханов стихи на казахском, "Өркениеттің адасуы" атты романнан Компьютербасты жарты адамдар

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]