Өлең: Қалижан Бекқожин (Дауыл алдында)

Өлең: Қалижан Бекқожин (Дауыл алдында)

Орынбор. Станция. Қалың жиын.
Гулеп сөз, соққандай бір дауыл құйын.
Жарыса сөйлеп жатыр ызалы жұрт,
Замана ағысымен даулы қиын.
— Жоқ, енді басқа майдан бастау керек!
— Советті «Уақытшаға» қоспау керек!
— Өршісін Отан үшін әлі соғыс!
— Уақытша үкіметті қостау керек..
Мазағы буржуйлардың жетті бізге!
— Беріңдер бостандықты нанға бөлеп...
— Болмаса, аласыңдар қанмен елеп.
Солай бір шуылдасқан ашынған топ.
Айқайлар көпке дейін басылған жоқ.
Тосын бір мұртты жігіт сөйлеп, міне,
Сөзімен асып кетті асудан көп,
— Бүйірін толқын ұрған заман-кеме,
Тарихтың ағысынан озар деме.
Россия отты басып тулап еді,
Күйреді патшалық сол, тозған дене.
Қирады кереметті күшпен бірақ,
Халықтың қаһарымен өскен тулап.
Шыңынан державаның ұшты патша,
Құзғындай қарлы құздан түскен құлап.
Қуанған соған халық алақайлап,
Құтылған құбыжықтан баладай тап.
Қуанды ойда мұжық, қырда малшы,
Содан бір кеткендей-ақ дала жайнап.
Жоқ әлі, жұртқа заман түйген қабақ,
Аспаны Россиянин, тұр қанталап.
Төбеге капиталдан төре шығып,
Азабын әлі халық жүр арқалап.
Әлі де өршіп жатыр қанды майдан,
Патша жоқ, алапатты кімдер жайған.
Тірескен тонау үшін текешіктер,
«Үрит соқ!» деп төрелер — ұрыс, ойран.
Сүйкенсе екі түйе — шыбын өлер,
Жоқ, халық шыбын емес, соған көнер.
Түйілсін пролетардың жұдырығы, —
Жарлы жұрт, қамқорың сол, сенің сенер!
Сенбе, жұрт, Уақытшаның арбауына,
Түспе, жұрт капиталдың қармағына!
Билікті ал өз қолыңа Совет құрып,
Жетесің сонда ғана арманыңа!»
Мынау кім батыл сөйлеп тебіренген,
Сөзіне естігендер еміренген?
Ол жарып сөйлеп жатыр айқай-шуды,
Адамдай айбатымен әмір берген.
Ол ойын буырқанған басындағы,
Халыққа жеткізуге асығады.
Ол әзір дауыс жетсе шырқар еді,
Сол ойын жеті қырдан асырғалы.
Торғайдың құйын тұрған тақырынан,
Әліби астанаға шақырылған.
Шіріген тақытынан патша құлап,
Саясат судай қайта сапырылған.
Жалтылдап заводтарда қызыл байрақ,
Семсерін жұмысшы тап жатты қайрап.
Қажыған солдат онда ойға батып,
Ақырған офицерге, шеккен айбат.
Самалдай бір жел есіп апрельден
Жаңа үн жамырасып жатыр елмен.
Әліби алып келді Ленин даусын,
Халыққа нажағайдың отын берген...

ІІ
Орынбор көңілге кеп сыр жаяды,
Мінеки, қоңыр шіркеу тұр баяғы.
Жатқанда талып соның іргесінде,
Баланы қырдан қашқан кім аяды?
Қоңырау баяғыша әнге басты,
Тірі ме баяғы поп жалбыр шашты?
Жүр әлі баяғыша шенді төре,
Жұрт жүдеу көтергендей ауыр тасты.
Мінеки, алаңның бір бұрышында,
Сап құрған атты казак бұрынғыша.
Кезейді жарқылдатып қылыштарын,
Бармақшы қандай жаумен ұрысуға?
Соларды, мылтықтарын жатқан оқтап,
Әліби көріп, міне, қалды тоқтап.
Хат жазған Аманкелді Әлібиге, —
Қырда жүр әлі жасақ, қанды тоқпақ.
Қара бұлт жарлық басып ел түндігін
Жортқанда аңсаған жұрт еркіндігін.
Патшаның қанды балақ жендеттері,
Төндірген даламызға өртін, зілін.
Шүйілтіп жігіттерін талай мерген,
Талай бір Аманкелді атой берген.
Қойсын ба қансыратпай қалың тажал,
Жасындай зеңбірегін төпей келген.
Солай бір көтерілген көкпен елі,
Соққыдан талай жасын төккен еді.
Айдалып қан соғысқа қанша боздақ,
Қозыдай көгенделіп кеткен еді...
Енді не? Патша тақтан қуылғанда,
Тұтқанда азаттықтың туын алға.
Не сыр бар қансыратып сорлы жұртты,
Апшысын Әбжыландай қуырғанда?
Патшаның жазалаушы жасағы бұл,
Әлегін қырға талай жасады бұл.
Әлі де барса сонау мүскін қырға,
Заһарын айдаһардай шашады бұл.
Сол ыза қайнап көптен жүр басында,
Жаны ашып сорлаған көп тумасына,
Әліби айтып соны тебіренткен,
Зор жиын Петроград думасында.
Несіне қыр қыраны жасқанады?
Ол солай таң қалдырып астананы.
Уақытша үкімет бұл масқараны!
Талабын қойған еді — жойсын тез деп,
Жоқ, әлі жойылмапты мынау жасақ,
Тағы да жұрт кеудесін келер қашап.
Әліби кетті соны білдіруге,
Питердің Советіне хабар жасап...
Почтадан шығып еді ол көшеге,
Тосыннан бір танысы кездесе ме?
Жат біреу берді бұйрық:
— Жүр!— деп оған,
Ол кетті, тілдесе де, тергесе де...

III
Тағында отырғандай аталы хан,
Шалқайып отырғанның аты Әлихан.
Жалғыз ол төре қазақ Россияда,
Бақ қонған қазір өзі аталыдан.
Ол төре, алаштың ол — оқығаны,
Кадеттің әдетінде тоқығаны.
Сонау бір айбарлы хан атасынша,
Өзіне ұнайды сол отырғаны.
Отырып губернатор осы төрде,
Аяғын даламызға көсілгенде,
Әлихан арман еткен төрелікті,
Патшаға, аруаққа тосып кеуде.
Енді ол төрге мынау қоныстады,
Уақытша үкіметтің комиссары.
Болса да жандаралдай аңсайды ол,
Атакың аруағын алыстағы.
Замана, қазір бірақ, Талас қолда,
Ата емес, атаманға жанасты ол да.
Дауылда қалтыраған шаңырағын,
Тұр еді сүйрегенсіп Алашорда.
«Қазағым, қалың елім, қайда жақтар,
Орданың тар ма жолы тайғанақтар?
Тығылмай осындайда қолтығыма,
Бетіме қарсы келер қай қазақ бар?»
Ол солай күмпиеді, бардай салмақ,
Абырой-атағының алдын барлап.
Телефон шылдыр етсе шүлдірлейді,
Әлдебір атаманды алдиярлап.
Әліби келіп міне, тұрды қарап,
Әлихан соны көріп түйді қабақ.
— Сен өзің қазақпысың, кәззәппісің,
Жат жолды жұртымызға жүрген қалап?
Еліңде елден безген атанасың,
Қарғайды сені түгел аталасың.
Жазыпты «бұзақы» деп сені газет,
Оқы сен Мәдиярдың мақаласын.
Алашты бетін жыртып жаралапсың,
Уақытша Үкіметті қаралапсың.
Қазақтан қайдан шықты сойқан мұндай?
Алдымда аға бар деп қарамапсың.
— Расында аға бар деп қарамадым,
Білемін ағалардың қараларын.
Ұлтым деп өксігендер болды қайда,
Төккенде кеше сорлап дала зарын?
Қазақты қанды патша жалмағанда,
Жендет қып жасақ берген жандаралға,—
Қалайша шыдайсың сен, енді солар,
Қырдағы момын жұртты қандағанда?
Ұқсайтын құтырынған қатал аңға. —
Неліктен қол қусырдың атаманға?
Қазаққа қамқор ма сол қанды жауыз?
Бағынса соған дала батар қанға...
Сөздері Әлібидің сұсты неден?
Еңсесі Әлиханның түсті төмен.
Көзіне іліп қайта көз әйнегін,
Қарады енді соның үстіменен.
— Заманың түлкі болса, тазы боп шал,
Дәуренің аз да болса, қазы боп қал!
Дегендей аума-төкпе замана ғой,
Ия, сондай амалымыз азырақ бар...
Жөн емес жат жолында қаңғырғаның,
Жақсы ғой өз жұртыңмен жаңғырғаның.
Саған да шенім әзір ордамыздан,
Көтеріс алашымның шаңырағын.
— Жоқ, өзің көтере бер бай ордасын,
Бай біткен бақаныңды даярласын...
Еркіндік күмбезінің іргесіне,
Жарлы жұрт өз бетінше жаяр тасын.
Орданың өршіте бер сөз кәдесін,
Құрамыз кедейлердің өз кеңесін.
Берілсін барлық билік Советтерге! —
Билікті Алаш қырдан көздемесін.
Әлихан түрегелді қарап тура,
— Өзіңді қамайын ба абақтыға?
Питердің Советінің өкілімін,
Хақың жоқ жазалауға қамап мұнда!
— Ендеше бара көрме ауыл жаққа,
Аулыма большевиктің дауын жақпа!
Бес сағат мерзім бердім — қайт ізіңше,
Далаға дақпыртыңды дауылдатпа!..

IV
Ол бірақ кері қайтып жөнелмеді,
Тартты оны жұтаң дала белеңдері.
Тыңдады оның сөзін жиындарда,
Жарлы жұрт — орыс, қазақ әр елдегі.
Толқытып ол сөзімен Ақтөбені.
Жақтады Ырғызда ығып жатқан елі.
Қостады Торғай, Шалқар, Қостанай да,
Азаптың батпағына батқан елі.
Әліби жайып елге солай ұран,
Ауылдың өтті міне, талайынан.
Көрінді бір белестен Батпаққара,
Қалғандай жаутан, етіп қарай бұған.
Қалың жұрт, қаптаған мал, бұл ауылда,
Той бар ма, ақсақалдың құр дауы ма?
Әліби желе жортып келді жетіп,
Кеңеспен кездесерге бұл қауымға.
Белеске бес үй жеке тігіліпті,
Жан-жақтан жарлы-жақпай жиылыпты.
Төрінде төре беріп сақалдылар,
Кешегі сарбаздарға түйіліпті.
— Шатақты шығарғандар кеше сендер,
Сендерсің жаулық өртін көсегендер.
Шабылды, байлар тартты тауқыметін,
Қайтарып шығындарын еселеңдер!
Осылай сақалдылар үкім беріп,
Төр-төрде кеуделерін отыр керіп.
Жан-жақтан, жарлы жұрттан жырып алған,
Қалың қой, топ-топ жылқы жатыр келіп.
Жыр етіп тауы солай шағылғанын,
Айтты жұрт Әлібиге шағымдарын.
Келмепті Аманкелді қасақана,
Біледі мұнда ылғи жауы барын.
Анау кім көк майсада жатқан дара,
Әлгі бір кім еді ол, қатқан қара?
Аяғын айқастырып көкке қарап,
Өзінше ұлық ойға батқан дана.
Тұрды өзі мынау неткен қытымыр, паң?
Көбелек үріккендей сықырынан.
Өзінен өзге дүние аласадай,
Танауын түре қарап ытырынған.
Мінекей, жиын жұртты өтті жарып,
Қарамай ешбір жанға қиқарланып,
Қайқиған қысқа бойлы сол тәкаппар —
Жазушы!— Олай болса декір анық!
Сын тағып қайтеміз сол сызды паңға?
Мейлі ғой өтсе-кетсе сол заманда.
Келеді ыза шіркін кейде маған,
Кейбіреу кергіп солай сызданғанға...
— Сорлатқан осы бізді! — деді халық,
От берген бай біткенге осы барып.
Жазған сол сарбаздарды жазалы қып,
Сот құрған сақалдыны қосып алып.
— Ей, тоқта!— деп шақырды қыңыр жанды,
Ол әрең: — Немене?— деп ыңыранды.
— Жауыздық жазушыға жараса ма? —
Мәдияр жауап қатпай тұрып алды.
— Соншама бар ма менде өмір кегің,
Соңыма түсіп неге зәбірледің?
Менсінбей халықты бұл мықшиясың,
Шіркін, бір жұлынса ғой кеңірдегің!
«Мең біткен ойпаң жерге аласа ағаш», -
Өзіңсің сол ағаштай елде қораш.
Қысқанда кеше патша мына жұртты,
Қай жақта амалдады сендей алаш?
Аласа бойларыңмен бұғып қана,
Жорғалап жағындыңдар ұлыққа да.
Уа, ұлтын сүйген сендер не дедіңдер,
Жатқанда жау өртіне күйіп дала?
Аямай аңырап сол көшкен елді,
Ескермей қан селебе көшкендерді,
Жаумысың сенде мынау сорлы жұртқа,
Сот құрып, таптың қайдан тексергенді?
Мәдияр іліп қойды көз әйнегін,
— Сен қайдан қу тіліңді безей келдің?
Алашқа абыройлы зиялымын,
Тап сендей тентек бар деп сезбей келдім;
Ел дауын бітістіру бізге ләзім,
Бұл іске бөгет жасап болма жазым.
Алашорда атынан келдім мұнда,
Бұл жақта билік бізде, бар ма лажың?
Сен өзің әлгі сойқан кезбемісің,
Әлі де біздің жолдан өзгемісің?
Ермейді саған жұртым, бар жөніңе,
Жайым жоқ қыздыратын сөз керісін...
Солай деп қайқаң етті шытып қабақ,
Жол бермей шырмап алды жұрт қамалап,
Әліби мырс етті де саспай ғана,
Сөйледі қаумалаған жұртқа қарап.
— Ал, халық, айтқанына еремісің,
Мынаның әділдігін көремісің?
— Жоқ, аулақ әкет, алаш әлегіңді,
Тендірдің қорлықты бай, төрең үшін!
Солай жұрт қамшыларын үйіргенде,
Әліби жар салғандай жиын елге.
Сөйледі, сұсты сызбен толқындай тап,
Тыңнан бір екпін берген тиірменге.
— Ия, халық, түсін солай ерік сенде,
Мұндайлар басынбасын керіп кеуде.
Сендерге Совет қана теңдік берер,
Ермеңдер «алашым» деп желіккенге.
Питерлік Советтің мен өкілімін,
Сондықтан бөгделерге өкім үнім —
Малдарын алсын қайтып сарбаз біткен,
Айтылған ел атынан — үкім мұным.
Осы сөз серпілтті де жұртты тұрған,
Айқай-шу көтерілді кенет тынған,
Мәдияр қарай қалды Әлібиге,
Сасқалақ сақалдылар зытты жылдам.
Мәдияр қандай ыза-жалын жиды,
Уа, оның қазір қандай жаны күйді?
Оқ болса көзіндегі қызыл шоғы,
Атуға әзір еді Әлібиді.
Көкшіл жан тістенді де үн қатпады,
Қатты қан, мұз жүрегі тулап тағы.
Кетті ол ойлап кетті қиястанып,
Күш болса, жұртқа тауын құлатқалы.
Ол отыр, екі ай болды абақтыда,
Қойыпты Әлихандар қамап мұнда.
Қапаста томағалы қыран отыр,
Тойтарып тастағандай қанатын да.
Апыр-ау, тұтқындады неге мені,
Кінәсін тақпай неге бөгеледі?
Сұрау жоқ, сұрғылт үйде тұман басып,
Өте ме көрінбей күн төбедегі?
Уа, нәлет, Дуылдақтың Мәдияры,
Шонжардың қол шоқпары, жан қияры.
Сол болар жапқан бәле, тоқта бәлем! —
Деп оның құйындады өр қиялы.
Жалындап жатқан шығар Петроград,
Азаттық күресінің кілтін бұрап.
Жеңістің жолын сызып Ленин өзі,
Штабын қойған шығар бекем қурап.
Уа, шіркін, қақса қанат сол майданға,
Сол дауыл көтерілсе Торғайдан да!
Төбедей Әлихандар төңкерілсе,
Даламыз кең тыныспен толғанбай ма?!
Сол үміт кеудесінде сөнетін бе?
Ол оған туар күндей сенетін де.
Осынау тұтқын жанды, дариға, бір,
Жеткізсе Петроград Советіне...
Басынды-ау Уақытша мен мынау Алаш!
Халыққа қаһар шашып қан аралас.
Бостандық деп соғады қайран жүрек,
Бітеді қашан мынау ойран, талас?
Әліби отыр ойын шығанға атып,
Түрме тұр төңірегін тұмандатып.
Күзгі жел ызыңдатып Торғай құмын,
Қағады терезені күй тыңдатып.
Ашылды есік міне, жел де кірді,
Тұтқын жан таңырқады әлдекімді.
Офицер егде тартқан, жүзі жүдеу,—
— Ұмыттым мұны қайда көргенімді?
— Сені мен көрдім кеше аула ішінде,
Маған бір таныс нышан бар түсінде.
— Мен де бір көрген түстей шырамыттым,
Ұқсайсың ұшырасқан қай кісіге?
Офицер күлді сол сәт алып еске...
Кездескен сары бала бір белесте...
— Ертіп мен кетіп едім Орынборға,
Ұқсайсың, со балақай сен емес пе?
— Апыр-ау, сіз бе, сонау мейрімді жан,
Әкеткен мені түнек қиырынан?!
Әліби баяндады өткендерін,
Халін де қазір отқа қуырылған.
— Ия, оған өтті қазір талай жылдар,
Менің де қыңыр тартқан талайым бар.
Жандарал қуған мені Сібір жаққа,
Жазаны шеккен сонда талай мұндар.
Майданға содан кейін ендім мен де,
Ақыры жаралы боп келдім елге.
Құтылдым жандаралдан патша құлап,
Мінеки Уақытшаға болдым пенде.
Өстім ғой, бұрынғыдан асты білім,
Мұндағы тұтқындардың бастығымын.
Лермонтов болжағандай тез қартайдым.
Жөнелді ойсыз, бақсыз жастық күнім...
Біліп қой — мен капитан Загаровпын,
Жігітім, кетіпсің ғой жаңарып тым.
— Ия, солай тәңір бізді қағып доптай,
Айдады әр кезіне жауар бұлттың.
Есіне алып сонау көк белесті,
Екеуі сыр ағытып көп кеңесті.
Офицер тыңдап жайын Әлібидің
Шырмаған оны мынау көпке көшті.
— Мен үшін Уақытшадан сен өтінбе,
Ұждан жоқ оларда мен сенетін де.
Берейін телеграмма соғасың ба?
Питердің жұмыскерлік Советіне.
— Сол ғана болар сірә, көмегім де,
— Мен де бір кез болармын керегіңде.
Қол берген тар қапаста сол бір елес,
Ойының ұйып қалды тереңінде
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
қалижан бекқожин Дауыл алдында өлең стихи на казахском калижан беккожин олен казакша, қалижан бекқожин өлеңдері, калижан беккожин олендери, калижан беккожин стихи на казахском, Дауыл алдында

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]