Өлең: Күләш Ахметова (Бозторғай)

Өлең: Күләш Ахметова (Бозторғай)

Халық қаһарманы Роза Бағлановаға
* * *
Текеметтің түріндей қанық сөзден қалсын із.
Алашаның түріндей анық сөзден қалсын із.
Қазағының көгінде жану үшін жұлдыз боп,
Қазалының жерінде туған екен әнші қыз.
Қасиетті, құнарлы, дарқан еді Қазалы.
Қасіретті, мұнарлы, арқалы еді Қазалы.
Қандай еді қамысы, қандай еді сазаны.
Бір-ақ күнде күй кешті — алқалы елі — азалы.
Тағдыр шебер, күшті де қатал екен ол ұста.
Ауыр хабар жеткенде атамекен қонысқа,
Қолаң шашын шарт түйіп, етік киіп жас ару,
Қол бастаған ерлерше араласты соғысқа.
Қол бастаған жоқ бірақ, ән бастады, сән көшіп,
Қара боран соққанда, қанша шырақ қалды өшіп,
Қаршадай боп ән салып, қайрат берді ерлерге,
Қазалының сұлуы қан аралас қар кешіп.
* * *
Сағыныш боп сарқырап Сырдария — нулы айдын,
Қыпша белі майысып сабағындай қурайдың,
Екі көзі мөлтілдеп ән салады бозторғай
Орманында жат жердің, жағасында Дунайдың.
Жүрегіне солдаттың жігер қосып қаншама,
Бір-бір шөкім үміт — Күн үлестіріп баршаға,
Қою түтін ішінде ұшып жүрді жарық ән,
Лүп-лүп етіп шамдары ұйықтамайды Варшава.
Жеңіс керек Отанға, күрессе де кім қайтіп,
Қуыршақтай арудың құлын көңілі тынбай түк,
Алғы шепте адамның сенім-күшін ұлғайтып,
"Ах, Самара, городок" деген әнді тұрды айтып.
Жеңіс керек халыққа, күрессе де кім қайтіп,
Бозторғайдай арудың бота көңілі тынбай түк,
Ту ұстаған жандардың махаббатын ұлғайтып,
Туған жердің жігерлі ұлы әндерін тұрды айтып!
* * *
Естілгенде жырақта даламыздың ұлы әні,
Естілгендей құлаққа бабамыздың ұраны,
Бір бұлқынып ұмтылған шығар алға қазақтың
Қанатынан қайырылып, жараланған қыраны.
Дауасы боп аңсаудың, шипасы боп жараның —
Жауға қарсы қару ғып бар махаббат, бар әнін,
Қан майданда жүрді ұшып, жан ұшыра шырылдап,
Шынашақтай әуезді бозторғайы даланың.
Қас дұшпанға атылды дәл көзделіп сонда оқтар,
Жау тылына жай түсіп, көтерілді өрге оттар.
Сұлу әнін халықтың сақтау үшін өлтірмей,
Сұрапылдың ішіне қойып кетті-ау солдаттар!...
Бұлтты күні төгілген ақ шуақ ең, бозторғай,
бір сәтіңді
күндері тапшыға бөл, бозторғай.
Жазатайым кетпесін, жан ағаңа
әніңмен
туған жердің сәлемін тапсыра гөр, бозторғай!
Әнге толы әдемі көмейсің сен, бозторғай,
Қиналғанды даусыңмен демейсің сен, бозторғай.
Отан үшін құрбан боп құлағанға жолықсаң,
"Біз жеңеміз, жеңеміз!" — дегейсің сен, бозторғай.
Боздақтарға бәйек боп, шырылдаған бозторғай,
Жаудан қорқып ұяға тығылмаған бозторғай.
Желбіреп жет әніңмен болашаққа мәңгілік,
Жалауындай батырдың жығылмаған бозторғай!
Зулағанда тұсыңнан ұлып оқтар, бозторғай,
Биіктеу тұр, құламай, тірі боп қал, бозторғай!
Қанға батты-ау даланың гүлі мақпал, бозторғай,
Әлия мен Мәншүктің үні боп қал, бозторғай!
* * *
... Ақжолтай күн туады
аман жүрген кісіге
Жаманы естен шығады
кіргендей-ақ түсіңе.
Өнерпаздың өмірде
арамдықпен ісі не?
Мұрадан
жас — мақұрым,
берді қандай үлгі оған —
сан көсемнің ақылын
бастан кешкен бұл қоғам?!
Батты қанша ақынға
бұл ғасырдың иығы?
Бұрқаныс жоқ қанында,
ұрпақ қандай бұйығы?!
Жайнамаған көктемі,
енжарлықты кім елер?
Толқындарда өтпелі
тұншықпайды ұлы өнер.
Болғаннан соң үлгі кем,
біреу босқа шіренер.
Көңілдерді мүлгіген
оятады шын өнер.
Қайшылықты ғаламда,
Ақыл неге тұр ықта?!
Заман күші — адамда,
адам күші — рухта!
* * *
Роза!
Сандуғашы сан ұрпақтың,
сан елдің патшаларын таңырқаттың.
Ешкімге ұқсамайтын болмысыңмен
өнерден өрнегі асыл лағыл таптың.
Бұла да, қылықты едің, көркем едің,
бұлғақтап үкісіндей сәукеленің.
Сәніңмен сахнада еркін жүзіп,
еліңе еркелеудей еркеледің.
Ұшқын боп
жарты ғасыр әр үмітке,
Арманға қойған жоқсың әлі нүкте.
Өнерге шексіз іңкәр болмысыңа
Батпайды жақындауға кәрілік те!
* * *
Даланың ақ бөкені, маралысың,
Маралдай көңілің бүгін жаралы шын,
Сарайда жаутаң қағып ән шырқайсың
Арнайы Балқаш пенен Арал үшін.
Арал — сор, Арал — үміт, Арал — қайғы,
Аралды іздеген жан таба алмайды.
Арал ма жоғалтқаны бұл ғасырдың,
көңіліміз әр нәрсеге алаңдайды.
Әнші апа, бейбіт күнде тыншымадың,
тұтатып мейірімнің мың шырағын.
Жетімге, мүгедекке, кемтарларға
күлкіңнің себеледің күн шуағын.
Соғыста жігері боп жігіттердің,
жалаудай от астында тұрып көрдің.
Бүгінгі ашық аспан астында да
адамға өр әніңмен рух бердің.
* * *
Мұңы көп бұл өмірдің сақтансақ та...
көзінен төгілердей көп моншақта.
Сайрап тұр сахнада бір бозторғай
азайып бозторғайлар кеткен шақта!
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
күлаш ахметова Бозторғай өлең стихи на казахском кулаш ахметова олен казакша, күлаш ахметова өлеңдері, кулаш ахметова олендери, кулаш ахметова стихи на казахском, Бозторғай

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]