Өлең: Күләш Ахметова (Арғымақ)

Өлең: Күләш Ахметова (Арғымақ)

Құлан жылқы зауытында туған әсер
Көз қадамай өте алмайтын әркім-ақ,
Тұрпатымен көре қалған жанға ұнап,
Тұлпарларды өсіретін заводта
Тұрды ерекше сүлік қара арғымақ!
Жасаған-ай, әрі жомарт, әрі ұста!
Дүлдүл тұқым даңқы кеткен алысқа.
Жануар-ай, жабығады байлауда,
Теңдесімен қосар ма еді жарысқа.
Тарпаң күйі шапши-шапши кермеде,
Текті күлік қатысады көрмеге.
Тағат таппай асфальт жерді тарпиды,
Тайбурылдай зауламайды ол неге?
Шақырады көрмелерге астана,
Тіфә-тіфә! Көз қадасын дос қана!..
Жоңышқаға еңкейгенде, дөңгелер
Қос глобус — маңдайдағы қос тана.
Шыдамайсың мұңына қос шырақтың,
Тұңғиыққа тұрғандай-ау құлап түн.
Тұрысы — осы! Тұнған өлең — жанары,
Атасы — асыл, енесі — зат пырақтың!
Жылқықұмар жан болған соң бұрылдық,
Кейде қиын жұмыр жерде жүру нық.
Жүрмейді екен, жүзеді екен жұлдызша,
Жалт-жұлт еткен жербетілік сұлулық!
Қоян жақтан табылмайды қырым ет,
Көз тоймайды қарасаңыз мың рет!
Сұсты қабақ, кең сауырлы, сүмбіл жал,
Сурет қылып жаратқандай құдірет!
Еркің қалмай қол создың ба таңдана,
Бетін тақап, еміренеді сәл ғана ...
Сезеді өзін аңсап, күтіп жатқанын
Жазиралы, жазық төсті кең дала!
Кереметке қарап қайран қаласыз,
Кеңдік керек тұяқтарға тағасыз.
Арғымақсыз бір күйі кем даланың,
Арғымақ та көсіле алмас даласыз.
Бетон қора. Қалай, қайда қарғымақ?
Қоштасарда ғажап мұңмен ән құрап,
Жанарына сұм жалғанды сыйғызып,
Қарап қалды-ау қара сүлік арғымақ.
* * *
Қай мезгілдің, қай әлемнің, қай елдің,
Қараңдаршы жүріп өткен жолына:
Азаматқа серік болған әйелдің,
Дүниеге көрік болған әйелдің,
Толғақ қысып, бала туған әйелдің,
Бейнет үшін жаратылған әйелдің
Оған қоса қалам ұстап қолына,
Илхам кешіп ықтиярлы кеңесте
Жыр жазғаны бір ғаламат емес пе?
* * *
Заманымнан мынаны мен аңғардым:
Күн нұры мен мейірімнің мол күшін
Табиғаттан үйіп алған жандардың,
Жүрегіне құйып алған жандардың,
Бейбіт күнге себеп болған жандардың,
Ұлы істерге көмек болған жандардың
Мүмкіндігін, бүкіл сұлу болмысын
Жамандықтан қорғап алса Ер кісі,
Мұның өзі — парасаттың белгісі!
* * *
Шүкір, шүкір деймін мен,
Жазғырып жанды көрмеппін.
Анаға лайық мейіріммен
Қол созып бесік тербеттім.
Гүлдеген кезде шиелер,
Астында нөсер, бұршақтың.
Асқар тауым деп сүйенер,
Өлеңім, саған мұң шақтым.
Ақ түтек басқан ақпанда
Бастым мен алға зорға адым.
Дауылдардан да, даттан да
Өлеңім, өзің қорғадың.
Мін көрдім маздап жанбауды,
Қызыл қан неге ұйысын?!
Тағдырыма тиген таңдаулы,
Тәңірдің тәжді сыйысың.
Өкініштеріме өзім құн,
Төледім жанды теңселтіп.
Адалдығы үшін Сөзімнің,
Елімнің алдында еңсем тік!
* * *
Жалғыз қалай, гүл болсам,
Жайнамақпын ?
Бұлбұл болсам,
Кім үшін сайрамақпын?!
Құс құсымен
жарасар,
гүл гүлімен.
Жалғыз мықты болсам деп ойламаппын.
Ең күшті ақын мен болып қазақтағы,
Жарыспасам ешкіммен — азап-тағы.
Көптігімен әдемі қыстың қары,
Жапырақтармен әдемі жаз аптабы.
Шын жүйріктер болмаса қатарында,
Жетім тартар даңқың да, атағың да.
Тұлпарлардың дүбірі тынбаса екен
Менің туған даламда,
Отанымда!
* * *
Бір уақыт ортайғаным түк етпес,
Жап-жас болып қартайғаным түк етпес,
Менің жайнап жүруіме
Ішінен
Біреу болса жер бетінде тілектес.
Кейбіреудің елемеуі түк етпес,
Мейірімге бөлемеуі түк етпес.
Аман болса екі жұлдыз ерекше,
Менің қиын бақытыма тілектес.
Қызғанбаймын тұстастарым болса озық,
Түк етпес-ау көтерсем де қанша жүк.
Жұрт ішінде абайсызда сүрінсем,
Жүгіретін біреу болса қол созып!
* * *
Мезгілмен де сырластым, араймен де,
Өзенмен де үндестім, тоғаймен де.
Ақ қағаздың бетіне жұлдыз шашып,
Махаббатымды жеткіздім қалай да елге!
Сырымды орап ақ қағаз арасына,
Жырым жетер туған ел даласына.
Бесік жырын шығардым балама арнап,
Басқа ана да айтсын деп баласына.
Қанат қағып,
Сыймаймын үйге, міне,
Өкінбеймін өртеніп, күйгеніме.
Сезімімді көркемдеп, бейнеледім,
Айтуы үшін арулар сүйгеніне.
Аяғам жоқ өлеңнен жанымды түк,
Жасын шумақ шығардым жалын жұтып.
Ізгілікке үйреттім інілерді,
Табиғатты жырладым тамылжытып.
* * *
Қайдасың, жап-жас күнім, жайсаң күнім,
Қалайша бүгін мұндай байсалдымын?
Азайтып асылдарын алғандай ма
Сезімім
Қазынаға бай сандығым?
Мен енді кешегідей жас емеспін,
Қолыммен қызыл шоқты көсемеспін.
Қорықпай қызыл шоқтан қызғалдақтай
Келеді соңымда бір әсем өскін.
Қызығам, тілектеспін мен соларға,
Дем берер солар маған шаршағанда.
Іздеймін жас толқыннан жарқын серпін,
Алтын нұр Алатауды қоршағанда
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
күлаш ахметова Арғымақ өлең стихи на казахском кулаш ахметова олен казакша, күлаш ахметова өлеңдері, кулаш ахметова олендери, кулаш ахметова стихи на казахском, Арғымақ

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]