Өлең: Күләш Ахметова (Қуаныш еді)

Өлең: Күләш Ахметова (Қуаныш еді)

Бәрі шаттық. Бәрі ұнау,
уайым-қайғы жоқ тегі...
Басқалау ма еді, Тәңір-ау,
балалық шақтың көктемі.
Құйғанда лезде жаңбыр да,
құйынын басып көп шаңның.
Қаулайтын үйдің алдында
кеудеге дейін көк шалғын.
Жуатын көзін әйнектің
өткінші жаңбыр сәтте өтіп.
Шарбаққа жайған көйлектің
етегін ешкі жеп кетіп...
Алыста таулар күміс бел,
есіктің алды — қалың тал.
Сызылып жұмбақ жүріспен
шығатын қыздар өрімтал.
Басқандай болып мақпалды ақ...
бұрқылдап суы бұлақтан.
Бұлбұлы жырлап жатқан жақ
несі кем еді жұмақтан?!
Жүрекке сонда елтіген
құйылушы еді бұла күш —
Табиғаттың көркінен
кеудеге көшкен қуаныш?!
Ұшасыз алып жеңіл дем,
әуенге толып көк аспан.
Алаңсыз жап-жас көңілден
әлемде бақыт жоқ асқан.
Қуанар жүрек мамырлап,
айтарын білмей бек кімге —
Көбелекті де ауырлап,
дірілдеп тұрған көк гүлге...
Сағындым соның бәрін де,
шыдар ма жүрек аңсамай?
Құлшылық етем Тәңірге
қуану үшін дәл солай!

Жанармен шолып аралап,
Алыстан келдім асығып.
Көлбеген күйі Бар алап
Көзіме оттай басылып.
Бәрі де маған қажеттей,
Кеудеме көшер күй келіп.
Кетіпті-ау екі-үш жаз өтпей,
Ұялшақ қыздар үй болып.
Қылықтар қосып тағы олар,
Қымбаттай түскен тәрізді.
Кешегі тентек балалар
Жігіт боп кеткен маңызды.
Түйдектеп өткір сөздерін,
Тілге де беріп ерік бір,
Таңдантып мені,
өздерін
Көрсеткісі келіп тұр.
Жүгермек еді қағынған —
Жымиып жұмбақ сүйкіммен,
Өр кеуде бір ұл жанымнан
Өтеді мотоциклмен.
Өмірді ойдан өткерсем,
Менде де аздап атақ бар.
Қызығар маған деп келсем,
Менен де бұлар тәкаппар.
Өткерген бірге уақытты
Бәрі де сұлу көркінде.
Бір мысқал менен бақытты,
Бір мысқал менен еркін де.
Аламын мен де есемді,
Көңілден жанған алау боп.
Қайтамын ойлап, осы елді
Сағынатындай бар-ау деп
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
күләш ахметова Қуаныш еді өлең стихи на казахском кулаш ахметова олен казакша, күләш ахметова өлеңдері, кулаш ахметова олендери, кулаш ахметова стихи на казахском, Қуаныш еді

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]