Өлең: Күләш Ахметова (Болашақ үшін)
«МАЙДАНҒА! МАЙДАНҒА!»
Қиылды қанаттары тәтті арманның,
Үзілді қайырмасы бақтарда әннің.
Әлемде ең сұмдық күн әйел үшін —
Майданға азаматтар аттанған күн.
Бұлт басты,
Ашық сәні қашты аспанның.
Жоғалсын заты бұлай бас қосқанның.
Анаға ең ауыр күн тіршілікте —
Боздап кеп
Боздағымен қоштасқан күн.
Аналар уайымдаса, уайымдасын,
Сұм соғыс кімге бақыт дайындасын?
Қайғыдан кәрі таулар қап-қара боп,
Жеткізді жерге дейін қайын, басын.
Жабады дала төсін нала, қайғы.
Шын қайғы жас-кәріге қарамайды.
Қып-қызыл көлдің бетін сұңқылдаған
Аққулар қанатымен сабалайды.
Долданып, лайланып тасқын, әні,
Сай-сайды тастарменен бастырады.
Селкілдеп, желкілдеген қамыс құрақ
Өкіріп, өзен басын тасқа ұрады.
Күннің де жүзі қызыл күндегіден,
Иттердің ұлуы көп үргенінен.
Қан шапшып қауызынан райханның,
Еменнің жас тамып тұр діңгегінен.
Жас бала дір-дір етті мұны көріп,
Жіберді төгіп-төгіп мұңын өріп
Қоштасу.
Жылау.
Тілеу.
Қайрат беру...
Дүние кетті бір сәт күңіреніп.
— Сен кетсең, солды гүлім, өшті күнім.
Жайылар қос қолым мен қос бұрымым.
Келгенше қайта айналып кім бар, кім жоқ,
Тапсырдым бір құдайға, қош, құлыным.
— Қайтармын соғыстан қол босағасын.
Сенемін, сен үмітпен тоса аласың.
Майданға кіргеннен соң хат салармын.
Жылама,
Хош болып тұр, хош анашым!
— Жаудың бетін қайтарып ұлы еліңнен,
Бозан тартқан,
Оқ тескен шинеліңмен,
Туған жерге — бидай мен гүл егілген,
Оралыңдар; жігіттер, түгеліңмен
— Кезіміз
Ерліктермен көрінсек,— дер,
Сендер емес
Ерлердің жолын шектер,
Қандай заман болса да, күдер үзбей
Күтіңдер күні-түні, келіншектер!
— Ағалар,
Жүрегімде жаңа әнім бар,
Кетпесін тұншықтырып оны ағындар.
Адамдар кәдімгі өмір сүру үшін,
Ауылға аман-есен оралыңдар.
— Біздерді сағынғанда еске алыңдар,
Біздің де жүректе үміт, баста мұң бар.
Арнаймын жеңісімді өздеріңе,
Аяулы қарындастар,
Хош болыңдар!
Аналар тілек айтты, қол жайысты,
Қарлығаш ұясынан зарлай ұшты,
Ерлердің екпінінен дауыл тұрып,
Етіктің табанында жер қайысты.
Найзағай жиі-жиі шақпақталып!
Майданға азаматтар жатты аттанып
Ежелден біздің елдің рухы асқақ,
Сенімін қалды сонда сақтап халық.
Алар жау сыбағасын оңбай бірден.
Шығамыз
Соңғы күшпен,
Соңғы айбынмен.
Қорғаймыз байтақ елді
Өйткені, оны
Әр ұрпақ өз тұсында қорғай білген.
Тасысақ көктемдегі айдындаймыз
Жасақты, әскерді де жай құрмаймыз.
Өмірден айрылсақ та,
Анамыздай
Қасиетті Отаннан айрылмаймыз!
Жатқандай жалпақ дала тегін анық,
Келгісі бар жау жауыз өлім алып,
Отанды ойрандатып қоя алмаспыз,
Жеңеміз, жеңілмейміз!—деді халық.
ӨРТ
Кім үшін соғыстағы жаңашылдық?
Кімге ауыр—қырғын, жаза нала сұмдық?!
Сұраңдар солдаттардан
Соғыс жайлы
Соларда — қарапайым, дана шындық.
Солдаттың көкірегі толы арманы
Оқ жаңбыр астында да жоғалмады.
Отан мен анасы үшін, «алға» деді
Амал не,
Көпшілігі оралмады.
Жастанды жер-ананың төсін олар.
Айтпаса жеңіс жайлы несі хабар?
Әр кезде,
Әр дәуірде туар ұрпақ
Алдыңғы толқынды да есіне алар.
Солдаттың бұзбаған еш салтын олар,
Ажалмен арпалысты әр күн олар.
Тарихтың беттерінде
Ескерткіш боп
Ерлердің елін сүйген даңқы қалар.
Қанымен қорғап қалған халқын олар
Мәңгі өмір кешіп кетті, бәлкім, олар,
Ерлік жайлы ұмытып бара жатсаң,
Ерте тұрып,
«Панфилов паркіне» бар.
Алдыңғы шепте болған
Отан үшін
Ерлердің не өздері, не танысы,
Жыр етер ол күндері жауынгердің
Жаңбыр оқ болғандығын бет алысы.
Адамның әлсіз неге кейде өнері,
Ақиқат —
Қиналсаң, көп ой келері.
Жауынгер жүрегінде жүрді-ау сонда
Ана, жар, бауыр, бала бейнелері.
Мәңгі от кеуделерде сөнбейді осы,
Әлі елдің соғыс десе қалмайды есі.
Құлаған солдаттардың жүрегінде
Құламай тұрды-ау елдің бар бейнесі.
Сезілсе ақырғы рет дүние тар
Ашынып, ақырғы оғын құлай атар.
Құлаған қала қайта салынар-ау,
Мәңгі ұйықтап кеткендерді кім оятар?!
Сақтаған күресте олар небір сырды,
Қиынға төзе білді темір сынды.
Өйткені бұл тыныштық
Соғыстағы
Солдаттың жүрегінде өмір сүрді!
Ешкімге оңай болған емес те түк,
Қоя алмас үрей оны көмескі етіп.
Күн-түні жауға қарсы шабуылға
Шықты олар бейбіт күнді елестетіп.
Қаншама село өртенді, жер өртенді,
Қап-қара түтін басты кең өлкемді,
Келмейді қыршын жастың құлағысы,
Тіршілік шақырады оны ертеңгі.
Елес, елес...
Осынау тұста бәрі
Қылшылдайды жүзінде ұстараның.
Ұстатпайды ой.
Жаралы солдат жалғыз
Тыңдап жатыр соңғы рет құстар әнін.
Құстар әні түбінде құлағының
Қоштасуға келгендей сірә бүгін...
Тоқтатқандар ол үшін тіршілікті
Тоқтата алмас өмірдің ұлы ағынын.
Білесің бе, бұл жайлы, мейірлі апа,
Ғажап еді-ау соғысқа дейін дала.
Солдат соны білетін,
Құлады әне
Көп жауды сұлатқаннан кейін ғана.
Жүр қалай, о, құдірет, шайқаса алып,
Ішегі сыртында жүр, байқаса анық.
Атылған алға, ақырып, ыза буып,
Ішіне ішектерін қайта салып.
Сыйынып барлық күшке, құдіретке, атойлап,
Жетердей-ақ үні көкке,
Ұмтылып тұра алмады, қалған екен
Ілініп бір аяғы сіңір етке.
Дұшпанға ақырғы оғын атарында
Білген ол өз күнінің батарын да.
Жап-жас бір жау солдаты сұлап жатыр
Жап-жақын жерде, өзінін, қатарында.
Бейшара жау солдаты! Неге өшіктің?
(Сенімен жатты дейсің кеңесіп кім?)
Балаңды, бауырыңды тастап елге,
Әділетсіз соғысқа неге шықтың?!
Белгілі — сені зорлап шығарғаны,
Өмір сүру еді ғой – шын арманың.
Жазықсыз солдаттар-ай,
Біреу үшін
Қырылып кетесің ғой түгел бәрің.
Тып-тыныш —
Мынау ауыр шақта мұңды —
Аралап жүрмес пе едің бақтарыңды?
Жамылып жат топырақ бір сәтте енді,
Білмейсің
Не үшін өліп жатқаныңды.
Бейбіт ел төрінде оқты неге атасың.
Белгісіз — қалдың енді — мола, тасың.
Бұл соғыс болмаса, елде жатпас па едің,
Ойнатып Бетховеннің сонатасын?!
Мен болсам,
Елді сендей әңгүдіктен
Арылтар
Жауды жеңер таңды күткем.
Қаламын қалсам дағы халқым үшін,
Өзімнің топырағымда мәңгілік мен!
Бұйырды саған, әне, соңғы оқ, құзғын!
Осылай ойлаған-ды солдат біздің,
Қып-қызыл қан тоқтамай қара орманда
Кетті-ау ол жырымызды жалғап біздің.
Өткенде дүрбелеңді қатты дүбір,
Жүгіріп басылмаған аптығы бір
Мейрімді медсестра жете алмады-ау,
Үзіліп жапырақтай жатты ғұмыр.
Жар жазған хат.
Ашылмай мәңгі сол хат
Жүрегінің тұсына болды салмақ.
Қайран елді соңғы рет елестетіп,
Қарағайдың қасында қалды солдат.
Бұлбұл ұшты бұл кезде зарлап талдан,
Қалын, тұман орманды торлап та алған.
Осылайша Отанды қорғап қалған
Айрылдық біз қаншама солдаттардан.
Бір әсер әлдеқайдан әмір беріп,
Жап-жасыл жапырақты жалын көміп,
Жатты жер қанға бөгіп, қасіреттен
Жатты жер сонша қатты жәбірленіп.
Шошымас шынын айтсақ, кім мұндайдан,
Кетпейді, ер болсаң да, бір мұң бойдан.
Болған емес
Тарихта мұндай шайқас,
Болған емес
Дәл мұндай қырғын майдан.
Соғыс, өрт
Соғысқандар жанып көрген,
Белгілі болар онда анық мерген.
Сыздайды командирдің жан жүрегі,
Солдатқа жігер берген, бағыт берген.
Дүние мұндай қырғын көрмеді шын,
Көрсетті ел де күшін, жер де күшін.
Құрбан болған
Солдаттар,
Жауынгерлер!
Кек алады достарың сендер үшін!!!
Ел есінде қалады мәңгі аттарың,
Ақын, әнші арнайды ардақты әнін,
Аман қалған болса егер
Командирлер
Ұмыта алмас елгезек солдаттарын.
Гүл қояды туған жер шалғай қалған,
Күрсінеді жұмыр жер мәңгі айналған.
Майдандастар,
Батырлар — тірі қалған
Жауды жеңбей қайтпайды қан майданнан!
Ақталады халықтың борышы ұлы,
Тоқталады сол үшін соғыс үні
Сендер үшін дұшпанды қалтыратып
Кек алады
Бауыржан Момышұлы!!!
СЕРТ
— Дауыл — ессіз, оқ жарылса, от үрлер.
Шарт-шұрт сынып жатыр асқақ көпірлер,
Аспан, жерде найзағайлар айқасып,
Үйткен қойдай төңкеріліп жатыр жер.
Айдаһардың отты басын тарт әрі!
Аямайды тескен оқ төс қалтаны.
Снарядтан үсті-үстіне от борап,
Көңірсиді тілім-тілім жер тәні.
Жылан-жалын орап алған жол үстін.
Жан шыңғырған, мал шулаған тоғысты үн.
Жау таптаған жерлер адам көргісіз,
Жанып жатыр деревнясы орыстың.
Өмір — қымбат,
Өмір қымбат басқадан.
Шегінсек,
Кешірмейді Қызыл Алаң,
Кремль!
Қалғаны үшін тоқтап елде көп қызық,
Жанарда — кек,
Кеуделерде от қызып,
Әлі кеткен әскерлерін дұшпанның
Қайтамыз біз үйлеріне жеткізіп!
Жауды жеңіп қайтамыз біз елге аман,
Көгершіндер қарсы алады самғаған.
Жанған жердің жараларын жазамыз
Бидай егіп, дән үйеміз қамбаға!
Ел қайтеді, біз дұшпанға бас ұрсақ,
Бүлдіршіндер,
Құлын-тайлар асыр сап
Ойнау керек.
Жеңіс туын қадаймыз —
Бақытты өмір сүру үшін жас ұрпақ.
Туған жердің қабаттары тозбасын,
Жігер ердің намыстарын қозғасын!
Еркек керек аман қайтып ауылға,
Әйелдердің сүртетұғын кез жасын!
Жұлдыздардай жанамыз біз, сенбейміз,
Қасиетті байтақ Отан,
Өлмей,
Біз
Жау қолына жолдарыңды бермейміз,
Көлдеріңді, белдеріңді бермейміз!
Әке өмір сүрген жерді бермейміз,
Сәби басып жүрген жерді бермейміз!
Барлық барар өрістерді бермейміз,
Қасиетті жеңісті енді бермейміз!
Бермейміз!
Бермейміз!
Бермейміз!
ЗАҢҒАР
Бар екен ататұғын таңдар алдан,
Биікте қалады екен заңғар арман.
Қайтты елге аман-есен
Қайсар батыр,
Жеңіспен қандай бақыт елге оралған!
Дүние келсін түгел келісімге:
Батырдың ұлылық бар жеңісінде,
Тапсыру керек жерді ұрпаққа аман,
Ерліктер жасау керек сол үшін де!
Өткеннің жаңғырыққан дауыстары
Жетеді болашаққа алысқа әлі.
Ағайын, туған елдің тыныштығы —
Азамат ұстаған ту — ауыспалы!
Өткізер қолдан-қолға оны ұрпақтар,
Жазылар небір үндеу, небір хаттар.
Қалмасын оқ астында егістіктер,
Қамығып қайың, терек, жабырқап тал.
Кетпейтін сұмдықтарды ел есінен,
Сезген еді жанымен, денесімен.
Өткен кезге қарайды оймен батыр,
Уақыттың бүгінгі белесінен.
Тыңдайды халық ойын, шешімін де,
Сүйеді ақын жырын, дос үнін де,
Жеңісті армандаған намысты ердің,
Жеткені жақсы болды-ау осы күнге.
* * *
Жеңістің туы бүгін желбіреп мың,
Қарайды тыныш түндер мөлдіреп тым.
Сонда да мазалайды-ау майдангерді
Санада қалған даусы зеңбіректің.
Ғасырдың ақыл-ойы айдан да асып,
Дүние сұлулығын жайғанда ашық,
Келеді оның әлі жүрегінде
Соғыс пен бейбітшілік майдандасып.
Есінде Шабуыл да, Бекініс те,
Сақтайды сол күндердің отын іште
Соғыста бәрі мүмкін:
Мойындайды:
Болғанын
Қателік те,
Өкініш те!
Бойында болғаны да — жастан ерлік,
Мақтанып керген емес босқа кергіп.
Бас тартып
Шекпенімен кәрі даңқтың,
Қатеңді өзің айту—асқан ерлік!
Бәрі өтпек.
Қыс та өтпек,
Көктем де өтпек.
Жо-жо-жоқ!
Қайта жаңа шепке беттеп,
Жүреді түсінде әлі қалш-қалш етіп
Дұшпанмен баяғыдай бетпе-бет кеп.
Сол соғыс екен дейді,
Сонда оқтардан
Тұрғандай қалаларды қорғап таңда
Кетеді өз даусынан өзі оянып,
Жатқанда
Бұйрық беріп солдаттарға!
Жүректің кім көреді өртін ішкі,
Кім сезер зор тынысты,
Толқынысты?!
Он жылға
Он минутта-ақ, картайтқан-ды
Сол соғыс,
Қанды соғыс— Қорқынышты!
О, жылдар!
Мәңгі бірдей тұр ма сәнің?
Ойласа өткен күнді —
Мұң басады!
Берген жоқ
Сонда да әлі намысын ол,
Көрген жоқ
Аласарып тұлғасы әлі!
Шақырар ерлікке әлі жарқын ізгі үн,
Мақтаныш,
Мерейіміз жалпы біздің,
Намысы ол —
Ұлтымыздың —
Мұқалмайды!
Бақыты — даламыздың,
Халқымыздың!
Ерлігін әнге қосқан орман кұсы,
Отанның болған кісі —
Қорған, күші.
Халықтың санасында қалар мәңгі —
Ұлы Отан соғысының Қобыландысы!
Арындап,
Ақ боз атпен,
Сан құйғытты,
Бұлтты да
Ыдыратты, бәлки, мықты үн,
Қалады
Қайсарлықтың мектебі боп,
Қарулас,
Қаһарманы
Панфиловтың!
Қалды, рас,
Майдандастар бүгін аз-ақ.
Кім сезсін екендігін
Мұңын, азап.
Оянса,
Ойлайды екен ұрпақ қамын
Осы бір ірі қазақ,
Ұлы қазақ!
Бауыржан деген қанша атқа бөбек ие?
Ол жүр ғой бейбіт сапта да ерек.
Не деген алыптық бұл —
Келеді ол
Халықтың өзін үлкен данққа бөлеп!
Бұл күнде ақиқат пен аңыз Баукең,
Көтерген сонша даңқты жаны ізгі-ау, кен,
Болғанмен
Мың-мыңдаған Бауыржандар
Қайтадан қайдан тусын нағыз Баукең!
Есімді айналдырған дала аңызға,
Берген соң бесіктегі баламызға,
Батыр қайсы дегенде көрсетуге
Ағатай,
Жүре тұршы арамызда!
* * *
Өткенде қыздар аңқып бұрымы әтір,
Бергенде шуақ гүлге шұғыла түр,
Ең мықты ескерткішке бергісіз боп
Барады тік тұлғалы тірі батыр.
Ұшады ақша бұлттар күзде қалқып,
Қайтады тырналар да тізбегі артып.
Құс қайтқан күзге қарап тұрып батыр,
Өмірді бағалайды бізден артық.
Жүреді бақты аралап, сәл аптығып,
Ойланады
Құстарды санап тұрып.
Санаменен болмысты салыстырса,
Жылағысы келеді қарап тұрып.
Естеліктер ойында жазып, құрап,
Жетелейді көңілін жазық, қырат.
Жүзі — айбынды, Жүрегі — түкті,
Сұсты,
Баладан да көңілі нәзік бірақ!
Құлағында әлемнің көп хабары,
Қаһарланып кетеді,
Тоқталады,
Бейбіт өмір дейміз-ау,
Соның өзі
Соғыстан да сұмдық па деп қалады...
Қан майданнан
Қайтқанмен абыроймен,
Жан сыздайды,
Болмайды дәрі бойға ем.
Болашақты болжаса, бойы шошып,
Ауыр-ауыр басады ауыр оймен!
ОЙ
Қай дәуір,
Қола яки тас дәуірі,
Адамдар болған дейді асқан ірі.
Ол кезде ағым басқа,
Адамдардың
Жүретін қола менен тасқа әмірі.
Тірліктің кілтін тапқан қалай одан?
Емес-ті қорыққан,
Бұққан,
Жан аяған.
Алысып мамонттармен,
Айла жетпей,
Асығыс көзін жұмған талай адам.
Жасыра алмас тарих болған істі,
Ол кезде
Жердің тау мен орман үсті.
Алдымен шабуылды көріп,
Адам
Артынан тапқан болар қорғанысты.
Аң аулап,
Іздеген-ді талшық таңда,
Таңданған,
Қорықпаған жан шыққанда,
Алдымен қоректі ойлап тауып, кейін
Байлық пен сән іздеген балшықтан да.
Білеміз жарыстың бұл басы екенін,
Заттарға қарамаған аса тегін.
Бастан сөз,
Басқаға бақ асырмаудан
Басталған сұм дәуірі бәсекенің.
Бірінен-бірі алып мазаны артық,
Қызғаныш туған сайын,
Азабы артып,
Жерді де бөліп-бөліп алған адам
Қараған басқа үлеске Көз алартып!
Болғанмен ойы, ақылы аса терең,
Біреудің — Күн көрісі аса төмен,
Біреудің ойы саяз, ақшасы көп,
Бар бәле бастау алған бәсекеден.
Біреуін өз тапқаны көншітпепті,
Біреуі өз дәулетін «көлшік» депті,
Осылай озбырланып, озамыз деп,
Бәсеке кейін қатты өршіп кетті.
Жеткендей қорқынышты осы дүбір,
Жаяды қып-қызыл қып шашын іңір.
Жабайы жаратылыс мода емес,
Жарыс пен рекордтар ғасыры бұл.
Біреудің сенетіні — азу шығар.
Біреуге — жүлдесі ерте әзір шығар.
Жарысқа қатысады қалай демей,
Қалалар,
Өндірістер,
Жазушылар.
Бар шығар біз білмейтін мәніс мұнда,
Қараймыз
қауіппен тек әр ұшқынға.
Орны болу керек қой озудың да,
Шегі болу керек қой жарыстың да.
Түскенде жақсы-жақсы ой басыңа,
Мен сенем күн нұрына тоймасыңа.
Арман не,
Айналса егер адам басы,
Жарысқан ізгі ойлардың қоймасына?!
Түскенде түйдек-түйдек ой басыңа,
Амал жоқ дөңбекшімей қоймасыңа.
Неліктен айналады сұлу жерлер,
Сұрапыл бомбалардың қоймасына.
Өтпейді
Уақыттың айы мұңсыз,
Қарайды
Айналаға қайың үнсіз.
Неліктен бір-біріне
Ақыл — ойы,
Дамыған сайын
Адам
Қайырымсыз?!
Адамзат алаңдаса,
Алаңдасын,
Тағдыры жұмыр жердің қоғамға — сын.
Торғайды торғай қорғап тоғайларда
Жатады адам алып адам басын.
Адамзат!
Бар еді ғой біраз үлгің,
Кетпей тұр жер бетінен сірә әзір мұң.
Домалап жатпасын жер қанға бөгіп,
Домаланған басындай Разиннің.
«Бір елге бір ел бүгін басып кірді»
«Бір басты бір есерсоқ асық қылды».
«Біреуді – біреу тонап»... деген сынды
Бір хабар бір хабарды асықтырды.
Үйренді құлақ, жүрек бұған көптен,
Бәсеке деген нәрсе ылаң неткен.
Сан түрлі хабарлардың дәуірі бұл,
Мына бір хабарлама бұдан да өткен;
«Тыңдаңдар, Тірі бүйрек сатылады!»
Дір етті Испания атырабы.
Бұндайды естімеген батыр әлі.
Үзілді үйеңкінің жапырағы...
Менің де жаныма ұшы кірді иненің,
Кетпейді құлағымнан бұл күйрек үн.
Сау кісі сатам дейді жұмыс үшін
Өзінің. бір бүйрегін.
Өзінің ішінде екен дұшпаны, я!
Қалайша салады енді құстар ұя.
Дамудан жеткен бүйрек саудасына,
О, сорлы жүрегі жоқ Испания!
Сатады тағы нені бір күні олар,
Қалайша бұдан ізгі жыр құралар?!
Тыңдасаң —
Сыздатады жүрегіңді
Жер-жерден
Жетіп жатқан түрлі хабар.
Қалайша түршікпейсің, қорықпайсың,
Қалайша болашақты анықтайсың.
Айналаң —
Адам, адам... Бастарында
Не жатыр, не пікір бар оны ұқпайсың.
Бір кезде
Ағаштардан тердік қорек,
Қайырымды өмірге де көндік демек.
Басы емес —
Ойлау үшін халық қамын,
Бауырлық сезімдер мен ерлік керек.
Алмайды
Уілдеген жел де тыным.
Алмайды
Уһілеуден көл де тыным.
Адамның басында тұр
Бүгін барлық,
Тынысы, тіршілігі жер бетінің.
Тигенде құдіреттің ақ алмасы,
Ұшады алмадайын адам басы.
Табады оған дейін сан сұмдықты,
Өзінше әр ғасырдың замандасы.
Опасыз — өмір мәнін
Тез білгесін,
О, адам,
Жарыс ойлап, оздың несін?
Шығады жер бетінде зұлымдықтар
Әркімнің ойлауынан өз мүддесін.
Аспан,
Көл
Айнадайын мөлдір еді,
Кей жерде өзгергендей енді реңі,
Жарысып
Бала азайтып,
Бағзы бір ел
Жарысып
Қару-жарақ өндіреді.
Жерді де байқамаса,
Ол – жоқ қылары
Белгілі,
Сол ма ақылдың соқтырары?
Қаруды өндірудің құралы көп,
Пиғылды түзетудің жоқ құралы.
Жасаған адам атпай бір күні оғын
Қоймайды.
Тияр сәби күлкілерін.
Бомба ше?
Жата-жата іші пысып
Бір күні жарылуы мүмкін оның!
Не шықсын жалғыз жерге таласқаннан,
Дау туады, ол қалып, сен асқаннан.
Жер бетінде әлі адам нық тұра алмай,
Әлі де адам қорқады көк аспаннан!
О, сонда не болғаны, не болғаны?
Болғаны — бомба!
Онда доғар бәрін.
Қауіпсіз ету керек қаруларды,
Жайқалсын жер бетінің көк орманы!
Бұл жайлы біз ойламай, кім ойласын?
Дейміз ғой
Ұрпағымыз мұңаймасын.
Бомбаны тапқан адам таба алмай тұр
Енді оны тоқтатудың бір айласын.
О, оның бір айласы табылса етті.
Ғасырлар, ғасырлар-ай бәрін шекті.
Бір Шыңғыс дүниені ойрандаса,
Бір Шыңғыс ізгіліктің дәнін септі.
Екі рет бұрылды әлем бұл есімге,
Мүмкіндік көп ізгілік үлесінде,
Ескі ғалам жақ болар ізгілікке
Соғыс пен бейбітшілік күресінде.
Дамыды бүгін қанша ми, ғылым да.
Көрсетті сиқырын да, сыйлығын да.
Бейбіт күннің өзінде күнде өзгерген
Барлық пәле— адамның пиғылында!
Тоймаушы ек,
Қарағанда көркіне біз,
Қоймадық
Табиғатты еркіне біз.
Жарыққа келмек болған талай-талай
Өмірді тоқтатамыз,
Өлтіреміз...
Өлтірдік
О қаншама, сезімді біз,
Көктемде-ақ көңілдерде сезілді күз.
Неліктен
Баласынан бас тартты әке,
Неліктен қызығынан безінді қыз?
Белгілі,
Жоғалтқанды таба алмасы,
Темірге кезек берген заманда осы.
Сыйғызып
Бәрін-бәрін
Сыздап тұрған,
Жердің өзі сияқты адам басы.
Қарайсыз
Оймен бүкіл жер бетіне,
Жоқ,
Аға,
Сұранамын енді өтіне,
Онсыз да шаршағансыз,
Сәл тынығып,
Қараңыз туған елдің келбетіне.
Жақсы емес пе бүгінгі заманымыз,
Сол соғысты ойлаймыз неге әлі біз?
Неге бойдан бір күдік кетпейді әлі,
Неге ызаға толы әлі жанарымыз?
Өйткені біз әлі де жаралымыз,
Өйткені біз әлі де қаралымыз.
Әлі күнге күтеміз ағаны біз.
Көріп өстік жоқтаған ананы біз.
Еске алғанда басқандай даланы күз,
Естеліктен, шындыққа оралыңыз.
Жоқ!
Жоқ!
Біз
Мойымаймыз қасіретке,
Рухымен ерліктің жоғарымыз.
САЛТАНАТ
Қарайсыз, кім еді,— деп,— қалқам, атың?
Ақынмын —
Дәуір сөзін айта алатын.
Немесе
Миллиондардың біреуімін
Жеңістің қызықтаған салтанатын!
Ат құмар менің балам,
Кіл аттардың,
Суреттерін салады,
Бірақта әр күн:
«Соғыста, мама, көп ат өлді ме», — деп
Алады мені астына сұрақтардың.
Отырсам
Мезгілдің мен жырын тербеп,
Сұрайды
Соғыс жайлы ұлым тергеп.
Салады
Шауып бара жатқан атты
«Соғыста өлгендерін тірілтем»,— деп.
«Қайтқанмен,
Қас дұшпаннан өсе бүгін,
Жарасы жазылмайды кешегінің.
Өскен соң құлыншақтар —
Ат болады,
Өлгендер —тірілмейді», —
Десем,— ұлым;
Сенбейді.
Қалады сәл таңырқап та.
Қарайды
Үлкендерше жабырқап та,
Мен айтам
Ол соғыстың зардаптары
Сабақ болу керек деп жаңа ұрпаққа!
Білмеймін
Ол сөзімді қанша ұғып тұр,
Білмеймін
Ойлантпай ма, баршылық бұл...
Ат құмар сәбиімнің көзімде тек
Аттарды атқан оққа қарсылық тұр!
Балам-ай,
Сәбиім-ай,
Әлі маған,
Қарап тұр адамдай-ақ танымаған.
«Ат түгіл балалар да өлген онда,
Содан да соғыс,— дейді,— оны, балам».
Ерлердің көздегені —
Ерлік, балам,
Сұрай бер
Жағдайларды кейде ұқпаған.
Ақиқат —
Сенікі енді тай-құлындар
Жарысқан бүгінгі осы бейбіт далаң.
Әкелген —
Бұл бақытты ел аңсаған
Әкелер.
Ұрпақ бұдан таба алса мән.
Енді ауыр күн тумасын, сонда-дағы
Батырлық мұрат болсын, балам, саған.
Ат салған
Алғаннан-ақ колға қалам,
Жас қазақ!
Көкірегіңе орнаған ән.
Батырлық туралы жыр,
Сол жырдағы
Сөздерді,
Бейнелерді
Қорға, балам!
Озады
Күн — аптадан,
Сезім — ойдан.
Келер деп
Сәттіліктің көзі қайдан.
Адамдар аңдысады бір-бірімен,
Білгенге —
Бейбіт күннің өзі майдан!
Жасырын біреулерге
Тас та аттық па,
Асығыс үйренбе оны, босқа аптықпа.
Үлкендер қателігін айта отырып,
Мен сені үйретемін асқақтыққа.
Тұрма сен
Тымырайып
Сазарып та.
Әділет қайда екенін тез анықта.
Батырдың әділ ісін айта отырып
Мен сені үйретемін тазалыққа.
Қарашы,
Сұлуына мына таңның.
Осындай тан шаттығын ұнатамын.
Өтуде май парады,
Өзіңе ұлым,
Бақытын көрсетейін
Ұлы Отанның.
Бақытты біздің Отан
Байтақ әрі,
Міне, көктем.
Көркем ай — Май парады.
«Бейбітшілік жасасын, ура!» — деген
Бала сөзін кең дала қайталады.
Май шеруі,
Әсем ай — Май парады.
Кеуделерде
Бір шаттық шайқалады.
Желбіреген ал қызыл ту астында
Отан Гимнін адамдар айта алады.
Еркімізбен
Серуендеп серпілдік те,
Ураладық,
Жеңіс кеп, желпіндік те.
Қаншама адам,
Қаншама ел әлі күнге
Жете алмай жүр жай ғана еркіндікке.
Сездірсін де қадірін жеңіс күнде,
Бейбітшілік сөйлесін тегіс тілде.
Әділетті қанша адам түрмеде отыр,
Қанша жауыз еркін жүр жер үстінде.
Біздің елде басқаша, басқа бәрі,
Адамның ары—таза, асқақ — әні.
Бұл бақытты сыйлаған ердің бірі
Қарап тұр келбетіне астананың...
Арнаған
Еңбегін де,
Жеңісін де,
Сол батыр
Еркелейді ел ішінде,
Ұлты мен ұрпақ қамы —
Ұлы арманы,
Батырға бас иіңдер сол үшін де!
Мерекесін тойлауда майдың халық,
Әкеткендей самал жел қайғыңды алып.
Бейбітшілік жақтаған халық күші
Күннен күнге келеді айбынданып.
Табу үшін елінің іздегенін.
Сақтау үшін ананың ізгі өлеңін.
Революция атынан сөз алғанда
Осы жолды нұсқаған бізге Ленин.
Жауға бермей туған ел — мекен гүлін
Жеңгендерді жырға арқау етем бүгін.
Дүниенің алдында көрсеттік біз
Халық деген ұлы күш екендігін.
Халық алды мәңгіге жеңіс туын,
Жеңіс күні — ең ғажап, келісті күн.
Болашақтың тағдырын ойлайды енді
Ең мықты державасы жер үстінің.
Бір шындық бар өмірде мен білетін,
Күрестерде сөндірмей ерлік отын,
Тарихи жеңістерге бастайды
Ер Халықты жұмылдырып, сендіретін.
Көз көрмеген қарышпен өсті ерікті ел,
Мықты болсаң, осы ұлы көшке еріп көр!
Уақыттың алдында сөйлейді енді
«Кіші Жер», «Тың», «Қайта Өрлеу»,
«Естеліктер»!
Бейбітшілік кептері қалықтаған
Аспан асты — ұлы елім — алып далам.
Алып дала төсінде халықты аман
Әділ іске
Партия бағыттаған.
Ұш, уақыт, зымыра, алға самға,
Келер ғасыр шақырса, алғаш онда
Біз боламыз қолдағы көгершіндей
Жерді аялап ұстайтын әрқашанда!
Жұбанады жыламай жетімдер де
Тыныштықта тербеліп жатыр көл де.
Бағытымен барады поездар да,
Атқарып тұр міндетін көпірлер де.
Барлық үйге тарайды жылылықтар.
Тұрғызамыз жатса егер жығылып тал.
Бәрі жақсы-ау,
Сонда да адамдардың жүрегінде
Бір үрей, бір үміт бар.
Жерді аялап, мейірімге бөлегенді
Үйренуге жұмсайық мол өнерді.
Қан төккен батырлардың арманы еді,
Бұл күнді қорғай білу керек енді.
Алтындай жарқырайды терек түзде
Қуаныш ұялайды кенет жүзге.
Сәбидің пәк күлкісі неткен мөлдір,
Сол үшін өмір сүру керек бізге!
Біз бүгін басқалардан бөлекпіз де,
Біз бүгін басқалардан ерікпіз де!
Осынау таза аспанды сақтау үшін,
Күресе білу және керек бізге!
Қиылды қанаттары тәтті арманның,
Үзілді қайырмасы бақтарда әннің.
Әлемде ең сұмдық күн әйел үшін —
Майданға азаматтар аттанған күн.
Бұлт басты,
Ашық сәні қашты аспанның.
Жоғалсын заты бұлай бас қосқанның.
Анаға ең ауыр күн тіршілікте —
Боздап кеп
Боздағымен қоштасқан күн.
Аналар уайымдаса, уайымдасын,
Сұм соғыс кімге бақыт дайындасын?
Қайғыдан кәрі таулар қап-қара боп,
Жеткізді жерге дейін қайын, басын.
Жабады дала төсін нала, қайғы.
Шын қайғы жас-кәріге қарамайды.
Қып-қызыл көлдің бетін сұңқылдаған
Аққулар қанатымен сабалайды.
Долданып, лайланып тасқын, әні,
Сай-сайды тастарменен бастырады.
Селкілдеп, желкілдеген қамыс құрақ
Өкіріп, өзен басын тасқа ұрады.
Күннің де жүзі қызыл күндегіден,
Иттердің ұлуы көп үргенінен.
Қан шапшып қауызынан райханның,
Еменнің жас тамып тұр діңгегінен.
Жас бала дір-дір етті мұны көріп,
Жіберді төгіп-төгіп мұңын өріп
Қоштасу.
Жылау.
Тілеу.
Қайрат беру...
Дүние кетті бір сәт күңіреніп.
— Сен кетсең, солды гүлім, өшті күнім.
Жайылар қос қолым мен қос бұрымым.
Келгенше қайта айналып кім бар, кім жоқ,
Тапсырдым бір құдайға, қош, құлыным.
— Қайтармын соғыстан қол босағасын.
Сенемін, сен үмітпен тоса аласың.
Майданға кіргеннен соң хат салармын.
Жылама,
Хош болып тұр, хош анашым!
— Жаудың бетін қайтарып ұлы еліңнен,
Бозан тартқан,
Оқ тескен шинеліңмен,
Туған жерге — бидай мен гүл егілген,
Оралыңдар; жігіттер, түгеліңмен
— Кезіміз
Ерліктермен көрінсек,— дер,
Сендер емес
Ерлердің жолын шектер,
Қандай заман болса да, күдер үзбей
Күтіңдер күні-түні, келіншектер!
— Ағалар,
Жүрегімде жаңа әнім бар,
Кетпесін тұншықтырып оны ағындар.
Адамдар кәдімгі өмір сүру үшін,
Ауылға аман-есен оралыңдар.
— Біздерді сағынғанда еске алыңдар,
Біздің де жүректе үміт, баста мұң бар.
Арнаймын жеңісімді өздеріңе,
Аяулы қарындастар,
Хош болыңдар!
Аналар тілек айтты, қол жайысты,
Қарлығаш ұясынан зарлай ұшты,
Ерлердің екпінінен дауыл тұрып,
Етіктің табанында жер қайысты.
Найзағай жиі-жиі шақпақталып!
Майданға азаматтар жатты аттанып
Ежелден біздің елдің рухы асқақ,
Сенімін қалды сонда сақтап халық.
Алар жау сыбағасын оңбай бірден.
Шығамыз
Соңғы күшпен,
Соңғы айбынмен.
Қорғаймыз байтақ елді
Өйткені, оны
Әр ұрпақ өз тұсында қорғай білген.
Тасысақ көктемдегі айдындаймыз
Жасақты, әскерді де жай құрмаймыз.
Өмірден айрылсақ та,
Анамыздай
Қасиетті Отаннан айрылмаймыз!
Жатқандай жалпақ дала тегін анық,
Келгісі бар жау жауыз өлім алып,
Отанды ойрандатып қоя алмаспыз,
Жеңеміз, жеңілмейміз!—деді халық.
ӨРТ
Кім үшін соғыстағы жаңашылдық?
Кімге ауыр—қырғын, жаза нала сұмдық?!
Сұраңдар солдаттардан
Соғыс жайлы
Соларда — қарапайым, дана шындық.
Солдаттың көкірегі толы арманы
Оқ жаңбыр астында да жоғалмады.
Отан мен анасы үшін, «алға» деді
Амал не,
Көпшілігі оралмады.
Жастанды жер-ананың төсін олар.
Айтпаса жеңіс жайлы несі хабар?
Әр кезде,
Әр дәуірде туар ұрпақ
Алдыңғы толқынды да есіне алар.
Солдаттың бұзбаған еш салтын олар,
Ажалмен арпалысты әр күн олар.
Тарихтың беттерінде
Ескерткіш боп
Ерлердің елін сүйген даңқы қалар.
Қанымен қорғап қалған халқын олар
Мәңгі өмір кешіп кетті, бәлкім, олар,
Ерлік жайлы ұмытып бара жатсаң,
Ерте тұрып,
«Панфилов паркіне» бар.
Алдыңғы шепте болған
Отан үшін
Ерлердің не өздері, не танысы,
Жыр етер ол күндері жауынгердің
Жаңбыр оқ болғандығын бет алысы.
Адамның әлсіз неге кейде өнері,
Ақиқат —
Қиналсаң, көп ой келері.
Жауынгер жүрегінде жүрді-ау сонда
Ана, жар, бауыр, бала бейнелері.
Мәңгі от кеуделерде сөнбейді осы,
Әлі елдің соғыс десе қалмайды есі.
Құлаған солдаттардың жүрегінде
Құламай тұрды-ау елдің бар бейнесі.
Сезілсе ақырғы рет дүние тар
Ашынып, ақырғы оғын құлай атар.
Құлаған қала қайта салынар-ау,
Мәңгі ұйықтап кеткендерді кім оятар?!
Сақтаған күресте олар небір сырды,
Қиынға төзе білді темір сынды.
Өйткені бұл тыныштық
Соғыстағы
Солдаттың жүрегінде өмір сүрді!
Ешкімге оңай болған емес те түк,
Қоя алмас үрей оны көмескі етіп.
Күн-түні жауға қарсы шабуылға
Шықты олар бейбіт күнді елестетіп.
Қаншама село өртенді, жер өртенді,
Қап-қара түтін басты кең өлкемді,
Келмейді қыршын жастың құлағысы,
Тіршілік шақырады оны ертеңгі.
Елес, елес...
Осынау тұста бәрі
Қылшылдайды жүзінде ұстараның.
Ұстатпайды ой.
Жаралы солдат жалғыз
Тыңдап жатыр соңғы рет құстар әнін.
Құстар әні түбінде құлағының
Қоштасуға келгендей сірә бүгін...
Тоқтатқандар ол үшін тіршілікті
Тоқтата алмас өмірдің ұлы ағынын.
Білесің бе, бұл жайлы, мейірлі апа,
Ғажап еді-ау соғысқа дейін дала.
Солдат соны білетін,
Құлады әне
Көп жауды сұлатқаннан кейін ғана.
Жүр қалай, о, құдірет, шайқаса алып,
Ішегі сыртында жүр, байқаса анық.
Атылған алға, ақырып, ыза буып,
Ішіне ішектерін қайта салып.
Сыйынып барлық күшке, құдіретке, атойлап,
Жетердей-ақ үні көкке,
Ұмтылып тұра алмады, қалған екен
Ілініп бір аяғы сіңір етке.
Дұшпанға ақырғы оғын атарында
Білген ол өз күнінің батарын да.
Жап-жас бір жау солдаты сұлап жатыр
Жап-жақын жерде, өзінін, қатарында.
Бейшара жау солдаты! Неге өшіктің?
(Сенімен жатты дейсің кеңесіп кім?)
Балаңды, бауырыңды тастап елге,
Әділетсіз соғысқа неге шықтың?!
Белгілі — сені зорлап шығарғаны,
Өмір сүру еді ғой – шын арманың.
Жазықсыз солдаттар-ай,
Біреу үшін
Қырылып кетесің ғой түгел бәрің.
Тып-тыныш —
Мынау ауыр шақта мұңды —
Аралап жүрмес пе едің бақтарыңды?
Жамылып жат топырақ бір сәтте енді,
Білмейсің
Не үшін өліп жатқаныңды.
Бейбіт ел төрінде оқты неге атасың.
Белгісіз — қалдың енді — мола, тасың.
Бұл соғыс болмаса, елде жатпас па едің,
Ойнатып Бетховеннің сонатасын?!
Мен болсам,
Елді сендей әңгүдіктен
Арылтар
Жауды жеңер таңды күткем.
Қаламын қалсам дағы халқым үшін,
Өзімнің топырағымда мәңгілік мен!
Бұйырды саған, әне, соңғы оқ, құзғын!
Осылай ойлаған-ды солдат біздің,
Қып-қызыл қан тоқтамай қара орманда
Кетті-ау ол жырымызды жалғап біздің.
Өткенде дүрбелеңді қатты дүбір,
Жүгіріп басылмаған аптығы бір
Мейрімді медсестра жете алмады-ау,
Үзіліп жапырақтай жатты ғұмыр.
Жар жазған хат.
Ашылмай мәңгі сол хат
Жүрегінің тұсына болды салмақ.
Қайран елді соңғы рет елестетіп,
Қарағайдың қасында қалды солдат.
Бұлбұл ұшты бұл кезде зарлап талдан,
Қалын, тұман орманды торлап та алған.
Осылайша Отанды қорғап қалған
Айрылдық біз қаншама солдаттардан.
Бір әсер әлдеқайдан әмір беріп,
Жап-жасыл жапырақты жалын көміп,
Жатты жер қанға бөгіп, қасіреттен
Жатты жер сонша қатты жәбірленіп.
Шошымас шынын айтсақ, кім мұндайдан,
Кетпейді, ер болсаң да, бір мұң бойдан.
Болған емес
Тарихта мұндай шайқас,
Болған емес
Дәл мұндай қырғын майдан.
Соғыс, өрт
Соғысқандар жанып көрген,
Белгілі болар онда анық мерген.
Сыздайды командирдің жан жүрегі,
Солдатқа жігер берген, бағыт берген.
Дүние мұндай қырғын көрмеді шын,
Көрсетті ел де күшін, жер де күшін.
Құрбан болған
Солдаттар,
Жауынгерлер!
Кек алады достарың сендер үшін!!!
Ел есінде қалады мәңгі аттарың,
Ақын, әнші арнайды ардақты әнін,
Аман қалған болса егер
Командирлер
Ұмыта алмас елгезек солдаттарын.
Гүл қояды туған жер шалғай қалған,
Күрсінеді жұмыр жер мәңгі айналған.
Майдандастар,
Батырлар — тірі қалған
Жауды жеңбей қайтпайды қан майданнан!
Ақталады халықтың борышы ұлы,
Тоқталады сол үшін соғыс үні
Сендер үшін дұшпанды қалтыратып
Кек алады
Бауыржан Момышұлы!!!
СЕРТ
— Дауыл — ессіз, оқ жарылса, от үрлер.
Шарт-шұрт сынып жатыр асқақ көпірлер,
Аспан, жерде найзағайлар айқасып,
Үйткен қойдай төңкеріліп жатыр жер.
Айдаһардың отты басын тарт әрі!
Аямайды тескен оқ төс қалтаны.
Снарядтан үсті-үстіне от борап,
Көңірсиді тілім-тілім жер тәні.
Жылан-жалын орап алған жол үстін.
Жан шыңғырған, мал шулаған тоғысты үн.
Жау таптаған жерлер адам көргісіз,
Жанып жатыр деревнясы орыстың.
Өмір — қымбат,
Өмір қымбат басқадан.
Шегінсек,
Кешірмейді Қызыл Алаң,
Кремль!
Қалғаны үшін тоқтап елде көп қызық,
Жанарда — кек,
Кеуделерде от қызып,
Әлі кеткен әскерлерін дұшпанның
Қайтамыз біз үйлеріне жеткізіп!
Жауды жеңіп қайтамыз біз елге аман,
Көгершіндер қарсы алады самғаған.
Жанған жердің жараларын жазамыз
Бидай егіп, дән үйеміз қамбаға!
Ел қайтеді, біз дұшпанға бас ұрсақ,
Бүлдіршіндер,
Құлын-тайлар асыр сап
Ойнау керек.
Жеңіс туын қадаймыз —
Бақытты өмір сүру үшін жас ұрпақ.
Туған жердің қабаттары тозбасын,
Жігер ердің намыстарын қозғасын!
Еркек керек аман қайтып ауылға,
Әйелдердің сүртетұғын кез жасын!
Жұлдыздардай жанамыз біз, сенбейміз,
Қасиетті байтақ Отан,
Өлмей,
Біз
Жау қолына жолдарыңды бермейміз,
Көлдеріңді, белдеріңді бермейміз!
Әке өмір сүрген жерді бермейміз,
Сәби басып жүрген жерді бермейміз!
Барлық барар өрістерді бермейміз,
Қасиетті жеңісті енді бермейміз!
Бермейміз!
Бермейміз!
Бермейміз!
ЗАҢҒАР
Бар екен ататұғын таңдар алдан,
Биікте қалады екен заңғар арман.
Қайтты елге аман-есен
Қайсар батыр,
Жеңіспен қандай бақыт елге оралған!
Дүние келсін түгел келісімге:
Батырдың ұлылық бар жеңісінде,
Тапсыру керек жерді ұрпаққа аман,
Ерліктер жасау керек сол үшін де!
Өткеннің жаңғырыққан дауыстары
Жетеді болашаққа алысқа әлі.
Ағайын, туған елдің тыныштығы —
Азамат ұстаған ту — ауыспалы!
Өткізер қолдан-қолға оны ұрпақтар,
Жазылар небір үндеу, небір хаттар.
Қалмасын оқ астында егістіктер,
Қамығып қайың, терек, жабырқап тал.
Кетпейтін сұмдықтарды ел есінен,
Сезген еді жанымен, денесімен.
Өткен кезге қарайды оймен батыр,
Уақыттың бүгінгі белесінен.
Тыңдайды халық ойын, шешімін де,
Сүйеді ақын жырын, дос үнін де,
Жеңісті армандаған намысты ердің,
Жеткені жақсы болды-ау осы күнге.
* * *
Жеңістің туы бүгін желбіреп мың,
Қарайды тыныш түндер мөлдіреп тым.
Сонда да мазалайды-ау майдангерді
Санада қалған даусы зеңбіректің.
Ғасырдың ақыл-ойы айдан да асып,
Дүние сұлулығын жайғанда ашық,
Келеді оның әлі жүрегінде
Соғыс пен бейбітшілік майдандасып.
Есінде Шабуыл да, Бекініс те,
Сақтайды сол күндердің отын іште
Соғыста бәрі мүмкін:
Мойындайды:
Болғанын
Қателік те,
Өкініш те!
Бойында болғаны да — жастан ерлік,
Мақтанып керген емес босқа кергіп.
Бас тартып
Шекпенімен кәрі даңқтың,
Қатеңді өзің айту—асқан ерлік!
Бәрі өтпек.
Қыс та өтпек,
Көктем де өтпек.
Жо-жо-жоқ!
Қайта жаңа шепке беттеп,
Жүреді түсінде әлі қалш-қалш етіп
Дұшпанмен баяғыдай бетпе-бет кеп.
Сол соғыс екен дейді,
Сонда оқтардан
Тұрғандай қалаларды қорғап таңда
Кетеді өз даусынан өзі оянып,
Жатқанда
Бұйрық беріп солдаттарға!
Жүректің кім көреді өртін ішкі,
Кім сезер зор тынысты,
Толқынысты?!
Он жылға
Он минутта-ақ, картайтқан-ды
Сол соғыс,
Қанды соғыс— Қорқынышты!
О, жылдар!
Мәңгі бірдей тұр ма сәнің?
Ойласа өткен күнді —
Мұң басады!
Берген жоқ
Сонда да әлі намысын ол,
Көрген жоқ
Аласарып тұлғасы әлі!
Шақырар ерлікке әлі жарқын ізгі үн,
Мақтаныш,
Мерейіміз жалпы біздің,
Намысы ол —
Ұлтымыздың —
Мұқалмайды!
Бақыты — даламыздың,
Халқымыздың!
Ерлігін әнге қосқан орман кұсы,
Отанның болған кісі —
Қорған, күші.
Халықтың санасында қалар мәңгі —
Ұлы Отан соғысының Қобыландысы!
Арындап,
Ақ боз атпен,
Сан құйғытты,
Бұлтты да
Ыдыратты, бәлки, мықты үн,
Қалады
Қайсарлықтың мектебі боп,
Қарулас,
Қаһарманы
Панфиловтың!
Қалды, рас,
Майдандастар бүгін аз-ақ.
Кім сезсін екендігін
Мұңын, азап.
Оянса,
Ойлайды екен ұрпақ қамын
Осы бір ірі қазақ,
Ұлы қазақ!
Бауыржан деген қанша атқа бөбек ие?
Ол жүр ғой бейбіт сапта да ерек.
Не деген алыптық бұл —
Келеді ол
Халықтың өзін үлкен данққа бөлеп!
Бұл күнде ақиқат пен аңыз Баукең,
Көтерген сонша даңқты жаны ізгі-ау, кен,
Болғанмен
Мың-мыңдаған Бауыржандар
Қайтадан қайдан тусын нағыз Баукең!
Есімді айналдырған дала аңызға,
Берген соң бесіктегі баламызға,
Батыр қайсы дегенде көрсетуге
Ағатай,
Жүре тұршы арамызда!
* * *
Өткенде қыздар аңқып бұрымы әтір,
Бергенде шуақ гүлге шұғыла түр,
Ең мықты ескерткішке бергісіз боп
Барады тік тұлғалы тірі батыр.
Ұшады ақша бұлттар күзде қалқып,
Қайтады тырналар да тізбегі артып.
Құс қайтқан күзге қарап тұрып батыр,
Өмірді бағалайды бізден артық.
Жүреді бақты аралап, сәл аптығып,
Ойланады
Құстарды санап тұрып.
Санаменен болмысты салыстырса,
Жылағысы келеді қарап тұрып.
Естеліктер ойында жазып, құрап,
Жетелейді көңілін жазық, қырат.
Жүзі — айбынды, Жүрегі — түкті,
Сұсты,
Баладан да көңілі нәзік бірақ!
Құлағында әлемнің көп хабары,
Қаһарланып кетеді,
Тоқталады,
Бейбіт өмір дейміз-ау,
Соның өзі
Соғыстан да сұмдық па деп қалады...
Қан майданнан
Қайтқанмен абыроймен,
Жан сыздайды,
Болмайды дәрі бойға ем.
Болашақты болжаса, бойы шошып,
Ауыр-ауыр басады ауыр оймен!
ОЙ
Қай дәуір,
Қола яки тас дәуірі,
Адамдар болған дейді асқан ірі.
Ол кезде ағым басқа,
Адамдардың
Жүретін қола менен тасқа әмірі.
Тірліктің кілтін тапқан қалай одан?
Емес-ті қорыққан,
Бұққан,
Жан аяған.
Алысып мамонттармен,
Айла жетпей,
Асығыс көзін жұмған талай адам.
Жасыра алмас тарих болған істі,
Ол кезде
Жердің тау мен орман үсті.
Алдымен шабуылды көріп,
Адам
Артынан тапқан болар қорғанысты.
Аң аулап,
Іздеген-ді талшық таңда,
Таңданған,
Қорықпаған жан шыққанда,
Алдымен қоректі ойлап тауып, кейін
Байлық пен сән іздеген балшықтан да.
Білеміз жарыстың бұл басы екенін,
Заттарға қарамаған аса тегін.
Бастан сөз,
Басқаға бақ асырмаудан
Басталған сұм дәуірі бәсекенің.
Бірінен-бірі алып мазаны артық,
Қызғаныш туған сайын,
Азабы артып,
Жерді де бөліп-бөліп алған адам
Қараған басқа үлеске Көз алартып!
Болғанмен ойы, ақылы аса терең,
Біреудің — Күн көрісі аса төмен,
Біреудің ойы саяз, ақшасы көп,
Бар бәле бастау алған бәсекеден.
Біреуін өз тапқаны көншітпепті,
Біреуі өз дәулетін «көлшік» депті,
Осылай озбырланып, озамыз деп,
Бәсеке кейін қатты өршіп кетті.
Жеткендей қорқынышты осы дүбір,
Жаяды қып-қызыл қып шашын іңір.
Жабайы жаратылыс мода емес,
Жарыс пен рекордтар ғасыры бұл.
Біреудің сенетіні — азу шығар.
Біреуге — жүлдесі ерте әзір шығар.
Жарысқа қатысады қалай демей,
Қалалар,
Өндірістер,
Жазушылар.
Бар шығар біз білмейтін мәніс мұнда,
Қараймыз
қауіппен тек әр ұшқынға.
Орны болу керек қой озудың да,
Шегі болу керек қой жарыстың да.
Түскенде жақсы-жақсы ой басыңа,
Мен сенем күн нұрына тоймасыңа.
Арман не,
Айналса егер адам басы,
Жарысқан ізгі ойлардың қоймасына?!
Түскенде түйдек-түйдек ой басыңа,
Амал жоқ дөңбекшімей қоймасыңа.
Неліктен айналады сұлу жерлер,
Сұрапыл бомбалардың қоймасына.
Өтпейді
Уақыттың айы мұңсыз,
Қарайды
Айналаға қайың үнсіз.
Неліктен бір-біріне
Ақыл — ойы,
Дамыған сайын
Адам
Қайырымсыз?!
Адамзат алаңдаса,
Алаңдасын,
Тағдыры жұмыр жердің қоғамға — сын.
Торғайды торғай қорғап тоғайларда
Жатады адам алып адам басын.
Адамзат!
Бар еді ғой біраз үлгің,
Кетпей тұр жер бетінен сірә әзір мұң.
Домалап жатпасын жер қанға бөгіп,
Домаланған басындай Разиннің.
«Бір елге бір ел бүгін басып кірді»
«Бір басты бір есерсоқ асық қылды».
«Біреуді – біреу тонап»... деген сынды
Бір хабар бір хабарды асықтырды.
Үйренді құлақ, жүрек бұған көптен,
Бәсеке деген нәрсе ылаң неткен.
Сан түрлі хабарлардың дәуірі бұл,
Мына бір хабарлама бұдан да өткен;
«Тыңдаңдар, Тірі бүйрек сатылады!»
Дір етті Испания атырабы.
Бұндайды естімеген батыр әлі.
Үзілді үйеңкінің жапырағы...
Менің де жаныма ұшы кірді иненің,
Кетпейді құлағымнан бұл күйрек үн.
Сау кісі сатам дейді жұмыс үшін
Өзінің. бір бүйрегін.
Өзінің ішінде екен дұшпаны, я!
Қалайша салады енді құстар ұя.
Дамудан жеткен бүйрек саудасына,
О, сорлы жүрегі жоқ Испания!
Сатады тағы нені бір күні олар,
Қалайша бұдан ізгі жыр құралар?!
Тыңдасаң —
Сыздатады жүрегіңді
Жер-жерден
Жетіп жатқан түрлі хабар.
Қалайша түршікпейсің, қорықпайсың,
Қалайша болашақты анықтайсың.
Айналаң —
Адам, адам... Бастарында
Не жатыр, не пікір бар оны ұқпайсың.
Бір кезде
Ағаштардан тердік қорек,
Қайырымды өмірге де көндік демек.
Басы емес —
Ойлау үшін халық қамын,
Бауырлық сезімдер мен ерлік керек.
Алмайды
Уілдеген жел де тыным.
Алмайды
Уһілеуден көл де тыным.
Адамның басында тұр
Бүгін барлық,
Тынысы, тіршілігі жер бетінің.
Тигенде құдіреттің ақ алмасы,
Ұшады алмадайын адам басы.
Табады оған дейін сан сұмдықты,
Өзінше әр ғасырдың замандасы.
Опасыз — өмір мәнін
Тез білгесін,
О, адам,
Жарыс ойлап, оздың несін?
Шығады жер бетінде зұлымдықтар
Әркімнің ойлауынан өз мүддесін.
Аспан,
Көл
Айнадайын мөлдір еді,
Кей жерде өзгергендей енді реңі,
Жарысып
Бала азайтып,
Бағзы бір ел
Жарысып
Қару-жарақ өндіреді.
Жерді де байқамаса,
Ол – жоқ қылары
Белгілі,
Сол ма ақылдың соқтырары?
Қаруды өндірудің құралы көп,
Пиғылды түзетудің жоқ құралы.
Жасаған адам атпай бір күні оғын
Қоймайды.
Тияр сәби күлкілерін.
Бомба ше?
Жата-жата іші пысып
Бір күні жарылуы мүмкін оның!
Не шықсын жалғыз жерге таласқаннан,
Дау туады, ол қалып, сен асқаннан.
Жер бетінде әлі адам нық тұра алмай,
Әлі де адам қорқады көк аспаннан!
О, сонда не болғаны, не болғаны?
Болғаны — бомба!
Онда доғар бәрін.
Қауіпсіз ету керек қаруларды,
Жайқалсын жер бетінің көк орманы!
Бұл жайлы біз ойламай, кім ойласын?
Дейміз ғой
Ұрпағымыз мұңаймасын.
Бомбаны тапқан адам таба алмай тұр
Енді оны тоқтатудың бір айласын.
О, оның бір айласы табылса етті.
Ғасырлар, ғасырлар-ай бәрін шекті.
Бір Шыңғыс дүниені ойрандаса,
Бір Шыңғыс ізгіліктің дәнін септі.
Екі рет бұрылды әлем бұл есімге,
Мүмкіндік көп ізгілік үлесінде,
Ескі ғалам жақ болар ізгілікке
Соғыс пен бейбітшілік күресінде.
Дамыды бүгін қанша ми, ғылым да.
Көрсетті сиқырын да, сыйлығын да.
Бейбіт күннің өзінде күнде өзгерген
Барлық пәле— адамның пиғылында!
Тоймаушы ек,
Қарағанда көркіне біз,
Қоймадық
Табиғатты еркіне біз.
Жарыққа келмек болған талай-талай
Өмірді тоқтатамыз,
Өлтіреміз...
Өлтірдік
О қаншама, сезімді біз,
Көктемде-ақ көңілдерде сезілді күз.
Неліктен
Баласынан бас тартты әке,
Неліктен қызығынан безінді қыз?
Белгілі,
Жоғалтқанды таба алмасы,
Темірге кезек берген заманда осы.
Сыйғызып
Бәрін-бәрін
Сыздап тұрған,
Жердің өзі сияқты адам басы.
Қарайсыз
Оймен бүкіл жер бетіне,
Жоқ,
Аға,
Сұранамын енді өтіне,
Онсыз да шаршағансыз,
Сәл тынығып,
Қараңыз туған елдің келбетіне.
Жақсы емес пе бүгінгі заманымыз,
Сол соғысты ойлаймыз неге әлі біз?
Неге бойдан бір күдік кетпейді әлі,
Неге ызаға толы әлі жанарымыз?
Өйткені біз әлі де жаралымыз,
Өйткені біз әлі де қаралымыз.
Әлі күнге күтеміз ағаны біз.
Көріп өстік жоқтаған ананы біз.
Еске алғанда басқандай даланы күз,
Естеліктен, шындыққа оралыңыз.
Жоқ!
Жоқ!
Біз
Мойымаймыз қасіретке,
Рухымен ерліктің жоғарымыз.
САЛТАНАТ
Қарайсыз, кім еді,— деп,— қалқам, атың?
Ақынмын —
Дәуір сөзін айта алатын.
Немесе
Миллиондардың біреуімін
Жеңістің қызықтаған салтанатын!
Ат құмар менің балам,
Кіл аттардың,
Суреттерін салады,
Бірақта әр күн:
«Соғыста, мама, көп ат өлді ме», — деп
Алады мені астына сұрақтардың.
Отырсам
Мезгілдің мен жырын тербеп,
Сұрайды
Соғыс жайлы ұлым тергеп.
Салады
Шауып бара жатқан атты
«Соғыста өлгендерін тірілтем»,— деп.
«Қайтқанмен,
Қас дұшпаннан өсе бүгін,
Жарасы жазылмайды кешегінің.
Өскен соң құлыншақтар —
Ат болады,
Өлгендер —тірілмейді», —
Десем,— ұлым;
Сенбейді.
Қалады сәл таңырқап та.
Қарайды
Үлкендерше жабырқап та,
Мен айтам
Ол соғыстың зардаптары
Сабақ болу керек деп жаңа ұрпаққа!
Білмеймін
Ол сөзімді қанша ұғып тұр,
Білмеймін
Ойлантпай ма, баршылық бұл...
Ат құмар сәбиімнің көзімде тек
Аттарды атқан оққа қарсылық тұр!
Балам-ай,
Сәбиім-ай,
Әлі маған,
Қарап тұр адамдай-ақ танымаған.
«Ат түгіл балалар да өлген онда,
Содан да соғыс,— дейді,— оны, балам».
Ерлердің көздегені —
Ерлік, балам,
Сұрай бер
Жағдайларды кейде ұқпаған.
Ақиқат —
Сенікі енді тай-құлындар
Жарысқан бүгінгі осы бейбіт далаң.
Әкелген —
Бұл бақытты ел аңсаған
Әкелер.
Ұрпақ бұдан таба алса мән.
Енді ауыр күн тумасын, сонда-дағы
Батырлық мұрат болсын, балам, саған.
Ат салған
Алғаннан-ақ колға қалам,
Жас қазақ!
Көкірегіңе орнаған ән.
Батырлық туралы жыр,
Сол жырдағы
Сөздерді,
Бейнелерді
Қорға, балам!
Озады
Күн — аптадан,
Сезім — ойдан.
Келер деп
Сәттіліктің көзі қайдан.
Адамдар аңдысады бір-бірімен,
Білгенге —
Бейбіт күннің өзі майдан!
Жасырын біреулерге
Тас та аттық па,
Асығыс үйренбе оны, босқа аптықпа.
Үлкендер қателігін айта отырып,
Мен сені үйретемін асқақтыққа.
Тұрма сен
Тымырайып
Сазарып та.
Әділет қайда екенін тез анықта.
Батырдың әділ ісін айта отырып
Мен сені үйретемін тазалыққа.
Қарашы,
Сұлуына мына таңның.
Осындай тан шаттығын ұнатамын.
Өтуде май парады,
Өзіңе ұлым,
Бақытын көрсетейін
Ұлы Отанның.
Бақытты біздің Отан
Байтақ әрі,
Міне, көктем.
Көркем ай — Май парады.
«Бейбітшілік жасасын, ура!» — деген
Бала сөзін кең дала қайталады.
Май шеруі,
Әсем ай — Май парады.
Кеуделерде
Бір шаттық шайқалады.
Желбіреген ал қызыл ту астында
Отан Гимнін адамдар айта алады.
Еркімізбен
Серуендеп серпілдік те,
Ураладық,
Жеңіс кеп, желпіндік те.
Қаншама адам,
Қаншама ел әлі күнге
Жете алмай жүр жай ғана еркіндікке.
Сездірсін де қадірін жеңіс күнде,
Бейбітшілік сөйлесін тегіс тілде.
Әділетті қанша адам түрмеде отыр,
Қанша жауыз еркін жүр жер үстінде.
Біздің елде басқаша, басқа бәрі,
Адамның ары—таза, асқақ — әні.
Бұл бақытты сыйлаған ердің бірі
Қарап тұр келбетіне астананың...
Арнаған
Еңбегін де,
Жеңісін де,
Сол батыр
Еркелейді ел ішінде,
Ұлты мен ұрпақ қамы —
Ұлы арманы,
Батырға бас иіңдер сол үшін де!
Мерекесін тойлауда майдың халық,
Әкеткендей самал жел қайғыңды алып.
Бейбітшілік жақтаған халық күші
Күннен күнге келеді айбынданып.
Табу үшін елінің іздегенін.
Сақтау үшін ананың ізгі өлеңін.
Революция атынан сөз алғанда
Осы жолды нұсқаған бізге Ленин.
Жауға бермей туған ел — мекен гүлін
Жеңгендерді жырға арқау етем бүгін.
Дүниенің алдында көрсеттік біз
Халық деген ұлы күш екендігін.
Халық алды мәңгіге жеңіс туын,
Жеңіс күні — ең ғажап, келісті күн.
Болашақтың тағдырын ойлайды енді
Ең мықты державасы жер үстінің.
Бір шындық бар өмірде мен білетін,
Күрестерде сөндірмей ерлік отын,
Тарихи жеңістерге бастайды
Ер Халықты жұмылдырып, сендіретін.
Көз көрмеген қарышпен өсті ерікті ел,
Мықты болсаң, осы ұлы көшке еріп көр!
Уақыттың алдында сөйлейді енді
«Кіші Жер», «Тың», «Қайта Өрлеу»,
«Естеліктер»!
Бейбітшілік кептері қалықтаған
Аспан асты — ұлы елім — алып далам.
Алып дала төсінде халықты аман
Әділ іске
Партия бағыттаған.
Ұш, уақыт, зымыра, алға самға,
Келер ғасыр шақырса, алғаш онда
Біз боламыз қолдағы көгершіндей
Жерді аялап ұстайтын әрқашанда!
Жұбанады жыламай жетімдер де
Тыныштықта тербеліп жатыр көл де.
Бағытымен барады поездар да,
Атқарып тұр міндетін көпірлер де.
Барлық үйге тарайды жылылықтар.
Тұрғызамыз жатса егер жығылып тал.
Бәрі жақсы-ау,
Сонда да адамдардың жүрегінде
Бір үрей, бір үміт бар.
Жерді аялап, мейірімге бөлегенді
Үйренуге жұмсайық мол өнерді.
Қан төккен батырлардың арманы еді,
Бұл күнді қорғай білу керек енді.
Алтындай жарқырайды терек түзде
Қуаныш ұялайды кенет жүзге.
Сәбидің пәк күлкісі неткен мөлдір,
Сол үшін өмір сүру керек бізге!
Біз бүгін басқалардан бөлекпіз де,
Біз бүгін басқалардан ерікпіз де!
Осынау таза аспанды сақтау үшін,
Күресе білу және керек бізге!
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: