Өлең: Күләш Ахметова (Жапырақ — жаздың жүрегі)
Жапырақтар,
әр түрлі ән құрарсыңдар,
Алдарыңда әртүрлі тұрар сындар.
Нәзіктерім,
сендермен сырласайын,
Менің нәзік жанымды ұғарсыңдар.
Ұғарсыңдар,
ұғу да,
тану да арман,
Жасарыңдар,
жасқанбай жауын, қардан.
Дайын тұру қажет-ақ барлық сынға,
Қорықпаңдар салқыннан,
дауылдардан.
Қорықпаңдар шөлден де,
аптаптан да,
Өр өзені өмірдің қатты аққанда
Қуларсыңдар биіктен,
оған дейін
Қол соғыңдар әр күнгі аппақ таңға.
Тіршілікте боран да,
құйын да бар,
Қайдан сенің түсінсін күйіңді олар?
Ылғи жақсы болуды тілегенмен,
Ылғи жақсы боп қалу қиын болар...
Солай,
алда әртүрлі тұрар сындар,
Тұрарсыңдар,
әртүрлі ән құрарсыңдар.
Нәзіктерім,
сендермен сырласайын,
Менің нәзік жанымды ұғарсыңдар.
Жыр іздеумен менің де ауды әр айым,
Тамаша әнмен таратар таң да арайын.
Жапырақтар,
жырлаңдар,
мұңдарыңды
Адамдардың тіліне аударайын.
* * *
Тыңдаңызшы!
Жас шынар ән салып тұр!
Білесіз бе?
Қымбат шақ қаншалық бұл?!
Ән салып тұр мәңгі іңкәр жапырақтар
Көздеріне көк жасыл тамшы алып бір,
Әнсіз олар жеткізсін қайдан бәрін?
Айтып жатыр:
Жас өркен жайғандарын,
Көктем мен қыс,
жаз бен күз
арасында
Күрес барын,
бітпейтін майдан барын.
Тыңдаңызшы!
Тым жақсы әндетеді,
Айтады олар:
Дүние сәнді екенін,
Бір жаманы —
бұл ғұмыр қысқа екенін,
Бір жақсысы —
махаббат мәңгі екенін.
Қандай шынар!
Сұлу да, биік те тік!
Бір-біріне қылығын сүйікті етіп,
Қараңызшы, дірілдеп қуанады
Жапыраққа жапырақ тиіп кетіп.
Самал желге —
жүгірген тасып хабар —
Сыр айтады ұзақ та,
ашық та олар.
Күрсінеді,
қарайды,
біз сияқты
Бір-біріне олар да ғашық болар?
Басатынын біле ме ақыры ақ қар,
Жаздың жырын тыңдайды атырап бар..
Сабағынан сарғайып үзілгенше
Өлең айтып өтеді жапырақтар.
* * *
Жапырақтар,
таң ата жыламаңдар,
Жылап тазармайсыңдар күнәдан бар.
Әр таң, рас ғұмырды қысқартады
Баяғыда-ақ түсінген мұны адамдар.
Серпіліңдер,
сөйлеңдер жыр тілінде
Күнде естілсін
қуатты, күлкілі үндер.
Көз жасынан аумайтын таңғы шықтар,
Буға айналсын,
билеңдер,
сілкініңдер.
Шырқатыңдар,
сендерде сыршыл ән бар,
Тыңдар оны
аспан,
су,
шың,
шынарлар.
Үзілмеңдер,
үрейлі үнсіздікпен
Күресіңдер,
шулаңдар,
тыншымаңдар.
Қалуы үшін көк бүршік шашып талдар,
Күресіңдер атқанда ашық таңдар.
Бәрі бірдей күрестің соғыс емес,
Бітіруге сондықтан асықпаңдар
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: