Өлең: Жамбыл Жабаев (Сұраншы батыр)
І
Ақ домбыра қолға алып,
Ай мен апта толғанып,
Жылға құйған теңіздей,
Жырдың селі тасқындап,
Ақ семсердей жалтылдап,
Шағылысқан күн шалып,
Құрағындай айдынның
Жел шайқаған ырғалып,
Терең теңіз тынбасы,
Тынбада жатқан нұр тасы,
Тартқан Жамбыл жырды алып
Жыйырмада жылға жел барып
Аударған желмен сең болып,
Кесегімен қопарып,
Таусылмастай кен болып,
Үздіксіз болған он күн той
Тыңдағанда ел болып,
Ақ бидай терген тауықтай
Елге жырым ем болып
Алатаудың аясы,
Балауса шырғай саясы
Жырымен шыңы жаңғырып,
Ақын Жамбыл мен болып
Өскен ем өрем кең болып.
Өзен деген ат болмас,
Ат жалдарлық су ақпай,
Ғалым деген ат болмас,
Айтқаны тұрмай шырақтай,
Әнші деген ат болмас,
Әуезі кеңіл жұбатпай;
Ақын деген ат болмас,
Қандырмай мейір суаттай,
Жыры болмай бұлақтай,
Тынығы болмай сынаптай,
Алатаудан арындап,
Асқан судай құлатпай,
Қыбыршыған көңілдің
Қытығын таппай сұратпай
Досың болса күлдіріп,
Сүйсіндіріп жұбатпай,
Жауың болса бүлдіріп,
Домбыраң берен, жырың оқ
Дәл тигізіп сұлатпай,
Қан қақсатып жылатпай,
Домбырасы шіңкілдей,
Жағына сөйлеп дүңкілдей,
Айтқан өлең өлең бе,
Бақылдаған ылақтай?
Ақындардың ақыны
Айдын келдей ақылы,
Жыр тұлпары Сүйімбай
Осылай айтқан бағызы —
Қалғанда жырды ұнатпай.
Ескіден есте қалғаннан,
Жасымда айтқан жырлардан
Ескерткіш еді батырға.
Қыядан шауып қырды алған,
Қыйынға шауып жол салған,
Бөрі басқан бүркіттей,
Қансыратып жауды алған,
Батырдың жыры сүйікті
Қатықтай ұйып тыңдалған.
Жамбыл — Жамбыл болғанда
Жыр дауылы қозғанда,
Қырғыз, қазақ еліне
Талай рет жырланған.
Бата берген Сүйімбай,
Жырдың тіккен туындай,
Айтқанда маған ақылды:
— Жырла! — деген батырды,
Есімде мәңгі сол қалған,
Бойда қуат болғанда.
Жыйырма бестің жалыны,
Тебінсе темір үзгендей,
Толысқанда қаруы,
Сыя сауыт, қаламсыз,
Дәптер, кітап, қағазсыз
Ой қозғаған домбыра,
Сөз қозғаған домбыра,
Болған кезде Жамбылдың
Домбырамен жазуы
Жырланып еді осы жыр.
Жырламаймын десем де
Ел тілегі қоймады,
Таудан құлап тарғыл тас,
Тарығып шығып көзден жас,
Кыспақ заман кездесіп,
Қайғы басып қарындас,
Тарыққанда сүйенер
Ел батырын ойлады,
Ойламасқа болмады.
Қабағы түсіп қамығып,
Батыр ұлын сағынып,
Ескіні еске түсіріп,
Жырым еді сондағы.
Қарасаң, балам, жоғары
Көтеріліп қабағың,
Мұз дулыға, қар сауыт
Алатаудың алабын,
Желкілдеген қарағай
Көк майсалы тамағын,
Жұпар иіс боз жусан
Бетеге басқан балағын,
Нұрмен тауды қаптады
Сталиндік заманым.
Ескі күйді сонау бір
Шығарып естен барамын.
Алатаудың аты көп,
Созыла жатқан қарлы жал,
Теріскейі Ұлы жүз,
Күнгейінде қырғыз бар.
Толып жатқан шоқысы,
Шоқысының аты бар:
Қозбас, Қордай жаясы
Сонан өрлеп тартылар, —
Суықтөбе, Дегерез,
Ұзынағаш, Көктөбе,
Қарғалының биігі,
Шұбар аттың өрі бар,
Қасқаасау мен Үшқоңыр,
Қызыл күндей елі бар.
Қарағайлы, Құрттыбас,
Талғардай биік шоқы бар.
ЕсіҚ Түрген, АқшелеҚ
Қарқара бар, Асы бар,
Шыңдардың шыңы Хантәңір
Таудың биік басы бар.
Жетісудың желіні
Деген тауы осылар.
Қоршаланса ақ бұлт
Ойыңда жаңбыр, өрде қар,
Ойпатыңда көк шалғын,
Ұшарында мұзды ызғар,
Бейне өмірдің бейнесі —
Бүгін шаттық, кеше зар.
Жайлағалы мұны адам
Санап бітпес не заман.
Неше халық, неше хан,
Тапты қырғын талай жан,
Толып жатқан оқыйға
Соның бірі айтылар.
Заман-заман дегенде
Заманға қожа адам ғой,
Наразы болса заманға
Бар кінәні соған қой,
Жырға желі сол заман ғой,
Елдің күні қаран ғой,
Кақпалап елді хан мінген,
Қайғы басқан жаман ғой.
Тар-заман деп ат қойған
Зарланып халық сонан ғой
Зарлануы халықтың
Шектен асып ушықты,
Айдаһар жұтып аюды,
Шоңбас жеді шымшықты...
Бұрынғы қожа Құдияр
Қазанатын мінісіп,
Қомпаң-қомпаң желісіп,
Жағасыз көйлек киісіп,
Көк шай салып су ішіп,
Перен мылтық арттырып,
Мыстан керней тарттырып,
Соғыспақ боп патшамен
Қапалдан тосып бір шықты.
Қарсы атылған зеңбірек
Қолдан туын жұлдырып,
Қорған сапын бүлдіріп,
Қайта қашып бүрлікті,
Жай қашпады Құдияр
Жолындағы ел тұншықты.
Жабық тіліп, үйді өртеп,
Айғыр атты жетектеп,
Қатын-бала шырылдап
Хан жолынан су шықты.
Бірнеше күн өткенде
Колпаков пен Черняев
Жетісуға жеткенде,
Құдияр хан қағынды,
Тағы қанды сағынды,
Алатын орыс, қазақсың,
Аламын деді бәріңді.
Қырғыздан Орман бірігіп,
Қордайдан асқан көп әскер
Теріскейге ағылды.
Тілеуқабыл — Қасқарау
Сарыкемерде шабылды,
Шапқыншының аттары
Саурынан аққан тер,
Пұшпағынан сабылды.
Бейқам жатқан қалың ел
Қарсы тұрмай жалынды.
«Жаудан күту жақсылық»
Зарыққанның салдары,
Байдан күту жақсылық, —
Тарыққанның салдары» —
Шын болмаса не қылды?
Жалынғанша жауына
Бер де құтыл жаныңды.
Құдиярдың Құсбегі
Жалынған сайын тарылды.
Бөксерде жатқан көп Дулат
Бүлінді де жарылды,
Есеңгіреп ер кетті,
Кемпір, шалды еңретті.
Керегі талап алынды,
Дулатта батыр Сыпатай
Жаудан қорқып сенделіп
Сарбұлақтың басына,
Аңрақайдың тасына
Түнде барып тығылды.
Батыр тұлға бола алмай
Елдің түгі жығылды.
Үш бөлінді көп Дулат:
Бір бөлегі бері өтпей
Тауда қалды қамалып;
Қалың жаудан жасқанып
Айсаның қарын өрледі.
Бір бөлегі қаймығып,
Жау қарасын көрмеді.
Шапырашты — Қарасай,
Жаудан қорқар ел ме еді?
Қыйратып жау жатқанын
Дулат жақтан білмеді,
Тезден хабар келмеді.
Бір бөлегі Дулаттың
Маямырдың ауылы —
Іледегі тоғайдың
Түбегіне тығылды.
Карсы тұрар жігіттер
Жау қолынан қырылды.
Жеті жігіт, жеті қыз
Жас жандарын қорғаштап
Түйелерге мінгесіп
Ағын суға бұрылды,
Су дегенің тілсіз жау,
Бұрқыраған Шу асау,
Ақ көбігін атқылап
Жын қаққандай жұлынды.
Қызды көріп қырық әскер
Қылыштарын суырды.
Аһаласып ұмтылып,
Иектерін жымырды.
Жауды көріп өңкей жас
Асау суға ұрынды,
Қарғып түскен жеті нар
Тұңғыйыққа жығылды.
Қызғалдақтай он төрт жан
Қалды судың түбінде.
Озбырлықтан асқынған
Ел ызасы қайнады,
Кемпір бүйір таянып
Сұңғыла боп сайрады,
Терме болып тізілді
Қайдағы мен жайдағы.
Ызың-шулы, қым-қуыт
Шығып жатты ойраны.
Қабағын түйген қанды жау
Ұру, шабу, найзалау,
Үйірлеп елді айдады.
Іс шықпасын сезгендей
Құр жылаудан пайдалы.
Дымын қоймай жау шапты,
Жанғараш пен Жантайдың,
Шырылдатты сәбиін,
Еңкілдетті кәрісін,
Бой жеткен қыз, келіншек
Қатарымен тарттырып
Күңрентеді тау ішін.
Қоқаннан келген көп әскер
Жер қайысып сыймады,
Мал мен басты шулатып,
Қойша иіріп жыйнады.
Тас қотанның сазына
Ақ шатыр мен көк шатыр
Қатарланып тігілді,
Ала тулар желпілдеп,
Ақ семсерлер жарқылдап,
Қомпаң-компаң шоқысып
Тебінгілер сартылдап,
Зерделі шапан бектер де
Шағылып күнге жалтырап,
Түйеге мінген жас әйел
Бетін жыртып аңқылдап,
Жае өспірім сұлу қыз
Жүрегі ұшып қалшылдап.
Жалаң қағып жасауыл,
Мәз-майрам боп қарқылдап,
Түйеде түрған әйелді
Түс жылдам деп алқымдап,
Шабылған елде дәрмен жоқ
Жылай берді солқылдап.
Ел тарықса ежелден
Батыр түсер есіне.
Батыр барған түйінді іс
Қалғандай еді шешіле.
Жер шұқысты тоналған
Төмен қарап тесіле.
Жаңа өспірім жас батыр
Елге салған несібе.
Арыстан жүрек Сұраншы
Шыңда жатыр алыста,
Оны шыңға шығарған —
Қонысы жоқ, қол қысқа,
Жаз жайлауы Үшқоңыр,
Қыс көшеді Арысқа,
Шапырашты аз ата
Ұлы жүзде туысқа.
Өз әкесі Қашке еді,
Арғы атасы Қарасай,
Бір жақыны Саурық
Жауды көрсе шалады-ай,
Тұқым қуған батырлық
Үзілмей аққан сағадай,
Ұлы жүздік қазақтың
Ық жағында қорадай,
Жел жағына панадай,
Сол сыяқты батырға
Алыстан қонақ келгенде,
Қалатын күні көп еді
Қонақ асын табалмай.
Жайшылықта ел көшсе,
Батыр ауылы көліксіз,
Дулат, Албан, Байұлы
Кетер еді қарамай.
Сондықтан батыр шыңда еді,
Ақ беренмен құс атып,
Қыранға марал ұстатып,
Малы барға жалбақтап
Жалынды көрші бола алмай.
Аңсады ел батырды
Жатсадағы алыста.
Жақын болса Сұраншы
Қызбас па еді дабысқа.
Көп екен деп келген жау
Көнбес еді намысқа.
Мұндай жаудың талайын
Талай рет жапырған
Өрт тигендей қамысқа.
Ұрланып келген бұл жауды
Білмей қалды қапыста.
Дағдарған ел бүрлігіп,
Баратын адам іздейді,
Алыста жатқан батырға
Хабар бере барысқа.
Кәрібоз бен Бәуке қарт
Атты терге жүздіріп,
Дақ түспеген жотаны
Қопара шауып із қылып,
Қос атпен шапты батырға.
Тұрса басып кетуге
Жаудың қосы жол алды,
Ілені бойлай төмендеп
Қордайменен оралды.
Күн бата шапқан қос аттар
Түн түгелдей өткенде,
Күн төбеге жеткенде,
Ақсеңгірдің тасына,
Аңрақайдың басына,
Өксіп жылап отырып,
Ат шалдырып, дем алды.
Алатаудың шоқтасы
Көлденең тұрған көз алды,
Екі нардың шоқысы
Зеңкиіп көзге түскенде,
Батырдың бойын көргендей
Езу тартып қуанды.
Жеңін шешіп желпініп,
Ыстық демін шығарды.
Күн төбеден ауғанда
Құдықтан атын суарды.
Қайта тартып тартпасын
Өрді беттеп екі қарт
Намазын оқып жол алды.
Отардың жазық даласын
Қопара шауып өрлетті.
Шапқан аттың екпіні
Шалғынды шайқап желдетті.
Күн тұғырға қонғанда,
Намаздігер болғанда,
Суықтөбе өрімен
Қарттар шыңға кеп жетті.
Зеңгір-зеңгір қыя тас,
Бірінің аты Карабас,
Бірінің аты Жалаңаш;
Сүраншының ауылын
Түні бойы іздепті,
Кайда екенін білмепті,
Тау ішінде түн де өтті,
Нұрланып шалды күн бетті.
Біріне-бірі екі қарт:
Сонау тұрған қара үңгір
Қарасайдың қосы деп,
Күн шағылған сонау қыр
Қызыл күнгей қыясы
Мекені ердің осы деп,
Шошайтысты қолдарын
Таптық десті болжалын.
Тағы шапты қыялап,
Қызыл күнгей бауырын.
Іздегенін табуға
Алдырды қарттар сабырын.
Бұлақты шалғын жайлаған,
Белдеуде атын байлаған,
Қызыл қыя қойнынан
Батырдың тапты ауылын.
Сұраншыға жетті де
Жығылды қарттар атынан.
Ақ сақалы су болды
Сорғалап аққан жасынан,
Арыстан мүше жас батыр
Сүйеді келіп басынан,
Төрге алаша төсетіп,
Орын берді қасынан,
Әлденеден тарығып,
Бейнесін көрді жасыған.
Мейрімді туған Сұраншы –
Елі сүйіп жасынан.
Жетім менен жесірді
Атына артып көшірген,
Ерегіскен жауларын
Су құйғандай өшірген.
Тарығып келген қарттарға
Қайғырып жаны ашыған.
Қабағынан қар жауды,
Кірпігіне мұз қатты
Кім еді деп басынған;
Беттеріне су сеуіп
Екі қарт есін жыйған соң
Уақыйғасын сұрады —
Ес танып өткен басынан.
Көз құрғатып екі қарт,
Арсаланып сүйегі,
Кемсең қағып иегі
Сүйеуім тыңда, ер — деді.
Ерді тауып өсірген
Атасы мен анасы
Жалпақ жатқан ел, — деді.
Олай болса, жан ботам,
Арқалықтай сүйенген
Елдің ұлы сен, — деді.
Желеу болған ақсақал,
Зарлы, мұңды бұл сапар.
Таудан іздеп батырды
Жайбарақат келеді.
Заманнан-заман асқынып
Зәрін барад жаюға.
Бөрі түрі айналды
Айдаһар мен аюға.
Иттен де көп хан аты
Қу ағаштай түспейтін
Халық үстіне саясы,
Елді сатты жәлдеп боп,
Алтын алып баюға,.
Хандар шауып қандатып
Қан қақсатып зарлатып,
Елдің басын доп қылып,
Айналдырды ойынға...
Қоқанды құртқан Құдияр...
Қырғызды қанға батырған,
Әркімге бір сатылған,
Орман хан бар қолында;
Қазақты барып талайық
Патшадан бұрын алайық,
Деген мақсат ойында.
Арам туған зәнталақ,
Екі көзі қанталап,
Қасапшының итіндей
Қоразданып анталап,
Салып жатыр ылаңды
Сары кемердің бойында.
Қара құрым көп Дулат
Алатау мен Арыстың
Арасында қонысы.
Көп болса да шөп болды,
Хандар жанған өрт болды,.
Көгі түтін, жері шоқ
Кең жайылым өрісі.
Басына күн туғанда
Көрінді елдің кемісі.
Батыр деген Сыпатай
Қара басын сауғалап
Тауға кіріп жоғалып,
Шықпай кетті дыбысы.
Арқауы ұзын атының
Келте келді өрісі.
Келеді деп ойламай
Қағынған ханның перісі
Бейқам болып ел жатты,
Жаудан күші кем жатты,
Бейқам жатқан сол елді
Абайсызда жау шапты.
Күртіде жатқан көп елді
Түнде басып сорлатты.
Қыз, келіншек қатарлап
Мінгізіп нарға, атанға
Құсбегі мен бегінің
Қосуына жолдатты.
Жан сауғалап қорынып,
Қас жауына торығып
Суға түсіп обығып,
Қатын, бала зар қақты.
Қарсы түрған кісіні
Атты, шапты кескілеп,
Күрті бойын қандатты.
Тұлымдыны тұл қылып,
Даланы мұңды үн қылып,.
Ата-ананы аңратты.
Қатар жатқан қарындас
Бөліп ішкен аяқ ас,
Ақ қалпақты қырғызым,
Өзбек деген өз ұлым,
Халық іші досжарлы,
Досжар халық сүймеуші ед:
Қан төгетін дұшпанды;
Жүрегі қара Құдияр,
Орман бұзық тағы бар,
Достыққа тағы өрт салды.
Қамап жатқан хан әне,
Қамалып тұрған жан әне,
Басшысы жоқ Дулаттың,
Қыларлық айла қысқарды,
Орман атқа мінгенде
Елден кісі шауыпты
Қазаққа хабар беруге.
Жанғараш, Жантай жіберіп
Келіп айтқан Керімге:
Қолы қаптап барад деп,
Елдеріңді шабад деп,
Құдияр мен Орман хан
Ту көтерген өлімге.
Керім оны таратпай
Өзі қашқан көлеңдеп,
Іле бойын жағалап,
Балхаш асып төмендеп,
Үш күн, үш түн үдеріп
Ақ тоғайдан шығыпты,
Қарт бурадай шөмеңдеп,
Тілеуқабыл, Маямыр
Сарыкемерде шабылды,
Қанмен дала жабылды,
Қанды жастар ағылды,
Ауыр күндер түскенде
Елің сені сағынды.
Қосарлатып ат мініп,
Атқа біздей қарт мініп,
Аралады тауыңды;
Жауға түскен мал мен жан,
Ағыл-тегіл анау қан,
Қанқор ханның қорлығы
Ес тандырмай не қылды?
Түлек бүркіт көзіндей
Шатынатты батырды
Дауыл соққан теңіздей
Күш көбігін сапырды.
Алатауды қозғалта
Қырға шығып ақырды.
Андас пенен Нарбота,
Дауқара мен Шымырбай,
Туматайды шақырды.
—Жыйылыңдар бозбала!
Әбзелдеп мін атыңды,
Аузы мүжік хан иттер,
Неден мұнша шатылды?
Бұрқыранды, бұрсаңды,
Мұздай темір құрсанды,
Ақ беренте оқ салды,
Ақтұяққа ер салды,
Ә, дегенше үш жүз ер
Жыйналысып кеп қалды.
Абылайша қос салды,
Су құятын мес алды.
Күртіні төмен қыдырып,
Желдігін бұта сындырып,
Копадан арман өтеді,
Шамалғанға жетеді,
Жау қарасын қарады —
Кемердің толған алабы,
Құмырсқадай қыбырлап,
Жерге сыймай барады.
Нарбота мен Андасы
Уайымдап жылады:
Сұраншы батыр тістеніп,
Көбін елең қылмады.
Батырға Андас сөйледі,
Жасық кеңес бергелі,
— Құмырысқадай мынау қол
Топырақ шашсаң жетер ме,
Ақ береннен оқ атсаң,
Мыңына бірден өтер ме.
Үш жүз кісі ат қойсақ,
Жыйырма мыңдай нөкерге,
Инемен құдық қазғандай
Оған әсер етер ме?
Көбелектей отқа ұрып
Өртенеміз бекерге.
Әлі де ойлан батырым,
Осы сөзім бекер ме.
Жетпес біздің күшіміз,
Өтпес біздің тісіміз,
Оңға шықпас ісіміз,
Теңізге теңес бір тамшы,
Бейне таудың бір тасы
Үш-ақ жүздей кісіміз.
Қабағы түсті батырдың
Қара бұлт сеікілді,
Төне түсіп Андасқа,
— Тарт! — деп, тілің жекірді.
Найзадай шашы тік тұрып,
Көтерген шаңырақ уықтай
Тақыясын көтерді.
Ашуы қысып Сұраншы
Ақ семсерін суырды,
Қыйт етсе кесіп тастауға
Андас жаққа бұрылды.
Енжар болған қорқақтың
Онжырғасы жығылды,
Қойнына басы тығылды.
Жігіттерге сөйледі:
— Ел жақтамас көп жаудың
Көптігінің себі жоқ,
Оның аты — боркемік
Талмасқа шыдар белі жоқ.
Озып шабар жүйрікке
Ылдыйы мен өрі жоқ.
Батыр туған жігітке
Шабатын жаудың көбі жоқ.
Уайым жауға алғызар
Тұңғыйық болып түбі жоқ.
Осы қолдың несі көп,
Қурап тұрған шірік шөп,
Суырып қылыш ат қойсаң
Қарсы тұрар бірі жоқ.
Қорықпа да, қашпа да,
Текке ұшпасын үрейің,
Қарада тұр топтанып
Жалғыз өзім кірейін.
Мың жау маған бірге есеп,
Мың қарғаға бір кесеҚ
Кесек болып көрейін.
Қорғасынды мен сақа
Ұшырамын кенейін.
Жұртым үшін мен құрбан,
Жазасын жаудың берейін.
Жаулар қоян, мен сырттан
Арасына енейін.
Еңкілдеген шал анау,
Шырылдаған бала анау,
Қуыршақ болған бектерге
Келіншек пен қыз анау,
Көзім тірі тұрғанда
Қорлыққа қалай көнейін?
Жауым көп деп жасқансаң,
Сендерді дос демеймін.
Қашар болсаң мен қырам,
Кетпейсін тірі біреуің.
Ел үшін жанды қыймасаң,
Ер деп қалай сенейін.
Сенімсіз болсаң жоқ қылып,
Ақ тұяқты шаптырып,
Жауға қарсы желейін.
Қарсы семсер салысып,
Жағаласып алысып,
Не босатып елді алып,
Не тұтқын боп мен қалып,
Халық үшін мен лақ
Жау қолында өлейін.
Ақ сүт берген анам — ел,
Үлгі берген атам — ел,
Адалдығым — ісіммен,
Бойдағы қару күшіммен,
Балалық хақын берейін.
Батыр тұрып толғанды,
Терең-терең ойланды,
Теңізден тұрған желдейін,
Күтірлеп кеткен сеңдейін,
Вулкан шашқан таудайын,
Айбарланып қозғалды,
Патшаның қашқан солдаты,
Алпыстан асқан бар жасы,
Бастығы Жагор оралдық —
Сегіз орыс, бір татар
Бірге келген жолдасы.
Батыр соған сөз салды:
— Бабам менің Қарасай
Шапқанда елді жау талай
Айырып алған батырым.
—«Арыстан болған жау үшін
Түлкідей болсын әдісің», —
Дейтін барды ақылы.
Сіздерден сұрар көмегім,
Бұйрық қылды демегін,
Қанқор патша қажытқан
Сендер де елдің жақыны.
Бектер тіккен шатырға
Шапқым келді ел жата,
Елу жігіт жіберіп,
Ұзақтағы биіктен
Алатаудан Қараойға
Жеткізе отты жаққызам;
Алакеуім күн бата,
Көп әскер деп ойлансын,
Жагор досым тоғызың
Тоғыз жігіт тағы да
Өз басыңа қосып ал,
Он сегіз болсын жолдасың.
Жау бүйірі Көктөбе,
Соған жетіп епте де,
Күн батқан соң орнасын,
Бұл бүйірден мен тием,
Ақтұяқты шаптырып,
Үрейін сонда сен ұшыр,
Орысша сырнай тарттырып,
Көнек пенен шелектен
Барабанды қақтырып,
Анда-санда мылтықты
Құр дәрілеп аттырып;
«Орыс та келіп қалды» — деп
Есі кетіп сұрлансын.
Қуанды Жагор, — құп! — деді,
Жолдастарым: шық! — деді
Он сегіз жігіт ертіп ап,
Ала бұта паналап,
Сайлы жерді жағалап,
Жау көзіне шалынбай
Көктөбені беттеді.
Елу жігіт ертіп ап,
От жағуды алыстан
Андасына жүктеді,
Қалғанына бет бұрып,
Деді батыр — жолдасым,
Тас-талқанын шығарып
Қыйрату ханның ордасын.
Күмәнім жоқ жау қашар,
Зорлықпен келген көбісі,
Бізге дос боп жалғасар.
Бектер қашса асығып,
Дүние жатса шашылып,
Қызығу оған болмасын.
Елі үшін туған ер болса,
Елін бүгін қорғасын.
Осыны айтып Сұраншы
Ағын судай тасынып,
Ашулы көзі жалтылдап,
Жайнаған шоқтай шашылып.
Күн де кірді ұяға
Алатаудан асылып.
Ақтұяқтың тартпасын
Қайта тартты ер жөндеп,
Болат сүйек бауырға
Тартпасын елі батырып,
Кыран құстай қомданды
Ақ семсерді қолға алды,
Астыңғы ерніп тістенді,
Құрыштай құйған қатынып,
Қарасай мен Қашкенің
Кэрі аруағып шақырып,
Жігіттер құйды саумалын
Тегенеден сапырып.
Намазшамнан өткенде
Құтпанға уақыт жеткенде,
Ақ беренді сайлады,
Жар қабақта жалтыр тас,
Қарына найза байлады,
Семсерін соған қайрады.
Жібекпен басын бір тартып,
Ат қойды батыр ақырып,
Ақырған даусын есітіп,
Жау айнала қарады,
Есінен әбден танады,
Дәл жанынан күрсілдеп,
Барабан құлақ жарады.
Зеңбірек пе, мылтық па,
Анда-санда күрсілдеп,
Түтін бүркіп алады.
Ұзағырақ қараса,
Есепсіз от жанады.
От мөлшерін есептеп —
«Мына қолда мөлшер жоқ...
Құрығанда жүз мыңдай —
Қосын бар»,— деп санады,
Таудан шыққан сарындай,
Дүрілдеген жалындай
Шапқан аттың дүрсілі
Қопарып жерді барады.
Аяқ асты, жау састы,
Қара албасты шын басты,
Не мінетін аты жоқ
Іздесе киер киім жоқ.
Қойған жерде құрал жоқ,
Есінен әбден адасты.
Сасқалақтап қосының
Есігіне таласты.
Есін танған бегіне,
Есік баққан қосыны
Ажырайып қарасты.
Қандай пәле келді деп,
Бақсылары балашты,
Амалсыз жүрген көп қолға,
Түндегі айқай жол ашты.
Қойдай үркіп қол қашты,
Сұраншы батыр ат қойды,
Бөгетін алған өзендей,
Азғана сарбаз лап қойды.
Хан, манаптың шатырын
Қаусатамын деп қойды.
Бейне бір қатты жел тұрып
Қурап тұрған қусаққа
Жалындатып от қойды.
Нажағайдай шартылдап,
Бұлт отындай жарқылдап
Бұрқылдаған берендей
Түнге қосты түтінді.
Жалаңдаған ақ қылыш
Қыл мойынға кірште-кірш,
Жүрек тіліп жан қауып,
Қасқыр тісі қан қауып,
Жүзіне қан тұтылды.
Астына мінген Ақтұяқ
Тоздырып тозаң бұрқырап,
Атқан оқтай жұтынды.
Аш қасқырдай батырдан
Қай жау қашып құтылды.
Есебі жоқ қалың жау
Қоршаласып қалысты,
Ортасына алысты,
Қарсы семсер салысты,
Сілтегенде қылышы
Оң жағынан он шауып,
Оны бірдей жер қауып,
Сол жағынан сілтесе,
Оңдап жауып бір шауып,
Оны бірдей ұнталып,
Ұстарадай шаш алған
Жауды батыр сыпырды.
Бір қозған соң аруағы,
Теңіздей жау — жан-жағы
Сұраншыға көп емес,
Үш күн, үш түн ұрысқан
Сол батырдың соғысы
Рүстемнен кем емес,
Астындағы Ақтұяқ
Қыя тасқа басылып,
Ақ көбігі аузынан
Екі жаққа шашылып,
Әбден батыр қызған соң
Омырауы ашылып,
Қоқанға қарай жау қашты
Қордай белін асылып,
Ақ семсері ақ шомшы,
Қызыл қанды сапырып,
Үш күн, үш түн өткенше,
Әсте батыр тынбады,
Томағасын қайырған
Ақ ыйықтай шыңдағы.
Ел жақтаған батырдың
Сағы жаудан сынбады,
Қашқан жаудың артынан
Ақтұяқ атты бір қара
Қарасайлап қалмады.
Өлексемен үйілді
Алатаудың сайлары,
Тозаңдай тозып жыртылды
Ханның ала байрағы.
Қасқырға шауып арыстан
Қанқордың шықты ойраны.
Шабақ қуған жайындай
Бек біткенді жайлады.
Елге келген бүлікті
Дауылдай тиіп айдады.
Жалынның бетін қайырып,
Қасқырдан елді айырып,
Көтеріп көңіл жайлады,
Батыр —елдің досы деп,
Түпке жетед осы, деп, —
Сүймейтін хан мен байларды,
Хан билеген заманның,
Қанын ішкен адамның
Осылай еді жайлары.
ІІ
Арғымақтай арындап,
Жазғы күндей жалындап,
Тағы да Жамбыл сөйледі,
Қар еріткен өкпектей,
Су серпіген ескектей,
Домбырасын сермесін.
Тоқсан үш жасы торқадай
Тоқсан күн қатқан жорғадай,
Бәйгіден алған олжасын.
Жақсы сөзді ел жаттар,
Ел жаттар сөзде салмақ бар,
Кесек атқан қорғасын,
Шеті жоқ — мұхит теңіздей,
Алтайдың алтын кеніндей,
Көп жерімнің қордасын
Сыпырта соққан дауылдай,
Сауылдап құйған жауындай,
Жырды Жамбыл қозғасын.
Жырдың тәтті жаясын,
Батырлар жыры баяғы.
Жау дегенде жайнаған,
Нар кескендей қайраған,
Сұңқардай болат қыяғы,
Өрге салса талмайтын,
Кыяға салса таймайтын
Құрыштан соққан тұяғы.
Сол батырлар жыр басы,
Үзілмей аққан жылғасы,
Майтөбенің бұлағы.
О, балалар, балалар
Ақылды туған даналар,
Жамбылдан тыңда мынаны,
Әсерлі күйдей аңқытып,
Тасыған селдей шалқытып,
Тыңдаушыға жыр төкпей,
Жамбыл қашан аяды.
Қартайдым дейтін назым жоқ,
Тыңдаушы көпте жазық жоқ
«Айт, Жәмеке!» дегенін
Мен өлгенде қояды.
Сүйекемнің сүресі
Сөйлегенде міне осы.
Жырдың сұлтан төресі,
Биіктердің төбесі.
Бөліп айтқан Жәмекең
Сұраншының аяғы.
Орман хан мен Құдияр,
Жеңіліс тауып бір қайтты.
Көктемде қайтып жаз жатты,
Батырдан жеген таяғы —
Шымбайына тым батты.
Терең-терең ойлатты
Аттан ханым, аттан деп,
Жараспайды жатқан деп,
Манаптары шулапты.
Бізге бұйрық береле,
Біз түлпарға мінеле,
Біз мінген соң кім қапты.
Нарынқолдық, Кегендік
Бұ да жек-жат ел ем деп,
Жақтап жатыр қазақты,
Болып жатыр бір жақты.
Манаптарды жыялық,
Не бар, жоқты ойлалық,
Атақтысына ат мінгіз,
Сыйлысына шапан жап.
Кайтсын іздеп сый алып,
Бассын олар қылжақты.
Қыздыратын боза бар,
Молда, ишан, қожа бар,
Бозалы жерде соларға
Қозғалтарлық аруақты.
Жый қолыңды қыр жолға,
Өзің өлмей кем болма,
Сұраншыға жаз хатты.
Еркек болсаң келгін де,
Қатын болсаң қалғын де,
Өзі шешсін жұмбақты.
Орман ханның ордасы,
Ала туын байлады.
Қаракөлден, Мырғаптан,
Жалалабат, күн жақтан,
Көп Алатау аймағы,
Ат денесін тарта алмай,
Атандар әрең талтаңдай,
Ордаға келіп түсіпті.
Майға бөккен байлары,
Алдиярға сойыс деп,
Бақсаң да мендей болыс деп,
Қора-қора ызғытып,
Семіз қойын айдады.
Үйір-үйір қысырақ,
Шайлап қалған тусырап,
Жарлауланып жаясы,
Қысыр емген тайлары;
Ақ пышаққа ілініп,
Қабырғасы сылынып,
Қызыл-қарта, жал-жая,
Қазанда бұрқ-бұрқ қайнады.
Пісті саба сіресіп,
(Тауысқысыз ел ішіп)
Уыз қымыз бүрқырап
Қара мейіз қаймағы.
Оны келсе «манап» дең
Жүзі келсе «тамақ» деп
Жарымаған жарлының
Байығаны тойғаны.
Қымыз, боза аралас,
Кекірініп кілең жас,
Арнап тіккен үйлерде,
Отырысты бойдағы.
Хан бұйырған жыршылар,
Бірде күлкі, бірде зар
Қызыл тілмен балқытып,
Бұлбұл болып сайрады.
Сөз аяғы бір соғыс,
Ел аяғы сол соғыс,
Енжар көңіл қырғызды
Итермелеп қоймады.
Ишан, молда бастысы,
Ақ меруерт таспысы,
Өлгендерің шейіт деп,
Өлмегенің қазы деп
Сатылды ханға иманы,
Соғыспақ болды ақыры,
Сауыт киді батыры,
Сұраншыға хат жазған
«Шүкір» деді Орман хан,
Орындап ісін ойдағы.
Сұраншыға хат барды,
Сөге жазған хатында:
«— Батыр емес, қатынсын,
Мұсылман емес, кәпірсін,
Қашқын жыйып жаныңа,
Мойын сұнбай ханыңа,
Алматыда жатырсын.
Батыр болсаң келіп кет,
Әуре қылмай атымды,
Басыңды келіп беріп кет,
Ажалыңа жақынсың!»
Хатын оқып Сұраншы
Жолдасын түгел шақырды.
Шақырып салды ақылды:
— Еліне ылаң салғалы,
Орман хан тағы шатылды.
Тағы өлімге айдапты
Алдап, арбап батырды.
Бару оңай Орманға,
Батпай ма бірақ ел қанға,
Жаныма халық батулы?
Бармағанмен амал жоқ,
Ертең Орман келеді,
Атып-асар баланы,
Найзасы шаншар қатынды,
Сондай кезде байтақ ел
«Шақырғанда бармадың,
Жалынның алдын алмадың,
Ер болмадың — ез болдың» –
Деп қоймай ма атымды...
Ойым былай, жолдасым,
Көрмеймін елдің кез жасын,
Шығармай жатқа жақынды.
Жан ертпей-ақ жаныма,
Жеке барып көрейін,
Есебі жоқ қол алып,
Бейбіт елге қол салып,
Қосынға тамақ, мал алып,
Берекесін кетіріп,
Ұшырмалық үрейін.
Жеке барсам «ер» десер,
Тарап-тарап ел кетер,
Орданың бір топ адамын,
Молда, қожа, манабын
Жекелесіп көрейін.
Мұндай уақта қыйнайтын,
Бір беттігі батырдың,
Сол бетінен бұрмалап
Кегі жоқты айтудың,
Не пікірі барлығын,
Іштері білді әркімнің.
Боз қасқа қойын сойғызып,
Үлкенге басын қойғызып,
Ақтұяққа ер салды,
Азығына малта алды,
Атыма деп жем салды,
Сауыт киіп сайланып,
Ырғай сапты найза алып,
Қорамсағын байланып,
Шымырқанып, шырқанды,
Қыр жолға қарай бет алды.
Ақтұяқтың үстінде,
Аш қасқырдай бүгіліп,
Қарына ілген қалқаны
Ілгері, кейін жүгіріп,
Жарқыраған сүңгісі,
Күндік жерден көрініп,
Тау жаңғырып салдырап,
Көк темірге көміліп,
Қыядан шалған қырандай,
Күн астына үңіліп,
Ер сыйпатын көрген жау
Өз жанынан түңіліп,
Алатау асты Сұраншы.
Қаражол атты жотада
Жасақ жыйған Орман хан,
Жалғыз батыр келед деп,
Хабар алды жаушыдан.
Батыр елді аяпты,
Сондықтан қосын алмапты,
Елден елге ұшқан сөз
Қырғызға түгел тараған.
«Сұраншының дұшпаны,
Қырғыз емес — хан екен.
Елдің жауы дегені —
Хандар жапқан жала екен»,
Деген сөзді есітіп,
Ақ қалпақты қырғыздар
Біріне бірі қараған,
Соғысты қойып тараған,
Елге қайтыпты ордадан.
Сегіз мыңдай қол екен,
Сегіз жүздей қол қалды,
Батыр-сымақ манаптар
Қорғаймыз деп Орманды.
Келе жатқан бір кісі,
Бір кісіні жеңерлік
Мөлшерден тыс мол қалды.
Келсе құдай берді деп,
Табасыз қолдан өлді деп,
Семсерлерін қолға алды.
Күн төбеден ауғанда,
Бесіндікке барғанда,
Бұрқыраған шаң көрді.
Жұлдыздай атын ағызып
Жарағы күнге шағылып,
Келе жатқан жан көрді.
Жауым көп деп жасқанбай
Кісесінен басқандай,
Келген ерді таң көрді.
Бәрі бірдей атқойып,
Салуға соғыс лап қойып,
Жабылуды жалғызға,
Бойларына ар көрді.
Бек, манабы, байлары,
Ортасында байрағы,
Жасағын жыйнап сайланған.
Сұраншыны хан көрді.
Ханға келіп сейледі:
— Неге мені шақырдың
Жай шақырсаң келмейтін,
Ханға сәлем бермейтін
Халық үшін туған батырмын,
Хан деп сені сыйлар ем,
Басың үшін сатылдың.
Арасына өрт болдың,
Ала бүлік дерт болдың
Қырғыз, қазақ жақынның.
Бейбіт елге тигізіп,
Жендетке басын қыйғызып,
Қаннан сусын сапырдың,
Ел бүлігі — Орман деп,
Аман қалсын мың жан деп,
Төгіліп тынсын бір қан деп,
Қара басыңды алғалы
Жекелеп келе жатырмын.
Міне менің семсерім
Қайрап қойдым хан үшін,
Қайратыма мінгенім
Қалың елдің қамы үшін.
Қасым тіксем қан алмай
Кеткен емес намысым.
Сүттей елді ірітпей,
Таза майды шірітпей,
Жекпе-жекке өзің шық,
Менің жауым сен ғана,
Салмаймын елге мен жара,
Сенсің менің дұшпаным,
Сенсің менің алысым!
Қасқыр көрген күшіктей
Хан жалақтап қарады.
Терең ойға шомылып,
Жерге қарап үңіліп,
Жапырылды адамы.
Жел көтерген бұлттай
Шеттегілер тарады.
Айла, амал, сабақтас,
Хан, манаппен табақтас
Адам қалып шамалы.
Хан иегін қаққан соң,
Қара ат мінген ер
Бұқай Шыға берді бөлініп,
Шешініп алып оң жеңін
Белдігіне түрініп,
Найзасына байлаған
Ту құйрығы төгіліп,
Білекке ілген қалқаны
Оңды, солды жүгіріп,
Қыйсық біткен емендей,
Омыртқасы бүгіліп,
Қақ жүректің тұсы деп,
Өлер жерің осы деп,
Кек сүңгісін серт ұстап,
Жақын келді тебініп.
— Атаңның көрі Сұраншы,
Атыңнан қармап түсіріп,
Жел аударған қаңбақтай,
Су аударған дөңбектей,
Ат үстінен ұшырып,
Бәлем саған қылармын,
Сен сыяқты шұбардың
Түсі суық жыланның,
Жағасынан алмаққа,
Жыға сүңгі салмаққа
Қашаннан-ақ құмармын!
Келіп қалды жекіріп,
Бұрқырап аузы көпіріп.
Құрттыбастың тауындай
Тұрған батыр бейнелі,
Ызғары қыстың аязы
Аш арыстан кеуделі.
Келіп қалған Бұқайды,
Шыбын құрлы көрмеді.
Қозғамады найзасын
Сүйеніп тұрған жердегі
— Тоқта! — деді жай ғана,
Қолының ұшын сермеді,
Сесті басты батырдың
Айтқан жерде тоқтады,
Тірелгендей өңмені.
—Тоқтадың ба, кейін қайт,
Саған да Бұқай жан керек,
Сен тышқансың мен мысық,
Барасын қайда кимелеп.
Батыр емес, қатындық,
Майданда кісі тілдемек.
«Ой атаңның көрі» — деп,
«Өлтірем-ақ сені» — деп,
Құр былшылдау не керек.
Бұқай, Байтыл, Битуған,
Оларға найза былғаман!
Екінші рет шақырам, —
Маған анау хан керек!
Иек қақты Орман хан:
Байтыл менен Битуған
Найзаларын кезеніп
Үзенгісін шіреніп,
Тұра шапты тұрғаннан.
Сөйлей келді Битуған:
—Қоян жүрек ит Бұқай,
Неге тұрсын сілейіп,
Батпаса тісің жолды бер,
Біз жақындап көрейік.
Жағасынан қармамай,
Атып ұрмай дорбадай,
Сен Сұраншы құлақ сал,
Қарайып келдім қаныма,
Мына тұрған Байтегім,
Көмекшім бар жанымда.
Мен-мен едім, мен едім,
Мен кімдерден кем едім,
Батыр болсаң — мен де сол,
Мен де өзіңдей ер едім,
Терезесі тең едім,
Іште кегім қалғанды,
Шығарайын арманды.
Ханыма қолды салғаның,
Көкейімнен кетпейді,
Төрегелді манаптың
Сақал, мұртын алғаның.
Ажал айдап келген соң
Аямаймын жаныңды.
Сенің қылған бұл ісің
Барлық жұртқа мәлімді.
Соның үшін тап бүгін
Ағызайын қаныңды.
Мен жүрмеген тау бар ма,
Мен алмаған жау бар ма,
Шығарайын жаныңды...
Ботпайдан шыққан Сыпатай,
Көмегіне қарамай,
Байұзақтай батырың
О да қашқан қарамай...
Қыйрап қалған шатыры,
Аш бүйірін таянып,
Жылаған қыз бен қатыны.
Қатын, қызын жылатқан,
Менің сондай ісімді
Аспанда құдай ұнатқан.
Орманнан келген үш батыр
Үш жағынан тап берді.
Ашу қысып Сұраншы
Астыңғы ернін тістенді.
Бір сілтеді найзасын,
Белі үзілген күзендей
Алдымен келген
Битуған Бетін баса бүктелді, —
Кеудеге найза күмп берді,
Екі батыр найзасын
Сатыр-сұтыр салысты,
Сайлап мінген белді аттар
Тізе бүгіп қалысты.
Жараланып Бұқайлар
Аттың жалын қабысты.
Оны көріп хан тобы
Ат қойып бәрі шабысты.
Аш қасқырдай батырды
Ортасына алысты.
Ханның тобы жүз кісі
Ортасында бір кісі,
Түс ауғанша ұрысты.
Күн төбеден өткенде,
Бесіндікке жеткенде,
Жау қамаған Сұраншы
Көзін қаптап қан алды,
Тұла бойын жара алды,
Орман ханға ұмтылды.
Алыстан салған найзасы
Ту сыртына бір тиді,
Сегізкөздің қоң еті
Кереқарыс жыртылды.
Топтан шығып хан кетті,
Сұраншыдан әл кетті,
Соны сезіп Ақтұяқ,
Жан-жағына қарады,
Жал-құйрығын тарады.
Оң аяғын тарпыды,
Ортекедей ойнақтап,
Көк жайындай бұлқынды,
Арыстандай жұлқынды.
Жау жібермей орап ап,
Шығармады қамалап,
Тұрып алып айнала
Ілмек болды найзаға.
Күрсілдеді бір дабыл,
Жер мен көкке жаңғыра,
Жалт қарады Орман хан,
Есі-түсін тандыра.
Алатауды қақ жарып
Дабыл ұрып, кәр шашып
Шыға келді топ қара.
Топ қараның алдында
Жандай досы Жагорі,
Жанына ерген қырық жігіт,
Сұраншының нөкері,
Жанына жақын келген соң,
Қамаған жауды көрген соң,
Беренге білте тигізіп,
Басып-басып жіберді.
Хан қасында тұрғаннан
Кім жаралы, кім өлді?
Онысы бізге белгісіз ...
Батырды қамап тұрғандар
Сырт айнала жөнелді.
Манаптардың көбі өлді,
Жаралы ханын өңгеріп,
Құтылуын жөн көріп,
Ордаға қайтты Орман хан,
Найза тиген жерінен
Қағынып кетіп ем қонбай,
Ордасына кеп өлді.
***
Жолдасына қосылып
Сұраншы қайтты тауына.
Ақырғы болды соғысы
Хан, манаптай жауына..
Қырымнан шалған қырандай
Келген батыр бабына,
Ақыры келіп о да өлді,
Алатауда көмілді,
Атын түгел ел білді,
Адам туып адамнан
Елу жылда жаңарған.
Жаман күнді өткізген,
Жақсылыққа жеткізген,
Қан сасытқан ханы жоқ,
Ашу, араз зәрі жоқ,
Балдай тәтті туысқан,
Жеттім тату таңыма.
Бақытты туған ерлері
Сталиндік заманның
Сенде ғана батырлық,
Сенде ғана татулық,
Елменен ел достасқан
Ғасыры туды адамның,
Еңсесі биік ел — алып,
Ел бастаған ер — алып,
Бөлшектену жоғалып,
Ер қорғады Отанды,
Біздің ерлер қорғаны
Социалдық қоғамның.
О, ерлерім, ерлерім,
Ел сүйенген белдерім,
Халықтың қорғар ырысын.
Сұраншыдай жауға шап
Ерді өсірген ел үшін,
Өртке теңіз шашқандай
Шығартпа жаудың дыбысың!
Жау бетіне қылыш шап,
Елді, жерді гүлденткен
Сталиндей күн үшін,
Қынадай еңбек қанаған,
Ит боп елді талаған,
Қан сімірген қанқорлар
Әлемнен түгел құрысын!
Ақ домбыра қолға алып,
Ай мен апта толғанып,
Жылға құйған теңіздей,
Жырдың селі тасқындап,
Ақ семсердей жалтылдап,
Шағылысқан күн шалып,
Құрағындай айдынның
Жел шайқаған ырғалып,
Терең теңіз тынбасы,
Тынбада жатқан нұр тасы,
Тартқан Жамбыл жырды алып
Жыйырмада жылға жел барып
Аударған желмен сең болып,
Кесегімен қопарып,
Таусылмастай кен болып,
Үздіксіз болған он күн той
Тыңдағанда ел болып,
Ақ бидай терген тауықтай
Елге жырым ем болып
Алатаудың аясы,
Балауса шырғай саясы
Жырымен шыңы жаңғырып,
Ақын Жамбыл мен болып
Өскен ем өрем кең болып.
Өзен деген ат болмас,
Ат жалдарлық су ақпай,
Ғалым деген ат болмас,
Айтқаны тұрмай шырақтай,
Әнші деген ат болмас,
Әуезі кеңіл жұбатпай;
Ақын деген ат болмас,
Қандырмай мейір суаттай,
Жыры болмай бұлақтай,
Тынығы болмай сынаптай,
Алатаудан арындап,
Асқан судай құлатпай,
Қыбыршыған көңілдің
Қытығын таппай сұратпай
Досың болса күлдіріп,
Сүйсіндіріп жұбатпай,
Жауың болса бүлдіріп,
Домбыраң берен, жырың оқ
Дәл тигізіп сұлатпай,
Қан қақсатып жылатпай,
Домбырасы шіңкілдей,
Жағына сөйлеп дүңкілдей,
Айтқан өлең өлең бе,
Бақылдаған ылақтай?
Ақындардың ақыны
Айдын келдей ақылы,
Жыр тұлпары Сүйімбай
Осылай айтқан бағызы —
Қалғанда жырды ұнатпай.
Ескіден есте қалғаннан,
Жасымда айтқан жырлардан
Ескерткіш еді батырға.
Қыядан шауып қырды алған,
Қыйынға шауып жол салған,
Бөрі басқан бүркіттей,
Қансыратып жауды алған,
Батырдың жыры сүйікті
Қатықтай ұйып тыңдалған.
Жамбыл — Жамбыл болғанда
Жыр дауылы қозғанда,
Қырғыз, қазақ еліне
Талай рет жырланған.
Бата берген Сүйімбай,
Жырдың тіккен туындай,
Айтқанда маған ақылды:
— Жырла! — деген батырды,
Есімде мәңгі сол қалған,
Бойда қуат болғанда.
Жыйырма бестің жалыны,
Тебінсе темір үзгендей,
Толысқанда қаруы,
Сыя сауыт, қаламсыз,
Дәптер, кітап, қағазсыз
Ой қозғаған домбыра,
Сөз қозғаған домбыра,
Болған кезде Жамбылдың
Домбырамен жазуы
Жырланып еді осы жыр.
Жырламаймын десем де
Ел тілегі қоймады,
Таудан құлап тарғыл тас,
Тарығып шығып көзден жас,
Кыспақ заман кездесіп,
Қайғы басып қарындас,
Тарыққанда сүйенер
Ел батырын ойлады,
Ойламасқа болмады.
Қабағы түсіп қамығып,
Батыр ұлын сағынып,
Ескіні еске түсіріп,
Жырым еді сондағы.
Қарасаң, балам, жоғары
Көтеріліп қабағың,
Мұз дулыға, қар сауыт
Алатаудың алабын,
Желкілдеген қарағай
Көк майсалы тамағын,
Жұпар иіс боз жусан
Бетеге басқан балағын,
Нұрмен тауды қаптады
Сталиндік заманым.
Ескі күйді сонау бір
Шығарып естен барамын.
Алатаудың аты көп,
Созыла жатқан қарлы жал,
Теріскейі Ұлы жүз,
Күнгейінде қырғыз бар.
Толып жатқан шоқысы,
Шоқысының аты бар:
Қозбас, Қордай жаясы
Сонан өрлеп тартылар, —
Суықтөбе, Дегерез,
Ұзынағаш, Көктөбе,
Қарғалының биігі,
Шұбар аттың өрі бар,
Қасқаасау мен Үшқоңыр,
Қызыл күндей елі бар.
Қарағайлы, Құрттыбас,
Талғардай биік шоқы бар.
ЕсіҚ Түрген, АқшелеҚ
Қарқара бар, Асы бар,
Шыңдардың шыңы Хантәңір
Таудың биік басы бар.
Жетісудың желіні
Деген тауы осылар.
Қоршаланса ақ бұлт
Ойыңда жаңбыр, өрде қар,
Ойпатыңда көк шалғын,
Ұшарында мұзды ызғар,
Бейне өмірдің бейнесі —
Бүгін шаттық, кеше зар.
Жайлағалы мұны адам
Санап бітпес не заман.
Неше халық, неше хан,
Тапты қырғын талай жан,
Толып жатқан оқыйға
Соның бірі айтылар.
Заман-заман дегенде
Заманға қожа адам ғой,
Наразы болса заманға
Бар кінәні соған қой,
Жырға желі сол заман ғой,
Елдің күні қаран ғой,
Кақпалап елді хан мінген,
Қайғы басқан жаман ғой.
Тар-заман деп ат қойған
Зарланып халық сонан ғой
Зарлануы халықтың
Шектен асып ушықты,
Айдаһар жұтып аюды,
Шоңбас жеді шымшықты...
Бұрынғы қожа Құдияр
Қазанатын мінісіп,
Қомпаң-қомпаң желісіп,
Жағасыз көйлек киісіп,
Көк шай салып су ішіп,
Перен мылтық арттырып,
Мыстан керней тарттырып,
Соғыспақ боп патшамен
Қапалдан тосып бір шықты.
Қарсы атылған зеңбірек
Қолдан туын жұлдырып,
Қорған сапын бүлдіріп,
Қайта қашып бүрлікті,
Жай қашпады Құдияр
Жолындағы ел тұншықты.
Жабық тіліп, үйді өртеп,
Айғыр атты жетектеп,
Қатын-бала шырылдап
Хан жолынан су шықты.
Бірнеше күн өткенде
Колпаков пен Черняев
Жетісуға жеткенде,
Құдияр хан қағынды,
Тағы қанды сағынды,
Алатын орыс, қазақсың,
Аламын деді бәріңді.
Қырғыздан Орман бірігіп,
Қордайдан асқан көп әскер
Теріскейге ағылды.
Тілеуқабыл — Қасқарау
Сарыкемерде шабылды,
Шапқыншының аттары
Саурынан аққан тер,
Пұшпағынан сабылды.
Бейқам жатқан қалың ел
Қарсы тұрмай жалынды.
«Жаудан күту жақсылық»
Зарыққанның салдары,
Байдан күту жақсылық, —
Тарыққанның салдары» —
Шын болмаса не қылды?
Жалынғанша жауына
Бер де құтыл жаныңды.
Құдиярдың Құсбегі
Жалынған сайын тарылды.
Бөксерде жатқан көп Дулат
Бүлінді де жарылды,
Есеңгіреп ер кетті,
Кемпір, шалды еңретті.
Керегі талап алынды,
Дулатта батыр Сыпатай
Жаудан қорқып сенделіп
Сарбұлақтың басына,
Аңрақайдың тасына
Түнде барып тығылды.
Батыр тұлға бола алмай
Елдің түгі жығылды.
Үш бөлінді көп Дулат:
Бір бөлегі бері өтпей
Тауда қалды қамалып;
Қалың жаудан жасқанып
Айсаның қарын өрледі.
Бір бөлегі қаймығып,
Жау қарасын көрмеді.
Шапырашты — Қарасай,
Жаудан қорқар ел ме еді?
Қыйратып жау жатқанын
Дулат жақтан білмеді,
Тезден хабар келмеді.
Бір бөлегі Дулаттың
Маямырдың ауылы —
Іледегі тоғайдың
Түбегіне тығылды.
Карсы тұрар жігіттер
Жау қолынан қырылды.
Жеті жігіт, жеті қыз
Жас жандарын қорғаштап
Түйелерге мінгесіп
Ағын суға бұрылды,
Су дегенің тілсіз жау,
Бұрқыраған Шу асау,
Ақ көбігін атқылап
Жын қаққандай жұлынды.
Қызды көріп қырық әскер
Қылыштарын суырды.
Аһаласып ұмтылып,
Иектерін жымырды.
Жауды көріп өңкей жас
Асау суға ұрынды,
Қарғып түскен жеті нар
Тұңғыйыққа жығылды.
Қызғалдақтай он төрт жан
Қалды судың түбінде.
Озбырлықтан асқынған
Ел ызасы қайнады,
Кемпір бүйір таянып
Сұңғыла боп сайрады,
Терме болып тізілді
Қайдағы мен жайдағы.
Ызың-шулы, қым-қуыт
Шығып жатты ойраны.
Қабағын түйген қанды жау
Ұру, шабу, найзалау,
Үйірлеп елді айдады.
Іс шықпасын сезгендей
Құр жылаудан пайдалы.
Дымын қоймай жау шапты,
Жанғараш пен Жантайдың,
Шырылдатты сәбиін,
Еңкілдетті кәрісін,
Бой жеткен қыз, келіншек
Қатарымен тарттырып
Күңрентеді тау ішін.
Қоқаннан келген көп әскер
Жер қайысып сыймады,
Мал мен басты шулатып,
Қойша иіріп жыйнады.
Тас қотанның сазына
Ақ шатыр мен көк шатыр
Қатарланып тігілді,
Ала тулар желпілдеп,
Ақ семсерлер жарқылдап,
Қомпаң-компаң шоқысып
Тебінгілер сартылдап,
Зерделі шапан бектер де
Шағылып күнге жалтырап,
Түйеге мінген жас әйел
Бетін жыртып аңқылдап,
Жае өспірім сұлу қыз
Жүрегі ұшып қалшылдап.
Жалаң қағып жасауыл,
Мәз-майрам боп қарқылдап,
Түйеде түрған әйелді
Түс жылдам деп алқымдап,
Шабылған елде дәрмен жоқ
Жылай берді солқылдап.
Ел тарықса ежелден
Батыр түсер есіне.
Батыр барған түйінді іс
Қалғандай еді шешіле.
Жер шұқысты тоналған
Төмен қарап тесіле.
Жаңа өспірім жас батыр
Елге салған несібе.
Арыстан жүрек Сұраншы
Шыңда жатыр алыста,
Оны шыңға шығарған —
Қонысы жоқ, қол қысқа,
Жаз жайлауы Үшқоңыр,
Қыс көшеді Арысқа,
Шапырашты аз ата
Ұлы жүзде туысқа.
Өз әкесі Қашке еді,
Арғы атасы Қарасай,
Бір жақыны Саурық
Жауды көрсе шалады-ай,
Тұқым қуған батырлық
Үзілмей аққан сағадай,
Ұлы жүздік қазақтың
Ық жағында қорадай,
Жел жағына панадай,
Сол сыяқты батырға
Алыстан қонақ келгенде,
Қалатын күні көп еді
Қонақ асын табалмай.
Жайшылықта ел көшсе,
Батыр ауылы көліксіз,
Дулат, Албан, Байұлы
Кетер еді қарамай.
Сондықтан батыр шыңда еді,
Ақ беренмен құс атып,
Қыранға марал ұстатып,
Малы барға жалбақтап
Жалынды көрші бола алмай.
Аңсады ел батырды
Жатсадағы алыста.
Жақын болса Сұраншы
Қызбас па еді дабысқа.
Көп екен деп келген жау
Көнбес еді намысқа.
Мұндай жаудың талайын
Талай рет жапырған
Өрт тигендей қамысқа.
Ұрланып келген бұл жауды
Білмей қалды қапыста.
Дағдарған ел бүрлігіп,
Баратын адам іздейді,
Алыста жатқан батырға
Хабар бере барысқа.
Кәрібоз бен Бәуке қарт
Атты терге жүздіріп,
Дақ түспеген жотаны
Қопара шауып із қылып,
Қос атпен шапты батырға.
Тұрса басып кетуге
Жаудың қосы жол алды,
Ілені бойлай төмендеп
Қордайменен оралды.
Күн бата шапқан қос аттар
Түн түгелдей өткенде,
Күн төбеге жеткенде,
Ақсеңгірдің тасына,
Аңрақайдың басына,
Өксіп жылап отырып,
Ат шалдырып, дем алды.
Алатаудың шоқтасы
Көлденең тұрған көз алды,
Екі нардың шоқысы
Зеңкиіп көзге түскенде,
Батырдың бойын көргендей
Езу тартып қуанды.
Жеңін шешіп желпініп,
Ыстық демін шығарды.
Күн төбеден ауғанда
Құдықтан атын суарды.
Қайта тартып тартпасын
Өрді беттеп екі қарт
Намазын оқып жол алды.
Отардың жазық даласын
Қопара шауып өрлетті.
Шапқан аттың екпіні
Шалғынды шайқап желдетті.
Күн тұғырға қонғанда,
Намаздігер болғанда,
Суықтөбе өрімен
Қарттар шыңға кеп жетті.
Зеңгір-зеңгір қыя тас,
Бірінің аты Карабас,
Бірінің аты Жалаңаш;
Сүраншының ауылын
Түні бойы іздепті,
Кайда екенін білмепті,
Тау ішінде түн де өтті,
Нұрланып шалды күн бетті.
Біріне-бірі екі қарт:
Сонау тұрған қара үңгір
Қарасайдың қосы деп,
Күн шағылған сонау қыр
Қызыл күнгей қыясы
Мекені ердің осы деп,
Шошайтысты қолдарын
Таптық десті болжалын.
Тағы шапты қыялап,
Қызыл күнгей бауырын.
Іздегенін табуға
Алдырды қарттар сабырын.
Бұлақты шалғын жайлаған,
Белдеуде атын байлаған,
Қызыл қыя қойнынан
Батырдың тапты ауылын.
Сұраншыға жетті де
Жығылды қарттар атынан.
Ақ сақалы су болды
Сорғалап аққан жасынан,
Арыстан мүше жас батыр
Сүйеді келіп басынан,
Төрге алаша төсетіп,
Орын берді қасынан,
Әлденеден тарығып,
Бейнесін көрді жасыған.
Мейрімді туған Сұраншы –
Елі сүйіп жасынан.
Жетім менен жесірді
Атына артып көшірген,
Ерегіскен жауларын
Су құйғандай өшірген.
Тарығып келген қарттарға
Қайғырып жаны ашыған.
Қабағынан қар жауды,
Кірпігіне мұз қатты
Кім еді деп басынған;
Беттеріне су сеуіп
Екі қарт есін жыйған соң
Уақыйғасын сұрады —
Ес танып өткен басынан.
Көз құрғатып екі қарт,
Арсаланып сүйегі,
Кемсең қағып иегі
Сүйеуім тыңда, ер — деді.
Ерді тауып өсірген
Атасы мен анасы
Жалпақ жатқан ел, — деді.
Олай болса, жан ботам,
Арқалықтай сүйенген
Елдің ұлы сен, — деді.
Желеу болған ақсақал,
Зарлы, мұңды бұл сапар.
Таудан іздеп батырды
Жайбарақат келеді.
Заманнан-заман асқынып
Зәрін барад жаюға.
Бөрі түрі айналды
Айдаһар мен аюға.
Иттен де көп хан аты
Қу ағаштай түспейтін
Халық үстіне саясы,
Елді сатты жәлдеп боп,
Алтын алып баюға,.
Хандар шауып қандатып
Қан қақсатып зарлатып,
Елдің басын доп қылып,
Айналдырды ойынға...
Қоқанды құртқан Құдияр...
Қырғызды қанға батырған,
Әркімге бір сатылған,
Орман хан бар қолында;
Қазақты барып талайық
Патшадан бұрын алайық,
Деген мақсат ойында.
Арам туған зәнталақ,
Екі көзі қанталап,
Қасапшының итіндей
Қоразданып анталап,
Салып жатыр ылаңды
Сары кемердің бойында.
Қара құрым көп Дулат
Алатау мен Арыстың
Арасында қонысы.
Көп болса да шөп болды,
Хандар жанған өрт болды,.
Көгі түтін, жері шоқ
Кең жайылым өрісі.
Басына күн туғанда
Көрінді елдің кемісі.
Батыр деген Сыпатай
Қара басын сауғалап
Тауға кіріп жоғалып,
Шықпай кетті дыбысы.
Арқауы ұзын атының
Келте келді өрісі.
Келеді деп ойламай
Қағынған ханның перісі
Бейқам болып ел жатты,
Жаудан күші кем жатты,
Бейқам жатқан сол елді
Абайсызда жау шапты.
Күртіде жатқан көп елді
Түнде басып сорлатты.
Қыз, келіншек қатарлап
Мінгізіп нарға, атанға
Құсбегі мен бегінің
Қосуына жолдатты.
Жан сауғалап қорынып,
Қас жауына торығып
Суға түсіп обығып,
Қатын, бала зар қақты.
Қарсы түрған кісіні
Атты, шапты кескілеп,
Күрті бойын қандатты.
Тұлымдыны тұл қылып,
Даланы мұңды үн қылып,.
Ата-ананы аңратты.
Қатар жатқан қарындас
Бөліп ішкен аяқ ас,
Ақ қалпақты қырғызым,
Өзбек деген өз ұлым,
Халық іші досжарлы,
Досжар халық сүймеуші ед:
Қан төгетін дұшпанды;
Жүрегі қара Құдияр,
Орман бұзық тағы бар,
Достыққа тағы өрт салды.
Қамап жатқан хан әне,
Қамалып тұрған жан әне,
Басшысы жоқ Дулаттың,
Қыларлық айла қысқарды,
Орман атқа мінгенде
Елден кісі шауыпты
Қазаққа хабар беруге.
Жанғараш, Жантай жіберіп
Келіп айтқан Керімге:
Қолы қаптап барад деп,
Елдеріңді шабад деп,
Құдияр мен Орман хан
Ту көтерген өлімге.
Керім оны таратпай
Өзі қашқан көлеңдеп,
Іле бойын жағалап,
Балхаш асып төмендеп,
Үш күн, үш түн үдеріп
Ақ тоғайдан шығыпты,
Қарт бурадай шөмеңдеп,
Тілеуқабыл, Маямыр
Сарыкемерде шабылды,
Қанмен дала жабылды,
Қанды жастар ағылды,
Ауыр күндер түскенде
Елің сені сағынды.
Қосарлатып ат мініп,
Атқа біздей қарт мініп,
Аралады тауыңды;
Жауға түскен мал мен жан,
Ағыл-тегіл анау қан,
Қанқор ханның қорлығы
Ес тандырмай не қылды?
Түлек бүркіт көзіндей
Шатынатты батырды
Дауыл соққан теңіздей
Күш көбігін сапырды.
Алатауды қозғалта
Қырға шығып ақырды.
Андас пенен Нарбота,
Дауқара мен Шымырбай,
Туматайды шақырды.
—Жыйылыңдар бозбала!
Әбзелдеп мін атыңды,
Аузы мүжік хан иттер,
Неден мұнша шатылды?
Бұрқыранды, бұрсаңды,
Мұздай темір құрсанды,
Ақ беренте оқ салды,
Ақтұяққа ер салды,
Ә, дегенше үш жүз ер
Жыйналысып кеп қалды.
Абылайша қос салды,
Су құятын мес алды.
Күртіні төмен қыдырып,
Желдігін бұта сындырып,
Копадан арман өтеді,
Шамалғанға жетеді,
Жау қарасын қарады —
Кемердің толған алабы,
Құмырсқадай қыбырлап,
Жерге сыймай барады.
Нарбота мен Андасы
Уайымдап жылады:
Сұраншы батыр тістеніп,
Көбін елең қылмады.
Батырға Андас сөйледі,
Жасық кеңес бергелі,
— Құмырысқадай мынау қол
Топырақ шашсаң жетер ме,
Ақ береннен оқ атсаң,
Мыңына бірден өтер ме.
Үш жүз кісі ат қойсақ,
Жыйырма мыңдай нөкерге,
Инемен құдық қазғандай
Оған әсер етер ме?
Көбелектей отқа ұрып
Өртенеміз бекерге.
Әлі де ойлан батырым,
Осы сөзім бекер ме.
Жетпес біздің күшіміз,
Өтпес біздің тісіміз,
Оңға шықпас ісіміз,
Теңізге теңес бір тамшы,
Бейне таудың бір тасы
Үш-ақ жүздей кісіміз.
Қабағы түсті батырдың
Қара бұлт сеікілді,
Төне түсіп Андасқа,
— Тарт! — деп, тілің жекірді.
Найзадай шашы тік тұрып,
Көтерген шаңырақ уықтай
Тақыясын көтерді.
Ашуы қысып Сұраншы
Ақ семсерін суырды,
Қыйт етсе кесіп тастауға
Андас жаққа бұрылды.
Енжар болған қорқақтың
Онжырғасы жығылды,
Қойнына басы тығылды.
Жігіттерге сөйледі:
— Ел жақтамас көп жаудың
Көптігінің себі жоқ,
Оның аты — боркемік
Талмасқа шыдар белі жоқ.
Озып шабар жүйрікке
Ылдыйы мен өрі жоқ.
Батыр туған жігітке
Шабатын жаудың көбі жоқ.
Уайым жауға алғызар
Тұңғыйық болып түбі жоқ.
Осы қолдың несі көп,
Қурап тұрған шірік шөп,
Суырып қылыш ат қойсаң
Қарсы тұрар бірі жоқ.
Қорықпа да, қашпа да,
Текке ұшпасын үрейің,
Қарада тұр топтанып
Жалғыз өзім кірейін.
Мың жау маған бірге есеп,
Мың қарғаға бір кесеҚ
Кесек болып көрейін.
Қорғасынды мен сақа
Ұшырамын кенейін.
Жұртым үшін мен құрбан,
Жазасын жаудың берейін.
Жаулар қоян, мен сырттан
Арасына енейін.
Еңкілдеген шал анау,
Шырылдаған бала анау,
Қуыршақ болған бектерге
Келіншек пен қыз анау,
Көзім тірі тұрғанда
Қорлыққа қалай көнейін?
Жауым көп деп жасқансаң,
Сендерді дос демеймін.
Қашар болсаң мен қырам,
Кетпейсін тірі біреуің.
Ел үшін жанды қыймасаң,
Ер деп қалай сенейін.
Сенімсіз болсаң жоқ қылып,
Ақ тұяқты шаптырып,
Жауға қарсы желейін.
Қарсы семсер салысып,
Жағаласып алысып,
Не босатып елді алып,
Не тұтқын боп мен қалып,
Халық үшін мен лақ
Жау қолында өлейін.
Ақ сүт берген анам — ел,
Үлгі берген атам — ел,
Адалдығым — ісіммен,
Бойдағы қару күшіммен,
Балалық хақын берейін.
Батыр тұрып толғанды,
Терең-терең ойланды,
Теңізден тұрған желдейін,
Күтірлеп кеткен сеңдейін,
Вулкан шашқан таудайын,
Айбарланып қозғалды,
Патшаның қашқан солдаты,
Алпыстан асқан бар жасы,
Бастығы Жагор оралдық —
Сегіз орыс, бір татар
Бірге келген жолдасы.
Батыр соған сөз салды:
— Бабам менің Қарасай
Шапқанда елді жау талай
Айырып алған батырым.
—«Арыстан болған жау үшін
Түлкідей болсын әдісің», —
Дейтін барды ақылы.
Сіздерден сұрар көмегім,
Бұйрық қылды демегін,
Қанқор патша қажытқан
Сендер де елдің жақыны.
Бектер тіккен шатырға
Шапқым келді ел жата,
Елу жігіт жіберіп,
Ұзақтағы биіктен
Алатаудан Қараойға
Жеткізе отты жаққызам;
Алакеуім күн бата,
Көп әскер деп ойлансын,
Жагор досым тоғызың
Тоғыз жігіт тағы да
Өз басыңа қосып ал,
Он сегіз болсын жолдасың.
Жау бүйірі Көктөбе,
Соған жетіп епте де,
Күн батқан соң орнасын,
Бұл бүйірден мен тием,
Ақтұяқты шаптырып,
Үрейін сонда сен ұшыр,
Орысша сырнай тарттырып,
Көнек пенен шелектен
Барабанды қақтырып,
Анда-санда мылтықты
Құр дәрілеп аттырып;
«Орыс та келіп қалды» — деп
Есі кетіп сұрлансын.
Қуанды Жагор, — құп! — деді,
Жолдастарым: шық! — деді
Он сегіз жігіт ертіп ап,
Ала бұта паналап,
Сайлы жерді жағалап,
Жау көзіне шалынбай
Көктөбені беттеді.
Елу жігіт ертіп ап,
От жағуды алыстан
Андасына жүктеді,
Қалғанына бет бұрып,
Деді батыр — жолдасым,
Тас-талқанын шығарып
Қыйрату ханның ордасын.
Күмәнім жоқ жау қашар,
Зорлықпен келген көбісі,
Бізге дос боп жалғасар.
Бектер қашса асығып,
Дүние жатса шашылып,
Қызығу оған болмасын.
Елі үшін туған ер болса,
Елін бүгін қорғасын.
Осыны айтып Сұраншы
Ағын судай тасынып,
Ашулы көзі жалтылдап,
Жайнаған шоқтай шашылып.
Күн де кірді ұяға
Алатаудан асылып.
Ақтұяқтың тартпасын
Қайта тартты ер жөндеп,
Болат сүйек бауырға
Тартпасын елі батырып,
Кыран құстай қомданды
Ақ семсерді қолға алды,
Астыңғы ерніп тістенді,
Құрыштай құйған қатынып,
Қарасай мен Қашкенің
Кэрі аруағып шақырып,
Жігіттер құйды саумалын
Тегенеден сапырып.
Намазшамнан өткенде
Құтпанға уақыт жеткенде,
Ақ беренді сайлады,
Жар қабақта жалтыр тас,
Қарына найза байлады,
Семсерін соған қайрады.
Жібекпен басын бір тартып,
Ат қойды батыр ақырып,
Ақырған даусын есітіп,
Жау айнала қарады,
Есінен әбден танады,
Дәл жанынан күрсілдеп,
Барабан құлақ жарады.
Зеңбірек пе, мылтық па,
Анда-санда күрсілдеп,
Түтін бүркіп алады.
Ұзағырақ қараса,
Есепсіз от жанады.
От мөлшерін есептеп —
«Мына қолда мөлшер жоқ...
Құрығанда жүз мыңдай —
Қосын бар»,— деп санады,
Таудан шыққан сарындай,
Дүрілдеген жалындай
Шапқан аттың дүрсілі
Қопарып жерді барады.
Аяқ асты, жау састы,
Қара албасты шын басты,
Не мінетін аты жоқ
Іздесе киер киім жоқ.
Қойған жерде құрал жоқ,
Есінен әбден адасты.
Сасқалақтап қосының
Есігіне таласты.
Есін танған бегіне,
Есік баққан қосыны
Ажырайып қарасты.
Қандай пәле келді деп,
Бақсылары балашты,
Амалсыз жүрген көп қолға,
Түндегі айқай жол ашты.
Қойдай үркіп қол қашты,
Сұраншы батыр ат қойды,
Бөгетін алған өзендей,
Азғана сарбаз лап қойды.
Хан, манаптың шатырын
Қаусатамын деп қойды.
Бейне бір қатты жел тұрып
Қурап тұрған қусаққа
Жалындатып от қойды.
Нажағайдай шартылдап,
Бұлт отындай жарқылдап
Бұрқылдаған берендей
Түнге қосты түтінді.
Жалаңдаған ақ қылыш
Қыл мойынға кірште-кірш,
Жүрек тіліп жан қауып,
Қасқыр тісі қан қауып,
Жүзіне қан тұтылды.
Астына мінген Ақтұяқ
Тоздырып тозаң бұрқырап,
Атқан оқтай жұтынды.
Аш қасқырдай батырдан
Қай жау қашып құтылды.
Есебі жоқ қалың жау
Қоршаласып қалысты,
Ортасына алысты,
Қарсы семсер салысты,
Сілтегенде қылышы
Оң жағынан он шауып,
Оны бірдей жер қауып,
Сол жағынан сілтесе,
Оңдап жауып бір шауып,
Оны бірдей ұнталып,
Ұстарадай шаш алған
Жауды батыр сыпырды.
Бір қозған соң аруағы,
Теңіздей жау — жан-жағы
Сұраншыға көп емес,
Үш күн, үш түн ұрысқан
Сол батырдың соғысы
Рүстемнен кем емес,
Астындағы Ақтұяқ
Қыя тасқа басылып,
Ақ көбігі аузынан
Екі жаққа шашылып,
Әбден батыр қызған соң
Омырауы ашылып,
Қоқанға қарай жау қашты
Қордай белін асылып,
Ақ семсері ақ шомшы,
Қызыл қанды сапырып,
Үш күн, үш түн өткенше,
Әсте батыр тынбады,
Томағасын қайырған
Ақ ыйықтай шыңдағы.
Ел жақтаған батырдың
Сағы жаудан сынбады,
Қашқан жаудың артынан
Ақтұяқ атты бір қара
Қарасайлап қалмады.
Өлексемен үйілді
Алатаудың сайлары,
Тозаңдай тозып жыртылды
Ханның ала байрағы.
Қасқырға шауып арыстан
Қанқордың шықты ойраны.
Шабақ қуған жайындай
Бек біткенді жайлады.
Елге келген бүлікті
Дауылдай тиіп айдады.
Жалынның бетін қайырып,
Қасқырдан елді айырып,
Көтеріп көңіл жайлады,
Батыр —елдің досы деп,
Түпке жетед осы, деп, —
Сүймейтін хан мен байларды,
Хан билеген заманның,
Қанын ішкен адамның
Осылай еді жайлары.
ІІ
Арғымақтай арындап,
Жазғы күндей жалындап,
Тағы да Жамбыл сөйледі,
Қар еріткен өкпектей,
Су серпіген ескектей,
Домбырасын сермесін.
Тоқсан үш жасы торқадай
Тоқсан күн қатқан жорғадай,
Бәйгіден алған олжасын.
Жақсы сөзді ел жаттар,
Ел жаттар сөзде салмақ бар,
Кесек атқан қорғасын,
Шеті жоқ — мұхит теңіздей,
Алтайдың алтын кеніндей,
Көп жерімнің қордасын
Сыпырта соққан дауылдай,
Сауылдап құйған жауындай,
Жырды Жамбыл қозғасын.
Жырдың тәтті жаясын,
Батырлар жыры баяғы.
Жау дегенде жайнаған,
Нар кескендей қайраған,
Сұңқардай болат қыяғы,
Өрге салса талмайтын,
Кыяға салса таймайтын
Құрыштан соққан тұяғы.
Сол батырлар жыр басы,
Үзілмей аққан жылғасы,
Майтөбенің бұлағы.
О, балалар, балалар
Ақылды туған даналар,
Жамбылдан тыңда мынаны,
Әсерлі күйдей аңқытып,
Тасыған селдей шалқытып,
Тыңдаушыға жыр төкпей,
Жамбыл қашан аяды.
Қартайдым дейтін назым жоқ,
Тыңдаушы көпте жазық жоқ
«Айт, Жәмеке!» дегенін
Мен өлгенде қояды.
Сүйекемнің сүресі
Сөйлегенде міне осы.
Жырдың сұлтан төресі,
Биіктердің төбесі.
Бөліп айтқан Жәмекең
Сұраншының аяғы.
Орман хан мен Құдияр,
Жеңіліс тауып бір қайтты.
Көктемде қайтып жаз жатты,
Батырдан жеген таяғы —
Шымбайына тым батты.
Терең-терең ойлатты
Аттан ханым, аттан деп,
Жараспайды жатқан деп,
Манаптары шулапты.
Бізге бұйрық береле,
Біз түлпарға мінеле,
Біз мінген соң кім қапты.
Нарынқолдық, Кегендік
Бұ да жек-жат ел ем деп,
Жақтап жатыр қазақты,
Болып жатыр бір жақты.
Манаптарды жыялық,
Не бар, жоқты ойлалық,
Атақтысына ат мінгіз,
Сыйлысына шапан жап.
Кайтсын іздеп сый алып,
Бассын олар қылжақты.
Қыздыратын боза бар,
Молда, ишан, қожа бар,
Бозалы жерде соларға
Қозғалтарлық аруақты.
Жый қолыңды қыр жолға,
Өзің өлмей кем болма,
Сұраншыға жаз хатты.
Еркек болсаң келгін де,
Қатын болсаң қалғын де,
Өзі шешсін жұмбақты.
Орман ханның ордасы,
Ала туын байлады.
Қаракөлден, Мырғаптан,
Жалалабат, күн жақтан,
Көп Алатау аймағы,
Ат денесін тарта алмай,
Атандар әрең талтаңдай,
Ордаға келіп түсіпті.
Майға бөккен байлары,
Алдиярға сойыс деп,
Бақсаң да мендей болыс деп,
Қора-қора ызғытып,
Семіз қойын айдады.
Үйір-үйір қысырақ,
Шайлап қалған тусырап,
Жарлауланып жаясы,
Қысыр емген тайлары;
Ақ пышаққа ілініп,
Қабырғасы сылынып,
Қызыл-қарта, жал-жая,
Қазанда бұрқ-бұрқ қайнады.
Пісті саба сіресіп,
(Тауысқысыз ел ішіп)
Уыз қымыз бүрқырап
Қара мейіз қаймағы.
Оны келсе «манап» дең
Жүзі келсе «тамақ» деп
Жарымаған жарлының
Байығаны тойғаны.
Қымыз, боза аралас,
Кекірініп кілең жас,
Арнап тіккен үйлерде,
Отырысты бойдағы.
Хан бұйырған жыршылар,
Бірде күлкі, бірде зар
Қызыл тілмен балқытып,
Бұлбұл болып сайрады.
Сөз аяғы бір соғыс,
Ел аяғы сол соғыс,
Енжар көңіл қырғызды
Итермелеп қоймады.
Ишан, молда бастысы,
Ақ меруерт таспысы,
Өлгендерің шейіт деп,
Өлмегенің қазы деп
Сатылды ханға иманы,
Соғыспақ болды ақыры,
Сауыт киді батыры,
Сұраншыға хат жазған
«Шүкір» деді Орман хан,
Орындап ісін ойдағы.
Сұраншыға хат барды,
Сөге жазған хатында:
«— Батыр емес, қатынсын,
Мұсылман емес, кәпірсін,
Қашқын жыйып жаныңа,
Мойын сұнбай ханыңа,
Алматыда жатырсын.
Батыр болсаң келіп кет,
Әуре қылмай атымды,
Басыңды келіп беріп кет,
Ажалыңа жақынсың!»
Хатын оқып Сұраншы
Жолдасын түгел шақырды.
Шақырып салды ақылды:
— Еліне ылаң салғалы,
Орман хан тағы шатылды.
Тағы өлімге айдапты
Алдап, арбап батырды.
Бару оңай Орманға,
Батпай ма бірақ ел қанға,
Жаныма халық батулы?
Бармағанмен амал жоқ,
Ертең Орман келеді,
Атып-асар баланы,
Найзасы шаншар қатынды,
Сондай кезде байтақ ел
«Шақырғанда бармадың,
Жалынның алдын алмадың,
Ер болмадың — ез болдың» –
Деп қоймай ма атымды...
Ойым былай, жолдасым,
Көрмеймін елдің кез жасын,
Шығармай жатқа жақынды.
Жан ертпей-ақ жаныма,
Жеке барып көрейін,
Есебі жоқ қол алып,
Бейбіт елге қол салып,
Қосынға тамақ, мал алып,
Берекесін кетіріп,
Ұшырмалық үрейін.
Жеке барсам «ер» десер,
Тарап-тарап ел кетер,
Орданың бір топ адамын,
Молда, қожа, манабын
Жекелесіп көрейін.
Мұндай уақта қыйнайтын,
Бір беттігі батырдың,
Сол бетінен бұрмалап
Кегі жоқты айтудың,
Не пікірі барлығын,
Іштері білді әркімнің.
Боз қасқа қойын сойғызып,
Үлкенге басын қойғызып,
Ақтұяққа ер салды,
Азығына малта алды,
Атыма деп жем салды,
Сауыт киіп сайланып,
Ырғай сапты найза алып,
Қорамсағын байланып,
Шымырқанып, шырқанды,
Қыр жолға қарай бет алды.
Ақтұяқтың үстінде,
Аш қасқырдай бүгіліп,
Қарына ілген қалқаны
Ілгері, кейін жүгіріп,
Жарқыраған сүңгісі,
Күндік жерден көрініп,
Тау жаңғырып салдырап,
Көк темірге көміліп,
Қыядан шалған қырандай,
Күн астына үңіліп,
Ер сыйпатын көрген жау
Өз жанынан түңіліп,
Алатау асты Сұраншы.
Қаражол атты жотада
Жасақ жыйған Орман хан,
Жалғыз батыр келед деп,
Хабар алды жаушыдан.
Батыр елді аяпты,
Сондықтан қосын алмапты,
Елден елге ұшқан сөз
Қырғызға түгел тараған.
«Сұраншының дұшпаны,
Қырғыз емес — хан екен.
Елдің жауы дегені —
Хандар жапқан жала екен»,
Деген сөзді есітіп,
Ақ қалпақты қырғыздар
Біріне бірі қараған,
Соғысты қойып тараған,
Елге қайтыпты ордадан.
Сегіз мыңдай қол екен,
Сегіз жүздей қол қалды,
Батыр-сымақ манаптар
Қорғаймыз деп Орманды.
Келе жатқан бір кісі,
Бір кісіні жеңерлік
Мөлшерден тыс мол қалды.
Келсе құдай берді деп,
Табасыз қолдан өлді деп,
Семсерлерін қолға алды.
Күн төбеден ауғанда,
Бесіндікке барғанда,
Бұрқыраған шаң көрді.
Жұлдыздай атын ағызып
Жарағы күнге шағылып,
Келе жатқан жан көрді.
Жауым көп деп жасқанбай
Кісесінен басқандай,
Келген ерді таң көрді.
Бәрі бірдей атқойып,
Салуға соғыс лап қойып,
Жабылуды жалғызға,
Бойларына ар көрді.
Бек, манабы, байлары,
Ортасында байрағы,
Жасағын жыйнап сайланған.
Сұраншыны хан көрді.
Ханға келіп сейледі:
— Неге мені шақырдың
Жай шақырсаң келмейтін,
Ханға сәлем бермейтін
Халық үшін туған батырмын,
Хан деп сені сыйлар ем,
Басың үшін сатылдың.
Арасына өрт болдың,
Ала бүлік дерт болдың
Қырғыз, қазақ жақынның.
Бейбіт елге тигізіп,
Жендетке басын қыйғызып,
Қаннан сусын сапырдың,
Ел бүлігі — Орман деп,
Аман қалсын мың жан деп,
Төгіліп тынсын бір қан деп,
Қара басыңды алғалы
Жекелеп келе жатырмын.
Міне менің семсерім
Қайрап қойдым хан үшін,
Қайратыма мінгенім
Қалың елдің қамы үшін.
Қасым тіксем қан алмай
Кеткен емес намысым.
Сүттей елді ірітпей,
Таза майды шірітпей,
Жекпе-жекке өзің шық,
Менің жауым сен ғана,
Салмаймын елге мен жара,
Сенсің менің дұшпаным,
Сенсің менің алысым!
Қасқыр көрген күшіктей
Хан жалақтап қарады.
Терең ойға шомылып,
Жерге қарап үңіліп,
Жапырылды адамы.
Жел көтерген бұлттай
Шеттегілер тарады.
Айла, амал, сабақтас,
Хан, манаппен табақтас
Адам қалып шамалы.
Хан иегін қаққан соң,
Қара ат мінген ер
Бұқай Шыға берді бөлініп,
Шешініп алып оң жеңін
Белдігіне түрініп,
Найзасына байлаған
Ту құйрығы төгіліп,
Білекке ілген қалқаны
Оңды, солды жүгіріп,
Қыйсық біткен емендей,
Омыртқасы бүгіліп,
Қақ жүректің тұсы деп,
Өлер жерің осы деп,
Кек сүңгісін серт ұстап,
Жақын келді тебініп.
— Атаңның көрі Сұраншы,
Атыңнан қармап түсіріп,
Жел аударған қаңбақтай,
Су аударған дөңбектей,
Ат үстінен ұшырып,
Бәлем саған қылармын,
Сен сыяқты шұбардың
Түсі суық жыланның,
Жағасынан алмаққа,
Жыға сүңгі салмаққа
Қашаннан-ақ құмармын!
Келіп қалды жекіріп,
Бұрқырап аузы көпіріп.
Құрттыбастың тауындай
Тұрған батыр бейнелі,
Ызғары қыстың аязы
Аш арыстан кеуделі.
Келіп қалған Бұқайды,
Шыбын құрлы көрмеді.
Қозғамады найзасын
Сүйеніп тұрған жердегі
— Тоқта! — деді жай ғана,
Қолының ұшын сермеді,
Сесті басты батырдың
Айтқан жерде тоқтады,
Тірелгендей өңмені.
—Тоқтадың ба, кейін қайт,
Саған да Бұқай жан керек,
Сен тышқансың мен мысық,
Барасын қайда кимелеп.
Батыр емес, қатындық,
Майданда кісі тілдемек.
«Ой атаңның көрі» — деп,
«Өлтірем-ақ сені» — деп,
Құр былшылдау не керек.
Бұқай, Байтыл, Битуған,
Оларға найза былғаман!
Екінші рет шақырам, —
Маған анау хан керек!
Иек қақты Орман хан:
Байтыл менен Битуған
Найзаларын кезеніп
Үзенгісін шіреніп,
Тұра шапты тұрғаннан.
Сөйлей келді Битуған:
—Қоян жүрек ит Бұқай,
Неге тұрсын сілейіп,
Батпаса тісің жолды бер,
Біз жақындап көрейік.
Жағасынан қармамай,
Атып ұрмай дорбадай,
Сен Сұраншы құлақ сал,
Қарайып келдім қаныма,
Мына тұрған Байтегім,
Көмекшім бар жанымда.
Мен-мен едім, мен едім,
Мен кімдерден кем едім,
Батыр болсаң — мен де сол,
Мен де өзіңдей ер едім,
Терезесі тең едім,
Іште кегім қалғанды,
Шығарайын арманды.
Ханыма қолды салғаның,
Көкейімнен кетпейді,
Төрегелді манаптың
Сақал, мұртын алғаның.
Ажал айдап келген соң
Аямаймын жаныңды.
Сенің қылған бұл ісің
Барлық жұртқа мәлімді.
Соның үшін тап бүгін
Ағызайын қаныңды.
Мен жүрмеген тау бар ма,
Мен алмаған жау бар ма,
Шығарайын жаныңды...
Ботпайдан шыққан Сыпатай,
Көмегіне қарамай,
Байұзақтай батырың
О да қашқан қарамай...
Қыйрап қалған шатыры,
Аш бүйірін таянып,
Жылаған қыз бен қатыны.
Қатын, қызын жылатқан,
Менің сондай ісімді
Аспанда құдай ұнатқан.
Орманнан келген үш батыр
Үш жағынан тап берді.
Ашу қысып Сұраншы
Астыңғы ернін тістенді.
Бір сілтеді найзасын,
Белі үзілген күзендей
Алдымен келген
Битуған Бетін баса бүктелді, —
Кеудеге найза күмп берді,
Екі батыр найзасын
Сатыр-сұтыр салысты,
Сайлап мінген белді аттар
Тізе бүгіп қалысты.
Жараланып Бұқайлар
Аттың жалын қабысты.
Оны көріп хан тобы
Ат қойып бәрі шабысты.
Аш қасқырдай батырды
Ортасына алысты.
Ханның тобы жүз кісі
Ортасында бір кісі,
Түс ауғанша ұрысты.
Күн төбеден өткенде,
Бесіндікке жеткенде,
Жау қамаған Сұраншы
Көзін қаптап қан алды,
Тұла бойын жара алды,
Орман ханға ұмтылды.
Алыстан салған найзасы
Ту сыртына бір тиді,
Сегізкөздің қоң еті
Кереқарыс жыртылды.
Топтан шығып хан кетті,
Сұраншыдан әл кетті,
Соны сезіп Ақтұяқ,
Жан-жағына қарады,
Жал-құйрығын тарады.
Оң аяғын тарпыды,
Ортекедей ойнақтап,
Көк жайындай бұлқынды,
Арыстандай жұлқынды.
Жау жібермей орап ап,
Шығармады қамалап,
Тұрып алып айнала
Ілмек болды найзаға.
Күрсілдеді бір дабыл,
Жер мен көкке жаңғыра,
Жалт қарады Орман хан,
Есі-түсін тандыра.
Алатауды қақ жарып
Дабыл ұрып, кәр шашып
Шыға келді топ қара.
Топ қараның алдында
Жандай досы Жагорі,
Жанына ерген қырық жігіт,
Сұраншының нөкері,
Жанына жақын келген соң,
Қамаған жауды көрген соң,
Беренге білте тигізіп,
Басып-басып жіберді.
Хан қасында тұрғаннан
Кім жаралы, кім өлді?
Онысы бізге белгісіз ...
Батырды қамап тұрғандар
Сырт айнала жөнелді.
Манаптардың көбі өлді,
Жаралы ханын өңгеріп,
Құтылуын жөн көріп,
Ордаға қайтты Орман хан,
Найза тиген жерінен
Қағынып кетіп ем қонбай,
Ордасына кеп өлді.
***
Жолдасына қосылып
Сұраншы қайтты тауына.
Ақырғы болды соғысы
Хан, манаптай жауына..
Қырымнан шалған қырандай
Келген батыр бабына,
Ақыры келіп о да өлді,
Алатауда көмілді,
Атын түгел ел білді,
Адам туып адамнан
Елу жылда жаңарған.
Жаман күнді өткізген,
Жақсылыққа жеткізген,
Қан сасытқан ханы жоқ,
Ашу, араз зәрі жоқ,
Балдай тәтті туысқан,
Жеттім тату таңыма.
Бақытты туған ерлері
Сталиндік заманның
Сенде ғана батырлық,
Сенде ғана татулық,
Елменен ел достасқан
Ғасыры туды адамның,
Еңсесі биік ел — алып,
Ел бастаған ер — алып,
Бөлшектену жоғалып,
Ер қорғады Отанды,
Біздің ерлер қорғаны
Социалдық қоғамның.
О, ерлерім, ерлерім,
Ел сүйенген белдерім,
Халықтың қорғар ырысын.
Сұраншыдай жауға шап
Ерді өсірген ел үшін,
Өртке теңіз шашқандай
Шығартпа жаудың дыбысың!
Жау бетіне қылыш шап,
Елді, жерді гүлденткен
Сталиндей күн үшін,
Қынадай еңбек қанаған,
Ит боп елді талаған,
Қан сімірген қанқорлар
Әлемнен түгел құрысын!
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: