Өлең: Жамбыл Жабаев (Әлемде бір жұлдыз бар)

Өлең: Жамбыл Жабаев (Әлемде бір жұлдыз бар)

Мен шеккелі қай заман
Өмірдің ұзақ сапарын...
Не көрмеген көне көз,
Ағарғанша сақалым.
Қилы-қилы жол тартып,
Үміт алда мұнартып,
Демеу болған көңілге
Жалғыз, жансар сәулеге
Жеткенімше құмартып ,—
Бір ғасырды жасадым.
Ол бір күңгірт түнекте
Елестеген үмітті
Мен бе, жалғыз іздеген?
Көп сапырылып, қажалып,
Сол сәулеге қадалып,
Кімдер көзін сүзбеген?
«Үміт алыс, өмір шақ»
Жаны қажып, жабырқап...
Кімдер күдер үзбеген.
Күллі байтақ елдей боп,
Жасын жасап мендей боп, —
Сөйлескен кім жүзбенен?
Кітабымдай өмірдің,
Шежіресін еліңнің, —
Естерсіз де білерсіз —
Кеңессеңіз бізбенен:
Осынша ұзақ сапарда
Күй мен жыр боп ермегім,
Жинап, теріп көргенді
Ұзақ жолдан мен келдім.
Асқар, асқар белдердің
Құс ұшпайтын шөлдердің,
Қиырында ел күңреніп,
Байлар соғып жыландай,
Қулар шоқып құзғындай
Хан, сұлтаны «құдайдай» —
Салып ұлы шеңгелін,
Жұртты бүріп сығымдап
Тоя жеді жемдерін.
Қарсы шауып соларға
Ел өрледі нелер бір,
Жасы қыршын, жаны өткір,
Қаза тауып қапыда,
Көргем талай өлгенін.
«Қарағай найзаң сынды ма?
Кәріп жаның тынды ма?» —
Деп ақыннан жыр борап,
Көкірегін шерге орап
Қайғыменен кемген күн...
Зарыққан соң ағайын,
Сарғайтып жүзді сары уайым,
Мұңға толып сарайым,
Шолды кезім жан-жақты:
Аспан нұрсыз жер үнсіз,
Қара бұлтқа ай батты...
Көріксіз жаз, Құлан саз
Суы құрып сай қапты.
Судырамай құрағы,
Сарқырамай бұлағы,
Қарт бурадай түнеріп, —
Тілсіз бейне бір өлік —
Жым-жырт шөгіп тау жатты.
Баспанам жыртық лашық,
Шығарға күш жоқ қыр асып,
Көріп ек мұңды аймақты.
Ыза кернеп бойымды,
Сан толқытып ойымды,
Зығырымды қайнатты!
Жан шыдар ма күйінбей,
Күңренген ел үніндей, —
Жамбыл күйін аңыратты...
Сүйтіп үміт сөнгенде,
Күнім қараң дегенде
Тынып тұрған дүниенің
Жарқ еткізіп түндігін
Серпіп, кенет ашқандай,
Керең дүние селт етіп
Түгел құлақ асқандай,
Жер жара бір шықты үн,
Серпініне сол үннің
Серпілді де сырғып түн,
Жер мен көкті жарылқап,
Нұрға бөлеп шықты күн!
Ел еңсесін талай жыл
Қара тастай басқан зіл —
Ыдырады қайғы, мұң,
Бойын жазып, жадырап,
Күнді құшты маужырап,
Мелшиіп жатқан тау мен құм.
Елдің құрғап көз жасы,
Көкорай болып көл басы,
Толып өзен арнасы,
Құнарланып құндағы
Құлпыра берді құз бен шың.
Қуаныш бөлеп жүрегін
Айтты сонда бар елім:
Жарық күні әлемнің —
Ленин! Ленин! Ленин!
Ұлы есімін Лениннің,
Атаған сайын күш қосып,
Күннен күнге үдедім.
Ұзақ сапар шеккелі,
Мақсатқа осы жеткенім.
Талай заман іздеген,
Көптен көксеп көздеген
Үмітіне жетті елім.
Өмірдің ауыр қыспағын
Қыйратып Қазақстаным,
Отанның ұлы халқымен
Өткізді жиырма өткелін.
Айтсам күнді бүгінгі,
Қазақ халқы бұрынғы, —
Көріп туған нұр күнді, —
Ерен күшті ел болды.
Көсегесі көгеріп,
Кең өлкелі бел болды.
Асты күміс, үсті ырыс,
Таудан алтын, сайдан мыс
Телегей теңіз кел болды.
Жерден мұнай атылса
Көктегі құстың қанатын
Қақтыратын жер болды.
Азуын айға білеген,
Айбаттанса үдеген,
Елде айбарлы ер болды.
Малы қаптап өрісті,
Ағашы миуа, жемісті,
Жоны женттей егісті, —
Қазақстан аймағы
Алтын жайлау жер болды.
Қайратым құрыш, ойым өр,
Қажымас, қайтпас елім өр.
Қойным толған қазына,
Шығып өмір жазына
Бөгелместен беттедім,
Арман еткен мың жылғы
Адастырмас жұлдызды
Халқым тауып тұрғанда
Қалай жырды төкпейін:
Әлемде бір жұлдыз бар,
Ол бар жерде күндіз бар;
Ол жоқ жерде күнде ызғар;
Ол — жиһанның жүрегі,
Ол — жер мен көк тірегі!
Күллі әлемнен ол биік,
Жарқыраған нұр құйып,
Бақытқа елді бөледі.
Ол әлемнің шырағы,
Өмір, бақыт бұлағы
Сонан ғана өреді.
Ол — Кремль жұлдызы,
Ол — өмірдің күндізі;
Адастырмас сәулесін
Әлем жүзі біледі.
Кремльде Сталин
Беріп өмір ұшпағын
Күллі жұртын жебеді.
Қазақстан тойында —
Өмір тұрқын бір болжап,
Нелер түсіп ойына —
Қарт Жамбылдың жыр толғап
Осы айтайын дегені
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
жамбыл жабаев Әлемде бір жұлдыз бар өлең стихи на казахском жамбыл жабаев олен казакша, жамбыл жабаев өлеңдері, жамбыл жабаев олендери, жамбыл жабаев стихи на казахском, Әлемде бір жұлдыз бар

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]