Өлең: Біржан сал Қожағұлұлы (Біржан мен Сараның айтысы)

Өлең: Біржан сал Қожағұлұлы (Біржан мен Сараның айтысы)

Қызы екен Тастанбектің ақын Сара
Бәйгеден күнде келген жалғыз қара.
Қыз да болса адамның жүйрігі екен
Көрмедім сөзді адамды ондай дана.
Қызы екен ақын Сара Тастанбектің
Жақыны, заты Найман, Маман, Толқын,
Есімбектің,
Сауық қып Садыр — Матай жиылысып
Аулына алдырыпты Тұрысбектің.
Аулына Тұрысбектің Сара кепті.
Өлеңді жүндей сабап дүрілдетті.
Сол кезде он жетіде ақын Сара
Жел сөзге адам болмас одан епті.
Сараның атын білед Арғын-Найман,
Жүйрік шыққан аталық Қаптағайдан.
Баласы Қожағұлдың сері Біржан
Сараны іздеп шықты әлдеқайдан.
Елі Керей Біржанның ұраны Алтай-Қарпық,
Қызыққа тірлігінде жүрген батып.
Атасы Алтай-Қарпық, елі Арғын,
Сауықпен жүрген сері дүрілдетіп.
Сараны есітіпті Біржан анық,
Бұған да жүрген жігіт өнер дарып.
Құдай берген дәулетті аясын ба,
Шығыпты он бір жігіт жолдас алып.
Серілік құдай салған мұндай өнер,
Пендеге әр не болса тәңірім берер.
Мың жарым жылқысы бар атасының,
Уақыты екен отыз сегіз жасқа келер.
Келеді он бір кісі жолдас алып,
Дулатып түрлі-түрлі әнге салып,
Ат жіберіп Сараны алдыртуға
Аулына Тұрысбектің жеткен барып:
— Сара да болар — дейді — сөзге тығын,
Айтысып Сараменен қылсақ шығын.
Найманның асыранды бұлбұл құсы
Сараның айттырармын барлық шынын.
Баралық Тұрысбектің ордасына
Сараның қоямын ба болмасына.
Он бір кісі жолдасым ертең түсте
Біржанның қарық боларсың олжасына.
Арғыннан артық болды салған әнім,
Найманға Арғын түгіл болды мәлім.
Ән салып тоқсан екі түрлендіріп,
Найманның бір жияйын тірі жанын.
Сара да жетік дейді сөйлер сөзге.
Найманда аты шыққан осы кезде
Ауызын қарсы келсе аштырмаспын,
Адамға мақтанар ол менен өзге.
Бөденедей қырғи алған жұмарлармын
Құдайым уақыт берсе енді бізге.

Алқисса Жүсіпбек қожаға Сара қыздың, Біржанмен айтысқанын Сара өзі аузынан осылай деп бастан-аяқ баян қылғаны айтысқанның келер жылында. Сараның сөзі:

Қызы едім Тастанбектің атым Сара,
Ішінен ер Қаптағай шықтым дара.
Он үште домбыра алып сөз сөйлеп ем,
Келемін бір сүрінбей жеке-дара.
Қолдай көр, ер Қаптағай, ата-бабам,
Сөзімді тыңда, құрбым, келсе шамаң.
Ақсүйек пайғамбардың тұқымы деп,
Сөзімді естірткелі келдім саған.
Тақсыр-ау, күні құрсын ұрғашының,
Билігі болмаған соң бір басының.
Тері-терсек берген соң ит те алады,
Бұлындай берекесіз арбашының.
Әкемнің төрт түлігі бәрі де сай.
Алты ауыл аруақты үш ағам бай.
Бұраңдап асау керей жүрсем-дағы
Тоқтыдай борышқа кеттім уа дариға-ай.
Баста құдай бұйыртпаса, нәсіп етпес зарлағанға.
Тұңғиық сезім терең барлағанға.
Тақсыр-ау, он жетіге биыл жеттім.
Сан жүйрік ілесе алмас самғағанда.
Хан, қара шаршы топта сөз сөйледім,
Көз көрмей, бәрі бекер нанбағанға.
Бөденедей қырғи алған жұмарлармын
Құдайым қуат берсе шыбынжанға.
Арсалаң, Саниязбек іздеп келіп,
Шошыған жүгірістен танбағанға.
Сөйледім қаз мойынды жарма-жалмен
Әкеме ұлдай боп ем біткен малмен.
Аулында Тұрысбектің сөз сөйлестім
Баласы Қожағұлдың Біржан салмен.
Үйінде отыр едім Тұрысбектің,
Бұл үйге құдай айдап дұрыс кеппін.
Қасында жеті-сегіз жат кісі бар,
Сөйлес деп даусы шықты Жүнісбектің.
«Бұл үйде кім бар?»—деді келе сала-ақ.
Отыр ем домбырамды қолыма ала-ақ.
Есімбек, Маман құтым, ер Шерубай,
Қасына еріп келген өңшең, манап.
Кісі екен отыз екі жолаушымен.
Ақ үйдің жабығынан көрсем санап.
«Сүйінші, іздеген қыз осында»— деп,
Біреуін тонап жатыр жаудай талап.
Сырлаған домбырасын қолына алып
Ән шырқап қоя берді жүндей сабап.
Біреуі атын ұстап тұр шаужайынан,
Сөзінің білдім Біржан ыңғайынан.
Толықсып — төңкеріліп ән шырқап тұр
Сүйтсе де шошымадым айғайынан.
Сонда Біржанның қызды
Шақырып айтқан сөзі.
Бұл үйде Сара бар ма, келсін бері,
Іздеген келіп тұрмын Біржан сері,
Жолықпай сөзі өктемге жүрген шығар,
Ауылында Тұрысбектің өлер жері!
Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын,
Арғынның, Алтай-Қарпық — ақтан кері.
Барабар сөзі теңдес адам болса,
Көңілімнің тарқаушы еді қайғы-шері,
Қырандай аспандағы желді күнгі.
Дауысымның көтерілер шықса тері,
Болжаған жер шаршысын майталманмын,
Жасымнан маған мағлұм қыз не дері.
Алтын менен күмістің нақысындай,
Міні жоқ, бізден шығар сөз бедері.
Шатыр тік көк майсаға, бір тайды сой,
Кешікпей үйден шықсын болса енері.
Ақ иық мұз балақпын жерге түспес,
Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес,
Басайын аптығыңды, тез шық, Сара,
Сен түгіл әкеңдеймен болдым істес.
Бұл үйде Сара бар ма, отыр нағып?
Қарсы ұшпай тоты құстай қанат қағып,
Жел қабыз, жез тағалы еңреумін,
Қара тер шыққан сайын кетем ағып.
Ғаламға машһүр болдым өлең жаттан,
Қысқартам адымыңды бір-ақ аттап,
Ұялып үлкендерден отыр едім,
Айғайлап ұран салды «Қарқабаттап».

Сараның сөзі:
Көктемде Тұрысбектің ауылында,
Көруші-ем істің қиын, ауырын да,
Біржанның төңкерілген әніменен,
Ешкіөлмес ел жиылды бауырына.
Арындап дәуірлейді барған сайын,
Екпіні соққан желдей, көрдім жайын.
«Шырағым Сара, саған не болды» деп?
Есімбек шыға келді, ағатайым.
«Шырағым, Арғынға орай бар ғой Найман,
Бала едің атағыңды жұртқа жайған,
Кең жерде келістіріп душар болмай,
Қапыда хажы үйінде келді қайдан.
«Тартынба, енді балам», деді хажы,
Адымын, аттан артық, шықты тайдан,
Сөзі бұзық антұрған көрінеді,
Бар еді бір кісідей өлеңге айлаң.
Аптыққан қу Арғынды бір дөңгелет,
Ағаңа осы болсын тиген пайдаң,.
Өнері ұлдан артық қарағым-ай,
Тұрайын мен де тілеп бір құдайдан.
Хажының әлгі сөзі болды себеп,
Қолтықтап көтере көр аруақ демеп,
Дулат, Сабыр, Кеншімбай, Сұртай, Жылтыр,
Жанұзақ, қолда деді, бәрің демеп.
Аспаннан бойға түсті ғайып пірім,
Даусыма жаңғырығар тұрған жерім.
Ән шырқап ақ ордадан шыға келдім,
Көрген соң аттан түсті Біржан серім.
Қозғадым қырмызыдан сөзді талдап,
Басында баяуладым Біржанды алдап,
Төрт қызы Тұрысбектің қасыма ерді,
Ақ үйден шыға келдім «Найман шалдап».
Таңданып жиылған жұрт қарап тұрды,
Қыз да болсам Біржанға балап тұрды,
Қамшат бөрік, күлдері белбеуі бар,
Көк торғын шапанды адам қарсы жүрді.
Түрінен мен таныдым осы Біржан,
Сандалтып орта жүзді әнмен қырған,
Сарысұр адам екен тым өңді емес,
Құбылар тоты құстай әлгі антұрған.
Біржан салдың айтқаны:
Осы ма — деді — Матай бұлбұл құсы?
Көп сұрап жаңа таптым жазы-қысы.
Әуелі қазақшалап көрісейік,
Шырағым, берірек кел, жасың кіші.
Баласын, менен көрі жасың кейін,
Ежелден менің сезім қызға бейім.
Бері кел замандасым, Сара жазған,
Тоқталып бөгелесін, неге кейін.
Мен Біржан қызға барман аяғымнан,
Шын қызсам дәуірлеймін баяғымнан.
Бері кел, ұрғашылық қылма жаным,
Дәндеме наймандағы саяғыңнан.
Найманның, болады екен қызы надан,
Үлгісіз қалай халық түрі жаман.
Ағаға іні келер біздің елде,
Кеп боп па, сұрасуға есен-аман.
Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,
Сен түгіл сенен артық құмар маған.
Жалымнан ұстаған қызда арман қалмас,
Жібек жал арғымақпын тұмарлаған.
Еркек тілін алмайтын жының бар ма?
Адам деп сөз айтамын Сара саған.
Сонда қыздың берген жауабы:
Жалынмын жанып тұрған нөсерге өшпес,
Болатпын екі жүзді алмас кеспес.
Жөнімен сөздің жөнін сөйлеу керек.
Сандалып Арғынмын деп қылмай егес.
Ей, Біржан, кімге дәрі амандығың?
Сөз білсең бұ да сенің жамандығың,
Қыссасул-анбиядан көрмеп пе едің,
Белгілі мағлұм болды надандығың.
Адамды топрақтан жаратқан хақ,
Надандығың білінді бұл сөзге бақ.
Хауаға бұрын барған Адам ата,
Естігенің жоқ па еді мұны да ақмақ.
Данышпан білгіш қой деп ойлаушы едім
Арғында жүр екен ғой жоқты мақтап.
Найманда екі жүзді нар кескенмін,
Желкеңді қимақ үшін қойған саптап.
Тозаңын, анда-санда бір бұрқ етер,
Саулатсам бейпіл желді екі жақтап.
Күн көргелі келдің бе құрдым Арғын,
Жинауға сынық малта Найманды ақтап.
Артыңның ашыларын білмейсің бе?
Көрпеңді көсілсеңші бойға шақтап,
Жерге кіріп кетерсің жынды антұрған,
Шын қазсам асты-үстіңді жездей қақтап.
Делбелігі емес пе Біржан салдың,
Кісісін жеңе-тұғын жаңа таптық.
Талпынған жас баланың, білегіндей,
Қолымнан ұстатпаймын сен итке аппақ.
Сонда Біржан сөйлейді:
Жіберді домбырасын көкке сермеп,
Ағытты түрлендіріп әннен өрнек,
Сөзіме ызаланып алғаннан соң,
Дауысқа салды Біржан аспанға өрлеп.
«Мың жарым жылқы біткен Қожағұлға,
Сөйлеткен сені балап қазақ ұлға,
Асықша ақ жамбыны сұлуға аттым,
Тиінім шыққан емес сендей тұлға.
Сайратқан Орта жүздің бұлбұлымын,
Қызығып жүргенім жоқ алар пұлға,
Күшігін асыраған ұрғашы иттей,
Азғындап шектің Сара жылдан жылға.
Қырсығын, өз басыңнан арылған жоқ.
Тегістеп айыбыңды тізсем қылға.
Қолыңнан ұстатпайтын ерке болсаң,
Күлімсі әкең неге берді құлға.
Бар екен жаннан артық сөйлер сөзің,
Сүйенген қызыл тілге шын сорлы өзің,
Қолға түскен қалмақша ықтиярсыз,
Төрт болар құлға барсаң екі көзің.
Сөзіңе таң қаламын сынай алмай,
Айтқаным кетті саған ұнай алмай,
Көзіңді күшік құрлы бір ашпайсың,
Қортиған шірігіңді құдай алмай,
Есекке қосақтаулы бір қашырсың,
Күң сырын көпке жаяр жылай алмай.
Құшақ толар еркекке арапшың бар,
Сәнсисің күйгеніңнен шыдай алмай.
Жан жетпес ән-жырымның өрісіне
Құданың ризамын берісіне.
Сықылды қортық тайша бармақ байың,
Бір қойдың сыяр тұлып терісіне.
Алыстан түлеп ұшқан түз құсындай,
Біржанның жұрт таң қалар келісіне.
Қайғылы қара кемік байтал түгіл,
Арғымақ ат шыдамас желісіме.
Бәйге аты серпуіме шалмайтұғын,
Әрқашан жұрт таң қалар жүрісіме.
Мойыным жүзген қаздай иіледі.
Орта жүз ән шырқасам сүйінеді.
Арғынның жалғыз тоны қолға түссе,
Төрт Найман орта бойлы киінеді.
Найманда байлық бар ма біздің елдей?
Жүрсем де адам боламын мұнда келмей.
Қыз сөзін кек көрмейтін сайтаным бар,
Онымды тастамаймын өзім өлмей.
Атадан Біржан сал боп тудым артық,
Ұраным «Ер Қарқабат, Алтай-Қарпық».
Аққумен аспандағы ән қосамын,
Қозғасам ащы күйді түптен тартып.
Қырмызы, асыл бекзат бір мінезім,
Кетер ем еркек болсаң бір-ақ тарпып.
Қыз итті сыйлай-тұғын бір мінезім,
Самғаймын бәйге атындай артып-тартып.
Көкшетау дуанына даңқын, барған,
Мен Біржан алтын тудай айқындаған.
Естігелі, Сара сені, үш жыл болды,
Сері едім төңірекке құлаш жайған.
Түлкінің жүгірісін қыран байқар,
Ұялсаң, сөзің емес маған айтар,
Қанды көз, май жеп алған, ақиықпын,
Сен түгіл қасқыр көрсе бірақ шайқар.
Қайтару сұрамаймын келсе әнім,
Қыз сөзін парық қылмайтын ескі заңым,
Күнінде он көрінсе айнымайтын,
Кек төбет болды деме мені жаным.
Төстіктен жұрт таң қалар кергеніме,
Жеңбесем қуанбаймын келгеніме,
Ақ марал, осы жолы жығылмай кет,
Алтайдың душар болдың мергеніне.
Өзімдей бір басты адам сөз білмейді,
Құданың мың шүкірлік бергеніне,
Қыз сөзі батқан сайын жаным кірер,
Қарамай, қатты сөйле, өлгеніме.
Адымым күні бүгін қалыбында,
Екі жыл отыз беске келгеніме.
Қуырылып апшымның қай сасқаным,
Өтірік ентелетіп желгеніңе,
Көзімнің Көкшетаудан қыры түсті,
Аталық Қаптағайда жүргеніңде,
Аю болсаң басамын «аф» дегенде
Түспеймін жаман құстай көргеніңе.
Сонда Сараның, айтқаны:
Әй, Біржан, жасың үлкен, өзің аға,
Қымбаттығым белгілі білсең баға,
Қамысты терең көлдің сұқсырымын,
Қаңғырған ілдірмеймін қаршығаға,
Ежелден сен белгілі желді көрік,
Таң қалдым сәулетіңді сенің көріп,
Сені айдап ажалыңа алып келген,
Құт Маман, ер Шерубай қасыңа еріп,
Сөйлетпей шыға сала кеттім дерсің,
Түрімді көрсетейін сөйлеп беріп.
Қарны ашқан қырсығы бар еркек мысық,
«Сасық» дер аузы жетпей, майдан жеріп,
Кездеспей мен сықылды өнерпазға,
Дәндеме жүрген күңнен тезек теріп.
Өлеңді қолқа қылсаң ағытайын,
Самарқан жібегіндей оннан өріп.
Әншейін сыпайы деп қимай тұрмын,
Кезіңді төрт қылар ем иттей керіп.
Сөзбенен жеңемін деп ойламаңыз,
Бір жерден мүдірер деп көңіл бөліп.
Тіліңді тарта сөйле, Біржан батыр,
Жарамас жүдеп қайтсаң, іздеп келіп.
Тартылып таразыға тең келмейсің,
Тірілсең ертең кешке, бүгін өліп.
Арғынның тантықтығы міне осындай.
Кім байқар ер қадірін сөз қосылмай.
Жай тастап құшағымды кең созамын,
Сен түгіл әкеңнен де бір шошынбай.
Күшпенен көндіремін болмасаң да,
Түстеніп тамақ жерсің, қонбасаң да.
Аптығып ақынсынып сандырама,
Ойлайсың артықпын деп оңбасаң да.
Найманға жалғыз тиын керегің жоқ,
Келесің қайыр сұрап анда-санда.
Мен пәлен дегеніңе сескенбеймін,
Шошыр деп қоразданып алдасаң да.
Ақыр өнер барынша байқасармын,
Өзіңді өзің мақтап арбасаң да.
Қарамды әр-берден соң бір көрмейсің,
Соңымнан үмітті боп қалмасаң да.
Тоймайтын жеті басты жалмауызсың,
Ескі-ұсқы елден жиып алмасаң да.
Қуып жетіп озармын Найман шалдап
Пысықсып ап дегенде самғасаң да.
Ей, Біржан, ділмәрсімай жүр жайыңа.
Әке десең көнбеймін ыңғайыңа.
Жауды аяған жаралы болар деген,
Шын тілеп сөйлейінші құдайыма.
Жылқының арығындай Арғын кедей,
Тойғансып мәз боласын, ішпей, жемей.
Құр айғай салғаныңа кім шошиды,
Жеңермін иттей қылып, адам демей.
Найманның аруағынан кет садаға,
Әзәзіл бола берме екі араға.
Жанақ та қобызымен түк қылған жоқ,
Оңай ма сендей сорлы бишараға.
Орынбай іздеп келіп кеткен қаңғып,
Жеңген жоқ Кеншімбайды о дағы аңдып.
Жанақ қашан жол алды Сабырбайдан,
Жаманын көтереді Арғын сән ғып.
Біржанды әке десе менсінбеймін,
Жаратты қыз да болсам сонша паң ғып.
Жынды бота сықылды бір делбені,
Құдайым тірі қойған несін жан ғып?
Біржанның айтқаны:
Арғынға жете алмайды Найман өлмей,
Ежелден артық туған теңдік бермей.
Жеңбесем осы жолы Сара сені,
Өлгенім жақсы емес пе үйді көрмей.
Сараның айтқаны:
Ей, Біржан, өнер бітер қай жеріңе?
Бұл жолы пайда ілінбес құр теріңе.
Жеңбек түгіл келмейсің ширегіме,
Әкеңнің менен қорықсаң кір көріне.
Біржанның айтқаны:
Арғынның көз жеткісіз аймағы бар,
Төңірек жеті дуан ойнағы бар.
Кім жетер Жанайдарға Алтайдағы,
Алты жүз жас бота мен тайлағы бар.
Шалқыған Жәнібек пен Тұрсын, Жанай,
Ит қосты Нұрмұхамбет, Досан,Қанай,
Солардың хисабына көз жетпейді,
Ол түгіл бір Шақамдай болсаң қалай.
Қаржаста бір құтым бар Мұса, Шорман,
Үзілмей келе жатыр ескі қордан,
Қажының белбаласы Садуақас,
Құтқарған сан қыранды түскен тордан.
Ұл туған Қазанғаптай ата ұлынан,
Тұқымы декдар шыққан жатынынан,
«Полковник» шен алады туа сала,
Шырылдап туған бала қатынынан.
Шыныбай асып еді, пір шағында,
Жан жетпес ер Қажекем аруағына.
Жамантай, Құсбек, Шыңғыс, Сартай терем
Ілінген талай Найман қармағына.
Тәттімбет ардагерім Арғын асқан,
Қырық түрлі күй ілінген бармағына,
Ежелден әрі баймын, әрі молмын,
Шын қызсам шыдамайсың зардабыма.
Адамның ақиығы хажы Құнанбай,
Сан жүйрік cay кеткен жоқ бір сыналмай.
Найманның әулиесі батыр Барақ,
Ішқұста болып кеткен түк қыла алмай,
Ыбырай жас жолбарыс білектенген,
Дұшпанға арыстандай жүректенген,
Өзінің заманының бозбаласы,
Перінің жігітіндей іргектелген.
Ей, Сара, қайсының бар оған жетер,
Өнерін көрген жанның есі кетер.
Адамның жалғыз басты білімдісі
Оны да жамандамас Найман бекер.
Орта жүз Абай қойды атын батпай,
Үйіне ояз кірмес жауап қатпай,
Арғынның асылдығы міне осындай,
Наймандай ағайынын жүрген сатпай.
Бар болса, бұған орай қоймай сөйле,
Әйтпесе сөзіңді қой босқа шатпай.
Сараның айтқаны:
Ей, Біржан, сөз сөйлейін анықтатып,
Көңілің ауырмасын, қабақ қатып,
Көкшетау, Қызылжарда талай Арғын,
Күн көрген жанын жалдап, жатақ жатып,
Найманнан қай жерің бай мақтағанмен,
Тентіреп нан жемейміз шілік сатып.
Бармаған соң жайымды білмейді деп,
Құр босқа мақтанасың тәңірі атып.
Найманда, Қаракерей, Сыбан, Мұрын,
Жеті ата Жолымбетке құйған нұрын,
Шерубай, Тана мырза, ер Тәуке-бай,
Қай қазақ сөз бастаған онан бұрын.
Баласы Қозыбайдың Тілеуберді,
Алихан оның ұлын әркім көрді.
Құдайдан қорыққан Арғын осал демес,
Қарадан хан боп шыққан Қисық ер-ді.
Жан жетпес Бабатайға Жалбы Жанақ,
Аққожа би, Ақтайлақ асқан манап,
Ақтамберді, Алтыбай, Ырайымбет,
Дұшпанын қуалаған қойдай талап.
Кенжеқұл, қазақ жетпес бабасына,
Төрт арыс билік айтқан баласына.
Байтұқа, Кеңесбай мен Құт Данияр,
Тұңғиық сөздің сөйлер шамасына.
Арғын жоқ мақтанғанмен Тойғылудай,
Қор құйған қыдыр келіп сабасын-ай,
Бірін-бірі аңдыған қу Арғынсың,
Мақтанған мінсең орыс шанасына,
Екі жыл бақ айналса біреуіңе,
Қайдағы жаулық қылған данасына.
Арғында кісілік жоқ мен білмейтін,
Қарны ашса қарамайды анасына.
Кім жетер Қабанбайға дуа қонған,
Үзілмей тұқымына қуа қонған,
Қожағұл, Әлі, Жәкеш, ер Әділбек,
Сүлеймен оның ұлы шықты соңнан.
Бұтабай, Байжігітте, құт Шиямбай,
Сасан би, шапты Кенже жауға аянбай,
Шынымен құлаш ұрып самғай берсем,
Қаласын, жетпек түгіл бір таянбай.
Таласпас, Танекенің жан бағына,
Жеңермін егер тартса іс ағына,
Шетінен қыдыр қонған өңшең құтым,
Мың-мыңнан құт тастаған арт жағына.
Арғынның болад дейді қызы сойқы,
Шот маңдай, иегі ұзын, мұрны кейкі.
Бұйра шаш, дөң жаурын, қысқа тұмсық,
Дорбелжі дорбиған күң ойқы-шойқы.
Жігіті Қоқандықтың аңлағандай,
Аптығар өрттің шалқып жанғанындай,
Асыққа ақ жамбыны ертіп құйған,
Найманның жігіт қайда Бағланындай.
Екі ауыз ән білгені ақынмын дер,
Қыдырдан түсте бата алғанындай.
Ұятсыз сіздің елдің бәрі даңқой,
Айтпасаң мұнан басқа қалғаныңды-ай.
Қапыда қалдым деме, ақын Біржан,
Көңліңнен қоймай сөйле арманыңды-ай.
Сара ақын екеніне көзің жетпей,
Осында қайдан білдің қармануды-ай.
Найманнан жылда тойып кетсең-дағы,
Қоймайсың жылда келіп жалмануды-ай.
Елу күн ғайып білген сұсты құспын,
Білмеймін, әкеңнен де алдануды-ай,
Өзіңді ата қылдың, құс та қылдың,
Жайымды адам күймен атайын мен.
Өнерге екі жағым бәрі бірдей,
Құр босқа бөгелемін келіспей нем.
Сайраған бүтін Найман бұлбұлымын.
Ұрғашы ғой демесең, қай жерім кем.
Құдай талап бермесе сүйегіне,
Жабайы тұлпар болмас жегенмен жем.
Арғымақ ғиялының артығымын,
Он күндей тынбай шапсам бір алмас дем.
Өз басым ұрғашының қара тілі,
Иранбақ бет бітісім қызыл гүлі.
Біржан сал, құдай айдап өзің келдің,
Іздеуге ойланып ем өткен жылы.
Майысып нәзік белім бұраң қаққан,
Қырық түрлі, дана кеудем өнер тапқан.
Сөйлесе май тамызған бұлбұл тілім,
Сықылды кәуһар сағат нақыс шапқан.
Ажымсыз он саусағым бәрі де аппақ,
Болғанда аузым сағат, ернім қақбақ.
Міні жоқ отыз тісім меруерттей,
Ерінбей тіздіргендей адамзатқа-ақ.
Мойыным сұңғағындай жүзген қудың,
Лебізім шырынындай шарбат судың.
Қаққанда төңкерілген қас бітімім.
Ашылған айбатындай жібек тудың.
Қырмызы қызыл жібек маңдайым кең,
Арғынның құдай кәне, қай қызы тең.
Тал бойым ұзын да емес, қысқа да емес,
Азар дұшпан болсаң да қай жерім кем.
Тамағым жас баланың білегіндей,
Иығым нақ сандалдың тірегіндей.
Бет алдым қоңыр қаздың кеудесіндей,
Тал бойым жолбарыстың жүрегіндей,
Арғынды мақтасаң да артық Найман,
Жетпек тұрсын байлыққа өтті Найман.
Бұралқы елге сіңген күшік иттей,
Бай болсаң мұнда Біржан, келдің қайдан.
Найманның Арғын жетпес қоғамына,
Қаласың бекер мақтап обалына,
Базарда қымыз сатып күн көресің,
Естимін таянды деп жоғалуға.
Мақтанып жоқ нәрсеңді айтпа маған,
Рас жаным ашиды Біржан саған.
Сөз білсең көп таласпа меніменен,
Алысып құр қу даңмен қалмас бағаң.
Ей, Біржан, шыдамаймын қылығыңа,
Мақтанба Құсбек, Сартай ұлығыңа.
Үстіне Жамантайды сомдап қоссаң,
Барақтың пар келмейді сынығына.
Ұстаған Тобықтыға дүре соғып,
Аққан қан ат суарған тұнығына.
Қапанның Байқарамен қосы қонса,
Жетпеген қалың тоғай қорығына.
Қазбек Құнанбайды найзалаған,
Төрем түгіл Төленгүт, жорығына.
Садырбай, Жаманбала, Арқабайым,
Төл емген екі енені марқадайын,
Есілге, Едіреймен қамалған қу,
Көкмайса жерің бар ма Арқадайын.
Ақ Найман Қожамбетке Арғын жетпес,
Төрт ру Қаратайдан қазақ етпес.
Көкжарлы Сары, Жомарттай қайсының бар,
Қызығы Мысыр, Шамдай естен кетпес.
Есігі іргенекті жатыр талай,
Ойласаң есің шығар санай-санай.
Бора батыр көптігі толық дуан,
Атасы әулие өткен ер Қонақбай,
Дәулетке Бора-дағы артық асқан.
Кім баймын дегенменен жағаласқан.
Жаяубайлар көрді ғой малдан ыза,
Қозғалып көшіп жұртқа жете алмастан.
Қайсы Арғын жетеді Аман, Көшеріме,
Мен дайын сөзді қалай десеріңе,
Кең қолтық өзім теңдес кез болмаса,
Алтайдың көзім толмас есеріне.
Түйкі мен Жоламандай тумас қазақ,
Дұшпанын беттетпеген жүндей сабап.
Менімен айтысуға қайда жеттің,
Жыл сайын мүжуші едің сүйек қажап,
Қоңырға жан теңелмес Бәкешпенен,
Құр айғай түк өнбейді егеспенен.
Түнеп қыдыр қонбаған Ыбырайға:
Күн етті тойсам деген өңешпенен.
Ел арытпас Серікбайдың жарлығынан.
Құт болды бас қыдыры барлығынан.
Мақтаған ЬІбырайың дәнеңе емес,
Бүлінді бар Тобықты пандығынан.
Наймандай, Арғын болмас қоңыр майда,
Ел тоқтар бір мінез жоқ Ыбырайда.
Қазақта өнері асқан ер болғанда
Бағланы Жігітектің кетті қайда.
....................................................................

Сал Біржан, мақтансаңшы түбін ойлай,
Арғынның бәрін білем бірін қоймай.
Күнінде-ақ болып тұрған ел бүлінді,
Тобықты быт-шыт болды үріккен қойдай.
Быт-шыт қып Тобықтыны тентіретті,
Түбіне аяғында түгел жетті.
Елге құт, берекелі кісі болса,
Маңғазы Шекетайың қайда кетті.
Өнердің күш көрерсің өкімінен,
Сезімнің түйсең керек секілінен.
Жарыған жалғыз Арғын көрінбейді,
Жас қызын ұстап берген кекілінен.
Түйеше құр бойыңа сенесің сен.
Қара керей Матайға жау болған жоқ,
Барақтың артық қайрат етуінен.
Ісің жоқ Найман қуып жетуінен.
Тойғұлының асында бәйге тікті,
Тоғыз қыз Арғын берген жетімінен.
Төлеуші ең бір түйе ұрлап екі бала,
Антұрған ұялмайсың бітіміңнен.
Құтырмай жайыңа жүр жынды делбе,
Келіп кісі болмассың біздің елге,
Сыр білмейтін жеріңе мақтана бер,
Бұл жақта құр айғайың кетер желге,
Ей, Біржан, көңіліңді тындырайын,
Аруақ пенен құдайға ұрдырайын.
Найманда түлеп ұшқан ақиықпын,
Топшыңды қанатыммен сындырайын.
Құнанбай не себепті Омбы барған,
Ер еді өз басы әділ қылды жарған.
Ел тоқтап сасқан кезде ұйытқы болар,
Баласы жоқ ақ дейді оңды болған.
Ей, Біржан, бұ да жетер бір басыңа,
Құл болып одандағы тұр қасыма.
Сен дағы жас күніңнен ардакерсің,
Құрбың мен жеткізбеген құрдасыңа.
Әуенің жез сырнайдың көмейіндей,
Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына.
Ақын емес жігітсің әңгімешіл,
Мұныңмен шыға алмайсың қыр басына.
Он Жанақ, он Орынбай жолдас алсаң,
Мен кепіл сен жеңілмей тұрмасыңа.
Есің болса, осымен тоқта Біржан.
Арғынды бос қаздырмай ұрғашыға.
Сонда Біржанның айтқан жауабы:
Құтыма тіл тигізбе, ер Құнанбай,
Алашқа аты шыққан кер бұландай,
Ескермес он ақынды есіл басым,
Қадалдың маған Сара сұр жыландай.
Сен түгіл жеткен емес еркек қуып,
Төмен болған жерім жоқ, өзім туып,
Шынымен жайнаң қағып самғағанда,
Тұсыма келген емес адам жуық.
Менсінбей қапы болып өкінермін,
Ызғарлы көрінеді сөзің суық.
Болдырып түстен кейін сандырарсың.
Байталсың қапелімшіл бір жел қуық.
Барынша өнеріңнің аянбай сал,
Көңілімді көтермей-ақ сөзбен жуып,
Мені қалай сен бала кемітесің,
Жорғамын сарынымен самғайтұғын.
Бәйге аты серпілімді шалмайтұғын.
Әнімді он екі взвод жіберемін,
Есіңнен өле-өлгенше қалмайтұғын.
Ежелден құлаш мойын көк айылмын,
Ылауға жеті күнге талмайтұғын.
Болатпын екі жүзді жетем құрыш,
Күйсеуін шапқан түйе танбайтұғын.
Гауһармын бозбалаға сәуле берген,
Дәндеме жаманыңнан жанбайтұғын.
Ой желке, қамыс құлақ қара көкпін,
Тұнықтан жүзіп ішпей қанбайтұғын.
Ұрғашылық қылмасаң бір басыма,
Қазақ жоқ Біржан десе нанбайтұғын.
Даусымның жаңа түсті кәрі жыны,
Дәуірлеп барған сайын болмайтұғын.
Қарқабат, Қарақожа ата-бабам,
Осындай ерегісте қолдайтұғын.
Қырымға қарайтұғын қара кермін,
Аң алмай жерге бекер қонбайтұғын.
Айнымас қанды балақ ақиықпын,
Тұяғым тиген қасқыр оңбайтұғын.
Асылмын аспандағы құс болғанда
Қаңтарда қалшылдаған тоңбайтұғын.
Тұлпармын «Көрұғылының» Пырағындай,
Алдына жүгірсе алдына мал салмайтұғын.
Рүстем-Дастандаймын дәл өнерге,
Меңгеріп кісі билеп алмайтұғын.
Бір итке елің неге берем дейді!?
Алаштан лайықсың таңдайтұғын.
Он бестен ұрғашыға саятшымын,
Күн сайын қанжығамды қандайтұғын.
Аңдап бас аяғыңды, байғұс Сара,
Мен сенің кісің емес алдайтұғын.
Сонда Біржанның айтқан жауабы:
Қазақ жоқ хан Бараққа теңгерілген.
Күшімен Арғын — Найман меңгерілген.
Есіл ер, аруақ біткен заманында,
Тоқтыдай сан Тобықты өңгерілген.
Еркек жоқ өз басыма теңгерілген,
Сөз пірім он жасымнан меңгерілген.
Небір көзге олқы боп көрінсем де,
Сан жүйрік қойдан оңай өңгерілген.
Ұшырған тәрбиелеп ақ тұйғынмын,
Матайдың Қаракерей сеңгерінен,
Даусыма аспандағы құс айналар,
Құбылып тоты құстай төңкерілген.
Антұрған, құдай қане, жасырмай айт,
Сөзім жоқ бір кісіден кем көрінген.
Сайраған мен бір Найман бұлбұлымын,
Қапаста жел тигізбей жем берілген.
Жұрт сыншы, өзі білмес екі даугер,
Белгі жоқ адымында теңгерілген.
Мақтанғаным болмаса осы кеудем,
Он Арғын шалымымнан кем көрінген.
Бірінен-бірі дамып асып түсер,
Дауысым алтын тудай, шан, көрінген.
Сонда Біржанның атқан жауабы:
Жарайды, жаным Сара, осы сөзің,
Тас түлек тұрымтайдай екі көзің,
Сөз айтар қандай адам деген кезде,
Алдымнан құдай айдап келді кезің.
Бір асқанға, бір тосқан бар-ақ деген,
Талайдың қисық деуші ем құрған тезін.
Шіркін-ай мұндай жүйрік туармысың,
Сөйлейсің алтындай ғып сөздің жезін.
Қанатын күн шалмаған ақ тұйғынның,
Жапалақ иемденер басқан ізін.
Қор болдың бір қортыққа Сара қалқам,
Армансыз қылар кімнің үйі-түзін.
Дені сау адам емес Тастанбегің,
Жүр екен тастай алмай о да қызын.
Біліп ем, Сара, сенің сыңарыңды,
Баса алмай армандамын құмарымды,
Ақ үйден айғай салып шыққан кезде-ақ,
Білгенмін сөзге қайрат қыларыңды.
Сұмдықпен бит ішіне қан құясың,
Білмейсің неден зар боп жыларыңды
Майысқан сегіз қырлы жүйрік-ақ сың,
Қай жерден болжамайсың тынарыңды.
Шақыртып күйеуіңді осында алдырт,
Көрейін таңдап қосқан сыңарыңды.
Тез алдырт күйеуіңді Сара саңлақ,
Көрейін еркегіңді тиген таңдап,
Ырас жаны ашыса Тұрысбектің,
Белгісі білінеді келсе сонда-ақ.
Шыбықтай жігіт шығар өңі нұрлы,
Өнері өзің теңдес сегіз қырлы,
Шеберден мін алатын мініскермін,
Ер шығар тоты құстай неше түрлі.
«Жақсыны көрмек үшін» деген Сара,
Өзің түгіл ел қамын жеген Сара,
Мырзаңды ит Жиенқұл шапшаң шақырт,
Ұялып бөгелесің, неге Сара?
Сонда Сараның Найманның
жақсыларына шағынып айтқаны:
Хажеке-ау, мынау қалай ақырады,
Жиенқұл тез келсін деп шақырады.
Көруге асылыңды әпкеліңдер,
Аулыңда ол келгенше отырады.
Арғынға жол бермеген есіл тілім,
Күн етпей, қор боп ұшқан қызыл гүлім,
Сіздерден ұялғаннан үндемеуші-ем,
Есекке қосақтаулы өтті күнім.
Өзі білер деуші едім жақсылардың
Ақыры қайғы болды енді мұным.
Алтайдың сандағымен сөйлесем де
Жоқ екен жүйрік иттей өлсем құным.
Сіздерге сенетұғын сорлы басым,
Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім,
Өздерің Жиенқұлды көріп едің,
Құдайдан қорықпай шыдап беріп едің
Отырған «Найман шалдың» аруағына,
Бәріңе қыз да болсам серік едім.
Біржанға көрсетіңдер Жиенқұлды,
Бар жұртқа оның сыры аян болды,
Ұяттан кісі өлмейді, сағы сынар,
Қайтейін құдай қосып нем болды.
Итіңді келмесе де келтір байлап,
Өлмесін зығырданым күнде қайнап,
Ағалар нәсіліңе дұрыс болса,
Құдайға тапсырамын «Қаптағайлап»,
Хажеке-ау, көріп келдің хақтың үйін,
Мен түгіл ботаңа да зорлық қиын.
Жиенқұл ерім болып тұрар ма екен?
Күнінде таңда — махшар болса жиын.
Көзімді аш, көңілімді ала қылмай,
Кетсең де өкпеледім бала қылмай,
Сыртынан елеңменен шақырайын,
Біржанға өзімді-өзім таба қылмай.
Сәлем де Жиенқұлға келсін жатпай,
Келуге шошынады неден батпай,
Әркімнің қолда бары өзіне алтын,
Біржанға бір тырнағын тұрмын сатпай,
Көрінсін Біржан салға ай сықылды,
Ақ құйрық көңіл ашар шай сықылды.
Ұсынса қол жетпейтін арғымағым,
Арғынға баламаймын тай сықылды.
Тез келіп амандассын Біржан салға,
Көрінсін айбаттанып Арғын шалға,
«Әркім теке қояды өз ылағын»,
Әйтеуір мені сатып алды малға.
Бермесін дұшпаныма намысымды,
Біледі, Арғын — Найман дабысымды,
Бар болса шыбын жаны шапшаң жетсін,
Ел таныр арғымақтай шабысымды.
Қылмасын дос Жиекем сөзге сынық,
Шарбаттай ағып жатқан сөзім тұнық,
Қамалдан тартынбайтын қайран басым,
Көлге кеп қойып кетсін көзді жұмып,
Асылым құдай берген өз бағыма,
Теңелмес жеті Біржан тырнағына,
Найманда ұлы дария саяткерім,
Балық боп ілінгенмін қармағына.
Бағының зор екенін көрсін Арғын,
Сықылды салтанатым батыр Тарғын.
Көрмеп пе Біржан ондай болам десе,
Сескенбей шапшаң жетсін біздің балғын.
Бесіннен қалмай жетсін жаны болса,
Бөгелмей жете көрсін әлі болса,
Елден қайыр сұраған кедей Біржан,
Алмай ма, мендей қызды малы болса.
Көрінсін саясатпен менің серім,
Сол еді құдай қосқан барар жерім,
Кедейге қонақ асы тай әкелсін,
Талабы Тәттімбеттей асыл серім.
Сонда Біржан сөйлейді:
Көрейін, кісі жібер, күйеуіңе,
Көнбейді жаман болса сүйенуге,
Күйеуің қандай екен, көзім көрсін,
Адамның таласасың біреуіне.
Жасырмай көрсет көзге келтіріп-ақ,
Сөзбенен жүдеттің ғой өлтіріп-ақ,
Ұялмай осы топқа көріне ме?
Өнерсіз жігері жоқ жетпегір-ақ.
Сараның айтқан сөзі:
Хажеке-ау, кісі жібер балаңызға.
Әзәзіл болды Біржан арамызға,
Сыртынан мақтасам да керек болды,
Көрсетпей жігітті ұрлап қаламыз ба?
Өзіңнің құла жорғаң барсын оған,
Жиекем «Бижан» ерін салсын оған.
Біржанды бір қаққаннан қалдырмас ем,
Құдайым мені жар ғып қосты соған.
Хажеке-ау, алдыртыңыз қонақ кетпей,
Біржан тұр көремін деп сөзге бітпей,
Ажал да кісі таңдап алады екен,
Сол итті, неге қойған алып кетпей.
Қонжиып мінер құла жорға барса,
Келе алмас сол шіркінің қорғаласа,
Рас бізді масқара қылар сонда,
Қорс етіп бармаймын деп үйде қалса.
Кісі емес ел намысын ұққандай-ақ
Ер бияз елсіз тауға шыққандай-ақ.
Жиенқұл күжірейіп келер ме екен,
Он мата арқасына тыққандай-ақ.
Бар еді ұлы-қызың хажы аға,
Қалдым ғой Біржан деген беймазаға,
Өзіңнің болып тұрған заманыңда,
Дені сау кез болмадым бір тазаға.
Арғынды бір дөңгелек деп едіңіз,
Мен түгіл Найман қамын жеп едіңіз.
Меке мен зиярат қылып Байтулланы,
Бақытыма аман-есен кеп едіңіз.
Көрмейсіз неге менің көз жасымды...
Сол жерде Біржан тоқтап сөз басылды.
Жиылған «Қаптағайдың» жақсылары,
Басқаға айырып бер өз басымды.
Алдырып не қылады оны Біржан,
Көруге ынтық емес соны Біржан,
Арғыннан асып кеткен бай болмайды,
Жеткенмен Жиенқұлға қолы Біржан.
Сонда Біржанның айтқаны:
Шырағым Сара, сендей тумас бала,
Шежіре туармысың мұндай дана.
Обалың Есімбек пен Тұрысбекке,
Жігітің жөндеу екен ей бишара.
Ел-жұртың қорықса керек көз жасыңнан,
Қиып кеткім келмейді мен қасыңнан.
Кемітер қай жеріңді дұшпан шіркін,
Адамзат озар емес бір басыңнан.
Жіберме Жиенқұлға шақыруды,
Өнерсіз үйде білер аһ ұруды,
Қайнайды зығырданым көргеннен соң,
Алдырма бекер мұнда кәпіріңді.
Білесің, Арғын— Найман тегіс затын,
Алашқа шығып еді Біржан атым.
Кісіге сен сықылды малын шашпай,
Қазақ та қылады екен итті қатын.
Дұшпаның жамандайды не деп сені,
Белгіге жарар саған берсем нені,
Бір басты адам болмас, сен өнерлі,
Айбатың әлемге аян ай бедерлі.
Садаға тырнағыңнан кетсін Сара,
Сан жүйрік көріп едім мен не дүрді,
Сонда Біржан сөз айтты біздің жаққа,
Ұмытпан Сара сені әр уақытта,
Қайырған сөзбен жетіп есіл шіркін,
Көрермін қайта айналып қайсы уақытта?
Есімбек боққа сатпа асылыңды,
Сыйлай көр, қыз да болса, нәсіліңді,
Ұқбасаң, Арғын жоқты айтты дерсін,
Есеке-ау, құлағыңа ал осынымды.
Қылайын көп ұзатпай сөзді қысқа,
Өлеңге жан көрмедім мұнан ұста.
Аты ұрғашы демесең қарындасың,
Адамның артығы екен осы тұста.
Шынымен бапты күнде дұға салса,
Ілеспес ақын түгіл ұшқан құс та,
Обал тұрған орнында жауап та бар,
Жиенқұл тең емес қой бұл байғұсқа.
Закунде зорлық болмас жанды адамға,
Жақсыны қор қып болмас бір наданға,
Жәнеде аят пенен хадис те бар,
Жылатып берме деген еш адамға.
Хажы барған «Қаптағайдың» арыстаны,
Жалғыз сіз осы күнде данышпаны,
Өзіңе құдай беріп тұрған кезде,
Дұшпанның топ етеді алысқаны.
Көрмеп пе Сарадай қыз теңін тапса,
Ішінен өнер қысар аузын ашса.
Қор болып Жиенқұлға жібергенше,
Қытайша он есе артық басын шапса,
Тұрысбек, Есімбектен, cay тұр Маман,
Таянды қайтар уақытым енді маған.
Айналып ендігі жыл бір келермін,
Тысқары топырақтан болсам аман.
Сараны Жиенқұлға бере көрме,
Қызы түгіл ер құнына келер шамаң.
Бар болса сүйегіңде ойларсыңдар,
«Өлі тілін тірі алмас» деген заман.
Байлаулы бала құстай Сара сорлы,
Жоқ екен осы күнде мұнан жаман.

Алқисса, Сараның күйеуінен ұялып, Біржанға көрсете алмай, Жиенқұлды, жамиғы Найман тоқтады, қыз әм тоқтадым — деді. Намыс жақсыларым Жиенқұлдан айырар ма деп, болмаса айтар сөзім басқа еді,— деді.
Енді Сараның өзінің айтқан сөзі:

Сал Біржан, жүріп кетті амандасып,
Екі күн арпалыстым табандасып.
Шіркінге қимағаннан жорға бердім,
Басында сөйлессем де жамандасып.
«Хош Біржан, сау бол,— дедім сағым — керім,
Арда күрең жігітсің әлім-берім.
Қашан өзің өлгенше есіл көзел,
Күнде той, күнде жиын жүрген жерің.
Жүре көр ақын Біржан бізді сұрай,
Тысқары топырақтан қылса құдай,
Аптығып Арғынсынып сандырама,
Көзіңе қыз көрінсе мұнан былай.
Жолықтым атағыңа құмар едім,
Болмаса келместей ғып сығар едім.
Сыйладым сағын, жерде қалмасын деп,
Аттатпай адымыңды қияр едім.
Боп қалды бір көргенім көз таныстай,
Сен-дағы жол бермедің бір қалыспай.
Есекем керек болса бере қалмас,
Кісідей қарапайым бір салыспай».
Тәмат тәмәм
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
биржан сал біржан сал Біржан мен Сараның айтысы өлең олен стихи, біржан сал өлеңдері, биржан сал олендери казакша, біржан сал қожағұлұлы өлеңдері, біржан сал қожағұлұлы өлеңі, Біржан мен Сараның айтысы

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]