Өлең: Ғафу Қайырбеков (Романстар)

Өлең: Ғафу Қайырбеков (Романстар)

I
Кім едің арқада қос бұрымың бай,
Сәулелі жан жоқ еді бұрын мұндай,
Қараңғы сарайымның түкпіріне
Құлаған күннің алтын сынығындай
Қалқам-ау, қалай еді көз қарасың?
Не деген әсем туыс, әз баласың,
Тірліктің пендесінің бәрімен дос,
Тірліктің шұғыласына мәз боласың!
Тұрса ғой осы күйің, осы бейнең,
Шынардай өртке тимей өсіп-өнген.
Сан рет сұлулыққа соғыс ашқан
Содырлар сойқанынан шошып ем мен.
Барады дәт сарқылып, шыдам өліп,
Жұмаққа жан кеткендей жылап еніп,
Аға! - деп меймандостық үн қаттың сен
Ақ қайың арасынан шыға келіп.
Мұң ба әлде, дара жүрген сағыныш па,
Сен айтқан сезім қандай әр дыбыста?!
Махаббат, туысқандық және достық –
Таңда - деп тұрғандайсың бірін ұстап.
Не деген оңаша еді, шет еді аулың,
Білмедім, кездестің бе бекер, бауырым,
Дариға, ауырлығын алғаш көрдім
Ал десе, алып-ақ бір кете алмаудың.

II
Қымыз ұсындың,
Тәтті күліп, сен,
Неге қымсындың,
Көзің жұмып, сен? –
Сол бір белгіңе
Қалдым ұйып мен,
Көрдім көңілімде
Арғы биіктен.
Жүрген орманда
Жалғыз киік пе ең?
Қалдым арманда
Осы минуттен.
Неткен сүйікті ең,
Неткен сүйікті ең?!
Өң бе, түсім бе –
Деген пішінде, −
Көрсем – қымыздың
Тұрсың ішінде.
Сендік ақ бидай
Жұқа өңді мен,
Көмей жақ тынбай
Жұта бердім мен,
Жұта бердім мен.
Сөйтіп бір кешкен
Қайран құмарды,
Деме соны естен
Қалай шығарды,
Ай мен жұлдызды
Қабат тұтқан шақ,
Қыз бен қымызды
Қатар жұтқан шақ,
Келмес ешкімге,
Бермес күрсінсең –
Ақын бақыты –
Сол ғой түсінсең!

III
Көрдің бе, сен, күн сәулесі
Айға барып түскенін,
Көк әлемнің қос еркесі
Құшақтасып сүйіскенін?!
Қызыл білек, шұғыла саусақ
Ақ мойынға оралар,
Нұр сәукеле, алтын шашақ
Ай киер де жоғалар.
Күн өкпелеп, тұрмадың - деп,
Аспанды өртеп, зымырар,
Қуа-қуа құмарын көп,
Көк жиекке жығылар.
Көк жиекті етіп жастық –
Ұйқыға енсе ол сері,
Түн дүниеге болып бастық,
Баса түсер еңсені.
Көрдің бе, сен күн сәулесі
Айға барып түскенін.
Көк әлемнің қос еркесі
Құшақтасып сүйіскенін?!
Көрген жоқсың, көрмейсің де,
Сезінерсің тек қана.
Ғашықтықтың пернесін де
Басатұғын жүрек қана
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
ғафу қайырбеков Романстар өлең стихи на казахском гафу каирбеков олен казакша, ғафу қайырбеков өлеңдері, гафу каирбеков олендери, гафу каирбеков стихи на казахском, Романстар

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]