Өлең: Мұқағали Мақатаев (Мұзбалақ)

Өлең: Мұқағали Мақатаев (Мұзбалақ)

Екі тәулік өткенді,
Ата бүркіт аш қалды.
Қия тартып бөктерді,
Қия тінтті тастарды,
Күз ығысып кетті енді,
Қиямет қыс басталды.
Азық табу оңай ма,
Ақ иығын талдырды.
Аңдар ытып тоғайға,
Адырларды қалдырды.
Үңірейген сайларда,
Үлбіреген қар жатты.
Қан базарлы жайлауда
Тірі жәндік қалмапты.
Сонау өткен жазда бір,
Сонау қырдың төсінде,
Көк киікті, қаз бауыр,
Бүктегені есінде.
Басталысы қаңтардың,
Бас қариды мұз демі.
Адырлардан арқардың,
Ақ лағын іздеді.
Қалықтады Мұзбалақ,
Қансоқтаны аңсады.
Қарап шығып жүз қабат.
Қалжырады, шаршады.
Төмен, жерде, шатқалда,
Қорбаңдайды құмайлар.
Өлексені ақ қарда,
Жәукемдеген сыңай бар.
Бұғанасы бұлт беріп,
Атылғанда ақ иық.
Күшігендер сырт беріп,
Тоңқаңдайды далиып.
Қанаты бар дегенмен,
Ұша алмайды қорбаңдап.
Өлексеге кенелген,
Міне, осылай қор болмақ.
Қайқаң етті хас қыран,
Қайта көкке самғады.
Құмайлардың астынан,
Өлексені алмады.
Мұзбалақтар әсте бір,
Өлексеге түспейді.
Олардікі басқа өмір,
Басқа тірлік істейді.
Самғап күнін өткерер,
Самғамаса, кем болар.
Қорек болса көкте егер,
Қонбас еді жерге олар.
Қайта атылды хас қыран,
Қайта көкке самғады.
Шар аспанның астынан,
Шолмаған жер қалмады.
Дамылдаудан дүр безіп,
Құз ылдида сырғанап;
Тау қойынын жүр кезіп,
Туырлықтай ту-қанат.
Қанша шолып өтсе де,
Тірі жәндік қаямапты.
Жылдағыдай текшеде,
Жайылымда мал жатты.
Ашуды аштық суарып,
Арпалысып бір кетті.
Қансоқтасын шығарып,
Жем табуға міндетті.
Көкке атылды, қағынған,
Қиядан кеп ілмекке.
Оқшау тұрған табыннан.
Жабағыны бүрмекке.
Шыңырау көкте шырқады,
Көз жіберді аймаққа.
Бұлаң етті бір тағы,
Жылқы жатқан сай жақта.
Кенет тұра қалды да,
Шұғыл кейін бұрылды.
Әлде байқап қалды ма?
Әйгілі сұм жырыңды.
Дауылдатып көктен бір,
Бәле келе жатқанда,
Арлан бөрі көк теңбіл,
Тіке тартты қапталға.
Жалғыз пана жан сақтар,
Қапталдағы қара орман.
Бірақ болат саусақтар,
Жауырынға қадалған.
Азулары ақсиып,
Арлан бөрі бұлқынды.
Болат тұяқ қақшиып,
Қақ тұмсыққа ұмтылды.
Жауырыннан, тұмсықтан,
Мыта келіп бүргенде,
Танауынан ыршып қан,
Әлсіреді бір демде.
Қос жанарын арланның,
Екі-ақ шоқып атызды.
Жарығынан жалғанның,
Тарлан бөрі жан үзді.
Бір тағыны бір тағы,
Жөндеп жатыр, не керек!
Тағылардың ұрпағы,
Тайды құртса, не дер ек?!
Арланды әбден жұлмалап,
Қансоқтаға қанды да,
Тасқа қонды Мұзбалақ,
Енді ұшудан қалды ма?!
Топшылары керіліп,
- Қалжырапты айқаста.
Қона салды ерініп,
Балақтағы жәй тасқа.
Қырқалар - ақ, құздар - ақ,
Аппақ таудың қойнауы.
Қалжыраған Мұзбалақ,
Дамылдауды ойлады.
Сығырайып бір қарап,
Сылқым күн де асты қыр.
Сай-саладан сырғанап,
Сал тыныштық басты бір.
Таудың тентек бұлағы,
Тас тепкілеп жатқанда,
Үнсіз іштен тынады,
Қарағайлар қапталда.
Танымайтын аңқауға,
Табиғаттың сыры көп.
Қаһарланған қаңтарда,
Қайдан соқты жылы леп?!
Ақ атанға жүк артып,
Шынымен қыс өткен бе, ей?!
Керуенін шұбалтып,
Мына келген көктем бе, ей?!
Тамсанады қыран да,
Тамсанады күртік қыр.
Жылы аспаннан бұларға,
Жылы жаңбыр бүркіп тұр.
Көк аспанның астынан
Төгілген нұр шаттандыр!
Қан сасыған хас қыран,
Рақатқа батты-ау бір!
Бойы сергіп бір түрлі,
Бойкүйездік құласын:
Қыран қатты сілкінді,
Сермеп қалып құлашын.
Қос дүрбісін Мұзбалақ
Бір ашады, бір жұмып.
Жылы жаңбыр жүз қабат,
Бар күнәсін жүр жуып.
Қауырсынын қақты да,
Бойындағы қаны ұйып,
Рақатқа батты ма?!
Қалғып кетті ақиық...
Ол оянды мұздақтан,
Айнала аппақ.
Таң атқан.
Арқа-басы зіл батпан,
О, сұмдық-ай, жаратқан!
Алғаш ауырсынбады,
Қазір ұшып самғардай.
Әттең, қауырсындары...
Сауыт киіп алғандай.
Туырлықтай қанатта,
Туырлықтай сауыт мұз.
Әттең сорлы, балақта,
Шыңда болсаң, қауіпсіз.
Сайқал ұйқы бөктеріп,
Самұрық құс өкінді.
Ашулы арлан кектеніп,
Келе жатқан секілді.
Өлген арлан желігіп,
Жалмайтындай көрінді.
Төс сүйегін кеміріп,
Баурайтындай көрінді.
Жорғалаған жандарды
Жоғарыдан көргенде,
Талай рет таңданды,
Қапы қалған шерменде.
"Қанаты жоқ бейбақтар
Күнелтеді қалай", - деп.
Мазақ етіп кей уақта,
Шошытатын талай кеп.
Қанатсыздың барлығын,
Қауқарсызға балайтын.
Жорғалаған жандыны,
Жемтігім деп қарайтын.
Көкте самғап өткен ер,
Отыр жерде, құр кеуде.
Қорек болса көкте егер,
Қонбас еді бұл жерге.
Құлақтанып шықты
Күн, Құз жотасына өрмелеп.
Құдіреті мықтының,
Күрт үзілді жерге кеп.
Қара орманға текшеден
Қайта оралды киіктер.
Қапсыра кеп бөкседен
Хәлің келсе, тиіп көр.
Шаңқ-шаңқ етіп долдана,
Шырқау шыңға бір атыл.
Қайта төмен сорғала,
Хәлің келсе, сұрапыл.
Қайраттанып хас қыран,
Қайта-қайта қарманды.
Мұз сауыттың астынан,
Шолып отыр бар маңды.
Аспан ашық кірбеңнен,
Аспаннан бұлт тарқапты.
Салаң етіп бір белден,
Шыға келді салт атты.
Қырға шығып делдиіп,
Шолды дағы бар маңды.
Таста отырған ербиіп,
Мұзбалақты аңғарды.
Бұрылды да бүйірден,
Қиялады бөктерді.
Мұздан сауыт киінген,
Мұзбалаққа дөп келді.
Тасқа орнатқан мүсіндей,
Мұздан сауыт жамылып;
Кішігірім кісідей,
Отыр екен самұрық.
Шатынайды сынғалы,
Балақтары батпандай;
Қара тасты тырнағы
Жарып бара жатқандай.
Қалқан төсі далиып,
Қанатынан күш алмай;
Шойын топшы ақиық,
Шоңқайыпты ұша алмай.
Кебін етіп үстіне,
Киініпті ақша қар.
Шоршып тастан түсті де,
Шошаңдады бәтшағар.
Қалай күнін өткерер,
Қос аяқпен өрмелеп?
Қорек болса көкте егер,
Қонбас еді жерге кеп.
Олжа келсе алдына,
Адам тағат қылар ма,
Ат көрпесін алды да,
Жаба қойды қыранға.
Қайта қонып атына,
Тарта берді ақырын.
Қалғып кетігі қапыда,
Қолға түсті пақырың.
Тұғырында жем берді,
Тұтқын бірақ татпады.
Аш өлуді жөн көрді,
Қыран атын сақтады.
Мынау тегін несіптен,
Бір шоқып та жемеді.
Көздей ғана тесіктен,
Көкке қарай береді.
Түгел болып тататын,
Бір сәт қалғып, қылжиып;
Туырлықтай қанатын
Бір созады, бір жиып.
Ұша алмайды серпіле,
Жалғыз томар - жайлауы.
Жібермейді еркіне
Балақтағы байлауы.
Қан ағызған кезімен,
Қош айтысқан саусақтар.
Ауық-ауық көзінен
Аунап түсті моншақтар.
"Босат, балам, қыранды.
Босағаңда қатырма.
Құс қой сорлы тұмарлы,
Бостандық бер пақырға.
Қанаттыны ұстар кім,
Қанаттыны қамама.
Қасиетті құстардың,
Қасиетін бағала!
Бар обалын жамылып,
Балам, қайтіп көктерсің.
Көкті кезген самұрық,
Көкте жүріп, көкте өлсін",
Әйдік ұлы көнбеді,
Айтқанымен жүз қабат.
Ақжем болып шеңгелі,
Абақтыда Мұзбалақ.
Мекені боп мәңгі - жер,
Енді күні қараң ғой.
Әлсіздерді әлділер
Тұтқындаған жаман ғой...
Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген,
(Сонау бір соғыс жылы естіген ем).
Әредік әлдеқалай есіме алсам,
Қос басы, қою қара кешті көрем.
Шар тастар, шалғынды сай Қарағайлы,
Шулы өзен шомылдырғам шағала Айды.
Жөтеліп бұлттар көшіп өтетұғын,
Жетектеп жетегінде қара қайғы.
Жел тынған, жапырақ та сілкінбеген,
Тауға кеп түн ұшатын кілкілдеген.
Әр жүректі сол бір ән мазалайтын,
Әр көмейде сол бір ән бүлкілдеген.
Қос басында қауымның бәрісі де,
Қосылатын жасы да, кәрісі де,
Сіңір тірсек біздер де шырқаушы едік,
Түсінбестен сол әннің мәнісіне.
Күндізгі зор бейнеттің түні келіп,
Әр кеш сайын ән тыңдап жүріп едік.
Көз ұйқыға кеткенше сол бір әннен
Сай-сала тұратұғын күңіреніп.
Жүректің шыңырауында қоздайтұғын,
Шыбыны бар кеудені қозғайтұғын.
Қауым айтқан сол әнді естігенде,
Боталы інген борықта боздайтұғын.
Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген,
(Сонау бір соғыс жылы естіген ем).
Сол бір ән көмейіме кептелгенде,
Өмір дейтін керуен көшті көрем
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
мұқағали мақатаев Мұзбалақ өлең мукагали макатаев олен, мұқағали мақатаев өлеңдері, мукагали макатаев стихи на казахском, мукагали макатаев стихи на казахском языке, Мұзбалақ

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]