Өлең: Мұқағали Мақатаев (Күй қаласа ғой)

Өлең: Мұқағали Мақатаев (Күй қаласа ғой)

Сексенде селкілдеген Ахметті,
Ажал келіп, ақыры бақыл етті.
Бұйырғаны қартыңа бұл өмірден -
Айналасы алты кез ақырет-ті.
Тіршіліктен есіл қарт шеттетілді
Бәрі қалды артында бет-бетімен.
Балаларға балға-шот ойыншық бар
Ер-тоқымы түсіпті етпетінен.
Сары үзеңгі сарғайып, тат басыпты,
Сырма тоқым шаңменен баттасыпты.
Қанжығасын қарақшы тышқан тонап,
Көкпар қылып жан-жаққа ап қашыпты.
Тәбәрік боп балаға, немереге,
Сусар бөрік о да тұр керегеде.
Төңкеріліп қалыпты төс темірі,
Отқа күйген қожалақ бөренеде.
Ауық-ауық көмейі күбірлеген,
Домбыра тұр ішектері дірілдеген.
Отыратын күй шертіп, Ахмет шал,
Сырласқандай құпия бір үнменен.
Шіркін, сол күй қалса ғой, бұзылмайды,
Ескірмейді, тозбайды, сызылмайды.
Күйге буаз домбыра қос ішегі
Қанатымен шыбынның ызыңдайды.
Қарт кетіп, жер астынан баспана апты,
Байлық қапты, бақ қапты, басқа қапты.
Тәбәрік қып артына қартың бірақ,
Күмбірлеген күйлерін тастамапты.
Күй қалса ғой артында бұзылмайды,
Ескірмейді, тозбайды, сызылмайды.
Қашанғы қарт жолдасын іздегендей,
...Ауық-ауық қос ішек ызыңдайды
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
мұқағали мақатаев Күй қаласа ғой өлең мукагали макатаев олен, мұқағали мақатаев өлеңдері, мукагали макатаев стихи на казахском, мукагали макатаев стихи на казахском языке, Күй қаласа ғой

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]