Қазақша өлең: Оян, қазақ!

Қазақша өлең: Оян, қазақ!


Оян, қазақ! Ойлан, қазақ! Бол, қазақ!
Шын бақытқа жеткізетін жол да ұзақ.
Алашағың аз ба мына дүниеден,
Болашағың емес пе еді зор, ғажап?!

Оян, қазақ! Ойлан, қазақ! Бол, қазақ!
Сілкінші бір қанатыңды қомдап ап!
Ауырыңды арқала да, алға бас,
Бауырыңмен не көрінді жорғалап?!

Мен қазақпын, сен қазақсың, ол қазақ,
Ер мінезбен өр рухқа болма жат.
Ортасына жалғыз орыс кіргенде,
Орыс тілде шүлдірлейді он қазақ.

Аталардан қалған асыл мұрамыз –
Туған жердің қақ төрінде тұрамыз.
Азаттығы ұмытылған ұлт болып,
«Қазақ тілі» қоғамдарын құрамыз.

Құрғап кеткен құлдық сіңген санамыз,
Сұмдық сіңген сүйекке де – Қараңыз!
Тойланады мерекеміз жат жұртша,
Ойланады өзге тілде баламыз.

Құранды да, Құдайды да сүймейміз.
Сұлу көрсек ,оңашаға сүйрейміз.
Жыртаң-жыртаң, қалжың айтып күлеміз,
Тыртаң-тыртаң, тойға келсек, билейміз.

Біреу озса – күңкіл-күңкіл күндейміз,
Біреу тозса – дүркін-дүркін жүндейміз.
«Намыс!» деген сөзді жиі айтамыз,
Бірақ оның не екенін білмейміз.

Дүниенің пайдасына пысықпыз.
Жәннат иісін сезе алмайтын пұшықпыз.
Бауырларға арыстанбыз, барыспыз,
Басқаларға бас игенде – мысықпыз.

Мақтаншақпыз, өтірікші, даңғоймыз,
Түтіндейміз, үрлесе де жанбаймыз.
«Жер бетінде бізден ұлы ұлт жоқ!» деп,
Өзімізді-өзіміз көп алдаймыз.

Ісіміз жоқ еске алатын тамсанып,
Селтеңдейміз әуейі боп ән салып.
Тірі ағайын пәтер таппай жүргенде,
Өлгендерге әуреміз там салып.

«Қаным таза, жаным таза» дегенмен,
Көш соңында қалып қойдық неге елден?
Мойындаған күллі адамзат неміз бар?
Не шығардық ел ынтыққан, еленген?

Бүкіл әлем өркендеуде дүрілдеп,
Ғарышты да игеруде бұрын кеп.
Кеме де емес, ұшақ та емес, біздерде
Белесебет жасай алар білім жоқ.

Шіренгенде үзеңгіні үземіз.
Мүйіздіміз мүйізсізді сүземіз.
Оралманға одырая қараймыз,
Келімсектен дірілдейді тіземіз.

Ертегіге есігін кең ашқаның,
Ертеңіне қатырмайды бастарын.
Қонағы би жаман үйдің тұрғыны,
Шеттерінен шел басқан көз, месқарын.
Құдай берген мұнай, көмір, мысың да,
Біздікі емес, билігінде басқаның.

Сырт көзге сыр бермегенмен тайраңдап,
Ақылымыз ашып бітті айран боп.
Қамқор Алла сақтамаса біздерді,
Қайран жұртта өзін қорғар қайран жоқ.
Оян, қазақ! Ойлан, қазақ!…

Автор: Серік Мақұлбекұлы
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
Қазақша өлең Оян қазақ өлеңі, казакша олен оян казак на казахском языке, оян қазақ өлеңі толық нұсқасы, оян қазақ өлең, оян қазақ өлеңі сөзі, оян казак стих на казахском, оян казак стих, стихотворение проснись казах, стих проснись казах

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]