Қазақша өлең: Қазақ халық ауыз әдебиеті (Алпамыс батыр)

Қазақша өлең: Қазақ халық ауыз әдебиеті (Алпамыс батыр)

Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
... Жиделі Байсын жерінде,
Қоңырат деген елінде
Байбөрі деген бай бопты,
Төрт түлігі сай бопты.
Тоқсан мың екен қорасы,
Мұрындық, ноқта тимеген,
Түйешілер мінбеген
Сексен мың екен маясы.
Шұрқырап жатқан бір жылқы,
Тоғай сайын мың жылқы.
Есебі жоқ көп жылқы —
Жиделі Байсын даласы.
Өз алдына бір бөлек
Торысы мен қарасы.
Аңдай болып көрінген
Бозы менен аласы.
Соншама бай болса да,
Жоқ еді ердің баласы.
Алланың өзі бермесе,
Бенденің бар ма шарасы?
Атадан жалғыз ер еді,
Еңіреген ердің бірі еді,
Жоқ екен іні-ағасы.
Құлтай деген туысқан —
Немере мен шөбере
Екеуінің арасы.
Азырақ баян етейін,
Құлақ сап бұған қарашы:
Сол уақыттар болғанда,
Сексенге жасы толғанда,
Кетем деп, байғұс, арманда,
Қайғылы болып қамықты
Перзентсіз болып қалғанға.
Құбылаға бас беріп,
Екі көзге жас беріп,
Байбөрі Хаққа налынды:
«Алмадың, Құдай, жанымды.
Бір баланың жоғынан
Ағайын жейді малымды.
Айналайын атыңнан
Жаратқан жалғыз Құдайым,
Бір баланың жоғынан
Зорлық қылды маңайым.
Өкім қыла сөйлейді
Баласы көп ағайын.
Көретін күнің болар ма
Көзімнің жасын, Құдайым!
Сүйегім кетті жасық боп,
Достым, кетті қашық боп.
Көретін көзім көр болды,
Бір перзентке асық боп.
Аққан жасым тыя алмай,
Перзенттің зары өтеді.
Баласы жоқ адамның
Әркімге ақы кетеді.
«Байбөрі қубас» деген сөз
Сүйегімнен өтеді.
Жаратқан Жаппар Құдайым,
Перзентке зар ғып қойғанша,
Жаратпасаң, не етеді?»
Байбөрі осылай деп жүрді жылап,
Құдайдан күні-түні бала сұрап.
Сүйегі сырқырайды Байбөріге,
Бұл сөзді есіткен жан салып құлақ.
Көз жасы Байбөрінің бетін жуды,
Көрмей-ақ өтем бе деп үйден дуды.
Сол күнде Құлтайының аяқ салған
Тезекші қара күңнен бір ұл туды.
Байбөрі осылайша ойлайды ойды,
Қайғының ішіндегі бәрін қуды.
Балаға таңсық болып жүрген байғұс,
Үйіне алып келіп, қылды тойды.
Туғандай тумаса да қылайын деп,
Ұлтан деп ол баланың атын қойды.
Біртүрлі болды нұсқасы,
Порымды мынау баланың.
Алдымдағы жақсылар,
Келбетіне қарағын.
Кеудесі болды кепедей,
Мұрны болды төбедей,
Күрек тісі кетпендей,
Кеңірдегінің тесігі
Жүгімен түйе өткендей.
Құлағы болды қалқандай,
Мұрынына қарасаң,
Сығымданған талқандай.
Көзі терең зындандай,
Басқан ізін қарасаң,
Көрінед оттың орнындай.
Аузы үлкен ошақтай,
Азу тісі пышақтай.
Иегі бар сеңгердей,
Бір батыр болды сол күнде-ай.
Байбөрі мен Құлтайға
«Алжыған қақбас» дер еді.
Ержеткен соң күніне-ай,
«Малда, жанда нең бар»,— деп,
Намаздыгер болғанша
Жолатпай қойды үйіне-ай.
Есіткен адам зар жылар
Жаландай зәһәр тіліне-ай.
Байбөрі байдың бәйбіше —
Жарының аты Аналық,
Жылай берді зарланып:
«Көрмедік,— деп,— самалық.
Жасымыз болса кеп қалды,
Енді қандай қылалық?
Мақұл десең, алғаным,
Алаша төсек салғаным,
Әзіреті сұлтанға
Екеуміз де баралық.
Әулие қылса керемет,
Болар ма екен жаңалық?
Бермесе Құдай, шара не,
Далада өліп қалалық!»
Мақұл көріп Байбөрі,
Қойдан алды қошқарды,
Басқа малды тастады.
Басына Құдай салғасын,
Екі көзін жастады.
Бәйбіше барды аңырап,
Қоздаған қойдай маңырап,
Қазына аузын ашқалы.
Таратты алтын-күмістен
Қалғанынша мысқалы.
Алтын-күміс арттырып,
Асыл кілем жаптырып,
Түйеден алды бураны.
Қаны қашып бетінен,
Іреңі жаман қуарды.
Сәрсенбі күн сәскеде
Жүрмекке қосын шығарды.
Қоңсылары жиналып,
Қош айтысып шулады.
Бірін-бірі қия алмай,
Не қыларын біле алмай,
Бір күндік жерге шұбады.
Сол уақтар болғанда,
Күн ұяға қонғанда,
Бір төбенің басында
Үркердей болып тұрады.
«Байеке, болсын жолың,— деп,—
Қабыл болсын мұның» ,— деп,
Қол жайып дұға қылады.
Бай-бәйбіше жөнелді,
Қалғандар малға кенелді,
Заманы қандай болады?
Аналық атты бәйбіше
Танадай көзі жарқылдап,
Жылайды, жазған, аңқылдап.
Байбөрі бай келеді
Құзғындай қақсап қаңқылдап.
Екеуінің дауысы
Қосылады сыңқылдап.
Кей жерде жатып ыңқылдап,
Кей жерде жатад қыңқылдап.
Көбелектей көзі жоқ,
Перзенттен басқа сөзі жоқ.
Жол түгіл, малдың ізі жоқ
Алдында жатыр құла дүз,
Асуы жоқ, жолы жоқ.
Телміріп қалды екі көз,
Бір жапанға болды кез,
Жүрерін қайда білмеді.
Ызғардың ызғын даласы
Қырық күншілік шөл еді.
Налыс қылып Құдайға,
Көзінің жасын төгеді.
Адам ұлы көрмеген,
Ешбір бенде жүрмеген
Иесіз жатқан жер еді.
Көз жетпеген далада
Көп қорлыққа көнеді.
Бай-бәйбіше жасынан
Жер баспаған ер еді.
Маңдайы күнге күйеді,
Табаны тасқа тиеді,
Байбөрі бай серт қылып,
Көлікке көті тимеді.
Аналық жазған аңырап,
Бұ да көлік мінбеді.
Кей жерде жаяу үдеріп,
Кей жерде жатып түнеді.
Күннен күнге түн қатып,
Бишара, әбден жүдеді.
Бірнеше күн жүргенде,
Өлдік-талдық дегенде,
Әзіретке келеді.
Әзіреттің төбесін
Күндік жерден көреді.
Жақындасып келгенсін,
Алып шыққан дәулетін
Екі жерге бөледі.
Алтын-күміс, гәуһарын —
Оны да бөліп үйеді.
Қожаларын шақырып,
Тең жарымын береді.
Көзінің жасы көл болып,
Отырған орны сел болып,
Жеті күн ұдай түнеді.
Бай-бәйбіше екеуі
Ешбір нышан білмеді.
Қожалардан бата алып,
Жапан кезген атанып,
Жоғары қарап өрледі...
Отырарда Арыстан бап,
Сайрамда бар сансыз бап,—
Бәріне бір түнеді.
Әзіреті Қаратау
Әулиенің кені еді.
Өзен, сайын тастамай,
Бәріне бір түнеді...
Ол уақытта Бабата
Томпайып жатқан жер еді.
Атбесік салып басына,
Қабырын бұлар түзеді.
Қалған малын сарып қып,
Бұған да үш күн түнеді.
Осымен өтті тоқсан күн,
Ешбір аян бермеді.
Күдер үзіп бәрінен,
Онан да әрі жөнеді.
Бет алдына қараса,
Асусыз асқар бел еді,
Белге шыға келеді.
Белден арман қараса,
Жалтырап жатқан көл еді.
Көл жағалай қараса,
Суы тынық айнадан,
Атылып, тасып қайнаған
Жылы бұлақ дер еді.
Басында бар қара ағаш,
Моласы жоқ, тамы жоқ,
Төңірегі жалаңаш,
Жағалай біткен шеңгелі.
Шеңгеліне қараса,
Қара ағашпен тең келді.
Көзінің жасы төгіліп,
Жылап-еңіреп егіліп,
Арасында шеңгелдің
Ботадай боздап келеді.
Сол уақыттар болғанда,
Топ қара ағаш қасынан,
Бір шеңгелдің басынан
Иіліп келіп бір шыбық,
Маңдайынан тіреді.
Жазайыншы дегенше,
Екі елі батып кіреді.
Қан шыққан жоқ онымен,
Кереметті екен деп,
Ақылмен ойлап біледі.
Аналық атты бәйбіше
Жұлып алып жаулығын,
Әр шеңгелге іледі.
Жердегі тасты жинап ап,
Бір жерге бәрін үйеді.
Тас үстіне тас қойса,
Қиюына келеді.
Намазшам еді — күн батты,
Құтпанның болды уақыты.
Намазын оқып, шам жағып,
Бұрынғы қылды әдетті:
Бір етегін төсеніп,
Аяқтарын көсіліп,
Бір етегін жамылып,
Көзінен жас ағылып,
Құбылаға бас беріп,
Жарыса түсіп бұл жатты.
Көздері мызғып ұйқыға,
Бейбақтар қылды ретті.
Әне-міне дегенше,
Сарғайып келіп таң атты.
Сол уақыттар болғанда,
Көк есегі астында,
Ақ сәлдесі басында,
Сырлы асасы қолында,
Өзі ақтың жолында,
Бір диуана келді де,
Асамен түртіп оятты.
Көкірегін оятып,
Бетіне бетін қаратып,
Есектен түспей тіл қатты:
«Ей, бишара мүгедек,
Жаныңызға не керек?
Дейсің ғой: «Маған ұл керек!»
Әулиені қыдырдың,
Жердің жүзін сыдырдың,
Маңдайыңа төбелеп.
Әрқайсысының әртүрлі
Мәртебесі бір бөлек.
Сен үшін бәрі қиналды,
Бір жерге тегіс жиналды.
«Бір ұл бер,— деп,— осыған»
Бір жаратқан Құдайдың
Дәргейіне жылады.
Мен де тұрдым ішінде,
Әулиенің күші де.
Жаратушы жалғыз-ақ,
Дәргейіне ұнады.
Ұнағанын сонан біл:
Бір қыз қосып сыйлады.
Сексен сегіз серулер,
Тоқсан тоғыз мың машайық —
Бәрінің көңлін қимады.
Менің атым Шашты Әзіз,
Қыламын десең ықылас,
Жарылқады Жаратқан,
Ей, бишара, көзіңді аш!
Ұлыңның аты Алпамыс,
Қызыңның аты Қарлығаш,
Атса, мылтық өтпейді,
Шапса, қылыш кеспейді,
Қалмақтармен болар қас.
Түрегел де қолың жай,
Болады өзі өмір жас!»
Мұны көріп екеуі
Түрегелді орнынан.
Аяғына бас ұрып,
Иіскеді қолынан.
Жыртып алды тұмарлық
Диуананың тонынан.
Сол уақытта диуана
Ғайып болды қолынан.
Биттей де нысан қалған жоқ
Диуананың бойынан.
Диуананың бұл сөзі
Кетпеді шығып ойынан.
Ойланды елге бармаққа,
Елінен хабар алмаққа,
Арылып жазған сорынан.
Бұл сырды көңлі байқады,
Іштің кірі тарқады.
Бәйбіше қайта түрленіп,
Мойнына салды алқаны.
Бай-бәйбіше қуанып,
Қапалы көңлі жұбанып,
Елге қойды қадамды,
Бергесін Алла хабарды.
Жаяулық пен жалғыздық
Жалғанда үлкен жаман-ды,
Неше күндей жол жүріп,
Аз ғана емес, мол жүріп,
Ойғызды тасқа табанды.
Өткен күнді кім санар,
Өткізді талай заманды.
Бәйбіше келед алаңдап,
Жас бөрідей жалаңдап,
Жерігі қанбай, сандалды.
Қатып-семіп келеді,
Ешбір тағам жемеді,
Сүзектен жерік жаман-ды.
Байға айтты: «Ер едің,
Ерім, сенен тілегім:
Тойғанымша жер едім,
Тауып берсең қабыланды!
Адалды көңлім қаламай,
Қалайды көңлім арамды.
Не болса ауқат қылуға,
Амалын жүрмін таба алмай,
Жүрегіме ас батпай,
Не қыларын біле алмай,
Өлейін десем, өле алмай,
Өз жанымды қия алмай.
Қазы менен қартаңа
Келеді көңлім қарамай».
Байбөрі сонда сөйледі:
«Рас па, сөзің, алғаным,
Алаша төсек салғаным,
Аллатағала жар болса, —
Қара мылтық бар болса,
Беремін атып қабыланды.
Соңымнан ер де, жүр жылдам,
Болмайды қабылан далада-ай».
Мұны естіп бәйбіше,
Қуанды көңлі баладай.
Осыны айтып Байбөрі,
Оқшантайын байланып,
Мойнына мылтық салады-ай.
Баз бір жерде жүгіріп,
Баз бір жерде кідіріп,
Жүгіре басып барады-ай.
Арт жағында бәйбіше
Келе жатыр анадай,
Шіркін, аңның қызығы,
Біріне бірі қарамай.
Жетіп келді жүгіріп
Жеті қабат аралға-ай.
Атып тастап келеді
Бұғы мен марал, елікті,
Көрінгенін жібермей
Құлан менен киікті.
Ешбіреуін жемейді,
Бәйбіше баспай жерікті.
Аузына салса, құсады,
Мейіз бенен өрікті.
Сол уақытта екеуі
Бір қалыңға еніпті,
Екі көзі табақтай,
Саптыаяқты қабақтай
Бір қабылан көріпті.
Бір ағашты паналап,
Өкпенің тұсын сығалап,
Сыбаға оғын беріпті.
Тарс еткенде шарт етіп,
Дәлдеген жерден тиіпті.
Ажалдың оғы тиген соң,
Тырп етпей қабылан өліпті.
Арсалақтап жүгіріп,
Асығыста сүрініп,
Кеудесіне мініпті.
Құс кездігін суырып,
Кеудесінен тіліпті.
Өкпеден алып суырып,
Жүрегін кесіп беріпті.
Отқа салып бауырын,
Ішіндегі тәуірін
Азуға салып жұлыпты.
Шала-пұла пісіріп,
Мосыдан алып түсіріп,
Қоң етін кесіп беріпті.
Әрқайсысынан бір асап,
Бәйбіше басты жерікті.
Тамақтың қалай қуаты,
Болса да мейлі ұяты,
Қыздағы нұры кіріпті.
Екі беті албырап,
Жас қалпына келіпті.
Көңлі тасып, хош ұрып,
Байбөріге қосылып,
Езу тартып күліпті.
Мұны көріп Байбөрі,
Ақылмен ойлап біліпті...
Етек-жеңін түрініп,
Қынай белін буынып,
Тәуекел деп Аллалап,
Жолға мойнын бұрыпты...
Жақындасып келгесін,
Елін аман көргесін,
Қайғының бәрін ұмытты.
Барса, елдер дін аман,
Малы шықты қорадан.
Күңіреніп Қоңырат,
Жүгіре шықты алдынан.
Есіткен халық қалмады
Ханы менен қарадан.
Қыз-бозбала, жас-кәрі
Қалмапты ешкім қаладан.
Кеше кетті десе де,
Өтіпті он ай арадан.
Ханы айтты: «Байеке,
Көрдіңіз не сыр баладан?»
Байбөрі бай жылады,
Көргенін айтып даладан.
Әйелге әйел сыр айтып,
«Жақсылық,— дейді,— Алладан!»
Мұны естіп қуанып,
Қайтып кетті ханы да,
Бұйымын алып қалаған.
Әр жерден халқы келді де,
«Құтты болсын» деді де,
Құрсақ шашу жеді де,
Қайтадан халқы тараған.
Бәйбіше енді түрленді
Ту биедей бұлықсып.
Күннен күнге төлежіп,
Келіншектей қылымсып...
Ішінде бала тыпырлап,
Жата алмайды ыңырсып.
Тоғыз ай, он күн біткенше
Шыдады кемпір тырысып.
Тоғыз ай, он күн біткесін,
Туатын мезгіл жеткесін,
Бәйбіше бір күн толғатты,
Толғата барып оң жатты.
Құрып қалған бұлақтың
Жылғасынан су ақты.
Әмірімен Алланың
Арыстай қылып ұл тапты.
Өзге әйелдей болмады,
Денесі болды жинақты.
Қуанып, байғұс, кеуілі,
Болғай деп ұзақ өмірі,
Анаған берді бір атты,
Мынаған берді бір атты.
Арт жағы қызық той болып,
Сойғызды тоқсан құр атты.
Мұрындық-ноқта тимеген,
Түйешілер мінбеген
Тоқсан нарды құлатты.
Тоқсан үйдің ішіне
Арақ-шарап, бал құйып,
Ішкеннің бәрін сұлатты.
Байсынның қонып сазына,
Қыс емес, күннің жазына,
Жердіңжүзін шаңлатты.
Өз алдына сыйлады
Құда мен дос, жекжатты.
Арқасына жапты кеп
Иық ішік жаннатты.
Бере-бере, жазғанда
Дөнен мен бесті қалмапты.
Араласа жылқысын,
Құнан менен тай қапты.
Бәйбішемен сөйлесіп,
Халқыменен кеңесіп,
Қой беруді ұнатты.
Баз біреулер ешкі алып,
Баз біреулер қойды апты.
Бір алғаны екі алып —
Ойламапты ұятты.
Баз біреулер қолдан ап,
Баз біреулер ұрлапы.
Бұл келген адам ішінен,
Үлкен менен кішіден
Демейді ешкім құр қапты.
Оныменен тұрмапты,
«Сүйінші» сұрап түнімен,
Бірін бірі тонапты.
Екі жылы өткенсін,
Үшінші жылы жеткесін,
Ай мен күндей қыз тапты.
Құдіреті күшті бір бала
Жылатып жүріп жұбатты.
Келді халқы қуанып,
Бір жерге бәрі жиналып.
Оңайдан берді Жаратқан,
Тапқан жоқ бірін қиналып.
Қайтадан келіп су ақты,
Көл еді қалған суалып.
Әркімді Алла қуантқай,
Арт жағы қалмай қуарып.
Алпамыс деп ат қойды,
Халыққа мәшһүр шығарып.
Қызының аты Қарлығаш,
Аш белге түскен сүмбіл шаш.
Енді бұлар ержетсін,
Қояйын біраз доғарып.
Әлқисса, Шекті деген елінде Сарыбай деген бай бар еді, онда да перзент жоқ еді. Байбөрімен екеуі сөйлескенде, арман қылар еді: «Біреуімізден ұл, біреуімізден қыз туса, екеуіміз құда болсақ, қыз бен баланы кемеліне келтіріп, екеуін қосып, бұл дүниеден өтсек, арманымыз қалмас еді-ау»,— деп жылайтын еді. Сол уақытта Сарыбайдың қатыны бір қыз туып, оның атын Гүлбаршын қойды. Екі бай бірінен бірі «сүйінші» сұратып, құда болды. Құйрық жеп, бетке ұн жағу солардан қалды. Және ірге басып қалыңдық ойнау осылардан қалды. Сонымен Алпамыс бір жыл қалыңдық ойнады. Сол кезде күндерде бір күн Сарыбай ойланды: «Менің күйеуім Алпамыс жалғыз болды, егер жазатайым өліп кетсе, қызым Ұлтан құлға қор болар, қызымды бермей, жер ауып көшейін»,— деп ойланып, Шекті елімен тегіс көшіп кетті. Сол уақыттарда Алпамыс он жасқа толып, Жиделі Байсын жеріне, қалың Қоңырат еліне бек болып, жұрт сұрап (басқарып) тұрды. Ойнап жүріп ұрған баласы өліп қала беретін болды. Жұрт баласын далаға шығармай, үйінде сақтады. Бір күндері Алпамыс ойнауға бала таба алмай, жалаңдап келе жатып, бір өрмек құрып отырған кемпірдің қасында ұйқтап жатқан баланы көріп: «Ей, бала, тұр ойнаймыз»,— деп түртіп қалса, бала оны көтере алмай, өліп қалды. Сонда кемпір өрмегінен түрегеп, Алпамысқа қарап айтқан сөзі еді:
«Далада мен отырмын құрып өрмек,
Жалғызды қасымдағы қылып ермек.
Баламды жалғыз менің өлтіргенше,
Алсайшы Гүлбаршынды, қу жүгермек!
Бекерге жұрт баласын қырып жүрсің,
Ойыңа келгеніңді қылып жүрсің.
Сарыбай қызын бермей, кетті қашып,
Несіне ойын ойнап, күліп жүрсің?»
Есіткесін бұл сөзді,
Алпамыс берен тұрады,
Сұңқардай мойын бұрады:
«Түсінбедім, шешежан,
Қайтадан айт!»— деп сұрады.
Сонда кемпір сөйледі:
«Атадан жалғыз туғансың,
Туғаннан белің буғансың.
Сайыпқыран ер болып,
Қанменен қолың жуғансың,
Талай бала қырғансың.
Шекті деген елінде
Сарыбай деген бай еді.
Жалғыз қызы Гүлбаршын
Он бесте туған ай еді.
Жасыңнан саған айттырған
Гүлбаршын сұлу жар еді.
Сарыбай бір күн ойлады,
Алғыр құстай бойлады:
«Жалғыз қызым бермеймін,
Артынан бала тумады —
Алпамыс қыран өледі,
Артында жоқ көмегі.
Алпамыс батыр өлгесін,
Құлға қызым тиеді.
Құлға қызым тигесін,
Қандай қорлық көреді?!»
Осыны ойлап Сарыбай,
Бөліне көшіп жөнеді.
Күшің болса, барсаңшы,
Жесіріңді алсаңшы!
Намысыңды ойламай,
Қай жерден күлкің келеді?!»
Есіткесін бұл сөзді,
Алпамыс батыр қамықты.
Жаман екен жалғыздық,
Інісі жоқ боп тарықты.
Ортекедей секіріп,
Жалғызбын деп өкіріп,
Ауылына қарай салыпты.
Аузын ашты, келді де,
Жұдырықпен бір ұрып,
Қырық кез бозат сандықтың.
Саймандарын сайланып,
Алтыннан кемер байланып,
Жылқыға қарай жөнеді.
Мінейін деп шонықты,
Ұстай алмай ешбірін,
Баланың көңлі торықты.
Өстіп жылап тұрғанда,
Ошақтай бар жауыры,
Тартылып қалған бауыры,
Жал-құйрықтан дымы жоқ,
Шабатұғын күйі жоқ,
Заты арық демесең,
Сұлулықтан міні жоқ,
Құнан тісін тастаған
Шұбар дөнен жолықты.
Ұстай алмай ешбірін,
Ер Алпамыс жылады,
Қайғымен көзін бұлады.
Баяғы көрген Байшұбар,
«Мені ұста»,— деп, жануар,
Көлденең тартып тұрады.
«Мінбеймін»,— деп Алпамыс,
Жүгенмен басқа ұрады.
«Жүгенде,— деп,— басымды»,
Жүгенге мойнын бұрады.
Ашуланып Алпамыс,
Жүгенімен басқа ұрды.
Елемеді оны да,
Қарсы алдынан тақ тұрды.
Ашуланып Алпамыс,
Құйрықтан алып лақтырды.
Жығылылмады онымен,
Тақыр жерге тақ тұрды.
Сол уақытта Алпамыс
Қарадан шыққан төре еді,
Не салсаңыз да көнеді.
Шұбар атты абайлап,
Ақылмен ойлап біледі.
Ұстайын деп жақындап,
Қасына таман келеді.
Мойын сұнып жануар,
Жүгенге басын береді.
Сол уақытта шұбар ат,
Төрт аяғы тең болат,
Дұшпан ұстап алар деп,
Өкіммен құрық салар деп,
Жасырып бойын жүр еді.
Жүгендеп басын алғанда,
Үстіне ер салғанда,
Сегіз жасар ат болды,
Дөнен мен бесті бір еді.
Арқа-басын сипалап,
Шұбарды бала ұстады,
Ашуы жаман қыстады.
Үйіне де келмеді,
«Мен кетемін» демеді.
Жалғыз бауыры Қарлығаш
Кетерін де білмеді.
Саймандарын сайланып,
Алтыннан кемер байланып,
Абжыландай толғанып,
Қызыл найза қолға алып,
Шұбарға қарғып мінеді,
Құдайдан медет тіледі.
Қарғып мініп жас бала,
Ашуы кернеп жөнеді.
Ләшкер тартып келеді,
Ауыздықпен алысып,
Ұшқан құспен жарысып.
Кей жерде бала шоқытып,
Кей жерде басын төгеді.
Бір күн шапса шұбар ат,
Айлық жер алып береді.
Осыменен ұдайы
Он екі күн жүреді.
Айналдырып санаса,
Он екі айлық жер еді.
Бет алдында төбе бар,
Төбеге шыға келеді.
Олай-былай қарады,
Сұңқардай көзін қадады.

Қарай-қарай баланың
Екі көзі талады.
Астындағы шұбар ат
Сүмбідей болып жарады.
Бет алдына қараса,
Будақ-будақ шаң көрді,
«Бұл қалай?»— деп таң көрді.
Шаң астына қараса,
Айшықты ала ту көрді.
Ту астына қараса,
Жер қайысқан қол көрді.
Қол артына қараса,
Ақ шатыр мен көк шатыр
Баратын тура жол көрді.
Аяғының астында,
Тақтай тастың бетінде,
Жазылған таста хат жатыр.
Хатқа бала қараса,
Іші толған тамаша
Талай-талай кеп жатыр.
Түсінбеген түсінсін,
Болмаған бұрын сөз жатыр.
Қалмақтарда бар екен
Қараман деген бір батыр.
Әрқайсысы бір мыңнан
Қызметінде көп батыр.
Он қарадан бір қара
Зекеттеп алып жеп жатыр.
«Гүлбаршын сұлу шонықты
Бересің маған»,— деп жатыр.
Көкпарын шауып күніге,
Қыз ойнағын қып жатыр.
Гүлбаршын тұр көнбестен,
Қыз ойнағын көрместен.
Сарыбай тұр жалғызын
Қалмаққа ұстап берместен.
Арасы да бұлардың
Олқы-толқы боп жатыр.
Семізін таңдап жегесін,
Өзіне кезек келгесін,
Бір күндері Гүлбаршын
Үйінен түнде қашады,
Көңлін қайғы басады.
Ата-анаға көрінбей,
Еш адамға білінбей,
Кетуіне ерінбей,
Талай қырдан асады.
Енді таудан өте алмай,
Жиделіге жете алмай,
Жалғыз өзі кете алмай,
Қатты жаман сасады.
Осы жолмен жүрсе деп,
Алпамыс жалғыз келсе деп,
Жазған хатты көрсе деп,
Тасқа қалам басады:
«Алпамыс» деп ат жазып,
Өзінің атын қосады.
Көрген күнім осы деп,
Көзінің жасын шашады.
Әйелдің жолы жіңішке,
Жұмысы кетті теріске.
Тағы да қайтып кетеді,
Түніменен жүгіріп,
Қыз үйіне жетеді.
Құдіреті күшті Құдайым,
Жарылқаса не етеді?!
Қыз үйіне кіргенше,
Алпамыс хатты көргенше,
Арасында бұлардың
Ұзақ сағат өтеді.
Ауғаннан соң елінен,
Шалқыған шалқар көлінен,
Жерінен ауған жеке оңбас,
Ауғаннан соң жерінен,
Гүлбаршын қызын ап қашып
Алпамыс қыран теңінен,
Қараманға кез болып,
Тапқандай болды пейлінен.
«Аруақ мені ұрды»,— деп,
Кетпейді осы көңлінен.
Қараманға қараса,
Түсі де суық темірден.
Қайратына мас болып,
Тізесін шайнап кемірген.
«Қорықса, қызын берсін,— деп,—
Зорлығыма көнсін»,— деп,
Жеп жатыр малын семірген.
Үш мәртебе оқыды,
Әр сөзін ішке тоқыды,
Сөз осы хатта көрінген.
Көрді оқып жас бала,
Қайратқа сенген мас бала.
Өз айтқаны болмаса,
Көнбейтін бұл масқара.
Ойланды енді бармаққа,
Сол елден хабар алмаққа.
Қазақ болса, қайрылып,
Әңгімеге қанбаққа.
Қалмақ болса зарада ,
Ойлады қырғын салмаққа.
Рас болса хат сөзі,
Ойланды өліп қалмаққа.
Осыны бала ойланып,
Алғыр құстай бойланып,
Қызыл найза қолға алып,
Абжыландай толғанып,
Шұбардың басын төгеді,
Қолтығын Шұбар сөгеді.
Ерігіп жүрген жануар
Төгіле басып жөнелді.
Әне-міне дегенше,
Қолтықтан тері келгенше,
Қазақ пенен қалмақтың
Арасына келеді.
Ұйып жатқан қалмақты
Көзіменен көреді.
Жердің жүзі қайысқан
Есепсіз қалмақ көп еді.
Бұл қалай деп сұрауға
Жолығып ешкім келмеді.
Рас екен өзі деп,
Тасқа жазған сөзі деп,
Қыз сөзіне сенеді.
Буырқанып, бұрсанып,
Мұздай темір құрсанып,
Ашуы қысты денені.
Айдаһардың тіліндей,
Салса, кеткен білінбей,
Қынабынан суырып,
Қолына алды беренді.
Ат қойып жалғыз барсам деп,
Жазым болып қалсам деп,
Артында көмек жоқтығы
Ойына ердің келеді.
Ата-анасын ойланып,
Жалғыздық түсіп басына,
Көзінің жасын төгеді.
Жад қылып жылап еңренді,
Сондағы айтқан сөзі еді:
«Жад қылып әуел Алланы,
Тапсырдым Шұбар аланы.
Жалғыз бауырым Қарлығаш —
Тапсырдым, Алла, өзіңе
Артымда жалғыз қараны!
Көретұғын күн қайда
Ата менен ананы?!
Жердің жүзі қайысқан,
Қалмақтың түрі жаман-ды.
Иірген қойдай қораға
Қазақты қалмақ қамады.
Жалғыз өзім шырқырап,
Бұзамын қайтіп қамалды?!
Он қарадан бір қара,—
Салып тұр бетке жараны.
Қайда барып төгемін
Ішімдегі сананы?!
Қыз деген — ердің олжасы,
Әлі жеткен алады.
Бұрынғыдан соңғыға
Қалған өрнек болады...»
Көнбеймін деп қорлыққа,
Кім шыдайды деп зорлыққа,
«Алатаулап» айқайлап,
Шетінен келіп тиеді.
«Алатаулап» ат қоймақ —
Орта жүздің ұраны,
Алпамыс айтқан кеп еді.
Сол уақта Гүлбаршын
Үйіне жаңа кеп еді.
Әкесі мен шешесі:
«Қайдан келдің?»— деп еді.
Күркіреген күндей боп,
Алыстан келген тілдей боп,
Алпамыстың айқайы
Құлағына келеді.
«Кепті ғой»,— деп Гүлбаршын,
Көзінің жасын төгеді.
«Тілегіңді берді,— деп,—
Алпамысың келді»,— деп,
Әкесі мен шешесі
Бетінен келіп өбеді.
Енді Алпамыс бақырып,
«Алатаулап» ұран шақырып,
Қалмаққа жалғыз тиеді.
Қойға шапқан бөрідей
Талқандап қуып бөледі.
Алтын сапты ақберен
Деммен тартып тиеді.
Кейбірінің кесіп кәлласын,
Кейбіреуін тіледі.
Қалмақтар атқан қалың оқ
Жаңбырдай болып тиеді.
Еті түгіл, баланың
Терісіне кірмеді.
Ғайып ерен қырық шілтен
Баланы қолдап-демеді.
Жанып тұрған жалындай,
Құбылып тұрған сағымдай
Шабылып Шұбар терледі,
Терлеген сайын өрледі.
Ана шетте бір көрсе,
Мына шетте бір көреді.
Жүрсін бала сонымен,
Ерлердің салған жолымен,
Ауып келген халайық,
Мұнан да хабар алайық:
Шекті деген ел еді...
Ә дегенде, мә дейтін
Ішінде ерлер көп еді.
Қаншама батыр болса да,
Қалмаққа әлі келмеді.
Қорқыныш кетіп, қазақтар
Соңынан бәрі ереді.
Тышқан алған мысықтай
Тамашасын көреді.
Әр жерден сүйреп өлігін,
Бір жерге бәрін үйеді.
Май құйып отқа ерітіп,
Жынды адамдай күледі.
Тізеден Шұбар қан кешіп,
Шалпылдап шауып жүреді.
Сол уақытта бір қалмақ
Барды қашып ханына.
Найза тиіп көк еттен,
Өлмейтін қылған санына,
Жер-жаһанды ластап,
Судай ағып қаны да,
Етпетінен жығылды,
Ханның барып алдына:
«Ей, Қараман, Қараман,
Әкім болдың жасыңнан!
Айдай әлем қараған,
Шұбар атты бір бәле
Кепті бүгін даладан.
Әскердің бәрі қырылды
Сол келген жалғыз баладан!
Келбетіне қарадым,
Қалмайды мұнан жан аман.
Біле алмадым мәнісін,
Ірі көрдім жұмысын.
Айтайын сізге қылысын,
Әскердің бәрін қырысып,
Жапырып барад жалындай,
Баланың түрі құрысын!
Шапқанын ешкім көрмейді,
Өлгенін ешкім білмейді,
Сілтегенде қылышын.
Жаралы болып санымнан,
Бітіп тұр менің тынысым.
Гүлбаршынды алам деп,
Сенің де бітер жұмысың.
Білмедім өзі қалмақ па,
Қалмақ емес, қазақ па?
Егер де қазақ болмаса,
Қалмаққа келген ғазап па?!
Бұған өзің бармасаң,
Қаласың ақыр ұятқа.
Жасырынған сайменен,
Көкалалы тайменен
Бар екен бәле бұ жақта.
Халықтың бәрін қырдырып,
Жатасың ба жырақта?
Сұлуды алма ойыңа,
Бермейді сенің қолыңа.
Жанып тұрған бір жалын
Келіпті бүгін сорыңа».
Мұны естіп Қараман,
Ашуланып, долданып,
Жіберді тұлпар қара атқа,
Тағы да біреу шаптырып
Сауыт, сайман, жараққа.
Ашуы қысып дірілдеп,
Қоспақ нардай күрілдеп,
Қарайды қалмақ жан-жаққа.
Ақырын Құдай оңдағай,
Күллі әулие қолдағай,
Қиын болды бейбаққа.
Ашуланып Қараман,
Мінеді тұлпар қарасын.
Ер-тоқымын саймандап,
Басынан алды дорбасын.
Қырайын деп ойлады
Қазақтың күллі алашын,
Қолына алды найзасын.
Сәскелік жерден шаншыды,
Таптырмайды айласын:
«Осы бүгін қылайын,
Көрінсе қазақ, қырайын.
Бұл күшімнің көремін
Қай уақытта пайдасын?!.»
Басына қалқан төңкеріп,
Сауытын алды киініп.
Саймандарын сайланып,
Әбден алды түйініп.
Лашын құстай құйылып,
Қабағы тастай түйіліп,
Жауатұғын бұлттай
Келе жатыр қалмақ құбылып.
Келе жатса, жолында
Қалмақтардың өлігі
Өртеніп жатыр үйіліп.
Долдыққа сыймай Қараман,
Тістеніп келед кіжініп.
«Қай жақта,— деп,— қазақтар?»
Қарайды қалмақ үңіліп.
Әр төбеге шығады,
Қылышын алып суырып,
Айбатпенен айқайлап,
Жердің жүзін қуырып.
Мұны көріп Гүлбаршын,
Жанынан кетті түңіліп.
Қысылып, зарлап тарықты,
Көзінің жасы төгіліп.
Гүлбаршын сұлу жылайды,
Көзінің жасын бұлайды.
Жад қылып жалғыз Жаппарды,
Баланың жанын сұрайды.
«Жеттім,— деп,— жалғыз түбіңе,
Сұлулықтан таптым»,— деп,
Жылай берді егіліп,
Қабырға кетті сөгіліп.
Сол уақытта Алпамыс,
Шұбар атын тыныстап,
Тұр еді келіп кідіріп.
Туған айдай жалтырап,
Көзіне қалды көрініп.
Батырды көріп Гүлбаршын,
Тұра алмады керіліп.
Неше алуан киініп,
Қасы-көзі қиылып,
Алпамыстың қасына
Жетіп келді жүгіріп.
Сол уақытта Алпамыс
Қызға назар салмады,
Сәлем берсе, алмады.
Қалмақты көріп құнтиып,
Ұрыспағын қамдады.
«Менсінбей батыр тұр ма»,— деп,
Қарары қыздың қалмады.
Көзінің жасы көл болып,
Келді де сұлу зарлады:
«Айналайын қарағым,
Құтты болсын талабың!
Аллатағала жар болып,
Оңыңнан тұрсын самалың!
Сен өлсең егер, мен күйдім,
Жазым боп тайса табаның!
Келеді қалмақ күркіреп,
Айтқалы келдім хабарын.
Тайлы бие, тоғыз қой —
Жеп шықты жаңа тамағын.
Өлуі қиын қалмақтың,
Бермесе Алла амалын.
Тілімді алсаң, қаш енді,
Болады қандай заманың?!»
Сонда Алпамыс сөйледі:
«Ашыса жаның, Гүлбаршын,
Жолама менің қасыма!
Нелер келіп, не кетпес
Ер жігіттің басына.
Сонша жерден келгесін,
Ар қылмай, ерлер қаша ма?!
Жалғыздың жары бір Құдай!
Біреуден біреу саса ма?!
Әйелдік қылмай, қайт жылдам,
Еркекті әйел баса ма?!
Пешенеге жазылсаң,
Бұйрықсызға қоса ма?
Үйіңе бар да жата бер,
Сабырсызға ұқсама!»
Мұны естіп Гүлбаршын,
Кетті қайтып қуанып,
Бала да болса, баланың
Айтқанына жұбанып.
Кішігірім таудай боп,
Келеді қалмақ қуарып.
Күлді: «Қазақ қайда?— деп,—
Шұбар атты бала?»— деп,
Айқайлап даусын шығарып.
Қараманды көргесін,
Жақындасып келгесін,
Сонда Алпамыс сөйледі:
«Жаратқан Жаппар Құдайым,
Дәргейіңе жылайын.
Қашпағым менің ар шығар,
Өлсем де қарсы тұрайын.
Қабырғам болса, қатқан жоқ,
Барма деп атам айтқан жоқ,
Енді қандай қылайын?»
Осыны айтып болғанша,
Шұбарды кейін бұрғанша,
Айтып — ауыз жиғанша,
Қарап — көзі тайғанша,
Жетіп келді Қараман
Алпамыстың қасына.
Қолындағы күрзімен
Кетті салып басына.
Осы ұрған күрзіге
Құлар еді шапқанда
Қойқаптың тауы, тасы да.
Атының жалы сел болды
Көзінің аққан жасына.
Ұстайтын еді Қараман,
Сәл тұрғанда қасында.
Қарғып кетті Шұбар ат,
Шыдай алмай астында.
Үстінде бала бар еді,
Келмеді әлі басына.
Ап қашты Шұбар баланы
Құла дүз мидай далаға.
Қараман қамшы басты енді
Астындағы Қараға.
Енді қалмақ бір жетсе,
Мұнан да адам қала ма?!
Бала жылап барады
Жаратқан жалғыз Аллаға.
Жалынады жас бала
Астында Шұбар алаға:
«Айналайын Шұбар ат,
Қолтығыңда бар қанат.
Тастап кетпе апарып
Адам көрмес салаға.
Өлігімді тастамай,
Аман-есен алып бар
Ата менен анама!
Мүйіз шықпас басыңа,
Иең жоқ өзің барғанда.
Барғаныңда не дейсің
Жиделі-Байсын қалаға?!»
Мұны естіп Қараман,
Салып кетті қамшымен
Қара тұлпар санына.
Қамшы үстіне қамшы ұрды,
Бір жетсе деп балаға.
Ашуланып Қараман,
Тұлпарды ұрды сауырлап.
Жетпедің деп Шұбарға,
Ұра берді бауырлап —
Жамандатқыр ит Қара ат
Келе ме деп ауырлап.
Шабысқанда айып жоқ,
Келеді желдей зуылдап.
Жеткізбейді Шұбар ат
Атқан оқтай зырылдап.
Құйындай ұшып шабады,
Жал-құйрығы суылдап.
Үстінде бала барады
Бозторғайдай шырылдап.
Қара тұлпар санына
Қаншама қамшы ұрса да,
Аяғын өре бастады,
Шабысқа шабыс қоспады.
«Ауырлап келе жатыр»,— деп,
Сауыт-сайман жарағын
Әр жерге қалмақ тастады.
Жеңілденіп алды да,
«Енді шап!»— деп қыстады.
Жарақтың бәрін тастатып,
Бір іске Құдай бастады.
Мұны біліп Шұбар ат,
Қиқаңдап ұзап қашпады.
Құдайдан қуат болғасын,
Бала да қорқып саспады.
Сол уақыттар болғанда,
Жарақтың бәрі қалғанда,
Шұбарға тұлпар жетеді.
Қаруы жоқ қолында,
Жеткенмен, қалмақ не етеді?!
Қоя берсең, Шұбар ат
Күндік жерге кетеді.
Жеткен жері тұлпардың
Абсиған апан бет еді.
Қалт бергенде жалт беріп,
Қараманды Алпамыс
Ұрып-ұрып кетеді.
Қаршығадай қайрылып,
Ителгідей сүзіліп,
Ұрып-ұрып өтеді.
Ұрған сайын, Қараман
Қарақұстай қалбаңдап,
Құрбаң-құрбаң етеді.
Жақындасып, жанасып,
Тұлпар мен Шұбар жарысып,
Құйындатты Шұбарды,
Басымен бала алысып.
Тістенеді Қараман,
Қасқырдай жағы қарысып.
Бір арманы қалмақтың:
«Көрмедім,— дейді,— алысып».
Кетпесін деп арманда,
Өтіп кетті бір жерде
Бір-бір қамшы салысып.
Қаршығадай қайрылып,
Қалмақты бала бір ұрды.
Жасқанайын дегенде,
Қолын ұрып сындырып,
Тағы да шапты қылышпен.
Оңбады қалмақ бұл істен,
Әне-міне дегенше,
Екі қолын сындырды.
Ұрыстан өзін тындырып,
Екі қолын сындырып,
Доңыздай қалмақ шыңғырды.
Енді бала құтырып,
Ителгідей жұтынып,
Жетіп келді ұмтылып.
Жағасынан ұстады,
Буындырып қалмақты,
Ат үстінен мұштады.
Бағана жеген құйрығын
Ә дегенде-ақ тастады.
Сүйте-сүйте Қараман
Кесектеп қанды құсады.
Ұстады бала жағадан,
Айрылды патша бағадан,
Қайта шапты Шұбар ат.
Шығарып көкпар қорадан,
Қай жеңгені келер деп,
Жеңгенге сұлу тиер деп,
Әр төбенің басында
Қазақ пен қалмақ қараған.
Құйындай шауып Шұбар ат,
Өте шықты арадан.
Күлмеген адам қалмады,
Жеңілген соң баладан.
Гүлбаршынның алдына
Көкпар әкеп тастады,
Өңгеріп серке даладан.
Созылды даудың аяғы,
Өшігіскен қатындар
Жиналды түге баяғы.
Өлтірмекке қалмақты,
Алқымға пышақ таяды...
Әйелдер болды жүректі,
Сыбанды екі білекті,
Зорлығын көрген қалмақтың
Берді деп Құдай тілекті...
Жанды жерден жарылып,
Құрылдап қалмақ жөнелді,
Дүниенің болмай баяны.
Дәу ақымақ деген сол,
Қалғасын болды жарағы.
Жауға барсаң — кесерді ал,
Дауға барсаң — шешенді ал!
Жарақсыздың мәнісі —
Кетеді өстіп аяғы.
Енді бала алшаңдап,
Қайраты тасып қалшылдап,
Қойға шапқан бөрідей
Жан-жағына ырсылдап,
Әлемді алды айбаты,
Қабыландай арсылдап.
Астында Шұбар ойнақтап,
Аузынан көбік балшылдап,
Омыраудан аққан тер
Бақайына тамшылап,
Мысалы, үрген местей боп,
Ұсталар соққан пештей боп,
Денесі кетті тырсылдап.
Шұбар атын қаңтарып,
Қалмақтан кегін қайтарып,
Түсті барып бір жерге.
«Алпамыс күйеу келді!— деп,—
Қалмақтың бәрін жеңді»,—деп,
Тартылды керней әр жерге.
Құданың қалай беруі
Мың ердің күшін бір ерге?!
Алпамыс қыран келмесе,
Көз жасын Құдай көрмесе,
Қорқыныш кіріп қазақтар,
Көз жеткен еді өлуге.
Алтын кілем үстінде
Отырды толқып бұл елде.
Хан қылып халқы көтерді
Есебі жоқ көп елге.
Қатындар ертіп жүгірді
Отауға барып кірерге.
Қыздар да кетті қуанып
Гүлбаршынды әкеп берерге.
Гүлбаршын сұлу жүгіріп,
Мырзаның түсін көрерге,
Лажын тапса, аямай,
Құрбан ғып жанын берерге,
Жол тимеді арадан
Құшақтап келіп сүйерге.
Самаурынды қайнатып,
Дастарқанды жайнатып,
Қыздарменен шай келді,
Шырын шекер, бал келді
Алтын леген үстінде.
Әр түрлі тағам ішінде
Қазы-қарта, жал келді.
Түрегеп күйеу ізет қып,
Қыздарға төрден жай берді.
Гүлбаршын сұлу айдай боп,
Қысыр емген тайдай боп,
Оң жағына барды енді.
Ғашық оты жағылып,
Абыройы жабылып,
Оң қолтыққа алды енді.
Неше түрлі қылықпен
Құйып отыр шайды енді.
Қыз-бозбала ойынын
Ортаға түгел салды енді.
Арасында бұлардың
Біраз мезгіл болды енді.
Ұйқы алып денесін,
Қыздардың бәрі қалды енді.
Оятса да оянбай,
Сілесі қатып қалды енді.
Шымылдықтың ішіне,
Мамық төсек үстіне
Шаһи көрпе жайды енді.
Аққудай болып байпаңдап,
Бәйге атындай қайқаңдап,
Төсекке күйеу барды енді.
Кермаралдай керіліп,
Басарына ерініп,
Құбылып сұлу жанды енді,
Назданып күйеу әзілмен:
«Қай жақта, шіркін, мал?»— деді...
Сұлу айтты қылмыңдап,
Неше түрлі жымыңдап:
«Керегің болса, ал»,— деді...
Осыны айтып болды да,
Қоян алған қырандай
Төсекке тартып алды енді...
Онда Алпамыс батыр қалмақтарды көндіріп, келмегенін келтіріп, атасы Сарыбайды сол елге хан сайлады. Отыз күн ойын, қырық күн тойын ғып, Гүлбаршынды өзі алды. Бірнеше ай жатып, күндерде бір күн еліне қайтуды ойланып, қоштасуға халқын жинап алып, рұқсат сұрады, ол елінде жақсылар ақылдасып, кеңесіп, қырық нарға зер артып, алтын отау жасап, Сарыбай қызы мен күйеуін шығарып салды. Бірнеше күн жол жүріп, аз ғана емес, мол жүріп, өзінің еліне келді.
Алпамыс батыр аман-есен еліне келсе, әкесі Байбөрінің жылқысын Тайшық хан деген қалмақ шауып әкетіпті. Онда Байбөрі, «Мал ашуы мен жан ашуы бір» дегендей, тақат тұтып тұра алмай, баласы мен келініне қуанбай, келген дүниеге көңлі алданбай, ашуға шыдап тұра алмай, Алпамыстың алдынан шығып, Байбөрінің айтып тұрған сөзі еді.
Байбөрі сонда сөйледі:
«Тумай кеткір Алпамыс,
Тұр, көрінбе көзіме!
Еш қайратың тимеді
Адам болып өзіме!
Тайшық алды жылқымды,
Құртып кетті мүлкімді,
Тұр, алдымнан кет!»— деді,
«Кет» деген сөзі кекті еді.
«Тайшық алған жылқымның
Артынан қуып бар,— деді,—
Қалмақтан кегімді ал,— деді.—
Ала алмасаң кегімді,
Пенде боп сонда қал»,— деді.
Сонда Алпамыс сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Тайшық алған жылқының
Ал артынан кетейін.
Шаһимардан жар болса,
Артынан қуып жетейін.
Жете алмасам, жан ата,
Жылап жүріп өтейін!
Ата, сенің сөзіңді
Күніге естіп нетейін.
Атқа салдым терлікті,
Дұшпанға қылдым ерлікті.
Мен кеткесін, атажан,
Көрерсін құлдан қорлықты.
Атқа салдым пыстанды,
Мен кеткесін, атажан,
Ақыры жерсің пұшманды.
Әке, сенің артыңнан
Бес байталдық бедірек құл
Аңлып жүрген дұшпан-ды».
Сол уақта осы сөз
Қатты тиді өзіне.
Қажырланса Алпамыс,
Жан көрінбес көзіне.
Буырқанып, бұрсанып,
Мұздай темір құрсанып,
Алып келді Шұбарды,
Мойнына тағып тұмарды.
Бейсенбі күні бесінде
Тайшыққа қосын шығарды.
Алты айлыққа жүрмекке
Алпамыс берен ойлады.
Алтын бауыр Шұбардың
Басын жолға салады.
Тұлпар туған Шұбар ат
Сүмбедей болып жарады.
Үйіне де түспеді,
Бір кесе сусын ішпеді.
Тайшық алған жылқының
Алпамыс атты жас қыран
Артынан қуып барады.
Онда халқы жиналып келіп, Алпамыстың кететінін біліп:
«Ей, шырағым Алпамыс, жалғыздық Құдайға жарасқан, жалғыз өзің барма, еліңді жинап, көппен бар!»— деді. Онда Алпамыс айтты: «Жұртым, жалғыздың жары бір Құдай болсын, сіздер маған жандарың ашыса, көрсеткен көмектерің болсын, атам мен анамның қабағына қараңыздар,— деді.— Әйелімнің ішінде жеті айлық бала қалып барады, ұл туса, атын Жәдігер қойыңыздар!»— деді. Осыны айтып, Алпамыс батыр Тайшыққа қосын шығарған күні, түнде жатып қалмақтың ханы Тайшық түс көріп, түсінен шошынып, ел-жұртын жинап алып, өзі мұнараға шығып: «Түсімді жорыңдар!»— деп, халқына айтып тұрған сөзі еді.
Тайшық хан сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Е, жарандар, жарандар,
Бәрің де бермен қараңдар!
Бүгін жатып түс көрдім,
Түсімде жаман іс көрдім.
Заманам менің қағынды,
Қағынбаса, не қылды?!
Құрсаулы қара нар келіп,
Қарсы қарап шабынды.
Көзімнің жасы егілді,
Қабырғам менін, сөгілді.
Басымдағы тәж, дәулет
Жерге барып төгілді.
Бір арыстан өзіме
Шабатұғын көрінді.
Талқан қып алды шәһәрімді,
Талауға салды барымды.
Екі бүйірін таянып,
Алатұғын көрінді
Қойнымда жатқан жарымды.
Қаланың аузын қан қылды,
Қақпаның аузын шаң қылды,
Айдарлымды құл қылды,
Тұлымдымды тұл қылды,
Солқылдаған мырзамды
Табанға салып жүн қылды.
Ауызына қарадым —
Сұлуды таңдап сүйгендей,
Келбетіне қарадым —
Қамқапты таңдап кигендей,
Қабағы қалың сол бала,
Тіпті шұнақ қу бала
Шұбар ат мініп келеді,
Сол Шұбардың дүбірі
Құлағыма келеді.
Мен білмеймін, тап сонан
Қандай адам өледі?!
Жылағанда көзіме
Қанды жасым тола ма?!
Тауға біткен бәйшешек
Қураса, бір күн сола ма?!
Жиделі Байсын жерінен,
Қоңырат деген елінен
Алпамыс атты жас берен
Атқа мінген бола ма?!
Алдынан шығып сол ердің,
Жылқысын берсем, ала ма?!
Жылқысының кегіне
Қызымды берсем, бола ма?!
Ер баласы ер еді
Кегін алмай қояр ма?!»
Әлқисса, халқы жиналып, айтты: «Е, тақсыр, түс деген түлкінің боғы болады, қорықпаңыз, ешнәрсе етпейді»,— деп, жақсыға жорыды. Онда Тайшық хан айтты: «Жоқ, оларың болмайды, онан да ойласып, ақыл табыңдар!»— деді. Ешкім амал таба алмады. Сол кезде жасы үш жүзге жеткен, көрінгенмен ұрысқан, қабағы қатып тырысқан, өзін туғаннан Құдай атқан, бір кез ширек бойы бар, адам таппас ойы бар, тізесіне шекпен жетпеген, басынан жаманшылық кетпеген, басы мүйіз, көті киіз бір мыстан кемпір келді. Ол айтты: «Патша, сіз өзіңіз патша болсаңыз, сол сияқты дұшпанға жалғыз қызыңыз Қаракөзімді беремін дегенің қалай?»— деді.— Самайынан ірің аққан, мұрнынан боқ аққан менің таз балам бар, соған қызыңды берсең, дұшпаныңды байлап әкеліп, аяғыңның астына салып беремін»,— деді. Онда патша: «Құп болар»,— деді. Қызын беретін болып, уәде жасады. Онда кемпір қырық отау, қырық шөлмек арақ алды, ханның қызы Қаракөзді бас қылып қырық қыз алды, қырық отауды Алпамыстың келетін жолына тіктіріп, қырық қыздың басына жаулық салып, келіншекше киіндіріп, қырық шөлмек арақты әрқайсысына беріп, мыстан Алпамыстың жолын тосып жатты. Сол уақыттар болғанда Алпамыс батырдың мыстанға келіп жолығуы:
Ел-жұртымен қоштасып,
Алпамыс батыр жөнеді,
Ләшкер тартып келеді,
Ауыздықпен алысып,
Ұшқан құспен жарысып,
Астындағы тұлпардың
Ойынды еті бұлтылдап,
Құйындай шаңы бұрқылдап,
Құлақ салсаң, дыбысы
Тау суындай сыңқылдап,
Қолтығынан аққан тер
Тебінгіде сылпылдап,
Маядай мойнын созады.
Шүу дегенде, жануар
Ұшқан құстан озады.
Тарта-тарта баланың
Алақаны тозады.
Құланнан атты қодықты,
Көлден тартты борықты,
Арада неше қоныпты,
Жетемін деп зорықты,
Жете алмай бала торықты.
Талма түстің шағында,
Айдын көлдің бойында
Тосып тұрған көлденең
Мыстанға келіп жолықты.
Тілеуің құрғыр қу мыстан
Сонда тұрып жылайды,
Көзінің жасын бұлайды,
Бір топ біткен шеңгелді
Құшақтап тұрып құлайды.
Мұны көріп Алпамыс,
Кемпірден келіп сұрайды:
«Далада тұрған жан шеше,
Мұнша неге жылайсың?
Айтпаймысың сырыңды,
Шығарайын мініңді,
Басын кесіп, дұшпаннан
Әперейін кегіңді,
Аман жүрсем, табайын
Кеуілдегі кіріңді?!
Жылай бермей, шыныңды айт,
Өлтіріп мен берейін
Дұшпандық қылған еріңді!»
Сонда кемпір сөйледі:
«Күткенім, шырақ, сен едің,
Қамқорың сенің мен едім.
Жиделі Байсын жерінен,
Қоңырат деген елінен
Байбөрі деген бар еді,
Байбөрінің жылқысын
Тайшық хан алып жөнеді.
Қырық балам бар еді,
Қырқы да бірдей нар еді,
Алдынан шықты жылқының,
Таласқан соң малына,
Бәрін де Тайшық өлтірді.
Сол баланың шешесі —
Мені мыстан дер еді.
Ашылған баудай гүл едім,
Сайраған қызыл тіл едім.
Кеше күндіз Құдайдан,
Алпамыс, сені тіледім.
Келеді деп есітіп,
Жолыңды тосып тұр едім.
Айналайын қарағым,
Құтты болсын талабың!
Жалғыз ием жар болып,
Оңынан тұрғай самалың.
Жеңгелерің қасында
Жатпаймысың, қарағым?
Осы сөзбен қу кемпір
Алдап ұрды ақылын.
Сөзбенен бойын балқытты
Алпамыстай батырдың.—
«Міне сусын, ішсең,— деп,
Алдап берді арағын.—
Мейіріңді қандыр, қарағым,
Бәрі менің қолымда.
Нұрдың қызы секілді
Қырық келінім жанымда.
Атың болса, шалдырып,
Ұйқыңды әбден қандырып,
Жүресің ертең, шырағым.
Қаза намаз қаза-ды,
Тарттырар Құдай жазаны.
«Елім менің қайда?— деп,—
Ерімді менің сайла!»— деп,
Қырық келінім шуылдап,
Алады күнде мазаны».
Бұл сөзіне кемпірдің
Енді бала сенеді.
Көз жасына жылаған
Рақымы келеді.
Жылқысының келгенін
Ақылмен ойлап біледі.
«Кел, шеше, атқа мінгес»,— деп,
Үзеңгісін береді.
Байшұбарға мінбекке
Дұшпан, зәлім, қу мыстан
Оңтайланып келеді.
Адамнан есті жануар
Қос аяқтап тебеді.
Сонда кемпір құлады,
Ұзынынан сұлады,
Жатып есі танады.
Бір мезгілдер болғанда
Көтеріп басын алады.
Байшұбарды жамандап,
Алпамысқа қарады:
«Тауға біткен андызым,
Суға біткен жалбызым,
Жабыны жауға мінгендей
Нешеу едің, жалғызым?
Бәлені жабы бастайды,
Жігіттің жолын ашпайды.
Ара күндік жол жүрмей,
Аяғынан ақсайды.
Әжетіңе жарамас,
Жау жеріне тастайды.
Жабыны мінсең, оңдай ма,
Айналайын қарағым,
Қазанат мінсең, болмай ма?!
Қарағым, сенің жолыңда
Құрбандық болып өлейін!
Еркелігің қалмапты,
Алпамыс, саған не дейін.
Астыңдағы Шұбардың
Басын кесіп тастай көр,
Қазанат тауып берейін.
Мұсылманға бас бала,
Қалмақтарға қас бала,
Сен — бір байдың жалғызы,
Жаңа өспірім жас бала!
Сырты түлкі қу жабы
Қылады-ау бір күн масқара!»
Долдыққа сыймай Алпамыс,
Денесін ашу қамады.
Ақ қанжарын суырып,
Заманасын қуырып,
Шұбарды басқа шабады.
Ғайып-ерен қырық шілтен
Қылышты қолдан қағады.
Тайып кетіп қылышы,
Қара жерді қабады.
Ат үстінен шіреніп,
Бір Алладан тіленіп,
Қылышын зорға алады.
Атаңа нәлет ит мыстан
Бұған да амал табады.
Алдына түсіп бүкеңдеп
Енді кемпір жүгірді,
Омыртқасы бүгілді,
Келе жатып сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Жау қайырып тұрақтар,
Астында Шұбар ойнақтар.
Бүкең-бүкең желеді,
Жау мұқатып береді.
Алпамыс балам келеді,
Шықпаймысың далаға,
Шуылдаған шұнақ қар!»
Ерлер мінер алаға,
Көңлім толды санаға.
Жаман, жақсы болса да,
Жазудан адам қала ма?!
Өңкей сұлу шуылдап,
Жүгіре шықты дуылдап.
Шылауынан ұстады,
Жан-жағынан қамалап:
«Аттан түс»,— деп қыстады.
Көтеріп аттан алады,
Ақ кілемге салады.
Перизаттай қырық зайып
Көтеріп алып барады.
Көтеріп үйге кіргізді
Алпамыстай төрені.
Кезекпенен арағын
«Алдиярлап» береді.
Біреуі беріп кеткесін,
Кезегі нәубет жеткесін,
Біреуі және келеді.
Қасын қағып, ыржиып,
Езуін тартып күледі.
Жаңа өспірім жас бала
Күлгенін қызық көреді.
Біреуі асқан бірінен
Мін табылмас түрінен,
Қыздар да қызыл гүл еді.
Қырық қақпалы қаладан,
Қала менен даладан,
Әр жерден сұлу кеп еді.
Ұзын да емес, қысқа емес,
Бойы да бірдей тең еді.
Жаңа шыққан он бірге,
Бір жылда шыққан төл еді.
Ханның қызы Қаракөз
Ішінде жүрген сері еді.
Заты адам десе де,
Көргендер пері дер еді.
Ақылменен аңғарып,
Ер екенін біледі.
Кемпірден көңіл суытып,
Ата-анасын ұмытып,
Балаға көңіл бөледі...
Зайылдық кетіп көңілден,
Жад қылып іштей Алланы,
Аман қыл деп баланы,
Шынымен ақтап тіледі.
Айтайын деп «ішпе» деп,
Үш мәртебе келеді.
Айта алмады сонда да,
Аңдыған қыздар көп еді.
Сол уақыттар болғанда,
Алдияры толғанда,
Кіші бесін болғанда,
Арақты ішіп болады.
Қырық қыздан ішіп қырық шиша,
Бала әбден тояды.
Сонда мыстан келеді,
Езуін тартып күледі.
«Іш, шырағым, іш, іш»,— деп,
Өзі де құйып береді.
Қамалайды шырақ деп,
Отауды келіп түреді,
Отауды келіп түргенде,
Көк даңғыл келіп ұрады.
Бетіне самал тигесін,
Алпамыс бала құлады.
Бурадайын сақылдап
Күліседі көп шайтан,
Қылған ісін мақұлдап.
«Есіл бала, кеттің,— деп,—
Түбіңе өзің жеттің»,— деп,
Ханның қызы Қаракөз
Бір шымшып кетті жақындап.
«Жолама бұған, шайтан,— деп,—
Патшаға, бүйтсең, айтам»,— деп,
Қыздарды қуып қасынан,
Алпамыстың басынан
Қу мыстан тұрды тақылдап.
Тігілген қатар әр үйдің
Бірінен бірі кемі жоқ,
Мінейтұғын міні жоқ,
Бәрі де бірдей болмаған,
Асыл бұйым орнаған,
Кіргендер қайтып шыға алмас,
Қызғалдақтай жайнаған.
Әрқайсысынан бір ұстап,
Көргеннің көзі тоймаған.
Жан-жағына алақтап,
Жынды адамдай бойлаған.
«Алпамыс берен келер,— деп,—
Келсе, үйге кірер»,— деп,
Басында кемпір ойлаған.
Бірі — қызыл, бірі — көк,
Жаңа піскен шиедей,
Көргеннің іші күйеді.
Отаудың бәрін жықтырып,
Алпамыстың үстіне
Қабаттап әкеп үйеді.
Бұрынғыдан келе жатқан
Осылай еді ертегі,—
Отаудың бәрін өртеді.
Бүлінсе, патша бүлінді,
Кемпірдің несі кетеді.
Бетке жалын тиер деп,
Қыздар да қашып кетеді.
Патшаға да барам деп,
Келінімді алам деп,
Сертіне кемпір жетеді.
Түтіні шықты аспанға,
Қарауылшы біледі.
Тасты деген қаладан
Әскер жетіп келеді.
Алпамыстың үстінен
Отын ашып көреді.
Күрекпенен шоқ салса,
Жалындамай, сөнеді,
Барлығы мұны көреді.
От ішінде байлап ап,
Тайшық ханның алдына
Бенде ғып әкеп береді.
Кемпір әкеп бергесін,
Баланың түрін көргесін,
Тайшық хан кірді күшіне.
Ырза болды кемпірдің
Тындырып келген ісіне.
Қараса, бала дәл өзі
Көрген шошып түсінде.
Кемпірге төрден жол берді,
Өлтірмегін оң көрді,
Аясын қалмақ несіне?!
Кемпірді жаман есіртті
Бес күнгі келген несібе.
«Қандай күшім, патша?»— деп,
Тұрды кемпір есіре.
Сол уақытта падиша,
Қалмақтан шыққан ер еді,
Елде болса екі ер —
Екеуінің бірі еді,
Керней, сырнай тарттырып,
Доп зеңбірек аттырып,
Қырық қақпалы қалаға
Тегіс хабар береді.
Бәрі де бұрын есітіп,
Әр жерден адам кеп еді.
Әрқайсысы бір мыңдық
Ішінде дәулер көп еді.
Ақыл салса бәріне,
Өлтіреміз дер еді.
«Олай болса, өлтір,— деп,—
Сабасына келтір»,— деп,
Ортасына береді.
Сол уақытта батырға
Атса — мылтық өтпеді,
Шапса — қылыш кеспеді.
Ғайып-ерен қырық шілтен
Қолтықтан сүйеп, демеді.
Суға салса — батпады,
Ұйқыдан бала қайтпады.
Неше дәулер, неше ерлер
Не қыларын білмеді.
Тайшық айтты халқына:
«Қайтсек бала өледі?
Тұра келсе орнынан,
Жазамызды береді.
Баяғы көрген қу түсім
Айнымайды, келеді».
Ханның қызы Қаракөз:
«Өлтірем, әке, мен,— деді,—
Жеті күн мен жеті түн
Қолыма менің бер,— деді.—
Мыстан кемпір, шешежан,
Өзің де маған ер,— деді.—
Көрсетейін уақиға,
Көзіңменен көр»,— деді.
Тілеуің құрғыр қу мыстан
Қыз сөзіне сенбеді.
Патшаға айтып айнытып,
Қыз қолына бермеді.
Сол уақытта Тайшық хан,
Қанша айтқанмен хан-дағы,
Өзіндігі бар-дағы,
Бір ақыл ойлай бастады.
Неше қиын жерлерде
Жоқ еді мұның сасқаны.
Бұған ақыл таппаса,
Абыройын жаппаса,
Біледі енді басқаны.
Қимылдаса бұл бала,
Қалмақ түр бәрі қашқалы.
Тұра келсе орнынан,
Болатын әркім бас қамы.
Падышаның сол күнде
Қазулы оры бар еді,
Сырнайдай аузы тар еді.
Қақпағы бар ед ашпалы,
Ханы айтты халқына
«Апарып соған тастаны».
Қуанып халқы жүгірді
Зынданның аузын ашқалы.
Балалардың добындай,
Зеңбіректің оғындай
Домалатып баланы,
Зынданға әкеп тастады.
Жер түбіне жөнелді
Торғайдай болып мысалы.
Өлімге қиды нәлеттер,
Болғасын ақыр дұшпаны.
Сол уақыттар болғанда,
Ғайып-ерен қырық шілтен
Баланы жолда ұстады.
Құдыққа салған қауғадай,
Ешбір жері ауырмай,
Зынданның келді түбіне.
Әлі жатыр ұйқыда,
Ешнәрсе жоқ көңлінде.
Жалғыздықтың саудасы
Түсті ерге бір күнде.
Далаға шықсаң, жолдас ал,
Жалғыз қиын, тегінде.
Келе түсті зынданға,
Ала алмай бала кегін де.
«Алпамыс орда қалды» деп,
Кім барар дейсің еліне?
Еңбек қылсаң реті бар,
Салса біткен егін де.
Пұлдың азы бір тиын,
Кім береді тегінге?
Әрекет қылмай дүниеде
Жеткендер бар ма кемелге?
Әзір бала байланды,
Жастай соры қайнады,
Жеткенше қашан дегенге.
Ұйқысы қанды жатқасын,
Арақтың зәрі қайтқасын,
Қарғып тұрды орнынан.
Қараса, жатыр зынданда,
Арылмай бала сорынан.
Шұбар ат жоқ астында,
Кетіпті жарақ қолынан.
Енді бала жылады,
Келді деп заман қырынан:
«Жад еттім әуел, бір Құдай,
Құдіретіңе көңлім сай,
Дәргейіне жылаймын,
Біздерге қиын, сізге оңай.
Жатырмын жалғыз зынданда,
Ойласам: «Болды бұл қалай?»—
Атаңа нәлет қу мыстан
Кетіпті жерге тығып-ай!
Тағы да адам болам ба,
Жер бетіне шығып-ай?!..
Айналайын жан ата,
Өлгенде көрдің бір бота.
Кетерімде бермедің
Ықыласыңмен ақ бата.
Дуа айтпадың кез болып,
Жатырмын азап мен тарта.
Өлшеулі күнім бар шығар,
Қалыппын өлмей мен қайта.
Қарындасым, қарағым,
Көзімнен ақты бұлағым,
Ертеңді-кеш зарласам,
Есітер ме екен құлағың?
Ерлігімнен не көрдім,
Қара жер болды тұрағым!
Шығуым қиын, ойласам,
Жетпейді қолым бойласам,
Енді қандай қыламын?
Бір емшектен еміскен,
Тай-құлындай тебіскен,
Қарындасым Қарлығаш,
Ақырын ақтан сұрағын!
Су сұрасам, бал берген,
Жая десем, жал берген,
Кәріп анам, қайтейін,
Орда жатыр зарланып
Өлгенде көрген шырағың.
Айналайын жан ана,
Өлгенде көрдің бір бала.
Бір ағаштың басында
Көгертпедің екі алма.
Бір Құдайдың ісі күшті,
Басқа салды мүшкіл істі.
Ырза бол, ана, сүтіңе,
Тірідей балаң көрге түсті».
Осыны айтып болғанда —
Жылап, шаршап-талғанда,
Кеттім бе деп арманда,
Орда жалғыз қалғанға
Шығатұғын күн қайда
Мынау бес күн жалғанға?!
Отырды бала зарланып,
«Кім бар, кім жоқ,— деп жылайд,—
Келгенше заман айналып?»
Өлі де емес, тірі емес,
Әр қиялды ойланып,
Сол уақыттар болғанда
Зынданға кірді бір жарық,
Раушан болып күндіздей,
Атқандай болды таң жарып.
Мысалы гауһар шамшырақ,
Қарады бала аңғарып,
«Тілекті Алла берді,— деп,—
Бабаларым келді»— деп,
Тәу етті барып айналып.
Сол уақытта бір мысық
Келді жетіп жүгіріп
Бір таба піскен нанды алып,
Балаға нанды бермекке
Ым қылады оңланып.
Неше күн жатқан аш бала
Мысықтан жеді нанды алып.
Өлмесе де, өлімше
Болған екен сандалып.
Мысықты жұмсап отырған
Ғайып ерен қырық шілтен
Баланы сүйеп қолға алып,
Кетпесін деп бала өліп,
Аруақтар тұрды қозғалып.
Жатқаны жалғыз болмаса,
Шамасы, қалды оңалып.
Хан ойнаған баладай
Ойнады мысық бұралып.
Баланың мейірін қандырды,
Әртүрлі ойын шығарып,
Ермектесіп отырды,
Екі жақтан құралып,
(Не десе, кеуілі тынадыр)
Келеді мысық күнде алып.
Сол уақытта Шұбар ат
Алдына келсе — тістеді,
Әртүрлі жұмыс істеді,
Артына келсе — тебеді.
Бетіне түгіл, Шұбардың,
Сыртына адам келмеді.
Жем қояды шөбімен,
Ешбірін Шұбар жемеді...
Қаншама көп болса да,
Шұбарға әлі келмеді.
Неше дәулер жабылды,
Бәрін де Шұбар сүйреді.
Біріне бірі соқтығып,
Қабырғасы күйреді.
Ұшып кетіп кәлласы,
Көбейді қалмақ өлгені.
Ордада тұрды ойнақтап,
Шұбарға ешкім мінбеді.
Жанның бәрін сарсаң ғып,
Бір Шұбар ат қалдырды.
Ашуланып падиша,
Әр жерден ұста алдырды.
Енділігі жеті кез
Темір үйді салдырды.
Темір үйге тастады
Шұбар атты кіргізіп.
Аптада берді бір бау шөп,
Ашықтырып жегізіп.
Он күнде суды бір беріп,
Шөлге де қойды көнгізіп.
Шынжырлап мойнын ноқталап,
Жетектейді жүргізіп.
Шығармайды далаға.
Дарбазасын ілгізіп.
Арықтатып Шұбарды,
Бассақ дейді құмарды,
Патшаға да мінгізіп.
Баланы тастап зынданға,
Шұбарды салып әлекке,
Атаңа нәлет қу мыстан,
Еңбекті кетті күйгізіп,
Шұбар атты тындырып,
Баланың белін сындырып.
Мыстан патшаны көреді,
Келе сөйлей береді:
«Құлағың сал, патшамыз,
Келінімді бер»,— деді,—
Балаңа қызым берем деп
Серт қылғансың сен,— деді.—
Айнысаң, патша, оныңды айт,
Есебін табам мен,— деді.—
Балаңнан балам кем емес,
Ұзатқаның жөн емес.
Айыбы таз демесең,
Балаңа балам тең!»— деді.
Кемпірдің айтқан бұл сөзін
Халықтың бәрі жөн деді.
Сонда патша сөйледі:
«Тыңда сөзді, анамыз!
Он бірде биыл баламыз,
Жиырмаға келген соң,
Той-томалақ қыламыз.
Тоғыз жыл мәулет беріңіз,
Оған дейін шыдаңыз.
Балаға бала үйренсін,
Сізбенен біз құдамыз.
Ана, сенің ісіңе
Тілектес болып тұрамыз.
Жақсылыққа — жақсылық,
Біз неге мойын бұрамыз.
Бәрі сіздік болды ғой
Жиған-терген малымыз,
Қазынадағы барымыз.
Жиырма жылға келген соң,
Келініңді алыңыз.
Көпті көрген көне едің,
Бұл сөзіме наныңыз.
Қарар тапса көңілің,
Үйіңе енді барыңыз!»
Бұл сөзді айтып ырза ғып,
Шығарып салды ханымыз.
Ендігі сөздің қысқасы,
Бұрынғылардыңнұсқасы,
Ханның қызы Қаракөз,—
Мұнан да хабар алыңыз:
Қаракөзім бір күні
Келді жетіп ханына,
Айтайын деп бір сөзді
Әкесінің алдына.
«Әке, маған отау бер,
Тігейін барып саяға.
Жүз серке бер ойнатып,
Сап қояйын қораға.
Бетіменен жайылсын,
Қамамайық қораға.
Қырық қыз нөкер қосып бер,
Сүрейін дәурен далада.
Тоғыз жылың біткен соң,
Келейін көшіп қалаға.
Армансыз болып кетейін,
Беретін болсаң балаға.
Шөбіме түссе, қайтейін,
«Таз» дегенмен, бола ма?!
Сен берсең, ата, мен көндім...»
Ырза болды Тайшық хан,
Қызының айтқан сөзіне.
Қуанып қалды көңілі
Қапа боп жүрген кезінде.
Бәсірең деп жүз серке
Бөліп берді өзіне.
Бір үйді тікті жайнатып,
Ішіне бұлбұл сайратып,
Тас бұлақтың көзіне.
Жар шақыртып қалаға,
Мәлім қылды далаға.
Жігіт түгіл, қыздар да
Баспайтын болды ізін де.
Еріккен қыздар түседі
Бұлақтың күнде көзіне.
Ханның қызы Қаракөз
Ашық еді көргеннен
Алпамыс ердің жүзіне.
Оңаша жайда жолығып,
Сөйлессем дейді өзіне.
Сонда да кезі келмеді
Іздеген бейбақ кезіне.
Қыздарға мұны айтпайды,
Айтайын десе, батпайды.
Күн шығу мен күн бату
Арасында жатпайды.
Ойына алса бір жерді,
Бір бармай оған қайтпайды.
Құнан қойдай бой тастап,
Бәйге атындай ойқастап,
Мойнына алқа жай тастап,
Шығады қыздар қыр жаққа.
Бір күні кетеді о жаққа,
Бір күні кетсе тау жаққа,
Бір күні кетеді ой жаққа.
Ұсталуы рас баланың,
Тастағанын білмейді
Алып барып қай жаққа.
Самаурынды қайнатып,
Дастарханды жайнатып,
Қыздарды түнде ойнатып,
Бұлбұлды күнде сайратып,
Қылады қыздар тамаша,
Жан бармайды оңаша.
Бір күні суға бармаққа,
Шомылып қыздар алмаққа,
Құндыздай шұбап қырық қыз
Бұлақтың келді басына.
Жалаңаяқ аяғы,
Қолында талдан таяғы,
Ыштанын түріп тізеге,
Кемпірдің ұлы баяғы
Жетіп келді жүгіріп
Қыздардың енді қасына.
Қыздарды көріп қылмыңдайт,
Болғандай бұрын ашына.
Қаракөзайым қарайды,
«Қандай есер неме?»— деп,
Әкесі берген досына.
Ойынға тоймас кезі екен,
Он беске келген жасы да.
Ұмтылады қыздарға,
Кепешін басып басына.
Орамал тартып шекеге,
Самайын жүр жасыра.
Сүйкенеді қыздарға
Қотыр нардай қышына.
Түйе қылып қырық қыз
Алып ұрды жездесін,
Тастақтың барып тасына.
Ұшып кетіп кепеші,
Жарылды тасқа басы да.
Қаны менен іріңге
Былғанды қыздар шашы да.
Тұра қашты сытылып,
Шыдай алмай астында.
Жабылып қыздар қуды енді
Тасбұлақтан асыра...
Осыменен жеті жыл
Өткізді қыздар далада.
Сыңсыма Баян секілді
Дәурен сүрді арада.
Жеті жылдың ішінде
Көрінбеді кісіге,
Бір бармады қалаға,
Ата менен анаға.
Адамзаттың баласы
Мұнша ашық бола ма?!
Ханның қызы Қаракөз
Қарайып алды қанына.
Екі көзі далада —
Бір көрмекке ынтық боп
Алпамыс берен балаға.
Жүз серкесі патшаның
Қыздардың жүрді жолында.
Әрқайсысында бір қоңырау
Тағулы жүр мойнында.
Тұла бойын үкілеп,
Әсемдеп қойған бойын да.
Падышаның ақылы —
Соямын деп жүр тойында.
Екі жылда той қылмақ
Патшаның бар ойында.
Жалғыз қызы Қаракөз
Көңілі Хақтың жолында.
Кейқуат дейтін пәтшағар
Бағатын еді оны да.
Жеті жыл ұдай серкенің
Жүретін еді соңында.
Ерте кетіп, кеш келіп,
Жаятын еді Қырымға.
Серкелері семіріп,
Келмейді мойнын бұруға.
Әрқайсысы жылқыдай,
Бармайды қолы ұруға.
Бір күні серке ойнады,
Асыр салып секіріп
Алпамыс жатқан орына.
Енді серке ойнады,
Ойынға бәрі тоймады.
Айқайлады Кейқуат,
Айқайға серке болмады.
Зынданның аузын талқандап,
Бұзылмасқа қоймады...
Енді серке секіріп,
Біріне бірі асылып,
Екеу-екеу сүзісті,
Бірін бірі қашырып.
Тұяғымен серкенің
Қақпағы кетті ашылып.
Тайып кетіп тиегі,
Ойнақтаған серкенің
Түсіп кетті біреуі.
Қуаныш кіріп көңліне,
Жарылып кете жаздады
Алпамыстың жүрегі.
Қашанға дейін жыласын,
Қабыл болды тілегі.
Әлқисса, Кейқуат ордың басына, Алпамыстың қасына келіп, айқай салды: «Ей, Алпамыс, қайдасың, серкем түсіп кетті, шығарып бер, Қаракөзім маған ұрсар»,— деді. Онда Алпамыс: «Сен маған серкеңнің күніге біреуін беріп, мені бағып-қақ, егер де ордан аман шықсам, өзімнен бұрын сені мұратқа жеткіземін»,— деді. Онда Кейқуат ашуланып: «Жеті қабат жердің астында жатып, мақсатқа жеткіземін дейсің, сенің бұл күніңді өзіңе көп қылайын»,— деп, бір диірмен тасты дөңгелетіп әкеліп, үстіне тастап жіберді. Алпамыс тасты қағып алып, салмақтап тұрып қайтып лақтырып жіберді. Тас басынан асып кетті. Кейқуаттың зәресі ұшып кетті. Кейқуат жаман сасып қалды, тас келіп бір етегін басып қалды. Онда Кейқуат ойланды: «Осының айтқанын қылайын, өлсем — өлейін, өлмесем — жақсылығын көрейін»,— деп. Серкенің күніге біреуін беріп тұрды. Сөйтіп жүріп серкенің бәрін тауысты. Бір күні Алпамысқа келіп: «Ей, Алпамыс, серке таусылды, не қыламын?»— деді. Онда Алпамыс айтты: «Мынау серкелердің мүйізі, қабырға сүйегінен сырнай істеп қойдым, соны қыздардың жолына барып тарт, сені ұстап алып, кім қылды деп сұрар, айтып қойма. Бірақ ханның қызы Қаракөзайымға сездір»,— деді. Кейқуат сырнайды алып, қыздардың жүретін жалғыз аяқ жолы бар еді, соған келіп, жабындының астында жатып, сырнайды аңқылдатып тартты. Қыздар естіп, қарап жүріп тауып алды. «Ей, Кейқуат, мұны кім жасады, қайдан алдың?»— деп қыздар сұрады. Кейқуат айтпады. Қыздар оны аяқтарымен таптады, сонда да айтпады. Сол уақытта Қаракөзайым: «Маған шынын айтатын шығар»,— деп, оңашаға шығарып алып, сұраған жері еді.
Қаракөзайым сөйледі:
«Молдалар сызған ала хат,
Біздерменен бас қосып,
Ойнап-күлмек салтанат.
Қолыңдағы сырнайды
Кім қылды екен, Кейқуат?!
Сұрағанда шын айтсаң,
Сені тәуір көрейін.
Шыныңды айтшы, Кейқуат,
Не тілесең, берейін.
Қайдан пері қылды екен,
Көзімменен көрейін.
Егер қылса адамзат,
Жолында соның өлейін».
Кейқуат сонда сөйледі:
«Базары пышақ балдақы,
Нәсілің сенің қалмақы.
Шыныңды айт деп қинадың
Көп ішінде, салдақы.
Бір адам қылды ордағы,
Ор ішінде бенде боп
Алпамыс берен қалған-ды...
Мұны Алпамыс қылған-ды!»
Қаракөзайым сөйледі,
Ақылменен тағы ойлады:
«Айналайын Кейқуат,
Сол Алпамыс қайда еді?»
Алпамысты есітіп,
Ғашық оты өртеді.
Кейқуатқа ілесіп,
Жүгіре басып кетеді.
Арқасы күнге күймеген,
Табаны жерге тимеген
Ханның қызы ерке-ді.
Бұрынғы өткен халықтан
Осылай екен ертегі.
Бір жерлерге барғанда
Тазша амал табады:
«Шаршадым» деп, жүрместен,
Сонда жата қалады.
Қаракөзайым қабынды,
Жүре көр деп жалынды.
Ғашық жарын есітіп,
Қыздың беті гүлденді:
«Берейін саған пұл,— деді.—
Шыныңменен шаршасаң,
Кел, мойныма мін»,— деді.
Кейқуат қылды кесірді,
Екі аяғын көсілді.
Желке шашын тізгін ғып,
Бар киімін шешінді.
Екі емшекке тепкілеп
Келе жатқан секілді.
Кейқуат сонда сөйледі:
«Қарақан тауда хан ием,
Жарылқаса еркі ием.
Алпамысқа жүр жылдам,
Шүу, жануар, ту бием!»
Келді ордың басына,
Алпамыс ордың ішінде,
Сөйлесті кіші бесінде.
Онда ордың басына келіп, Қаракөзайым: «Алпамыс, бармысың?»— деп айқайлайды. Алпамыс: «Бармын»,— деп жауап берді. Онда Қаракөз айтты: «Сенің жолыңда жүргеніме жеті жыл болды, сонан бері келгенімде көргенім осы, енді мен сені қандай ғып шығарып аламын?»— деді. Онда Алпамыс айтты: «Сен мені шығарып ала алмайсың, Шұбар атым қайда? Сол шығарады»,— деді. Қыз айтты: «Атың патшаның қолында, жеті қабат темір үйде. Сыртынан қанша адам бағады, мен оның маңайынан жүре алмаймын»,— деді. Онда Алпамыс айтты: «Мына бір қамзолыма неше жылдан бері терім исі сіңіп кетті, осыны ішіңнен ки, шашыңды түй, әкеңнің аула-жайын аралап, диуана болып жүр»,— деді. Онда қыз: «Құп болар»,— деп, қамзолды киіп алып, шашын шекесіне түйіп алып, кәлендерлік киім киіп, әкесінің ордасын аралап, айналып жүре берді. Жел жағынан ық жағына өтіп бара жатқанда, Шұбар ат темір үйді теуіп жіберіп, талқан қылып, мойнынан асырып жіберді, бағып тұрған қалмақтарды қашырып жіберді. Оқыранып шауып келіп, диуананың қойнына тұмсығын тығып, үш мәртебе айналып тұра берді. Онда патша келіп: «Жынды диуана, сен Алпамыстың өзімісің, болмаса, көзімісің?»— деді. Диуана айтты: «Е, патша, Алпамыс менен он есе үлкен емес пе?»— деді. Патша ойланып: «Алпамысты көргемін, ол сенен үлкентұғын»,— деді. Диуана айтты: «Мен ілгеріде Жиделі Байсын деген жерге, Қоңырат деген елге барған едім. Сонда бұл Байшұбар құнан еді, ит тиіп ауырған екен, мен түкіріп, емдеп жазған едім. «Диуана, сол күнде қандай едім, қазір қандай күйде тұрмын?» деп маған шағып жылап тұр»,— деді. Онда патша айтты: «Ей, диуана, осы Шұбар маған үйренбей жүр, үйретіп берші!»— деді. Диуана: «Құп болады, үйретіп берейін!»— деді. Онда патша: «Не берейін?»— деді. Диуана айтты: «Тақсыр, қырық арқан, қырық қойдың құйрығын, Алпамыстың қару-жарағын беріңіз»,— деді. Онда патша айтты: «Мен қанша күтем?»,— деді. Диуана айтты: «Жеті күн өтіп, сегізінші күні келіңіз»,— деді.— Үйретіп берейін, шарқ ұрып, көше-көшеде жүріңіз,— деді. Патша бәрін түгендеп берді. Алпамыстың қару-жарағын, киім-кешегін бірін мойнына, бірін беліне байлап, патшаны: «Үйіңізге бара беріңіз!»— деп алдап шығарып салып, диуана Шұбар атты жетектеп, орға қарап келе жатқан жері екен.
Қаракөзайым қуанып,
Қапалы көңлі жұбанып,
Темір үйдің ішінен
Шұбарды алды шығарып.
Сол уақытта Шұбар ат,
Үш мәртебе айналып,
Тұмсығын тықты қойнына.
Арқа басын сипалап,
Тұмарын тақты мойнына.
Жау-жарағын, киімін
Сыйғызды тұла бойына.
Мінетұғын болдым деп,
Патшаның кірді ойына.
«Екі жыл ұдай қатырып,
Шабамын,— деп жүр,— тойымда»
«Так, жануар, так, так»,— деп,
Шұбар атты жетектеп,
«Жоламаңдар қасына,
Өлтіреді тентек»,— деп,
Қалмақты кейін қашырды,
Қыз айласын асырды.
«Қай көшеден өтед,— деп,—
Басып-жаншып кетед»,— деп,
Шұқыр жер болса, тығылып,
Қалмақтар бойын жасырды.
Жаңа ұстаған құлындай,
Жылтылдаған жұлындай
Жетіп келді алысып,
Екі қолы қарысып,
Алпамыс жатқан орына-ай.
Зынданға арқан жіберді,
Бір ұшын байлап мойнына-ай.
Кетті арқан салбырап,
Шынжырлары салдырлап.
Қараса бала жоғары,
Келеді арқан жалбырап.
Қуанған менен қорыққан бір,
Түрегелді қалтырап.
Өтірік пе, шын ба деп,
Ұстады барып Аллалап.
Ғайып ерен қырық шілтен
Көтерді жерден қауғалап.
Бабай түкті Шашты Әзіз
Келе жатыр аймалап.
Қаракөзайым тартады
Жер түбінен саумалап.
Тартты Шұбар ышқынып,
Жерді тепсіп пысқырып.
Бір мезеттің ішінде
Келіп қалды шамалап.
Шықты Алпамыс қайқаңдап,
Ордың басын жағалап.
Ордан шығып алғасын,
Кеуілі мекем толғасын,
Құйрыққа әбден тойғасын,
Қуаттанып болғасын,
Жарағын киді сайланып,
Жалаң қылыш байланып,
Ызасы өткен қалмаққа
Шабайын деп ойланып.
Омырауын иіскелеп,
«Жылдам мін»,— деп тістелеп,
Тұрды Шұбар айналып.
Алмадай мойны ұзарып,
Екі көзі қызарып,
Құйрығын салып сыртына,
Жан-жаққа тұрды таңланып.
Кіндігін тартып бауырына,
Құйрығын салып сауырына,
Жерді теуіп ысқырып,
Жын ұрғандай сандалып,
Темір үйдің ішінде
Жеті жыл жатқан қамалып.
Қырық арқан бойы зынданнан
Егесін алды шығарып.
Үш секіріп, үш түсті,
Шабамын деп қуанып.
Сөйлесті біраз екі шер,
Біріне бірі білдіріп,
Қалжыңдасып, ырғасып,
Әзілменен күлдіріп,
Баланың көңлін шат қылды,
Бетіне бетін тидіріп.
Қапаларын шығарды,
Ақ тамағын сүйдіріп...
Көтерді қыз қолтықтап,
Баланы атқа міндіріп.
Ақсаңдай басып жөнеді,
Қалмаққа ерді жүрдіріп.
Сол уақытта Алпамыс
Алла деп атқа мінді енді.
Жәрдем тілеп пірлерден,
Қалмаққа қарай жүрді енді.
Шұбарды алдап алғанын
Ақылмен Тайшық білді енді.
Көзінің жасын ағызып,
Жағасын дал-дұл жұлды енді.
Өгіздей-ақ өкіріп,
Өзін тақтан ұрды енді.
Керней, сырнай тарттырып,
Қырық қақпалы қалаға
Тегіс хабар берді енді.
Әрқайсысы бір жақтан
Жүз мың әскер келді енді.
Майданға тақты құрғызып,
Қатар-қатар тұрғызып,
Тайшық хан таққа мінді енді.
Алды-артын бірдей ғып,
Сап тартып әскер тұрды енді.
«Мұның өзін қара,— деп, —
Қаңғырып жүрген бала»,— деп,
Мазақ қып әскер күлді енді.
Қалмақтың көріп күлгенін,
Алпамыс қыран түрленді.
Тайшық хан айтты:
«Балуандар,
Замана бізге болды тар.
Шошынбайын деймін-ау,
Түсімде көрген сырым бар.
Патшалыққа лайық
Бірер күн ермек қылайық,
Жекпе-жекке бірің бар.
Қайсың барсаң, оның бар,
Шұбарын тартып мініп ал.
Шырылдатып тауықтай,
Желке шашын жұлып ал.
Аямаңдар бала деп,
Ала алмай жүрген кегі бар».
Сол уақытта бір қалмақ —
Аты ердің Таймас ед,
Қолындағы күрзісі
Отыз батпан алмас ед,
Қаһарланып сілтесе,
Тау болса да қалмас ед,
Бірге жасын жасасқан
Тайшық ханмен жолдас ед,
Неше майдан соғыста
Аш қасқырдай тоймас ед,
Ерегіскен дұшпанын
Еңселетпей қоймас ед,
Таймас айтты: «Падишам,
Әуелі өзім барайын,
Айтқаныңды қылайын.
Ерлікке берсең Шұбарды,
Баланың басын қағайын.
Ырза болсын күшіме
Көріп тұрған ағайын».
Осыны айтып болды да,
Шыға берді құтырып,
Ителгідей жұтынып.
Басқа қалқан төңкеріп,
Күрзісін келді көтеріп.
Өзінен басқа жан жоқтай,
Жетіп келді ұмтылып.
Қарсы ұмтылды Алпамыс,
Ақ тұйғындай құнтиып.
Ауадан құйған тұйғындай
Бір ұрып кетті сыпырып.
Ұшып кетіп кәлласы,
Денесі қалды отырып.
Астына мінген керігі
Шыға келді ойнақтап,
Жап-жалаңаш сытылып.
Мұнан кейін бір қалмақ
Ашуланып, долданып,
Шыға келді жүгіріп,
Жапыратын немедей
Етегін белге түрініп,
Жауатұғын бұлттай
Келе жатыр құбылып,
Ұрсатұғын батырдай
Қылышын белден суырып,
Бара ғой деген ешкім жоқ,
Өзінен өзі жын ұрып.
Өлемін деген ойда жоқ,
Жігіттіктің буы ұрып.
Мұны көріп Алпамыс,
Тұра қалды кідіріп.
Басын қағып жіберді,
Жұдырықпен бір ұрып.
Ұшқан кәлла жөнелді
Қалың топты аралап.
Кеудесі жатыр орнында.
Қолымен санын сабалап.
Ұстайын деп қалмақтар,
Кәллаға қарай ұмтылды,
Ортаға алып қамалап.
Жаны жоқ кәлла не білсін,
Бес-алтауын өлтірді,
Он шақтысын жаралап.
Сол уақытта Таймастың
Жалғыз ұлы бар еді,
Жарап жүрген нар еді.
Қайсыбірін айтайын
Сайманы түгел сай еді.
Тайшық хан айтты келді де:
«Майданға, балам, бар!—деді.—
Әлгі ит өлді бекерге,
Әкеңнің кегін ал!»— деді.
Күшіне сенген ер еді,
Әкесімен тең де еді.
Шыға келді құтырып
Жарап жүрген нардай боп.
Сүйретіліп аяғы
Кішігірім таудай боп,
Қарсы ұмтылды Алпамыс
Қысыр емген тайдай боп.
Қарсыласты екі шер
Үркер менен айдай боп.
Жетіп келіп қасына,
Салып кетті басына,
Құлады қалмақ жардай боп.
Біле алмады өлгенін
Келісімен қандай боп.
Үшеуі жатты теңкейіп,
Байлаған орып баудай боп.
Сол уақытта бір палуан,—
Келе жатыр ұмтылып,
Аяғын жерге сүйретіп,
Олай-бұлай шапқылап,
Мінген керігін үйретіп,
Неше дәу, неше пілдерді
Өлтірген еді күйретіп,
Келе қалмақ сөйледі:
«Мұның қалай, жас бала,
Қайратқа сенген, мас бала?!
Сірә, бір кезек бермедің,
Ерлердің жолын білмедің,
Сенің мұның масқара!
Батыр болсаң, кезек бер,
Басыңа қалқан ұста да».
Сонда батыр сөйледі:
«Көзіме толды қанды жас,
Ешбіріңді көрмеймін.
Білгеніңді қыла бер,
Ажалсыз болсам, өлмеймін.
Әдісің көп халықсың,
Сендерге, сірә, сенбеймін.
Қырық арқан бойы зынданда
Жеті жыл жаттым мен деймін.
Жеті мың қалмақ өлтірмей,
Сірәда кезек бермеймін!»
Осыны айтып болды да,
Екі ер соғыс бастады.
Шегінісіп қошқардай
Бірінен бірі қашпады.
Тап бергенде, шап беріп,
Жағадан бала ұстады.
Бірін бірі сілкілеп,
Ат үстінде мұштады.
Қиқылдап қалмақ буынды,
Балаға күші аспады.
Мәлім болды халыққа
Баланың күші асқаны.
Ақ қанжарын суырып,
Заманасын қуырып,
Атыменен қалмақты
Екі бөліп тастады.
Мұны көріп Тайшық хан,
Екі көзін жастады.
Бала тұрды ақырып,
«Жылдам кел!»— деп шақырып.
Қалмақтар қадам баспады,
Тайшық хан енді жылады,
Қайғыменен көзін бұлады.
«Жүз мың әскер келсін!»— деп,
Жан-жаққа мойнын бұрады.
Енді қалмақ ат қойды,
Жүз мың әскер лап қойды.
Қарсы ұмтылды Алпамыс
Қамысқа түскен қудай боп.
Біреуді біреу білмеді,
Біреуді біреу көрмеді
Аспаннан түскен нұрдай боп.
Есепсіз қалмақ қырылды
Жабысқан будан удай боп,
Майданнан аққан қызыл қан
Сарқырап ақты судай боп.
Ол уақытта еш соғыс
Өткен емес мұндай боп.
Рүстем-Дастан бір майдан
Өткен екен сондай боп.
Өліктері төбе боп,
Төскейден атқан құрдай боп,
Есебі жоқ өліктің,
Домалап жатыр пырдай боп.
Неше ерлер айрылды
Әскерінен жұрдай боп.
Қалған қалмақ жабылды,
Әр жерден қақты дабылды.
Жердің жүзі көкпеңбек,
Күннің де көзі шағылды.
Құбыладан соққан дауылдай
Түрленіп бала қағынды.
Майданнан аққан қызыл қан
Өзенге сыймай ағылды.
Қылыш тисе — шақ етед,
Мылтық тисе — тақ етед,
Мысалы бала шойын-ды.
Күннен күнге өшігіп,
Көрсетті батыр ойынды.
Бес байталдың кесірі—
Қанша ердің басы жойылды.
Қалған қалмақ қайрылып,
Бірінен бірі айрылып,
Қалаға қашып барады.
Бекітіп алды қаланы,
Далаға тастап баланы.
Қалаға бала кіре алмай,
Не қыларын біле алмай,
Бұл шәһәрден айналып,
Түн ортасы өткенде,
Таң мезгілі жеткенде,
Бір тесікті табады.
Ар жақтан хабар алмаққа
Тесікке шауып барады.
Көрінбейді ешнәрсе,
Абайлап әбден қарады.
Астындағы Шұбар ат
Осқырып, үркіп, бармады.
«Не бар еді,— деп,— тесікте,
Кірмейсің,— деп,— есікке»,
Шұбарды бала сабады.
Ашуымен қамшының
Енді Шұбар ырғыды,
Оқжыландай сырғыды,
Арқан бойы жазылып,
Тесіктің асты қазылып,
Өтіп кетті лып етіп,
Жерге тимей аяғы,
Асыл біздей жылт етіп,
Ар жағында бір жерге
Түсті барып дік етіп.
Шынжыр арқан, темір тор
Түсіп қалды сылқ етіп.
Салмағына шыдамай,
Шұбар да қалды ыңқ етіп.
Тесіктің асты ор еді,
Ор жағалап отырған
Қалың әскер қол еді.
Кірмегені Шұбардың
Әсіресе сол еді.
Қазынаның хандағы
Есепсіз түрі мол еді.
Балаға тағы жабысты,
Ілескен жастан сор еді.
Атаңа нәлет қалмақтар,
Бір ақыл ойлап табады —
Жалғыз ауыз жол қылып
Бекіткен екен қаланы.
Темір шынжыр арқаны
Ұстап берді баланы.
Ауырлығы бір батпан
Бұршақтай шоқпар ұрады.
Дөңгелге қаққан қазықтай
Қасқайып бала тұрады.
Берен мылтық бытырлап,
Бұршақтай оғы жауады...
Алпамыс тағы зарлады,
Құдайға қылып наланы:
«Жад еттім әуел, жалғыз Хақ,
Өзің жалғыз, мен де тақ,
Тақ ерлерге өзің жақ.
Өзің жалғыз, мен жалғыз,
Беремін десең, кәне бақ?!
Аға-іні менде жоқ,
Өліп кетсем, артым шақ.
Қысылғанда қолдай көр,
Әкеме берген аруақ!
Түп қара ағашы қасында,
Ақ шеңгелдің басында
Жылы бұлақ, бір бұлақ,
Армандамын бара алмай,
Басыңа жағып жұп шырақ!
Қолдай көр бүгін балаңды,
Сіздер жарсыз, біздер дақ.
Айналайын Шұбар ат,
Бұл дүниеде бар ма екен
Мен секілді ақымақ?!
Ғайып ерен пірлерім,
Бұл бәледен өзің қақ!
Келіп түстім торына,
Кемпір салды орына.
Жеті жылды өткізіп,
Шығып едім зорыға.
Алмаймын деп тіліңді,
Тағы түстім торына.
Тепкеніңде кемпірді,
Өлтірмедің сорыма!..»
Осыны айтып өкірді,
Келгеніне өкінді.
Өкінгенін білді де,
Астында Шұбар секірді.
Жазым болып кетер деп,
Үстінде бала бекінді.
Шынжыр арқан, темір тор
Жүн-жүн болған секілді.
Тағы Шұбар бұлқынды,
Үстінде бала жұлқынды.
Қамалап тұрған қалмаққа
Жалғыз бала ұмтылды.
Енді қалмақ сасады,
Қақпаның аузын ашады,
Біріне-бірі қарамай,
Қақпаға құлып сала алмай,
Бет-бетімен қашады.
Алдыңғы жағын қалмақтың
Арт жағы келіп басады.
Көп мырзаны ат басты,
Өліктері қан тасты,
Көбісі таудан енді асты.
Көк орданың басында,
Көк өзеннің қасында
Тайшықтайын ханменен
Алпамыс берен айқасты.
Қарсыласып қалысты,
Тайынбай, найза салысты.
Біріне бірі ылағып,
Екі найза қағысты.
Осыменен екеуі
Біраз жерге барысты.
Найзаларын тастасып,
Қылышпенен салысты.
Ат үстінен жүгіртіп,
Бірін-бірі шабысты.
Осынау майдан ішінде
Түзетті бұлар ұрысты.
Ойын екен бұрынғы,
Ірілетті жұмысты.
Ордан бала шыққалы
Алған жоқ әлі тынысты.
Екеуі де болдырып,
Атының басын бұрысты...
Алпамыстың аруағы
Тайшықтың үстін басады.
Мұны біліп Тайшық хан,
Қалаға қарай қашады.
Қақпаның жетіп аузында
Тайшық ханды шаншады.
Састырды енді хандарын,
Шырқыратып жандарын,
Талауға салып жіберді
Қазынадағы малдарын.
Өлтірді дұшпан бектерін,
Найзамен шаншып бүйректен,
Алды әбден кектерін.
Біріне бірін қоспайды
Арт жағынан келгенін.
От қойып өртеп жіберді
Бір жерге жинап өлгенін.
Қаланың аузын қан қылды,
Қақпаның аузын шаң қылды,
Айдарлысын құл қылды,
Тұлымдысын тұл қылды,
Көрген түсін Тайшықтың
Өтірік емес, шын қылды.
Ашуы баланың тарамай,
Кез келгенін қырады.
Бір жерлерге келгенде,
Баяғы мыстан шешесі
Көлденең тартып тұрады.
Әуелгі дұшпан кемпір ед,
Заманын қандай қылады?
«Осыны қайтсем екен?» — деп,
Ар жаққа кеулін бұрады.
Жаны шығып шошайып,
Әр жерге кемпір бұғады,
«Аманбысың, шеше?» — деп,
Мазақтап бала сұрады.
«Жүрмін ғой,— деп,— шырағым»,
Қамығып кемпір жылады.
Жұдырығын түйіп ап,
Ауызға бала ұрады.
Екпініне шыдамай,
Шалқалап кемпір құлады.
«Осы аузың маған қылды!»— деп,
Езуін тіліп, жырады.
Талқан болып ауызы,
Азудың бәрі сынады.
Толғанынша іспелеп,
Аузына тасты тығады.
Жарылып кетіп жүрегі,
Осымен кемпір тынады.
Тірсегінен тіледі,
Бәйтерекке іледі.
Көрсетіп қойды халыққа
Үрген местей бұлтитып.
Бар киімін шешіп ап,
Бөксесін қойды тыртитып.
Дұшпанның бәрін өлтіріп,
Батырдың көңлі тынады.
Қалмақтың өлмей қалғанын...
Кейқуатқа көндіріп,
Бағындырып қояды.
Патша болды Кейқуат
Қалмақтың қалың еліне.
Әділдігін жүргізді,
Ешкімнің көнбей ебіне.
Бақ қонарда жігітке,
Азы не, сірә, көбі не?!
Керней-сырнай тарттырып,
Даңғыра дабыл қақтырып,
Барып түсті Алпамыс
Қаракөзайым үйіне.
Кер маралдай керіліп,
Басарына ерініп,
Ханның қызы Қаракөз
Түсті шалқып күйіне.
Қыздар жүр бетін шымшылап,
«Тиіп ек,— деп,— көңліне».
Енді қыздар ойнады,
Қой десе де қоймады.
Тізесіне асылды
Шөге жатқан нардай боп.
Мойынына асылды
Қысыр емген тайдай боп.
Түзетті қыздар қатарды
Құлаған жаңа жардай боп.
Ортада отыр Қаракөз
Он бесте туған айдай боп.
Қызыл күрең реңі
Құбылып отыр жындай боп.
Адамзаттың баласы
Туады екен мұндай боп:
Оқтаудай бойы бұралып,
Тартып қойған сымдай боп,
Сөйлеген сөзі — қырмызы
Қамырдан тартқан қылдай боп,
Сүйкеніп өтсе денесі,
Тиеді жұмсақ ұндай боп.
Арманы бар ма жігіттің,
Қосылса жары сондай боп?!
Жүрметүз деген бір қыз бар
Қыздардың жүрген ішінде.
Сүрме тартып көзіне,
Орнатқан гәуһар тісіне.
Алтын шашбау жарқылдап,
Байланған шаштың ұшына...
Құлпырады құбылып
Неше алуан түсі де.
Қараңғы үй жарық болады
Жатарында шешіне.
Ата-анасы болмаса,
Көрінбеген кісіге.
Жер астындағы гәуһардай,
Болады кімге несібе?!
Аламын деген дәулер көп
Сыртынан жүріп есіре.
Кейқуат келіп ойнаса,
Итереді өшіге:
«Өңім түгіл, Кейқуат,
Көрінбе,— дейді,— түсімде!»
Басы ойын, алысып,
Аяғы шындай ұрысып
Қалған екен екеуі
Сол күні күннің кешіне.
Кейқуат кетті ыза боп,
Шыдай алмай пешіне.
Жүрметүз келді құбылып
Алпамыстың қасына.
Мойынынан құшақтап,
Отыра кетті басыла.
Алпамыс айтты: «Жүрметүз,
Кесірің бар басыңда!
Достығың маған белгілі,
Әрмен жүр енді, асылма.
Атаңа нәлет ит қалмақ,
Бар қылғаның осы ма?»
Жүрметүз сонда сөйледі:
«Не десең де еркің бар,
Қақпаймын, жезде, қолыңнан!
Жаңа жеттік мұратқа,
Осы келген жолыңнан!
Аруағыңа ырзамын
Ажыратқан сорыңнан!
Патшалыққа, амал не,
Шықпай жүр ме ойыңнан?
Жердің зәрі қалмайды,
Қыздардың шықсаң қойнынан!
Жердің асты у болар,
Арылар сонда бойыңнан!»
Бұл сөзді естіп Алпамыс,
Қарғып тұрды орнынан.
Кейқуатқа некелеп,
Қосып берді қолынан.
Риза болды Жүрметүз,
Болғандай ғашық бұрыннан.
Танадай көзі жарқылдап,
Алтын кебіс сартылдап,
Ілесіп алып жөнелді
Кейқуаттың соңынан.
Келіп мініп тағына,
Ие болып бағына,
Арылды, жазған, сорынан.
Боларында кісіге
Келеді қайдан несібе.
Болмасына келгенде,
Жіберер ісін өшіре.
Кейқуат айтты: «Жүрметүз,
Қылғаның бар ма есіңде,
Өзіңе өзің берік бол,
Түсірейін есіңе!»
Жүрметүз айтты: «Падишам,
Жүр едім сізді пісіре,
Қалжың менен ойынды
Сақтапсыз сіз ішіңе».
Осыны айтып Жүрметүз,
Көрпеге кірді шешіне.
Ақылы бар, ми толық,
Тұрады сөзге түсіне.
Түсінбесең мейілің,
Ұзатам сөзді несіне.
Түсінген халық, риза бол
Кейқуат патша күшіне.
Керней, сырнай тарттырды,
Даңғыра, дабыл қақтырды,
Кішміш, мейіз жегізіп,
Шұбар атын бақтырды.
Неше дәулер, неше ерлер
Қызметіне тақ тұрды,
Күніге көкпар шаптырды.
Ханның қызы Қаракөз
Алпамыс берен батырға
Қосылмақты жақтырды.
Еңбектің көріп ретін,
Алпамыс қызды ап тұрды.
Осыменен арада
Отыз екі күн өтті,
Отыз үш болып түн жетті.
Қалмақтың қалың шәһәрін
Кейқуатқа билетті.
Сол күні жатып ұйқыда,
Алпамыс батыр түс көрді,
Түсінде жаман іс көрді.
Төсегінің үстінде
Бір күшіген құс көрді.
Түсі суық құс екен,
Бір түнде соны үш көрді.
Ақырында Алпамыс
Өзі барып ұшырды,
Айбатымен қорқытып,
Қайтадан жерге түсірді.
Кәлласын кесіп денеден,
Өкпе-бауырын пісірді.
Бір сойқанның болғанын,
Ауылын жаудың алғанын
Ақылмен байқап түсінді.
Ойланды бала қайтпаққа,
Жол азабын тартпаққа.
Қайғы түсті көңіліне,
Тағат жоқ қамсыз жатпаққа.
Қаракөзайымды оятты
Қайтамын деп айтпаққа.
Бұл сырды біліп Қаракөз,
Қарғып тұрды орнынан.
Қараса, түннің іші екен,
Шошынды тұла бойынан.
Сол күні түнде түсінде
Ұшырған екен бұ дағы
Ақ тұйғын құс қолынан.
«Айтсаңшы енді, ерім, — деп,—
Не сыр көрдің бүгін?» — деп,
Құшақтады мойнынан.
Алпамыс айтты баяндап
Түндегі көрген сырынан.
«Аһ,— деді қыз сорлы,—
Арылмадым ба сорымнан?!»
Көзінің жасы ағылып,
Көрпенің шетін жамылып,
Тұра алмады қойнынан.
«Шұбарды әкеп ертте,— деді,—
Көп кешігіп кетпе»,— деді,
Тұрғызды сүйеп қолынан.
Жылап-еңіреп жөнелді
Ылажының жоғынан.
Жолға түсіп елбеңдеп,
Жылайды, жазған, еңкеңдеп.
Шешіп ала жөнелді,
Тұра алмады кідіріп.
Сылап-сипап ерттеді,
Көзінің жасы төгіліп.
Өксіп-өксіп жіберді,
Тізесін басып бүгіліп.
«Қалдым ба,— деп,— айрылып?»
Қабырға кетті сөгіліп,
Сол уақытта Алпамыс
Далаға шықты жүгіріп.
«Кеттің бе,— деп,— шынымен?—
Сөйледі сұлу бұрылып. —
Қош, аман бол, алғаным,
Алаша төсек салғаным.
Табанымнан тас өтіп,
Маңдайыма күн өтіп,
Қайғысын шектім Алланың.
Қызығын да көре алмай
Ата менен ананың...
Қылатын ісі осы ма
Ақылы кәміл дананың?
Жаныңа сенің құрбан ғып,
Еліме ойран салғаным.
Ата-анамнан айрылып,
Жұрдай болып қалғаным.
Еш болмаса балаң жоқ,
Артыңда белгің қалған жоқ,
Ішімде кетті-ау арманым.
Арман емей, немене,
Алдыңнан кетсе алғаның?!
Алғаныңнан айрылсаң,
Қызығы бар ма жалғанның?!
Мінемін дедің — мін енді,
Жүремін дедің — жүр енді,
Көрермін басқа салғанын.
Болмаса неғып ілесіп,
Шұбар атқа мінгесіп,
Еліңе неге бармадым?!
Қыз деген — ердің олжасы,
Ат көтіне салмадың.
«Алғаның — кәміл пірің» деп,
Аятын көрдім Құранның.
Аман барып, есен жүр,
Жолыңа мен бір құрбаның.
Қош енді, ерім, қош енді,
Қош деп айттым үш енді,
Әмірі шығар Алланың!»
Алпамыс сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Затың әйел болған соң,
Ақылың сенің кем,— деді.—
Мен кеткесін, сен кетсең,
Бұзылмай ма ел,— деді.—
Шұбар атым бар болса,
Келемін демде мен,— деді.—
Алтын қазық сен болдың,
Айналатын мен болдым,
Тұра бер мұнда сен,— деді.—
Ерлі-зайып арасы,
Айтқаның да жөн,— деді.—
Ақ сұңқар ұшар жем үшін,
Туады ерлер ел үшін.
Болған білем ата-анам
Қарақұс қуған көгершін.
Жеті жыл болды кеткелі,
Қандай боп қалды үй ішім?
Үйде отырсаң, түзің жоқ,
Түзге шықсаң, үйің жоқ,
Жалғыздың күні құрысын!
Тоқтай алмай барамын
Ағайын-туған, ел үшін.
Бейнет шектің мен үшін,
Келермін қайтып сен үшін.
Ризалықпен жауап бер,
Алысайық қол ұшын?»
Осыны айтып Алпамыс,
Шұбарға келді мінгелі.
Құбылып шықты құлпырып,
Өңшең жібек кигені.
Көтерді сұлу қолтықтан
Екі көзі сүрмелі.
Құшақтады мойнынан,
Алпамыс берен сүйгелі.
Бетіне беті тигенде,
Ақ тамақтан сүйгенде,
Басылды іштің күйгені.
Алмас қанжар асынып,
Жеңіне тығып жасырып,
Тұр еді сұлу өлгелі.
Қош айтысып сұлумен,
Алпамыс берен жөнелді,
Жөнеген кезде түн еді.
Анадай барып қайрылып,
Үш мәртебе келеді.
Айтатын басқа сөзі жоқ,
Сәлем бер деп тіледі...
Көзінің жасы ағылып,
Мойнына гәуһар тағынып,
Күндіздей түнге шағылып,
Қолына шылбыр береді.
Ақылменен аңғарып,
Қимағанын біледі.
Қыз да болса дана еді,
Әкесі Тайшық хан еді.
Рахымы оның келеді,
«Есен барып, сау қайт»,— деп,
Аузынан бата береді.
Сол уақытта Шұбар ат,
Ауыздық басып ауызға,
«Қоя бер»,— деп сүзеді.
Айтып ауыз жиғанша,
Қарап көзін жұмғанша,
Ғайып болды Шұбар ат.
Кеткенін де білмеді,
Енді бала жөнелді,
Шұбардың басын түзеді.
«Алпамыс қашып кетед»,— деп,
Қалмақтың келді көңліне.
«Қашты» деген ат болды,
Кетпегесін көріне.
Ертеңіне ойланып,
Түсініп қалды Кейқуат
Алпамыс қылған ебіне.
Ақылынан адасып,
Жынды адамдай бал ашып,
Ханның қызы Қаракөз
Отырды жылап күніге.
Енді Шұбар шабады,
Жер жобасын табады.
Аяғы тиіп еріне,
Шабатұғын жүйрікке
Ылдиы не, өрі не,
Тигізбейді шаң-тозаң
Судай аққан теріне.
Күніге шауып жануар,
Түсті әбден күйіне.
Алпамыс жетсе үйіне,
Жіберер дейді үйірге.
Сол уақытта Алпамыс
Жад қылады еренді,
Шұбардың басын жіберді.
Таудан аққан тасқындай
Төгіліп Шұбар жөнелді.
Адыр-адыр бел еді,
Адам қорқар жер еді.
Неше қиын жерлерден
Тегістей шауып келеді.
Мейлі дала, мейлі адыр,
Теп-тегіс болды жер енді.
Айдын-айдын көл еді,
Көлдің де аты көп еді.
Жарбаңдап ұшқан қарғадай
Аяғы жерге тимеді.
Сонда Алпамыс сөйледі:
«Айналайын Шұбар ат,
Қолтығыңда бар қанат.
Жазым болып жығылсаң,
Бір шұқырға тығылсаң,
Өлмеймін бе мен?!»— деді.
Бұл сөзге Шұбар шамданып,
Мұнан да жаман өрледі.
Кешегі шабыс бүгін жоқ,
Төрт аяғы — атқан оқ,
Әртүрлі шабыс бастады.
Пайда еткен жоқ балаға
Шабыстан қорқып-сасқаны.
Алдында жатқан аңғарды
Жер ошақтай тастады.
Екі көзін тарс жұмып,
Бала да ерден ұстады.
Енді Шұбар ұмтылды,
Құбылып ұшқан сұңқардай
Жердің жүзін сыпырды.
Қалың жыныс ағашта
Қос құлақты жыпырды.
Ықтияр кетіп өзінен,
Лажсыз бала отырды.
Басын жерге салмады,
Су ішіп мейірі қанбады.
Осындай болып танбастан
Отыз күн шапқан сықылды.
Келді Алпамыс саламат,
Құстай ұшты Шұбар ат
Жиделінің шетіне.
Жаман-жақсы әр жұмыс
Жігіттің болмақ ниетіне.
Жайылып жатыр көп жылқы
Жиделінің бетінде.
Оқыранды Шұбар ат,
Үйірін танып секіре...
Күллі жылқы шұрқырап,
Ілесіп алды көтіне.
Анасы да бар екен,
Баласы да бар екен,
Тигізді бетін бетіне.
Айғырларын тістелеп,
Құлын-тайын иіскелеп,
Баланың көнбей еркіне,
Оқыранып Шұбар ат,
Шығарды даусын өкіре.
Жаңа түсті есіне,
Жүргеніне өкіне,
Тағы да бала тоқтады,
Босаған кеуілі бекіне.
Аман-есен келгесін,
Жеткендей болды сертіне.
Онда Алпамыс батыр көңілін қатайтып, жүрегін тоқтатып келе жатса, жолында бір шатыр тұр. Алпамыс шатырға келсе, ішінде бес бек ұйықтап жатыр, бес бектің алдында біреу мосыға шай қайнатып отыр. Біресе жылап, біресе қалғып отыр, назарын салса: әкесіне немере Құлтай деген бабасының Тортай деген жалғыз баласы бар еді, сол екен. Бес бекке қараса, Алпамыс өзі барында жылқы бағатын бес құлы екен. Бұл бесеуін танып, жай-мәнісін сұрағалы, диуаналық киім киіп: «Аға, бұл кімнің жылқысы?» — деп сұрап тұрған жері еді.
Сонда Алпамыс сөйледі:
«Ассалаумағалайкүм,
Қарахан тауда бабамыз!
Сірә, қабыл болғай да,
Аға, сіздің тобаңыз.
Осы бағып жүргенің
Қандай бектің жылқысы,
Бишара болған бабамыз?!
Кірекеш едік жолаушы,
Қалаға кіріп барамыз,
Байсын деген өз елім,
Жиделі байтақ қаламыз.
Бөтен емес, бөгде емес,
Осы жерде туған баламыз.
Жеті жыл болды кеткелі
Ажырасып арамыз.
Біз кеткенде тірі еді
Ата менен анамыз.
Айналайын Құдай-ау,
Хабарын кімнен аламыз?!»
Сонда Тортай сөйледі:
«Мінген атың қаракер,
Жалғызға, Құдай, пана бер.
Заманым кеткен сорлымын,
Менен несін сұрайсың,
Көп сөйлемей, жүре бер.
Жиделі Байсын жерінде
Қоңырат деген бай еді,
Төрт түлік малы сай еді.
Маңдайында сорлының
Жалғыз ұлы бар еді,
Жалғыз да болса нар еді.
Байбөрінің жылқысын
Тайшық хан алып жөнелді.
Әкесі айтты балаға:
«Артынан қуып бар,— деді,—
Қалмақтан кегімді ал,— деді.—
Ала алмасаң кегімді,
Бенде боп сонда қал!»— деді.
Шыдай алмай ашуға,
Артынан қуып жөнелді,
Кеткесін қайтып келмеді.
Өткеннен де сұраймын,
Кеткеннен де сұраймын,
Хабарын ешкім білмеді,
Жеті жыл болды кеткелі,
«Ел-жұртым қалды» демеді.
Ұшырадық зорлыққа,
Көніп жүрміз қорлыққа,
Тілекті Алла бермеді.
Ұлтан құл деген бек болды,
Болғанына көп болды.
Халыққа қорлық көрсетіп,
Қазына-малды жеп болды.
Қарахан таудың түлкісі,
Келмейді ердің күлкісі.
Осы бағып жүргенім —
Кешегі кеткен жас берен
Алпамыс ердің жылқысы.
Қарахан тауда қамалым,
Баяғыдай бола ма
Алпамыс келіп заманым?!
Ежіктеп мұнша сұрадың,
Әр сөздің басын құрадың,
Естідің бе, қарағым,
Келіп тұр менің жылағым,
Кім едің өзің, шырағым?!»
Онда бұл сөзді естіп, бес бек ұйқыдан оянып: «Ей, қақбас, Алпамысты бізден сұра, Алпамыс қалмақтың қолында өліп кеткен, ел қыдырған диуана не біледі, шайыңды қайнат!» — деп ұрып-соғып, қуалай берді. Онда Алпамыс батыр бес бекке келіп, араша сұрап: «Жігіттер, бұларың қалай, мені сыйлаңдар, болмаса, мен де сіздерге өнер көрсетемін»,— деп тұрған жері еді.
«Араша, батыр, араша!—
Арашалап, бұлардың
Қасына келді жанаса,—
Араша деп тілеймін,
Тыңдаған сөзім жараса.
Арашаны білмесең,
Іс қыламын тамаша!
Қойсана, батыр, қойсана,
Ашуы жоқ болсана.
Қой дегенде қоймасаң,
Түсірермін ой-сана!
Айналдырған алтауың
Бір кісідей болсана».
Қой десе де қоймады,
Қоятұғын болмады.
«Бұл иттерді қайтем?» — деп,
Ер Алпамыс ойлады.
Буырқанды, бұрсанды,
Мұздай темір құрсанды.
Мойнындағы сотамен
Әрқайсысын бір салды.
Асаменен басқа ұрды,
Тұра алмастай тас қылды.
Бір ұрғанды көтермей,
Бесеуі де мырзаның
Жанын Хаққа тапсырды.
Бесеуі де өлгесін,
Алпамысты көргесін,
Тілегін Алла бергесін,
Айқай сап Тортай өкірді.
Мұны көріп Алпамыс,
Тағат қылып тұра алмай,
Атынан түсе секірді.
Бірін бірі құшақтап,
Көзінің жасы бұршақтап,
Көрісе берген секілді.
Көрісіп болған соң, Алпамыс айтты: «Ей, аға, елдің жайы қалай?» — деп сұрады. Тортай айтты: «Ей, шырағым, елдің несін сұрайсың, өзіңнің Ұлтан құлың бек болды, «Менің тілегімді тілемей, Алпамыстың тілегін тілейсің» деп, әкеңді түйеге салып, атаң Құлтайды қойдың соңына салып қойды. Өзіңнен қалған жеті айлық балаң Жәдігерді жалаң аяқ, жалаң бас, мойнына шынжыр, аяғына кісен салып, қозы бақтырып қойды. Өзгесін не қылайын, әсіресе өзіңнің Гүлбаршын жарыңды аламын деп отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, басып-көктеп бүгін кешке некесін қиятын күні, шырағым, тілімді алсаң, ертерек бар»,— деді. «Алпамыс келді деп ешкімге айтпа»,— деп, атына мініп жүріп кетті. Алпамыс келе жатса, әкесі Байбөрі түйесін суға айдап бара жатыр, өзі қалап алған әңгімесін айтып бара жатыр екен, Алпамыс түйенің арасында тыңдап жүре берді. Сондағы Байбөрінің айтқан сөзі еді.
Байбөрі сонда сөйлейді:
«Айналайын Құдайым,
Бір өзіңе жылайын.
Бүйтіп қорлық көргенше,
Көзімнің жасын бұлайын.
Жалғызым менің келер ме,
Көзімнің жасын көрер ме?
Арманда кеткен баламды
Қадыр Алла берер ме?!
Тауға біткен ақ терек,
Қыздар тағар мойнына
Қалампыр, маржан текшелеп.
Айдасам, жөнге жүрмейсің,
Есіз қалған ақ шелек!
Арай, жаным, арай!
Сенің бірің қалмағыр,
Сені ешкім алмағыр,—
Айдасам, жөнге жүрмейсің,
Қарағымның артында
Есіз қалған тайлағы,
Арай, жаным, арай!
Қарахан таудың аршасы,
Түсіп қалды үстімде
Киген киім баршасы.
Айдасам, жөнге жүрмейсің,
Қарағымның артында
Есіз қалған наршасы,
Арай, жаным, арай!
Қара таудың шиесі,
Байбөріңе келді ме
Пірілердің киесі?!
Айдасам, жөнге жүрмейсің,
Қарағымның артында
Аманат болған түйесі,
Арай, жаным, арай!
Темірменен құрсаулы
Жәдігерім білегі,
Сірә, қабыл болар ма
Байбөрінің тілегі?
Айдасам, жөнге жүрмейсің,
Қарағымның артында
Есіз қалған үлегі,
Арай, жаным, арай!»
Онда Алпамыс түйенің арасынан шыға келіп: «Ассалаумағалайкүм, ата!»— деп сәлем берді. Онда Байбөрі бай зәресі ұшып кетті, қолындағы таяғы жерге түсіп кетті. Ұлтан құлдың әдейі аңдытып қойған адамы екен деп ойлады. Онда Алпамыс батыр: «Әкемнің жүрегі жарылып кетер»,— деп, әкесіне қарап айтып тұрған сөзі еді:
«Ассалаумағалайкүм,
Қарахан тауда бабамыз!
Сірә, қабыл болғай-ды,
Жан баба, сіздің тобаңыз.
Кетіп еді қай жаққа,
Баба, сіздің балаңыз?!»
Байбөрі сонда сөйледі:
«Тілекті Құдай берді ме,
Көзімнің жасын көрді ме,
Қалмаққа кеткен жалғызым —
Алпамысым келді ме?
Менің бабам екен деп,
Танып сәлем берді ме?
Атқа мінген жел еді,
Қоңырат деген ел еді.
Ұлтан патша болғалы,
Сәлем берер кісім жоқ,
Мәһрбан болып бұл жерде,
Сәлем берген кім еді?!»
Алпамыс сонда сөйледі:
«Ата, саған келгенім,
Келіп, сәлем бергенім.
Біреудің малын бақпашы,
Біреудің отын жақпашы.
Балаңнан хабар білмеймін,
Бекерге жала жаппашы!»
Байбөрі сонда сөйледі:
«Қой, шырағым, алдама,
Алдағаның бола ма?
Молдалар оқыр кәләмді,
Бісміллә болар сөз басы.
Кәміл пірім жар болып,
Осы бүгін қолдашы.
Қалмаққа кеткен жалғызым —
Алпамысым болмашы?!
Мінген атың қара-ды,
Бауырынан жарады,
Шыныңды айтшы, шырағым,
Жөргектегі иісің
Мұрнымды жарып барады!
Бейнет көрдің басынан,
Қорлық көрдің жасыңнан.
Айналайын, шырағым,
«Атеке» деген даусыңнан!»
Сонда Алпамыс сөйледі:
«Дария тасып лайланып,
Дұшпанның жолы байлансын.
«Жалғызым» деген даусыңнан,
Мүсәпір болған жан ата,
Мендей қозың айналсын!»
Осыны айтып Алпамыс,
Атынан түсе секірді.
Тасқа құлап Байбөрі,
Ботадай боздап өкірді.
Ата-бала екеуі
Айдалада жолығып,
Көрісе берген секілді...
Онда Алпамыс тыңдап, Байбөрі жылап, мауқын басып болған соң: «Ата, елдің жайы қалай?» — деп сұрады. Байбөрі айтты: «Елді сұрама, мынау жерде Құлтай бабаң қой жайып жүр. Ол сенің тілегіңді менен кем тілеп жүрген жоқ, әуелі, барып сол Құлтай бабаңды қуант!» — деді. Онда Алпамыс батыр қойға келсе, Құлтай бабасы қойын жусатып, таяғын шаншып, көйлегін көлеңке қылып, басы көлеңкеде жатыр еді. Алпамыс батыр өзі барында серке қойған екі лағы бар еді, сол екеуі жеті жасар серке болған екен. Екеуі Алпамыстың екі үзенгісін иіскеп, ілесіп жүре береді. Құлтай баба таяғымен көйлегін алуға шамасы келмей, серкелерін шөрелеп келе жатып айтқаны:
«Бедеу аттың бестісі-ай,
Адамның азбас естісі-ай.
Қайда кетіп барасың,
Қарағымның артында
Аманат қойған ешкісі-ай?
Шөрей, жаным, шөрей!
Қарахан таудың бұлағы,
Неге шулай бересің
Қу Құлтайдың құлағы?
Қайда кетіп барасың,
Қарағымның лағы?
Шөрей, жаным, шөрей!
Атлас еді көрпесі,
Қайда кетіп барасың,
Қарағымның артында
Аманат қойған серкесі?
Шөрей, жаным, шөрей!»
Сонда Алпамыс тұрады,
Атының басын бұрады,
«Айналайын, ата,— деп,—
Серкеңді бер,— деп сұрады.—
Айналайын жан ата,
Мұнша неге еңіредің?
Көкірегің күрілдеп,
Көзіңнің алды іріңдеп,
Артынан қуып келгенің.
Мен де сенің бір балаң,
Бір кезіңе келгенім.
Бір кезіңе келгенде,
Бір серкесін балаңның
Құдайы қылып бергенің.
Бере қалсаң, жан ата,
Мені тәуір көргенің».
Сонда Құлтай сөйледі:
«Бұл серкеден айрылсам,
Ғамкүн болып өлемін,
Мен айтайын, сен тыңда,
Соның үшін келемін.
Кебенек киген ер еді,
Кебін киген жоқ еді,
Өлмесе, қозым келеді,
Ертең қозым келгенде,
«Серкем қайда?»— дегенде,
Мен сияқты қу бас шал,
Не деп жауап береді?!
Алпамыс атты баламның
Жеті жыл болды кеткелі,
Құлтайдайын бабаңның
Басына қайғы жеткені.
Сұрады деп сөкпейін,
Сен де қой, балам, өкпені!»
Сонда Алпамыс сөйледі:
«Жігітіңде жүруші ең
Кіреуке тонды жамылып.
Жеті жылдай жүрдің бе
Балаңызды сағынып,
Қартайғанда, жан баба,
Жаяу жүрсің неғылып?
Ерлік қылған жігіттің
Тәңрім берген бағы да,
Асықпасаң, боларсың
Баяғыдай тағы да.
Нағып қойды жайдыңыз
Сақалыңның ағында?
Мұнша бейнет көріпсің
Өлеріңнің шағында.
Қартайғаның емес пе,
Азуыңды шалыпсың,
Мұнша бейнет көргесін,
Ақылыңнан таныпсың.
Жаяу қойды баққанша,
Құл жұмсасаң болмай ма,
Қам-қайғы болып қалыпсың».
Сонда Құлтай сөйледі:
«Сұрағаның бұл сөзді —
Ақылыңның барлығы,
Бабаңның айтып тұрғаны
Басына түскен зарлығы.
Қойды бағып жүргені —
Ұлтан құл иттің жарлығы».
Сонда Алпамыс сөйледі:
«Ақша бір жауған қар еді,
Кәріптің кеуілі тар еді.
Балаңыздың, жан ата,
Не белгісі бар еді?»
Сонда Құлтай сөйледі:
«Қарағым менің нар еді,
Іздегені ар еді.
Белгісін айтып берейін,
Жаурынының үстінде
Дөңгелек қалы бар еді.
Мінген аты Шұбар-ды,
Ойнауға дайын құмар-ды».
Ағыта тастап кісесін,
Алпамыс өзін танытып,
«Мінекей қал»,— деп шығарды.
Қалынан сүйіп баланың,
Дариядай Құлтай тасады.
Ботадай боздап Құлтекең,
Бауырына басады.
Құдай салса бір істі,
Көтерер бенде әр істі.
Айтып, айтпай, немене,
Құлтай менен Алпамыс
Ботадай боздап көрісті.
Онда Алпамыс Құлтайменен көрісіп, әрбір сөзге келісіп: «Ата, елдің жағдайы қалай?» — деп сұрады. Онда Құлтай айтты: «Балам, елдің жағдайын көрерсің, мына жерде Жәдігер жалаң аяқ, жалаң бас, мойнында шынжыр, аяғында кісен, қозы бағып жүр; әуелі соны барып қуант»,— деді. Онда Алпамыс айтты: «Ата, мен танымаймын, сіз өзіңіз мына атқа мініп, «Әкең келді» деп, Жәдігерден сүйінші сұрап келе қойыңыз»,— деп, атын берді. Онда Құлтай баба атқа мініп, көңілі тасып, бір сөз деген жері екен:
«Айт, жануар, Шұбарым,
Мойныңда алтын тұмарың,
Тасып-толып тарқасын
Бүгінгі күні құмарым,
Сенің шабар күнің-ді,
Менің жүрер күнім-ді.
Он бестегі күнімдей
Жайнатты Құдай гүлімді.
Мен шаппай енді қайтейін,
Көрсетті Құдай ұлымды.
Алпамысым өлтірер
Ұлтан атты құлымды.
Қызғалдақ шығар желкілдеп,
Қыздар өлең айтады
Бетін бүркеп күлімдеп.
Сен шаба гөр зырқырап,
Мен шабайын күркіреп.
Үйде отырған Ұлтанның
Көтені түссін бүлкілдеп».
Әлқисса, осыны айтып, көңілі тасып, балаға қайрылмастан, көкпар шауып жатқан Ұлтанның тойына келді. Онда Ұлтан көкпарға құнан атап беріп, шаптырып жатыр еді, ешкім көтеріп шаба алмады. Құлтай баба келіп, тірсегінен тіліп, ердің басына іліп алып, Шұбарға өңгеріп қашып, құтылып кетті. Онда халық Ұлтанға барып, көкпар сұрады. Онда Ұлтан айтты: «Сендерге адам көрмеген қызық көрсетейін, анау жүрген жеті жасар Жәдігерді көкпар қылып шабыңыздар!» — деді. Алпамыстың қадірін білетіндер бармады. Қадірін білетін көз көргендер: «Кешегі Алпамыс ердің көзі емес пе?» — деді. Қадірін білмейтіндер барып көкпарға шауып, баланы шырқыратып тартып жатты, сондағы Жәдігердің жігіттерге жалынып айтқаны:
Енді бала секірді,
«Көкежан» деп өкірді,
Өксіп-өксіп жылады,
Қайғымен көзін бұлады.
«Жан сауға,— деп,— көкелер!»
Әркімге мойын бұрады.
«Қарама,— деп,— бетіме»,
Әрқайсысы келіп ұрады.
«Қарамайын, Жәке»,— деп,
Әркімге басын тығады.
Ақша бір жауған қар еді,
Кәріптің көңілі тар еді.
«Алдыңа салып қуғандай,
Әрқайсың келіп ұрғандай,
Айналайын көкелер,
Не жазығым бар еді?!
Өзіңнің інің емес пе ем,
Қас болсам, құлмен қас болдым,
Әкем жақсы ер еді,— деп,
Дәулетіне мас болдым.
Кісен қиып барады
Аяққа түскен қақпандай.
Зырқылдаймын алдында
Құлаштаған сақпандай.
Ел ішінде еңіредім,
Қылмысымнан тапқандай
Айналайын көкелер,
Не жазығым бар еді,
Көкпар қылып шапқандай?!
Өзімнің итім құтырып,
Өзімді қаптың қуалап.
Ұлтан патша болғалы,
Иі болмаған қайыстай,
Көрсетті қорлық қуалап.
Айналайын Құдайым,
Дәргейіңе жылайын,
Өзімнің итім қауып тұр,
Қандай бір айла қылайын?!»
Осыны айтып Жәдігер,
Жігіттерге жылады.
Жыласа да балаға
Ешбірі мейірім қылмады.
Енді бала зарлады,
Көзінің жасын парлады.
Мейірімі жоқ иттерді,
Отыра қалып қарғады:
«Аш бүгіліп жарағыр,
Жетім қалып жасыңнан,
Мендей болып жылағыр,
Тарта бер, жұртым, тарта бер!
Ешкі жасын жасағыр,
Аяғыңнан ақсағыр.
Ағайын кетіп қасыңнан,
Досың кетіп басыңнан,
Мендей болып қақсағыр,
Тарта бер, жұртым, тарта бер!
Алпамыстың төресін,
Әлі-ақ ертең көресің.
Ұлтан құлдың тіліне,
Құдай ұрып, ересің.
Ертең әкем келгенде,
«Жалғызым қайда?» дегенде,
Не деп жауап бересің?—
Тарта бер, жұртым, тарта бер!»
Онда Алпамыстың қадірін білетіндер келіп, әрқайсысын бір ұрып, ажыратып жіберді. Жәдігер кісенмен шапқылап қозыға қарай жөнелді, бір жерде аяғын кісен қиып жүре алмай, зарлап жылап отырса, Құлтай бабасы, тақымында көкпары бар, «Жәдігерді көрдің бе?» — деп, онан сөз сұрап тұрғаны:
«Жылап жатқан жас бала,
Мұсылманға бас бала,
Айналайын қарағым,
Жәдігерім көрдің бе?»
Жәдігер сонда қарады,
Бабасын тани қалады:
«Немереңді танымай,
Көзің неден ағарды?
Астыңа ат міндің бе?
Үстіңе киім кидің бе?
Өз келінің тойында
Қызық дәурен сүрдің бе?
Ұлтан патша болғанға
Қуаныш қылып келдің бе?
Шешемді алам дегенде,
Төбең көкке тиді ме?
болмаса, жан баба,ß
Әкемнен хабар білдің бе?»
Онда Құлтай баба: «Шырағым, сен бе едің, сүйінші!» — деп, балаға көкпарын беріп, жүріп кетті. «Әкең келді» деп айтуды ұмытып кетті. Онда Жәдігер ойлады: «Менің көкпар шабатын заманым болса, өстіп жүрем бе, бұл көкпарды Қарлығаш апама апарып берейін, жігіттерге асып берсін!» — деп, мойнында кісен, аяғында шынжыр, құнан атына сүйретіп ауылға алып барды. Мұны ауылда тұрып Ұлтан хан көріп: «Бөрінің баласы бөрілігін қылады екен, шешесімен бірге жатқанда, бір күні мені өлтіреді екен»,— деп қауіп қылып: «Өлтіремін, бар, Қарлығаш, Жәдігерді алып кел!» — деп, Ұлтан құлдың Қарлығашқа келіп айтып тұрған сөзі екен:
Келе жатқан баланы
Ұлтандайын ханыңыз
Ауылда тұрып көреді.
Баланың күшін көргесін,
Тек жүрмесін білгесін,
Қарлығашты жұмсады.
Жұмсағаны құрысын,
Жұдырықпен бір салды:
«Тұр, Қарлығаш, сен,— деді,—
Үкіміме көн,— деді,—
Жәдігерді алып кел,
Өлтіремін мен»,— деді.
«Өлтіремін» дегенін
Қарлығаш тәуір көрмеді.
Жалғызын ұстап бере алмай,
Ботадай боздап еңіреді:
«Ұлтан атты төреміз,
Айдауыңа көнеміз.
Бірге туған жалғызды
Қайтіп ұстап береміз?
Ұлтан атты бегіміз,
Тараған жоқ па кегіңіз!
Екі бірдей қос жетім
Қолыңызда келеміз.
Ерік өзіңде болғасын,
Не қылсаң да көнеміз.
Ашуың кетпей бойыңнан,
Кегің кетпей ойыңнан,
Бес байталдық құл еді
Бұрынғы ата-тегіңіз!
Құл болсаң да бұл күнде
Болдың ғой біздің бегіміз.
Құлағы кесік қу құлым,
Теңгерілді кеміңіз.
Дәулет құсы бастан ұшқасын,
Болдық қой әзір жеміңіз!»
Есіткесін бұл сөзді,
Ұлтанды ашу кернеді.
Суырып алып қылышын,
Қарлығашқа сермеді.
Қарлығашты бір ұрып,
Жәдігерге келеді,
Оны да салып қалады.
Жеті жасар балдырған
Жағасынан алады.
Бүркіттей-ақ саусағы
Тырыстырып барады.
Қарлығаш көріп, жүгірді
Өкпесін алып қолына,
Ұлтанға жетіп келеді.
Таяқ жеген жетімді
Арашалай береді.
Әлі келмей Ұлтанның,
Араша беріп жөнелді.
Қарлығаш сонда жылады,
Көзінің жасы бұршақтап.
Еңіреп тұрды егіліп,
Жәдігерді құшақтап:
«Көкпар шауып, қарағым,
Тұр ма еді әкең алшақтап?
Қарағым, сенің жолыңа
Құрбандық болып өлейін!
Еркелігің әлі бар,
Жәдігер, саған не дейін?!»
Осыны айтып Қарлығаш,
Егіліп жылап күңіренді:
«Мен сияқты қара бет,
Бозбалаға той қылып,
Асып берер күн бе еді?
Басымнан кетпей қамалым,
Таусылып тұр амалым.
Жаяу сүйреп көкпарды,
Не қылғаның, қарағым?
Бозбалаға той қылып,
Асып берер жиын ғып,
Қай жақта қалған заманым!»
Жәдігер бала сөйледі:
«Қой, апажан, жылама,
Жылағанмен бола ма,
Күйіп-жанып тұрғанда,
Жанымды, жылап, қинама...
Ұлтан құлдан таяқ жеп,
Далада жылап тұрғаның
Бола ма бізге лайық?»
Мұны көріп, шыдамай,
Пайыз қылып тұра алмай,
Жүгірді зарлап анасы.
Алдынан шығып көрісті
Қызы менен баласы.
Үш мұңлының даусына
Байсын деген өзеннің
Күңіреніп кетті даласы.
Анасы сонда сөйледі:
«Байладың, Құдай, бағымды,
Сындырдың, Құдай, сағымды.
Ертелі-кеш зарлайсың,
Жәдігер, саған не қылды?»
Жәдігер сонда сөйледі:
«Тамаша тойға келгенім,
Тамашаны көргенім,
Құлтай бабам келгенін,
Көкпарын маған бергенін.
Көкпарымды көре алмай,
Малынан көкпар бере алмай,
Тамаша тойдың құрғаны.
Сонан соң құлдың ұрғаны,
Ұрғанын құлдың кек қылып,
Балаңның жылап тұрғаны».
Анасы сонда сөйледі:
«Молдалар оқыр кәләмді,
«Бісмиллә» деп жол басын,
Кәміл пірім қолдасын.
Абайлап, қалқам, көрдің бе,
Әкең сорлы болмасын?!»
Жәдігер тағы сөйледі:
«Қой, апажан, қорықпа,
Бір бәлеге жолықпа.
Менің әкем Алпамыс
Ақ сақалды болып па?..»
Анасы сонда сөйледі:
«Күмән қылма, шырағым,
Көзіңменен көргенді.
Көрдім деген адам жоқ
Ажалы жетіп өлгенді.
Сенің әкең Алпамыс,
Бабай түкті бабасы
Алпыс амал берген-ді.
Беті секпіл көрінсе,
Ор азабын көрген-ді.
«Балаң сондай» дегесін,
Көрейін деп келген-ді.
Құлтай болып, қарағым,
Көкпарын саған берген-ді.
Бүгін жатып түс көрдім,
Түсімде ғажап іс көрдім,
Қуат-жәрдем пірлерден —
Сондай бүгін күш көрдім.
Жібек баулы ақ сұңқар
Қондырыппын қолыма.
Қалмаққа кеткен әкеңнің
Екі көзім жолында.
Жәрдем болып пірлерден,
Келетін күні болды ма?!»
Онда Ұлтан ауылда тұрып айқай салды: «Улап-шулап далада тұрсыңдар ма, ана қозы кетті ғой»,— деді Жәдігерге. Қарлығаш пен шешесі қала берді. Бала кісенмен шапқылап, қозыға қарай жүре берді. Онда қозыға жете алмай, аяғының тікенін шұқылап жылап отырса, бала мен қозының арасынан бір шұбар мінген диуана өте берді. Онда Алпамыс көзіне түскеннен кейін, Жәдігер бала мұсылман екенін танып, диуанаға қарап айтқан сөзі еді:
«Ей, диуана, жол болсын,
Жеке басың қол болсын,
Олжа басың мол болсын!
Атыңның мойны қақпақтай,
Садағың аузы шақпақтай,
Диуана, саған жол болсын?!
Диуана, маған келе кет,
Мен сорлыны көре кет.
Егер сауап іздесең,
Жетімнен күдер үзбесең,
Сауап үшін қозымды
Бір қайырып бере кет!
Жүрейін десем, жолым тар,
Аяғымда кісен бар,
Басымда үлкен қайғы-зар.
Мен бишара кәріпке
Бір бал ашып бере кет!»
Есіткесін бұл сөзді,
Рахым түсті басына,
Көзінен аққан жасына.
«Менің де жалғыз қарағым
Осындай болып жүр ғой»,— деп,
Диуана келді қасына.
Ал Жәдігер сөйледі:
«Атың сенің жараулы,
Бүкеңдетіп желдің бе?
Қабағың да қатулы,
Түн ұйқыңды бөлдің бе?
Ел-жұртынан айрылған,
Қанатынан қайрылған,
Әкеке, жаным, келдің бе?!
Ауызыңа қарасам,
Сұлуды таңдап сүйгендей.
Келбетіңе қарасам,
Қымқапты таңдап кигендей.
Әкежан деп асылсам,
Мойыныңа мінгендей.
Мен сияқты кәріптің
Қадірін жақсы білгендей.
Кешегі ел ауғанда,
Ел табаны тайғанда,
Іште қалған жетімің,—
Мен қозыңа ұқсаймын,
Сен атама ұқсайсың.
Торайғырдың тоқтығы-ай,
Тоқ болады шоқтығы-ай.
Әлі сабыр қылғаның,
Әлі де шыдап тұрғаның —
«Жалғызда мейірім жоқ» деген —
Мейіріміңнің жоқтығы-ай».
Тауға біткен шие-ді,
Босатты бала жүйені.
Алпыс екі тамыры
Алпамыстың иеді.
Ат үстінен көтеріп,
Алдына алып сүйеді.
Сүйсе — мейірі қанады,
Ат үстінен құлады,
Жатып есін танады.
Басын сүйеп Жәдігер,
Қайрат беріп сөйледі:
«Сабағың басы ясин-ді,
Сүйегің, көке, жасиды.
Жалғыз ұлың Жәдігер
Зарлап отыр қасыңда,
Көтерші, көке, басыңды?!»
Көтеріп басын алады,
Жәдігерге қарады,
Алаудай ішін күйдіріп,
Ақша бетін сүйдіріп,
Мойнындағы шынжырын
Қолымен бұрап сындырып,
Алып тастап кісенін,
Енді алдына мінгізіп,
Жәдігерді қуантып,
Әудем жерге жүргізді.
Шұбарды беріп астына,
Төбесін көкке тигізді.
Әкесінің барлығын
Тап сол жерде білгізді.
Ашуы кернеп Алпамыс,
Шұбарды мініп алады.
Ауылға қарай жөнелді,
Қозыға тастап баланы.
Ұлтан құлдың тұсына
Диуана болып барады.
Патшаның келіп тұсына,
Алпамыс айтқан ғазалы:
«Ай, Ұлтанбек, Ұлтанбек,
Еш мүйізің шыққан жоқ,
Әкім болып жұртты жеп.
Ау-қалам, ау-қай!
Байлаудағы бедеу ат,
Астыңдағы алтын тақ
Я сенікі, я менікі!
Уһ, Алла, диуанаңмын!
Диуана айтар бүгін зарын,
Төгіп айтар беттің арын.
Қатардағы нарларың,
Қазынадағы барларың,
Тәңірі берсе — менікі,
Адам берсе — сенікі!
Уһ, Алла, диуанаңмын,
Отаудағы айымдарың,
Сөзден келер қайымдарың.
Еске түсер айымдарың,
Уһ, Алла, диуанаңмын!»
Онда Ұлтан айтты: «Мына диуананың ғазалы маған жақпайды, түк бермеймін, біреуің барып қуып жібер!» — деді. Онда біреу шығып: «Әй, диуана, патша ұрсып жатыр, жөніңе кет!» — деп, жөнелтіп жіберді. Онда Алпамыс топтағы адамның ана шетіне қарай жүре берді. Онда Алпамысты өз әйелі Гүлбаршын сұлу көріп: «Мына диуананың басындағы лыпасы болмаса, құтты менің еріме ұқсайды екен-ау,— деп, өзінің қызметкер әйелі Мапия деген сақауға сегіз тіллә беріп,— Ана, диуанаға бал аштырып кел»,— деді. Мапия сақау тілләні екі бөліп, жарымын ұрлап, дамбалының ауына түйіп: «Ейтен базайға байып, киім алып киейін, көңілім сүйген жігітпен ойнап-күліп жүйейін, диуананың ежиіне шиейін, төйтеуін бишем де аждық қылмаш»,— деп, диуанаға тілләсін беріп тұрған жері еді. Алпамыс жынын шақырғандай болып айтқан сөзі еді:
«Ал ер Домбай, ер Домбай,
Шақырғанда кел, Домбай,
Мұңды менен шерлінің
Ырымын шегіп бер, Домбай.
Сақау қатын баллары,
Келер ме екен жарлары?
Айтқаның анық келмесе,
Өтірікші дер, Домбай.
Келер ме екен Алпамыс,
Келмес пе екен Алпамыс?
Осы тойдың ішінде
Келіп жүрген болмасын
Амалы көп қартамыс?!
Бұл диуана келіпті,
Оны Гүлбаршын көріпті.
Бал басы деп, біздерге
Сегіз тіллә беріпті.
Бұл антұрған Мапия
Төртеуін ұрлап алыпты,—
Дамбалына түйіпті,
Езуіме сиіпті.
Тілләмді бер, сақау қар,
Сары қызым, біліпті.
Аруағымды айдармын,
Қол-аяғын байлармын,
Сөйтіп, сақау, жайлармын!»
Ал Мапия сөйледі:
«Менің атым Мапия,
Дидәңді алдым қапия.
Ашудан ба, шияғым,
Кигізейін басыңа
Бес дидайық тақия.
Қой, айуағыңды айдама,
Қой-аяғым байдама.
Кимесем кебіс, кимейін,
Адия қайсын дидайың,
Дені шау боп жүйейін».
Әлқисса, Мапия сақау тілләсін берді. Сол уақытта Ұлтан хан бір дарақтың басына жамбы қойып, кім атып түсірсе, Қарлығашты беретін болып, бәйге тігіп жатыр еді. Онда бірқатар жігіттер Ұлтанға келіп: «Е, тақсыр, тамашаның бәрін көрдік, енді бір күн өлең айттырсаңыз болар еді»,— деді. Онда Ұлтан хан: «Мақұл, жігіттер, кім өлең айтса, бек болдың деп мені мақтап айтсын»,— деді. Ешкім мақтап айта алмады, айтуға бата алмады. Сонда Ұлтанның Бадамша деген сақау қатыны келіп, баяғы Мапия сақауды қосып алып: «Ұлтан бегіме лайық өйеңді өжім айтамын»,— деп, екі сақау қосылып тойды бастап айтып жатқан аужар өлеңі екен:
«Айдай, айдай, жай-жай,
Айдын көйін жағаяй
Қаз баяй-ай, жай-жай.
Заманымда хан болды
Ұтан бегім, жай-жай.
Матап-мақтап өйең айт,
Бозбаялай, жай-жай.
Күй тайтамын шыбызғы
Тешігінен, жай-жай.
Шошынады жас бая
Бешігінен, жай-жай.
Падышаны мақтап айт
Өйеңіңде, жігіттей,
Теңге аяшын патшадан,
Кешегімен, жай-жай.
Бадам ханым киеді,
Би-би башып, жай-жай.
Қағыса бей, бозбая,
Ешік ашып, жай-жай.
Патшайыққа Ұйтанның
Міні бай ма, жай-жай.
Жүйдік пенен тұйпайдың
Сыны бай ма, жай-жай.
Құдай бейген дәулеттің
Айқасында, жай-жай,
Жәдігейді асамыз
Ейтен дайға, жай-жай.
Айт дегеннен айтамын,
Ай, Күйбайшын, жай-жай.
Жақынияқ қасыма
Кей, Күйбайшын, жай-жай.
Құдай бейген дәулеттің
Айқасында, жай-жай,
Біздің жайға тоқай боп
Жүй, Күйбайшын, жай-жай.
Елім көшай Байсынды,
Төмен ағып, жай-жай.
Байбөйі бай өзі жүй
Түйем бағып, жай-жай.
Айнайын Құдайдың
Дәулетіне, жай-жай,—
Қайығашты бейеміз
Бәйге тігіп, жай-жай».
Әлқисса, сақау осыны айтып көңілі тасып: «Ей, жігіттей, бағанағы диуананы ейтіп келіңдерші, би-екі-үш өйең айтып, кеудешіне теуіп, жөніне жібейейін!» — деді. Сонда біреуі барып диуананы ертіп келді, сонда екеуінің айтысы еді.
Б а д а м ш а а й т а д ы:
Айшық мүйіз ақ сейке
Қойды баштай, жай-жай.
Бейі қыпша жігіттей
Тойды баштай, жай-жай.
Бізді мақтап өйең айт,
Бек болдың деп, диуана,
Кеулі кейсе Бадамша
Теңге таштай, жай-жай.
А л п а м ы с а й т а д ы:
Бісмиллә деп өлеңді
Көп айтамын, жар-жар.
Асықпасаң, тойыңда
Кеп айтамын, жар-жар.
Мәні-жайы қандайын
Білгенім жоқ, жар-жар.
Ел қыдырған диуана,
Нені айтамын, жар-жар?
Б а д а м ш а с а қ а у:
Бісмейдә деп өйеңді
Көп айтыңыз, жай-жай.
Тоқай бойған Күйбайшын
Білмеймішін, шикін-ау,
Құтты бойшын тоқайың,
Деп айтыңыз, жай-жай.
А л п а м ы с:
Бисмиллә деп тойына
Келе алмаймын, жар-жар.
Байың тегін берсе де,
Сені алмаймын, жар-жар.
Әлі де болса сен күңсің,
Ол Гүлбаршын — бәйбіше,
Сені бәйбіше болады
Дей алмаймын, жар-жар.
Б а д а м ш а:
Бижияма, шикін-ау,
Бижияма, жай-жай.
Миың кетіп башыңнан,
Қайжияма, жай-жай.
Ұйтан бегім төбеңді
Ойып қояд, жай-жай.
Бет алдыңа бижияп,
Сандияма, жай-жай.
А л п а м ы с:
Сен де шаптың бәйгеге,
Мен де шаптым, жар-жар.
Ашуланып, бетімнен
Иттей қаптың, жар-жар.
Өлгеніңше мақтайсың,
Ұлтан құлды, сақау қар,
Ұлтан құлдан сен қанша,
Пайда таптың, жар-жар?!
Б а д а м ш а:
Шен де шаптың бәйгеге,
Мен де шаптым, жай-жай.
Келішпедің, бетіңнен
Иттей қаптым, жай-жай.
Мен мақтамай, кім мақтайд
Ұйтанымды, жай-жай.
Заманымда дидадан,
Шашбау тақтым, жай-жай.
А л п а м ы с:
Өлең айтып алдыңнан
Есейін мен, жар-жар.
Бұл Байсынды жағалай
Көшейін мен, жар-жар.
Заманыңда тағыпсың
Тіллә шашбау, жар-жар.
Осы тілдә шашбауды
Кесейін мен, жар-жар.
Б а д а м ш а:
Өйен айтып айдымнан
Жедей ешші, жай-жай.
Ейдей көшші, жай-жай.
Шашбау түгіл, дамбайым
Бауы жібек, диуана,
Неғылады, тішіңмен
Тіштеп шешші, жай-жай.
А л п а м ы с:
Жүруші едің, Бадамша,
Отын жағып, жар-жар!
Жүруші еді Ұлтан құл
Малын бағып, жар-жар.
Қалай-қалай сөйлейсің,
Ей, сақау қар, жар-жар.
Өлтірейін астыңа
Қазық қағып, жар-жар.
Сонда сақау орнынан қарғып тұрып: «Диуадасы да құйсын, өйеңі де құйсын, бұ кім өжі... Өйең айтпаймыз»,— деп, жұртты тарқатып жіберді. Сондағы Алпамыстың айтып тұрғаны:
«Ей, қатындар, қатындар,
Кең сарай үйде жатыңдар,
Өлеңіңді айтыңдар,
Таң атқасын қайтыңдар.
Айтқызармын өлеңді,
Тартқызармын күйіңді.
Үйде көрдім түрімді,
Тыста көрдім түрімді,
Өңкей ғана сақау қар,
Қайнатармын сорыңды.
Құрытармын шараңды,
Шулатармын балаңды.
Ойламадың Құдайды,
Өңкей надан сақаулар,
Ау-қалам, ау-қай!»—
деп атының басын бұрып алып, Гүлбаршын сұлудың тұсына келіп, келін деп өлең айтып, екеуінің айтысқаны.
А л п а м ы с:
Жаңа көрдім Байсынды,
Жерім деймін, жар-жар.
Жаңа көрдім Қоңырат,
Елім деймін, жар-жар.
Біз бір мейман, тұсыңа
Келе қалдық, жар-жар.
Екі-үш ауыз өлең айт,
Келін деймін, жар-жар.
Г ү л б а р ш ы н:
Диуана, дедің бізді
Келін деймін, жар-жар?!
Өлең сөзге, айт десең,
Ерінбеймін, жар-жар.
Жеті жылдай қақсадық
Екі жетім, жар-жар.
Құдай бізге бермеді
Өлім деймін, жар-жар.
А л п а м ы с:
Мына сөзің, келін-ау,
Көрім деймін, жар-жар.
Не себептен тілейсің
Өлім деймін, жар-жар?!
Ә дегеннен аузыңа
Өлім түсті, жар-жар.
Ұлтан құлда кетті ме
Кегің деймін, жар-жар?!
Гүлбаршын сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Етегім бе, жеңім бе,
Өлең менің теңім бе,
Айналайын Құдай-ау,
Осы менің бегім бе?
Құдай салсын аузыма,
Бегім келсін қасыма.
Айналайын Құдай-ау,
Жалғызымының даусы ма?!
Абырой берсін сөзіме,
Көрінеді осы адам
От-жалын болып көзіме.
Айналайын Құдай-ай,
Осы тұрған диуана
Жалғызымның өзі ме?!
А л п а м ы с:
Ендеше, Гүлбаршын, сен той тойладың,
Той-тойлап жүргеніңде нені ойладың?
Сұрайтын енді сенен бір сөзім бар,
Бәдірек құлыңменен неше ойнадың?
Г ү л б а р ш ы н:
Белгілі осы Байсын жерім болсын,
Жарқырап жалғыз ұлым керім болсын.
Сөзіне сол құлыңның құлақ салсам,
Некелеп әкем келіп ерім болсын!
А л п а м ы с:
Бір Құдай куә болсын сырымызға,
Қосылар күн бар ма екен жарымызға?
Сақтапсыз жеті жылдай орнымызды,
Ризамыз сізге берген малымызға.
Осыны айтып Алпамыс,
Қатынымен көрісіп,
Амандасып білісіп,
Еш адамға білдірмей,
Басылар емес көңілі,
Ата-анасын күлдірмей.
Енді атына мінеді,
Жамбыға қарай жүреді.
Кетіп бара жатқанда,
«Ой, қозым!» деп зарлаған,
Саулы інгендей аңыраған
Бір адамның дауысы,
Құлағына келеді.
Құлақ салып қарады
Алпамыс берен баласы.
Осынша шыдап жүргені —
Ақылының данасы.
Арқасында отыны,
Көкке қарап қақылдап,
«Жалғызым!»— деп тақылдап,
Жылап-еңіреп келеді
Бишара болған анасы.
Келе жатып сөйледі:
«Иіні құрғыр, тартасың,
Қымқапты қашан киесің?
Еріні құрғыр, қышисың,
Баланы қашан сүйесің?
Көзі құрғыр, тартасың,
Жалғызды қашан көресің?
Құрып қалған қу емшек,
Нені көріп иесің?»
Әрқайсысын бір айтып,
Босатты кемпір жүйесін.
Аналықтай бәйбіше
Саңырау екен құлағы,—
Тарс етіп барып ашылды,
Жаңадан парлап бұлағы.
Анасын көріп Алпамыс,
Шыдай алмай, жылады.
Емгендей болып емшегін,
Көзінің жанды шырағы.
Енді атынан түседі,
Есепсіз батыр кісі еді.
«Жалғызың келді, ана!»— деп,
Құшақтап алып қысады.
Аналық атты бәйбіше
Құлағы желдей ашылды,
Дұшпанның көңілі басылды.
Анасы мен баласы
Ботадай боздап қосылды.
Ұлтан ханға барсам деп,
Жамбыны атып алсам деп,
Көңілі тасып, құлшынды.
Анасымен көрісіп,
Көздің жасын төгісіп,
Енді атына мінеді,
Жамбыға қарай жүреді.
«Диуана да келді!»— деп,
Мазақ қып Ұлтан күледі.
Атайын деп оқталып,
Төсіне садақ тіреді.
Атып тастап жамбыны,
Ұлтанға жетіп келеді.
Етегінен ұстады:
«Бәйгемді бер!»— деп қыстады.
Мастанып тұрған Ұлтан хан
Көтіне де қыспады.
Антұрған құл, қарашы,
Алпамыс кімге ұқсады?
Жалт етіп Ұлтан қарай сап,
Алпамысты тани сап,
Топтан шыға қашады.
Жібермеді Алпамыс,
Албастыдай басады.
Арттан келіп Жәдігер
Найзасымен шаншады.
«Ата, маған бер,— деді,—
Қайратымды көр»,— деді.
Баласына береді,
Артынан өзі ереді.
Тышқан алған мысықтай
Тамашасын көреді...
Бәйтеректің басына
Салбыратып іледі.
«Кешегі ханың Ұлтан»,— деп,
Көргеннің бәрін күлдірді.
«Жалғыз ағаң келді!— деп,—
Тілегіңді берді!»— деп,
Сүйінші сұрап бір адам,
Қарлығашқа білдірді.
Қарлығаш енді келеді,
Сүйіншіні сұраған
Бір түйе, бір ат мінеді.
Жақындасып, жанасып,
Бірін бірі көреді.
Құшақтасып көрісіп,
Беттерінен өбеді.
Үш мәртебе тіріліп,
Үш мәртебе өледі.
Басын сүйеп Алпамыс,
Бетіне суды себеді.
Маңдайынан сипалап,
Алпамыс айтқан кеп еді.
Сонда Алпамыс сөйледі:
«Жалғыз бауырым Қарлығаш,
Басылсын мауқым, көзіңді аш.
Қырық арқан бойы зынданда
Жеті жыл жаттым болып аш.
Мамықтан жұмсақ боп кетті
Астымда жатқан қара тас.
Қызығыңды көрмедім,
Киім де әкеп бермедің,
Бекерге өтті-ау өмір жас.
Тігілгесін бәйгеге,
Көзімнен ақты қанды жас.
Адамзаттың баласы
Болады екен мұнша тас?!»
Ал Қарлығаш сөйледі:
«Арыстан көке, келдің бе?
Жалғыз балаң Жәдігер
Кісендеулі, көрдің бе?
Қарағым деп, қалқа етіп,
Алдыңа алып сүйдің бе?
Қызыл шоқ болып жайнадың,
Өлімге белді байладың,
Күймедің бе, күйдің бе?
Жеті жыл жатып зынданда —
Тірімісің, өлдің бе?
Шулап жүрді құлағым,
«Қарлығаш қалқам» дедің бе?
Сол жерде жатып, көкешім,
Менің де қамым жедің бе?»
Қарлығаштың сөзіне
Жиылған халық жылады.
Тозып кеткен ел-жұртын
Тегіс жиып алады.
Тентегі мен телісін
Түзетіп, жөнге салады.
Атасы мен анасын
Боз биенің сүтіне
Шомылдырып алады.
Әкесін таққа мінгізіп,
Сыртынан өзі қарады.
Алпамысқа тілектес
Қаракөзайым баяғы,
Мұнан да күдер үзген жоқ,
Бір жылда екі барады.
Ерлікпен жетті мұратқа,
Еңбектің болып баяны.
Тыңлаған халық, риза бол,
Осымен бітті аяғы.
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
халық қазақ ауыз әдебиеті Алпамыс батыр өлең стихи на казахском казак халык ауыз адебиети казакша олен, халық қазақ ауыз әдебиеті өлеңдері, стихи на казахском казак халык ауыз адебиети, казак халык ауыз адебиети олендери, verses in the kazakh language, Алпамыс батыр

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]