Қазақша өлең: Ерлан Ахмет (Жайсаң жерім, Жайсаң елім, аман бол!)

Қазақша өлең: Ерлан Ахмет (Жайсаң жерім, Жайсаң елім, аман бол!)

Жаз жайлауы – жасыл кілем түкті жер,
батыр туған,
ақын туған құтты ел.
Ілім қуған,
білім тұнған дана көп,
бақыт құсы ұясын кеп тікті дер.

Берекенің ұйыттырдың қаймағын,
ынтымақтың желбіреттің байрағын.
Кеңсай,
Дайыр,
Ақарал мен Қаратал,
Айнабұлақ,
Жарсу – жұмақ аймағым.

Шаң қаптырған тұлпар жырдың мекені,
ән-сұңқардың қиясы боп жетелі.
Асқақтаттың әз есімін Біржанның –
зілзалада шаһид жанның өтемі.

Бабаларым салып кеткен сара жол –
ұрпақтарға даңғыл болған дара жол.
Қадірі мен қасиетін жаңғыртқан,
Жайсаң жерім, Жайсаң елім,
аман бол!
***

Беу, Жайсаным,
өзгеріпсің,
жоқ баяғы қалпың да,
жасамыстар азайыпты,
жасарыпты халқың да.
Өткізгенмен ғасырларды,
оздырғанмен уақытты,
Ұлы керуен басындағы ұмытылмас нар тұлға.

Беу, Жайсаным,
көзкөргендер өмір көшін қалдырған,
мұнарланды үнсіз күткен тас мазарлар алдымнан.
Әкем салған ақшаңқан үй – екі дәурен куәсі,
ауласынан Ахметсәлім шат көңілі жаңғырған.

Жаратқанның шапағаты –
рақым,
мейір,
қанағат,
жарық дүние – Аллаһ нұры,
шексіз сыйы ғаламат.
Ай сәулесі шағылысқан көк күмбезді мешіттің
азанынан мінәжатқа оянады жамағат.

Беу, Жайсаным,
Өзгермеген жұпар аңқыр ауаңа
ғашықпын мен туғанымнан,
жүрегіме дауала.
Асан қайғы бабам сынды
алты айлық жол кезсем де,
рахат құмар жаным мынау
сендей жәннат таба ма?!

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
ерлан ахмет Жайсаң жерім Жайсаң елім аман бол өлең стихи на казахском казакша олен, ерлан ахмет өлеңдері, ерлан ахмет стихи на казахском языке, ерлан ахмет олендери казакша, Жайсаң жерім, Жайсаң елім, аман бол, Жайсаң жерім Жайсаң елім аман бол

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]