Қазақша өлең: Саят Әбенов (Мен қарсымын!!)

Қазақша өлең: Саят Әбенов (Мен қарсымын!!)

Қай көкеге осы жайлы түс кірді,
Кім күрсінді? Кім құлаққа қыстырды?
Қазақ тілін білмей жатқан ұрпаққа,
Не көрінді үйретердей үш тілді?!

Білсін тілін, дінін, ділін əуелі,
Қазағымның қайда дəстүр, əуені?
Осылардың барлығын да ысырып,
Қоятындай бізге кімдер жау еді?

"25 жыл" - аз ба, көп пе соншалық,
Тәуелсіздік бермеді ме зор шабыт?
Есімізді енді жиып жатқанда,
Болашаққа қайтесіңдер қол салып!

Тіл құрыса құрығаны Қазақтың,
Одан асқан болмас бізге азап күн.
"Ғылым тілі - ағылшын тіл" дейсіңдер,
Бір жаңалық ашқандайын ғажап тым.

Мен қарсымын, мен Қазақпын тірімін,
Өзгелердің ішкізбеңдер іріңін.
Ғылымың мен біліміңнең не пайда,
Өз тіліңе жетпей жатса білімің.

Бізден енді орыс болу шықпайды,
Ағылшынша тіпті халқым ұқпайды!
Ана тілден нəр алғандар себебі,
Өзгелердің сілекейін жұтпайды!

Ессіздерге ақыл берші Тəңірім,
Ұрпағымды ұсақтамақ тағы кім?
Батыраштың кім ұстап жүр балтасын,
Шаппақ болып ұлтымыздың тамырын.

Мен Қазақпын! Түсінбедім бұл қалай?
Мен Абаймын көкірегі жырға бай!
Сол Абайдың ұрпағының ауызын,
Отырыңдар бөтен тілмен былғамай!
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
саят әбенов Мен қарсымын өлең стихи на казахском саят абенов казакша олен, саят әбенов өлеңдері, стихи на казахском языке саят абенов, саят абенов олендери, Мен қарсымын

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]