Қазақша өлең: Сұлтанмахмұт Торайғыров (Жарлау)

Қазақша өлең: Сұлтанмахмұт Торайғыров (Жарлау)

Құрметті қазақ байдың баласына,
Кіші іні, жасы үлкен ағасына.
Біз де сол жұрт не болса, боламыз деп,
Сахараның ұйықтай бердің даласында.

Миллетке жәрдем деген сөз айтылса,
Тығылдың көрден көрдің арасына.
Партия, дау-жанжалдың шеті шықса,
Мал тұрсын аямайды баласын да.

Ғылым, өнер, хұқықтан жұрдай болып,
Мәз болдың иттей үрген таласыңа.
Жөн мынау, теріс мынау дегендердің
Ұмтылдың тұра сала жағасына.

Боласың бір міні жоқ аппақ кісі.
Барлықты заманаға жабасың да.
Мінеки, құдай сүйген пейіліміздің
Аз берген жақсы құдай жазасына.
Серпілмей тағы біраз ұйықтай түссек,
Басқаның құл болармыз қаласына.

Тағы да қазақ байдың жастарына
Әулекі, ішпей болған мастарына.
Білім, өнер табуды керек қылмай,
Мәз болдың ырғақ-ырғақ басқаныңа.

Тимеді сол себептен жалғыз тамшы
Ғаламға еркіндік нұр тасқанында.
Қарасақ басқалардың жастарына
Өнер, ғылым толып тұр бастарында.
Өзіне от, жел, суды жалшы қылып,
Алланың сайран етер аспанында.

Тағы да қазақ байдың қыз баласы,
Ешкімнің сенде жоқ қой өш, жаласы.
Солдырып сені осынша көп зарлатқан,
Атаңның шалдан алған бес қарасы.

Айыпсыз ата-ананың сіз баласы,
Түбінде тамам жұрттың сіз анасы.
Езді ғой кәрі шандыр тілегіңді,
Басқаның хан болғанда қыз баласы.

Қазады бес жасыңнан атаң орды,
Қарайды малы көпке оңды-солды.
Таз болсын, тазша болсын кеттің жылап,
Жігерсіз мұнша неден болдың сорлы!

Теңің тап, кемге барма, қор болма деп,
Шариғат, заң көрсетті саған жолды.
Миллеттің түзелуі сіздерменен,
Бұзып шық, солмай жылап, қалың торды.
Ыңғаймен ұялғансып кете барсаң,
Өзіңе өз обалың сонда болды.

Атаның сіз көнбеңіз алдауына,
Сүйгенсін қарағым деп арбауына.
Қор қылды, оқытпады, надан қылды,
Ол аз деп шалға сатты жалмауына.

Ғалымдар бізден-дағы шығып жатыр,
Шалдардың түсірмейтін қармауына.
Сіздерді бұзылған деп ешкім де айтпас,
Алғыстар, тең емеске бармауыңа.

Жейтұғын заман өтті сіздерді алдап.
Мәжұждей иіндерін жұлып, жалмап.
Жаныңа жалмау тұрсын жақын бармас,
Қазақтан оқушылар шықса андап.
Мінеки, ойланыңыз бастың қамын,
Мүшеңді талатқанша қолдап, сандап.

Тағы да қазақ байдың шалдарына,
Алпыста қыз алатын салдарына.
Тапқызбай оқу, өнер ұрпағыңды,
Бақташы өгіз қылдың малдарыңа.

Бар пайдаң тез-тез асап жеп бітіру,
Бір табақ ет тартылса алдарыңа.
Мүритке надан сопы басыңды ұрдың,
Жастарды «әзірейіл» деп жандарыңа.

Жетсе де басың жерге еш сезбейсің,
Пышақтың қалай кіргенін сандарыңа.
Бұлдайсың жөнсіз жерге сақалыңды,
Сүйтіп-ақ жүре бермей жайларыңа.

«Жастардың, әттең дүние, ісін-ай»,— деп,
Күрілдеп қараясың қандарыңа.
Жатсаңдар ішің кеуіп ауыра ма,
Тек тұрсаң тілеулес боп алдарыңа?

Ол заман не де болса өтті, кетті,
Біздерді мұндай пейіл тентіретті.
Өткендер қақсағанмен қайта келмес,
Көз ашып, сөз қосатын уақыт жетті.

Бұл күнде бастаушылар шықты бізден,
Солардың айрылмайық салған ізден.
Басшының соңынан ер, айтқанын қыл,
Тілейтін бар тілегім осы сізден.
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
сұлтанмахмұт торайғыров Жарлау өлең стихи на казахском султанмахмут торайгыров казакша олен, сұлтанмахмұт торайғыров өлеңдері, султанмахмут торайгыров стихи на казахском языке, султанмахмут торайгыров олендери, сұлтанмахмұт торайғыров өлеңдері әдеби әлем, султанмахмут торайгыров өлеңдері, султанмахмут торайгыров олен, стихи султанмахмута торайгырова на казахском языке, Жарлау

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]