Курстық жұмыс: Тарих | Төле би және оның заманы
Мазмұны
1.Кіріспе (1-4 бет.) 1.1 Ақылдың кені - данышпандар.
2. Негізгі бөлім (5- 25 бет.)
2.1 Төле би және оның заманы.
2.2 Төле бидің өмірі, алғашқы билік сөздері.
2.3 Төле би және " Жеті жарғы ".
2.4 Төле би халқын және оның болашағын ойлаған мәлімгер.
2.5 Төле би және Абылай хан.
2.6 Қарлығаш әулие
3. Қорытынды (26 -33 бет.)
Қазақтың Алатаудай ай серкесі.
Қазақ - сөз қадірін өз қадірім деп білген халық . Кеңдігін де, елдігін де, кемеңгерлігін де, көсемдігін де сөзге сыйғызған жұрт. Оның тарихы да, тағдыры да, тәлімі мен тәрбиесі де, даналығы мен дала көңілі де сол сөзде табылады.
Сайын дала төсінде мал - жан тіршілік қамымен көбіне аттың жалы, түйенің қамында көшіп қонып жүрген дарынды халқымыз көршілес Батыс - Шығыс елдеріне қарағанда жазу - сызу мәдениеті кенжелеу дамығанмен, мазмұны мен сапасы, көлемі жағынан алғанда қай халықтікінен болса да кем түспейтін, олқы соқпайтын орасан бай ауыз әдебиетін жасады. Халқымыздың мақтанышына айналған көне ауыз әдебиетінің інжу - маржаны деуге боларлық бір түрі - шешендік сөздер.
Бұл сөздердің қаны мен жаны-төзім, мәрттік, кеңдік, адалдық, ақ жүрек, қайырымдылық сияқты халық қасиеттері еді.
Шешендік сөз суырып салма ақындық өнермен туыстас.
"Түйеге мінгеннің алты ауыз өлеңі бар", - демекші, кез - келген үлкен-кіші, әйел-еркек, "ауылдың алты ауызын", "қонақ кәде", бет ашар, "той бастарды" домбыраға қосып әндете жөнеледі.
Небір аумалы - төкпелі, алмағайып замандарды бастан кешірсе де, халықтың алты ауызы жоғалмады, халықтың өзінен басқару жүйесі болды, ел қамын жеген ерлері, сөзін сөйлеп жағдайын жайлаған шешендері, білімпаз билері болды. Би - халықтың көкейіндегісін айтқан, көмейіндегісін жарыққа шығарған әділет жоқшысы. Би байлық та, барлық та, жасай алмаған .Би тұғырына топты жарып таразы басын тең ұстап, әділін айтқан, қара қылды қақ жарған кісі көтерілген. Би - табиғи дарын, асыл текті ақыл, арғыны көре білетін көсем, ақпа - төкпе шешен. Осы би - шешендер даулы мәселені төрт -ақ ауыз сөзбен тындырып отырған. Тындырғанда да хатсыз, хабарсыз, ауызша жүзеге асып, бітіп жатқан билердің келісімі, бітімі, көпшіліктің көзінше ашық аспан астында, айдан анық жария болып отырған. Ешқандай алдына - ала ымыраласу, пәтуаласу деген болмаған. Билер өзінің сөзін, билік шешімін "Ал халайық, бұған не дейсіңдер? Ризасыңдар ма?" - деп көпшілікке салып жариялық жасап, мақұлдасып отырған. Осы күнгі айтып жүрген жариялық, демократия, адамгершілік дегеннің өзі осы емес пе? Аталы сөздің қадірін, қасиетін, киесін білген дана халқымыз ел ішінен шыққан от ауызды, орақ тілді, қара қылды қақ жарған әділ билік айтатын шешен билерін ханнан бетер құрметтеп олардың айтқан кесімді, бітімді сөздерін осы күнге дейін жадында сақтап келген. " Түгел сөздің түбі бір - түп атасы Майқы би", "Төле би былай депті " , "Әйтеке би айтқан сөз екен", "Қаз дауысты Қазыбек би айтыпты" - деп ауыздарынан тастамаған. Олардың заманында Ахмет Байтұрсынов пікірімен айтқанда әділ билердің қолындағы билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді.
Ежелден келе жатқан аталы дәстүріміз - шешендік өнерді қайта қалпына келтіріп, оны жаңа талап, жаңа мақсат, жаңа мұратқа сай игілігімізге айналдырып, ұрпақ тәрбиелеу ісіне, болашақ мүддесіне пайдалану керек.
Төле би және оның заманы.
Қазақ ел таныған шешен билерге кенде болмаған. Ұлы Шоқан Уәлихановтың айтуы бойынша, оларды халық өзі 6и атап отырғызған. Ешқандай да арнайы сайлау, үкімет тарапынан тағайындау болмаған. Ал би болып белгіленетін кісілер өзінің шешендігін, әділ төрелігін айта алатын қасиетін көпшілік алдында көрсете білген. Олар барынша адал, ешкімге бұра тартпайтын, тура сөйлейтін нағыз шешен әрі ақылгөй, халық қамқоры болған. Сондықтан да билердің төбе биі Төле " Тура биде туған жоқ", деп мақалдап кеткен.
Әдетте қазақтың шешендік өнері, билік құру дәстүрі Әз - Жәнібек ханның, Жиренше шешеннің тұсында өркен жайып, Әз - Тәуке ханның тұсында билік шыңға көтерілсе керек. Атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің даңқы осы тұста, дәл осы кезеңде бүкіл қазақ даласына жайылды. Үш жүздің басын біріктіріп, Түркістан шаһарында хандық билік құрған Тәуке ханның кезінде билер кеңесі құрылып, он жыл сайын Түркістан, Сайрам шаһарларының маңындағы Битөбе, Мәртөбеде өтіп отырған.
Билердің кеңесінде үш жүздің атақты билері бас қосқан. Осындай кеңестің бәрінде "Қырық рудың қырық биі" қазіргі Сырдария облысы (Өзбекстан) Ангрек өзеннің жағасында Күлтөбе басында "Ханнабат" атты Тәуке ханның ордасында қазақтың әдет - ғұрып заңдарының жиынтығы "Жеті жарғы" қабылданған. "Күлтөбенің басында күнде жиын" – деген мәтел содан қалған. Сол жиынның бел ортасында болған ірі, беделді билердің бірі, ұлы жүздің ұлы биі, Қазыбек пен Әйтеке билер аға тұтқан - Төле би бабамыз. Төле би туралы айтпас бұрын оның өмірі мен өмір сүрген дәуірі туралы айта кету абзал.
Бұл қазақ қауымының өміріндегі ең ауыр да қасиетті кезең. Бір кездері қыр үстін қаһармен тітіреткен өзара іштей алауыздықтан әлсіреп, тоқ пен тәж үшін тайталас қырқыста титықтан алты алаштың мызғымайтындай іргетасы сөгіліп, жан - жақтан байтақ жеріне көз алартқан дұшпандарына айбарлы күш болудан қалды. Бір ошақтың бір тұтас үш бұтындай болып, сүттей ұйып отырған ел - жұрттың шырқы бұзылып, тыныштығы тапталып, шығыстан жөңкілген жоңғар - қалмақтың қалың қолына төтеп бере алмай, аласапыран да жойқын шапқыншылыққа ұшырады. Ұлы далаға жасалған дүркін - дүркін шабуыл қазақтарға құрып кету қаупін туғызды. Сөйтіп 1723 жылғы жылан жылымен келген жеті ағайынды жұтпен бірге жүргізілген басқыншылық соғыс байырғы көшпелі ел үшін, қанды қырғынмен аяқталып, тарихқа "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" деген атпен енді. Бөрік астынан бөрі, жар астынан жау шығып, аяулы ер азаматтардың, қыз - келіншектердің басы байлауда, мал - жаны айдауда кетті. Өкшелей қуған өшпенді жаудан ығысып, Алтай , Арқа мен Жетісудағы ата қонысынан ауған қазақтар жолай Қаратауда аз уақыт паналап, тіпті болмаған соң, Сыр бойын сығалап, алдымен Жиделібайсынға, одан әрі Жайыққа қарай үдере өтіп кетті. Оқтын -оқтын оларға Иранның Нәдір шаһына арқа сүйеп, Хиуа, Бұқар, Қоқан хандықтары да оңтүстіктен тықсыртып қоқан - лоқы көрсетіп отырды.
Тап осы қиын - қыстау кезде Төле би қоғамдық өмір сахнасына шықты. Ол туған халқының даналығы мен кемеңгерлігінің айнасы. Қазақтың біртүар перзенті. Кей деректерге сүйенгенде, Шу бойында Әулие ата төңірегінде, енді бірде Бадам өзенінің жағасында өмірге келген. Не десек те қандай қиыншылықтар болмасын ол ұзақ жасап, тоқсан үш жасында Шыназда (ескі Ташкент) дүние салған. Өз өсиеті бойынша денесі Ташкенттегі Шонқантәуірде жерленген. Бұл кесене "Қарлығаш әули" деп аталған, ол зиярат етушілердің қасиетті орнына айналды.
Төле бидің туған әкесі - Әлібек. Төлені халық "үйсін Төле би" деп атап кеткен. Шыққан тегі - ұлы жүздің Дулат тайпасының Жаныс руынан. Шежірешілер "тоғыз ұлды Құдайберді әулетінен Төлеге дейін бай да, би де шықпаған, олар "Қарлығаш" атанған, қара шаруа болған" деген дерек береді.
Ал Төленің ұзақ жасағандығы туралы дерек көзін, бидің өз сөздерінен - ақ алуға болады.
Бірде ұлы жүз биі Төле мен кіші жүз биі Әйтеке бірігіп орта жүзден Қасқакөл деген көлді даулайды, бірақ орта жүздің бас биі Орманбет оларға:
Екі би, айтқан сөздің жарысында,
Еншіге әркімдер - ақ таласпайды,
Қасқакөл Орта жүздің көлі еді ғой.
Айтқандарың қиянатқа жанасады.
- деп көлді бермейді. Кейін Орманбетті анасы көндіріп, көлді үш жүздің рулары бірге жайлайтын болып келіседі. Сонда Төле би Орманбеттің шешесіне разы болады:
Қасқакөлді алам деп келіп едім,
Орманбет бермеген соң, өліп едім ...
Жетпіс жаста айтқаным жерде қалып,
Мәңгіге тірілместей болып едім,
- деген өлеңі дәлел болады.
Халқының Төбе биі - туған халқының басынан небір қиын кезеңдерді өткерген тұста өмір сүріп, осы кезде әрдайым халқының қасынан табылып, көк найзаның ұшымен, қызыл тілдің күшімен туған даласын жат- жұрттық басқыншылардан қорғауға белсене қатысқан. Өзгеше жанның өмірі де өзгеше. Ол жастайынан ескіше оқып, сауатын ашқан. Арабша, парсыша кітаптарды, хисса - дастандарды көп оқыған. Бір жағынан қазақтың аңыз әңгіме, өлең, жырларын шежіре тарихын ел арасында тыңдап, өзінен бұрын өткен шешен билер мен хандар, әсіресе өзінің балалары Жанту, Жарылқамыс билердің көсемді, таптық, өнегелі нақыл шешен сөздерін ойында сақтап өседі. Төленің әкесі Әлібек те ділмар адам екен. Төле бала кезінде әкесімен еріп жүріп, ел көреді, жұрт таниды. Алғашқы билік сөздерін бес жасында айтып, өзінің ақыл парасаттығымен, шешендік өнерімен көзге түседі. Сондай бір жарқылдап, небір марғасқа билердің аузына қаратып сөйлеген жиында:
Қой асығы демеңдер,
Қолыңа жақсы сақа ғой,
Жасы кіші демеңдер,
Ақылы асса, аға ғой
- деп билікті бала биге ұсынады екен. Бұл Төле бидің алғашқы билік сөздерінің бірі еді.
Ел арасындағы Төле би айтты дейтін шешендік сөз үлгілерінің төркіні былай болып келеді. 1740 жылы қалмақ билеушісі Қалдан Цереннің қолшоқпары Ұлы жүздің ханы Жолбарысты өлтіреді. Төле 6и бастаған ел Ташкенттен қудаланады. Жау жағы Ташкентте Қоқым манапты әкімдікке тағайындайды. Бұл кезде Сыр бойы қалаларының біразы жоңғарлардың қол астында қалады. Осы тұста Күлтөбенің басында үлкен жиын ашылып, оған ел басылары түгел жиылады. Сонда Қарабек батыр: "Жауға тізе бүгуден басқа амал жоқ" дегенді айтады. Қарабекке ашуланған Төле би:
Атадан ұл туса игі,
Ата жолын қуса игі,
Өзіне келер ұлтын,
Өзі билеп тұрса игі,
Жаудан бұққан немені
Ортасында қуса игі
- деп шырық бұзғандарды жиыннан қуып жіберген. Содан соң айналасындағыларға қарап:
Уа, көсіле шабар жерің бар,
Ту көтерген ерің бар,
Қол боларлық елің бар,
Атадан қалған сара жолың бар,
Құлдық ұрсаң дұшпанға,
Арлайтын сорың бар ...
Құлдық ұрсаң дұшпанға
Еркек болып туды деп
Мына сені кім айтар?
-деп толғаиды. Төленің осы сөзін өзгелер түгел құп көріп, жауға қарсы күш біріктіріпті деседі. Әрине әр мезгілдің өзіне тән қазіргі бізге қисынсыздау көрінетін әдет, ұғым заңдылықтары болған. Ол кезде жауды аттандырып, елші алмастырумен бірге қарсылас хан сарайларына татулық белгісіндей ет жақын бауырларын да сенімділікке үй йесін аманатқа алып отырған ғұрып болды. Бұл жеке басқа төнген қара бұлт Төле биді айналып өтпейді. Оның өз балалары бірнеше мәрте жау ордасында болып жапа шекті. Соның бірін жұрт былай әңгімелеп өтеді.
Бірде Қалдан хан Жоланнан сұрап еді: "Мен, тақсыр, кіші қатынының баласымын" - деген соң, - арзымайтын ұлын жіберіпті деп елемейді де, жауап та бермей жеті жыл созып жүріп алыпты дейді. Бір күні аңға шығып бара жатып, уәзірлерінің ұғындырып " Төленің баласы келіп жатқанына жеті жыл болды, тағы да санап көрейікші сөзге салып, алыстан менің ат тонымды таныр ма екен? Айжанхан қайсысы деп сұраңдаршы? - деген соң уәзірлер келіп сынап, көп адамның ішінен Қалдан қайсы, қойын атасы мейман келе жатар екен, Айжанхан қайсысы? - дегенде Жолан: "Сұр атты, сұр киімді қытай патшасы болса керек, боз атты, боз киімді Қалдан хан болса керек" - деп дәл табады. Тек осыдан кейін ғана Қалдан Жоланға сеніп, қадірлеп аңға алып шығып, қайтарда түрлі киім, ат беріп, мол қазынамен қайтарады.
Сол ұзақ тұтқыннан оралған соң, Жолан үйлі" балалы болып, одан тарап келе жатқан бір қауым ел өсіп - өніп отыр.
Жалпы Төле би жұрты үшін жанқиярлық танытып, өз балаларының да осылай өмірін оққа байлап беруден де тайынбайтын. Мұнымен Төле би тек жалғыз Ұлы жүз немесе Жаныстың қорғаны болмай бүкіл алаш азаматтарын желеп - жебеп өміріне өріс, көңіліне кеңіс тілеп батагөй болып жүргенін танытады.,.......
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Ұқсас мақалалар:
» Курстық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Төле би және оның заманы
» Курстық жұмыс: Тарих | Қазақ қоғамындағы батырлар мен билердің рөлі
» Курстық жұмыс: Қазақ әдебиеті | ҚАЗЫБЕК БИ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДӘУІРІ
» Курстық жұмыс: Әдебиет | Айбынды қазақ ханы Абылай
» Курстық жұмыс: Тарих | Абылай ханның ішкі және сыртқы саясаты
» Курстық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Төле би және оның заманы
» Курстық жұмыс: Тарих | Қазақ қоғамындағы батырлар мен билердің рөлі
» Курстық жұмыс: Қазақ әдебиеті | ҚАЗЫБЕК БИ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДӘУІРІ
» Курстық жұмыс: Әдебиет | Айбынды қазақ ханы Абылай
» Курстық жұмыс: Тарих | Абылай ханның ішкі және сыртқы саясаты
Іздеп көріңіз: