Курстық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Қожа Ахмет Яссауидың Түркістанға байланысы
Мазмұны
І. Кіріспе...........................................................................3ІІ. Негізгі бөлім
1. Түркістаным тұраным...............................................................................4
2. Қожа Ахмет Яссауидың Түркістанға байланысы................................12
3. Түркістан өңірінің тұлғалы перзенттері................................................16
ІІІ. Қорытынды ........................................................................................25
IV. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі....................................................26
Кіріспе
Түркістан Қазақстан Республикасындағы тарихи қала, Иассы – Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қалалық әкімдік аумағының орталығы. Сырдарияның оң жағалауында Қаратау жотасының етегінде орналасқан. Халқының саны 90,3 мың адам. Қаланың іргетасы б.з. 1 мыңжылдықтың орта шенінде қаланған. Археологтар Түркістан қаласының тарихы тереңде жатқанын дәлелдеп отыр. Түркістан қаласының айналасындағы аймақта тас дәуірі ескерткіштері – Шоқтас, Қосқорған бұл өңірде әуелгі адам кем дегенде 550 мың жыл бұрын мекен еткенін көрсетеді. Б.з.б. 2 мыңжылдықтан бастап Түркістан қаласы төңірегінде Қазақстанның басқа да өңірлеріндегідей андрон мәдениетін жасаушылар тұрған. Түркістанның ежелгі аты – Иасы. Түркістан Есім ханнан бастап Қазақ хандығының орталығы болды. Сол кезден Иасы қаласы Түркістан деп атала бастады. 18 ғасырда жоңғар шапқыншылығы қаланы құлдыратып жіберді. 1819 жылы Түркістан Қоқан хандығының қол астына қарады. Қалада мақта тазалау, жем, кірпіш заттары, темір-бетон бұйымдарын шығаратын, тұрмыс қажетін өтейтін комбинаттар, кәсіпорындар жұмыс істейді. С.Ерубаев мұражайы қызмет көрсетуде. 1991 жылы «Әзірет Сұлтан қорық мұражайы» ашылды. 1991 жылы Қожа Ахмет Иассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің негізі қаланды. Юнеско шешіміміен Түркістан қаласының 1500 жылдық мерей тойы әлемдік деңгейде аталып өтілді.
1. Түркістаным тұраным.
Әлқисса, Түркістанның тарлан шайыры Мағжан ақын жырға қосқан, әлдебір тарихи жазбаларда, яки, сирек кездесетін қолжазбаларда Тұран деп аталған, ер түрік, әр түрік туған, тұрған, өскен, өнген қасиетті қара топырақ сандаған ғасырларды бастан өткеріп, артқа тастап, нешелеген сұрапыл замандарға куә болып, көненің көзіндей, шежіренің өзіндей кейіпте түтінін түтетіп, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа сәлемхаттай жетіп отырған Түркістан топырағы... Қазақтың біртуар ұлдарының бірі, ірі қайраткер Мұстафа Шоқайұлы өзінің «Түркістан» деген мақаласында: «... Түркістан — түркілер елі деген сөз.
Сонау VI ғасырдың өзінде-ақ монғол дәуіріне дейінгі көшпелілер империясын, түркі жұрты қанатын жая қоныстанған кең байтақ аймақты сасонид әулеті кезіндегі (ІІІ-VІ ғ.ғ.) ирандықтар осылай деп атай бастаған екен» деп жазады ғой. Сол үлкен Түркістан аумағы... Ал, доктор Баймырза һайт болса былай деп жазған екен: «... Түркістан термині Иран тілдерінен енген «И» изафеті мен «стан» қосымшасы арқылы «Түркілер жұрты» (елі, өлкесі) мағынасын береді. Қазіргі кезде, әсіресе, 1945-50 жылдардан кейін, әлем түркілерінің бесігі ретінде танылған Түркістан атауын қолдану жөнінде бірнеше пікірлер бар.
Түркістан мен зәулім-зәулім кесенелері мен мұндалаған мына Иассы — Түркістан шәһарынмң әңгімесі де, тарихы да, шежіресі де ұштасып, ұстасып жатқаным ақиқат қой. Екеуін бірінен-бірін бөлуге болар ма! Сол үлкен Тұранның ордасы, кіндігі емес пе бұл Түркістан?! Ендеше, бүгінгі Түркістан қаласының тарихын тілге тиек етсек, жалпы түркі халқының рухани ордасы туралы сөз бастағанымыз деп ұғынар едік. Оның бергі жағында... Қай батыры да, қай биі де, қай сұлтаны мен ханы да қастер тұтқан, қадір тұтқан осы Иассы — Түркістанның асқақ бейнесі, биік келбеті салалы әңгіменің өзегі болуға жарамас па?
Бүкіл түркі тектес халықтардың рухани ордасы, кіндік ордасы болып саналған, саналып та келе жатқан, санала да беретін Иассы шәһары туралы аз жаздық па, жоқ әлде көп жаздық па?.. Кім білген!.. Жауап айту қиын. Өйткені, шындық аулына жүгіне отырып сөйлер болсақ, біз, бүгінгі ұрпақ бұл шәһар туралы, тіпті, аз біледі екенбіз. Қала тарихына қатысты ғылыми негіздемелер өте тапшы. Табан тіреп, сүйене сөйлер деректер тіпті, жоқ деуге болады. «Ер түріктің бесігі» деп, «Ежелгі қазақ хандығының астанасы» деп ауыз толтыра айтқанымызбен, дәйек етер дерегіміз тым сұйық. Көңіл сендіре алар, тап бастырмас жазбалар әлі де аршылып алына қоймапты. Сосын да күні бүгін бір-бірімізге қарап, «осы қаланың пайда болғанына қанша ғасыр екен?» — десіп, әркімдерден жауап күтіп, артынан бас шайқасып, бет-бетімізбен тарасып жатқанымыз рас қой...
Мысалы, «Мунтахаб ат-тауарих Муйни», «Тауарихи гузидаий нусрат нама», «Хатхнама», «Шайбанинама» (барлығы да ХІV-ХV ғасырларда шыққан) т.б.
Иассының тарихы — еліміздің тарихы, өткеніміздің айнасы, елдік бейнеміздің кәусар бұлағы. Керек десеңіз, осы қала арқылы біз кешегіміздің суретін, арғы дәуірдің мәдениетін көз алдымызға әкеле аламыз. Сол сурет, сол мәдениет сіз бен бізге ортақ. Бүкіл ислам әлеміне жақын. Бүкіл түркі жұртына етене.
Фольклоршы ғалым, филология ғылымдарының докторы Рахманқұл Бердібаев өзінің «Көне астананы қастер тұтсақ...» деген мақаласында былай деп жазды:
«... Ең алдымен, қаланың «жасын» анықтауды әлі де болса нақтылай түскен абзал. Кейбір тарихшылардың пайымдауынша, қазіргі Түркістанның орнындағы ескі кенттер бұдан 2000 жыл, бәлкім, одан да көбірек бұрын пайда болған. Өзінің тарихи, географиялық орны жағынан алып қарағанда, Қазақстанның оңтүстігіндегі кәдімгі Отырар, Испиджаб, Тараз, Түркістан қалалары Орта Азияның Ташкент, Бұқар шаһарларымен тұрғылас мекендер екені кәміл. Қазақстан археологтарының арнаулы еңбектерінде де осыған қарайлас пікір айтылып келген. Әлбетте, қаланың жасын қолдан ұзартудың да, жасартудың да қажеті жоқ. Қалай болған күнде де мамандармен тағы да бір ақылдасып, пысықтап алу артық емес. Бір кезде Қазақстан қалаларының тым «кене» болуы бізді жарылқадық дейтін билеуші халық өкілдеріне ұнамайтын еді. Ендігі жерде ондай «нұсқаулардан» тәуелсіз зерттеу қорытындылары шығарылуы ләзім. Бұл үшін сан жылдарға созылатын қазба жұмыстарын жүргізу зәрулігі болмас деп ойлаймыз, бұрынғы зерттеулерге сүйеніп отырып-ақ белгілі бір байламға келуге мүмкіндік бар тәрізді...»*
Ғалымның айтқандарына қосылмасқа ылажымыз жоқ. Біз Иассы қаласының пайда болуы мен өмір суруі кезеңін неғұрлым тезірек айқыңдасақ, соғұрлым шындыққа да жылдамырақ жақындаймыз. Тіпті, керек десеңіз, беттері ашылмай жатқан сандаған тарихи кезеңдер мен оқиғаларды. асулар мен белестерді одан бетер тани түсуге, біле түсуге мүмкіндік аламыз. Міне, сондықтан да жанашыр ғалымымыз Р. Бердібаевтың:
«Түркістан — әйтеуір көне қаланың бірі емес, қазақ аталған жұрттың тарихындағы барлық елеулі оқиғалардың куәгері. Қазақ мемлекеттігін құрған, қалыптастырған хандардың, билердің, батырлардың бұл қасиетті шаһарда тұрмағаны немесе соғып өтпегені жоқ деуге болады. Демек, Түркістан тарихының әрбір беті қайта оқылуды керек етеді...» — деген пікірін қайталап айтқымыз келеді.
Жалпы Түркістан топырағы деген кең ұғымды біз көне қала — Түркістанға қайта-қайта теліп, сол негізден әңгіме өрбітуіміздің өз сыры бар. Түрік нәсілдес халықтардың ой тоқтатар ортақ үйі, ортақ қаласы, ортақ қасиетті Отаны — осы күнгі көне Түркістан болып саналады екен. Мұны айтып отырған біз емес. Әнебір жылдары, республикамызда тәуелсіздіктің жылымық желі ескен сәтте-ақ Түркия басшысы, бек иманды Тұрғыт Өзал қазақ топырағына табаны тиісімен-ақ әуелгі сөзі Түркістанға, Әзірет сұлтанға бағышталыпты. Соған барғанша, жетіп тәу еткенше асығыпты. Бұның сыры неде? Әрине, қасиетті Иассының — Түркістанның түркі әлеміне соншалық ыстық, соншалық қасиетті екендігі... Мұнан кейін де ат басын тіреген Иранның, Сауд Арабиясының, басқа да мұсылман елдерінің басшылары мен үлкенді-кішілі өкілдері бізге соққанда бұл көне қаланы айналып өткен емес. Ендеше, соңғы кездердегі журналист-тарихшы ағайыңдарымыз қайта-қайта айтып, жазып жүрген «Мұсылманшылықтың алтын діңгегі» деген сөзі де көңілге қонады-ақ. Ал бұл қаланы «екінші Мекке» деген біздің ұрпақ емес, ілгеріден келе жатқан сөз.
Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза өзінің Рәшит Ыбыраевпен бірлесіп жазған «Киелі Түркістан» деген мақаласында былай дейді:
«... Әр елдің, егер ол өз тарихын, өз ұлтын, өз мәдениетін, өз намысын бағалай білетін ел болса, сол елдің пір тұтатын, асыл кие тұтатын бір мекені болады. Мысалы, ол өзбектерде — Самарқанд, Бұхара, орыстарда — Суздаль, Владимир, Иранда — Машхат, Моңғолда, — Қарақорым, т.б.
Біз үшін, қазақтар үшін сондай рухани алып — Түркістан.
Әрине, әулие-әмбие тұтатын киелі мекен әр жерде бар.
Бірақ олардың биігін аласартпай, ешкімнің намысына тимей, бүкіл халық болып мойындайтын піріміз тағы да Түркістан...» деп жазады онда»
Сол Иассы — Түркістан шәһәрі туралы, оның арғы-бергі шежіресі жайлы неге арнаулы зерттеулер жазылмай келеді? Неге осы мәселеге тарихшы ғалымдарымыз тым тартыншақтап барады? Деректер аз ба? Мүмкін. Алайда, қу шөппен ауыз сүрте береміз бе?
Жазушы Сәуірбек Бақбергенов: «... Қазақ жеріндегі шаһарлардың ірге көтеру тарихы ықылым замандар тереңінде жатыр. Түркістан шаһары — солардың бірі...» деп келеді де, енді бір жерінде: «... қазақ жерін ІІІыңғысхан жаулап алған XII ғасырда, Отырар қырғыны кезінде Иассы (Жаса) немесе Түркістан қаласының аты аталмайды» деп жазады. Бірақ жазушы тағы бір жерінде: «... ол шақта бұл қала ірге көтергенімен, тым шағын болса керек» деп түйін жасаған.
Осы жерде айта кетер бір нәрсе — біз осы күнге дейін қазақ қалалары, қала берді Сыр бойындағы қалалар туралы тым аз айтып келе жатыр екенбіз. Отырар, Исфиджаб (қазіргі Сайрам), Сауран, Қарнақ, Өзгент, Сығанақ, Баршынкент, тағы басқа қалалар тарихы егжей-тегжейлі жазылды ма? Жауап айту қиын. Сол сияқты біз бүгін тілге тиек етіп отырған Иассы қаласы да атүсті айтылумен келеді.
Жарайды. Сонда қолға ұстап, тілге тиек етер қандай деректер бар?
Сыр бойындағы қалалар, әсіресе Түркістан туралы мәліметтер 1694 жылдары Түркістанда елші ретінде болған Сібір казактарының Мәскеудегі Сібір приказына берген жазбаларында кездесіп қалады. Мысалы, соның бір жерінде: «... А городы у нихь Тевкихана все сдиланы изь сырого кирпичу, только стины один. А подь владиніемь у него Тевкихана казачьихь городовь двадцать пять, а по послидняго города доизжать оть него Тевкихана вь три дня... и кругь городских стинь земленыхь валов и рвовь щить...» деген жолдар бар.
Деректерге сүйенсек, Қазақстанның оңтүстігінде тұратын халықтар баяғыдан-ақ кесек құюдың құпиясын жақсы меңгеріпті, олар жұмбаз балшықтан кесек жасап, төзімді, берік қорғандар, сәулеттік ғимараттар тұрғызған.
Жергілікті жердің ауа райы, табиғат ерекшеліктері, ерекше ескеріліп, соған ылайықталып, берік болуы ойластырылып, бекіністер, ғимараттар, зәулім үйлер негізінен шыдамды да арзан, жергілікті шикізат — балшықтан жасалса керек. Шілде күндерінде жауынның, ылғалдың аз болуы, ал балшықтың ыстық кезде тез қатып қалатыны қала салу жұмысының мұндағы жағдайына бейімделе дамуына зор әсер етіп отырған. Бүгін зер сала қарасақ, Түркістан қаласының сыртқы көрінісі ерекше, бұл ғимарат та өзге қалалар секілді кесектен құйылған кірпішті қорғандармен қоршалғаны бірден көзге ұрады. Сондай әдемі де өрнекті қорғандардың орнын қазір де табуға болар еді. Бір таң қаларлығы мұндағы жергілікті халық қазіргі кезде де үй салу, дуал, қоршаулар жасауда, балшық илеп, одан кесек қүю әдісін шебер меңгеріп, соны қолданып келе жатыр. Тарихи деректерде көрсетілгеніндей, сырт бейнесі осындай қазақ хандығының иелігіндегі қалалар саны әрі кеткенде жиырма беспен шектеліп келгенімен, соңғы жылдары жарық көрген зерттеу еңбектерінде 1965 жылдары 30-дың үстіне шыққанын ескертеді.
Ежелгі Түркістан қаласы қазақ топырағындағы сол кездегі кең ауқымды саяси мәселелерді, дау-дамайларды шешу орталығы болғаны аян.
Қала түбіндегі Мәртөбеде (Сайрам жанындағы тау) үш жүздің өкілі ылғи да бас қосып, уәжге келіп отырған. Жер дауы да, жесір дауы да осы арада әңгімеге өзек болған.
Ескі қала — Түркістанның ел басын біріктіріп, бірлікке уағыздауда үлкен рольге ие болғанын дәлелдейтін деректер де кездесіп отырады. В.А.Моисеевтің кітабында былай деп жазылған:
«...Главный июрдъ этих хищников в то время был 8 нынешней Сыр-Дарьинской области, по среднему течению реки Сыр-Дарьи и в окрестностях города Түркестана, где жиль сам «казацкий» или киргизский ханъ Тявка»... деген жолдар Түркістан туралы көп жәйтті мағлұм етсе керек.
Демек, Иассы-Түркістан қаласының тарихы әріде жатқанға ұқсайды. Біз ішінара деректер мен мәліметтер келтіріп отырған кезең —1600 жылдар шамасы болса, бұл кезге дейін қала орнығып, өркендеп, жан-жақты дамып отырғаны аңғарылады. Иассы шәһәрі (ол XVI ғасырдан бастап Түркістан аталды) қатты кезеңде болмасын, гүлдеп, өркен жаюына негізгі себеп — ең алдымен мұндағы діни уағыздың зор болғанымен байланыстырылады. Атақты Әзірет сұлтан кесенесінің салынуы, оған Қожа Ахмет Иассауи секілді ғұлама адамның қабірі қойылуы үлкен мәнге ие. Бұл кесененің алғашқы кішкене үлгісі XII ғасырда-ақ тұрғызылған. «Түркістан — қазақ хандығының астанасы» деген мақалада былай деп жазылған:
«Өте ертеден келе жатқан бұл қаланың қазақ халқының рухани өміріңде алатын орны да ерекше. Мәселен, қазақтар арасында орыс мемлекеті тарапынан христиан дінін, жоңғарлар тарапынан ламаизмді енгізу әрекеті болғаны белгілі. Архив құжаттарында осындай айғақтар деректер кездеседі» дейді.
Тағы бір тарихи құжатта — 1755 жылғы Сыртқы істер коллегиясына берілген мәліметтерде мынадай жазбалар кездеседі.......
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: