Курстық жұмыс: Дүниетану | Пайғамбарымыздың дүниеге келуі
Мазмұны
І Кіріспе
ІІ Негізгі бөлім
а) Пайғамбарымыздың дүниеге келуі
б) Пайғамбарымыз дүниеге келген сәттегі қилы-
қилы оқиғалар
в) Пайғамбарымыздың сүтанасына
табысталуы
г) Пайғамбарымыздың хазіреті хадишамен үйленуі
ІІІ Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛУІ
Жер бетін рухани қараңғылық басқан. Барша әлем адамзат баласының небір хайуандықтарына куә болып, санасында сәулесі барлардың рухы мен жүрегі қан жылаған заман. Адам азып, ел тозған. Жақсылықтың жұрнағы да қалмай бара жатқан уақыт.
Жер жүзі бақыттың, қуаныш пен шаттықтың бастауы - тәухид, яғни бір Жаратушыға сенім дегеннен мақрұм еді. Қайда қарасаң да күпір, күнә-руханиятты әбден көлеңкелеп тастаған. Әркім әр нәрсеге табынып, болар-болмастың бәрін қолдан Тәңірге, Жаратушыға айналдырған. Ақиқат билеушісін, шын Жаратушысын іздеп аласұрған көңілдер медет іздеп жанталасуда еді.
Адамдар надандықтың шегіне жеткені сонша, зұлымдық пен күпір батпағы қалыпты жағдайға айналған. Күштінің әлсізге әлім жеттігі, дәрменсіздің жапа шегуі ешкімді де елеңдетпейді. Күллі әлем қайғыға шомып, қасірет толы көңілдер уайымға берілген. Ақыл мен сананы, рух пен жүректі рухани қыспаққа алған күпіршіліктің, көпқұдайлылықтың бұлайша жалғаса беруі мүмкін емес-ті. Құдіреті күшті Аллаһ Тағаланың пенделерінің ары қарай надандыққа, мұң-шерге шыдай беруіне өз тарапынан медет жібермей қалмасы шындық еді. Өйткені Ол қайырымдылардың қайырымдысы, ең мейірімді Жаратушы.
Аллаһ осынау тұманды сейілту үшін рақымдылығының дәлелі ретінде Ұлы тұлғаны - Хазіреті Мұхаммедті (с.а.у.) дүниеге жолдамақ болады. Дүниенің рухани кейпін өз нүрымен сәулелендіріп, адамзатқа, пері мен періштеге - бүкіл болмысқа мәңгілік бақыттың жолын көрсететін жолбастаушының келер күні таяған-тын.
Әлем үлкен ізетпен өз сұлтанын тағатсыздана күтуде. Жаратылыстағы әрбір зат өздеріне тэн тілімен, әрекетімен теңдессіз тұлғаға "Хош келдің!" деуге дайындалып, шаттанып тұрды.
Милади 571 жыл. Көкек айының 20-сы. Рәби'ул-әууәл (ай календары бойынша) айының он екінші түні. Піл оқиғасынан кейін арада елу-елу бес күн өткен.
Меккенің қарапайым отауларының бірі... Дүйсенбінің таңы атуға жақын, сәресі уақыты. Осы қарапайым ғана үйде, құлты сәтте жалғанда жалғыз рет болатын қайталанбас керемет оқиға жүзеге асты: екі дүниенің сұлтаны - Хазіреті Мұхаммед саллаллаһу аләйьи уә сәллам дүние есігін ашты.
Сол мезеттен бастап бүкіл әлем бұған дейінгі қайғы-қасіретін ұмытып шаттыққа кенелді. Қараңғылық түндігі сыпырылып айнала нұрға бөленді. Бар дүние ерекше толқыныспен:
"Дін сұлтаны көзін ашып өмірге,
Нұрға толды бар дүние, көңілдер" деп тебіренді.
Жер жүзінде бірде-бір анаға бұйырмаған ұлы құрмет иесі атанған әзіз ана Әмина бақытты сәтін былайша баяндайды:
"Жүктілігімнің алтыншы айында едім. Түсімде бір кісі "Ей, Әмина! Сен әлемге қайыр-береке әкелетін сәбидің анасы боласың. Атын «Мұхаммед» (с.а.у.) деп қойғайсың, бұл құпияны ешкімге тіс жарып айтушы болма" - деп ғайып болған-ды.
Сөйтіп жүргенде босанатын уақытым да келді. Қайын атам Әбдімүттәліп Қағбаны тауап етуге кеткен. Үйде отырғанмын. Құлағыма біртүрлі дауыс жетті. Қорыққанымнан не істерімді білмей сасып қалдым. Дәл сол сәтте бір ақ құс пайда болды, ұшып қасыма келді де қанатымен арқамнан қақты. Сол-ақ екен қорқынышым сейіліп сала берді. Айналама көз жібергенімде ақ кесемен ұсынылған шәрбатты көрдім. Қолыма алып іштім, жаным мен тәнім нұрға бөленгенін сезіндім. Сонан соң Мұхаммед өмірге келді."
Пайғамбарымыздың бір ерекшелігі - арқасында, екі жауырыны арасында, дәл жүрек тұсында нәбилік-пайғамбарлық мөрі, яғни хатами нұбууәт бар-тын. Қызғылт түсті, үстіне қыл өскен меңнің үлкендігі кекілік жұмыртқасындай болған. Бұл белгі - ардақты Пайғамбарымыздың көптен күтілген соңғы пайғамбар екендігінің тағы бір дәлелі еді.
Дүниенің сұлтаны - пайғамбарымыз туылған сәтте атасы Әбдімүттәліп Қағбаның жанында құрайыштың ақсақалдарымен бірге әңгіме-дүкен құрып отырған. Сүйінші хабар оған да жетті. Әбдімүттәліптің қуанышы қойнына сыймай, үйіне қалай жеткенін де аңғармады. Торсық шеке немересін құшағына ала салып емірене аймалады. Әлден уақыттан соң немересін ұлы Әбу Тәліпке ұстатып тұрып:
"Осы баланы саған аманат еттім. Осы ұлымның мәртебесі биік, ерекше құрметке бөленетін жан болады", - деді.
Шаранаға ат қою құрметі атасына берілді. Атасы ойланбастан:
"Мұхаммед болсын",-деді.
Арабтарда жаңа туған сәбиге ата-бабаларының атын қою рәсімі ежелден бар. Көпшіліктің:
"Неге аталарымыздың бірінің атын қоймадың?" - деген сауалына атасы "Ұлымның өмірінің ғибратты да баянды болып, Аллаһ тарапынан да, адамдар тарапынан да мақтауға лайық болғанын қалаймын", - деп жауап берді. (Мұхаммед (с.а.у.) -арабшада мақтаулы дегенді білдіреді — Д.Ө.И.)
Шынында да, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар - Аллаһтың, барша адамзат баласының, Тіпті періштелердің мақтауына ие болған бұл дүниедегі жалғыз адам. Өйткені Ол осынша мақтанға, марапатқа, құрметке лайық жан. Мұншалық мадаққа терең иманы, Аллаһ жолындағы ынта-ықыласы мен жоғары әсем де көркем мінез-құлқы арқылы қол жеткізді. Бұл мәселеде оған теңдесетін ешкім болған емес, болмайды да.
ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН СӘТТЕГІ ҚИЛЫ-ҚИЛЫ ОҚИҒАЛАР
Мына дүниедегі ең үлкен оқиға - пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) дүниеге келуі оқиғасы екені даусыз.
Хазіреті Мүхаммедке (с.а.у.) Аллаһ тарапынан елшілік міндеті жүктелгенде оны басқа пайғамбарлар сияқты белгілі бір топпен ғана шектемеген. Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) күллі жаратылыстың пайғамбары ретінде жіберілген. Сондықтан да, Ол дүние есігін ашқанда әлемде қилы-қилы құбылыстардың болуы заңды. Санасының саңылауы барлар мұнан ғибрат алып, ойланса керек-ті.
А) Сол түні ерекше бір жүлдыз туды
Яһудилер арасында ғалымдар көп болатын. Олар Аллаһтың берген ілімімен қаруланып, небір нэрселерді алдын ала болжап қоятын. Жұлдыздарға қарап бал ашуда да алдарына жан салмайтын. Соңғы пайғамбардың келетіні жөніндегі мағлұматтарды да көктен түскен кітаптарынан оқып білген-ді. Оның ерекше белгілері де соларға мәлім, тек бір ғана беймәлім дүние - ақырзаман пайғамбарының қашан туылатындығы.
Хазіреті Мүхаммед (с.а.у.) туылған сәттегі табиғат құбылыстарын, аспандағы ерекше жұлдыздың пайда болуын яһудилер көрмей қалған жоқ, әрине.
Мәшһүр шайыр Хассан ибн Сабит бұл жайтты былайша түсіндіреді:
"Мен 7-8 жасар бала едім ол кезде. Бірде таң ертемен "Ей, яһудилер!" деген дауыстан шошып ояндым. Айғайдың қатты шыққандығы соншалық, ел-жұрт төсектен түрған бойы әлгі айқайшының маңына жиналып қалды.
"Бүгін түнде Ахмедтің жұлдызы туды, яғни ол өткен түнде өмірге келді" - деді ол көпшілікке барлай қараған күйі. Жиналғандар дабырласып кетті".
Ибн Саадтан жеткен мәлімет төмендегіше сыр шертеді.
"Меккеде бір яһуди тұратын. Аллаһтың соңғы елшісі туылған күннің ертеңіне құрайыштықтарды жинап "Бүгін руларында ұл бала дүниеге келді ме?" - деп сұрады. Құрайыштықтар бір-біріне қарасты, сонан соң:
"Білмейміз, естіген жоқпыз" -деді бәрі бірауыздан.
"Олай болса, барып сұрастырыңдар, бұл үмметтің пайғамбары бүгін түнде дүниеге келді. Арқасында ерекше белгісі бар", - деді яһуди. Құрайыштар сұрастыра келіп көрген-білгендерін әлгі яһудиге жеткізді.
"Өткен түнде Әбдімүттәліптің марқұм ұлы Абдуллаһтың жесірі Әмина босаныпты. Баланың арқасында белгісі бар екен."
Яһуди мұны ести сала жаңа туылған шарананы барып көрді. Көрді де есінен айырылған адамша отырған жерінде жар салды:
"Пайғамбарлық Исрайыл әулетінен кетті, Құрайыштарға жетті. Құрайыштың даңқы асып, Батыс пен Шығысты жайлайтыны рас болды."
Осы шақта көкжүзіндегі самсаған жұлдыздар ардақты Аллаһ елшісінің келгеніне масаттанып тұрды.
Ә) Медайиндегі Кисра сарайында тірек-бағандар құлап жермен-жексен болды.
Пайғамбар жарық дүниеге көзін ашқан сәтте терең ұйқы құшағында жатқан Иранның Медайин қаласының тұрғындары құлақ тұндырарлық тарсыл-гүрсілден оянды. Қала билеушісі-Кисра да, қала халқы да көшеге босып кетті. Кисраның зәулім сарайының сәулетіне сән қосқан он төрт тірек-бағаны өзінен өзі қирап қалған-ды.
Таңды көзбен атырған Кисра ертемен мемлекетіндегі діни басшыларды шақырып, жиналыс ашты. Мәселе - кенеттен бастарына келген апаттың мәнін ашу.
Кисра әдеттегідей тәжін киіп, тағына жайғасуы мұң екен, салт атты біреу шауып келген күйі оның қолына хат ұстатты. Әкелген хабары суыт, отқа табынушылардың мыңдаған жылдардан бері жанып тұрған алауы сөнгендігі жазылыпты.
Бұл мәлімет Кисраның қаупін күшейте түсті. Осылайша аңтарылып тұрғанда мәжіліске келген Иранның бас қазысы Мубазан бірнеше күн бұрын көрген түсін айтып сарнай жөнелді:
"Түсімде аузынан ақ көбігі атылған жүз шақты түйенің Дижла өзенінен өткенін, оларды бастаған ауыздығымен алысқан араб аттарының да судан емін-еркін өтіп Иран жеріне жайылғанын көрдім. "
Кисра әрдайым дұрыс сөйлейтін, әділдігімен аты шыққан Мубазанның бұл түсін де жақсылыққа жори алмады. Қалш-қалш етіп Мубазанға қарап:
"Сенің ойыңша бұл ненің белгісі?" - деді.
Бас қазы қысқа қайырды:
"Арабтар тарапынан маңызды өзгерістер болатынға ұқсайды".
Кисра апыл-ғұпыл Хира әкімі Нуғман ибн Мунзирге былай деп хат жазды:
"Ғалымдарыңның ішіндегі ең білгірін маған тез жолда".
Хатты ала салысымен Нуғман мэселенің маңыздылығын ұқты да Абдул Мәсих ибн Амр есімді данышпанын Медайинге жіберді.
Кисра көріпкелді ерекше ілтипатпен қабылдап, болған оқиғаларды рет-ретімен баяндап берді. Жылдам болжам жасауын өтінді. Абдул Мәсих нақты жауап бере алмайтынын айтып:
"Шамға жақын маңда - Жәбиа деген жерде тұратын нағашы ағам Сатыхтың көрегендігіне көп куэ болдым. Содан ақыл сүрасақ қайтеді?" - деп ойын білдіреді.
Медайин билеушісі Абдул Мәсихті Сатыхқа жұмсайды. Шамның мәшһүр көріпкелі Сатых әбден қартайған, денесі тек еттен жаралғандай екі бүктетілген, бет-аузы жымырайған, ұсқынсыз кейіпті сәуегей еді. Үнемі шалқасынан жататын да қоятын. Бір жерге апару қажет болса, құдды бір затты бүктегендей белінен екі бүктеген күйі көтеріп апаратын. Ғайыптан берген хабарлары көбінесе дұрыс шығып, адамдарды аузына қаратқан көріпкел еді.
Абдул Мәсих тау-тас асып, нағашысына келіп жетеді. Сатых ауыр науқастанып, жолаушының сәлемін алуға да жарамай жатқан. Қинала ыңқылдап жатқан ол Абдул Мэсих болған жайды баяндай бастағанда өзгеріп сала берді. Өлім аузында жатқан Сатых көздерін бақырайта ашып, ажалмен арпалысын ұмытқандай бар даусымен айқайға басты:
"Уа, Абдул Мәсих! Мүнан былай Аллаһтың уахиы көбейеді. Сәмауаны су басып, парсылардың оты сөнді. Уақыт пен кеңістікке билігін жүргізетін нағыз Тәңірдің қалауымен соңғы пайғамбар келді дүниеге, сонымен пайғамбарлықтың ақырғы нүктесі қойылды. "
Терең тыныстап сөзін ары қарай жалғады:
"Сасанилер арасынан құлаған қорғанның санына тең билеуші шығады. Содан соң билік те ыдырайды, ақиқат үкімдер шығарыла бастайды. Әрине, оның шығарушысы да ақиқатты көрсетушілер болады".
Осылай деді де, Сатых мәңгілікке көзін жұмды. Атақты көріпкел ақырзаман пайғамбарының келгенінен хабардар етті.
Тарих Сатыхтың жорамалдарының дұрыстығына куә болды. Иран мемлекеті 67 жылға созылған он төрт билеушінің басшылығынан соң соңғы пайғамбардың дінін қабылдап, мұсылман атанады. Сөйтіп, маздеизмнің қараңғылығын сейілтеді.
Б) Қағба маңындагы пұттар құлады
Құрайыштықтар арасында да Аллаһқа ортақ қосушы мүшріктер аз емес еді. Олар Аллаһтың үйі-Қағбаның маңын қолдан жасалған пұттармен толтырып, соларға табынып әлек болып жататын. Тәухидтің таратушысы Мұхаммед (с.а.у.) туылған сәтте осынау үлы оқиғаның күшіне төтеп бере алмай қорғасыннан құйылған пұттардың көбі құлап, қирайды. Өмірге енді ғана келген тұғырлы тұлға Мұхаммед (с.а.у.) келешекте тәухидке, яғни Аллаһтың бірлігіне шақырып, көптәңірліктен, қараңғылықтан құтқаратынының дәлелі еді бұл. Алайда Аллаһтың айтуымен болған ғибратты оқиғаның астарына үңіле алмағандар жетерлік еді.
Бүкіл әлем иман байрағын жоғары ұстаған, көңілдерге нұр қондырған ардақты Аллаһ Елшісінің адал жолының куәсі болды. Ол Қағбаны жансыз пұттардан тазартып қана қоймай, көңілдердегі пұттарды да жыға білді.
В) Мыңдаған жылдардан бері алаулап жанган мәжусилердің-отқа табынушылардың оты сөнді.
Мәжусилер қашаннан отқа табынатын, от - олардың қасиетті Тәңірі саналатын. Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар дүниеге келген сәтте мәңгі өшпес деп есептеліп келген алау бір мезетте сөнді. Демек, дүниеге көзін ашқан ұлы түлға пұтқа табынушылық сияқты отқа табынуды да жойып, жер жүзін тәухид сенімімен шұғылаландырмақ.
ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ СҮТАНАСЫНА
ТАБЫСТАЛУЫ
Сұлтанымен қауышқан әлем шат-шадыман. Пенде атаулының көңілдеріне нұр себетін тұлғаның өз панасында болғаны үшін Арабстанның қуанышы да шексіз. Жалғанда жалғыз рет болатын ғажайып оқиғаның куәсі болған Мекке мерекелік көңіл-күйде.
Хазіреті Әминаның да көңілі жайланған. Торсық шеке ұлына қарап жан жарының қайғысын бір сәтке болса да ұмытқан, болашаққа деген үміті арта түскен, бақыттан басы айналған. Алайда Әмина ана дара туған сәбиін бір аптадай ғана емізді. Арабтардың ежелден қалыптасқан әдеті бойынша нәресте сүтанаға табысталуы керек. Мұхаммедтің (с.а.у.) жақын туысы Әбу Ләьабтың күңі Суәйба осындай игі құрметке ие болды.
Суәйба ханым бұрын Хазіреті Хамзаны да емізген. Пайғамбарымыздың Хамзамен емшектес бауыр атануына себеп болған құрметті ана.
Өзіне зәредей болса да жақсылық жасағанды ешқашан ұмытпайтын, қайтарымсыз қалдырмайтын, парыз бен қарызды тереңнен пайымдай білетін пайғамбарымыз бірнеше апта бауырына салған сүтанасы Суәйбаны өмір бойында назарынан тыс қалдырған емес. Жиі-жиі барып, жағдайын сүрап, көрген жерде ілтипат көрсетіп, сый-сияпат жасаған.
Иә, әлемнің мақтаны болған пайғамбарымыз қалыптастырған үлгілі мінез-құлықтың негізі - көргенділік еді. Опасыздық, сатқындық атаулының ауылы оның пәк өмірінен алыс болатын. Пайғамбар мінез-құлқын үнемі үлгі еткен оның зайыбы Хадиша да Суәйбаны сатып алып, күңдіктен құтқарғысы келсе де Әбу Ләһаб келіспей-ақ қойған. Арадан көп жыл өткенде, Мұхаммедтің (с.а.у.) Мэдинаға хижретінен соң ғана Әбу Ләһаб Суәйбаны өзі азат еткен.
Әбу Ләһаб - Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) әкесінің туған бауыры. Өмір бойы пұтқа табынумен өткен ол, қартайған шағында да інісі Мұхаммедтің (с.а.у.) дініне мойынсұнбаған. Тіпті ең мықты дұшпанына айналған. Сондықтан да, Аллаһтың лағынетіне душар болып, күңі Суәйбаның тырнағына татырлық сауап жинай алмаған. Әбу Ләһаб қайтыс болғаннан кейін оны біреу түсінде ....
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Ұқсас мақалалар:
» Курстық жұмыс: Дүниетану | Пайғамбар
» Курстық жұмыс: Дінтану | Діни экстремимнің пайда болуымен теориялық негіздері
» Курстық жұмыс: Тарих | Қазақ жерінің перзенті Заратуштра - әлем халықтарының ұлы ұстазы
» Курстық жұмыс: Салт-дәстүр | Ұлыстың ұлы күні
» Курстық жұмыс: Дінтану | Исламдағы бала тәрбиесінің маңыздылығы
» Курстық жұмыс: Дүниетану | Пайғамбар
» Курстық жұмыс: Дінтану | Діни экстремимнің пайда болуымен теориялық негіздері
» Курстық жұмыс: Тарих | Қазақ жерінің перзенті Заратуштра - әлем халықтарының ұлы ұстазы
» Курстық жұмыс: Салт-дәстүр | Ұлыстың ұлы күні
» Курстық жұмыс: Дінтану | Исламдағы бала тәрбиесінің маңыздылығы
Іздеп көріңіз: