Жаңылтпаштар жинағы
Жаңылтпаш — қазақ ауыз әдебиетінің шағын жанры. Жаңылтпаш ойын-сауыққа жиналған жұртты күлдіру; жас ұрпақтың тілін ұстартып, әр түрлі сөзді шапшаң айтуға үйрету мақсатымен пайда болған. Жаңылтпаштың сөздері адамды жаңылдыратындай қиын, көбінесе, ұяң және қатаң дауыссыз дыбыстардан құралады, қара сөз немесе өлең түрінде болады.
Шуақтаған ботамды,
Шуға апарып шуладым.
Шудалаған шудасын,
Суға салдым,
Судан алдым,
Суға малдым.
***
Ай, ай, Айдарбай,
Иір мүйіз сиырды
Үйіңе айдай бар!
***
Қарамайлы қарағайды
Кесейін бе, кеспейін бе?
Қазықтағы қара тайды
Шешейін бе, шешпейін бе?
***
Суда сең келеді,
Сегіз серке тең келеді.
Суға сақалын мала, сілке,
Суға сақалын мала, сілке.
***
Арқада алты арқар бар,
Қырқада қырық арқар бар.
Қырық арқарда ақ арқар бар.
Алты арқарда марқа арқар бар.
***
Ақ тайыншаның қатығын,
Аппағыма беремін.
Аппағымның атын тез,
Айтқаныңа беремін.
***
Ала бие құлындады,
Қара бие құлындамады.
Әжем соны ырымдады,
Атам оны ырымдамады.
***
Жез түстес үзік - үзік,
Зер жіппен ақ үзікті
Өрнектеп жүзік тізіп,
Әдемі етіп сызыпты.
***
Көк аспанда жұлдыз бар,
Мөлдір суда құндыз бар.
Жұлдыз түнде жылтырар,
Құндыз түнде жылтырар.
***
Құман от басында,
Жүген ат басында.
От басынан құманды алыс
тастасын ба?
Ат басынан жүгенін ап,
ноқта салсын ба?
***
Қаршыға ма,
Құмай ма?
Әнші балаға қаршыға ұнай ма?
Малшы балаға құмай ұнай ма?
***
Сылдырмақ сылдырлады,
Сәби былдырлады.
Сылдырмақ сылдырласа,
Сәби былдырлай ма?
Сылдырмақты сындырмай ма?
***
Томағаланған төрт бүркіт – қолда.
Томағаланбаған төрт бүркіт –
торда.
Қанша бүркіт болады сонда?
***
Үш кіші ішік піштім,
Бес кіші ішік піштім, –
Неше кіші ішік піштім?!
***
Жоғалды бес шыбыш,
Жоқ әлі еш сыбыс.
Жоқ әлі еш сыбыс,
Жоғалды бес шыбыш.
***
Көбейсін ат ұстар,
Болмасын атыстар,
Болса мол атыстар,
Қалмайды ат ұстар.
***
Шеңгел! Шеңгел!
Шеңгелге енген де,
Шеңгелде сенделген де
Еріншек Ерден бе?
***
Шырша сыпырғыштың
Ұшы шырпылсыншы.
Барша сыпырғыштың
Ұшы қырқылсыншы.
***
Ұшы үшкір, ұшқыр үш жебе
алдым,
Үшеуі де үшкір, ұшқыр деп
алдым.
***
Тас, тас, тасбақа,
Асты - үстінде тас - тапа.
Келсін қасқа – асқа, ата,
Берші бата, досқа, ата.
***
Тысы тым көрікті,
Үкілі үш бөрікті
Үлестір деп беріпті.
***
Сұқсыр үйрек
Ұшқыр үйрек десек те,
Тұмсығы үшкір үйрек
Сұқсыр үйректен күйрек пе?
***
Ол да шылбыр есті,
Мен де шылбыр естім.
Ол шылбырды сылбыр есті,
Мен шылбырды ылдым - жылдым естім.
***
Қырда екі кекілік жетіліп келеді,
Екі кекілік секіріп - кекіріп келеді.
***
Көк аспанда жұлдыз бар,
Мөлдір суда құндыз бар.
Жұлдыз түнде жылтырар,
Құндыз түнде жылтырар.
***
Зерек зергер зерделеп,
Зергерлеуші зер зерлеп.
Зерлілер затын зерлеткен
Зергерлік те зерделік.
***
Жез түстес үзік - үзік,
Зер жіппен ақ үзікті.
Өрнектеп жүзік тізіп,
Әдемі етіп сызыпты.
***
Бұзау бұлқынып,
Мойыншағын үзе ме?
Мойыншағын үзген соң,
Ол біреуді сүзбей ме, сүзе ме?
***
Құла құланнан туған туған құла құлын құнан құланнан
Туған құла құлынның құлағынан да келмейді.
***
Жақсы атты
Әп - сәтте Асқаттар
Ақсатты.
Ақсақты,
Тоқсақты
Жаза алмай бас қатты.
Ақсатса жақсы атты
Кім болар жақсы атты?!
***
Олжаланыңқырағандағың да
бар болсын,
Қалжаланыңқырағандағың да
бар болсын.
***
Шұғайбай
Шығайбайға:
– Су қайда, әй? – деді.
Шығайбай
Шұғайбайға:
– Шық, ойбай! – деді.
***
Алма базарда
Алма алма алар ма?
Ақ алма алар ма?
Әлде алары анар ма?
***
Үш ұшқыш алды
Үш кірқысқыш,
Үш тісысқыш.
Кірқысқыш қымбат па?
Тісысқыш қымбат па?
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: