Ертегілер

Ертегі – фольклордың негізгі жанрларының бірі. Ертегі жанры – халық прозасының дамыған, көркемделген түрі, яғни фольклорлық көркем проза.

Қиял-ғажайып ертегі: Хан қызын алған жарлы

Бұрынғы заманда бір адам бар еді. Мал дегенде жалғыз байталы бар еді. Күн көретін қорегі үшін күнде қақпан құрушы еді, бір суыр алушы еді, соны қорек қылып жатушы еді. Бір күні қақпанын қарайын деп келсе, бір түлкі түсіп қалыпты. Бұрын мұндай жақсы аңды көрмеген байғұс түлкіні көріп бассалады, сонда түлкі сөйлейді: «Ей, бишара, мені қоя бер, сені мен мұратыңа жеткізейін»,—деді. Түлкінің тілін алып қоя берді. Түлкі босанып кетті.

Бұлардың уақытында Қайсар деген патша бар еді. Түлкі соған келіп айтады: «Сенің қызыңды балама айттырам деп, хан Елібай сізге жіберіп еді, сізден жауап алып кел деген еді»,—деді. Хан «беремін» деді. Бір жетіде келіп құда түспек болды. Ханның қолынан уағда қағазын алды да, түлкі кете берді. Бір жеті өткен соң жарлыны ертіп келе жатты. Бұрын жарлы атқа мініп үйренген жоқ екен, түлкі оны байталға мінгізіп үйретеді. Хан мен ауылдың арасында бір өзен бар еді. Түлкі өзеннің өткелінен өтті де, жарлының үстіндегі бар киімін суға тастап, өзін таза шомылдырды да, ханға кетті. Ханға келіп айтты: «Күйеуіңіздің айдап келе жатқан малы суға кетті, үстіндегі киіміне шейін, күйеуіңіз мықтылығынан бір байталдың құйрығынан ұстап сүйреп шықты.....
Ертегілер
Толық
0 0

Сатиралық ертегі: Байды алдаған шал

Бұрынғы өткен заманда бір шал, кемпір және бір қызы болыпты. Бұлардың мал дегенде бес-алты ешкісі болған. Әр күні шал ешкісін бағып жүріп, ұйықтап қалып, қасқыр шалдың ешкілерін жатақ жеріне қуып кетеді. Шал ұйқыдан тұрып қараса, ешкілері жоқ. Сонан ізіне түсіп отырып, бір інге келеді. Шал қасқырдың інге әкеліп кіргізгенін білетін, қасқырды ұстап алмақшы болып, іннің аузында қапты қолына алып, аңдып тұрады. Біраздан соң қасқыр іннен шыға берген уақытта қасқырды қапқа салып алып, аулына қайтады. Өз үйіне жете алмай, жолда бір байдың үйіне келіп, қонады, үйге кіргеннен арқасындағы қапты керегенің басына ілдіріп қояды. Бір уақыттан кейін бай сұрайды шалдан «қабыңыздағы не?» – деп.
Шал айтады:

– Қаптағы тұқымы асыл бір көк қошқар еді, – дейді.....
Ертегілер
Толық
0 0

Мысал ертегі: Әркімнің туған жері өзіне жәннат

Өткен заманның заманында торғай мен бұлбұл дос болыпты. Күндердің күнінде бұл екеуі бір-біріне туған мекендерін көрсету үшін қонақ шақырысатын болыпты. Алдыңғы кезекті бұлбұл алып, торғайды әнімен қарық қылып орман-тоғайдың ішімен бір жеміс бағына әкеліпті. Бұл кезде бұлбұлдың жағымды әні онан ары сорғалай түсіпті. Кеудесін қуаныш кернеген бұлбұл қанша сайрағанымен торғай қабағын бір ашпапты. Бұны байқаған бұлбұл:

– Ой, досым, неге қабағыңды ашпайсың? – деп сұрайды. Сонда торғай:....
Ертегілер
Толық
0 0

Қиял-ғажайып ертегі: Орманбет би

Баяғыда аңшылықпен күн көрген бір адам болған екен. Бір күні аңға шықса, алдынан бір буаз киік ұшырайды. Оны атып, алып төс етін кесіп, отқа қақтайды да аузына апара бергенде, «Әйт»,—дейді. Арт жағынан біреу, қараса, манағы киігі, «Менің жәйімді Орманбет биден сұра»,—деп секіріп-секіріп жоқ болады.

Аңшы енді сол Орманбет биді іздеп табуға бел байлайды. Ол ұзақ жол жүріп Орманбет бидің аулын табады, бірақ, Орманбет би үйінде болмайды, қаңыраған үйі ғана тұрады.

Аңшы сұрастырып білсе, Орманбет бидің басқа бір жерде ашына әйелі болады екен. Ол соған кетеді де өз әйелі оны қуып кетеді.

Аңшы жігіт о да Орманбет бидің соңынан іздеп бармақшы болады. Ақыры Орманбет бидің жаңа отауын табады. Отауға кіріп барса, бір әйел тұрыпты да: «Сен Орманбет биді іздейсің ғой»,—деп бір жүгенді қағып қалып: «Қаратөбет бол»,—деген екен, әлгі аңшы ит болып шаба жоғалыпты, бірақ, санасы өзгермейді. Содан қаңғырып жүріп, бай ауылға ұшырайды. Мал сойылып қан-жын болған жерде, ол ауыл иттерінің бәрін жеңіп, маңнан қуатын болыпты. Ол үйдің әйелі жыл сайын бала тапса да, үш күн тұрғансын өле береді екен, итті үйіне әкелген күні де ұл бала табады....
Ертегілер
Толық
0 0

Қиял-ғажайып ертегі: Қарабай батыр

Ертеде Қарабай деген батыр болыпты. Өзі атқан оғы жерге түспейтін мерген де сияқты. Қысы-жазы жапан кезіп, аң аулаумен болады екен. Бір күні аңнан қайтып, үйіне таяп қалғанда, сол жердегі бір құдықтың маңынан екі көзі тостағандай, екі құлағы тебінгідей бір қара дию кезігіп, екеуі алыса кетіпті. Неше күн, неше түн алысып, әрең дегенде Қарабай диюды жеңіп, құдыққа тастайды да, қақпағын жауып, қазандай таспен бастырып тастапты. Қарабайдың үйінде шешесі мен қарындасы ғана бар екен. Қарабай оларға «Мен жоқта анау құдықтың қасына барушы болмаңдар»—деп тапсырыпты да тағы да аңға кетіпті. Шешесі мен қарындасы құдықтың маңына бармауға уәде берсе де көңілдерінде «Соның ішінде не бар екен, бір көрсек?» деген ынтық түсіпті. Сонымен Қарабай аттанып кеткен соң барып қазандай тақтайды аударып, қақпақты ашса, құдықтың ішіндегі дию: «Мені шығарып алыңдар! Байы жоққа бай боламын, байы барға ашына боламын», – деп жалбарыныпты. Жапан даладағы жалғыз үйде іші пысып жүрген қыз бен қатын мұны естіп қуанып кетеді де диюды арқан тастап шығарып алып, көңіл қосып, мауқын басып жүріпті. Бір күні дию: «Бүйтіп бұғып өткізген өмірден мезі болдым. Абзалы Қарабайды өлтіріңдер. Сонан соң емін-еркін күн өткізейін»,—депті.

«Батыр-ау, сіздің шамаңыз жетпегенде біз қайтіп өлтіреміз?»,—депті қыз бен қатын сасқалақтап.....
Ертегілер
Толық
0 0

Қиял-ғажайып ертегі: Ағашшы мен темірші

Бұрынғы өткен заманда Жәркент деген қалада өнері елден асқан бір ағашшы мен бір темірші ұста өмір сүріп тұрады екен. Ұста мен ағашшы бірінен-бірі асып түсіп шеберлік сайысында жүреді екен. Күндердің бір күнінде ұста мен ағашшы елінің ханына кеп жүгініседі. Сонда хан:

—Мен сен екеуіңнің мынауың артық,—деп айта алмаймын. Сондықтан екеуің бір-бір нәрсе істеп алып кеп өнер сайысына түсіңдер,—дейді. Темірші үйіне барып төрт жүз көзді алтын жүзік соғады. Ал ағаш шебері ағаштан ат жасап алып келеді.

Хан екеуін бірдей көріп, өнерлеріне таң қалады да: «Ал, мына, атыңның өнері не?»—дейді. Ол аттың оң құлағын бұраса ұшады да, сол құлағын бұраса, жерге түседі екен. Ханның он төрт жастағы баласы жылап жүріп ағаш атты әкесінен сұратып алады. Осылайша бір жыл өткен соң бала аттың өнерін бір көрейін деп ойлайды да, атты мініп ап, оң құлағын бұрағанда ұшып жүріп береді. Ұшып отырып, ұшып отырып ес кетіп, жан шықты дегенде бір қаланың шетіне келіп сол құлағын бұрап қалғанда әлгі қалаға кеп түседі. Бұл қала Рум деген қала екен. Ол сол қаладағы бір кемпірге кеп «мен сізге бала болайын» деп үйіне кіреді. Елі алыс қалғанын бала да біліп отыр. Түнде жатса, әлгі үйдің іші сүттен жарық болып тұр екен. Бала ұшып тұрып далаға шықса ай да, күн де жоқ. Бірақ қаласы жап-жарық екен. Ол үйге қайта кіріп кемпірден сұраса:
—Е, балам, бұл жарыққа таңқаларлық еш нәрсе жоқ.....
Ертегілер
Толық
0 0

Қиял-ғажайып ертегі: Көк сиыр

Баяғыда Әлболсын деген бір қоңырқай шаруа болыпты. Оның әйелі және бір қызы болыпты. Күндердің бірінде Әлболсын тоқал алуды арман етіпті. Әлболсын тоқал алуды, бір жақтан, жұрт көзіне түсу, екінші жақтан, үй тіршілігінде қол ұзарту деп түсінетін болса керек. Күндердің бірінде Әлболсын арманына жетіп тоқал алады. Ол да қыз табады. Өзі ұл таппаған бәйбіше тоқалдың да ұл таппауын тілейді екен. Іштей қуана отырып, ұл таппады деп жазғырып, «әдіре қалсын, күң неме» деп, тоқалды басынып алыпты, оған күн көрсетпепті. Тоқал байғұс арқалап отын, шелектеп су тасыпты, сиырды сауатын да, атты ерттейтін де, жүн түтіп, жіп иіріп, қап тоқитын да сол болыпты. Қыста суыққа тоңып, жазда ыстыққа қарылып, аш-жалаңаш жүріпті. Жаман сырма киіз етігін үсті-үстіне жамап киіп, бақытсыз қызын баспақ теріге орап өсіріпті.

Бәйбішенің қызы Әлболсынның тапқанын киіп, тоқалдың қызы ысытып берген сумен басын жуып, шашын тарап білгенін істепті. Еркелікпен аузына келген сөзді сөйлеп, бәдік және дөрекі болып өсіпті.

Әлболсын осы екі қыздан кейін перзент көрмепті. Күндер өтіп, ай толыпты, айлар өтіп жыл толыпты, жылдан жыл өтіп, екі қыз ержетіпті.

Тоқалдың қызы күң атаныпты. Анасының толып жатқан қиыншылықтарын өз үстіне алып, отын тасып, су әкелетін, ыдыс-аяқ жуатын, сиыр бағатын болыпты.....
Ертегілер
Толық
0 0

Қиял-ғажайып ертегі: Қармақ салған жігіт

Бір жігіт бұрынғы заманда суға қармақ салып жүрді. Қармақ салып жүргенде күнінде бір балықтан артық түспейді. Бір күні қармағын салды, екі балық түсті. «Е, Құдай-ай!»,—деді. Күнінде біреуден артық түсуші емес еді, маған бүгін екі балық түсті, мұны берген Құдай маған бірдеме берер»,—деді. Қармағын күнде салып жүрді. Күнінде екі балықтан түсіп жүрді. Бір күнде жігіт жатқан жерінен түрегеліп, беті-қолын жуып тұрса, қармағын салайын дегенде бір сары ит жүгіріп жігітке келді. Жігіт айтты: «Е, Құдай-ай! Қанша жылдан бері мен қармақ салып, бір балықтан алып жеп жатушы едім, енді маған, екі балық түсіп тұрғаны, біреуі иттің несібесі екен»,—деді. Бір балықты итке берді, бір балықты өзі жеді, итті жолдас қылды, екеуі жолдас болып жүрді. Екеуіне екі балықтан Құдай қанағат беріп жүрді. Сөйтіп, жүргенде екі балықтан түседі, бірін ит жейді, бірін өзі жейді.

Бір күні үш балық түсті қармағына. «Е, Құдай-ай!»,—деді. Бізге Құдай тағы бір серікті берер». Күнінде үш балықтан түсті. Бірін ит жеді, бірін өзі жеді, бірін алып қояды. Ертеңіне екеуі түрегеліп, беті-қолын жуып тұрады. Бір ала мысық жүгіріп келді. «Е, Құдай-ай!»,—деді. Ит пен жігіт айтты: «Бір тәуір мысық екен»,—деді—мұны берген Құдай тағы бірдеңе берер», – деді. Түнде үшеуі жатты, ертеңіне тұрды, қармағын салды, үш балық түсті, үшеуі үш балықты жеді.....
Ертегілер
Толық
0 0

Қиял-ғажайып ертегі: Жаңа Мазандаран

Өткен заманда Әдбілхамит деген патшаның уақытында бір адам екінші бір адамнан жер сатып алыпты. Әлгі жер сатып алған адам жерін айдап жатса, айдаған жерінен бір құмыра алтын тауып алыпты. Жер сатып алған адам жер сатқан адамға барып: «Сенің сатқан жеріңнен бір құмыра қызыл алтын шықты, ол алтын сенің есіңнен шығып кеткен екен, соны барып, алып кетерсің»,—дейді. Сонда жер сатқан адам айтады: «Мен саған жердің бәрін сатқанмын. Ол менің алтыным болса, неше рет айдап жүргенде шықпас па еді? Ол алтын—сенің несібең, өзің ала бер»,—дейді. Жер алған кісі айтады: «Мен сенің жеріңді алғанмын, алтыныңды алмаймын» деп. Екеуі таласып, Әбділхамит деген патшаның алдына келіпті. Сонда патша екеуін де сұрап: «Бұл екеуі де ділләні алмаса, жерден шыққан алтында кім алады?»—деп, уәзірлерінен сұрады. Сонда бір уәзір тұрып айтты: «Бұл жерден шыққан алтын патшаның несібесі болса керек»,—дейді. Сонда патша айтады: «Құдайдан қорықпаған адам екенсің, жер сатқан алмайды, жер алған алмайды, мен алып, менің қай ата-бабам көшіп қонып еді!»—деп әлгі уәзірді қуып жібереді. Сонда екінші бір уәзірі айтқан: «Жер сатқан мен жер алғаннан сұраңыз, ұлы-қызы болса, бірін-біріне некелеп қосып, алтынды ұл мен қызға берсін»,—дейді. Сонда патша сұрады: «Қайсыңда ұл бар, қайсыңда қыз бар?»,—деп. Жер сатқан «ұлым бар», жер алған «қызым бар» деді. Екеуінің де баласын шақыртып алып, қызды ұлға неке қылады.....
Ертегілер
Толық
0 0

Қиял-ғажайып ертегі: Түс сатқан тазша

Ертеде бір бай болыпты, байдың үйінде жүрген бір күңі болыпты. Күңі жатса, түс көріпті. Басынан ай туыпты, аяғынан күн шығыпты, жүрегінің басынан жұлдыз туыпты. Ерте тұрыпты, бетін-қолын жуыпты, «сол түсімді іздейін», – депті. Іздеп кетіпті. Бір байдың сиырын баққан тазша балаға келіпті. Бала айтыпты: «Е, жеңгесі қайда барасың?» – депті. Күң айтты: «Қайда барайын, сенің байыңа жалданғалы келдім».

Сиыр баққан бала айтты: «Өтірік айтасың, сен бірдеме іздеп барасың».

Күң айтты: «Түсімді іздеп барамын».Бала: «Неғылған түс, айтшы?». Күң айтты: «Айтайын, ұйықтап жатыр едім, түсімде басымнан ай туыпты, аяғымнан күн шығыпты, жүрегімнің басынан жұлдыз туыпты, сол түсімді іздеп келемін!» – деді. Бала айтты: «Осы түсіңді маған сатшы? – дедті. Қатын айтты: «Не бересің?» – деді.

«Құнан шығар өгізім бар, сол өгізімді берейін», – деді. Қатын: «Жарайды, түсімді берейін!», – деді.

Бала құнан өгізді берді. Қатын алды, үйіне кетті. Бала кешке сиырын айдап үйіне келді. Сиырын қорасына қамады. Темірден етік соқтырды, темір таяқ соқтырды. Ертең тұрды, беті-қолын жуды. Сиыры жаймады, темір етікті аяғына киді, темір таяқты қолына алды, кетті.....
Ертегілер
Толық
0 0