Қазақша ертегі: Күн астындағы Күнікей сұлу

Қазақша ертегі: Күн астындағы Күнікей сұлу

Бұрынғы өткен заманда бір жесір кемпір болыпты. Бұл кемпірдің перзент дегенде жалғыз баласы болыпты, мал дегенде он шақты ешкісі болыпты. Бала ешкілерін бағып жүреді. Бір күндердеешкілерін далада жайып жүріп, бір топ киікті көреді, оның ішінде бір алтын мүйізді киік жүреді. Бала бұл киіктерді күнде көріп жүіріп, бір күндері шешесіне келіп:
- Далада бір топ киік көрдім, ішінде алтын мүйізді бір шұбар киік бар. Осы шұбар киікті ұстап алып, ханға тарту қылсам, хан маған сыйлық берер ме еді? - дейді. Шешесі:
- Ұстай алсаң, алып бар, хан сыйлық берер, - дейді. Бір күндері бала далада ешкілерін жайып жүріп, алтын мүйізді шұбар киікті тағы да көреді. Сол арада бала әлгі шұбар киікті ұстап алады. Ханға алып жүреді. Ханға апара жатқанда, ханның үйінің жанында уәзір көреді де:
- Мұныңды ханға апармай-ақ қой, маған сыйлап кет, - дейді. Бала:
- Жоқ, саған әкеле жатқаным жок, ханның өзіне апарам, - деп уәзірге бермейді.
Бала алтын мүйізді шұбар киікті ханға тарту қылады. Хан уәзірін шақырып алып:
- Бұл баланың тартуына сыйлық беруге бола ма? - деййді. Сонда уәзір:
- Жоқ, бұған сыйлық беруге болмайды. Бұл киіктің астына қоятын бір тақ болады, оның екі қанаты болады: бірі алтын, бірі күміс. Бірі алтын суына малынған, бірі күміс суына малынған. Киік сол алтын тақтың үстінде тұрып ойнағанда, дүниенің қызығын көргендей боласыз. Сіздің салтанатыңыз сонда келіседі. Бала соны тауып әкелсін, сонда сыйлық беруге болады, - дейді.
Сонда хан балаға:
- Бұл киіктің астына қоятын тағы болады, оның екі жағында екі қанаты болады. Екі қанатының бірі алтын, екіншісі күміс суына шалынған. Соны тауып кел. Сонда сыйлық беремін, ал таба алмасаң, басыңды аламын, - дейді. Бала мұны естіп, жылап шешесіне келеді. Шешесі:
- Ойбай, балам! Бұған бола жыламай-ақ қой, өзім іздеп тауып әкелейін, - деп жолға шығады.
Бір жерлерге келсе, бір топ киік далада жайылып жүреді. Топ киіктің ар жағында жердің жарығын жамап бір кемпір отыр екен, бұған келіп, жұмысының мәнін айтады. Сонда жер жамап отырған кемпір:
- Мысыр шаһарының бер жағында бір шаһар бар. Киіктің тағын істесе, сонда істейді, баланың қолына мың ділдә беріп, соған жібер, - дейді.
Сонан баланың шешесі үйіне қайтып келіп, барлық дүнние-мүлкін беріп, ешкілерінің барлығын да беріп, оның үстіне өзі неше жыл мал бағуға бір байға жалданыпты. Сөйтіп, баласына мың діллә құрастырып береді.
Бала мың ділдәні алып, киік астына қоятын тақты жасайтын Мысыр шаһарының жанындағы шеберге жүреді. Бірнеше күн жүріп, шеберге келеді. Бала шеберге келіп, осындай киік астына төсейтін тақты істетуге келгенін айтады. Сонда шебер:
- Мың ділдә берсеңіз, істей аламын, - дейді.
Сонымен мың ділдәсін шеберге беріп, киік астына қоятын тақты істетіп алып, бала үйіне қайтады. Келе жатса, жолында бір үлкен бәйтерек тұр екен, оның түбіне келсе, екі құдық бар екен, біріншісінде алтын су, екіншісінде күміс су бар. Бала сол арада алып келе жатқан тақтың бір қанатын алтын құдыққа, екінші қанатын күміс құдыққа малып-малып алады. Бала тақты алып, үйіне келеді. Ертеңінде ханға алып барады. Айтқанындай тақты баяғы алтын мүйізді шұбар киіктің астына қойғанда, киік ойнап, сән-салтанатын келтіріп тұрады. Хан уәзірін шақырып алып, ақылдасады.
Сонда уәзір:
- Жоқ, тақсыр. Мұнысына да әлі сыйлық беруге болмайды. Енді пәлендей жер астында өскен бір сұлу алтын ағаш бар, соны әкеліп сіздің есік алдына орнатса, сән-салтанатыңыз мұнан өрі келісер еді. Бала соны тауып әкелсін, есік алдына орнатсын. Сол уақытта сыйлық беруге болады, - дейді.
Сонда хан:
- Сол жердің астында өскен алтын ағашты әкеліп, менің есігімнің алдына орнат, сонда сыйлық беремін, - дейді.
Бала тағы да алтын ағашты іздеп кетеді. Бірнеше күн жол жүріп, бір жерлерге келсе, алдынан бір ақ сақалды шал шығады. Бала өзінің іздеп келе жатқан жұмысының мән-жайын әлгі шалға айтады.
Ақ сақалды шал:
- Осы бетіңмен жүре бер. Бір жерлерге барғанда биік тауларға кездесесің. Таудың бауырынан бір қоян қашар, сен сол қоянды қуа бер, ол қоян барып бір жердің үңгіріне кірер. Сонда ол сол жақтағы үңгірге кірер, сен оң жақтағы үңгірге кір. Сонда қырық ұрыға кездесерсің, олар сені «өлтіреміз» дер, сонда сен: «Мен әп-сәттің ішінде ет пісіре аламын», - де. Сол уақытта қырық ұры саған ет пісіртіп, қарап тұрар. Сен етті қазанға салып, мына кездікпен түртіп қалсаң, ет өзінен-өзі пісіп шығады, - деп балаға бір күміс сапты кездік береді. - Сонымен бірнеше күнге дейін сонда ет пісіруші болып жүресің. Қырық ұры сені үңгірге тастап, өздері сыртқа шығады. Сол уақытта түкпірдегі бір ақ сандыққа көзің түсер. Сол ақ сандықты ашсаң, ішінде бір көк сандық бар, соны ашсаң, ішінде қағазға ораулы дәріні көрерсің. Сол дәріні ал да, пісулі тұрған етке сал. Сол уақытта қырық ұры кезек-кезек келіп, есік алдында өле береді. Сонан кейін сол үңгірдің ішін аралап жүрсең, іздеген алтын ағашың сонда тұрар. Сен сол арада алтын ағаштың бұтағынан қысып, қолыңмен ұстарсың. Екі аяғыңмен ағаштың түпкі тамырын басып, екі көзіңді жұмсаң, сонда таң ата ханның есігінің алдына ағаш өзі келіп орнар, - дейді.

Бала шалдың айтуымен жүріп келе жатса, таудың үңгірінен бір қоян қаша- ды. Бала қашқан қоянды қуа береді. Қоян бір жердің үңгіріне кіреді, бала да кіріп кетеді. Айтқанындай, үңгірде екі тесік кездесіп, қоян сол жақтағы үңгірге кіріп кетеді, бала оң жақтағы үңгірге кіріп кетеді.
Үңгірдің ішіне кіріп келсе, балаға қырық ұры кездеседі. Бұлар баланы өлтірмекші болады. Сол арада бала лезде ет пісіре алатынын айтады. Бала етті қазанға салып, баяғы шал берген кездікпен етті түртіп қалғанда, ет өзінен-өзі пісіп болады.
Сонымен олар баланы өлтірмейтін болып, ет пісіруге қояды. Бала бірсыпыра уақыт сол қырық ұрыға ет пісіріп жүреді. Бір күндерде бала ұйықтап жатса, бүйірінен баяғы ақ сақалды шал түртіп: «Етке тойған соң, ұмыттың ба?» - дейді. Бала оянса, түсі екен. Сол арада ойлап тұрса, баяғы шалдың айтқандары есіне түседі, жан-жағына қарайды. Шал айтқанындай, бір бұрышта ақ сандық тұр екен. Жалма-жан кілтті іздеп тауып алып, ақ сандықты ашса, ішінде көк сандық бар екен. Оның ішін қараса, қағазға ораулы дәріге көзі түседі. Бала дәріні алып ұрылардың сыртқа шығуын аңдиды. Бір күндері қырық ұры тесігінен сыртқа шығады. Бала жалма-жан етті пісіреді де, дәріні етке шашып жібереді. Сол арада қырық ұры бірінен соң бірі, кезек-кезек есік алдына келіп, топырлап өле береді. Бала жан-жағына қарап, үңгірдің ішін еркіндікпен аралап жүрсе, жер астында жалғыз өсіп тұрған ағашты көреді. Сол арада алтын ағашты қолымен мықтап ұстайды да, екі аяғымен түпкі тамырын басып, екі көзін жұмады.

Бала көзін ашып қараса, таң сарғайып атқан, алтын ағаштың хан есігінің алдында тұрғанын бір-ақ көреді. Таңертең хан уәзірлерімен алтын ағашты көреді. Бұрынғы ханның салтанаты тіпті артып кетеді. Алтын қанатты тақтың үстінде алтын мүйізді шұбар киік ойнап тұрады.
Мұны көріп хан балаға риза болып, сыйлық беруге барлық уәзірлерін шақырып алып ақылдасады. Баланың бүйтіп бақыты артқанын көре алмай, уәзірлері күндейді. Сонда уәзірлері жиылып ақылдасады: «Жанға айтып бұл баланы тағы да бір келмейтін жерге жұмсайық. Бәлендей алыстағы, күн астындағы Күнікей қызды тапсын. Мұны болса да таба алмай өледі, енді оны іздеп барушылардың өлмей қайтқаны жоқ. Баланы сонда жіберейік», - дейді.
Хан уәзірлерімен ақылдасады:
- Кәні, балаға қандай сыйлық береміз? - дейді. Сонда баяғы уәзір тұрып:
- Тақсыр, сіз өзіңіз болсаңыз қартайдыңыз. Сізде перзент жоқ. Біздің ойымызша, қартайған шағыңызда сізге серікке жарайтын шәлендей жерде, күн астында Күнікей деген қыз бар. Бұл бала сол қызды тауып әкелсін, сонда мықтап сыйлық беруіңізге болады, - дейді.
Хан тағы да балаға:
- Сол күн астындағы Күнікей қызды тауып әкел, СЫЙЛЫҚТЫ сонда беремін, - дейді.
Бала Күнікей қызды іздеп кетеді. Бірнеше күн жүріп келе жатса, алдынан екі алақанына екі тауды салып жүрген бір дәу кездеседі. Бала бұл дәуден жөн сұрайды, сонда дәу:
- Күн астындағы Күнікей сұлуды іздеп бара жатқан бала сен болсаң, мен жолдас болғалы жүрмін, - дейді Бала.
- Сол бала мен боламын, - дейді.
Сонымен екеуі жолдас болып келе жатып жер тыңдаушыға кез болады. Бұл да балаға жолдас болып ереді. Тағы да жүріп келе жататса, алдынан екі көлдің суын екі ұртына ұрттап жүрген тағы бір дәу кез болшады.
Бала жөн сұрайды. Екі көлдің суын екі ұртына ұрттаушы:
- Күн астындағы Күнікей қызды іздеп жүрген балаға жолдас болғалы жүрмін, - дейді. Сонда бала: - Ендеше, мен сол боламын, - дейді.
Сонымен бұл да үшеуіне қосылып, төртеуі жолдас болып жүре береді. Келе жатса екі аяғына екі батпан тас байлап алған, ойдан-қырдан жүгіріп жүрген желаяққа кез болады.
Бала жөн сұрайды. Желаяқ:
- Мен күн астындағы Күнікей қызды іздеп бара жатқан балаға жолдас болғ- алы жүрмін, - дейді.
Бала:
- Ендеше, мен сол баламын, - дейді.
Сонымен бесеуі жолдас болып жүріп келе жатса, бір шұқанақтан көп балаларымен тырмысып шыға алмай жатқан бір құмырсқаны көреді.
Бала құмырсқаны балаларымен шұңқырдан шығарып жібереді. Сонда құмырсқа балаға риза болып:
- Сендер мені шұңқырдан шығарып жібердіңдер, осы жақсылықтарыңызды мен де алдарыңызға тіріде бір келтірермін. Мен мына бір қанатымды жұлып берейін, керек болған кезде тұтатсаң, дайын боламын, - деп бір қанатын жұлып береді.
Бұлар күн астындағы Күнікей қызды іздеп жүріп кетеді. Күн астындағы Күнікей қыз От тауының ар жағында тұратын бір ханның қызы екен. Ол ханның бір үлкен көк төбет иті бар екен. Сол ит күн астындағы Күнікей қызға келе жатқан адам болса, соның дыбысын сезіп, жүз шақырым жерден алдынан шығады екен. Қандай батыр, мықты адамдар болса да көк төбет ит барлығын да жалғыз өзі қиратып салады екен. Қызды іздеп барған адам сау қайтпайтын болған. Мұны білген көп адамдар көк төбеттен қорқып, қызға бара алмайды екен.
Баланың жолдастарымен келе жатқанын ит жүз шақырымнан біліп алдарынан шығады. Бір мезгілде көк төбет арсылдап жер дүниенің шаңын боратып келе жатыр екен. Баяғы тау көтерген дәу қолындағы бір тауын итке жіберіп қалғанда, төбет иттің төбесінен жай түскендей болып, ит таудың астында қалып, табанда сеспей қатады.
Итті таумен бастырып өлтіріп тастап, бұлар тағы жүріп кетеді. Бір уақытта бұлар күн астындағы Күнікей қыздың үйіне жетеді. Хан бұлардан жөн сұрайды. Сонда бұлар:
- Осы жақтағы күн астындағы Күнікей қызды іздеп келеміз. Іздеп келуші мына отырған бала, біз жанына ерген жолдастарымыз, - дейді.
Сонда хан:
- Жолдарыңда бір көк төбет ит кездесті ме? - деп сұрайды. Бұлар:
- Жолда бір күшікке кездесіп едік, біздің лақтырған кесегіміздің астында үні өшіп, өліп қалды, - дейді. Хан бұлардың күшіне қайран қалып отырады. Хан ертеңіне, ел-жұртын жиып, балуан күрестіреді. - Осы топта кімде-кім күресіп жығып, күші асса, қызымды соған беремін, - дейді.
Ханның елі жағынан бір өгіз балуан шығады. Бала жағынан екі қолына екі тау ұстап жүруші дәу шығады. Екі балуан күресіп, дәу жығып кетеді. Бірақ хан, сөзінен танып, бұл жолы қызын бермей:
- Енді жаяу бәйгеден озып келгенге беремін, - дейді. Жаяу бәйгеге ханның елінен бір жүйрік мыстан кемпір шығады. Мыстан кемпір қолына екі шыны арақ ұстап шығады да, жолда желаяққа ішкізіп мас қылып, өзі жүгіріп кетеді. Бала тыңшыға айтады:
- Кім келе жатыр екен, соны тыңдашы, - дейді.
Тыңшы тұра қалып тыңдап: «Кемпірдің дыбысы білінеді желаяқтың дыбысы білінбейді», - дейді. Бала сол арада баяғы қолындағы кездікті ұстап еді, ұйықтап жатқан желаяққа дыбыс беріп оянады, сол арада жалма-жан жүгіріп отырып, кемпірге жетеді. Қолына бір уыс топырақты алады да, кемпірдің алдынан өте беріп, топырақты көзіне шашып жібереді. Кемпір көзін уқалап аша алмай жатқанда, желаяқ озып келеді. Хан сонда да қызын бермейді. Қызын жасырып тығып қояды да:
- Кімде-кім қызымның қай жерде екенін тапса, соған беремін, - дейді.
Бір мезгілде тыңшы тындап жүрсе, хан қызын жер астындағы бір үйге жасырып қойған екен. Қыз сол үйде кесте тігіп отырып, қолындағы инесін жерге түсіріп алады. Тыңшы тыңдап біліп тауып алады.
Хан бұларды темірден салынған қонақ үйге жатқызады. Қонақтар жатқан үйді сыртынан өртейді. Бұлар түн ортасында оянып кетсе, үй өртеніп бара жатыр екен. Бәрі де сасады. Сол жерде көл ұрттаушы дәу ұртындағы бір көлдің суын бүркіп тастап, өртті сөндіреді. Бұлар тып-тыныш ұйқыда жата береді. Хан бұларды өлді деп, күлін қарайын деп келсе, бәрі де тып-тыныш ұйықтап жатыр екен. Хан тағы ойлап, бір амал табады.
Ертеңінде: - Қырық қызбен қызымды қатар тұрғызам, солардың ішінен танып алғанға қызымды беремін, - дейді. Ертеңіне қырық қызды бір түсті киіндіріп, қатарлап қояды. Қараса, бәрінің киген киімінің түсі бір, ешкім таба алмайды. Бала сол уақытта баяғы құмырсқаның қанатын түтетіп жібергенде, құмырсқа келіп қырық қыз ішіндегі күн астындағы Күнікей қыздың алдынан шығады. Бала күн астындағы Күнікей қызды таниды. Сонымен ханның басқа істейтін амалы болмайды.
Хан амалы таусылып, ақыры күн астындағы Күнікей қызды балаға береді. Күн астындағы Күнікей қызды алып, бұлар еліне қайтады. Баяғы ерген жолдастары, баламен қоштасып, жолда қалып отырады. Бір жерлерге келгенде, тыңшы қалады. Тағы бір тауға келгенде, баяғы тау көтеруші дәу қалады. Бір көлдің жанына келгенде, баяғы екі көлдің суын ұрттаушы қалады. Бір жерлерге келгенде, желаяқ қалады. Бала келе жатып, бастан-аяқ, өзінің басынан кешірген уақиғаларын қызға түгелінен баян етеді, оны ханға апаратынын айтады. Қыз оқымысты, сиқыршы екен. Баланың ерлігіне сүйсініп, әбден сүйеді. Бірсыпыра жер жүрген соң қыз:
- Ханның еліне жетуге қанша күн қалды? - деп сұрайды. Бала:
- Екі күндік жер қалды, - дейді. Сонда қыз:
- Сен озып ханға бар, менің алдымнан шықсын. Ең алдымен хан, оның соңынан қырық уәзірлері жүрсін, ең артында өзің жүр, - дейді.
Бала ханға барып, қыздың алдынан шығарады. Қыз келе жатқан ханды қасқыр, уәзірлерді түлкі қылып жібереді. Олар бірін-бірі қуып кетеді. Сонымен күн астындағы Күнікей қызды бала алып, екеуі той жасап, қосылады. Ел- жұрты баланың ерлігіне риза болып, оны хан сайлайды.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
сказки на казахском языке для детей, қазақша ертегілер жинағы оқу, казакша ертегилер балаларга, сказки на казахском языке для детей скачать, Күн астындағы Күнікей сұлу, Күн астындағы Күнікей сұлу ертегісі

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]