Сатиралық ертегі: Шайтан мен Алдардың айтысқан сыры

Сатиралық ертегі: Шайтан мен Алдардың айтысқан сыры

Түлен, Құлан, Алдар – үшеуі жортып жүріп, бір жерге келіп, дем алады. Дем алып отырып, әңгімелеседі.
– Дүниеде біздей жан болсайшы! Еш нәрседен қорықпаймыз, дегенімізді істейміз, – дейді Алдар шайтандардан сыр ұрлағысы кеп.
– Айта көрме. Еш нәрседен қорықпаймызың не? Біріншіден, Құдай қазақтың қамшысынан сақтасын. Екіншіден, инедей жердің тікенінен сақтасын. Бұларды көрсек, көрінім жерден қашып жүреміз. Кәпірдің бетін аулақ қылсын! – дейді Түлен мен Құлан отырып.
– Жарайды, сабаздарым, – дейді ішінен Алдар.
– Әлде сен еш нәрседен де қорықпайсың ба? – дейді шайтандар отырып Алдарға.
– Айта көрме, ойбай! Қорықпайдың не? – деп, Алдар ыршып түседі.
– Неден қорқасың?
– Ойбай, айтуға да қорқамын.
– Қой, айтудан қорыққаны несі?
– Иреңдеген қазы дегеннен, кірпі сияқты қарындаған май дегеннен, одан кейін қара торсықтағы қымыз дегеннен жаман қорқамын. Кәпірдің беттерін аулақ қыл деп, солар бар деген жерден күндік жер аулақ жүремін.
– Жарайсың, сенің де сырыңды білдік, – дейді шайтандар ішінен.
Біраз отырып, дем алғаннан кейін шайтандар тұрып, жүрейік десе, Алдар тұрмайды.
– Мен жүрмеймін, – дейді.
– Неге?
– Ортамызда бір ала қап бар. Екеуің кезек–кезек арқалайсыңдар. Мені өздеріңдей санамайсыңдар. Әлі қазақ қой дейсіңдер. Бұларың мені қорлағандарың. Сондықтан сендерге жолдас болмаймын, – дейді Алдар теріс қарап.
Шайтандар біріне–бірі қарасады. Сыбырласып сөйлеседі.
– Ала қапты оған беріп қою да қатер.
– Е, не қылар дейсің? Бір аумаесер ғой.
– Дегенмен сырын біліп қойса!
– Е, қайдан білетін еді. Берелік. Сорлы өзіне–өзі тілеп алды ғой. Арқаласын да жүрсін, – деседі.
– Сорлы, тілеп алған өзің. Біз сені аясып едік. Өкпелегенің осы ала қап болса, мә! Арқалай ғой, – деп, ала қапты Алдарға береді.
Ала қапты арқалағасын Алдар «Құдай берді» деп, қапты ауырсынған болып, ептеп артта қала береді. Ала қаптың ішіне дүниенің жиязы сиятынын Алдар біледі. Бір байдың бүкіл жиязын сол қаптың ішіне салып жібергенін Алдар бірде көзі шалып қалған.
Алдар қапты ауырлағансып артта келе жатып, көп тікеннің ішіне кіріп кетеді. Тікеннің ең қалың деген жеріне келіп: «Жатар болсаң, жан Алдар», – деп, жатып алады. Біраз жер жүріп барып, шайтандар артына қараса, Алдар жоқ. Адасып қалды ма деп, айқайлайды. «Алдар!» – деп, шақырады. Бірақ, оған жауап берер Алдар жоқ. «Тапқан екенсің, қап арқалайтын ақымақты»,– деп, ол жата береді.
Шайтандар олай–бұлай кезіп жүріп, қапты астына басып жатқан Алдарды көреді. Қасына келейін десе, айналасының бәрі – тікен. Жоларлық емес.
– Ау, Алдар! Шаршап қалғаның ба? Мықтысынғаның қайда? – деп айқайлайды. Алдар үндемейді.
– Бұл ұйықтап қалған болар, – деседі. Дауыстары жер жарып, айқайласады. Бірақ, Алдар үндемейді, Алдардың алдағанын, алдап, ала қапты алғанын шайтандар енді сезеді. Алдарды алдауға әртүрлі қайла жасайды. Бірақ, Алдар оған болмайды.
– Енді не істейміз? – дейді Құлан.
– Мұны Түлен түрткен екен. Енді қазы мен майды әкеліп, айдап шығамыз, – дейді Түлен.
Сөйтеді де, екеуі бір ауылдың майын, қазысын, қымызын жинап келіп, Алдарға лақтырады.
– Алла, сақтай гөр, – деп, Алдар секіріп түсіп, лақтырған май, қазы, қымызды қасына үйіп алады.
– Лақтыра түс, орнынан қозғалды, – дейді екі шайтан біріне-бірі Алдардың секіргенін көріп. Сөйтеді де, лақтыра түседі. Лақтырған сайын Алдар секіріп түсіп, айналасына жинай береді. Сөйтіп, Алдар екі жылдық азық жинап алады.
– Әй, бәлем! Осы жерден сені өлтірмей кетсек, – деп, шайтандар жатып алады.
– Жатыңдар, бәлем, жатыңдар, – деп, майды, қазыны күйсеп, қымызды ішіп, Алдар да жатып алады. Өтірік болса, жаны шықсын, жұрттың айтуына қарағанда, Алдарды аңдып, шайтандар екі жыл жатыпты. Мойындары ырғайдай, биттері торғайдай болып, азып-тозып бітіпті. Алдар болса, күн санап семіріп, күбідей болыпты. Ақырында, екі шайтан:
– Алдар деп бұл қазақ мұның атын білмей қоймаған болар. Алдар десе алдар екен, тағы да алданбастан енді жөнімізге кетелік, – деп, жүріп кетеді.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
ертегі Шайтан мен Алдардың айтысқан сыры туралы сатиралық ертегілер, сатиралық ертегілер текст, ертеги Шайтан мен Алдардын айтыскан сыры туралы сатиралык ертегилер, Шайтан мен Алдардың айтысқан сыры

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]