Сатиралық ертегі: Әз-Жәнібек, Жиренше, Көсе

Сатиралық ертегі: Әз-Жәнібек, Жиренше, Көсе

Әз-Жәнібек хан Сырдың оң жағында отырады екен, бір күні Сырдың сол жағындағы елге жарлық қылады:

− Байталдарым құлын тастап жатыр, айғырларының даусы маза бермейді, айғырларын қырсын! − дейді. Ел хан жарлығынан қорқып, сасады, жыйылыс қылып, ақылдасады. Жиналған жұрттың ішінен бір көсе шығып:

− Сендер саспаңдар, ханның жауабын мен берейін, маған бір түйе, бір кебеже, шашы қара, сақалы ақ бір шал, сақалы қара, шашы ақ бір шал және бір серке беріңдер! – деді.

Жұрт осы айтқандарын тауып береді. Содан кейін көсе ханға жөнеледі. Ханның ауылының шетіне келіп:

− Ханға жолыққан кісі қалай жолығады? – деп сұрайды. – Мініп келген көлігін кейін тастап, дауыс еститін жерден «сәлеумәлейкім, алдияр!» деп, қол қусырып барады, − дейді. Көсе ол айтқанды істемей, түйесіне мінген бойымен қасындағыларын алып, ханның үйінің тұсына барып, үшке дейін:

− Сөйлес-ау, − деп дауыстады. Ішкім үндемеді.

− Мына шіркінге көк түндік келіп қалған екен, − деп, кейін барып түсіп, екі шалды екі жағына отырғызып, өзі ортасында шынтақтап, қисайып жатады.

Серкені түсіріп, байлап, түйесін шөктіріп қояды. Хан көсенің бұл ісіне ашуланып:

− Ана шалдың басын алыңдар! – деп, кісі жұмсайды. Ханның жұмсаған кісісі көсенің отырған түрін көріп, ханға қайта келеді.

− Отырған түрі бір түрлі қызық. Өзі қу көсе екен, екі жағында екі қарты бар, бір серке байлаулы тұр. Түйесі шөгерілген, ортасында өзі шынтақтап жатыр, басын шабуды лайық көрмедім, − деді.

Мұны естіген соң хан көсенің жатқан жеріне келді. Хан жақындап келгенде көсе шынтақтап жатқан күйінде:

− Сәлеу-мәлейкім, алдияр хан! – деді.

Хан: − Уа, көсем, түйе мінгенің қалай?

Көсе: − Түйе мінсем, Қырымдағыны көріп, қауіп-қатерден аман қалуға себеп бола ма деп ойлаймын.

Хан: − Түйеге кебеже неге теңдейсің?

− Түйеге кебеже жараспай ма?

− Уа, көсем, серке алып жүргенің қалай?

− Е, ханым, білмейсің бе?

− Білмеймін.

− Бала екенсің ғой, мал жақсысы – серке, адам жақсысы ерке деген.

− Уа, көсем, шашы ақ, сақалы қара қартың не?

− Шаш сақалдан жиырма бес жас үлкен емес пе? Сондықтан ол ағарған ғой.

− Шашы қара, сақалы ақ қартың не?

− Мұның аты шабан, қатыны жаман, атқа мінсе, тебінген, үйде отырса, кейіген, сондықтан мұның сақалы ағарған.

Хан өзінің кісілеріне сыбырлап:

− Мұның қолтығында тесігі бар шығар, сөз кеулеп, шыға береді ғой, бұны суға түсіріп, қолтығын қарайық, − деді.

− Уа, көсе, суға түсесің бе?

− Түсейік.

Өзге жұрт суға түскенде көсе мен хан кейінірек қалды. Сонда хан көсеге:

− Түспейсің бе, көсе? – деді.
− Жолыңды берсең, түсейін.

− Берейін, түс! – деп, хан өзі суға түсті. Көсе көйлектің жеңін, дамбалының балағын буып, түйіп жатты. Сонда хан:

− Уа, көсе, неге буынып, түйініп жатырсың? − деді. – Білмеймін. – Ә, ханым, бала екенсің ғой! Осы судың бойында алпыс пышағын таптап, біздерін сақтап отырып сырласқан, сырласып отырғанда су тасып, алпысы да суға кеткен, сол уақта алпыс пышақ пен біз саптары төмен қарап, жүздері, үштері жоғары қарап, су түбіне орнап қалған. Мен сол пышақ пен бізден қорқып, буынып, түйініп жатырмын, − деді. Хан судан шығып: − Мынаны қызылауызға апарып, қондырыңдар, − деді.

Ханның кісілері көсені қызыл иттердің ортасына апарып, тастады. Таң атқанша қырық қызыл итті қойнына салып барған сапысымен қырып, өлтіріп тастады. Таңертең ханға келіп, сәлем берді. Сонда хан:

− Аман-есен келдің бе, көсем? – деді. Ханның бір кісісі тұрып: − Аман-есені құрысын, қызылауыздарды қырып келіпті, − деді.

− Уа, көсем, қайтамысың? – деді хан.

− Қайтпаймын. Жиреншеге жолығып, қайтамын.

− Жоқ, көсе, Жиреншеге қарама, мен оны жіберейін, − деді.

− Қой, жібермейсің!

− Жіберейін, уа, көсем, қызылауыздарды қырып тастағаның қалай?

− Біздің ауылдың қойларын күнде қасқыр қырып жатыр, соған пайдасы тимеген соң қызылауыздың керегі қанша, қырмай, қайтейін?!

Хан: − Біздің ауыл Сырдың бер жағында, сіздің ауыл ар жағында. Қасқырға не айла қылсын, қалай қорғасын? – деді. Көсе:

− Ендеше біздің ауылдың айғырларының даусы сенің байталдарыңа қайдан естіледі? – деді.

Хан үндей алмады. Көсе жүріп кетті. Артынан ханға Жиренше келеді. Көсенің келгенін, айтқан сөздерін хан Жиреншеге бастан-аяқ айтып өтті. Жиренше: «Мен оған барайын», − деп еді, хан:

− Ойбай, барма! Кісіден тосылатын емес, қу көсе көрінді, − деді. Жиренше шыдамай, көсенің артынан кетіп қалды. Жиренше көсені қуып жетіп, артынан келіп, сәлем беріп еді, көсе сәлем алмады. Сонан соң көлденеңнен келіп, сәлем беріп еді және қарамады. Қарсы алдынан шығып, сәлем беріп еді, сәлемін алды. Сөйлесіп, амандыққа келген соң Жиренше айтты:

− Артыңнан сәлем бердім, алмадың, мәнісі не?

− Артымнан ит үруші еді.

− Көлденеңнен бергенде неге алмадың?

− Көлденеңнен қатын сөйлеуші еді, сабаз ердің мінезі қарсы келіп сәлем беру, сондықтан алдымнан берген сәлемді алдым, – деді.

Жиренше: – Уа, көсе, жер ортасы қайда?

Көсе: – Уа, мен түйеге мініп, жер ортасын болжай алмай келемін, астыңдағы атыңды бере тұрсаң, жер ортасын біліп берейін, – деді.

Жиренше аттан түсіп, атын берді. Көсе атқа мініп алып, түйені жетелеп, олай бір, бұлай бір, жортып-жортып келіп:

– Жер ортасы – төбе, ел ортасы кере деген, болжап келіп қарасаң, сенің тұрған жерің жер ортасы екен, – дейді де, атты сауырға бір салып, Жиреншеге қарамастан тартып, жүріп кетті.

Көсе сол жолында еліне қайтып келе жатыр, бір ауылдың шетінде бие сауып тұрған бір қызға келіп:

– Сауар көбейсін, сөдегей бикеш, –– деді. Сонда қыз:

– Тұрсам, түзелер, сенің аузың емес, –– деді.

– Тіліңді Құдай кессін! – деп, атты сауырға бір салып, көсе тартып отырыпты.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
ертегі Әз-Жәнібек Жиренше Көсе туралы сатиралық ертегілер, сатиралық ертегілер текст, ертеги Аз-Жанибек Жиренше Косе туралы сатиралык ертегилер, Әз-Жәнібек Жиренше Көсе

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]