Ертегі: Түрленбайдың түрленуі

Ертегі: Түрленбайдың түрленуі

Жар дегенде жалғыз ұлы бар бір жарлы кемпір болыпты. Бір күні кемпір науқастанып қалып, ұлын су әкелуге жұмсайды. Бала хан ордасының жанындағы құдықтан су алуға келеді. Су тартып болып, хан сарайының сәулетіне қызыға қарап тұрғанда, үстіңгі қабаттағы әйнектелген сарайды, оның терезесінен сыртқа қарап тұрған бір қызды көреді. Қыздың сұлулығы сонша, күнмен жарысып, жүзінен нұр төгіледі. Бала бұл қызға ғашық болып қалады да, үйіне келіп:

— Сол қызды айттырып алып бер, – деп, шешесінің мазасын алады. Шешесі бұл істің жөні келмейтінін қанша айтса да, балаға қона қоймапты.

— Олай болса, – дейді шешесі баласының көңілін қимай.— Сен үйдегі отын-суды жабдықта. Мен ханның үйіне барып, жөнін айтып құдалық сөйлесейін...

Кемпір «Құдалық сөйлесіп жүрмін» деген сылтаумен таң атпай, ел орнынан тұрмай кетеді де, хан сарайына барып, сарай алдын сыпырады. Ханның дәрет суын жылытып беріп, бір жылды өткізеді.

— Бұл істерді кім істеп жүр? – деп, байыбына бара алмай, ары ойлап, бері ойлап, ханның басы қатады. Бұған көз жеткізбек болып, таң атпай тұрып далаға шықса, кемпірдің істі тындырып жүргенін көріп, қайран қалады. Содан кейін кемпірден не үшін ұйқысын бөліп, ақысыз-пұлсыз жұмыс істеп жүргенінің себебін сұрайды.

Ханның кішіпейілмен мән-жайды сұрағанына разы болған кемпір мүлде іске аспайтынын біле тұра ұлының көңіліне бола осылай істеп жүргенін айтады. Кемпірдің мұңын ұққан хан ары ойлап, бері ойлап:

— Айтқаныңыз да жөн. Егер балаңыз Түрленбайдың түрленуін үйреніп келіп, қызымды аламын десе, қарсылығым жоқ. Өнерден, білімнен артық емеспін, – дейді.

Хан кішпейіл, білімді адам екен, кемпірге ашу шақырмайды. Кемпір үйіне келіп, баласына ханның шартын айтады. Ұлы бұл сөзді естіген соң, шешесіне үш жылға жететін азық-түлігін дайындап беріп, өзі Түрленбайдың түрленуін үйренуге аттанады.

Бала өнер үйренетін жерге жетіп, Түрленбайдың сиқыр өнерін үйренуге кіріседі. Үйрену ісіне жан-тәнімен кіріскендіктен өнердің бәрін жетік игере бастайды. Үйренудің мерзімі бітіп, баланың қайтатын уағы таяғанда, ұстазы:

— Сенен емтихан аламын. Содан өтсең, өнерді үйренгенің, – деп, емтихан алмақ болады әрі былай дейді:— Мен бір тал сіріңке шағамын. Саған бес кез бұл беремін. Мына бір тал сіріңке шырпы жанып біткенше сол бұлды бояп боласың. Мұны орындасаң – өнерді игергенің.

Бала ұстазы айтқан уағында берген бұлын бояп шығады.

— Қалай, болды ма? – дейді бала.

— Иә, сен көрім үйренген екенсің, – деп, Түрленбай балаға рұқсат етеді. Түрленбайдың бір қызы баламен сабақтас досы еді. Сол қыз:

— Сені енді әкем тегін жібермейді. Өйткені ол өнеріңнің өзінен асып кеткенін байқады. Сен енді өзіннің өмірінді сақтап қалуың керек, – дейді де, балаға тез кетіп қалуды айтады. Бала мұны естіген соң, үйіне қашып келеді. Шешесіне өнерін көрсетіп, әр жолда өзі бір түрлі хайуан болып, базарға сатқызып, шешесіне ақша тауып береді. Шешесі баласының тапсыруы бойынша сатқан малының бұйдасын алып кетіп отырады. Кемпір үйіне келсе, баласы өзінен бұрын келіп, тосып отырады.

Бір күні бала атан түйеге айналады да, шешесіне жетектеттіріп, көшеге шығады. Бұлар малбазарға келгенде Түрленбай да кезіге кетеді. Түйенің өз шәкірті екенін таниды. «Енді қолға түсіріп, көзін жоюдың ыңғайы келді» деп ойлап, түйені жетелеп жүрген кемпірмен саудаласады. Кемпір сұраған мың ділдәні беріп, түйені сатып алады да, жетелей жөнеледі. Кемпір де асып-сасып:

— Ей, бұйдамды беріп кет! – деп жармасады. Бірақ маңайындағы жамағат:

— Бұйдасын бермесең, асау түйені ол қайтіп жеткізіп алады? – деп жазғырып, кемпірге ырық бермейді. Осы орайда Түрленбай да асығып жолға түседі. Кемпір лажсыз қалады.

Түрленбай түйені жетелеп үйіне әкеліп, қызын дауыстап шақырады да:

— Мына түйені соямын, үлкен пышақты алып шық, – дейді.

Қызы жүгіріп шығып, түйеге қарап, түрленіп тұрған өзінің сабақтасы екенін таниды да, құтқаруды ойлап, амал қарастырады. Қыз үйге жүгіріп кіріп, қайта шығады да, әкесіне:

— Пышақты таба алмадым. Қойған жеріңізден өзіңіз тауып алып шығыңызшы, – дейді.

Сиқыр түйенің бұйдасынан біреу ұстап тұрмаса, қашып кететінін білетін әкесі түйені қызына бұйдасынан ұстата салып, өзі үйге кіріп кетеді.

— Сен енді құтылмасаң, қазір өлесің, – дейді қыз.— Бар даусыңмен бақырып, менің үстіме жынынды ақтара шаш. Мен қорыққан болайын да, қоя бере салайын. Әкем маған сонда сенеді.

Қыздың айтуы бойынша түйе бақырып, жынын шашып жібереді. Қыз қоя бере салып, корыққан адамша қалшиып тұрып қалады. Түйе қаша жөнеледі.

Түрленбай үйден жүгіріп шығып, түйенің қашып бара жатқанын көреді де, жолбарысқа түрленіп, соңынан қуады. Жолбарыс жете бергенде, түйе қырғауыл болып ұшады. Жолбарыс енді қаршыға болып қуады. Қаршыға енді жетіп іле бергенде, қырғауыл торғай болып зымырайды. Қаршыға қырғи болып, торғайды бастырмалата қуады. Қырғи қуып жетіп, енді іле бергенде торғай кептерге айналып қашады. Қырғи сұңқар боп қуады. Ақыры болмаған кептер бір үйдің шаңырағына қонып, жапырақ болып үйдің ішіне түседі. Түрленбай адам кейпіне келіп, үйдің есігінен қараса, төрт-бес адам шай ішіп отыр екен. Есіктен сығалаған Түрленбай:

— Менің жапырағым ұшып келіп, жандарыңызға қонып еді, алып бере салыңыздаршы, – дейді үйдегілерге. Үйде отырған бір жігіт ұмтылып, жапырақты ала бергенде, жапырақ құбылып, тары боп шашылады. Түрленбай түрленіп, тауық боп тарыны теріп жей бастағанда, бір түйір тары ыршып мысық болады да, тауықтың басын жұлып алады.

Әсілі тарының бір түйірі баланың өзі, қалғаны үйренген өнері екен. Түрленбай баланың дәл қайсы тары екенін айыра алмай, «өнерді» шоқып жатқанда бала Түрленбайдың түрленуіне мұрша бермей, оның басын жұлып алыпты.

Сөйтіп, баланың өнері Түрленбайдан артып, оның қызғанышпен істеген әрекеті үшін көзін жояды да, аман-есен үйіне қайтып келеді. Бұл кезде хан үлкен той жасап жатыр екен. Бала шешесіне былай дейді:

— Мен келіскен қара арғымақ боламын. Өзіңіз мініңіз де, ханның тойына барып, өрлі-қырлы жорғалатыңыз. Атқа ханның көзі түсіп, сұрауы мүмкін. Сол кезде сіз: «Бұл атты қызыңыз мініп көрсін, ат ханышаға жақса, аямай-ақ берейін» деңіз.

Кемпір баласының айтқанын істейді. Қара жорғаға қатты қызыққан хан кемпірден қара арғымақты сұрайды.

— Бұл атты ханыша мініп көрсін, балаға ұнаса, алыңыз, – дейді кемпір.

Хан қызын шақырып, атқа мінгізіп, қызына жақса бұл атты алатынын айтады. Қыз атқа мініп, жорғалата жөнелгенде ат алып қашып кетеді. Оны бүкіл ел болып қуып ұстай алмайды. Осы кезде хан: «Бұл ғарып кемпірдің ұлы болды. Түрленбайдың түрленуін үйреніп келіп, өнерін асырып, қызымды алған екен» деп ойлайды да, уәзірлерін жинап алып:

— Сөзімнен қайта алмаймын. Қызымды осы балаға қосып, тойын жасаймын, – дейді. Бұған уәзірлері де мақұл болады.

Сөйтіп, хан дүйім елді шақырып, той жасайды. Отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізіп, қызын өнерлі балаға қосады.

Зерделі бала өнерімен осылайша мұратына жеткен екен.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
ертегі Түрленбайдың түрленуі туралы ертеги казакша сказка на казахском, сказки для детей на казахском языке, балаларга Түрленбайдың түрленуі арналган кызыкты ертегилер, 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер, ертегилер Түрленбайдың түрленуі казакша оку, Түрленбайдың түрленуі

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]