Ертегі: Бұл - не қылған батпан құйрық

Ертегі: Бұл - не қылған батпан құйрық

Қарны ашқан қасқыр тамақ іздеп, арсалаңдап келе жатады. Сол кезде түлкі жолығады.

— Қасеке, жолың болсын! Қайда жортып барасың? – деп сұрайды түлкі жылмаңдап.

— Түкем, қарным ашты. Тамақ іздеп барамын.

— Қасеке-ай, менің де қарным ашып келе жатыр еді, өзің кездестің. Жолым болады екен. Бірге іздейік.

— Ал, түке, ендеше, баста, – дейді қасқыр.

Қасқыр мен түлкі жорта жөнеледі. Бір мезгілде төңкеріліп жатқан қойдың тегенедей құйрығына тап болады. Қуанғаннан қасқырдың екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап кетеді. Оп-оңай табыла қалған тамаққа таңырқап, түлкіден сұрайды:

— Түке, түке, бұл - не қылған батпан құйрық, тегіннен-тегін айдалада жатқан құйрық?!

Түлкі ойлаған боп, қипақтай жауап қайырды:

— Апырым-ай, қасеке-ай, бір алаңғасар базарға барған шығар. Арзан бағаға алған шығар. Қанжығасына бос байлап, содан түсіп қалған шығар.

— Ай, түке, сонда да мен осыныңнан қауіптеніп тұрмын.

— Қасеке, сен қауіптеніп, қорқатын болсаң, мен-ақ жей салайын, – деп, түлкі құйрыққа ұмтыла бергенде:

— Тоқта, тоқта! – деп, қасқыр арс ете қалады. Түлкі жалт беріп, құйрығын бұлғаңдатып, шоқиып отыра кетеді. Ашқарақ қасқыр былқылдақ құйрыққа ауызды салып кеп жібереді.

— Қасеке, мені де ескерсейші! Олжаға ортақ емеспіз бе? – деп, түлкі өтірік мүләйімсиді.

Қасқыр оған ала көзімен ажырая қарап, тісін ақситып:

— Был-жыр-рра-ма... – дейді де қойдың тегенедей құйрығын төрт-ақ асап, толғап-толғап, қылғи салады.

Қарны тойып, қарық болған қасқыр аузын кере қарыс ашып, ыңыранып, бір керіліп алады да жорта жөнеледі.

Іші біліп, мұртынан күліп, қасқырдың соңынан келе жатқан түлкі:

— Апыр-ай, қасеке-ай, әлгі май құйрықтан тым болмаса, бір асам дәм татырмадыңыз-ау, ә?! – деп, күңкілдейді.

— Түке-ау, мұрныңа майдың иісі барғаны да жетпей ме! – деп, қомағай көкжал қарқ-қарқ күледі.

Біраздан кейін қасқырдың көзі алақтап, тілі салақтап, жанын қоярға жер таппай, дөңбекшиді де қалады.

— Е-е... құйрық жейтін батырмысың, жан бергелі жатырмысың?! – деп, түлкі қу сықылықтай кеп күледі.

— Емің бар ма, түлкіжан-ау... Түкешім, аясаңшы ағаңды, – деуге қасқырдың тілі әрең келіпті.

У барған ішке су барса, тез өлтіретінін білетін түлкі:

— Удың емі су болады, қасеке. Су ішсең, жаның қалады, сәтін салса, – дейді.

Қасқыр бар қалған күшін жинап, суды тілімен жалап-жалап алады да қалпақтай ұшып түседі.

— Міне, саған батпан құйрық, айдалада тегіннен-тегін жатқан құйрық! – дейді де түлкі өз жөніне кете барады.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
ертегі Бұл - не қылған батпан құйрық туралы ертеги казакша сказка на казахском, сказки для детей на казахском языке, балаларга Бұл - не қылған батпан құйрық арналган кызыкты ертегилер, 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер, ертегилер Бұл - не қылған батпан құйрық казакша оку, Бұл - не қылған батпан құйрық

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]