Ертегі: Сұрмергеннің ажалы
Бұрынғы заманда атақты бір мерген болыпты. Аты Сұрмерген екен. Сұрмерген аң қарап келе жатса, жолда екі жылан төбелесіп жатады. Жыланның бірі қара да, бірі - ақ. Келіп қараса, қара жыланның түсі суық, өте ызғарлы екен. Мерген қара жыланды өлтіріп, ақ жыланға болысады. Сонан соң ақ жылан мергенге қарап қойып, бір тасты жалап алады. «Маған да жала деп тұр ма?» – деп, мерген де әлгі тасты жалап алады. Жалап алған сағатында мерген жер үстіндегі барлық хайуандардың тілін түгел түсінетін болады. Мерген бірінші жыланмен сөйлеседі. Жылан: «Екеуіміз енді дос болдық. Және тіл білдім деп кісіге айтпа!» – деп, ат басындай алтын берді. «Тіл білдім деп біреуге айтсаң, өлесің» – дейді. Жыланмен дос болып, мерген үйіне қайтады.
Алтынды үйіне апарып тастап, қайтадан аң қарап жүріп, бір байдың үйіне келіп қонады. Қонса, түнде боран болып, қой үркіп, қасқыр ұлиды. Қасқырға байдың төбеті де үріп, жауап береді. Олардың тілін қонақ түсініп отырады.
— Қой жеймін, болмаса қонағыңның атын жеймін, – дейді қасқыр.
— Мен саған қой да жегізбеймін, қонағымның атын да жегізбеймін, – дейді қара төбет. Қонақ итке іштей разы болып, алдына келген еттің жартысын итке бергізеді. Түнімен боран соғып, қойлар ығып кетеді, қоймен бірге ат та кетеді. Бай: «Малым қырылатын болды-ау, құтты қонақ болса, мұндай болмас еді!» – деп уайымдайды.
— Бай, жылама, малың аман, ыққаны табылады, – деп, мерген шешініп, алаңсыз ұйықтай береді. Таң атқан соң, бай мен қонақ екеуі мал мен атты іздеп келе жатса, қара төбет бәрін иіріп, айналып жүр екен. Қасқыр бір мал ала алмай, малды төңіректеп жүр екен. Адамды көріп, қасқыр қаша жөнеледі. Бірақ төбет қайырмалап, қасқырды да жібермейді. Қасқыр қолға түседі. Қонақтың аты да, байдың қойлары да аман екен. Бай қуанып: «Қонақ, сен құтты қонақ болдың, қалағаныңды алып кет!» – дейді мергенге.
Сонда бір ұрғашы сары бас тоқты маңырап мергенге қарай береді.
Маңырағандағысы: «Бес жылда мың болам», – деген екен. Мұны мерген түсініп, тоқтыға ен салады және «бес жылдан кейін келіп аламын, ол уақытта осы тоқты мың болады» деді байға.
Бес жыл толғаннан кейін, мерген байдың үйіне келіп, уәделі қойымды бер десе, бай: «Қой беремін деп айтқан жоқпын», – деп уәдесінен танады. Екеуі бір биге келіп жүгініп, айтылған сөзді бастан-аяқ баяндайды. Сонда қазы: «Қойыңды екі айыр жолмен айда, мергеннің үйіне қарай жүрген қойды Мерген алсын, өз үйіңе қарай жүрген қойды сен ал!» – деп билік айтады. Бай бұл билікке көніп, қойды екі айыр жолмен айдайды. Мерген жаққа қарап сары бас тоқты бастап мың қой шығады. Мерген сол мың қойды алып үйіне қайтады.
Сұрмерген бір күні қатынымен еріп, әйелдің төркініне барады. Әйелге төркіні артынан тайы ерген буаз бие мінгізеді. Сөйтіп, мергеннің өзі, екіқабат қатыны, бесіктегі баласымен буаз биеге мініп қайтады. Қайтып бара жатқанда, тай енесін емейін десе, енесі тепкілеп, кісінеп тайын қасына жуытпайды. Кісінегенде: «Үстімде үшеу, ішімде біреу, өзім шаршап өлгелі келсем», – дейді бие. Оны мерген түсініп, күліп жібереді. «Сен неге күлдің?» – дейді қатыны. Түсінгенін айтса, өледі, айтпаса, қатыны өкпелейді, қысылғаннан мерген: «Үйге барғанда айтайын», – дейді. Үйіне келген соң: «Сен жолдағы сөзді айт!» – деп қатыны болмайды. Мерген бір мал сойып, жұртын жиып, жөнін айтпақ болады. Малын сойып, жұртқа, сыртқа шығарып қатынына айтайын деп отырғанда, үйге бір әтеш, бір шіби, екі тауық кіреді. Шіби әтештің алдындағы бір бидайын алып жей бергенде: «Мен Сұрмерген емеспін, қатынына сырын айтып өлгелі отырған», – деп, әтеш шібиін шоқып, талап тастайды. Осыны естіген мерген қатынына хайуанның тілін білетінін айтпай, бір ажалдан аман қалады.
Тағы бір күні мерген аң қарап жүріп, бір тауешкіні атып алады. Атып алып етін жеп отырғанда, құлағына бір дауыс келеді. Дауыс: «Жалғыз ешкімді атып алдың, жазаңды қасқыр берсін!» –дейді. Мерген оны тыңдамастан, үйіне қайтады. Кешке таман жолда бір керуен қонып жатыр екен, мерген сол керуенмен бірге далаға қонады. Қонып отырғанда, түнде қасқыр ұлиды. Қасқыр ұлығанда: «Сұрмергенді бүгін не қылсам да жеймін», – дейді. Мерген керуеншілерге: «Не білдіңдер?» – дейді. Керуеншілер: «Ештеңе білгеніміз жоқ», – дейді. Мерген: «Білмесеңдер, қасқыр мені жеймін деп тұр», – дейді. Керуеншілер жер қазып, Сұрмергенді жерге тығып, үстіне киіз төсеп жасырып тастайды.
«Қап бәлем, енді қайтер екенсің?» – деп жатып, ертеңіне керуеншілер тұрса, қасқыр бір жағынан інге келіп, мергенді жеп кетіпті.

Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: