Ертегі: Кірпі кемпір

Ертегі: Кірпі кемпір

Баяғы өткен заманда бір хан өмір сүріпті. Ол жер бетіндегі адамдарды менсінбей, олардың қалау-тілеуіне онша көңіл бөлмепті. Содан кейін оған шайтан үйір болыпты. Сөйтіп, жақындаса жүріп, хан мен шайтан достасып кетіпті.

Бірде әңгімелесіп отырып, шайтан өзінің құдіретін көрсеткісі келеді де ханға:

– Достым, не қаласаң, соны сұра, айтқаныңды орындауға әзірмін, – депті мақтанып.

Мұны естігенде, шайтанның қолынан келмейтін ештеңе жоқ екенін білетін хан ойланып қалады. Өйткені кең дала, аспан асты түгел шайтанға қарайды екен. Хан соны өзі иеленсе, байлығым да, абыройым да арта түседі деп түйеді іштей. Осы орайда хан ықыласы ауып отырған шайтан досының шүлендігін пайдаланып қалғысы келеді де:

– Өзің білесің, досым. Менің халқым мал бағады. Онысы ішсе – асы, кисе – киімі. Осы күнге дейін жері тар боп келіп еді, маған төлейтін салығы да аз. Маған кең өріс керек. Сондықтан қисаң, кең жазира даланы бер, – депті. Айтқанын орындауға уәде беріп қойған соң, шайтан да болса, сөзінен қайта алмай, ханның қалауын орындапты.

– Қалауың болсын! – депті де жер бетінде даланы күзетіп жүрген өзінің қарауылдарына аспанға шығып кетуге бұйрық беріпті. Жалпақ дала иесіз қалыпты.

Хан сол даланың бір шетін иемденіпті. Бос жерге басқа адамдар қоныс теуіпті. Сөйтіп, адам баласы жалпақ далаға ие болады да мал өсіріп, өмір кеше бастапты.

Бір күні шайтан досы ханға қонаққа келіп, ішіп-жеп болған соң, қайтуға қамданыпты. Сонда хан досының бір қалауын орындауды мақсат етіпті.

– Ал, досым, – депті хан күлімдеп. – Менің қалағанымды сен орындадың. Не қалайсың, өзің айтшы? Айтқаныңды орындауға мен де әзірмін.

– Олай болса, – депті шайтан қуанып. – Сенен өтінерім мынау: Ай мен Күнді маған бер.

Шайтанның тілегін естігенде, ханның үрейі ұшады. Не дерін білмей сасқалақтап қалады. Ай мен Күнді шайтанға бердім десе, ол алып кетеді. Сонан соң жер бетін қара түнек басады. Бермеймін десе, досының көңілі қалады, өзі сөзінен қайтқан болады. Қабырғасы қайысқан соң, сылтау іздейді:

– «Ат берсең, аулыңмен ақылдас» деген емес пе, досым. Сенің қалауың жөнінде ел-жұртыммен кеңесіп, хабарын өзім берейін, – депті. Сонда шайтан:

– Мейлі, ойласып, шешімін айтарсың, – депті онша зорламай.

Шайтан кеткен соң хан уәзірлері мен сұлтандарын жинап алып, шайтан досының қалауын айтады да:

– Дос болса да қалағаны қиын тиіп тұр, – депті қиналып. – Егер аспандағы Ай мен Күнді беретін болсақ, өзіміз түнектің ішінде қаламыз. Сондықтан Ай мен Күнді сақтап қалудың бір амалын ойластырыңдар!

Уәзірлер мен сұлтандар әрі кеңесіп, бері кеңесіп, ешбір айла таба алмайды. Бұл қиналыстың мән-жайын ел-жұрт та естіпті. Бәрі бас қосып кеңесе бастайды. Әр адам әр түрлі мәслихат айтады. Бірақ ешқайсысының қисыны келмейді. Ел осылайша сансырап отырған кезде, хан ордасына белі бүкірейген, аяқ-қолы сықырлаған, шидей таяғына сүйеніп, сүйретіле басқан, бойы шынашақтай бір кемпір кіріп келеді.

– Саған мұнда не бар? – деп, күліседі ханның қақпасындағы күзетшілер. Бұған кемпір именбей жауап қайырады:

– Менің ханға айтатын ақылым бар...

Ақыл іздеп отырған ханға бір себі тиер деп ойлаған күзетшілер кемпірді ішке өткізіп жібереді.

Кемпір хан ордасының есігіне таяп келеді де табалдырықтан аттай бергенде, сүрініп кетіп, артына қарай домалай жөнеледі. Мұны көріп, ханның қасында отырған уәзірлері мен сұлтандары қыран-топан күлкіге батады.

Бұлардың мағынасыз күлкісіне намыстанған кемпір күңкілдеп, бірдеңені айтады да кері қарай тұра қашады. Кемпірдің қылығымен не айтып кеткеніне құштарланған хан бір уәзіріне:

– Анау кемпір не айтып кетті? Соңынан қуып жет те соны ұғып кел, – деп бұйырады.

Кемпір тымпыңдай басып, ұзай береді. Уәзір соңынан жүгіреді. Содан біраз уақыттан кейін қайта оралады. Өзін тосып отырғандарға кемпірдің сөзін айтады.

– Кемпір: «Хан бас болып, уәзірлері мен сұлтандары жиналғанда, шайтанға тойтарыс беріп, десін қайтарар сөз таба алмағаны ма? Сөйтіп отырып, менің сүрінгеніме күлгендері несі, ұялмай! Одан да шайтанға: «Сары майдан арқан есіп бер, малымды матайын, бұлдыраған сағымды ұстап бер. Ай мен Күнсіз отырғанда ермек етейін» демей ме? Сары майдан арқан есілмейді, қанша қуса да сағымды ұстай алмайды. Сөйтіп, шайтан әуре-сарсаңға түседі. Шартты орындай алмаған соң, өзінен-өзі жоламай кетеді» деп барады екен, – деп хабарлайды.

Жиналып, қиналып отырған жұрт кемпірдің тапқырлығына қайран қалысады.

Өзінің қалауы жөніндегі шешімін есту үшін шайтан досы келгенде, хан Ай мен Күнсіз өзінің қиналатынын сылтауратады да әлгі кемпір айтқан шартты орындап беруін өтінеді. Бұл шартқа шайтан да келіседі. Сөйтіп, сары майдан арқан есе алмай, бұлдыраған сағымды ұстай алмай сенделеді.

Бір күні шайтан айдалада сағым қуып келе жатып, бір төбешіктің үстінде өзіне күліп тұрған шынашақтай кемпірді көреді де:

– Ханға осы ақылды үйреткен сен екенсің ғой, – деп шырқ үйіріледі де құйындай дөңгелеп, кемпірді үстіне түрпі қаптаған бір жәндікке айналдырып жібереді. Ал өзі шартты орындай алмаған соң, хан ордасына жоламай кетіпті.

Сөйтіп, әлгі білгір кемпір кірпіге айналса да елдің бақыты саналатын Ай мен Күнді шайтанның олжалап кетуінен осылайша сақтап қалған екен.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
ертегі Кірпі кемпір туралы ертеги казакша сказка на казахском, сказки Кірпі кемпір для детей на казахском языке, балаларга арналган кызыкты ертегилер, 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер Кірпі кемпір, ертегилер Кірпі кемпір казакша оку, Кірпі кемпір

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]