Ертегі: Аққоян

Ертегі: Аққоян

Ерте заманда бір шалдың үш баласы болады. Мал дегенде бір ала биесі болған. Осы ала биесі күнге қарап буаз болып, айға қарап құлындайды екен. Бірақ күн сайын құлындаса да күнде жоғала беретін болған. Балалары кезек күзетсе де құлыны күнде жоғала беретін болған. Құлын ұрланудан тыйылмайды. Бір күні Аққоян атты кіші баласы биенің құлындайтын уақытында ұйықтамай күзетеді. Түнде биені қолынан аман-есен құлындатады. Құлынның түсі ала. Алтын жал, күміс құйрық құлын екен.

Құлынды көріп ауыздандырып, анадай жерге барып отырғанда, аспаннан бір қара бұлт түйіліп келіп, құлынды сыпырып ала жөнеледі. Ол уақытта күзетіп отырған Аққоян жақ мылтығымен басып қалады. Атқан уағында шылдыр етіп бір нәрсе жерге түседі. Барып қараса, кұлынды іліп алып кеткен екен, сылдырап жерге түскен мылтықтың оғы түбінен қиып түсірген кұлынның кұйрығы екен. Құлыннан айырылып қалғасын, таңертең Аққоян әкесіне көргенін бастан-аяқ айтып, құлынды іздеймін деп, рұқсат сұрайды. Әкесі:

— Балам, іздесең, ізде! – деген соң, Аққоян темір етік киіп, темірден таяқ соқтырып алып, жаяу құлынды іздеп жүріп кетті. Сонан кейін Аққоян жүре-жүре арада бірнеше уақыт өтіп, темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей қалады. Сонан жүріп келе жатса, айдалада үш ақ отауға кез болады. Бұл отауға кіріп келсе, үш әйел отыр екен. Амандасып, жөн сұрайды. Әйелдер айтады:

— Үшеуіміз де адамзаттың, кедейдің қызы едік. Осы үйдей алып қара құс деген үш ағайынды дәу екен. Бізді еріксіз әкеліп, қатын қылып отыр, - дейді. Аққоянға әйелдер:

— Қайдан әкелетінін білмейміз, әйтеуір күн сайын ұшып барып, ылғи алтын жал, күміс құйрық құлынды ұрлап әкеліп күн көреді. Жылқысының көптігі екі мыңдай болды, – дейді.

Аққоян:

— Бұларды қалай аламын? – дейді.

Әйелдер:

— Екеуін өлтіресің, ең кішісі болмайды, – дейді.

Сонан соң Аққоян бұлардың келетін жолын тосып жатып екеуін өлтіріп, үшіншісін қалай өлтірудің айласын үйге келіп, әйелінен сұрайды.

— Менің күйеуім бәрінен де мықты. Мұны өлтіру қиын. Мұның табанының астындағы ұлтарағында қырық кез ақ семсері бар. Осы ұзын семсерін түсіріп алып шауып өлтірмесең, басқа сайман мұның денесіне өтпейді, – дейді. Сонан соң, Аққоян әйелмен ақылдасып байын өлтірмекші болып отырғанда, ұрлыққа кеткен дәу келіп, бір түйені ұрлап әкеліп, сойып, тайқазанға астырып, табақпен алдына әкелдіріп жейді. Етті жеп отырып, түйенің тоқпақ жілігін сол қалпында жұтады. Жілік тамағына барып не әрі, не бері кетпей қақалып, әйеліне «қанжарымды әпер» деп, айғай салады. Әйелі қанжарын ұлтарағынан алып берген соң, жілікті ішіне қарай қанжармен итермекші болып, бер жағынан семсермен итереді. Бұл қанжармен итеріп жатқанда, Аққоян қолының үстінен жұдырықпен қойып кеп жібереді. Сонда семсердің ұшы желкесінен шығады. Сонан соң дәу шалқасынан түсіп, жан тәсілім қылады. Аққоян дәудің үшеуін де өлтіріп болып, бағанағы ұрланған құлынын түгендесе, ылғи алтын жал, күміс құйрық ала жылқы мың жарым болған екен. Аққоян үш келіншекті үйлерімен көшіріп, мың жарым жылқыны айдап еліне қайтады. Келген соң Аққоян екі үлкен әйелді ағасына беріп, кіші әйелді өзі алып, біраз заман тынығып жатып, өзінің екі ағасына жылқы бактырып, оларды үйлендіріп, байытады. Сөйтіп, жайын айтып, өзі демін алады.

Екі ағасы жылқы бағып, мал қарап шаруа істейді. Сөйтіп жүріп екі ағасы байыған соң, інісін көре алмай күндейді. Сөйтіп жүріп біріне-бірі: «Аққоян бізге неге кісілік істейді? Неге кісі жалдамайды? Өзі шалқасынан түсіп жатып алады. Өлтірейік», – деп ақыл қосады. Ортаншы ағасы үлкен ағасына: «Мен Аққоянның алты кез ақ семсерін ұрлап алып кешке таман киіз үйдің есігіне жүзін ішіне қаратып байлап кетейін. Түн ортасында жылқыны үйге қарай тасырлатып қуайық. «Ұры тиді жылқыға, Аққоян не ғып жатырсың?» деп айғай салайық. Сонда Аққоян далаға жүгіріп шығарда, есіктегі ақ семсерге ортан белінен кесіліп мұрттай ұшар», – дейді. Айтқанындай, қанжарды есікке көлденең байлап кетіп, түнде жылқыны айғай салып қуады. Бұлардың даусымен, жылқыға ұры тиіп жатыр екен деп, Аққоян үйден жүгіре шыққанда, көлденең тұрған ақ семсерге екі тізесінен қырқылып, домалап мұрттай ұшады. Мұның ертеңінде екі ағасы үйлерін жығып, барлық малын айдап, Аққоянға бір қос қылып беріп, тамағына жылқы сойып беріп, жалғыз тастап, өздері көз көрмес, құлақ естімес бір жаққа көшіп кете барады. Сонан кейін Аққоян жалғыз ешқайда бара алмай, қостың ішінде садақ істеп, тамағын ішіп отырады. Күндердің күні болғанда, бір екі қолы жоқ шолақ кісі бір киікті қуып келе жатыр екен. Жетеді, бірақ ұстайын десе, қолдары жоқ. Сонда қостың, ішінде отырып, Аққоян айғай салады:

— О, кісім, киікті маған қарай кайыра бер! – дейді. Кісі қайыра бергенде, Аққоян садақпен атып жығады. Сөйтіп, шолақ қол Аққоянды қара тұтып, екеуі бірлесіп барып, киікті әкеліп сойып, етін асып жеп отырады. Сол кезде екі көзі жоқ бір соқыр адам бір түлкіні дүбірімен қуып келе жатады. Аққоян «бері қайыр» деп, айғай салады. Соқыр қайырғанда мылтықпен атып жығады. Сонан соң соқырды шақырып алып, шолақ қол соқырды жетектеп, соқыр Аққоянды арқалап, үшеуі бірлесіп барып түлкіні алып келеді. Осымен біраз заман бірлесіп күн көріп жүріп, бір күні үшеуі ақылдасады: «Біз бүйтіп жүріп күн көре алмаймыз. Бізге бір әйел керек. Кір-қоңды жуып, ас істеп беріп отыратын». «Олай болса, әйел тауып алу оңай», – дейді шолақ. «Ал, қалай?» – дейді екеуі. Сонда шолақ қол айтады:

— Менде мынадай өнер бар, – дейді. — Мен шылбырын сүйреткен тайпалған қара жорға боламын, – дейді.

Соқырға:

— Сенің қандай өнерің бар? – дегенде, ол айтады:

— Қатты айғайлап, аузымнан леп шығарсам, айналамды қап-қараңғы тұман қылып жіберемін, – дейді.

— Жарайды, ал Аққоян, сенің қандай өнерің бар? – дейді. Аққоян айтады:

— Мен ірі мергенмін. Көз ұшым жерден шымшық торғайды атқанда, көзінен өткізем, – дейді. «Олай болса, үшеуіміз елден барып әйел әкелейік» деп, үшеуі елге жөнеледі. Бір елдің жанына барып ауылдан алты шақырымдай жерге Аққоянды жатқызып, үш шақырымдай жерге соқырды жатқызып, шолақ қол өзі үстінде күміс ер-тоқым, күміс жүген тайпалған қара жорға ат болып ауылға барады. Жаздың шілде ыстық күні екен. Шылбырын сүйретіп жорғалап қотанда жүреді. Ұстаймын деп, анау да мынау да ұмтылса, ұстатпайды. Бір құрт жайып отырған он бестің шамасындағы бір байдың қызы келіп ұстағалы келгенде тұра қалады. Қыз шылбырдан ұстап алады да мініп кеп алғанда, қызды ала кеп жөнеледі. Даяр отырған ел кермедегі атты мініп алып, үш жүздей кісі қыздың соңынан жабыла қуады. Ауылдан үш шақырымдай шығып, әне жетемін, міне жетемін деп келе жатқанда, соқырдың тұсына келген кезде соқыр қатты айғайлап, аузынан леп шығарады. Төңіректің бәрі түк көрінбейтін тұман болып кетеді. Сонда қуып келе жатқан кісілер адасып бірінен-бірі ұстап, үйлерін әрең табады. Бұлар қызды алып келіп орталарында қарындас қылып, ас қылдырып, кір жудырып бірнеше уақыт күн көріп жүреді. Бір күні ағалары аңға кетіп, келер кезде қыз ас қылайын десе, оты сөніп қалыпты. Қыз сасып, далаға шығып карап тұрса, күннің батысында бір жылтыраған от көрінеді. Қыз етек-жеңін түріп алып, үкідей ұшып келсе, тары көже қылып отырған қу аяқ кемпір екен. Кемпірден от сұрап алып қайтайын десе, кемпір: «Кішкентай басымның битін қарап бере кет», –дейді.

Қыз бір тізерлеп отырып, басының битін қарағанда, қыздың көйлегінің етегін шұрқ-шұрқ тесе береді. Сөйтіп, қыз кетерінде етегіне бір аяқ тары салып беріп: «Ағаларыңа ас кылып бер», – дейді. Қыз ұшып қосқа келсе, тарыдан дым жоқ. Бәрі жол бойы түсіп қалған. Мұның мәнісі, тарының шашылған ізімен қыздың үйін тауып алу үшін кемпірдің істеген айласы екен. Сонан соң қыз ағаларына ас істеп беріп, ертеңінде қу аяқ кемпір келіп, қызға басын қаратып кетіп отырады. Кемпір басын қаратқан сайын қыздың санынан қанын сора береді. Қыз аппақ шөлмектей болып, қаны азайып жүдейді. Ағалары «неге қаның қашып жүдеп жүрсің?» десе, айтпайды. Ағалары сұрап қоймаған соң, бір күні кемпірді айтады. Сонан соң сол күні ағалары аңға шықпай, үйде тығылып жатып қу аяқ кемпірді ұстайтын болады. Қу аяқ кемпір келіп кіргенде, шолақ есікте тұра қалады. Кемпір шыға жөнелгенде, ұстайтын қолы жоқ, аяғымен теуіп қалып қоя береді. Шолақ қол соқырды жетектеп, соқыр Аққоянды арқалап, үшеуі бірлесіп қуып, қу аяқ кемпірді ұстап алып өлтірмекші болады. Кемпір бұларға жалынып: «Аяғы жоққа аяқ, қолы жокқа қол, көзі жокқа көз саламын, – дейді. — Мені өлтірме», – дейді.

Сонан соң бұлар кемпірді үйіне алып келіп, Аққоян алдымен кемпірге: «Соқырды жұтып, қазір көз бітір», – деп бұйырады. Кемпір соқырды жұтып — көз, қолсызды жұтып — қол бітіреді. Ең ақырында Аққоянды жұтпақшы болғанда, Аққоян жолдастарына тапсырады: «Мынау, мені жұтып, тастамауы мүмкін. Қолдарыңа қылыштарыңды алып тұрыңдар. Мені шығармаса, дереу басын алыңдар» – дейді. Айтқанындай, Аққоянды тастамайды. Қыз үшеуі жабылып, кемпірдің басын алып, бір бақайшағының ішінен аяғы жазылған Аққоянды тауып алады.

Мұның артынан Аққоян елін іздеп келсе, екі ағасы Аққояннан айырылғанына қуанып, елін көшіріп әкетіп, той қылып жатыр екен. Әке-шешесін құл қылып, қатынын күң қылған екен. Сол жерде Аққоян барған соң, ағалары қорқып қашады. Оларды ұстап алып, халықты жинап, өміріндегі көргенін көпшілікке айтқан соң, көпшілік екі ағасын қолымен ұстап өлтіріп беріпті. Бүкіл елі Аққоянның аман-есен келгендігіне отыз күн ойын, қырық күн тойын істепті.

Аққоян осымен мұратына жеткен екен.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
ертегі Аққоян туралы ертеги казакша сказка на казахском, сказки для детей на казахском языке, балаларга Аққоян арналган кызыкты ертегилер, 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер Аққоян, ертегилер Аққоян казакша оку, Аққоян

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]