Ертегі: Ағайынды екі жалқау

Ертегі: Ағайынды екі жалқау

Бір байдың екі баласы болыпты. Олар жетім қалыпты. Сонда екі бала жан болмаған соң: «Аң аулайық, – дейді, — Елік аулап күнімізді көрейік», – дейді.

Сонда екеуі бірлесіп жүріп келе жатқанда, төрт-бес күн жүргенде, азықтары таусылып, екеуінің қарны ашады. Не істерін білмей, жапандағы бір бұлақтың қасына кеп, суды ішіп-ішіп ұйықтап қалады. Үлкенінің түсіне бір ақ сақалды адам кіреді. Сонда үлкеніне айтқаны: «Сенің ініңнен саған опа келмейді. Оған өте жақын жүрме. Біраз жерге барғанда, бұдан айырыл. Бір жерге барғанда жол екі айырылады, жолдың оң жақ айырылымына сен түс, сол жағына ініңді жібер. Оң қол жағыңа барғанда, талықсып ұйықтайсың. Жолдың үстіне жатпай, оң жағына шығып ұйықта. Сол ұйықтағаныңнан ертең ерте көзіңді ашқан бойы, оң жағыңа қарасаң, бір оттың орнындай жерден бу шығып жатар. Сол жерді ашсаң, ат басындай алтын жатар. Соны ала сап, тезірек еліңе қайт», – дейді.

Сонымен бала ақ сақалдың тіліне еріп, айтқанын істеп, еліне қайтып барып, тұрмыстанып кетеді.

Ал, інісі сол жолмен жүріп отырып, бір қайқаймаға шығады. Жотаның үстіне шығып, жан-жағына қарап отырды. Қарап отырып, бір ортан судың бойынан алты қанат ақ орда көреді. «Ал, енді қарным ашып кетті, кім болса да соған барайын», – деп барып ордаға кіреді. Үйде жан адам жоқ, бір қазан ет қайнап жатыр. Еттен «кісі асына сабыр» деп аздап қана алып жейді. Сонан кейін бұрыштағы бір жаман бөстектің ішіне кіріп, бұғынып отырады.

Сонда шаңырақтан ұшып екі кептер келеді. Ал, екі кептер от басына түскенде, біреуі айдай, біреуі күндей қыз боп түседі. Бала қарап, сығалап көріп отырады. Сонда кіші қыз қу екен, жан-жағына қарап:

— Ойпырым-ай, біздің үйден кісі киіктің иісі шығады ғой!» – дейді. Әпкесі:

— Әй, қойшы, қайдағы кісі мұнда келеді? Құлазыған таудың басына иіс келуші ме еді? – деп, екеуі еттен алып жей береді.

Сөйтіп жеп отырғанда, тағы екі көкек қолында таяғы бар екі шал болып түседі.

— Ой, балалар, кісі киіктің иісі бар осында, адамзаттың баласы бар осы жерде қараңдар, қараңдар! – деп болмайды бір шал.

Тегі қоймастай болғаннан кейін, шалдың сөзінен қорқып, бала орнынан тұрып, артыменен сырғи береді. Сонда шал баланы: «Аса таяқпен ұрып өлтірем», – дейді.

— Баба, маған аз уақыт берсеңіз, арызымды айтсам, содан кейін рұқсат, өлтірсеңіз, – дейді бала. — Ағайынды екеу едік. Әке-шешемді біреулер өлтіріп еді, өзім бір жетіммін. Аштан өлетұғын болған соң, тау-тасты қаңғырып жүріп, ағайынды екеуіміз шығып едік. Ал, енді жанымды қисаңыз, енді келмейін, – дейді де бала жылайды.

— Ал, ондай болса бар, – деп, шал баланың жауырынынан сипап қоя береді.

Сондағы көрген үйі дию-перінің үйі екен. Одан жүріп отырып, бала құлазыған тау басына кетті. Қаңғып келе жатып, бір мылтық тауып алады. Еліктің терісінен күрке тігіп алып, еліктің етін бұрқылдатып отырса, көздің ұшында жылтылдаған от шығады. Етті жейін деп табаққа түсіріп жатқанда, қолын жеңінен шығармай, бір сұлу келіншек келіп:

— Әрине, – деп үйге кіреді.

— Ей, сен мұнда қайдан келдің? Мұнда адам баласы жоқ, – деп бала тік айтады.

Жауап жоқ,

— Әрине, – деп күледі.

— Әй, сен неге келдің? – деп және айтады бала.

— Әрине, от алайын деп келдім, – дейді.

— От алайын деп келсең, ет же, – деп, пышағының ұшымен ет береді. Қолын жеңінен шығармай ет алады.

— Өй, сен неге қолыңды шығармайсың? Көрсет қолыңды! – дейді бала.

— Әрине, – деп қолын шығармай, әлгі келіншек кішкене от ұстап кетеді.

Ол кеткеннен кейін бала бұтақ жинап бала құсатып буады да төсегіне адамша жатқызып, киімін жауып, отты өшіріп, өзі төсегінің жанына мылтығын алып тұрады. Бала ұйықтады-ау деген кезде келіншек «әрине» деп кіріп келіп, бұтақты бытырлатып, қиратып жатқанында, жігіт қатынды тура маңдайдан атып өлтіреді. Оны өлтіріп далаға тастап қойып, ашып қараса, жиырма саусағы түгел жезтырнақ екен. Жиырма саусағын түгел кесіп алады.

«Лағнат, сені ит-құс жесін» – деп тастап кетеді.

Жүріп отырып бір жерге келсе, өңкей таудың елік-киіктерін бір адам бағып жүр екен.

— Ассалаумағалайкум, ата! – деп, бала оған жақындаса, маңдайында жалғыз көзі бар адам екен.

— Өй, балам, құлазыған тау басында сен неғып жүрсің, мұнда қайдан келдің? – дейді жалғыз көз.

— Ата, панасыз жан едім, ата-анам жоқ еді. Баласызға бала болайын, малшысы жоққа малшы болайын деп едім, – деп жылайды. Сөйтіп оны үйіне ертіп келеді. Малын тас қораға қамап қойды.

— Үйге жүр, тамақ ішеміз, – дейді. Үйіне кіріп асулы тұрған етті жейді. Жатар уақытта шал:

— Ал, балам, сен ұйықтағаныңда менен қорықпа. Менің көзім қараңғыда от боп жанып кетеді, үйдің ішін жарық қылып, – дейді.

— Жарайды, ата, қорықпаймын. Енді далаға шығып келейінші, – деп далаға шықты. Ет пісіріп жүрген істік темірін оттың астына тығып қояды. Біраздан соң шал ұйықтайды. Сонда шалдың көзі от боп жайнайды, бала ұйықтамай қарап жатады. Ұйықтады-ау деген кезде бала шалдың керек-жарағын жинап, реттеп қойды да баяғы шалдың көзіне істік темірді тығып алды. Шал тұрғанша, бала қашып кетті, қорадағы елік-киіктің арасына кіріп кетті.

— Жердің бетінде көзім жоқ болса да тірі қоймаймын! – деп шал ақырды. Бала бір текені алып ұрып сойып, соның терісін киіп, мүйізін мүйіз, басын-бас қып киіп алады да киікпен бірге шығып кетеді. Былай шыққаннан кейін «Құдай құтқарса, құтылдым» деп еліне қайтып, бауырымен табысып, жақсы тұрмыстанып кеткен екен.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
ертегі Ағайынды екі жалқау туралы ертеги казакша сказка на казахском, сказки Ағайынды екі жалқау для детей на казахском языке, балаларга арналган кызыкты ертегилер, 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер Ағайынды екі жалқау, ертегилер Ағайынды екі жалқау казакша оку, Ағайынды екі жалқау

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]