Ертегі: Бақытты басқа тепкен адам
Бағдат шаһарында бір жігіт болған екен. Бір күні түсінде Қызыр жолығып: «Мен Ніл дариясының жағасында бір бәйтеректің қасында тұрамын, сен маған кел, саған батамды беремін. Сен бақытты боласың», – дейді. Жігіт оянып көзін ашса, таң атып келе жатыр екен. Жігіт:
«Япыр-ау, бұл түсім қалай түс, мүмкін, рас түс болып шығар, мен сол бәйтерекке барып көрейін», – деп, шаһардың ұзын көшесімен жүгіре басып келе жатса, Бағдат шаһарының патшасы терезесін ашып қойып, көшеге қарап отыр екен. Асыға басып бара жатқан жігітті көріп, патша шақырып алады:
— Сен, жігіт, жұрт тұрмай, асығып қайда барасың, бір нәрсеге қуанып барасың ба, я болмаса бір нәрседен қорқып, қашып барасың ба? – дейді. Жігіт:
— Тақсыр, патша, мен бүгін түсімде Қызырды көрдім, ол кісі: «Мен сені Ніл дариясының жағасында күтемін, сен маған кел, мен батамды беремін, содан соң сен бақытты боласың», – деді. Осы түсім рас болар деп, сол Қызырды іздеп барамын, – дейді.
Патша: «Олай болса, түсің қайырлы болсын, расқа шықсын. Егер де Қызырға жолықсаң, саған мен бір аманат сөз тапсырайын. Мен осы Бағдат шаһарының патшасымын, менің қол астымдағы елім егін салады, бірақ егіндері көк сабан болып жетіледі де басына дән бітпейді. Соның мәнісін Қызырдан сұрай кел. Келген соң, Қызырдың не дегенін айт», – дейді. Жігіт сұрамақшы болып, патшамен уағда қылып жүріп кетеді.
Жүгіре басқан бойымен шаһардың шетіне шығады. Шаһардың шет жағында, Бағдаттың бір байы бар екен. Бай ерте тұрып, қорасының қасындағы бақшасын аралап жүріп, асыға жүгіріп бара жатқан жігітті көреді. Бай бұл неткен адам деп, шақырып, жөн сұрайды. Бай: «Сенің жүрісің өте асығыс қой, бір нәрсеге қуанып барасың ба, я болмаса бір нәрседен қорқып, қашып барасың ба, маған жөніңді айт», – дейді. Жігіт манағы патшаға айтқандай көрген түсін баяндайды. Бай: «Олай болса, түсің қайырлы болсын, егер де Қызырға жолықсаң, саған мен бір аманат сөз тапсырайын, соны Қызырдан сұрай кел, менің бір егін салатын жерім бар, егінім бойға жетіп шығады. Басына дән де бітеді, бірақ дәні көк бойында солып, адам пайдасына жарамай қалады. Соның себебі не екен?» – дейді. Жігіт сұрай келуге уәде қылып, жүріп кетеді.
Шаһардан төрт шақырым шыққан соң, жолдың кырында бір айдаһарға кездеседі. Айдаһар жігітті қасына шақырып алып:
— Иә, адам баласы, сен осыншама асығып қайда барасың, бара жаткан сапарыңды айт, – дейді. Сонда жігіт манағы патша мен байға айтқанын айтады. Айдаһар:
— Олай болса, жігітім, түсің қайырлы болсын, егер де сен Қызырға жолықсаң, мен бір аманат сөз тапсырайын, сол сөзімді сұрай кел. Мен жеті жыл болды, осы жолдың қырында ауырып жатырмын, істемеген емім жоқ, соның бірі де ем болмады. Менің ауруыма не ем болар екен? – дейді.
Жігіт: «Жарайды, патша мен байдың сіз сияқты тапсырған аманаты бар еді, баршаңыздың сөздеріңізді түгел сұрай келейін», – дейді.
Айдаһар: «Патша мен бай қандай аманат сөз тапсырды?» – деп сұрайды. Жігіт айдаһарға патша мен байдың аманаттарын жасырмай айтып, аялдамай жүріп кетеді.
Содан жігіт жүгіре басып, түсінде айтылған жерден Қызырды табады, барып сәлем беріп, сөйлеседі. Қызыр:
— Ал, жігітім, жай қолыңды, батамды берейін, – дейді. Жігіт қолын жайып, Қызырдың батасын алады да: «Және екі адам, бір айдаһар сізден сұрай кел деп аманат сөз тапсырған еді, соны сұрауға рұқсат болар ма екен?» – деп сұрайды. Қызыр:
— Сұраңыз, – дейді. Сонда жігіт патшаның, байдың, айдаһардың тапсырған сөздерін бастан-аяқ айтып береді.
Қызыр бұлардың сұраған сөздерін естіп болып, мынадай жауап береді.
— Патшаңа айт, қол астындағы елінің салған егінінің піспей қалатын себебі, патша өзі - бой жеткен қыз, өзінің өміріне қарсылық қылып, ерге шықпай отыр екен, егерде ерге шықса, қол астындағы елінің егіні шығып, дәні піседі. Екінші, байға айт, байдың егіні шығып, дәні піспей қалатын себебі, егін салған жерінде ат басындай алтын бар екен, сол алтынды қазып алса, жер астындағы алтынның буы тоқтап, егіні дән байлап пісетін болады. Үшінші, айдаһарға мынаны айт, жеті жылдай ауруына ем қонбаса, бақытты басқа тепкен адамның басын жесін, сонда ауруынан жазылады.
Қызыр осы сөздерді айтып ғайып болды. Жігіт қуана-қуана Бағдат шаһарына қайтып келеді. Үйіне бір күн қонып, патшаның аманат тапсырған сөзінің мәнін айтқалы патшаға барады. Патша:
— Қызырға жолықтың ба? Менің аманат сөзімді сұрадың ба? – дейді.
— Жолықтым, сіздің сұрағыңызға берген жауабы мынау: сіз өзіңіз бой жеткен қыз екенсіз, еркек киімін киіп, еркек болып, патшалық құрып жүр екенсіз. Сіздің бой жетіп, ерге шықпаған кесіріңіз елге тиіп, елдің егіні шықпай жүр екен, Қызыр өз еліндегі бір жігітке тисін деді, – дейді жігіт.
— Қызыр ақсақал осылай деген болса, рас мен қыз едім. Ерге шықпаған кесірім еліме тиіп жүр екен, ал менің орныма патша болып, таққа отыр! – дейді патша.
— Жоқ, мен сізді алып патша болмаймын, Қызыр ақсақал бата берген соң, бақыт-дәулет өзі де қонады, – деп, жігіт патша қызды алмай, шығып кетеді.
Содан кейін байға барады. Байға да Қызырдың айтқанын айтады.
— Қызыр олай деген болса, мен сізге сол алтынды сыйладым. Сіз барып қазып алыңыз, менің басқа дәулетім де өзіме жетеді, – дейді бай жігітке.
Сонда жігіт: «Мен Қызырдан бата алған кісімін. Маған бақ-дәулет өзінен-өзі-ақ келеді, жер қазып бейнеттенерім жоқ», – деп, енді ауру айдаһарға келеді. Қызырдын айтқанын оған да айтады.
Сонда айдаһар: «Патшаның, байдың тапсырған сөзін Қызырға айттың ба?» – дейді.
— Айттым, – дейді жігіт:
— Олар саған не айтты?
— Патша «мені алып орныма патша бол» деді, бай «өз дәулетім де жетеді, алтынды сен қазып ал!» деді. Мен Қызырдан бата алғаннан кейін, бақ-дәулет өзі де қонады деп, патшалығын да, алтынын да алмадым, – дейді жігіт.
Сонда айдаһар:
— Әй, ақымақ! Патшалық бақыт еді, алтын дәулет еді. Маған Қызыр «бақытты басқа тепкен адамның басын же, ем» десе, сенен артық бақытты басқа тепкен адам табылмас, – деп жігітті бас салып, басын шайнап, жұтып жіберіпті.

Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: