Ертегі: Ағаш ат
Баяғы заманда атақты бір патша болыпты. Оның күндей сұлу үш қызы, айдан аппақ бір ұлы болыпты. Күндердің күнінде патшаға өнерпаз үш жігіт келіпті, оның біреуі қолына тауыс (көркем түкті құс), біреуі мыстан істелген қоңырау, біреуі ағаштан соққан ат ұстап кіріпті. Оларға патша:
— Бұл көтеріп жүргендерің немене? – деп сауал қойыпты. Тауыс ұстаған жігіт:
—Тақсыр, сіз атыңыз қатарындағы патшалардан асқан ұлы патша болдыңыз. Біз сіздің заманыңызда оқып, өнер тапқан кісілер едік. Сізге өнерімізбен істеген табысымызды әкеліп отырмыз. Мына менің қолымдағы тауыс - жанды сағат. Ол әр сағат сайын шақырып, өткен мезгілді білдіріп отырады, – деді.
— Жарайды, ісімен дәлелдемесе, ауызбен айтқанға сенбейтін едім, – деді патша. Тауыс әр сағат сайын шақырып, өнершінің сөзін дәлелдеді. Шынына көзі жеткен патша:
— Өнеріңе қанағаттандым. Қызметің үшін не берсем риза боласың? – деді.
Өнерпаз іркілмеді:
— Өнеріме қанағаттансаңыз, маған үлкен қызыңызды беріңіз. Сізге бала болып, өнерімді өрістете беруіме жол ашылсын, – деді.
— Жарайды, тілегің болсын, – деді патша.
Мыс қоңыраулыға қарап:
— Бұл қоңыраудың қандай қасиеті бар? – деді.
Жігіт:
— Тақсыр, қоңырауым шеттен келетін жауды біледі. Қақпаға іліп қойсаңыз, кандай қастық ойлаған кісі болса да қалаға кіргенде, сылдырлап дыбыс шығарады. Сіздің мемлекетіңіздің кауіпсіздігі үшін әдейі арнап соқтым, – деді.
— Жарайды, қақпаға байла. Өнерің дәлелденгенде тілегіңді берем, – деді патша.
— Құп болады, тақсыр, өнерімді көрген соң, маған ортаншы қызыңызды бересіз, – деді жігіт.
— Ағаш атыңда қандай қасиет бар? – деді үшінші өнерпазға.
— Бұл керемет емес, тақсыр. Қолымнан соққан өнерім. Мұнымен ұшып, тілеген жеріңе баруға болады, – деді жігіт.
— Олай болса, мініп көрейік. Ұшқанын көрмей еш нәрсе берілмейді, – деді патша.
Бұл кереметті көргелі көп жігіт жиылды. Әркім атқа мініп, аяқтарын тебініп көрді, ағаш ат орнынан қозғалмады. Патшаның баласы келіп атқа мінгенде, өнерпаз омырауындағы бір тетікті қозғап жіберді. Ат көкке көтеріле бастады. Қаланың қарасы көрінбей бара жатқанда, патшаның баласы «бұл мені құртқалы істеген бір зат болар» деп қорықты. Аттың бүйірін сипалап жүріп, оң жағынан бір, сол жағынан бір қораздың басындай екі тетік тапты. Оң жағын қозғағанда, жоғары өрлеп, сол жағын қозғағанда, төмен түсетінін білді. Ағаш аттың басын игеріп, қалаған жағына ұшып кете берді. Жердегілер шаһзадасын ұшырып жіберіп, қашан келер екен деп күтіп қала берді.
Патшаның баласы көкті сайрандап, талай қаланың төбесінен өтті. Бір мезетте көк ағашты, ағын сулы, бау-бақшалы бір қалаға көзі түсті. «Бұл қандай қала болды екен?.. Қай мемлекетке қарайтын жер екен?» деп ойлады. Қалаға қызыққаннан, сонда түспекші болды. Қайда, бұлттың үстінде үш күншілік биікке ұшып жүрген ат жайлап жерге түскенше, күн батып қараңғы болып қалды. Шаһзада атын жайлап әкеліп, бір керемет биік үйдің төбесіне түсірді. Күнімен көкке ұшып шаршаған шаһзада үйдің үстінде демалып отырды. Қаланың елі жатып, көшеде жүрушілер саябырлай бастады. Шаһзаданың қарны ашып, ас ішуге зауқы қатты соғып, үйдің төбесінен сарайдың ішіне көз салды. Сарайдың ішінде қыбыр еткен жан көрінбейді, бейне бір бос тұрған дүние сияқты. Шаһзада үй төбесін жағалап жүріп, жерге түсетін саты көрді. Сатымен төмен түсіп, жер үстіндегі жұмақ сияқты сарайдың ішін көрді. Үйдің барлығы алтын, күміс, гауһар, жақұтпен безеліп, бұрын көзі көрмеген қымбатты мүліктермен жасауланыпты. Бір ғажап осынша бай сарайдың ішінде қыбыр еткен жан жоқ. Шаһзада аралап шықты да, адамы жоқ сарайдың ішінде жалғыз жатқысы келмей, үйдің үстіне шығып, аттың қасында болуды мақұл көрді. Түнде бірнеше уақыт өткеңде, бір жарық көрінді. Жарық ұстаған адам екен. Ол бірте-бірте сол сарайға жақындай берді.
Ол бір мезетте сарайға жетіп есігінен кірді. Үй үстінде отырған шаһзада олардан көзін айырмай қарап отыр еді. Жарықты көтерген қолына жалаң қылыш ұстаған бір жігіт екен. Оның айналасында бірнеше қыздар келді. Қыздардың ортасында асқан сұлу бір қыз бар. Ол қыздың ажарына арнап ақын мынадай бәйіт жазыпты:
Ақ күміс, айдай жүзің ашылған гүл,
Меруерт отыз тісің, шашың сүмбіл.
Жүрегім көзін жұмып гүлстанға
Шырқап күй, қону үшін ұшты бұлбұл.
Ол көрініс сипатымен сол қаланың патшасының қызы екенін танытты. Әкесі қызын айрықша төуір көреді екен. Сондықтан оның ешбір тілегіне бөгет болмай, осы сарайды ойын-сауық құруына арнап салдырған екен. Қыз көңіл көтеру үшін сарайға келіп, екі-үш күн тұрып, қайтадан әкесінің сарайына қайтып кетеді екен. Бұл келуі ағаш ат мініп, аспанды сайрандап жүрген шаһзаданың келген күніне түйісті. Көп қыздың ортасындағы жалғыз жігіттен шаһзада жасқанбай, үйдің төбесінен түсе қалды, қылышты жігіт сайтандай көктен сап етіп түсе қалған жат кісіні де шап беріп ұстай алды. Тегеуірінді бұла өскен шаһзада қолымен қойып жіберді. Талдырмаш денелі, әлсіз жігіт екен, қаңбақтай домалап ұшып түсті. Қолындағы қылышын тартып алып, шаһзада сұлу қызға қарай ұмтылды.
Қылышты жалақтатып келе жатқан кісіден үрейленген қыздар сырылып жүре береді. Ол сұлу қыздың қарсы алдына келіп тоқтады. Қыз оның бетіне қарап:
— Жаным-ау, әлгі әкем айтып жүрген Зәңгі патшасының баласы сенбісің? – деді.
— Дәл өзі, – деді шаһзада, түгіне түсінбеген тосын сөзге.
— Ойбай-ау, әлгі түсі жаман, көмірдей қап-қара дегені қайда? Өзің мүлде ауызға үріп салғандай әдемі екенсің ғой. Әкем көрмей қорқып жүр ме, әлде мені алдағаны ма?...
— Маған көз тиеді деп айтқан болар. Болмаса қандай екенімді көріп тұрсың ғой, – деді ағаш атты патшаның баласы.
Шынында, ол қызды Зәңгі патшасының ерепейсіз баласы сұрап, оған әкесі бермей қойып еді. Қыз сол екен деп қалды. Қыз ол кезде ыңғайы келсе, күйеуді жек көретін мезгілден өтіп, күйеу келсе, қыз дайын дейтін күнге жеткен шағы болатын. Қыз шаһзаданы қолынан ұстап, қатар отырып, әңгімені соға берді. Қыздар талып жатқан жігітке ес жиғызып, басын көтертті. Қызметші жігіт басын көтеріп, қылышын іздеді. Қыздың бәрі:
— Есеңгіреген байғұс-ау, оның несін іздейсің, әлгі өзіңді бір ұрып қалпақтай ұшырған біреу алды.
— Ол кім өзі?
— Кім екенін сайтан біле ме? Әйтеуір кердеңдей басып барды да патшаның қызының қасына отырды. Сенің кылышың оның қолына тиген соң, бәрімізді кырып тастайтын біреу шығар деп жанына да бара алмадық, – деді. Жігіт Ер Асан патшаның қызын қауіп-қатерден қорғау үшін жіберген қызметшісі болатын. Ол патшаның алдында да қызды қорғауға жауапты болғандықтан, омыраулап кіріп кеткен шаһзадаға амалсыз келді. Бірақ, алғашқы соқтығыста беті қайтып калған сорлы еш нәрсе айта алмай, жалтара сөйледі.
— Тақсыр, сізді кім деп білуге болады? Перімісіз, жынбысыз? Құдай қай көгінен түсіріп тұр?.. – деді. Қыздың қасында қызулы тұрған жігіт:
— Сенің мен сияқты шаһзадаға «жын» деп айтуға қандай қақың бар еді! – деп, қызметшіге қылышты ала ұмтылды. Ол екі қолын қусырып кешірім сұрай бастады.
— Тақсыр-ау, менікі жөн сұрау еді ғой, мұнша неге қаһарландыңыз?
— Қалай қаһарланбайын?.. Мен патша қызының күйеуі болсам, сен мені «жын» деп сықақ қыласың.
— Ғафу ет, тақсыр. Егер жын болмасаң, патша қызына ешкім сізден артық лайықты күйеу бола алмайды демекші едім...
Жігіт пен қыздың қалай отырғанын көрген қызметші өз басына қыз айналасынан түсер пайда, зиян көрмесе де ішіне бір түрлі қызғаншақтық пайда боп, сарайдан шыға жүгіріп, қыздың әкесіне келді де самбырлай сөйлей бастады.
— Ойбай, тақсыр-ай, таза шерменде болдым. Ой, Құдай-ай, мұндайды кім көріпті. Құлақ естігенді, көз көреді деген осы екен, масқара-ай, – деді. Патша түгіне түсінбей сасып:
— Не боп қалды? Сорлы! – дейді, аңырайып бетіне қарап.
— Несі құрсын, тақсыр, қызыңды бір жын келіп омыраулап жатыр, қайдан келгенін қайдам, біз сарайдың ішіне кірісімен бас салып, киіп ала жөнелді. Қызың да кет ары деген жоқ, икеміне көне берді ме, қалай...
— Лағынет жаусын, сен итке! Қолыңа қылыш беріп, сені неге қойып едім ол жерге?! – деді патша.
— Қойғаныңды қайтейін, тақсыр, тегеурінді жын бір қойып жіберіп, есімнен тандырды да қылышымды тартып алмады ма...
— Не сандалып кетті мына шошқа?! – деп, патша қылышын байлай, қыздың сарайына жүгірді. Оның алдынан қызметші қыздар жүгіріп шықты. Олардан патша:
— Қыздың халі не болып жатыр? – деп сұрады.
— Біз де түк түсінбедік. Тақсыр... Әйтеуір әп-әдемі бір жігіт қызыңыздың қасында отыр. Көктен түсті ме, жерден шықты ма? Қайдан білейік...
Патша қылышын суыра жігітке ұмтылды.
Жігіт қызға қарап:
— Мына кәрі бурадай шабынып келе жатқан сенің әкең бе? – деді.
— Дәл соның өзі, – деді қыз теріс қарап.
Шаһзада да қылышқа мойнын ұсынып тұрмады, тартып алған қылышын ала қарсы ұмтылды. Жын ба, адам ба, әлгі белгісіз кісінің сұсы патшаны да басты. Ол үндемей, қылышын қынапқа сала қойды. Кенет түсін жылытып:
— Балам, ашуды қой, өзің кімсің? Жын екеніңді, адам екеніңді білмей дал болып тұрмын, ашып айтшы? – деді. Жігіт қылышының ұшын жерге қадап тұрып:
— Мына қызыңызды сыйламағаның үшін тұрған жеріңде турап тастар едім. Болмаса, ерегіске келгенде, өзіңді екі бүктеп, еліңді жайпап тастайтын шаһзаданы жынға ұйғаруға қандай қақыларың бар? Жай қызметшілеріңді надан дейін десем, саналы патша сенің айтып тұрғаның мынау. Тегі өздеріңді жын жайлаған елмісіңдер, сонан басқа ауыздарыңа сөз түспейді? – деді. Патша оның сөзінен сескенейін деді. Дегенмен, тіпті үндемей қалуға болмады:
— Ей, патшаның баласы, берген хабарың, жіберген елшің қайда? Жел аударған қаңбақтай сарайдың ішінен шығып, «мен осы қыздың күйеуімін, әкесі маған берді» деп соғыпсың. Сен маған қашан сөйлесіп, қай жерде жолығып едің? Мұндай қисынсыз өтірік айтып келуге бола ма? Сендей талай шаһзада еріксіз аламын деп, басы кесілген болатын, сенікі тіпті сорақы, жарықтығым, мұнша өкіректеуге бола ма? Егер ордадағы құралды күштерімді жіберіп, қылышпен қиқалатып тастасам, менің, қолымнан кім айырып алар еді! – деді. Оның жауабына шаһзада бөгелмей:
— Мен сіздің айтып тұрғаныңызға түсінбеймін... Надандық па? Я болмаса осы қызды менен артық кімге бермек едің? Ал, батырлығына қызықсаң, менен артық батырды қайдан көрдің? Әңгіменің ең қысқасы – мен не айтсам да «мақұл» дей бер, – деді.
— Не айтпақ едің?!
— Менің айтатыным, қызыңды қызғанып, едірендеп тұрсың. Ұрысқың келсе, қазір жекпе-жекке шығайық. Өлтіргеніміз қызға ие бола кояйық. Ал, оған көнбесең, бүгін мен осы сарайға қонам, ертең бар әскеріңді жи, менімен ұрыссын, өзің қызығына қара да тұр. Кұдай қырсығынан сақтаса, бір сағатта бәрін жайпап берем, өзіңде қанша әскер бар? – деді. Патша оған ежірейе қарап:
— Қырық мың құралды әскерім бар! Құралсыз қызметкерлерім қырық мың, сен жайқап салатын шөп емес, бәрі де адам.
— Мейлі, күн шыға майданға шықсын. Барып хабар бер. Мені ұрысуға белін байлады де. Егер әскерің мені өлтірсе, мені көрдім деп айтпайсың. Жабулы қазан жабуымен қала береді. Егер мен жеңсем, қызыңды алам, айтқаным айтқан. Бұл сөз сізге түсінікті ме?!
Патша кейінгісін мақұл көрді. «Бұл жүрек жұтқан бір дәу екен» деп ойлады.
Ертеден күн шыға ұрысуға тоқтам жасап, өзі шаһзадамен әңгімелесуге кірісті. Әңгімелесе отырып, астыртын уәзіріне кісі жібереді. Барушы кісіге: «Әскерді түгел жинап, құралдандырсын, бұл келіп отырғанды жалғыз адам демесін. Оңай емес, дайындықты күшті жасап, қалайда жеңетін шараларын жасасын», – деді. Патшасының әмірін қызметшілері уәзіріне жеткізіп жатты. Патша шаһзаданы неше алуан әңгімемен алдандырып таң атырды. Өз ордасына барып тағына отырды да әскеріне соғыс майданына келуге бұйрық берді. Бір жақсы атқа алтын ер салып шаһзаданың мінуіне лайықтады. Шаһзада ол атқа мінуден бас тартты.
— Алдымен әскерлер ұрысатын жеріне жиналсын. Мен әскерді көрмей, атқа мінбеймін, – деді. Патша оны атқа мін деп қостамады.
— Мейлің, көңілің неге соқса, соны істе, – деді. Шаһзада жаяу әскер жиналған жерге келді.
Патша әскер басыларына:
— Бұл жас та болса, талабы таудай бір дәу көрінеді. Сендермен жалғыз соғысып, бәріңді жеңбек, өзі де сұлу жігіт екен, бірақ белгісіз біреуді қызыма қалай күйеу етейін! Найзаларыңды андағайлатып, тіреп тұра қалыңдар, – деді.
Шаһзада әскерді көріп патшаға:
— Жарайды, әскерің ұрысуға тұрады екен, енді атқа мінейін, – деді. Патша:
— Осы аттардан таңдағаныңды мін де ұрыса бер, – деді.
— Бұл аттар менің мінуіме жарамайды, өз атыма мінемін!
— Атың қайда?
— Атым қызыңның үйінің үстінде тұр.
— Ол өтірік. Үй үстінде ат тұрғанын ол заман да, бұл заман кім көрген...
— Көрмесең, көресің, қызметшілеріңді жіберіп, атымды алдыр, – деді. Бірнеше кісі барып, үй үстінде тұрған ағаш атты алып келді. Ел тамашалап ағаш атты қарасты. Ат сондай әдемі жасалған бір зат еді. Бірақ ағаш ат соғысқа қалай құрал болмақ? Кейбіреулер:
— Бұл шаһзаданың дені сау болмауы керек. Тегі, қияли диуана ма, бір пәле шығар, – десті. — Мейлі, сыры қазір ашылады, көреміз...
Қызметшілер ағаш атты әкеліп, майданның ортасына қойды. Әскерлер атты көргелі қоршап, жақындай түсті.
Әскерлердің ойынан ұрысу шығып, ерттеп, жүгендеп, жабулап қойған атты көруге ынтықты. Патша да қасына келді:
— Атың осы ма?
— Осы.
— Осындай ат бола ма екен? Бұл бір ойыншық қой.
— Не де болса, қазір көресің!
— Неге мінбейсің?
— Бұған мынадай кісі қоршап тұрғанда мінуге болмайды. Сіз мына әскерлеріңізді бір шақырым кейін шегінуге бұйрық беріңіз, атым туласа, астында қалады, – деді шаһзада.
— Ал, оны да көрейік, – десіп, әскерлер кейін шегінді.
— Ал, енді атыма мінемін, тақсыр. Атқа мінген соң-ақ әскеріңді қырамын, алдымен аттарын жарам, артынан адамдарын қырам! – деді шаһзада.
— Мейлің, қалағаныңды істе, – деді патша күліп. Шаһзада атына мінді, патшаның әскері айнала сап тартып, найза, қылыштарын әзірлей бастады. «Кім біледі, мұнда бір біз білмейтін сыр бар шығар», – десіп күдіктенді. Бәрі көздерін балаға қадап, найзаларын ыңғайлады. Шаһзада атына мінген соң тетігін бір қозғап қойып, ерінің басынан ұстады. Ат тұрған жерінен көкке көтеріле бастады. «Мынаның аты тұрды ма, немене», – десіп, жұрт танданып, бір-біріне қарағанша, ат аспанға шығып кетті.
— Уа, ұстаңдар! Көрер көзге айырылып қалғандарың ба! – деп, патша айқай салды.
— Тақсыр-ау, құсты қалай ұстарсың?.. Сонау жұлдыздың бер жағында жүр ғой, – деді уәзірлері.
— Тақсыр, бақыттылығыңызға шүкірлік етіңіз. Бұл бір сиқыршы ғой. Әйтеуір, сіздің қызыңыздың ерге шықпай отырғаны да бір қырсық болды. Осындай жын-шайтанға шақыртқы болады да отырады, – десті қарт уәзірлері. Патша көкке ұшқан жігіт көзден ғайып болған соң, әскерін таратып ордасына келді.
Патша кешке сарайына келгенде, қызының төсегіне етпетінен түсіп, солқылдап жылап жатқанын көрді. Патша жанына келіп, басын құшақтап:
— Жылама, жаным... сиқыршыдан Құдай құтқарды. Енді қайтып келмейді. Бабамнан қалған найза, қылыштың қасиеті кем бе, үрейі ұшып көкке көтеріліп кетті... Қорқып қалғансың ғой, – деді. Бірақ қызының ол сөзге жұбанатындай райы болмады.
— Кім сайтан, кім сиқыршы, білемін ғой,
Түсірген жерге оны тілегім ғой,
Қорқытып көк найзамен көкке ұшырған,
Сайтан емес, әке, менің жүрегім ғой, – деп, қыз өксігенін қойып, өкіріп жылады. Патша сасып әйеліне қарады.
— Бұл не деп жатыр? Елігіне ұшырап қалған ба, қалай? – деді.
— Әке, еліктейтін еш нәрсе жоқ. Сол жігіт қайтып келмесе, осы жатқан төсегім моламен ұласады. Жігітті қайтып көргенше, ас та ішпеймін, – деді қызы.
Жігіт қызбен сөйлескенде, қайтып келетінін айтып, қыздың қаласының атын сұрап алған болатын.
Ол қаланың аты Санга-Ямин болатын. Ал, ағаш атпен көкке ұшқан шаһзада ілезде-ақ өз қаласына қарай сырғытып келіп қалды. Сарайының төбесіне түсті де атын үйдің үстінде қалдырып, өзі әкесіне келді. Әкесі баласынан айырылғанына қайғырып, қара күн басына орнап отыр еді. Баласын көріп қуанды. Баласы ағаш ат жасап әкелген шебер туралы сұрады. Әкесі:
— Сол құрғырдың атын атама, соның ағаш аты да, өзі де құрысын. Сенен айырылып қалған соң, сиқырлы пәлесі үшін жазалап, зынданға тастатқыздым, – деді.
Баласы патшадан өнерпазды босат деп сұрады. Патша жалғыз ұлының тілегін қимай, зынданнан шығартып, үстіне тон кигізіп, астына ат мінгізіп, бірсыпыра алтын берді. Бірақ өнерпаз тілек еткен қызын бермеді. Оған өнерпаз қатты ренжіді. «Бұл қалай? Мен ұлы патшаға үйретінді құс, алдамшы қоңырау емес, ізгі өнерімді алып келіп едім. Атым келешекте ұлғайып, өмірлік көлік болмақшы еді. Ақырысында, бұл әншейін ұсақ-түйек өнер құрлы да құны болмады. Бекер-ақ көп жыл бейнет тартқан екем!» – деп қайғырды. Бірақ өнерпаздың еңбегін шаһзада бағалай білді. Өзі білген сырды жайлап әкесіне айта бастады. Атпен қалай ұшқанын, қайда болғанын, қыздың сарайына барғанын, қыз әкесінің әскер жиғанын, онан құтылып кетуіне осы аттың себепші болғанын айтып, патшаның өнерпазға ашулы көңілін жібітпек болды. Не пайда, тасқа жауған жаңбырдай қарт жаңалыққа сенбеді. Ол қайта:
— Балам, айтпа маған ондай пәлені. Сол ат болмаса, сен қақтығып Санга қаласына барар ма едің. Әйтеуір, ажалың жетпеген соң келіпсің. Болмаса, самсаған әскер сені тірі қоя ма? Жын, перідей аспанға ұшты деген не пәле? Мұнан былай ол пәленің маңына жуушы болма, – деді.
Әкесінің икемге келмейтінін сезген бала далаға шықты. Ойына Санга патшасының қызы түсті. Онын мөлдіреген көзі, гүл жайнаған беті шаһзаданың жүрегін құйындай ұйтқытып, сабырын алды. Әкесінің ағаш атын қостамауы да қосымша себеп болды. Баласы үй төбесіндегі атына келіп, мініп алды да тартты. Артынша баласын іздеп, үйден шыққан әкесі көкте көлбеп ұшып бара жатқан баласын көрді. Патша екі қолын көкке көтеріп, гөй-гөйге салды да қала берді.
— Енді осы жерге қайтып оралатын болсаң, ағаш атыңды ақыр заманда көрерсің. Оқба, сондай сұмдықты істеп жүрген, шебер, – деді. Баласы көрген жері Сангаға қарай ұша берді.
Шаһзада көкте саяхат жасап, Санга қаласына да жетті. Баяғы өзі көрген қыз үйінің төбесіне атын қойып, сатымен сарайға түсті. Барлық бөлмені аралап, ешбір кісі таппады. Ақырында, әлде қайдағы оңаша бір бөлмеде қыздардың күбірлеген үнін естіді. Патшаның қызы сонда жатыр екен. Жігіт кеткелі қыз жастықтан бас көтермеген. Жылай-жылай көзі домбығып ісіп кетіпті, шаһзаданың амандасқан дауысын естігенде, қыз басын көтеріп, құшағын жая түсті. Шаһзада кеткеннен бері қайғы бұлты басқанын, әрбір күні жылдан ауыр болғанын айтты.
— Егер сенен айырылу оңай болса, кеше кеткен адам, бүгін қайтып келмес еді, – деді шаһзада. Екі ынтығу бір жерден шыққан соң, уәдені мықтап байлапты. Ертемен үйдің төбесіндегі атқа барды да екеуі мінгесіп алып, шаһзаданың қаласына тарта берді. Құстай ұшқан ағаш ат әп-сәтте қаласының үстіне де келіп қалды. Көңілі судай тасқан шаһзада үлкен қаланы қызға көрсетіп, айнала ұшты. Ақырында, әкесінің тамаша бағына келіп түсті. Бақ ішіндегі сарайда атты қызға тапсырды да өзі әкесіне кетті. Қызға:
— Мен саған хабаршымды жіберермін. Осы бақтың ішінен саған арнап сарай салғызам. Сонда менің қандай патшаның баласы екенімді білесің, – деді. Қыз оған риза болып, шаһзаданың мойнынан құшып, бетінен сүйді.
— Жаным, не құрмет көрсетсең де ендігі ықтияр өз басында, – деді. Қыздың көңіліне үлкен той үстінде қалаға кіретіні түсті.
Патша баласын көргенде:
— Балам, әйтеуір, әлгі қызын қызғанатын патшаға бармай қайтып келдің бе? – деді.
— Әке, әдейі шыққан соң, неге бармай қайтайын? Бармақ түгіл қызын алып келдім. Өзіңіздің тамаша бағыңызда отыр. Оның әкесі менімен ұрыстырамын деп қырық мың әскерін жинап еді. Сіз әскеріңізбен оның құрметіне шығыңыз. Сіздің қуатыңызды қызы қуаныш үстінде көрсін – деді. Патша қуанып, барлық әскерін мереке сапына дайындалсын деп бұйрық берді. Өзі қаланың басты кісілерін ертіп, атқа мінді де қыз қалған бакқа баруға әзірленді. Шаһзада қыз үшін бір сарайды босатып, қызметші қыздар дайындатты. Сөйтіп, өзі алдымен қыз калған сарайға келді. Қайтып келсе, қыз жоқ. Барлық сарайды ақтарып ағаш атты қойған бөлмеге келсе, ат та болмай шықты, Шаһзада маңдайын төбелеп: «Қыз аттың тетігін қайдан білді екен?... Тегі атқа мінемін деп көкке ұшып, бір жаққа лағып кетіп қалған екен ғой», – деп ойлады. Сарайдың қақпасын күзетіп тұрған күзетшілерден:
— Бұл сарайға қандай бейсауат адам кірді? – деп сұрады. Олар шаһзадаға:
— Ешқандай бөгде адам сарайға да, баққа да кірген жоқ. Тек сізге ұшатын ағаш ат жасап әкелген ғалым ғана дәрі істейтін шөп жинаймын деп кірген, – деді.
Бақтың түкпірін қоймай қарап, ғалымды таппады. Түкпірі жоқ тұңғиық ойға шаһзада батты да қалды. Күлімдеген қуанышы бұлтқа кірген күндей болды.
Шаһзада үйіне кетіп, әкесін қуантып жүргенде, кыз бен ағаш аты жоғалған уақиғасы былай болып еді. Заманның өрлеген санасы жалпыға бірдей болмаса, жалғыздардың бойындағы биік сана – бейне бір аласа егіндердің ішіндегі жалғыз тал биік өскен дән сияқты болады. Оның өзгеден артық шыққан бойын қорғаушы болмайды. Соққан жел де, ұйтқыған құйын да, сұқтанған көз де алдымен соған тиеді. Көп дәннің бірі болғанымен, жебелеп өскен жел қағары болмаса, ол бәрібір жалғыз. Сол сияқты өнерсіз елдің ортасынан шыққан жалғыз өнерпаз да қорғансыз, бәлеге тез ұшырайды. Оның сырын ұғынатын, жебелеп өскен жәрдемшісі жоқ. Міне, ағаш атты істеген шебер де парсы елінен үздік шыққан бір өнерпазы екен. Оның оқымаған оқуы, үйренбеген өнері қалмады. Көп білімнің дауылымен толқыған қиялы шарықтап, он сегіз мың ғаламға сыймады. Алдыңғы өмірге қанша қарағанмен, салынған жолдың сүресі табылмай аңтарылды. Ақырында, көкке ұшу үшін атты әлденеше жыл еңбек етіп, ойланып, толғанып дайындаған еді, бірақ өнерін қараңғы халыққа түсіндіре алмай, бір кісі түсінсе, сол түсінер деп, парсының саналы деген бір патшасына алып келген еді. Үміті ақталмады. «Аспанға ұшатын пәле әкеліп, баламды жоғалттың» деп, зынданға қамап қойды. Сөйтіп, тапқан өнері жанына рақат емес, азап шегуге себепші болды. Оның үстіне табиғаттың қосымша берген бір міні: жас өнерпаз түріне кісі қарағысыз, келбетсіз еді. Жүзінің сау жері жоқ шұбар, көмірдей қап-қара болатын. Патшаның қызына жолатпай, жай өнершіге берген көп қызының бірін оған бермеуінің бір себебі де сол еді. Ол дәрі істейтін шөпті жиғалы бақшаға кіргенде, сарайдың терезесінен өзі жасаған атқа көзі түсті. Көзіне оттай басылды, бөлмеге кірді де тетіктерін қарай бастады. Атының бұзылмағанын көріп қуанды.
— Мінейін де ұшып кетейін, – деді өнерпаз.
Ғалым ағаш атты қайта қарап шықты да: «Бұл атты күзетіп тұрған кісі болар», – деп, бөлмелерді аралады. Сөйтіп жүріп қыз отырған жерге келді. Оның күндей күлімдеген сұлу жүзін көргенде есі ауып кетті. Ғалым қызға басын иіп:
— Сіз шаһзада әкелген қыз боласыз ба? – деді. Қыз оның сүйкімсіз бейнесінен шошынып:
— Сіз кім боласыз? Мұнда неге келдіңіз? – деді үрейленіп.
— Мен шаһзаданың жіберген кісісі едім, – деді ғалым.
— Сенен басқа түрі тәуірлеу біреу табылмады ма екен!... Түрің қандай жаман еді! Шошып кеттім, – деді патшаның ерке қызы.
— Сіз сұлу болған соң, түсі өндіден қызғанған болар. Мен оның сенімді қызметшісі едім, өзі әкесінің қасында калды. Сізді алып кел деп жіберіп еді, – деді. Қыз оның сөзіне сеніп, жүруге ыңғайлана бастады. Қыз орнынан тұрды. Бөлмеден шыққан соң:
— Мен мінетін не алып келдің? – деді.
— Өзің мініп келген атқа мінеміз, – деді өнерпаз.
— Мен ол атқа жеке міне алмаймын, – деді қыз.
— Шаһзадамен қалай мінгесіп келсең, солай кете береміз, – деді ғалым. Ғалым алдына мінді, кыз артына мінгесті. Қызды құлап кетпестей етіп беліне байлап алды да аттың оң жағындағы істігін бұрап жіберді. Ат аспанға қалқып ұша бастады. Қыз ғалымның қандай ойда келе жатқанын түсінбеді. Әйтеуір ат көкке көтерілгенде, көзін жұмып еді. Енді көзін бір ашқанда, қала көрінбейді, бұлттың арасында бара жатқанын байқады. Қыздың жүрегі су ете қалып:
— Сұмдық-ай, қайда ұшып барамыз?! Шаһзада қайда? – деді.
— Шаһзадаңа өлім келсін! Үйінде, әкесінің қасында отыр, – деді, зуылдап ұшқан аттың желімен арпалысып, бір оң жағын, бір сол жағын бұрап отырған ғалым.
— Өзің қандай адамсың? Қожаңның әмірін орындамай, бетіңмен кеткен қандай құл едің? – деді қыз.
— Өшір үнінді, мен құл емеспін. Шаһзада маған қожа емес. Мен осы ұшатын атты істеген шебермін. Менің бірнеше жылғы еңбегімді қолына түсіріп алып, маған өң берудің орнына зынданға салып азаптады. Атыммен аспанды сайрандап, сені алып келді. Енді ат та, сен де қолыма тидің, көңілім қайда қаласа, сонда барам. Менің барған жеріме сен де барасың, – деді. Қыз бетін жыртып, шашын жұлып:
— Ойбай, сүбіхан-ай!.. сорлаған екем ғой, не сүйген күйеуім жоқ, не әкем мен шешем жок, қаңғырды деген осы ғой, – деп жылады.
Оған ғалым:
— Долданба, аттан құлап кетесің. Мен шаһзададан жаман болмаймын. Адал еңбектің есесіне азап беретін жауыз мен емес. Сені күтем, – деді. Қыз оны тыңдаған жоқ, солқылдап жылай берді.
Ағаш ат аспанда қалықтап отырып Рум қаласының үстіне келгенде, сол жақ тетігін бұрап, қала шетіндегі жемісті қорғанның ортасына түсірді. Қаланың патшасы аң аулап қайтып келе жатып, ағаш аттың жанында тұрған сұлу қызға көзі түсті де әскерімен қамап алып, ұшуға мұршасын келтірмей ұстап алды. Ағаш атты көтеріп, қыз бен ғалымды ертіп, патшаның алдына апарды. Патша сұлу қызбен, репетсіз ғалымды көріп қайран қалды. Ол қызға қарап:
— Бұл қалай, бірің кісі таңырқағандай сұлусың, бірің кісі қорыққандай сұмырайсың! Неғып жүрген адамсыңдар? – деді. Қыз үндемей төмен қарап қалды.
— Тақсыр, бұл менің әйелім. Жаныма ертіп тамашалатып жүрмін, – деді ғалым. Қыз жұлып алғандай:
— Өтірік айтады, тақсыр. Мен мұның әйелі емеспін. Тіпті танымаймын да. Әйтеуір, бір себеппен қолына түсірді д, ұрлап алып келе жатыр. Ол жағдайларымды өзіңізге кейін айтамын. Тек мені осының қолынан құтқар, – деді.
Патша қыздың сөзін естіп, ғалымды жазалап, зынданға салғызды да ат пен қызды ордасына алып кетті. Сөйтіп аспанға ұшқан қыз бен ғалымның халі осылай болды.
Ал, шаһзада қыздан айырылғанына көзі жеткен соң, әлдекімнің «ағаш ат осылай қарай ұшты» деген сілтеуімен қайғырып іздей берді. Кездескен қала, қыстақтан жеке жолыққан адамнан «ұшып бара жатқан ағаш ат көрмедіңдер ме?» деп сұрады. Кейбіреулер күліп, кейбіреулер қайран қалды. Жақын жерде қыз бен ғалымнан хабар білінбеді. Ақырында қыздың қаласы Сангаға барды. Онан да ешқандай хабар таппады. Бірақ сүйікті қызынан айырылған шаһзада жалықпай іздей де берді. Ендігі беті Рум қаласы болып, оған таяу бір кішкене қалаға жетті де керуен сарайға түсіп дем алып жатты.
Бір топ саудагерлер әңгіме соғып отыр еді:
— Уай, мен бір керемет есіттім, – деді біреуі.
— Не есіттің, кәне айтшы, біз де есітейік, – десті жанындағылар.
— Осы қаланың патшасы бір күні аң аулауға барған екен дейді, сол патша аңнан қайтып келе жатып, жеміс бағы ішінде ағаш атпен ұшып жүрген бір сұлу қыз бен түрі жаман бір еркекті ұстап алыпты.
— Е-е... ағаш атпен ұшып жүрген деймісің?! Астапыралла, шайтан шығар... Оны қайтыпты?
— Патша түрі жаманнан сұраған екен, «сұлу қызды әйелім» депті, қыз «өтірік айтады, мен оның әйелі емеспін» депті...
Сарайда жатқан саудагерлер: ұшатын ағаш ат, ұсталған қыз бен жігіт туралы аңызды айтқан саудагердің әңгімесін қызыға тыңдасып, кұйқылжыта қиял етіседі. «Қыз мен мұның әйелі емеспін. Бұл мені алдап ағаш атқа мінгізіп, аспанға ұшып кетті депті деймісің? Патша қыздың сөзін тыңдап түрі жаман адамды зынданға салыпты да қызды ордасына алып кетіпті деймісің?» деп таңданып, әңгіме айтқан саудагерден қайта сұрай берді. Қайран қалған бірі:
— Ой, сұмдық-ай!.. Әлгі аспанға ұшатын атты қайтыпты? – деді.
— Қайтушы еді? Ұшатын ат тек тұрады деймісің? Көкке зу етіп ұшып кеткен шығар? – деді бірі.
— Жоқ, олай болмапты, патша атты да сарайына қамап тастапты, – дейді.
Бұл аңызды естіген соң, шаһзада саудагерлердің жанына жақындап отырып, әңгімешіден жылы жүзбен жайлап сұрады:
— Бұл уақиға қай шаһарда, кім деген патшаның сарайында болған? – деді. Саудагер жолаушының азып-тозған ұсқынына қарап:
— Өзің ұқпайды екенсің ғой, айттым ғой, осы Рум қаласы деп, ал патшасының атын сұрағаным жоқ. Оның саған қанша керегі бар? Құда түсесің бе? Әйтеуір, жақында болған керемет деп елдің аузының суы құрып отыр, – деді.
Шаһзада ертемен тұрды да үлкен қалаға тартты. Қаланың бір қақпасынан кірерде есік алдындағы күзетшілер шаһзаданы тоқтатып тексере бастады. Күзетшілердің бастығы келді де шаһзаданы бастан-аяқ қарап шығып, патшаға алып кетті. Олар ордаға кіргенде, кеш болып, орда кісілері тарап, патша үйіне қайтып кеткен еді. Орда есігін күзеткен әскер жігіттердің қасында шаһзада отырып қалды. Еріккен күзетшілер шаһзадамен әңгімелесе бастады.
— Қайдан келе жатқан қонақ едің? – деді бірі.
— Парсы шаһарынан келем, ұлтым да парсы болады, – деді шаһзада.
— Е, олай болса өтірікшімін десейші!.. Мына зынданның ішінде бір парсы жатыр. Бастан-аяқ сөзінде бір шындық жоқ. Парсы дегендер айлакер, қу, сөзінде шындық болмайды екен, – деді. Сөйтіп күзетшілер сықақ қылып күле бастады. Бірақ шаһзада олардың сөзін аңыздаған жоқ. Әзілдеріне қосыла отырып:
— Сіздер, парсылықтардың, қандай өтірігін есіттіңіздер? – деп сұрақ берді.
— Біз оның өтірігін түгел ашып бере алмаймыз. Ол бізді емес, біздің патшамызды да алдады. Патшамыз аңнан келе жатып, бақ ішінде тұрған сұлу қыз, ағаш ат көріп, сонымен бірге түрі жаман бір парсыны көрген. Сонан жөн сұрағанда: «Ағаш атпен ұшып келдім. Қыз менің әйелім» – депті. Қыздың несін сұрайсың! Ай десең, аузы бар, күн десең, көзі бар! Парсы - бір құзғын, көрген кісі қорқатындай, түрі жаман біреу. Біздің патшамыз да парсы-марсының алдауына көне қоятын кісі емес, қыз бен атын тартып алып, өзін зынданға салып тастады. Сөйтіп, енді сол сұлу қызға патшамыз ғашық. Бірақ не пайда қызды жын ұрып кеткен бе, пері соғып кеткен бе, әйтеуір, дені дұрыс емес. Бір құсамен ауырып жатқан көрінеді. Онысы да өтірік. Өйткені, ғалым болса, ауруды да қолынан емдеу келуі керек еді, қызға ешбір ем істей алмайды. Тегі ғалымдығы өтірік болса керек, – деді.
Сонымен күзетшілер ағаш ат пен қыздың, ғалымның жайын түгел айтты. Шаһзада ішінен «есебін тауып ат пен қызды қолыма түсіріп, патшадан құтқарып алып кетуім керек» деп ойлады. Күзетшілердің жататын уақыты болды да шаһзаданы зынданға жауып тастады.
Шаһзада зынданға кірген соң, жатуға қолайлы бір жерді сипалап тапты да жатуға ынғайланды. Ағаш атты істеген ғалым да соның ішінде екен. Ол бір бұрышына жайғасып, қалың ойдың тұңғиығына батып жатыр екен. Оның зары шаһзаданың ұйқысын бөліп жіберді. Ол былай деп зарлайды: «Қырсыққан ит кыңыр жүгіреді дегеннің өзі болып, менің бастапқы бағытым қыңыр кетті. Мен қырық рет қателестім. Оқу оқып, өнер таптым. Оным дұрыс еді. Ұшатын ат ойлап шығардым. Міне, менің қыңыр кеткенім! Өлетін бала моламен ойнайды деген сияқты, менің патшада нем бар еді? Ол – бір де халық – мың еді. Бір ағаштың көлеңкесінен мың ағаштың көлеңкесі көп еді. Мен сонда неге саяладым! Оның бәрін өткізіп алған соң, атқа мініп өзім кете бермей, қызды не деп алып кеттім? Заман менікі емес екен, оның адамында нем бар еді? Басты қатем: патша мені іздемей тұрғанда, оны мен неге іздедім? Көптен айырылдым. Халық мені іздерліктей еңбек істер едім. Жалғыз ат істеп, оны патшаға ала жүгіргенше, халықтың бас-басына бір ат істеп беруге неге өмірімді жұмсамадым? Мезгілсіз патша іздеп, енді зынданда жатырмын. О, қайран халық, қайран еркіндік!»— деп күрс етіп құлап, жер құшты. Шаһзада оның ғалым екенін білді де үндемеді...
Ертемен күзетшілер, шаһзаданы зынданнан шығарып, патшаға алып барды.
— Кеше кешке келіп еді. Сізге кеше әкеле алмай, бүгін алып келдік, өзі парсымын дей ме... – деп патшаға мәлімдеді. Патша шаһзададан жөн сұрай бастады.
— Парсы елінен едім, – деді шаһзада. Атым Хурмуз. Туған қалам да парсы қаласы. Өнерім емшілік еді. Ел аралап, түрлі сырқатты емдеп, өз өнерімді әр елге жайып жүрген адам едім, – деді. Оған Рум патшасы қуанды.
— Сені Құдай дәл керек сағатында кездестіріп отыр, менде бір ауру қыз бар, соны жазатын болсаң, сенен аяп қалатын қазынам болмайды. Әйтеуір, жазып бер, – деді. Шаһзада қыздың хал-жайын, ауруының түрін, қайдан келгенін біліп алды да:
— Ол қыздын мініп келген ағаш аты қайда? – деді. Патша қазынада тұрғанын айтты.
— Ендеше, сол атты көрсетіңіз. Мүмкін, қыздың кеселіне сол ат себеп болар. Алдымен соны көрейін, – деді. Патша өзі ертіп келіп, сарайда тұрған ағаш атты көрсетті. Шаһзада атты айналдыра қарап шығып, бүтін тұрғанына қуанды, енді қызды көрсе, ретін тауып қашып құтылатынына көзі жетті.
— Енді қызды көрсетіңіз, кеселін басайын, – деді.
Патша қыз тұрған сарайға алып келді. Қыз жынды адамдай көрініп, жанына басқа адамды жолатпайтын еді. Шаһзада жанына келіп, қолын ұстады. Ол өзінің жігітін танып: «Ах!» – деді де қуанғанынан есінен танып құлап қалды. Шаһзада басын көтеріп, әлдебір нәрсе айтқан болып: «Есіңді жи, байқа, мені танытпа, бұл пәледен айламен құтылмасақ, қиын, сен тәуірленген бола бер. Патшаға түзу сөйлеп, құрмет көрсет...» – деді. Қыз түсінді де айла істеуге дайындалды. Шаһзада қызметші әйелдерге қыздың қолына салып қойған кісенді алуды бұйырды. Қыз босанған соң, патшаға қарап, басын иді.
— Тақсыр, сіздің айрықша түскен ықыласыңыз себеп болып, мен бұл қыздың қандай кеселі бар екенін білдім, – деді шаһзада.
Румның патшасы тәуіптің сөзін естіп, қыздың түзеліп қалғанына қатты қуанды. Қызметші қыздары тәуір бола бастаған сұлуды моншаға түсіріп, мойнына алқа салған соң, ол тоты құстай құлпырды. Көргелі келген патшаға иіліп сәлем беріп, қолын қусырып құрмет көрсетті. Оған қуанған патша, тәуіпке басын иіп:
— Сіздің шарапатыңыз бұл қыздың жынын қуып-ақ тастаған екен. Енді бұл қызметіңізді мен еш уақытта ұмытпаймын, – деді.
Шаһзада:
— Науқасынан түгелдей айықтыру үшін, қызды ұстап тұтқын еткен жеріңізге ағаш атымен алып баруыңыз керек. Әскерлеріңіз оқ атым жерде айнала қоршап тұрсын. Мен қызды ағаш атқа мінгізіп, соны соққан жынды ат үстінде байлап аламыз, – деді.
— Нендей ем істесеңіз де ықтияр сізде, – деді патша. Ертеңіне шаһзада бақта қызды атқа мінгізді. Ат пен қызды айналып жүрді де бір мезетте дуа оқимын деп, өзі де атқа мінді. Сөйтіп аттың оң жағындағы тетігін бұрап, аспанға ұшты да кетті. Рум патшасы қайтып түседі деп, кешке шейін күтіп тұрды да түн болған соң күдер үзіп, үйіне қайтты, жиналған халықтың бірі «оларды жын алып кетті» деді. Бірі «тәуіптің өзі жын болды, патшаны алдап алып кетті» деді. Патша түгіне түсінбей, санын соғып өкінді.
Шаһзада қаласына ұшып келіп, қызды әкелгенін әкесіне білдірді. Әкесі еліне хабарлап, үлкен тойға дайындық жасады.
Патша баласын үйлендірген үлкен той жасады. Ел жиналып сауық-сайранын көрді. Қыздың әкесіне хабар жіберіп, онан көп сыйлықтар келді. Патша той үстінде аспанға ұшатын атты «сиқыр» деп, далаға алып шығарып өртеткізіп жіберді. Баласы қанша тәуір көріп қадірлегенмен, әкесінің әміріне қарсы бола алмады. Ағаш ат себеп болып тауып алған сұлуды құшып қала берді.
Ұшатын ағаш атты қайтадан істеп беретін ғалым зынданда өліп кетті.

Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: