Ертегі: Айлалы тазша

Ертегі: Айлалы тазша

Өткен заманда бір тазша болыпты. Оның сұлу әйелі болыпты Заманындағы ханның баласы сол әйеліне ғашық болып жүреді екен. Хан баласы бір түнде келіп, тазшаның әйелін оятыпты.

Сонда әйелі тазшаға:

— Ханның баласы менің мазамды алды, – дейді.

Тазша айтыпты:

— Олай болса, мен бір жаққа жолаушылап кетейін де түнде қайтып келіп, аңдиын. Егер хан баласы келе қойса, оны ұстап алып өлтірейін! – дейді.

Түнде аңдыса, ханның баласы үміткер болып, тағы келіпті. Тазша оны ұстап алып, буындырып өлтіре салып, өлігін түнде арқалап барып байдың үйіне кіріп, оның қызын оятады.

Қыз:

— Кімсің? – деп сұраса тазша: «Ханның баласы, пәленшемін! Сенде, көңілім бар!» – депті.

Қыз:

— Ханның баласы болсаң қайтейін! Шапшаң жоғал! Болмаса, әкеме айтамын! – депті.

Сонда тазша қызға:

— Әкеңнің атасына нәлет! Әкең маған не қылушы еді! – десе, қыз намысқа шыдай алмай, пышақты суырып алыпты.

Қу тазша о бастан-ақ осы сұмдықты ойлап, ханның баласының өлігін қарсы алдына қолыменен сүйеп, ұстап отыр екен. Қыздың пышағы өлікке тиіп, көкірегінен кіріп кетіпті. Өлікті сол жерге тастап, өзі білдірмей ғана, ептеп үйден шығып кетіпті.

Таң атқан соң бай тұра келсе, үйінде бір өлген жігіт жатыр; оның бетіне үңіліп қарайды да ханның баласы екенін танып, зәресі қалмай қорқады. Не қыларын біле алмай, сасқанынан манағы тазшаны шақырып алып:

— Осындай бір мүшкіл іске ұшырап тұрмын! Амалың көп тазша едің... Осы пәледен амалын тауып құтқарсаң, ат басындай алтын берейін, – депті.

Тазша:

— Жарайды, – деп, өлікті қапқа салып, арқалап, түн ішінде ханның ауласына кіріпті.

Күзетшілер сезіп, тұс-тұсынан айқай салып: «Ұста! Ұста!» – деп, жүгіріскенде тазша өлікті сүйреп тірі адамдай, түрегелдіріп қойып, өзі ебін тауып қашып кетіпті. Күзетшілер аула ішіне кірсе, тұрған адамды көреді. Өлік екенін қараңғыда қайдан білсін! «Ұры осы екен» деп, біреуі шойын шоқпармен салып қалса, ол құлай кетіпті. Күзетшілер жарық алып келіп қараса, тани кетіпті, ханның өзінің баласы екен. Күзетші бейшараларда не жан қалсын? Жаны алқымға келіп қорқып, түн ішінде манағы тазшаға барып:

— Айналайын, шырағым!.. Осындай бір атпас таңға қалдық... Амалың көп деуші еді... Осы пәледен бізді есебін тауып құтқарсаң пәлендей дүние берер едік, – деп зар жыласыпты.

— Жарайды, құтқарамын, – деп, уәде беріп, таң атысымен екі көзіне пияздың суын жағып қызартып, жас ағызып, ханға келеді.

— Айналайын, тақсыр хан! Күзетші құлдарың қаталықпен зор күнәкар болыпты, солардың бір қасық қанын кеш деп келдім, – дейді.



Кешесіз бе, тақсыр хан,

Кешпейсіз бе, тақсыр хан?

Түсінерсіз айтқанда,

Ешкім де жоқ қас қылған.

Қашаннан ерке тазшаңмын,

Алдыңда жылап, бас ұрған!



Содан хан біраз ойланып тұрып:

— Азар болса, күзетшілер ұйқтап қалып, қазынаны ұрлатқан шығар. Неде болса, тазша, сен үшін күзетшілердің кінәсын кештім! – депті. — Бірақ түсіндіріп айтшы, олар қандай күнә қылған екен? Білейін,– депті.

Тазша былайша баяндапты:

— Тақсыр ханым! Түнде қазынаңызға бір ұры кіріпті. Күзетші бейшаралар сергектігімен біле сала жүгіріп барып, жабыла кетіпті. Қараңғыда қайдан білсін? Қазынаның ішіне кіріп тұрған адамды көріп, біреуі шоқпармен, біреуі пышақпен ұрып, біреуі мойнына арқан салып буындырып өлтіріпті. Артына жарық әкеліп қараса, ол өлтірген адамы, тақсыр, сіздің балаңыз болып шығыпты! Құдайдың жазуы осылай болса, не шара бар? Бірақ балаңыздың түн ішінде жападан-жалғыз қазынаңызға неге кіргенін бір алланын өзі біледі! – депті.

Сонда хан:

— Баламның өлігін алдыма алып келіңдер, көрейін! – деп бұйрық қылыпты.

Тазша жасауылдармен барып, өлікті өте қымбат жібек кілемге орап, көтеріп алып келіп, ханның алдына қойыпты. Хан баласының өлігін қарап отырып айтыпты:

— Менің балам түн ішінде қазынаға кіріп, күзетшілер өлтірді дегенге көңілім онша иланбайды. Пәлен жерде бір бақсы кемпір бар, адам жіберіп алдырып, бал аштырамын. Егер баламды қазынаға кіргенде күзетшілер ұрып өлтірген болса, кінәсын кешкенім кешкен; егер басқа түрлі уақиғадан болса оны да анықтаймын,– дейді.

Бір жасауыл барып, кемпірді қобызымен алып келіпті. Кемпір қобызды тартып, жындарын шақырып, ойнап жатқан кезде, тазша да – оның тапқыштығын біледі екен, – дереу бір асау жылқының құйрығына бір қатқан тулақты байлап қоя беріпті. Соның салдарынан жылқылар түн ішінде тас-талқан болып үркіп жүргенде, тазша бір атқа міне шауып, айқай салыпты: «Жылқыға жау тиді!» деп. «Жау тиді» деген айқайды есіткені заматта бастығы хан боп, барлық адам атқа міне-міне қаруларын алып, жылқыға қарай шаба беріпті. Манағы тазша сайтандай, бір жағымен жылт етіп, үйге кіріп кетіп қараса, баяғы бақсы кемпір сарнап ойнап жатыр екен. Ойнап жүргенде:

«Ай-ай, тазша, ай тазша!

Атаңа нәлет - қу тазша!

Басыңды қудай кесермін,

Қаныңды судай шашармын!» – деп, жүр екен.



Мұны тазша бірден аңғарыпты. Бәленің бәрі тазшадан болғандығын кемпірі құрғырың әбден біліпті. Тазша жалма-жан кемпірді сирағынан көтеріп алып, толып тұрған қымыз сабаның ішіне басын төмен қарата салып жіберіп, тұншықтырып өлтіріпті де, өзі ешкімге көрінбестен үйден шығып жоғалыпты.

Таң атқанда ешқандай ұрыны көре алмаған хан қасындағы адамдармен үйіне қайтып келеді. Сонда хан: «Түндегі бақсы кемпір қайда?» – деп іздесе, сабаның ішінен өлігі табылыпты. Енді хан қорқыпты. Өйткені кемпірдің балалары өңшең дәу екен. Олар ашуланса, бірі жұртты солайымен апат қылу қолдарынан келетінін хан біледі екен. Сонда хан тазшаны шақырып алып:

— Мынау кемпірдің өлігінен құтқар, балалары бізден көріп бір пәле қылмай қоймас! Осыған қандай амал табасың? Егер осы пәледен бізді аман-есен құтқарсаң, саған ат басындай алтын беремін, – дейді.

Тазша:

— Жарайды, – деп кемпірдің бас-аяғына дейін әдемі киіндіріп, бір асауырақ түйеге мініп, қалтасына бір біз салып, кемпірді алдына алып, жөнеліпті.

Кемпірдің үйіне жақындаған уақытта оның немерелері алдынан жүгіріп шығып:

— Шешеке, ханның үйінен алып қайтқан мейіз, өрігіңнен бер! – деп, түйеге жармаса берген уақытта, тазша қолына ұстап келе жатқан бізін түйенің өркешіне сұғып алыпты.

Түйе тулап барып, кемпір мен тазшаны жығып кетіпті. Өлген кемпір сияқты тырп етпей тазша да біразға дейін өтірік өлген болып жатыпты. Кемпірдің дәу балалары үйінен шығып қарап тұр екен. Қасына жүгіріп келіп қараса, екеуі де өліп жатыр. Бәрекелді-ай, шешеміз асарын асап, жасарын жасаған адам еді. Өлсе, иманы жолдас болсын! Бірақ ханның адамының өлгені қиын болды-ау! – деп, тұрғанда қу тазша ыңыранып жаны бар адамдай қозғала-қозғала жатып: «Құдайға шүкір!» деп, басын көтеріп, «тіріліпті».

Кемпірдің балалары тазшаны жақсы сыйлап, еліне қайтарыпты.

Сөйтіп, қу тазша ел-жұртын бар бәлекеттен осылай құтқарса керек.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
ертегі Айлалы тазша туралы ертеги казакша сказка на казахском, сказки для детей на казахском языке, балаларга Айлалы тазша арналган кызыкты ертегилер, 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер, ертегилер Айлалы тазша казакша оку, Айлалы тазша

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]