Ертегі: Жабайы аққулар

Ертегі: Жабайы аққулар

Аударған Ғ.Жұмабаев
Біздің жақта қыс түскен кезде қарлығаштар ұшып баратын сонау ит арқасы қияндағы бір елде король болыпты. Оның өндірдей он бір ұлы, Элиза деген жалғыз қызы бар еді. Ағалы-інілі он бір ханзада мектепте сабақ алатын. Омырауларына жұлдыз тағып, белдеріне қылыш байлап жүретін. Алтын тақтаға алмас қаламмен жазатын. Бәрі де сабаққа жүйрік оқуға алғыр болушы еді. Ханзада екендіктері айтпай-ақ көрініп туратын. Орталарындағы жалғыз қарындасы Элиза айна шыныдан жасалған ұзын орындықта корольдіктің байлығының қақ жартысын беріп, сатып алған сурет кітапшаны тамашалап отыратын.

Ия, бұл балалардың тұрмысы жақсы-ақ еді! Бірақ бақыттары ұзаққа бармады...

Балалардың шешесі дүние салып, әкесі төсек жаңғыртты. Король бір залым әйелге үйленді де, ол жетім байғұстарды ит етінен де жек көретін болды. Мұны балалар келген күні-ақ байқады. Сарайда сауық-сайран болып, балалар балалығын жасап, бірі мейман, бірі қожайын боп ойнамақ еді. Мұндайда, олардан ешкім тәтті тағам мен отқа көмген алманы аямайтын, ал өгей шеше, оларға бір табақ құм салып берді де, тәттінің орнына соны жеңдер, осымен ойнаңдар! – деді.

Бір апта өтпей жатып, өгей шеше қаршадай Элизадан құтылғысы кеп деревнядағы қара шекпен шаруаның тәрбиесіне берді. Сонан соң сорлы ханзадаларды король әкесіне жамандап-жамандап, ендігәрі көрмейтіндей етіп араздастырып қойды.

— Жоғалыңдар көзімнен! – деді, бір күні залым әйел. – Қаңқылдауға үні жоқ, қайғысыз өтер күні жоқ, қаңғыбас құс болыңдар, өз күндеріңді өздерің көріңдер.

Өгей шешенің қарғысы, әйтеуір, түгел орындала қойған жоқ, ханзадалар, шынында да, таңғажайып он бір жабайы аққудың кейпіне еніп, сарай терезесінен қиқуласып ұшып шықты да, орман тоғайдың үстімен өрлей самғап, алысқа сапар шекті.

Олар деревнядағы кішкентай үйдің терезесінен қиқулап өткенде, әлі таң атып, күн шықпаған кез, қарындасы Элиза әлі шырт ұйқыдан оянбаған болатын. Аққулар шатырдың дәл төбесінен мойындарын созып, қанаттарын сымпылдатып, сұңқылдата дауыс қылып өтіп барады. Бірақ оларды көрген ешкім жоқ. Жігерлері құм болып, сорлы аққулар ұшып өтті. Олар қазбауыр бұлттармен жарыса, шырқау биікке көтеріліп, бір шеті сонау теңізге барып құлаған ұланғайыр қара орманға бет алды.

Шаруаның үйінде кішкентай Элиза жасыл жапырақтармен ғана ойнайтын, одан басқа ойыншығы да жоқ. Жапырақтың дәл ортасынан кішкентай ғана тесік жасап, содан күн нұрына сығалап қараса, ағаларының жаудыраған көздері көз алдында тұратын тәрізді; күн нұрының ыстық лебі бетіне тиіп кетсе, ағалары бетінен сүйіп жатқандай сезінеді.

Ертегі: Жабайы аққулар


Күн артынан күн өтті, бір-бірінен аумайтын раушан гүлді самал жел желпіп өтсе, жапырақтары сыбдыр қағады: «Сендерден сұлу бар ма екен бұл жалғанда?» дейді, гүлге самал жел.

Раушан гүл басын шайқап: «Элиза бәрімізден де сұлу», – деді. Жексенбі күндері есік алдына шығып дұғалық оқыған кемпір көрсе, самал жел кітап бетін желпіп өтеді де:

— «Бұл жалғанда сендерден ақылды, сендерден ізгі кім бар?» – дейді ынтығып. «Элиза бәрімізден де ақылды, бәрімізден де ізгі», – дейді кітап, раушан гүл де, киелі кітап та әділінен қақ жарылып.

Сөйте-сөйте Элиза ақыры он бес жасқа толып, үйіне қайтты. Элизаның ай десе аузы бар, күн десе көзі бар асқан сұлу қыз болғанын көріп, өгей шешесінің іші өртеніп кете жаздады, оған әбден өшігіп алды. Өгей қызды да жабайы аққуға айналдырып жіберер еді, бірақ король өз қызын көрмек боп шақыртып қалғандықтан, өйтуге өгей шешенің батылы бармады.

Тіпті болмаған соң королева таңертең ертемен айналасына жайнаған қалы кілем, жұп-жұмсақ жолбарыс терілері төселген хауызға келді де, үш бақаны ұстап алып, тұмсықтарынан бір-бір сүйіп, біріншісіне былай деді:

— Элиза келіп суға түскен кезде төбесіне секіріп мініп ал, өзіңнен аумайтын миғүла болсын! Ал, сен, – деді ол екінші бақаға, – Элизаның маңдайына секір, өзіңнен аумайтын жексұрын болсын; сөйтсең, оны туған әкесі де танымай қалады! Ал, сен, – деп сыбырлады ол үшінші бақаға, – тұп-тура жүрегіне секір, жұрттан асқан зұлым болсын да, сол зұлымдығынан өзі ғана қорлық көретін болсын!



Соны айтып ол бақаларды суға лақтырып жіберіп еді, судың беті жап-жасыл боп кетті. Содан кейін королева Элизаны шақырып, киімін шешіндірді де, суға түс деп бұйырды. Элиза суға түсіп еді, бір бақа шашына жабысты да, бір бақа маңдайына секірді, бір бақа кеудесіне қонып алды. Бірақ қыз осының бірде-бірін аңғарған жоқ; қыз хауыздан шыққанда, судың бетінде үш бірдей көкнәр гүлі қалқып жүрді. Олар Элизаның басы мен кеудесіне секірген үш бақа еді. Егер мыстан оларды тұмсықтарынан сүймегенде, үшеуі де қып-қызыл раушан гүліне айналатын еді. Элизаға оның сиқыры дауа болмады, өйткені ол жүрегі ізгі, күнәдан пәк қыз болатын.

Мұны көріп, залым королева Элизаны грек жаңғағының майымен сылап, кіршіксіз аппақ тәнін қара қошқыл түске енгізді де, жібектей қолаң шашын ұйпа-тұйпа ғып ұйыстырып тастады. Асқан сұлу Элиза адам танымастай өзгерді. Корольдің өзі де көргенде шошып кетіп, бұл менің қызым емес деп, маңайына жолатпай қойды. Шынжырдағы иті мен бөлмесіне ұя салған қарлығаштан басқа оны жанды карға танымай қойды. Олардың қолынан не келсін, айтқанын кім елесін.

Элиза сорлы еңіреп жылап жіберді, есіне ел ақтап кеткен ағалары түсті. Ішіне шер толған соң, ешкімге білдірмей сарайдан шықты да, мидай дала, ми батпақты кешіп өтіп, күні бойы жүріп, алыстағы ит тұмсығы батпайтын қара орманды бетке алып жүре берді, жүре берді. Қай арадан іздерін, қай өлкені кезерін білмесе де, сағынған бауырларымды қайтсем де табам, туған үй, өскен босағасынан қуғын көріп, қаңғып кеткен ағаларыма қайтсем де жолығам деп, бекем бел буды.

Элиза орман ішіне кірісімен, қараңғы түсіп, сорлы қыз адасты да кетті. Сонан соң қыз жұмсақ мүктің үстіне бүк түсіп жата кетіп, тәңірісіне жалбарынды да, құлаған ағаштың түбіріне басын салды. Орман іші құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Шөптің үстінде адасып жүрген жұлдыздай жүздеген жалтырауық қоңыздар өріп жүр. Элиза бір бұтақты сілкіп қалып еді, самсаған от ұшқындарындай жерге шашырап түсті.



Элиза түн баласы түсінде өзінің бауырларын көріп шықты. Бәрі де баяғы бұл екен дейді, у-шу боп асыр салып жүр. Алтын тақтаға алмас қаламмен жазу жазып, корольдіктің тең жартысын беріп сатып алған сурет кітапшаларды тамашалап отыр екен дейді. Бірақ олар бұрынғыдай әріп пен дөңгелек бірдемелерді текке шимайламай, бастарынан өткен хикаяларын, көрген азабын бірін қалдырмастан бір-біріне баяндап отыр екен дейді. Ал кітаптағы суреттердің бәрі – жанды сурет, жанды мақлұқат екен дейді. Құстар кәдімгідей сайрап, адамдар кітап бетінен кәдімгідей секіріп жерге түсіп, Элизамен, оның бауырларымен кәдімгідей тілге келеді екен дейді. Элиза кітап парақтарын аударған сайын басқа беттегілермен былығып кетпес үшін, суреттердің бәрі секіріп-секіріп өз орындарына тұра-тұра қалады екен дейді.

Элиза ұйқысынан оянғанда, күн арқан бойы көтеріліп қалыпты. Күннің көзін қоп-қою жасыл жапырақтар тасалап көрсетпейді, бірақ оның нәзік нұрлары алтын торғындай сәуле шашып, шынар биік зәулім ағаштардың ұшар басына өрмелеп шығыпты. Көгал, жасыл жапырақ хош иісін шашып, құйтақандай құстар Элизаны төңіректеп ұшып-қонып жүр, иығына келіп, қонғысы да келетін тәрізді. Су сылдырын құлағы шалды. Сан бұлақ сыңғырлай келіп тоғысып, түбі қайраң күміс құм тамаша бір хауызға сайыпты. Ия, айналасын қалың бұта-шілік басып кетіпті. Бірақ бір тұсынан еліктер суатқа баратын соқпақ салып алған екен. Элиза сол соқпақпен суат басына келді. Суының мөлдірлігі сондай, егер де самал жел ағаш пен бұтаның, қамыс пен құрақтың су бетіндегі сәулесін шымшылап тербетіп тұрмағанда, ұлы суретшінің қолынан шыққан ғажайып көрініс деп қалуға болар еді. Шұғыламен шағылысып, көлеңкеге қымсына бой тасалаған әр жапырақ айнадай жарқыраған айдын көлдің бетінен, алақанға салғандай айқын көрініп тұр.

Су бетінен өзінің жүзін көргенде, Элиза селк етіп шошып кетті. Бет-аузы қара қожалақ, адам танығысыз бір жексұрын боп кетіпті. Бірақ көз жасындай мөлдір сумен беті-қолын шайып жіберіп еді, баяғы уыздай аппақ тәні қайтадан жарқырап шыға келді. Мұны көріп Элиза түгел шешінді де, сап-салқын меруерт суға шомылып алды. Дүниеде теңдесі жоқ асқан сұлу король қызының кейпіне қайта түсті.



Жуынып, киініп, таранып-сыланып болғаннан кейін, ол сылдырап аққан бұлаққа келді. Оның мөп-мөлдір тап-таза суынан қос уыстап қанып ішті де, орман ішімен басы ауған жағына жүре берді. Бар арманы – бауырларын көру. Піскен жемістен иілген жабайы алма ағашын көріп, Элиза жүрек жалғап алды да, еңкейген бұтақтарына таяныш қойып, орман қойнауына жол тартты. Айналасы тым-тырыс, тып-тыныш, қыздың өз аяғының тықыры, қу шөптің сыбдыры ғана естіледі. Осынау меңіреу орман түкпіріне бірде-бір жан тұмсығын сұқпайды екен, күннің көзі түсетін бірде-бір саңылау болмайды екен. Түп-түзу зәулім ағаштар биік аспанға бойлап барып, сонау ұшар басына таянғанда бәрі бірігіп тұтасып кеткен тәрізді. Элиза ілгері жаққа көз жіберіп, самсап тұрған, ит тұмсығы батпайтын қалың ағашты көрді. Қыз басына еш уақытта дәл мұндай жалғыздық, дәл мұндай шарасыздық түсіп көрген жоқ еді.

Түн деген де көзге түртсе көргісіз. Мүк бетінде жорғалаған жалтырауық қоңыздар да көрінбейді. Діңкесі құрып, бүк түсіп жата кетіп еді, кенет бұталардың арасынан біреу өзін мүсіркей қарап тұрғандай сезінді, жапырақтар тасасынан кіп-кішкентай ақ қанатты періштелер сығалап тұрғандай. Таңертең ұйқыдан оянғанында осыны өңінде көргенін, немесе түсінде көргенін айыра алмай қалды.

Элиза орманға бойлап ене берді. Бір кезде қолында кәрзеңкесі бар бір кемпір жолықты.

Кәрзеңкеде бүлдіргені бар екен, кемпір одан қызға ауыз тигізді. Қыз кемпірден осы арамен он бір ханзада өтпеді ме деп сұрады.

— Жоқ, – деді кемпір. – Ондайды көрген жоқпын. Ал бірақ кеше анау өзеннің бойымен төбесінде алтын тәжі бар он бір аққудың жүзіп бара жатқанын көргем. Солай деді де, ол Элизаны биік жардың жағасына ертіп апарды.



Өзеннің екі жағасы да ұйыса біткен қалың жыныс қара орман екен, бір-біріне кұшақ жайып қол созған бауырлардай, бұтағы мен бұтағы, жапырағы мен жапырағы жең ұшынан жалғасып, айқаса өріліп қапты. Ал екеуі екі жағада өскен ағаштардың өздері де бір-біріне ынтыға ұмсынысқаны сонша, бұтақтары мен жапырақтары жамыраса алмаған соң, тамырларын созысып, сол бір орман тамырлары арман күшімен жер бетінен көтеріліп барып, бір-бірімен қауышып, өзенге өткел болып тұр.

Кемпірмен қоштасқаннан кейін Элиза өзеннің ашық теңізге құятын сағасына барды.

Сөйтіп жас қыз шетсіз-шексіз ғаламат көк теңізге кезікті. Бірақ оның айдынында желкенді қайық та, жел қайық та көрінбейді. Арғы бетке қалай өтпек? Жаға толы малта тас. Теңіз бұл тастарды әбден майдалап, тегістеп, жалтыратып, жұмырлаған соң ғана жағаға шығарып тастаған. Теңіздің тұңғиық түбінен толқынмен сыртқа тепкен заттардың бәрі де шыны да, темір де, қопарылған қой тас та теңіз толқынының шебер қолынан өткен. Ал су дегенің сұлу қыздың алақанынан да жұмсақ.

Осының, бәрі Элизаға мынадай ой туғызды. «Толқын артынан толқын ұрып, тынымсыз тіршілік таудай тастарды да жұмырлап жонып шығарады. Мен де солай тынымсыз еңбек етейінші! Ұлағат ұстаздығың үшін мың да бір рақмет саған мөлдір су, асау толқын; қаны бірге бауырларыма қашан да болса бір жеткізерсіңдер – деп сендім саған, қасиетті көк толқын!»

Жағаға шылаумен бірге ағын айдап әкелген аққудың он бір қауырсынын көріп, жас сұлу оларды бір шок гүлдей буып алды. Тамған жас па, мөлдір шық па, қауырсында мөлдір моншақтар мөлт-мөлт жаудырайды! Теңіз жағасында тірі жан көрінбейді, меңіреу тыныштық басқан. Бірақ жас сұлудың көңілі құлазыр емес: теңіз айдыны сағатына сан құбылып, дөңбекшіп жатыр, көкорай шалғын шалқар көлде жыл он екі айда бір көздеспейтін ғажайып құбылыстар осынау көк теңіздің айдынында асыр салып, арпалысып жатыр. Қабартқан қара бұлттар аспанға ойнақшып шықса, омырау толқынды ожар теңіз де түнере қалып: «долылық менің де қолымнан келеді!» дегендей, ақ көбігі аспанға шапшып бұрқанып, буырқанып, жолбарысша атылады; ақ шаңқан қанаттарын көсіле керіп қазбауыр қызғылтым бұлттар шықса, аспан шайдай ашылып, жер-жаһан жадырап қалса, жел де тынып, толқын да тыныс алып, теңіз беті раушан гүлдің, көгілдір көлеңкелі қызғылт шашағындай жайнап шыға келеді. Біресе ақтаңдақтанып, біресе жасыл зер жамылып, алыстан момақан көрінгенімен, жеңіл қанат желпіме толқындар жағаға ұрып, ұйқыдағы сәбидің кеудесіндей бір көтеріліп, бір басылып жатады.

Күн ұясына бата бергенде, Элиза легімен ұшып келе жатқан алтын тәжді бір топ аққуды көрді. Олардың саны аттай он бір екен. Ұзын мойындарын ұмтыла созып, бірінің артынан бірі аспанға тартқан ақ жібек арқандай жұбын жазбастан тізіле ұшып келеді. Оларды көріп, Элиза биік жарқабаққа жүгіріп шықты да, бұтаның түбіне жасырына қойды. Ал он бір аққу аппақ алып қанаттары сымпылдап, қыздың маңайына келіп қона бастады.



Күн ұясына батқан кезде аққулар қанаттарын сыпырып тастап, ғажайып сымбатты он бір ханзада болып шыға келді. Қыз бауырларын бірден танып, қуанғаннан айқайлап, орнынан атып тұрды. Қаншама өзгергенімен қандас бауырын қарындас жүрегі жаза баспай таниды ғой. Қыз құшағын жая ұмтылды да, әрқайсысының атын атап шақырып, құшақтап тұрып беттерінен сүйе берді, сүйе берді. Қарындастары бой жетіп, ажар-көркі адам таң қаларлықтай құлпырып кеткенімен, ағаларының көзіне оттай басылды. Біресе жыласып, біресе күлісіп, өгей шешесінің өлгенше ұмытылмас зұлымдығын айтып, мауқын басысты.

— Ағалы-інілі он бір ұл, – деді ең үлкені, – күні бойы жабайы аққу болып ұшып жүреміз де, күн ұясына батқан соң, қайтадан адам қалпына келеміз. Сондықтан күн батар шақта аяғымыз жер басып тұруы керек. Бұлттан биік аспанда ұшып бара жатып, адам қалпына келе қалсақ, сонау зәулім биіктен зымырап құлап түсер едік. Біз бұл арада емес, теңіздің арғы бетіндегі ғажайып бір елде тұрамыз. Бірақ ол жерге жету үшін көк теңізді көктей өту керек, ал арада қонақтайтын құйтақандай арал да жоқ. Тек теңіздің дәл ортасында судан төбесі сәл ғана шығып тұрған жалғыз жартас бар. Соның үстінде ғана қысылып-қымтырылып дем алып, әл жинауымызға болады. Теңіз бетінде дауыл тұрған кезде, асау толқынның ақ көбігі төбемізде ойнайды, бірақ тарыққанда тас діңгек кездестіргені үшін, тағдырға сонда да рақмет айтамыз. Онда біз адам кейпінде түнейміз. Сол жартас болмаса, туған жерге еш уақытта келе алмаған болар едік. Біз мұнда күннің ең ұзақ кезінде жылына бір-ақ рет келіп кетеміз. Осында он бір күн, он бір түн боламыз. Көбіне анау қалың орманның үстінде ұшып жүреміз. Ол арадан өзіміз туып-өскен, қазір әкеміз тұратын алтын сарай, қасында жан анамыз көмілген сонау шіркеудің, мұнарасы да ап-айқын көрінеді. Туған жердің әр бұтасы, әр талы көзімізге оттай басылады, сонау кең жазықта, баяғы біздің бала кезіміздегідей, жабайы жылқылар жөңкіліп жүр, көміршілер бәз-баяғы сүйікті әндерін әлі шырқайды; бір кезде біз сол әннің ырғағымен асыр салып би билеуші едік-ау! Қайран дүние, туған жер, ет жүректі елжіретіп өзіне тартады да тұрады! Қалқам қарындасым, сені де біз осынау туған жерде жолықтырып отырған жоқпыз ба? Біз мұнда енді екі күн боламыз да, амал жоқ, арғы бетінде жат та болса жақын тартып, бауыр басқан өгей елі бар көк теңізден әрі асамыз. Бірақ сені ертіп кете алмаймыз. Ол үшін кемеміз де, қайығымыз да жоқ.

— Сендерді адам кейпінен айырған сиқыр күшін қалай қайтарсам екен! – деп қарындасы ағаларынан қайта-қайта ақыл сұрайды.

Олар түні бойы сыр шертісіп, тан алдында ғана көздерін ілді.

Элиза аққу қанатының сымпылынан оянып кетті.

Ағалары кұс қалпына қайта түсіп, орағыта ұшып, біртіндеп биіктеп көк аспанға көтеріліп барады екен; көп ұзамай олар да көз ұшынан ғайып болды. Элизаның қасында кенже ағасы ғана қалды. Аққу қарындасының тізесіне басын сүйеп еркелеп жатыр. Элиза оны алақанымен сипап, аппақ қауырсынын қолымен жұмсақ тарайды. Ұзақ күнді екеуі бірге өткізді. Күн бата басқалары да келіп жетті, күн ұясына енген кезде адам кейпіне қайта оралды.



Ертең осы арадан ұзақ сапарға аттанамыз да, келер жылға дейін келе алмаймыз, – деді кенже ағасы. Бірақ сені тастап ешқайда да кетпейміз. Бізбен бірге ұшуға жүрексінбейсің бе? Қазір осынау адам қалпында тұрғанымда сені осынау қара орманның о шетінен бұ шетіне дейін көтеріп апаруға күшім кәміл жетеді. Ендеше, бәріміз жиналып бір сені теңіздің арғы бетіне ұшырып апаруға әліміз келмей ме?

— Қалдырмаңдар мені, ала кетіңдер! – деп зар жылады Элиза.

Түні бойы олар жас тал мен қоғажайдан тор тоқыды. Top әрі үлкен, әрі мықты болып шықты. Элиза соның үстіне жатты. Күн шыға ағалары жабайы аққуға айналып, торды шырт ұйқыда жатқан сүйікті қарындасымен қоса тұмсықтарымен көтеріп алып, ұлпа бұлтпен жарыса ұша жөнелді. Күннің көзі бетіне түсетін болғасын, бір аққу оны қанатымен көлегейлеп төбесінде ұшып отырды.

Элиза ұйқысынан оянған кезде, олар жағалаудан әлдеқайда алыстап кеткен. Әлі де түс көріп жатқан тәрізді, теңіздің үстіменен зәулім биікте самғап ұшу оған ғажайып қызық болып көрінді. Қойнында сабағымен бір буда қызыл бүлдірген мен қамыстың қант татитын тәтті сүйрігі жатыр екен. Оның бәрін теріп әкеп, жанына дайындап қойған кенже ағасы. Дәл төбесінде күнге қанатын қалқан қылып ұшып келе жатқан да сол екенін біліп, Элиза оған рақмет айтып, жаудыр көзімен жымия бір қарап қойды.



Аққулардың биік ұшқаны сонша, тіпті теңізде алғаш кездескен дәу кеменің өзі сонау төмендегі көк толқында жүзіп бара жатқан ақ шағаладай ғана боп көрінді. Арт жақтарында асқар алып биік таудай боп дәу бұлт еріп келе жатыр екен. Элиза оның бетінен өзі мен он бір ағасының ғажайып үлкен көлеңкесін көріп қайран қалды. Не деген ғаламат! Бұдан асқан ғажайыпты өмірінде ешкім де еш уақытта кездестірмеген болар! Бірақ күн неғұрлым тас төбеге көтерілген сайын, бұлттар да аққулардан бірте-бірте кейіндеп, әрі-беріден соң, көз ұшынан қарасы үзіліп ғайып болды.

Аққулар садақтың сүр жебесіндей зуылдап күні бойы ұшты, бірақ бұрынғы қарқын жоқ. Өйткені қарындастары бар ғой көтерген! Күн батуға айналды. Қарсыдан суық жел соқты! Элиза жүрегі дүрс-дүрс соғып, күннен көз айырмады. Өйткені күн ұясына еңкейіп қалса да, теңіздің ортасындағы жалғыз жартас әлі көрінбеген еді. Бір кезде аққулардың қанаттарын жанталаса сабалап, азапқа түсе бастағанын байқады. «Қап, олар менің ғана кінәмнан тезірек ұша алмай келе жатыр-ау, – деп өкінді Элиза, күн батып кетсе бәрі де адам кейпіне қайта келіп, теңізге құлап түгел қырылады-ау!» Қара бұлт та түнеріп таяп қалды. Жел барған сайын екіленіп, дауыл шақырады. Қара бұлттар қатпарлана ұйысып, жан түршігерлік қорғасын жота боп, көлденең жатып алды да, аспан көкті айнала қоршап, торлана бастады. Нажағай үсті-үстіне шатырлап, жалт-жұлт етіп асыр салды. Шалқар теңізде жалғыз жартас әлі көрінбейді.

Әне, күн барып көк теңізге қонақтай бастады. Элизаның жүрегі алқымына тығылып, алып-ұшып барады. Кенет аққулар жан түршігер жылдамдықпен төмен құлдырай жөнелді. Құлап бара жатыр ма деп ойлап еді қыз, жоқ құлағаны емес, құлдырағаны екен. Әлі ұшып барады. Күн көк теңізге белуарынан батқан кезде, Элиза сонау төменде тұмсығын судан шығарып тұрған итбалықтай ғана кішкентай тас діңгекті көзі шалды. Күн әй-түйге қаратпай сөніп барады, әне, одан жұлдыздай ғана жұқана қалды. Бірақ аққулар да бұл кезде тасқа жетіп, қонып үлгерді. Дәл сол сәтті күткендей, жанып біткен қағаздай болып күн де сөнді. Элиза өзін қоршай қаумаласқан бауырларын көрді. Үй орнындай ғана тас діңгектің төбесіне әзер сыйып, қол ұстасып құлап кетпей әзер тұр. Буырқанған көк теңіз ашулы басын тасқа соғып, жынын шашыратып нөсер боп төгіледі. Жарқ-жұрқ еткен нажағайдан аспан әлемін өрт жайлап кеткендей, күн дамылсыз күркіреп, шатыр-шұтыр етіп тур. Он бір аға, жалғыз қарындас қолдарынан ұстасып, дұғалық оқиды, содан жанға дәт, бойға қуат тапқандай болады.



Таң ата дауыл басылып, аспан шайдай ашылды.

Күн шыға аққулар Элизаны көтеріп арман асты. Теңіздің ашуы әлі басыла қоймаған, олар зәулім биіктен көк жасыл теңіз толқынының жал-жал боп жөңкілген лек-лек ағынын көрді. Теңіз айдынына ақ қанатты аққулар қаптап кеткен секілді.

Күн арқан бойы көтерілген кезде Элиза қарсы алдынан төбесін мәңгі кар басқан асқар биік таулары бар, аспанда қалықтап бара жатқандай мизам-шуақ бір елді көрді. Биік таулардың ортасында айналасын түп-түзу мәнерлі мөлдір діңгектер қоршаған зәулім сарай тур. Етегінде құрма ағаштары мен үлкендігі диірменнің доңғалағындай керемет гүлдер өскен. Элиза барар жеріміз осы ма деп сұрап еді, аққулар: «Жоқ, бұл Фата-Морғананың қазбауыр бұлттан биікке салған, мәңгілік құбылып тұратын сиқырлы сарайы, оған әлі еш пенде басын сұғып көрген емес», – деп жауап берді. Элиза сарайға енді бір көз тастап еді, жаңағы тұрған сарай да, тау-тас та, орман-ну, өзен-су да быт-шыт боп, көзді ашып-жұмғанша төмен қулады да, орнына биік мұнара, үшкіл сүйір терезелері бар, бір-бірінен аумайтын, таңғажайып жиырма шіркеу пайда болды. Қыз күңіренген орған дауысын да естідім деп ойлап еді, ол күркіреген көкжал теңіздің өзі екен. Шіркеу де енді таяп қалған тәрізденіп еді, кенет ол қаптаған кемесі бар теңіз әскеріне айналып кетті. Кемелер аққулардың бауырына тақап қалғанда, Элиза үңіле қараса, кеме деп келе жатқаны теңіз бетінде жөңкілген тұман екен. Бір ғажаптан соң бір ғажапқа қайран қалып отырғанда, ақыры сарғайта күттірген жер жиегі қарсы алдарынан саз беріп, қылаң ете қалды. Элиза ғажайып тауларды, жаңғақты самырсын ормандарын, шаһарлар мен сарайларды көрді. Екінді кезінде аққулар қарындасын үлкен үңгірдің аузындағы жартасқа апарып қондырды. Үңгірдің алды көкорай шырмауықтардан көрінбей, түкті кілем тәрізді құлпырып тұр.

— Мына жерде, түсіңде не ғажап көрер екенсің, байқайық, – деді кенже ағасы, қарындасына жатар орын көрсетіп.

— Әттең, түсімде сендердің сиқырларыңды қайтаратын дәру ойлап тапсам ғой, – деді ол; сол ой басынан айналшықтап шықпай қойды.

Элиза дұғалық оқып, тәңірісіне жалына берді, көзі ұйқыға кетсе де, аузы дұға оқып жатты. Түсінде ол зәулім биікке көтеріліп, бұлттан әрі асып, сиқырлы Фата-Морғана сарайына самғап кеткен екен дейді. Оны сарай иесі ақ қанатты періштенің өзі шығып қарсы алыпты, өзі аузынан күн көрінген, бетінен иманы төгілген аса инабатты әйел екен, бірақ бір ғажабы, меңіреу орманда кездесіп, Элизаға бүлдірген берген, алтын тәжді аққуларды көрген сонау кемпірден айнымайды да, аумайды.



— Сенің ағаларыңды құтқарудың амалы бар, – дейді періште, – бірақ оған ерлігің мен қайсарлығың жетер ме екен? Су сенің қолыңнан әлдеқайда жұмсақ болса да, қой тастарды жұмырлап, жылтыратып шығарады. Бірақ оның қолы ауырмайды ғой, сенің қолың қалай шыдар екен? Судың жүрегі жоқ, сенің жүрегің бар, ол үрей мен азаптан қан қақсамаса не қылсын. Менің қолымдағы ойбай-жапырақты көріп тұрсың ба? Сенің үңгіріңнің маңында мұндай қалақай толып жатыр. Қалақайдың дәл осындай түрі мен молада өсетін түрі ғана саған керек боп қалуы мүмкін, осыны мықтап есте сақта! Қолыңды шағып әбден күлдіретіп, жаныңды қоярға жер таппасаң да, осы қалақайды қолмен отап, аяғыңмен тапап, әбден езесің де, соның талшығынан жіп иіресің. Одан ұзын жеңді он бір сауыт тоқып, аққуларға кигізе қоясың. Сиқырлы дуа сонда ғана күшін жояды. Бірақ есіңде болсын, ісіңді бастағаннан қашан соңғы жібін өткізгенге дейін, арада неше жыл өтсе де, аузыңнан бір сөз шықпауы керек. Аузыңнан шыққан жалғыз соз ағаларыңның жүрегіне өткір қанжар боп қадалады. Олардың жаны сенің тіліңнің ұшында тұрады! Еш уақытта есіңнен шығарушы болма! – деп, ақ қанатты періште оның қолына ұстап тұрған қалақайын баса қойды.

Элиза қолын отқа қарып алғандай керемет ашып кеткен соң, ұйқысынан шошып оянды. Таң атып, күн шығып қалған екен, қасында түсінде көргенінен айны қатесі жоқ ойбай-жапырақ жатыр. Элиза қуанғаннан ұшып тұрып, бірден іске кірісу үшін, үңгірден тысқа шықты.

Ол оттай қарып, тікенектей жабысып, нәзік қолдарын қанды ірің қылып осқылаған ойбай-жапырақты өршелене жұла берді, жұла берді.

«Сүйікті он бір ағамды құтқарсам арманым жоқ!» – деп, содан басқа еш нәрсені ойламай, дызылдатқан көк тікенге қайсарлықпен төзіп бақты. Сонан соң ойбай-жапырақты жалаңаяқ табанына салып, әбден езгілеп, жасыл талшығын суыртпақтап ала берді, ала берді.

Күн бата қайтып оралған ағалары жалғыз қарындасының сақау боп қалғанын көргенде қатты састы. Алдымен өгей шешелері оны да сиқырлап қойды ма – деп ойлап еді. Бірақ Элизаның қолдарындағы қанды жараны көріп, өздерін құтқару үшін сақау боп жүргенін бірден аңғарды. Кенже ағасы мұны көргенде, еңіреп жылап қоя берді. Оның көз жасы тамған жердің күлдіреген жарасы бірден ғайып боп, дызылдауы да тоқтай қалды.

Қыз көз ілмей, дым сызбай, түнімен дамыл тапқан жоқ, туған бауырларын тезірек сиқыр тұтқынынан босатып алуды ғана ойлады. Келесі күні аққулар ұшып кеткен соң, жалғыздан жалғыз отырып, тан атқаннан күн батқанша тағы да қолы дамыл тапқан жоқ. «Күн дегенін мұншама қысқа болар ма?» – деді ол өмірінде бірінші рет. Бір сауытты әзірлеп, екіншісіне енді кірісем дегенде тау арасын аңшылардың кернейі басына көтерді. Элизаның қорыққаннан жүрегі жарылып кете жаздады. Керней даусы бірте-бірте жақындап, иттердің абалағанына дейін естіле бастады. Қыз орнынан атып тұрып, үңгірге жып етіп кірді де, жинаған ойбай-жапырағының бәрін бір бау ғып буып, өзі соның үстіне отыра қойды.

Дәл сол сәтте бұта арасынан бір дәу тазы атып шығып, оның артынан тазылар мен маң төбеттер қаптады да кетті. Абалап, арсылдап дүниені басына көшіріп, төңіректеп кетпей қойды.

Көп ұзамай аңшылардың бәрі үңгірдің аузына жиналды. Ішіндегі ең сұлуы осы араның королі еді, сол Элизаның жанына келді. Өмірінде мұндай сұлуды көргеніне жағасын ұстап, қайран қалды.

— Мұнда қайдан келіп жүрсің, қымбаттым? – деп сұрады ол, бірақ Элиза басын ғана шайқады. Оның ләм-мимдеп тіл қатуға қақысы жоқ, өйткені бірге туған бауырларының тағдыры өмір мен өлім таласып тілінің ұшында ғана тұр. Қолының ойбай-жапырақтың уына күйген жерін корольге көрсетпеу үшін белдемшесіне жасыра қойды.

— Жүр бізбен бірге! – деді ол. – Сенің бұл арада қалуыңа болмайды. Егер тән сұлулығыңа жан сұлулығың сай болса, үлде мен бүлдеге оран, басыңа алтын тәж кигізем де өзім алам, менің ең жақсы деген алтын сарайымда сен тұратын боласың. Сөйтіп, ол Элизаны ердің үстіне отырғызып, өзі мінгесіп жүріп кетті. Элизаның өз маңдайын өзі ұрып, зар еңірегеніне король қараған жоқ. Мен сенің қолыңды бақытқа жеткізуді ғана ойлап келемін. Осы үшін маған әлі алғыс айтасың түбінде, дейді ол.

Сөйтіп әлгі король қызды жан көрмеген тау арасына қарай ала жөнелді, соңдарынан аңшылар да шұбырып келеді.

Күн батарда олар таңғажайып бір шаһардың самсаған мұнаралары мен күмбездерін көрді, бұл мемлекет астанасы еді. Король Элизаны өзінің алтын сарайына алып барды. Зәулім биік мәрмәр жайларда сыңғыр-сыңғыр атпа бұлақтар көкке шапшиды. Жар қабырғалар мен төбе біткен ғажайып суреттерге толы. Бірақ Элиза біреуіне де көз қиығын салмастан, зар еңіреп жылай берді, бүк түсіп сұлай берді. Қызметші, даяшы әйелдер өзіне не істесе де, онымен шаруасы жоқ. Өлген адамдай, оған бәрібір. Ал олар Элизаға король әйелі ғана киетін ен асыл деген киімдерді кигізіп, шашына гауһар моншақтарын қоса өріп, күлдіреген қолдарына жұп-жұқа ғаламат қолғап кигізді.

Асыл киім Элизаға қона кетті. Ол асқан сұлу боп шыға келді. Сарай адамдарының бәрі оның сұлулығына баc иіп, тәжім ететін болды. Ал король болса, оны өзінің қалыңдығы деп жариялады. Архиепископ ұнатпай басын шайқап, орман сұлуы дәл мыстанның өзі болуы керек, өйткені жұрттың бәрін келмей жатып өзіне қаратып алды, һәм короліміздің жүрегіне сиқырлы дуа боп жабысты деп, құлағына қанша сыбырласа да, оның біріне де көнбей қойды король.

Король оның айтқанын тыңдаған жоқ. Музыканттарға ым қақты да, даяшыларға дастарқанды ен жақсы тағамдармен толтыруды, кәнизәктарға Элизаның төңірегінде айнала билеп, көңілін көтеруді бұйырды. Өзі оны қолтықтап, хош иісті, мәуелі бақтардың арасымен асыл жиһазды өз бөлмесіне алып барды. Бірақ қыз бір рет те езу тартып жымиған емес; жүзіне ауыр қайғы өшпес із салып кеткен тәрізді. Міне, король өзінің ұйықтайтын бөлмесіне қанаттас шағын ғана ұядай бөлменің есігін ашты. Оның іші толы аса қымбат жасыл кілем екен. Дәл өзі шыққан үңгірден аудырмай жасандырыпты. Еденде бір құшақ қалақай талшығы жатыр, ал жоғарыда Элиза өз қолымен тоқыған қалақай сауыт ілулі тұр. Мұның бәрін қызық үшін аңшылардың бірі үңгірден ала келген еді.

— Бұл бөлме өзін туған үңгіріңді есіңе түсіреді! – деді король.

— Ал мынау өз қолыңмен тоқығанын. Бәлкім, бір кезде мұны да ермек қыларсың, сән-салтанатты сарай тұрмысынан жалыққанда бір сәт алданыш етіп, өткен-кеткенді еске алып отыратын орның болар.



Өзінің жанындай жақсы көретін қасиетті қазынасын көргенде, Элиза қуанғанынан езу тартып, екі бетіне қан ойнап шыға келді: бауырларын азат етуді ғана ойлап, ол корольдің қолын шөп еткізіп сүйіп алды. Ал король қызды құшақтай алып, жүрегіне басты да, жақында үйлену тойы болатынын жариялап, барша мұнаралардың бәрінен жер күңіренте қонырау соғуға бұйырды. Тілсіз сақау орман сұлуы корольдің қалыңдығы болды.

Архиепископ корольге Элизаны жамандап қайта-қайта барады, бірақ оған қарайтын король жоқ. Ақыры той да болды. Қалыңдықтын, басына тәжді архиепископ өз қолымен кигізуі керек болды. Ол тап-тар тәжді қалыңдықтың миығынан түсіре баса кигізді. Алтын тәж бас сүйегін сындырып жіберсін – деп ойлаған еді. Бірақ Элиза оны ауырсынып елеген де жоқ, оның қарақұсын қаңсытып әкетіп бара жатқан басқа бір ауыртпалық бар, ол бауырларының қамын ойлап зар илейді. Тән жарасынан жан жарасы мың есе ауыр. Ернін жымқырған күйі әлі бір ашқан жоқ. Аузынан бір сөз шықса болды, аққу боп ұшып жүрген ағалары аспаннан құлап түседі! Бірақ қыз көзінде асты-үстіне түсіп бәйек боп жүрген, әрі қияпатты, әрі ізгі корольге деген ризалық, құштар сезім ұшқын атады. Оған деген құштары күн санап арта түсті. Шіркін-ай, сүйіктісіне қайғы-шерін ақтарып салып, сырын шертер күн туса ғой! Жоқ, бастаған ісін тындырғанша, жұмған аузы ашылмай өтуі керек. Күн сайын түнде ол корольдің төсегінен жылысып шығып, тар үңгір тәрізді өз бөлмесіне барады. Торкөз сауытты тоқи берді, тоқи берді. Жетінші сауытты тоқи бастаған кезде қалақай талшығы да бітті.

Мұндай ойбай-жапырақ қалақайды зират басынан табуға болатынын ол жақсы біледі, бірақ оны қолмен ғана жұлып алу қажет, енді не істеу керек?

«Жан-жүрегімді тілгілеген жан азабынан тән азабы күшті боп па! деп ойлады Элиза. Белді бекем буайын! Тәңірім өзі медет берсін!»

Айлы түнде бақтан өтіп, екі жағын қоршаған соқпақ, ұзын көшелердің бойымен зиратқа қарай бет алғанда, қорыққанынан жүрегі дүрс-дүрс соғып қоя берді, өлімге бара жатқандай. Кенет ол аумақты құлпытастың үстінде шоғырланып отырған бір топ мыстанды көрді. Түрінен жан шошырлық мыстандар суға түсетіндей-ақ, бар шоқпытын шешіп тастап, тыр жалаңаштанып алып, жас молалардан жаңа көмілген өліктерді суырып алып, таласып-тармасып, тыриған қолдарымен жұлмалап жеп жатыр. Элиза қорыққанына қарамастан солардың жанынан өтуге мәжбүр болды. Жалмауыз мыстандар оған ала көздерімен атып қарап қояды. Ол жан дәрмен бір құшақ ойбай жапырақ қалақайды жұлып алып, сарайдағы бөлмесіне әкелді.

Ол түні оны басқалар шырт ұйқыда жатқанда, жалғыз өзі серуендеп жүрген архиепископ қана көріп қойды. Королевадан қауіптенген оның пікірі расқа шыққандай болды. «Шынында да, мынауың нағыз мыстан болып шықты, – деп ойлады ол, корольді де, күллі халықты да сиқырлап алып жүргені содан ғой».

Король сәждаға келгенде, архиепископ түнде өзінің көрген оқиғасын түгел айтып берді. Бірақ оның аузынан харам сөздер шыққан кезде жар қабырғадағы әулиелердің суреттері өз-өздерінен бастарын шайқап: «Шылғи өтірік! Элиза күнәдан пәк!» дегендей жаратпаған кейіп білдірді; алайда архиепископ оны өзінше түсіндірді: «Әулиелер де бастарын шайқасып, король зайыбының күнәсын кешіре алмай тұрғанын көрдің бе?» – деп ұғындырды ол. Корольдің көзінен екі моншақ ыстық жас үзіліп барып жерге түсті, оның жүрегіне де сенімсіздік ұялай бастады. Түнде ол ұйықтаған боп жатты, бірақ көзіне ұйқы келер емес. Әне, ол Элизаның төсектен тұрып, жылысып шығып бара жатқанын көрді. Жұбайының соңынан білдірмей еріп отырып, өз бөлмесіне еніп кеткенін көрді.

Келесі күні сол оқиға тағы қайталанды.

Король күн санап мұңая берді. Мұны Элиза да байқады, бірақ оның не қайғысы бар екенін түсіне алмады. Ал өзі ағаларының қайғысынан ет жүрегі елжіреп барады. Король берген үлде мен бүлде ыстық жасқа шыланып малмандай болды. Ал басқа жұрт ай десе аузы бар, күн десе көзі бар қаса сұлудың асыл киіміне таң қалысып, қызыға қарасты.

Ол кезде тоқымасы тамамдалуға таянып, тек жалғыз сауыт қана қалған еді. Бірақ Элизаның әкелген талшығы тағы да жетпей қалды. Бірнеше түп ойбай-жапырақ қалақай әкелу үшін ақтық рет мола басына баруға тура келді. Иесіз моладан да, ербиген жалмауыз мыстандардан да ет жүрегі тітірейді, бірақ амал жоқ, ағаларын сиқыр дуасынан құтқару керек. Сол үшін бәріне де төзу керек.

Сөйтіп Элиза да сапарға аттанды. Король мен архиепископ ізінше еріп отырып, оның қара қорым, қалың зиратқа еніп кеткенін көріп қалды. Қорымның қоршауынан мойындарын созып, аумақты құлпытастың үстінен Элиза көрген жалмауыз мыстандарды олар да көріп, жандары түршігіп, тік қарауға дәттері шыдамай, теріс айналып кетті. Жаңа ғана қойнында жатқан әйел де осылардың арасына барды ғой – деп ойлады король.

— Әділ төресін халық айтсын! – деді ол.

Халық үкім шығарып: «Элизаны өртеп жіберу керек», – деді.

Корольдің сән-салтанатты сарайынан Элизаны іші дымқыл, қараңғы тас зынданға тастады, терезесі темір. Темір тордан ұйтқып жел соғып тұр. Пүліш көрпенің, аппақ жібек жамылғының орнына сорлыға төсеніш те, жастық та түнде өзі мола басынан теріп әкелген ойбай-жапырақ жамылғысы езі тоқыған тікенек тор көз сауыт болды. Бірақ оған бұдан артық сый болар ма. Сөйтіп, ол аяқталмай қалған жұмысына кайта кірісті. Көшеден балалардың «мыстан, мыстан!» деп айқайлаған даусы шығады. Жаны ашитын пенде жоқ.

Намаздыгер шамасында темір торлы терезеден аққу қанатының суылы естілді; қарындасын іздеп тапқан кенже ағасы екен. Элиза қуанғанынан жүрегі жарылып кете жаздап, еңіреп қоя берді. Өмірінің санаулы ғана сағаттары қалса да, жұмысын тамамдауға аз-ақ қалғаны, ағасының қасында болғаны дәтке қуат еді.



Корольге берген уәдесі бойынша, тұтқын қыздың жанында соңғы бірер сағатын бірге өткізу үшін архиепископ келді, бірақ қыз басын шайқап, қолын сермелеп, ыммен түсіндіріп, кетуін өтінді, оның өз шаруасын осы түнде бітіруі керек, өйтпесе көрген жан азабы, төккен көз жасы, ұйқысыз өткен түндері бәрі де зая кетеді. Архиепископ оны балағаттап-балағаттап кетіп қалды, бірақ Элиза байғұс өзінің еш жазығы, қылтанақтай күнәсі жоқ екенін біледі, оған көңіл аудармастан өз шаруасымен бола берді.

Құрттай да болса көмегіміз тисін деп, еденде олай-бұлай шауып жүрген қаптесерлер шашылып қалған қалақай сабақтарын тістеп әкеп беріп жатыр, тор көзді терезе сыртында қонақтап отырған сандуғаш түні бойы он салып, көңілін көтеруге тырысты.

Ертеңіне күн шығуға бір сағаттай қалған елең-алаңда Элизаның он бір ағасы сарай қақпасына келіп, өздерін корольге жіберуді етінді. Король әлі ұйықтап жатыр, оның ұйқысын бұзуға ешкімнің батылы бармайды, сондықтан оған қазір жіберу мүмкін емес деген жауап алды олар. Олар әрі-бері жалынғанға болмаған соң, күшпен қорқытпақ та болды. Сақшылар шақырылды, олардың артынан іле-шала не боп қалғанын білу үшін корольдің өзі де келді. Бірақ дәл сол сәтте күн шығып қалды да, ағайынды он бір жігіт көзден ғайып боп. сарай төбесінен он бір жабайы аққу сұңқылдап өте шықты. Мыстанды қалай өртейтіндерін көреміз деп, жұрт шаһарлардың сыртына лек-легімен ағылып жатыр. Элизаны ағаш арбаға жегілген жауыр мәстек зорға сүйреп барады. Бейшараның үстінде алба-жұлба кенеп шекпен, хор қызына лайық қолаң шашы ұйпа-тұйпа боп жалбырап иығына түскен, бетінде бір тамшы қан жоқ, сұп-сұр, ерні сәл ғана жыбыр-жыбыр етіп, қолы-қолына жұқпай ойбай-жапырақ қалақай талшығын әлі тоқып барады. Өлер алдында да ісін қолынан түсірген жоқ. Торғауыт он сауыт дап-дайын күйі жанында жатыр, ол енді он біріншісін тоқып барады.



Жұрт оны мазақ қылып, ішек-сілесі қатады:

— Мыстанды қараңдар, аузы жыбырлап бірдеме деп барады-әй өзі! Қолындағы, дәу де болса, дұғалық емес шығар, жоқ, ана қараңдар, өзінің мыстандығына керек бірдеме ғой! Қолынан жұлып алып быт-шытын шығарсақ қайтеді?

Қолындағысын жұлып алмақ болып, олар Элизаны қоршай бастады. Сол кезде он бір аққу ұшып келіп, арбаның жақтауына қаз-қатар қонды да, қарындасын өз тәндерімен қалқалап, қуатты қанаттарымен сабалап, ащы да мұңлы сұңқылға басты.

Жұрттың зәресі ұшып, жан-жаққа бытырай қашты.

— Бұл тәңірінің көктен түскен пәрмені. Қыз күнәлы болмауы керек! – деп сыбырласты жұрттың көбі. Бірақ естірте айтуға батылдары бармады.

Жендет Элизаны қолынан шап берейін – деп еді, бірақ ол он бір торғауыт сауытты он бір ағасының иығына жауып та үлгерді. Сол сәтте аққулардың орнына ғажайып сымбатты он бір ханзада пайда болды. Тек, ең кенжесінің бір қолының орнында аққудың канаты қалып қойды, өйткені Элиза торғауыт сауыттың бір жеңін тоқып үлгере алмаған еді.

— Енді сөзді маған беріңдер! Менің тырнақтай да күнәм жоқ! – деді ол.



Болған оқиғаны көзбен көрген жұрттың бәрі оны нағыз қасиетті әулие тұтып, аяғына жығылды. Ал Элиза бастан өткен жан азабы мен қайғы-қасіреттен әбден титықтап қалған екен, ес-түстен айрылып құлап түскенінде ағалары әзер сүйеп қалды.

— Халайық, оның тырнақтай да күнәсі жоқ екені хақ! – деді үлкен ағасы, сөйтті де бастан кешкендерін бірін қалдырмастан айтып берді. Ол әңгімесін айтып тұрғанда, аланды сансыз раушан гүлі жауып кеткендей, ауаға ғажап бір жұпар иіс таралды. Қызды өртеуге үйіп қойған ағаш кесінділері ал қызыл раушан гүлі жапқан хош иісті жал болып көлденен тұра қалды. Солардың ортасында көз шағылысқан ғажайып сұлу, жалғыз бір аппақ гүл жайнап тұрды. Король сол гүлді жұлып алды да, Элизаның омырауына қадай қойды. Сол кезде Элиза тәтті ұйқыдан оянғандай, жүзі гүл-гүл жайнап, көзін ашып алды.

Шіркеу біткеннің қоңыраулары өз-өзінен соғылып, құстар әсем дауысқа үйір-үйірімен ұшып келіп жатты, король сарайына тойшылар мен бишілер лек-легімен ағыла бастады. Ондай тойды ешбір король әлі күнге жасап көрген жоқ.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
ертегі Жабайы аққулар туралы ертеги казакша сказка на казахском, сказки Жабайы аққулар для детей на казахском языке, балаларга арналган кызыкты ертегилер, 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер, ертегилер Жабайы аққулар казакша оку, Жабайы аққулар

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]