Ертегі: Атымтай Жомарт

Ертегі: Атымтай Жомарт

Бір күні Мысыр шаһарындағы патша сарайында патша мен уәзірлердің үлкен мәжілісі болады. Бұл мәжіліске атақты Атымтай жомарт та қатысыпты. Сарайда жиналған жұрт Атымтайды алғаш көріп, оның жомарттығы қандайлық екен деп таңырқасыпты.

Сонда уәзірлер арасында жомарттық туралы бірсыпыра сөз басталады. Атымтайды бұрын білетін адамдар, Атымтайдың жомарттығын жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Бұлар дүние жүзіндегі жомарттарды салыстырып, кімнің жомарттығы артық дегенде уәзірлердің ішінен Зейнілғабиден деген біреуі Атымтайдан Бағдат шаһарындағы Бәну Қаниманың жомарттығы, артық деді.

Бұған уәзірлер екі жақ болып таласты. Біреулері Атымтайды, біреулері Бәнуді жомарт деді. Сонымен таласып келгенде Зейнілғабиден Атымтайды қасына ертіп, Бағдат шаһарына барып Бәнуді көзімен көретін болды. Зейнілғабиден мен Атымтай Бағдатқа кіргенде, жұрт Бәнудің жомарттығын алдынала мақтай бастады. Шынында, Бәну қол астындағы жетім-жесір, қайыршыларға күнінде бірнеше рет қайыр тілеп келсе де, бір-бір ділда беріп қайтарып отыратын. Бәнуді сынау үшін Атымтай қайыршы киімін киіп кіріп келіп еді, ол бір ділда берді де жөнелтті. Сол күні кешке таяу Атымтай киімін өзгертіп киіп, қайыршы болып және келіп еді, бір ділда берді. Атымтай тағы бұрылып есіктен шыға беріп, қайта оралды да «рұқсат па» деді.

— Сізден бір нәрсе сұрауға болар ма екен?

— Неге болмасын.

— Мен Атымтай едім, бұрын естуіңіз бар шығар. Бүгінгі күні екі рет қайыршы болып қолыңнан екі ділда алдым. Мен сияқты күнінде бірнеше жүз мың қайыршылар келіп, бір-бір ділдадан бірнеше рет алып отыратын болса, көп қазына керек, бұған сіздің қазынаңыз соншалық таусылмайтын көп пе? – деді.

— Қазынаның таусылмайтын себебі бар. Мұны айту қиын, – деді.

— Қазынаңыздың таусылмайтын себебін білуге бола ма? – деп Атымтай жабыса кетті.

— Осы шаһардан алты айшылық жерде, Гәуһәршәшбе дейтін шаһарда сол адам тірі. Таңертең базар жиналған соң базарға келіп, Гәуһәршәшбе гауһар шашады. Жиналған жұрт гауһар теріп еңбектеп жатқаны. Осының гауһары неге таусылмайды, себебін біліп берсең мен де қазынамның таусылмайтын себебін айтамын.

— Олай болса мен қалайда аралап барып кайтамын, бірақ өзің уәдеңнен айныма, – деді де шыға жөнелді. Зейнілғабиден мен Атымтай Гәуһәршәшбе шаһарын іздеп талай жер жүріп, өмірі көрмеген жыныс қарағай, биік тауларды аралап, арып-шаршай Гәуһәршәшбе шаһарына келді. Шаһарға келген соң Гәуһәршәшбенің пәтерін тауып, бірнеше күн қонақ болып тынықты. Келген жұмыстарын бастан-аяқ айтты. Гәуһәршәшбе Бәнудің айтқанындай қартайса да, базардың жиын ортасына барып, өз қолынан гауһар шашып жүргенін Атымтай мен Зейнілғабиден көзімен көрді.

Гауһардың соншалық таусылмайтын қорының қайдан шығып жатқанын сұрап еді, Гәуһәршәшбе осы шаһардан төрт айлық жерде бір қари адам бар, оның қарилығы сондайлық ғажап, таңертеңнен кешке дейін құранның бір ғана екі-үш жолдық аятын оқиды да отырады. Онан жалығу, басқа кәсіп істеу дегенмен жұмысы жоқ. Оның мәнісі не? – деді.

Атымтай Гәуһәршәшбенің аузынан бұлай деп жауап естіген соң Зейнілғабиденмен ақылдасып, тәуекел, барып қайталық, – деп ұзақ сапар шекті. Гәуһәршәшбенің айтуы бойынша, төрт ай жүріп әрең дегенде Қаридың шаһарына келді. Шаһарға жеткен соң «Қариды» сұрастырса, Гәуһәршәшбенің айтқанындай ауыз жаппай «Әннма ағмалы беннияті» деп қайта – қайта дауыстап оқып отырды. Арасында Қаридан өздерінің келген жайларын айтып Атымтай сұрақ қойды. «Не себепті ауыз жаппай дауыстап бір-екі ауыз аятты оқисыз да отырасыз?» – деді. Көзін сипап, иегін көтеріп, Атымтайға бұрылып қарады да: «Мұның мәні бар»,– деді.

— Бұл арасын толық түсіндіріп айту үшін ең әуелі осы шаһардан үш айшылық жерде бір кісі бар, ол дүниедегі ең бірінші қол-өнерші деуге болады. Сол кісінің кім екенін біліп берсең, әңгімені бастан-аяқ айтамын, – деді. Атымтай көп ойланып отырды да бұны іздеп жүріп кетті. Жолаушылық ұзақ сапарға үйреніп алған адамдар кешке дейін жүріп біраз дамылдап, түнде тағы да жүретін болды. Сөйтіп, үш айлық жолды бір жарым айда жүріп, әлгі кісінің шаһарына келді. Шаһарға келген соң оның үйін тауып, өзіне жолықты. Шеберлігі сондайлық, ағаштан түйін түйеді екен. Бірақ ағаштан қандайлық нәрсе істеп шығарса да, әрі-беріден соң жерге ұрып быт-шытын шығарып сындырып жоқ қылады. Бұл арасы бір ғажап іс. Мұны Атымтай білмек болып және жөнін сұрап еді, осы шаһардан айшылық жерде үлкен шаһардан дүниедегі ең биік, ең үлкен ақ мешіт дейтін мешіт бар. Соның азаншысы таңертеңнен кешке дейін дамылсыз айғайлап азан айтады да отырады. Бес уақыт азанның орнына ол бірнеше мың рет азан шақырады. Осының азанды мезгілсіз осынша айта беретін себебін біліп келіп бер, сонан соң мен өз жайымды түсіндірем деді. Атымтай Зейнілғабиденді ертіп азаншының шаһарына келді. Келсе айтқанындай-ақ мешіттің төбесіне шығып алып, айғайлап азан шақырып тұрған азаншыны көрді. Іздеп келіп азаншының мезгілсіз азан шақыратын себептерін сұрап еді, ол осыдан он бес күндік жерде жапан далада құдық бар, сол құдықтықтың басында күні-түні киік күзетіп отырған адам бар. Киіктері мен киікті күзетіп отырған адам бөтен адамдарды көрсе үркеді. Адам келсе киіктер тым тырақай болып қашып, қалың жыныс қарағай арасына сіңіп кетеді де, құдықтың басында жалаң бас бір адам отырып қалады. Осының мәнісін біліп келіп берсең, сонан кейін мен де өз жайымды түсіндіремін, деді.

Атымтай азаншының айтқан жолдарымен жүріп келіп, құдыққа таяп қалғанда қалың мал көрінді. Жақындап келіп еді, мал дегені киік болып шықты. Киіктер Атымтайды көргенде дүр етіп үркіп, қарағай арасына сіңіп кетті. Құдыққа келсе құдықтың басында бағанағы азаншы айтқан жалаң бас, еңгезердей шомбал қара жігіт отыр. Жөн сұрап сөйлесейін деп еді, Атымтайға жартымды жауап бере алмады. Екі сөзінің бірінде «қыз, қыз» деген сөздер қыстырыла берді. Сірә, есалаң адам болуы керек деп Атымтай қиналыңқырап қасында біраз дамылдап отырды.

— Сіздің жөніңізді кімнен білуге болады, – деді Атымтай.

— Үш күншілік жерде мешіт бар, сол мешіттің қазіретінен сұра, – деді. Атымтай былай деп жауап бергеніне риза болып, мешітті іздеп жүріп кетті. Сұрастыра – сұрастыра мешітті келіп тапты. Елсіз, жұртсыз жерге салынған жалғыз ғана мешіт екен. Мешіттің ішіне кіріп қазіретті бөлмесінен тапты. Басына дағарадай ақ сәлде ораған, сақалы белуарына түскен аппақ қудай адам екен, есіктен Атымтай кіріп келгенде орнынан ұшып тұрып қол қусырып, амандасып қарсы алды.

— Я, балам, аман келдің бе? Жолың болсын, әңгімеңді айта отыр, – деді. Атымтай бастан-аяқ әңгімені уәзірлердің Мысырда болған мәжілісінен қозғады. Қазірет қабағын ашып, жақсы шыраймен отырып тыңдады. Қазірет Атымтайдың сөзі аяқталғаннан кейін:

— Балам, – деді, – енді бұдан былай қарай, тағы жиһан кезіп, жиһаншы боламын ғой деп қорықпа, осыдан былай, енді кейін қайтасың, – деді.

— Анау құдық басында отырған жалаң бас қара бар ғой, оның қасындағы еріп жүрген көп киіктің бәрі де адам, бұлардың шаһары сол құдықтың оңтүстігінде мың шақырым жерде еді, анау жалаң бас қара бір күндерде сол шаһарда хан болатын; киіктер ханның әскері еді, шаһарынан қыз жетпегендей, перінің қызын аламын деп, періойнақ деген жердегі бір бастауға келіп перінің қыздарымен айқасқан. Перінің тілін білмеді ме, болмаса олармен үйлесе алмады ма, әйтеуір өздерін пері соғып, ханды диуана қып, сол бойы отырғызып кетеді, әскерлерінің бәрін киік қылып жібереді. Өзің көрген сол киіктер ханның әскерлері. Ал бұған жәрдем беріп, перімен сөйлесерлік шаһарларыңда ешбір адам жоқ. Жұрттың бәрі де періойнақ деген жердің маңайынан жүруге қорқып, екі-үш күншілік жерден бұрылып кетеді. Бұларды қайтадан адам қалпына келтіріп, шаһарына қайтару тек қана менің қолымнан келер еді, бірақ менің баруға уақытым жоқ. Олардан ешкім хабарласпайды, сонымен олардың жайлары осы еді. Атымтай қазіреттің бетіне қарап отырды да:

— Қазірет, – деді, – одан әрі жолымдағы азаншы, шебер, қари, Бәну, тағы-тағылардың сырларын ашып бермейсіз бе? – деді Атымтай.

— Олардың жайларының бәрі де маған белгілі, бірақ түпкілікті сырларын жол бойы өздері айтамын депті ғой, айтар, – деді. Атымтай қазірет бұлай деген соң, көп қазып сұрамады. Әйткенмен Бәнудің қазынасының түпкі қоры қайдан шығып жатқанын білуге ынта қойды. Атымтайдың ойын қазірет те біліп, былай деп жауап берді: Бәну қазынасының көптігін өзі айтар, бірақ Бәнудің өз басы саған құмар, түбінде Бәнудің тілегі орындалады, сен Бәнуді алуың керек, – деді.

Қазірет Атымтайға батасын беріп, шығарып салды. Атымтай келген ізімен, бірнеше күн жүріп азаншыға келді. Азаншы құрметпен қарсы алып күтті. Атымтай азаншыға шешіліп барлық жайды бастан-аяқ айтты. Азаншы Атымтайға өзінің жайын әңгіме қылды.

— Мен осы шаһардың азаншысымын. Мезгілімен ғана бес уақыт намаздың алдында мешіттің жоғары мінбесіне шығып азан шақыратынмын. Менің дауысым мұңды, толқынды жанның бәріне сүйкімді еді; айтқан зікірімді жұрт ұйып тыңдай қалатын. Бір күні жұрт жұма намазына жиналып, мен намаздың алдында азан шақыруға мұнараға шықтым. Екі қолды құлаққа қойып, зікір салып тұрғанымда көз алдым қарауытып, басым айналып кеткендей болды, көз алдымда жіпке тізілген қолға тұрарлық маржан тартыла қалыпты. Қызықтым, ұстай алып ем мешіттен жоғары көкке ала жөнелді. Көз сол бойы жұмылып, көктің талай қатпарларынан өттім, бұлтты да аралап, маржанның астында салбырап келемін. Қолымнан шығып кетіп жерге құласам, күл-талқаным шығып қалады-ау деймін. Әйтеуір көзімді ашқым келмейді. Көзімді ашсам, көкте жүріп жерді көріп, жүрегімнің қабы жарылып кетуі мүмкін. Бір мезгілде, сырылдап, тұйғындай түйіліп, жерге қарай зымырады. Мен салбырап қалмай жүрмін. Әлденуақытта аяғым сыбдырлап шалғынға оралды, қолым босап қалыпты. Көзімді ашып жіберсем, құлазыған жалпақ дала екен, белуардан шалғында жатырмын. Маңайыма көз жіберіп болжап едім, жайылып таудан құлап келе жатқан көп кой көрдім. Қуанып, қойшысымен сөйлесіп жақын ел болса, елге барамын ғой дедім. Орнымнан ұшып тұра келіп, қойға таман жүре бастадым. Қойдың артынан еріп келе жатқан қойшыға жолығып, ел сұрадым. Ол жауап берместен бұрын менің жөнімді сұрай бастады. Сұрағына қарай жауап беріп жатырмын. Бірақ елден бүгін шықтым дегеніме сенбей, ашуланды. Өзі де алпыстың үшеуіне кіріп қалған ақсақалды адам екен.

«Шырағым, мені алдауға айналдың ба?» – деп, тілге келмей-ақ қолындағы таяқпен салып қалды. Зәре қалған жоқ, қорықтым. «Ғафу етіңіз» деп жалындым. Әйтеуір жер таяқты жеп алған соң, неде болса елге жету мақсат болды. Қойшының нұсқауы бойынша елге таман бетімді түзеп тағы жөнелдім. Бұл уақытта күн батуға айналып қалып еді. Мен бір белең асып түскенімде ауылдың үлкен зираттан көп алыс емес екенін білдім. Бірақ зиратқа түнеу әдетім еді, сол әдет бойынша зиратқа түнедім. Күн батып, көз байланған соң, таудан туралап зиратқа қарай төнген табақтай дөп-дөңгелек от көрінді. От барған сайын жақындап зиратқа таяп келгенде, қорқып жасырынып жатып сығаладым.

Сөйтсем, от дегенім айдаһардың көзі екен. Келді де, бір жалпақ есіктей тасты аударып ішіне кірді де, адам суретіне түсті. Бұл уақытта мен де орнымнан ұшып тұра келіп, әлгі қақпа тасқа келдім. Соңынан ердім. Қуыстың ар жағы үй екен, бір-екі есікті ашып кірді. Үшінші бір есікті ашқанда ар жағынан күн мен айдай бір сұлу қыз шықты. Қызды көзім шалды, бірақ айдаһар жазым қылар деп ізімше шығып жөнелдім. Қай уақытта шығар екен деп екі көзім қақпа таста, зираттың бұрышында аңдыдым да отырдым. Таң қараңғысында ол тағы айдаһар суретіне түсіп, тауға қарай жөнелді. Ертеңінде мен өз бетіммен елге қарай тарттым. Үлкен бір шаһарға кездесіп, қайыршылық құрдым. Оның өз шаһарымнан қанша жерде екенін мөлшерлей алмадым. Жайымды сұрайын десем тағы да таяқ жеймін бе деп қорықтым. Әйтеуір бір жақсысы, қайыршының жөнін сұрамайтын елдің әдеті ғой, менің жөнімді сұрап білуге ешкім құмар болған жоқ. Түнде қонып аттанған үйім «ханның қызы жоғалды, оны айдаһар, дию алып кетті» деседі.

Бірақ соны мен көріп едім, тауып беремін деп оқыста біреуге аузымнан шығып кетті. Менің бір ауыз сөзім дереу ханға жетіпті. Хан дереу бүкіл шаһардан мені іздетіп, қонып жатқан жерімнен алдырды. «Хан шақырады» дегенде тағы да бір қылмыс тауып жазалап тастар ма екен деп қорқып қашан алдына келгенімше зәре-құтым қалмады.

Сөйтсем жоғалған қызын сұрады, табамысың деді. Іркілгем жоқ, «табайын» дедім. Менің аузымнан «табамын» деген сөз шыққанда хан қуанып орнынан ұшып тұрып олай-бұлай жүріп:

«Егер, – деді, – қызымды тауып беретін болсаң, сол қызымның өзін, болмаса уәзірімнің қыздарының ішінен таңдаған қызыңды өзіңе алып берем», – деп уәде берді. Қыздарды шақыр деп еді, сау етіп хан отырған үйге он шақты қыз жетіп келді, қыздардың сұлулығы сондайлық, бірінен-бірі өтеді. Төмен қарап үндемей отырдым да ибағатпен ханға:

— Мынау уәзірлердің қыздарының ішінен өзіңіз лайықтаған біреуін бересіз, – дедім. Хан бетіме қарап алды да ортада тұрған бір қызды нұсқап, қолын созып көрсетті. «Мынау, – деді, – Бұл Тайық деген бас уәзірдің қызы – Шолпан. Осы сенің қалыңдығың», – деп қызға қарап еді, қыз ұялып төмен қарады. Басқа қыздар Шолпанды ортаға алып, хан рұқсат еткен соң шығып кетті. Менің де көңілім өсіп қуандым, недәуір көтеріліп қалдым. Бақытыма қарай хан кез болды, енді жолым болар. Ханның қызын тауып беруім керек, бұл маған қойылған серт деп ішімнен ойландым да отырдым.

— Жә, менен қандай жәрдем, күш, құрал, сайман керек етесіз? – деді хан.

— Қырық жігіт әскерлік құрал-күштерімен ертең кешке дайын болсын, бірақ ол жігіттеріңіз менің әмірімде болып, не бұйырсам соны орындайтын болсын дедім. Хан «құп» деді. Мен де ертен кешкіге әзір болдым. Ертеңінде кешке таман сауыт, сайманымен қырық жігітті ертіп кәдуілгі көрген зиратқа келдік. Жігіттердің бәрін де зираттың ішіне жасырып қойып, қазір мынау таудан айдаһар келеді, соны аңдимыз. Анау қақпа тасты ашып қуысына кіргенде даяр тұрыңдар, шыға берісінде соғысамыз, – дедім жігіттерге.

Көз байланған соң күндегі әдеті бойынша таудан еңбектеп айдаһар да келіп, қақпа тасқа ілінді. Қақпа тасты қопарып аударды да кіріп кетті.

— Әне, көрдіңдер ме? – дедім жігіттерге.

— Көрдік, – деді.

— Біздің алысатын жауымыз осы. Егер өлтірсек, қыз табылады. Барлық күшті жинап ол айдаһар суретіне түспес бұрын, адам суретіндегі күнінде айқасып қалуымыз керек, – дедім. Қырық жігітпен қақпа тастың аузын тостық, өзім жігіттердің алдынан белсеніп қару-сайман қолға алып әзір болдым. Таңға жуық айдаһар ысылдап шығып келе жатқанда демімен тартып еді, жігіттердің бәрі де қаша жөнелді. Мен семсерді екі қолыма көлденең ұстап айдаһардың аузын тіліп өте шықтым.

Мен талып қалыппын, жігіттер қашып ханға барып, қайыршы айдаһармен алысып қалды, біз қорқып қашып кеттік дейді. Хан екінші рет жібергенде, бұлар келіп айдаһардың өліп қалғанын, менің талып қалғанымды көреді. Менің басымды сүйеп, есімді жинағаннан кейін қақпа тастың ішіне кіріп, қызды алып шықты. Жұрт шапқылап ханға хабар жеткізді. Хан отыз күн ойын қырық күн тойын жасап, екі той бір болсын деді. Шолпанды маған берді. Мен Шолпанды алған соң, ханға уәзір болып қызмет істедім.

Менің атымды хан Жолдыаяқ қойды, бұрынғы өз атым Хакім болатын. Сонымен жақсы тұрмыста төрт жылды өткіздім. Үйлі, бала-шағалы болдым. Ханға қызметім жақты. Хан сондайлық маған сенеді. Басқа уәзірлерден жасырын сырларын маған ғана айтатын болды. Бір күні түнде жүгіріп, Сағила деген жеңгем келіп суық хабар тигізді. Сағиланың сөзіне қарағанда, сол түннің өзінде қырық батыр жиналып, ханның бұйрығы бойынша мені дарға аспақшы болыпты. Мұны естіп Шолпанға ақылдасып едім, Шолпан мұны мен де естідім, бірақ сені хан өлтірсін деген бұйрыққа сенбедім. Сенбеген соң саған айтпап едім. Менің естуімше, сені өлтірем деуші айдаһардың інісі дию дейді.

Бұдан ханның қызы куәлік беріп, бұрын бір диюдың соңынан қақпа тастың қуысына еріп келгенін көріп едім, – депті дегенде, менің зәрем ұшып кетті. Көп ойландым, ханның алдына барып бастан-аяқ хал-жағдайымды айтсам ба екен дедім, бірақ диюдан өзі қорқып отырған хан ұстап алып өлтіртеді ғой деп ойлап және қорықтым. Қашу керек дедім ішімнен. Бірақ Шолпанға бұл сырымды айтпадым. Амал қанша, Шолпанды тастап, сол түнде шаһардан шығып қашып кеттім. Соңынан менің қашып кеткенімді естіп, іле бүкіл шаһар халқы болып мені іздепті. Қарағайдың арасында бала-шаға болып жабыла қуды. Мен қашып келемін, қалың жұрт қуып келеді. Етегімнен әне ұстайды-ау, міне ұстайды-ау деген кезде менің көзіме маржан келіп елестеді. Бас салдым. Көтеріп алып жөнелді. Жұрт артымда шуылдап не деген керемет деп қала берді. Маржанның астында баяғыдай салбырап келемін, әлдене замандарда бір қамысқа келіп аяғым ілініп еді, көзімді ашып жібердім. Ештеңе де жоқ, қалың қамыстың ішінде қалыппын. Жан-жағыма бұрылып қарап едім, биік құм таудан басқа көзіме еш нәрсе көрінбеді. Неде болса осы таудың басына шығайын деп екі етегімді беліме түріп алып әрең дегенде тауға шықтым. Таудың арғы жақ бетінде, тек жалғыз ғана көк шатырлы күмбез көрінді. Аяңдап отырып, күмбезге келіп едім, есігінің алдынан күзетші әйел кез болды. Кіруге рұқсат сұрап едім, «тұра тұрыңыз, сөйлесіп келейін» деп, тұра жөнелді.

— Кіруге рұқсат, – деді. Күзетші әйелдің соңынан есіктен кіріп, аралап кең сарайға келсем, асыр салып, билеп жүрген қырықтай жас қыздарды көрдім. Ол ханның Қадиша деген жалғыз қызы, қасындағылары соның күзетшілері екен. Бұрын ешкімді үстеріне жібермейтін тәртіптері болса да, бұл жолы маған ондай тәртіп қолданған жоқ. Не керек, өздерімен бірге күмбезде асыр салып ойнап, көп уақыт өткіздім. Қадишамен жақсы таныс болдым, мені сарайдан шығарғысы келмеді. Бірақ мен ол өмірге риза болмадым. Менің есіл-дертім туып-өскен өз шаһарым болды да тұрды. Жатсам-тұрсам, осылардың есігінен қалай шығып құтылар екенмін деймін. Бір күні барлық қыз жапатармағай сыртқа шықты, мен де шықтым. Ойнап жүріп қыздардың арасынан сытылып қаштым. Тұра қуды, құтқармауға айналды. Састым, не қыларымды білмедім. Енді, ұстаса оңдырмас, ханға айтып дарға асады ғой деп ойлаймын. Енді, ұстайды-ау дегенде, ойламаған жерден тағы да маржан сап ете түсті. Шап бердім, көтеріп ала жөнелді, қайда алып барады, қай жерге тоқтайды, онда менің жұмысым жоқ. Шынында, ойлауға мұршаң да келмейді. Жылдамдығы ұшқанда сондайлық, көзіңді аштырмайды ғой. Не заманда табаным жерге тиіп, қолым босап, көзім ашылып кетті. Қарасам өз шаһарым, өзіміздің мешіт тұр. Мешітке қарай жүгірдім. Келсем жұрт жиналып, намаз оқығалы жатыр екен. Мені көріп құшақтап, бірінен соң бірі сүйіп, төсіне қысып мәз болды да қалды. Менің қайда, қалай барып келгенімді сұрады; несін жасырайын, бәрін айттым. Жұрт былай деп жорыды: «Ол, сенің маржан дегенің бақыт құсы, анау, бастапқы уәзірдің қызы бірінші жұбың, екінші құдай қосқан жұбың Қадиша екен, ол саған туғаннан ғашық еді. Сені күтіп жатқан беті болатын, сен одан бекер қаштың», – деді. Мұны есіткенде жаман өкіндім. Расында, Қадишаны алып кетуім керек екен, бұл бір өмірлік өкінішім болды. Мен содан бері қатты өкінішті болдым. Қайғырып, зарлайтын болдым. Ал мешіттің төбесіне шығып алып, мезгілсіз азан шақыратын себебім сол бақыт құсы тағы келе ме деп үмітті болам. Зікір салмауға ешбір дәт-қуат менде қалған жоқ. Еріксіз бақырамын да тұрамын. Кейбір шаһар халықтары мені жынданған деп те сөз қылатын көрінеді. Олардың сөзі ойыма да кіріп шықпайды. Міне, менің мезгілсіз зікір салатын себебім осы, – деді азаншы.

Атымтай азаншының аузынан әңгімесін естіп болған соң, рұқсат сұрап шебердің шаһарына жүріп кетті. Көп уақыт жүріп шаһар келді, шаһарға келіп шеберге азаншының мән-жайын, азаншының өзі айтқандай қылып түгел айтып шықты. Мініскер Атымтайға: «Енді, мен шеберлік жайымды айтайын, сен құлақ салып түгел тыңда», – деді.

— Менің шаһарым осы арадан мың шақырым шамасында. Шаһардан қашып келіп отырған мен бір қашқынмын. Менің әкем жай ғана қолөнерші еді, әкемнің тәрбиесінен бе, әйтеуір қолөнер жұмысына жасымнан берілдім. Қолымнан келмейтін өнер жоқ, он саусақтан өнер төгілді. Мен темір де соғамын, темірден түйін де түйемін, ағаштан жасамайтын, түймейтін түйінім болмайды. Атадан жалғыз едім, әке-шешем қартайып мені үйлендірмекші болды. Көп уақыт қыз таңдадым, лайықты сұлу қыз кездеспеді, осы қандай ай мен күндей сұлу десе де соның бірде-бірі маған ұнамады. Тіпті неге сондайлық сыншы болып кеткенімді білмеймін. Бір күні үйіме бір ақсақал келіп қонды: «Балам, қалыңдығың бар ма?» – деп мені айналдырды. Жайымды айттым. Маған сұлу керек еді, сұлу таба алмадым дедім.

— Сенің көзің сұлу зат жасап әбден машықтанып қалған, саған жуыр маңдағы өңі сұлу қыздар ұнай қоймас деді. Ақсақалдың мұнысы рас еді.

— Иә, ақсақал, өзіңіздің табар сұлуыңыз бар ма? – дедім.

— Менің тапқан сұлуым саған ұнамайды, ондай сұлу дүниеде болмау керек, болса мұнан артық сұлу бұл өмірде көргенім жоқ, – деді. Шамасы, ақсақалдың жасы алпыстан асқан еді. Алпыс жыл өмірімде мұнан артық сұлу көрмедім дегенде, жүрегімді калтқысыз сендірді. Ақыры, ақсақалға еріп, айтқан сұлуын іздеп бардым. Барсам дүниеде жоқ сұлу десе, сұлу екен. Бар сын көзіммен қарап, сынасам да тұрған бойынан түймедей мін таба алмадым.

— Ақсақал, – дедім, – сіздің мынау көрсеткен сұлуыңыз көңілге ұнады, мен мұндай сұлу көрген жоқ едім. Мақтауға сөз таба алатын емеспін, – деп ем, ақсақалым қарқылдап күлді. Сол жолы ақсақалдың жәрдемімен құда болып қалың малын төлеп, сұлуды алдым. Сұлудың аты Айсұлу еді, Айсұлуды алғаннан бері жұмыс істеп кәсіп қылуға мойын жар бермеді. Желкеден бір нәрсе тартып тұрған сияқты, қасынан шықсам, көзінен таса болсам, жаным шығып кете жаздайды. Айсұлу да мойныма оралып қасынан шығарғысы келмейді. Еңбек етіп мал тауып күн көру керек еді. Ол менде болмады, кемпір-шал өлді. Тұттай болып кедейлендік, қолдағы бар таусылды. Осы жоқшылықтың бәрі де Айсұлудың қасында отырғанда ойға кіріп те шықпады. Бір күні біреулермен еріп жолаушы шығатын болдым. Менің жолаушы шығатынымды Айсұлумен ақылдасып бір ай бұрын әрең шештік. Сонымен жүріп кеттім. Жолаушының еркі өзінде бола ма, «құдайы қонақпыз» деп бір үлкен ақ ордаға келіп түсе қалдық. Бес-алты адам едік, күтті. Түнде бір құмалақшыға бәріміз де құмалақ салдырдық, менің кезегім келгенде құмалақшы бетіме бір қарап алды да жайып қойған құмалаққа қарап:

«Балам, – деді, – сенің ажалың әйеліңнен болады», – дегені ғой. Сенгенім жоқ. Оттап отыр деп ішімнен ұрыстым, бетіме және қарап:

«Маған сенбей ішіңнен ұрсып отырсың ғой, әйеліңнің таңға жуық еті мұздап, еркекпен бірге тамақ ішпейтіні рас па?» дегенде шошып кеттім. Осы иттің айтып отырғаны сандырақ, сандырақ та болса мынау сөзді тауып айтты-ау деп корықтым. Шынында, Айсұлу басқа еркек түгіл өзіммен бірге де отырып тамақ ішпейтін еді. Және таңға жуық еті мұздай болатын, ойлаушы ем, еркекпен бірге тамақ ішпеуінің, таңға жуық етінің мұздауының бір себептері бар ғой, сол себептерін сұрасам көңілі қалады ма екен дейтін ем. Барған сон енді сұрамай болмас, деген ойға келдім.

— Ал, балгер, рас-ақ болсын, енді барған соң, сөйтіп, ол әйелмен айрылысу керек дейсіз бе? – дедім.

— Енді жан керек болса айрылысасың, болмаса әйеліңнің қолынан өлесің, бұл екі арасы өзіңнің таңдауыңша, – деді. Мен, сол қорыққаннан қорқып, қорқынышты үстіме үйге жеткенше таудай қылып үйіп алдым, үйге келген соң, әйелімнің бетіне қарасам, жүрегім аузыма тығылып, кеудемнен бір бәле тіреп тұрған сияқты болды да қалды. Қорықсам да қайтейін. «Менімен бірге тамақ іш және таңға жуық етің неге мұздайды, айт» деп жабыстым. Ашулануға айналды, өңі өзгеріп, буынып барады екен, табан тіреп сөзімде тұра алмадым. «Ойпырым-ай, сұлуым-ай, неге ашуландың» деп қорыққанымнан мойнына оралдым. Жан тәтті ғой, жанымды қоярға жер таппай, жаман сасқаным. Сонымен неде болса қашып кетейін, қашқын болайын деген қорытындыға келіп, сұлудан қайтып безудің ақылын таба алмадым. Бір күні мұрныма мақта тығып, ауа кірместей қылып тастадым да сұлудың қасында өтірік ұйықтадым да жаттым. Түн ортасында төсектен атылып жерге түсті, сандықты ашып жақсылап киінді, айнаға қарап таранды, бір нәрсені алып келіп мұрныма иіскетті, маңдайымды уқалап жіберді де шамды өшіріп үйден шықты. Бұл қайда бара жатыр, соңынан қалмайын деп, мұрнымдағы мақтаны алып тастап соңынан ердім де отырдым. Үлкен көшемен аяңдап отырып басынан шықтық, ордалы жыланның ініне келіп жылан суретіне айналды да кетті. Мұны өз көзіммен көрдім, бұрынғы қорқыныш па, қорқыныш онан жаман зорайды. Ізімше қайтып келіп орныма жата бердім. Мұрныма мақтаны тығып қойдым. Бұл сайтан ба, әлде диуана ма, пері ме деймін де тағы ойланам. Не заманда, таңға жуық келді, шешініп келіп орнына жатып еді, еті мұздай екен, әрине, жер бауыры суық келеді ғой. Жыланмен ойнап-күліп, жерден шығып келген соң солай болу керек. Сонымен ертеңінде түнде өз үйімнен өзім үркіп қашқын болып шаһарымнан шығып, міне осында келдім. Мен келгелі бір қыдыру жыл болды. Артымның не күйде болып қалғанын білмеймін. Мұнда келген соң ағаштан түйін түйіп кімге не керек, керегіне қарай нәрсе жасап шығарамын. Сол қолымнан жасап шығарған нәрсем сондайлық сұлу болып шықса, отырамын да: «Осы, сірә, сұлуда менің не жұмысым бар, басыма тиіп еді ғой», – деп жерге ұрып, быт-шытын шығарамын да өзімді-өзім басқа ұрып, ақырында қарқылдап күлетінім сол. «Бұған да шүкірлік, басым аман қалғанына қуануым керек», – деймін. Міне, менің барлық хал-жайым осы, – деп шебер Атымтайға әңгімесін айтады. Атымтай шебердің жалпы жайымен танысып, әңгімесін есіткеннен кейін аттанып жүріп кетті. Атымтай сол жүргеннен жүріп Қаридың шаһарына келіп, Қаридың өз үйіне түсті. Қариға шебердің жайын айтып, енді Қарияның өз жайын сұрады. Қари:

— Мен ұры едім, ұры болғанда, мал яки зат ұрлайтын кәдуілгі ұры емес, адам ұрлайтын ұры едім. Ол күнде менде төл ат қып мініп жүрген Тобышақ деген атым бар еді. Атымның орамдылығы, шапшаңдығы сондайлық, атылған оқпен жарысатын. Сол атпен жүріп, бір шаһардың адамын көшеден кез келген жерден алдыма өңгеріп ала қашып, екінші шаһарға алып барып, пұл қылып сатып жіберетінмін. Осыны кәдімгі кәсіп қып жүрдім. Бір күні бір шаһардан бір адамды екінші шаһарға сатып келе жатсам, жол айрығында бір ақсақал отыр. Жақындап келгенімде ұшып тұра келіп, амандасты. Сол уақытта менің ойыма құдай мынау ақсақалды оңайынан берді ғой, өңгеріп ала кетіп бір жерге құлдыққа сатып жіберейін деген ой кірді. Бірақ сәлемнен кейін: «Балам, дос болайық», – деді. Мен жөнді жауап бермеп ем, «менсінбей тұрмысың» – деді. Және «Балам, қандайлық кәсіп істейсің?» – деген сұрақты көлденеңінен қойып кеп жіберді. «Кәсібім ұрлық» – дедім. «Адал кәсіп істеуге болмай ма?» – деді. «Адал кәсібіңіз не? – дедім. «Дос болсаң мен адал кәсіпті үйретемін, дос болайық» – деп жабысты. «Болсақ болайық» – дедім.

— Олай болса соңымнан ер, – деп ақсақал алдыма түсіп, жортып жөнелді. Шауып келемін, Тобышақтан тер де шықты, әсілі Тобышаққа жеткізетін емес сияқты. Сол жүрген бетімен жүріп келіп сәскелікте үлкен дарияға кездестік. Ақсақал кәдімгі қара жерде жүргендей судың бетімен жүгіріп алып жөнелді. Мен суға келіп тіреліп тұра қалып едім «жүр» деп айқай салды. Мен де суға Тобышақты салып жіберіп жүгіріп өте шықтым. Алдымыз биік жартас еді, шатқа келіп тірелдік. Атты саяға байлап, жоғары шықтық.

— Балам, – деді, – қорықпа, сескенбе және масаттанба, – дегені ғой.

— Жарайды, – деп тәуекелге міндім. Келе үлкен жартасты етекке домалатып, жердің құлағын ашты. Үңіліп қарасақ терең аңырайған қуыс екен, ақырындап жел ызғырып тұр. «Жүр» деп шал бастап кіріп кетті. Мен де соңынан еріп келемін, азырақ барған соң ар жағы үй болып шықты. Бір есікті ашып кіріп келіп еді, байлаулы тұрған дәл менің Тобышағымдай он екі тобышақ тұр. Онан әрі жүріп еді, алдымыздан шалқыған жалын, ысқырған айдаһар, не түрлі бәлекеттің бәрі ауыздарын ашып, тілдерін жалақтатып қарсы шықты. Ақсақал қамшысын иіріп, ашуланып еді, жалын сөніп, хайуандар бүйірін соғып жата кетті. Онан әрі және бір есікті ашып кіріп келдік, ай мен күндей бір сұлу қыз кездесті. Ақсақал қызды көре «шешін» деп зекіріп, қамшысын иіре берді. Қыз жалбарынып адамның іші-бауырын елжіретерлік не түрлі тәтті сөздерді айтып, шешінбеу айласына көшті. Ақыры шал жанын қоймады, көйлегін шештірді. Қыз тәнімді ашамын ба деп жыламсырап жалынып еді, ақсақал онысына көнбеді, еріксізден тыр жалаңаштады. Қыздың еті аппақ қардай адамзаттың аққуы екен. Қыз сол мезет құлап түсіп еді, аузынан ақ көбік бұрқырап, үйдің ішін көбік басып кетті. Дәл сол уақытта ақсақалдың қызды жалаңаштағанына мен де ішімнен наразылық білдіріп тұр едім, ақсақалым көңілсізденіп:

«Балам, – деді, – сен көңіліңді мықтап ұста, маған да, өзіңе де жаман болады, былқылдама», – деді. «Осы есіктен шыға алмай қалармыз, көңілді мықты ұстайық», – деді. Маған десе қызды қуырып жесін деп бекіндім. Қыздан өтіп және бір есікті ашып кіріп едік, адам айтқысыз жиһазға кездестік. Кейін он екі тобышақты айдап келіп қазына-мүлік, жиһазды теңдеді. Сөйтіп, тобышақтарды мен сыртқа айдап жөнелерде ақсақал қыздың аузынан шыққан көбіктен бір қуық көбік алды. Келген жолымызбен тобышақтарды айдап қосылған тарау жолға келдік. Ақсақал тұра қалып: «Ал, балам, мынау қазынаның қаншасын аласың, дос едің және сені адал кәсіпке баулымаққа уәде берген едім», – деді.

— Досыңнан түйе сұра, қимастығынан бие береді, – деп мен тобышақты жүгімен қақ жарымын сұрадым. Ақсақал оған қынжылмады. «Балам, бөліп, жартысын ал», – дегені. Ал тобышақты жүгімен айдап, алдыма салып, ақсақалға қоштасып жөніме жүріп кеттім. Былай шыққан соң ойыма келді: «Апыр-ай бәрін неге сұрамадым, сұрасам да беретін еді ғой», – деп, көңіліме келе берді. Тұра қалып қолымды бұлғап айқайлап қартты шақырдым, жетіп келді. «Не айтасың, досым?», – деді. Мынау өзі бір жақсы адам екен, сізді шақырғаным ана алған алтын тобышақты жүгімен маған беріңіз, керек болса өзіңіз тағы да барып аласыз ғой дедім.

— Ал, балам, достан кісі мал аяй ма? – дегені. Сөйтіп, он екі тобышақты айдап және жөнелдім. Пендешілік қандай, көңіліме тағы жаман ой келді, осы он екі тобышақтан анау қуық: қыздың аузынан шыққан көбік артық шығар деп ойладым, тағы айқай салып, шақырдым. Аяңдап жетті.

— Не айтасың, балам? – деді.

— Көбіктің жайын сұрайын деп едім, ол неменеге керек, мүмкін ол көбік мына он екі тобышақтан қымбаттырақ шығар, – дедім. Ақсақал үндемей біраз тұрды да, мынау көбікті адамның көзіне жақса, дүниенің бәрі жұмақ болып көрінеді деді. Жабыстым, ал ақсақал менің көзіме жақ, жұмақты көрсет дедім. Қуықтың аузын шешіп, көбіктен екі көзіме жағып кеп жіберіп еді, көзім соқыр болды да қалды. – Ақсақал ау, ақсақал, көзімді жазып кет, – деп жалынып ем: көзің жазылады «Еннама ағымалы беннети» деп айта бар деді. Сол жолдың үстінде осы сөздерді қайталап қақсадым да отырдым. Жүргіншілер кездесіп шаһарыма әкеліп тастады, сонан міне осы күнге дейін көзім жазылама ма деп күні-түні қақсаймын да отырамын. Былайғы жұрт менің неғып отырғанымды білмейді. Әйтеуір бір аят сөзді оқып отырған соң «Қари» деп ұғынады. «Мен қандай Қари болайын, өмірі басым сәждаға тиіп көрген емес» – деді.

Атымтай Қаридың әңгімесін есіткеннен кейін онан аттанып Гәуһәршәшбенің шаһарына, Гәуһәршәшбеге келді. Гәуһәршәшбеге Қаридің барлық жайын айтқан соң, Гәуһәршәшбе гауһардың қайдан шығып жатқанын айтты. Он алты – он жетілер шамасында Гәуһәршәшбе өз сарайында Зейніл деген байдың қолында малайлықта болады, малайлық кісі есігі қандай қиын, адамның өмірі өксиді екен деп әңгімені өз өмірінің кісі есігінде жүрген күнінен бастады. Байдың қолында екі ақбоз тұлпары болды. Бір күні бай жолаушылап келді де, дәл түнде таң асып тұрған атты суарып, отқа қой деді. Аттарды суарып, құдық басында тұр едім, көлденеңнен екі ұры пайда бола кетті. Мен басында ұры екен деп ойлаған жоқ едім. Жай адам ғой деп қашпадым. Жақындап келді де, тізгінімнен шап беріп аттан аударып тастады. Өзімді тіл ауыздан қалдырып өлімші қылып сабады. Бет-аузымды қан жауып кетті, ұрылар атты алып жөнелді. Есімді жинаған соң аяңдап байға келіп істің мән-жайын айтып ем, сенбеді. Өзің қолыңнан жөнелтіп келдің деп басыма келіп міне түсті. Тепкілеп көк ала қойдай етіп серейтіп босағаға салып қойды. Ыңырсып жатырмын. «Мынау сорлыға обал болды-ау» – деген ешкім болмады. Есімді жиып алып басымды көтеруге айналсам, бай және ұрып өлімші етеді. Сол түн таң атқанша таяқ жеумен болдым. Бүйткенше өлейін, таудан құлайын деп еңбектеп құздың басына шықтым. Құздың басында тұрып; жерге қарасам, көз жетпейді, тіпті алыс, ойыма әр түрлі нәрселер түсті. Сөйтіп отырғанымда, қасыма бір ақсақал келіп, енді құлауға ұмтылған мені етігімнен ұстай алды. «Егер мынадан құласаң, дымың да қалмайды. Өзіңді-өзің азапқа салғалы тұрған неткен жансың, мұның жарамайды» деп айтты және «мұнан былай қарай, өз күніңді көр, бейшара», – деп бір қуық көбік берді. Көбікті топыраққа шашсам гауһар болып шығады және көбік таусылмайды, менің кәсібім шаһардағы бұрынғы өзім сияқты ғаріп, ғасірлердің тұрмысын оңдау болып отыр. Менің атымды шығарған осы қуық еді деп, қуықты жан қалтасынан суырып алды. Бәну жомарттығын сенен асырамын деп қайыршыларға мырзалық құрып отыр, оның қазынасын көтеріп, жәрдем беріп отырған мен. Өйтпеген күнде оның жомарттығы сенен анағұрлым төмен, – деді. Және қазірдің өзінде Рум шаһарында хан сайлауы басталды, соған дейін жетуің керек деді. Атымтай Гәуһәршәшбенің әңгімесін естігеннен кейін Бағдатқа келді. Бағдатқа келген соң Зейнілғабиденді Бағдат шаһарына хандыққа сайлап, Бәнуді қырық күн ойын, қырық күн тойын жасап өзі алды.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
ертегі Атымтай Жомарт туралы ертеги казакша сказка на казахском, сказки Атымтай Жомарт для детей на казахском языке, балаларга Атымтай Жомарт арналган кызыкты ертегилер, 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер, ертегилер Атымтай Жомарт казакша оку, Атымтай Жомарт

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]