Ертегі: Батыр қойшы

Ертегі: Батыр қойшы

Ерте заманда бір қойшы бір байдың есігінде жиырма жыл қой бағыпты. Күндерде бір күн ел-жұртын сағынып, туған-туысқандарына барып қайтуға байдан бес жылға ұлықсат алады. Ол үшін келген соң тағы да жиырма жыл байдың қойын бағатын болады. Жиырма жылғы ақысына бай қойшыға бір саржа мен бір құнан шығар ат береді. Қойшы қуанышы қойнына сыймай еліне қайтады. Қойшы бірнеше күн жүргеннен кейін, бір елге келеді. Келсе, ел-жұрты жиналып, абдырап, шаршап отыр екен. Сұрастырса, ханның сөзге шебер, көркемдігіне көз таң қалғандай жалғыз қызын бір түнде ұйықтап жатқан жерінен дәу ұрлап алып кетіпті.

Хан не істерін білмей елді ақылдасуға жиған екен. Ханның шабарлары шеттен келген қойшыға мән-жайды айтып:

— Осы дәу алып кеткен қызды тауып әкелген кісіге ханымыз сыйлық береді, сіз тауып әкеле аласыз ба? – дейді.

— Жарайды, іздейін, алты айлық тамақ даярласын, қасыма екі мықты жолдас ертіп, үшеумізге бір күймелі арба берсін, – дейді қойшы аз ойланып.

Хан хабарланып қойшының айтқандарын береді. Үшеуі елден шығып бірнеше ай жол жүреді. Бір уақыттар болғанда дәулер мекендеген таулы аймаққа келеді. Үшеуі тоқтап, демалып тынықпақ болып орманның арасына түседі, тынығып жатады. Бір күні қойшы «Барып тоғайдан құс аулап кел» –деп үлкен жолдасын жібереді. Ол тоғайды аралап құс таба алмай жүріп, бір жер қыстауға кездеседі.

Алдынан мыстан кемпір шығып:

— Сен неге келдің? Қазір, осында ергежейлі бар, ол сені өлтіреді, ізіңше кет, – дейді. Қойшының жолдасы батырсынып:

— Мен одан қорықпаймын, – деп кете қоймайды. Бір уакытта анадай жерден бойы кіші бір адамның келе жатқанын көреді. Бойы кіші бұны көріп:

— Әй, сен кеге келдің, көрмегеніңді көрсетейін бе? – деп соқтыға кетеді. Қойшының жолдасы әлсіреп, өзінен бірнеше есе кіші ергежейліден таяқ жеп кері қайтады. Бірақ жолдастарына болған оқиға туралы ештеңе айтпайды.

Екінші күні қойшының жолдасы құс аулауға қолына саржа алып шығады. Тоғайдан ешбір құс таба алмай, алдыңғы күні жолдасы басынан кешірген жағдайға бұ да ұшырайды. Басынан өткен оқиға туралы бұл да ештеңе айтпай: «Тоғайдан ешбір құс таба алмадым», – деп келеді.

Үшінші күні қолына саржасын алып, қойшының өзі тоғай аралап келеді. Бұл тоғайды аралап жүріп, бір қаз атып алады. Содан бұл да байқамай жаңағы жер қыстаудың, үстінен шығады. Тағы да мыстан кемпір алдынан шығып:

— Ә... сен тағы келдің бе? Кет қазір, кішкентай келсе сені өлтіреді! –дейді. Қойшы:

— Мен одан қорықпаймын саржам бар, онымен келісермін, – дейді. Солай дегенше мыстан кемпір жоқ болып кетеді де, кішкентай келіп қалады. Кішкентай айқайлап:

— Тағы келдің бе? Тыңдамайды екенсің, – деп жұдырығын ала жүгіреді. Қойшы:

— Тоқта, келісерміз. Саған қонақасы әкелдім, – дейді. Кішкентай:

— Кәне, көрсет, – дейді. Қойшы:

— Жүр үйіңе кірейік, міне, қаз, – деп қолындағы қазын береді. Кішкентай бұны ертіп үйіне кіреді. Одан кейін қаздың етін қазанға аса бастайды. Қойшы аңдып отырып, қазан қайнап келе бергенде кішкентай дәуді көтеріп алып, қазанға салып жібереді де кақпағын жаба қояды. Тұншығып ержегейлі өліп кетеді. Қойшы жер қыстауды аралап, барлық есіктерді ашып қарап жүрсе, бір алтындаған есікке тап болады. Есікті ашса, бөлме ішінде хан кызы отыр. Хан қызы қойшыны көріп:

— Қайдан келдің, бұнда қалай кірдің? Қазір дәу келеді, – дейді.

— Дәуді жайғастырдым, жүр, әкеңе алып қайтамын, сені іздеп келдім, – дейді қойшы. Қыз киіне бастайды. Қойшыға бір жібек орамал, алтын сақина береді. Бірақ қойшы жер қыстау ішіне ол орамалды ұмытып кетеді.

Сонымен қойшы мен ханның қызы екеуі тоғайға жолдастарына келе бергенде, қойшының есіне ұмытылған орамал түседі. Қойшы кері кетпек болса, хан қызы:

— Барма! Басқа орамал берейін, – дейді.

— Маған әуелгі алған орамалым керек, – дейді қойшы. Жолдастарына:

— Мені күте тұрыңдар, тез келермін, – деп қайтып кетеді. Жолдастары «мақұл» деп қала береді. Қойшы жер қыстауға барып, орамалды алады, дәудің сыбызғысын да алып, жолдастарына қарай кері жүгіреді. Оларға жақындап келе бергенде, жолдастары аттарына қамшы басып бұған қарамай қаша жөнеледі. Қойшы әрі айқайлап, бері айқайлап тоқтата алмай жаяу қала береді. Қойшының екі жолдасы хан қызын қорқытып, арбаға отырғызып, өздері қызды ханға тапсырып жақсы атаққа ие болғысы келеді.

Жалғыз қалған қойшы тоғайды аралап, сыбызғы тартып жүрсе, іннен бір үлкен дәу шыға келеді.

— Кешегі кіші дәуді өлтіріп, сыбызғысын алған сен бе? Кір мына інге! – дейді. Қойшы амалсыздан інге кіреді. Ін дегені таудың қуысы болып, дәу қойшыға жылқысын бақтырады. Бір жыл бойы жылқысын жақсы баққаны үшін дәу разы болып:

— Ертең еліңе, үйіңе жіберемін, мына кебежені ашып, ондағы заттарға қолыңды тигізіп жүрме, – дейді де, өзі аңға кетіп қалады.

Қойшы дәу кеткен сон, «не болса да мейлі» деп кебежені ашады. Ашса, іші толған алтын екен. Қойшы жұдырықтай екі алтынды жанына салып алады. Бір уақытта дәу келіп:

— Кебежені ашқан кім? – дейді.

— Ешкім ашқан жоқ, – дейді қойшы.

— Ендеше, мынау қайдағы алтын? – деп қойшының жанындағы алтынды суырып алады.

Дәу бұл ұрлығы үшін тағы да екі жыл жылқы бағуға қалдырады. Күндерде бір күні екі жыл да бітеді. Тағы да дәу бір жаққа барып келмек болып: «Еш нәрсеге тиюші болма, ертең еліңе қайтарамын» дейді де, өзі бір жаққа кетіп қалады.

Қойшы айнала қарап жүрсе, бір бұрышта үйіліп жатқан гауһар тастарға тап болып, біреуін алып, етігінің қонышына тығады. Бір мезгілде дәу келіп, заттарын түгендегенде, бір гауһар тасы жоқ болып шығады. Дәу іздеп жүріп, қойшының етігінің қонышынан бұны да тауып алады.

Тағы да қойшыны айыптап бір жыл жылқы бақтырады. Енді қойшы мұңайып шаршап, еш нәрсесіне тиместей болады. Бір жыл да бітеді. Дәу тағы бір жаққа кетпек болып: «Енді ертең еліңе жіберем, еш нәрсеге тиюші болма» – дейді. Қойшы: «Жарайды», – деп қалады. Дәу кетеді. Қойшы еш нәрсесіне тимей сақтық жасайды.

Дәу келіп, заттарын түгендеп, заттары түгел болған сон, разы болып, бір шамалы ат пен ескі шилан, ескі белбеу, тот басқан қылыш беріп еліне қайтарады. Дәу қойшыға: «Жолдастарың кеткелі төрт жыл болды, олар адасып жүр, әлі бір жылсыз еліне бара алмайды», – дейді де, жүру жолын үйретеді.

— Осы арада дария бар, соның үстінен тіке өт, қыз берген орамалды көтеріп, қылышыңды бұлғап шап, сол кезде алдыңнан су үстіне көпір тұрады да, артыңңан сына берер, еліңе жолдастарыңмен қатарлас жетерсің, – дейді.

Қойшы атына мініп, орамалын көтеріп, қылышын бұлғап, шаба береді. Дарияның үстінен көпір тұрады да, артынан қирай береді. Аты да жүйрік болып шығады, үш ай дегенде ханның еліне жетеді, сонынан «жолдастары» да жетеді.

Қойшы келгенін хабарламай бір үйде қонып жатады. Ертеңіне хан қызы келген соң, елін жинап үлкен той жасайды.Тойға көп жұрт келеді. Хан сарайындағы алдынғы топқа барып қойшы да отырады.

Сол жерде қойшының қолындағы сақинасын көріп, ханның қызы ханға қарап:

— Мені дәуден құтқарған мына батыр, – дейді. Хан оны есітіп, қойшыдан барлық жағдайды сұрап біледі, қойшы тастап кеткен екі жолдасын табанда дарға астырып өлтіртеді. Той болып, ат шаптырылып, күрес болады. Ат бәйгесінде қойшының аты озып келіп, бірінші бәйге алады. Күресте қойшы ханның балуанын жығып, абыройлы болады.

Той біткен сон, қойшы ханға келіп:

— Ал, хан қызыңды тауып әкелдім, сыйлығымды бер, жоғалып табылған қызыңды да маған қиярсың, – дейді. Хан уәдесінен тайып:

— Қызымды қойшыға бере алмаймын, өзімдей ханның ұлына беремін, басың аман, бәйгенді алдың, одан артык, сыйлық қайда? – дейді. Қойшы ашуланып:

— Уәдеңді орында, әйтпесе тұрысатын жеріңді айт! – дейді.

— Жарайды, – дейді хан.

Ертеңіне таң атқан соң майдан басталып, хан жалғыз қойшыға бес жүз әскерін шығарады.

Қойшы орамалын көтеріп, қылышын бұлғап, соғысқа кіріседі. Қылышын оңға сілтесе, он болып, солға сілтесе, сол болып, ханның бес жүз әскерінің бірін қалдырмай қырады.

Бұны көрген ханның зәресі ұшып, батырлығын танып қорыққанынан қойшыға қызын береді, бар байлығының тең жартысын бөліп беріп, бас уәзірі ғып белгілейді.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
ертегі Батыр қойшы туралы ертеги казакша сказка на казахском, сказки Батыр қойшы для детей на казахском языке, балаларга арналган кызыкты ертегилер, 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер Батыр қойшы, ертегилер Батыр қойшы казакша оку, Батыр қойшы

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]