Ертегі: Кедей қызы мен хан баласы
Бұрынғы заманда бір хан халқын жинап, жарлық шашады:
— Менін жасым болса ұлғайды, төрімнен көрім жуық, менің орныма хан сайлап алыңдар, – дейді.
— Тақсыр, хан өлсе, ханның баласы хан болады, баласыз емессіз ғой, балаңыз хан болады, – дейді.
— Ал, ендеше, балам бүгіннен бастап хан болады, соған бағынасыңдар, – дейді хан. Баланың әке-шешесі өліп, арулап қояды. Бала бірнеше жыл хан болып тұрған соң халқына айтады:
— Ержеттім енді үйленгім келеді, – дейді. Ел:
— Тақсыр, үйленіңіз, – дейді.
— Ендеше, қол астымдағы қыздарды тегіс жинаңдар, – дейді хан. Халық тарап, қыздарын жақсы киіндіріп алдына алып келеді. Хан мұнараның басына шығып, жиылған қыздарға айқайлайды:
— Мен сендердің бәріңді алмаймын, біреуіңді ғана аламын, не жұрттан асқан ақылдыңды аламын, не жұрттан асқан сұлуыңды аламын, – дейді. — Ол үшін айтатын үш ауыз жұмбағым бар, соны шешкеніңді аламын.
Бірінші — күннің батысы мен шығысының арасы қанша жер, соны табыңдар;
Екінші — жер мен көктің арасы қанша, соны табыңдар. Үшінші — өтірік пен шынның арасы қанша, соны табыңдар, – дейді. Ол үшін бес тәулік мерзім береді. Сонымен қыздар бет-бетімен кетіп тарайды. Үлкен-кіші бұл жұмбақты шеше алмайды. Күндерде бір күн бір қыз қой бағып жүрген шалға кездеседі. Мерзім бітеді. Қойшы бір байдың малайы екен. Шал қоңыр тоны өмірінде үстінен түспеген, қоңыр өгізден басқаға мінбеген қойшы екен. Қыз мән-жайды шалға айтады. Шал айтады:
— Білмедім, шырағым. Менің үйде он үш жасар қызым бар еді, білсе сол біледі, – дейді. Қыз үйін сұрайды.
— Анау төбенің астында бір ауыл отыр, соның шетінде бір жерін алтын шапқан, бір жерін күміс шапқан үй бар, сол біздікі, – дейді. Қыз іздеп ауыл шетіндегі бір кедей үйіне кез болады. Ішінен «осы шығар» деп ойлайды. Жас қыз кесте тігіп отыр екен. Шаруа жайын соған түсіндіреді. Қойшының қызы айтпайды. Қыз айтпаған соң ханға келеді. Бірақ қойшы қызы киініп, артынан қалмай бірге жүреді. Келсе, хан қырық уәзірімен дайындалып, мұнарасының басына шығып тұр екен. Баяғы қыздардың бәрі жиналады. Жаңағы қойшының жас қызы солардың шетіне келіп отырады. Хан айқайлап:
— Менің жұмбағымды таптыңдар ма? – дейді. Жиналған қызадардың бірде-бірінде үн болмайды. Хан тағынан түсіп, жеке-жеке шұқып, сұрай бастайды. Бәрі де: «жоқ, жоқ»,— дейді. Ең соңында әлгі қойшының жас қызынан сұрайды. Қыз бұрын келмегендігін айтады. Жұмбақты хан қызға қайтадан айтып береді. Қыз ханның бірінші жұмбағына:
— Күннің батуы мен шығуының арасы бір-ақ күншілік жер. Ертеңгісін шығады, сол күні батады, – дейді. Екінші жұмбағын айтқанда:
— Тақсыр, жер мен көктің арасы астыңғы кірпік пен үстіңгі кірпіктің арасындай-ақ, – дейді,— себебі: төмен қарасам жер көрінеді, жоғары қарасам аспан көрінеді. Солай емес пе? – дейді қыз. Үшінші жұмбағына:
— Тақсыр, өтірік пен шынның арасы бес елі, себебі, құлақ есітеді, оның естігені өтірік. Көз көреді, оның көргені шын, екеуінің арасы бес-ақ елі, – дейді.
Хан жиылған қыздарды таратып, уәзірін шақырып:
— Мына қойшының қызын күт, он бес күннен кейін үйленемін, – дейді. Осы мерзімнен кейін неке тойын жасап, екеуі қосылады. Хан:
— Менен басқаға сыр айтпа, егер осы айтқанымды істемесең қанша ұл, қызың болса да тастаймын, – дейді. Екеуінің қаншама ұлы, қызы болады. Хан бір күні үйінде жатып ерігеді. «Хан еріксе, халық ойыншық болады» – деген ғой. Хан 40 уәзірін шақырып алып:
— Ей, сендердің қызықтарыңды мен де көрейін, сендер менің қызығымды көрдіңдер ғой! – дейді. Қырық уәзір:
— Е, тақсыр, көріңіз, – дейді. Оларға хан бір жұмбақ айтады. Бір ай мерзім береді, шешпесеңдер бастарыңды аламын, – дейді. Хан:
— Өтірік пен шынның арасы неде, соны табыңдар? – дейді. Уәзірлердің ешқайсысы таба алмайды. Мерзімі бітіп, уәзірлер қайта жиналады. Бас уәзір сұрамаған жан қалмаған соң ханымнан барып сұрайды. Жұмбағын айтса, ханым білетін болып шығады. Бірақ ол ханмен болған сертін айтады. Бас уәзір шығып бара жатып:
— 40 уәзірдің қаны сенің мойныңа, – дейді. Ханым ойланып қайта шақырып алады. «Қой, 40-уәзірдің қанын мойныма жүктегенше, айтайын, азар болса хан мені талақ етіп тастар», – деп, оған шешуін айтады:
— Өтірік пен шынның арасы қызыл тілде. Неге десең, даудан да, жаудан да айыратын тіл, өтірік пен шынды да айтатын тіл, осылай деп ханға айтарсың, – дейді ханым. Бас уәзір ханның айтқан жұмбағының шешуін табады. Бірақ «мұның шешімін кім тапты» деп сұрағанда, бас уәзір:
— Сенің әйелің айтты, – дейді. Хан әйелін шақырып сұрайды. Әйелі айтқандығын мойындайды. Хан әйелін тастамақ болады. Сонда әйелі «Қолымнан соңғы рет бір дәм татыңыз», – деп ханға тамақ береді. Мұндай тәтті, әрі дәмді тамақты хан өмірі ішпеген екен. Мас болып әйеліне:
— Айтқаным айтқан, тастадым, талақ, – дейді.
— Тоқта, ұлым бар, қызым бар, тілегім бар, – дейді әйелі. Хан:
— Бәрін де ал, тек астымдағы тағымды, үстіміздегі үйімді қалдырсаң болады, – деп, ұйықтап кетеді. Әйел 40 уәзірді шақырып алып:
— Үйінен, қора-жайынан, тағынан басқасын түгелімен өзге жаққа көшіріңдер, – дейді. Төрт күнде осының бәрі орындалады. Бесінші күні ұйықтап жатқан ханды да көшіріп, апарып тастайды. Хан оянып әйеліне:
— Талақсың дегенім есіңде ме? – дейді. Әйел:
— Қалағаныңды ал дегенің есіңде ме, халықты алдым, қазынаңды алдым, өзіңді алдым, қораң мен тағыңды қалдырдым, – дейді. Хан қараса бәрі рас. Қайтадан той жасап, хан әйеліне екінші рет қосылған екен...

Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: