Ертегі: Балықшы мен сиқыршы
Баяғы ерте заманда кемпір мен шал өмір сүріпті. Олардың бір қызы бар екен. Шал балық аулап, кемпір ау жамап, күндерін көріпті. Бір күні балық аулап отырған шал ағып келе жатқан бір сандықты көреді. Сандықты судан шығарып, үйіне апарады. Кемпір мен қызы екеуі жабылып, сандықты аша алмайды. Осы кезде көмекке шал келіп, зорға дегенде сандықтың аузын бұзады. Қараса, ішінде жеті бүктеліп, айдаһар жатыр екен. Ол басын көтеріп:
— Сен маған жақсылық жасадың. Мен бір ғасыр бойы осы сандықтың ішінде кептеліп жаттым, сендер мені босаттыңдар, сол замандағы бір сиқыршы маған өшігіп, айласын асырып, осы сандыққа салып, аузын мықтап құлыптап тастады. Сандықтың іші тым тар болғандықтан, бойымдағы бар қасиеттен, күштен айырылдым. Күн көзін көрмегендіктен, соқыр бола жаздадым. Енді болмағанда, аштан да өлер едім, – деп, үшеуіне де тиіспейді, керісінше:
— Осы жақсылығың үшін мен сені балығы көп жерге алып барайын, сол жаққа көш, – дейді де өзі бойын жазып, тынығып алған соң, оларды ертіп балығы мол жайлы жерге көшіріп апармақ болады.
Кемпір мен шал:
— Жарайды, көшелік, – деп келіседі.
Бірнеше күн өткен соң, сәл де болса, күш жинаған айдаһар арқасына үшеуін отырғызып, олардың жүктерін артып, айтқан жеріне жеткізеді. Кемпір мен шал айдаһар көрсеткен жерге үйін тігеді, қыздары оларға тамақ әзірлейді. Бәрі бірге отырып, жаңа қоныста тамақ ішіп болған соң, айдаһар олармен қоштасып, өз мекеніне ұшып кетеді. Енді шал балық аулауға судың жағасына барады.
Сәлден кейін қармағына бір үлкен балық түседі. Балықтың үлкендігі сондай, шалдың оны тартып шығаруға әлі келмейді.
Күші жетпеген соң, көмекке кемпірі мен қызын шақырады. Үшеуі жабылып жүріп, зорға дегенде сол балықты сыртқа алып шығады. Шал осылай тағы екі балық аулапты. Енді ол осы үлкен үш балықты алып, сол жердегі ханның үйіне барады. Хан балықтарды көріп, олардың үлкендігіне таң қалады. Шалға үш табақ алтын беріп, ғажайып балықтарды сатып алады. Ханның сыйлығына разы болған шал үйіне оралады. Хан болса, кешке балық жегісі келіп, аспазшысына балықтың біреуін қақтатып әкелуін бұйырады. Аспазшы балықты алып тазалай бастағаны сол еді, кенет балыққа тіл бітіп:
— Мені жеме, үлкен қателік жасайсың, – дейді де жоқ болып кетеді.
Аспазшы болған оқиғаны ханға келіп айтады. Сонан соң хан тағы біреуін пісіртпек болады. Ол да күл болып кетеді. Соңғы балықпен де осындай оқиға болады. «Бұл неткен ғажайып» деген оймен хан балықтарды әкеліп берген шалдың үйіне келіп, одан балықты қай жерден аулағанын сұрап біледі. Енді хан қылышын алып, сол жерге барады. Суды жағалап келе жатып, басы – бас, арты – тас бір адамды кездестіреді. Хан:
— Сен кім боласың? Не қылып отырған адамсың? – деп сұрайды.
Басы - бас, арты - тас кісі:
— Сұрап не қыласың, тез арада бұл жерден кет, – деп жауап береді.
— Неге кетуім керек? – дейді түкке түсінбеген хан.
— Бұл - ұзақ оқиға, жазықсыз сен де бір пәлеге душар боларсың, қазір әйелім келіп қалады, кет, – дейді.
Хан: «Айт, айт!» деп қоймаған соң, басы – бас, арты - тас кісі:
— Мен өзім үш рулы елім бар, соны билеп тұратын хан едім. Бір күні ел аралап, үйге келсем, малайларым жылап отыр.
— Ау, неге жылайсыңдар? – деп сұрадым. Олар:
— Ойбай, сіздің бәйбішеңіз осындағы бір сиқыршы дәумен тамыр болып, сиқыр оқуын үйреніп алды. Енді сізден құтылудың амалын ойластыруда. Бір күні сізді өлтіреді ғой деп, соған жылап отырмыз, – деді.
— Түнде сіз ұйықтап жатқанда, байлаулы тұрған тұлпардың біреуін мініп, мына жолмен барып, мына жолмен келеді.
— Осы айтқандарыңды дәлелдей аласыңдар ма? – деген едім:
— Күнде кешке жақын кетеді. Бүгін де барады, – деп малайларым сөзін жалғастырды.
Бұл әңгімені естіген соң, мен әйелімді түнде аңдыдым. Ол кеткен соң, киініп, артынша шықтым. Барсам, әйелім қайтып кетіпті. Сол жерде малайларым айтқан дәуді кездестірдім. Ашумен барып оны қылышпен салып қалып, өлтірдім. Үйге қайтып келіп, орныма жаттым. Ертеңіне тұрсам, әйелім жылап отыр екен.
— Неге жылайсың? Бостан-босқа адам жылай ма? – дегенім сол еді, әйелім бір табақ суды шашып жіберді. Осыдан кейін өзің көріп тұрған басы — бас, арты — тас адамға айналдым. Мұнысымен қоймай, елімді үш айыр су қылып, халқымды балық қылып жіберді. Өзі күніге мына жолмен өлген дәуге барып, мына жолмен қайтады. Оның сүйегін құшақтап жылайды. Келіп мені ұрып кетеді, – деп сөзін бітірді.
Әңгімені тыңдаған хан:
— Қане, сол жолмен мен де барып көрейін, – деп, дәудің сүйегі жатқан жерге келеді.
Келіп қараса, расында да, дәудің сүйектері жатыр екен. Енді хан басы — бас, арты — тас адамға көмектескісі келеді. Осы оймен дәудің сүйектерін құртып, орнына жатады. Бірнеше уақыттан соң, осы араға тасқа айналған ханның әйелі келеді. Бірақ дәудің орнында басқа адамның жатқанын байқамайды. Әйел келе дәуді құшақтай:
— Ойбай, сен тірілер күн бар ма екен? – деп еңіреп жылайды.
Осы кезде хан қозғалып:
— Мен «байыңды басын – бас, артын – тас қыл» деп пе едім. Бар, орнына келтір, –деп зіркілдейді.
Бұны күтпеген әйел сасып қалады. Сол кезде хан орнынан тұрып, әйелді күйеуінің қасына ертіп барады. Әйел тағы бір табақ суды шашып жібереді. Осы кезде бәрі бұрынғы қалпына қайта оралады. Әйел дәудің сиқырынан арылады. Хан тағына мініп, баяғы ханмен дос болып, мұратына жетеді. Осының бәріне себепкер болған шал мен кемпірдің қызын басқа ханның ұлына қосып, үлкен той жасап берген екен дейді.

Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: