Ертегі: Құтандар

Ертегі: Құтандар

Аударған Т. Әбдіков
Бір шағын қаладағы шеткі үйдің төбесінде құтанның ұясы болды. Ұяда төрт балапанмен ана құтан отыратын, балапандары әлі қызарып үлгермеген кіп-кішкентай қара тұмсықтарын ұядан қайта-қайта қылтитып қояды. Ұядан ұзамай, шатырдың қырында бір аяғын бауырына қысып, сымдай тартылып әке құтан отыр; бір аяғын көтеріп тұрған себебі басқа істейтін түк шаруасы жоқ еді. Өзі ағаштан жасап қадап қойған нәрсе секілді қозғалмайды.

«Бұдан артық қандай құрмет керек! – деп ойлады ол. Әйелім ұясында отыр, жанында сақшысы. Ал мен оның күйеуі екенімді кім біліп жатыр? Күзетші екен – деп ойлайды ғой. Мінеки, құрмет!» Ол бір аяғын бүккен күйінде тұра берді.

Көшеде балалар ойнап жүрген; тентектеу біреуі мұны көріп, құтандар жайлы ескі бір әнді сөзін шатастырып, бастай беріп еді, қалғандары қостап ала жөнелді:

Құтан, құтан, ақ құтан!

Күзетшідей сақ құтан!

Қозғалмайсың тұрып aп,

Аяғыңды бүгіп aп.

Ұрпағыңды қорғайсың,

Айтқан сөзге болмайсың,

Ұстап балапандарыңды,

Шыңғыртамыз жаныңды!

Біреуін дарға асамыз,

Қанын судай шашамыз!

Суға барған атамыз,

Ең кішіңді де аламыз,

Тірідей отқа саламыз!

— Тыңдашы, балалар не – деп жатыр? – деп қыңқылдады балапандар. Бізді асып, суға батырып өлтіреміз – деп жатыр ғой!

— Сендерге не керегі бар олардың! – деді шешесі. – Қарамаңдар да, тыңдамаңдар, ештеңе де болмайды!

Бірақ балалар қояр болмады, ән айтып құтандарды ызаландыра түсті; тек Петер деген біреуі ғана хайуандарды зәбірлеуге болмайды – деп, жолдастарына қосылмай қойды.

Шеше құтан балапандарын жұбатумен болды.

— Көңіл аудармаңдар – дедім ғой, – деді ол. Қарашы, әне, әкелерің жайбарақат тұр, бір аяқпен-ақ!

— Қорқып тұрмыз! – дейді балапандар ұяның түбіне тығыла түсіп.

Келесі күні балалар тағы да далаға шығып, құтандарды көріп, баяғы әндеріне басты:

Біреуін дарға асамыз...

Суға бірін атамыз...

— Бізді дарға асып, суға лақтыра ма? – деп сұрады балапандар тағы да.

— Жоқ – дедім ғой, жоқ! – деді шешесі. – Ал енді біз жақында жаттығу бастаймыз! Сендерге ұшуды үйрену керек. Сендер ұшуды үйренгеннен кейін, бақаларға қонаққа барамыз. Олар: «бақ-бақ-бақ», – деп өлең айту үшін, біздің алдымызға келіп иіліп тұра қалады. Ал біз оларды жеп қоямыз, көрдің бе, қандай қызық!

— Ал сосын, – дейді балапандар.

— Сосын барлық құтандар күзгі шеруге жиналамыз. Ал онда дұрыстап ұшуға тура келеді. Бұл өте қажет! Әйтпесе жаман ұшатындарды генерал өткір тұмсығымен түйреп тастайды. Сендер дайындық кезінде жандарыңды салып, тырысыңдар.

— Сонда бәрібір бізді балалар айтқандай, түйреп тастайтын болды ғой! Тыңдашы, олар тағы да әндетіп жатыр!

— Сендер оларды емес, мені тыңдаңдар! – деді шешесі. – Дайындық біткеннен кейін, біз сонау алысқа, биік таулар мен ну ормандардың ар жағындағы ыстық өлке Египетке ұшамыз. Сонда үш бұрышты тас үйлер бар; төбесі тура бұлтқа жетеді, оларды пирамида – деп атайды. Олар тым ертеде салынған, ертеде екені соншалық, оның қай кезде салынғанын ешбір құтан білмейді. Тағы да өзен бар, тасыған кезде жағасын су басып кетеді. Сол суды кешіп жүріп, бақаларды қылғыта бересің!

— О! – деп қуанды балапандар.

— Иә! Қандай рақат! Онда құдайдың құтты күні тамақ ішкеннен басқа кәсібің жоқ. Ал біз ол жақта өстіп рақатқа батып жүргенде, мұндағы ағаштардың басында бірде-бір жапырақ қалмайды, өте қатты суық болады, суықтығы сонша бұлттар қатып, жерге аппақ-аппақ болып түседі.

Шешесі балапандарына кар туралы айтқысы келіп еді, бірақ дұрыстап түсіндіріп бере алмады.

— Мынау бұзық балалар да қатып қала ма? – деп сұрады балапандар.

— Жоқ, мүлде қатып қалмайды, бірақ жаурайды. Қараңғы бөлмеде қамалып, бүрісіп, сыртқа тұмсығын да шығара алмай отырады. Ал сендер гүлге малынған күн сәулелі басқа мекенде еркін самғап ұшып жүресіңдер.

Күн артынан күн өтті, балапандар ер жетіп, ұяның ішінде емін-еркін түрегеліп, маңайға көз тастауға шамалары келіп қалды. Әке құтан тірнектеп жүріп күн сайын не бір ғажап бақалар мен кішкентай қоңыздарды, тағы сол сияқты тәтті-тәтті тағамдарды алып келеді. Неше түрліні көрсетіп балапандарды алдандырады. Басын құйрығына жеткізіп, тұмсығын сақылдатып, батпақ тарихынан не қилы хикаялар айтып, қызыққа батырады.

Бір күні шешесі:

— Ал енді дайындыққа кірісетін кез жетті, – деп хабарлады.

Енді төрт балапан түп-түгел ұядан шығып, үйдің төбесіне көтерілуге мәжбүр болды. Тәлтіректеп, қанаттарын дәрмен қылып, әйтеуір, әрең-әрең құламай, аман қалды.

— Енді маған қараңдар! – деді шешесі. – Бастарыңды былай, аяқтарыңды былай ұстаңдар! Бір, екі! Мінеки, сендердің тіршілікте өздеріңе жол салатын қаруларың, –– деп шешесі канаттарын бірнеше рет қағып-қағып қалды. Балапандар қалт-құлт етіп қоса секіріп еді, жалп етіп, қулап түскен бойы тыриып тұра алмай қалды. Олар әлі салмақтарын көтеріп ұшуға жарамайтын еді.

— Үйренгім келмейді ұшуды! – деп балапандардың бірі қайтадан ұяға кіріп, жатып алды. – Ыстық жақ болмақ түгілі, тағы не болса да, барғым келмейді!

— Сонда сен қыста осында қатып қалғың келе ме? Балалар сені дарға асып, суға батырып, отқа өртегені керек пе? Ендеше, мен оларды шақыра қояйын!

— Ой, жоқ, жоқ! – деп балапан, жүгіріп төбеге шықты.

Үшінші күні олар ептеп ұшқан секілді болды, тіпті өздерінше қанаттарын керіп тастап, ауада қалқып жүретіндей көрді өздерін. «Қанатты құр қаға бергеннен (ештеңе шықпайды, деді олар. Түк қозғалмай, тынығып алуға да болады». Бірақ олар солай «тынықпақ» болып еді, сол сәтте-ақ төбеге жалп етіп құлап түсті. Қайтадан канаттарын қозғауға тура келді.

Осы кезде балалар көшеге шығып:

— Құтан, құтан, ақ құтан!.. – деп әндетті.

— Ұшып барып, аналардың көзін шұқып, ойып алуға бола ма? – деп сұрады балапандар.

— Жоқ, болмайды! – деді шешесі. – Онан да мені тыңдаңдар, менің айтатыным одан гөрі пайдалырақ. Бір, екі, үш! Енді оңға қарай ұшамыз: бір, екі, үш! Енді құбырды айнала солға қарай! Өте жақсы! Соңғы канат қағыстарың тамаша, сол үшін ертең өзіммен бірге батпаққа баруға рұқсат етемін. Онда не бір тәуір семьялар балаларымен барады, сендер де өздеріңді көрсете біліңдер. Сендердің онда барғанда жұрттың бәрінен де сүйкімді болғандарыңды қалар едім. Бастарыңды көтеріп ұстаңдар, сонда сымбатты да айбатты көрінесіңдер!

— Ал жарайды, бірақ неге біз оңбаған балалардан кек алмаймыз? – деп сұрады балапандар.

— Мейлі өздеріне жақсы болса, айта берсін! Сендер бұлттың арасымен ұшасыңдар, пирамида елін көресіңдер, ал олар болса қыста тәтті алма мен жасыл жапырақтың не екенін білмей, осында бүрсең қағып тоңып отырады.

— Бәрібір кек аламыз! десті балапандар бір-бірінің құлақтарына сыбырлап, сосын дайындықтарын жалғастыра берді.

Балалардың ішінде құтандар жайлы әнді бастаған ең кішісі бәрінен де тентек еді. Жасы, коп болса, алтыларда, ал балапандарға ол жүзге келгендей көрінетін. Шынында да, ол балапандардың әке-шешесінен де үлкен ғой, бірақ олар адамдардың жас шамасын қайдан айырсын! Балапандар өздерін мазақ қылған сол ең тынымсыз, ен тентек баладан кек алатын болып келісті. Шынында да, оған деген ашулары өте қатты еді және өздері күн санап өскен сайын жаңағы ашу да өздерімен бірге өсе түсті. Ақыры шешесі де баладан өш алуға келісімін берді, бірақ қазір емес, ыстық жаққа ұшардың алдында.

— Алдымен сендердің үлкен сапар алдындағы дайындықтарыңды көріп алайық! Егер дайындықтарың нашар болып, генерал тұмсығымен кеуделеріңнен түйреп тастайтын болса, балалардың айтқаны дұрыс болып шыққаны. Ал көрейік, кәне!

— Көрсек көрейік! – деп балапандар дайындыққа құлшына кірісті. Күн сайын ерінбей, жалықпай дайындалғандары соншалық, олар көп ұзамай-ақ көрген жанның көңілі сүйінгендей, емін-еркін самғап ұшатын дәрежеге жетті.

Күз келді; құтандар қыстың алдында ыстық өлкеге ұшуға дайындалды. Нағыз ұшу тәсілін меңгеру енді басталды. Олар өзендер мен ормандардың үстінен әрлі-берлі ұшумен болды: алда үлкен сапар тұрғандықтан өздерін тексеріп байқау керек еді. Ал біздің балапандар ұшудан болған сынақта қайсыбіреулер секілді құйрықты ноль деген баға алған жоқ, он екі бақа мен усыз жыланнан тұратын үлкен жүлдеге ие болды. Олар үшін бұдан қолайлы сыйлық жоқ, өйткені әлгілердің бәрін қазір де жеп қоюға болатын еді және өздері де солай істеді.

— Енді өш аламыз! – деді олар.

— Жарайды! – деді шешесі. – Мен бірдеңе ойлап таптым ең дұрысы сол болар. Осында бір көлшік бар, онда қашан бізді құтандар әке-шешемізге апарып тапсырар екен – деп кішкентай бөпелер күтіп отырады. Өздері әп-әдемі, құртақандай боп ұйықтап жатады да, не бір тамаша түстер көреді, рас кейін ондай түстер көрмейтін болады. Барлық ата-аналар, тіпті кішкентай балаларға дейін осындай құртақандай бөпеміз болса екен – деп армандайды. Ал біз жаңағы көлшікке ұшып барамыз да, құтандарды мазақ қылмайтын балаларға сондай бөпе береміз: ал мазақ қылғандарына түк те бермейміз.

— Біз ең бірінші мазақ қылған тентек балаға не істейміз?

— Онда былай, көлшікте оянбаған күйі өліп қалған бір нәресте бар, біз оны жаңағы оңбаған балаға апарамыз. Өліп қалған бөпесін көріп, көз жасы көл болсын. Ал әне бір жақсы бала, естеріңде ме, хайуандарды зәбірлеуге болмайды, обал болады деген, оған қатарынан екі бөпе бір ұл, бір қыз апарып берейік. Оның аты Петер, біз де соның атымен Петер аталатын боламыз.

Айтылған сөз орындалды, содан бері барлық құтандар Петер атанып кетті.

Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
ертегі Құтандар туралы ертеги казакша сказка на казахском, сказки Құтандар для детей на казахском языке, балаларга Құтандар арналган кызыкты ертегилер, 3-4 жастағы 5-6 кішкентай балаларға арналған ертегілер, ертегилер Құтандар казакша оку, Құтандар

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]