КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі.
Сөздер белгілі бір заңдылық бойынша байланысып жататыны ешбір дау туғызбайды. Бірақ сол сөздерді байланыстыратын заңдылықтарды ашу, олардың өзара байланысу тәсілін анықтау осал шаруа емес. Мамандар бұның жолын сөздердің дербестігінен іздейді. Ал сөздердің полисемиялық қасиеттері сол тілдегі жүйеліліктің аясына сыймайды. Зерттеуші ғалымдар біраз уақыт лексиканы жүйелеуге болмайды деген ойда болды. Тілдегі сөздерді антонимдік, синонимдік қатарларға бөліп топтау бұрыннан бар болатын. Бірақ бұл тәжірибе сөздік құрамды толық қамтымайды. Себебі, тілімізде антонимдік, синонимдік сыңарлары жоқ сөздер де бар.
Тілді жүйелі құбылыс деп, тұжырымды негіз салған Фердинанд де Соссюр, ал орыс тіл білімінде одан бұрын Бодуэн де куртене тілдің барлық салалары белгілі бір жүйеге бағынады деп тұжырымдаған. Ал түркі тілінің лексикасын белгілі бір жүйеге бағындыра алған семантикалық топтарға бөлген Н.К. Дмитриев. Бұдан кейін сөздерді лексика-семантикалық топтар бойынша зерттеу жұмысы қолға алына бастады.
Н.К. Дмитриев етістіктерді сөйлеу, ойлау, қозғалу етістіктері деп бөліп, өзіне дейінгі дәстүрге сүйенеді. Қазақ тіліндегі етістіктер әлі толық семантикалық талқысына түсе қойған жоқ. Бұл мәселелерде біршама зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бұл істі ілгері жылжытқан ғалымдар Ы. Маманов, А. Қасенова, Н. Оралбаева.
Зерттеу нысаны.
Жұмыстың негізгі зерттеу нысаны батырлар жырындағы етістіктердің семантикасын танып білу болып табылады. Осы арқылы етістіктің лексика-семантикалық мағыналарына талдау жасай отырып, олардың белгілі бір жүйесін анықтау.
Жұмыстың алдына қойған мақсаттары мен міндеттері.
Бұл жұмыста батырлар жырындағы етістіктердің лексика-семантикалық мағынасын аша отырып:
- етістіктерді лексика-семантикалық мағынасына қарай топтастыру;
- кіші семантикалық топтардың мәнін ашу;
- олардың ішкі, сыртқы ерекшеліктерін айқындау;
- сөз қолданысындағы өзіне тән сипаттарын айқындау;
Зерттеу жұмысының дерек көздері.
Зерттеу жұмысының негізгі материалдары «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» және «Қамбар батыр» жырларынан алынды. Ал жұмысты орындау үшін тілдік ғылыми еңбектер А. Ысқақовтың «Қазіргі
қазақ тілі» (1991ж.), Ы. Мамановтың «Қазіргі
қазақ тілі» (1966ж.), М. Оразовтың «Қазіргі қазақ тіліндегі қалып етістіктері» (1980ж.) және М. Оразовтың «Семантика казахского глагола» (1983ж.) еңбектері басшылыққа алынды.
Зерттеудің теориялық және практикалық мәні.
Етістіктердің семантикасын зерттеу жұмысы батырлар жырының үлгілерімен байланыстырыла қаралуы
қазақ тілі ғылымындағы семантиканың дамуына игі ықпал етеді.
Зерттеу әдістері.
Зерттеу жұмысы барысында салыстыру, топтастыру, түсіндіру әдіс-тәсілдері пайдаланылды.
Жұмыстың құрылымы.
Жұмыс кіріспеден, екі негізгі бөлімнен және негізгі бөлімнің тармақтары мен қорытынды бөлімнен, сонымен қатар пайдаланылған әдебиет тізімінен тұрады.
І ТАРАУ. БАТЫРЛАР ЖЫРЫНДАҒЫ ЕТІСТІКТЕР СЕМАНТИКАСЫ
Тілдің бір-бірімен тығыз байланысты екі жағы болады: бірі оның сөздік мағынасы, екіншісі грамматикалық мағынасы. Осы екі бірліктен тіл құралып, айтатын ой түсінікті дәрежеге жетіп, ол адамдардың арасындағы қарым-қатынас құралына айналады, қызмет етеді. Сөзді жалаң, бастапқы, түбір қалпында ғана қолданып, пайдаланғыңыз келсе, ол тек қана жеке дара ұғымдарды ғана білдіреді де бір-бірімен байланыспағандықтан жүйелі, ұғынықты ойды білдіре алмайды. Бұдан шығатын қорытынды сөздер тіліміздің грамматикалық заңдарына сәйкес қолданылғанда ғана айтар ой түсінікті, оның мағынасы жеткілікті болмақ. Осымен бірге сөздерсіз тек грамматикалық формаларды қолдану арқылы ғана ойды жеткізу жоғарғыдай кері нәтиже береді. Бұдан шығатын қорытынды сөз бен грамматикалық құрылыс өзара бірлесіп қызмет етпесе, тіл құрал ретіндегі қызметін атқара алмайды. Яғни, сөз тіл материалы болса, грамматика олардың бастарын жымдастырып, біріктіретін, басын құрап беретін көріктендіруші жамылғыш деп айтуға болады. Тілдің сөздігін лексикология ғылымы тексереді, ал грамматикалық құрылысын грамматика ғылымы зерттейді. Тіл ғылымының осы екі саласының тексеретін мәселелері екі бөлек болғанымен, екеуіне де ортақ объект – сөз. Сөзсіз ғылымның екі саласы да алысқа бара алмайды. Сөз айналамыздағы түрлі құбылыстар мен заттардың аты мен атауы болса, сол атаулардың өмірімізде белгіленген нақты мағынасы болады. Ол мағына осы тілде сөйлейтін бүкіл халықтың барлығына ортақ, түсінікті болуға тиіс. Мысалы: от, орман, жер, күн, топырақ, ағаш, су, өзен, көл, жол деген сөздер айтылған сәтте әрқайсысы белгілі заттың атауы ретінде қазақ тілін білетін, сол тілді еркін меңгерген адамдардың барлығына түсінікті болып, көз алдымызға елестейді, яғни бейнесі ой-қиялымызда көрініс табады.....