Дипломдық жұмыс: Қазақ тілі | Тұрақты тіркесті мезгіл пысықтауыш
Мазмұны
Кіріспе ..............................................................4-бет
Пысықтауыш және оның зерттелуі........................6-бет
Пысықтауыштың түрлері және олардың жасалу жолдары........15-бет
Тұрақты тіркесті сөйлем мүшелері........................1-бет
Тұрақты тіркесті мезгіл пысықтауыш...................20-бет
Қорытынды.........................................................30-бет
Пайдаланылған әдебиеттер...................................31-бет
Қосымша әдебиеттер............................................32-бет
Көркем әдебиеттер...............................................33-бет
Мерзімді басылымдар мен диссертациялар.............34-бет
Синтаксис (грек. sintaxis–біріктіру)–грамматиканың үлкен бір саласы. Синтаксис сөйлемдегі жеке сөздердің байланысын, сөз тіркесінің заңдылықтарын, сөйлем құрудың амал-тәсілдерін қарастырады. Егер де жеке сөздер морфология саласында статикалық (сол тұрған қалпында) тұрғыдан зерттелсе, синтаксисте олар динамикалық (қозғалыста) тұрғыдан қарастырылады.
Синтаксис сөз тіркесін, сөйлемді, олардың түрлерін, сөйлем мүшелерін және басқа синтаксистік формаларды адамның ойын білдірудің грамматикалық тәсілдері ретінде, өзара байланысты категориялар ретінде қарастырады. Синтаксис сөздерді сөйлемнің бөлшектері ретінде, ал жалғауларды сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен қиюластырып тұратын морфологиялық-синтаксистік категория ретінде тексереді. Синтаксис–сөз тіркесінің, сөйлемнің грамматикалық сыр-сипатын зерттейтін ілім.
Жай сөйлемге қатысты үлкен мәселенің бірі – сөйлем мүшелері. Сөйлем мүшелері әр тілде әр түрлі зерттелген. Лексикалық мағыналары толық сөздердің тіркесу нәтижесінде пайда болған грамматикалық мағыналарға ие болып, синтаксистік қызметті атқарып тұратын сөздерді сөйлем мүшелері дейміз. Сөйлемдегі сөздердің саны аз болса да, көп болса да, бір-бірімен мағыналық, тұлғалық байланысқа түсіп, сөз тіркесін жасайды. Ал сол сөз тіркесінің жеке сыңарлары сөйлем мүшелерінің қызметін атқарады. Сөйлем мүшелерін дәл анықтап, дұрыс ажыратудың басты шарттары мыналар:
1. Сөйлемнің әр мүшесінің өзіне тән жеке сұрақтары болады.
2. Сөздердің бір-бірімен байланысына қарай басынқы сөзден бағыныңқы сөзге сұрақ қойылады.
3. Ол сөздердің қандай грамматикалық тұлғада тұрғандығын білу шарт.
Қай тілдің болмасын синтаксистік категориялары мен морфологиялық категориялары бір-бірімен өзара тығыз байланыста болады. Сөз синтаксистік қызметі мен басқа сөздермен арадағы қатынасын сөйлем құрамында көрсетеді. Кейде сөздің лексикалық мағынасының өзі сөйлем құрамы арқылы айқындалады.
Сөйлем белгілі бір ой желісін білдіріп, тыңдаушы жұртқа түсінікті болу үшін, ондағы сөздер өзара берік синтаксистік байланыста тұруы тиіс. Сөйлемдік қоршаудағы әр сөз өзіне лайықты орында тұруы және жалғау, шылау сияқты дәнекерлік қызмет атқаратын тұлғаларды дұрыс қабылдауы керек. Осы талаптар дұрыс орындалмаса, сөйлемдегі сөздер өзара берік байланыса алмайды да, айтылған ой түсініксіз болады. Демек, айту, тыңдау процесі өз мақсатына жете алмайды.
Сөйлем құрамына енген сөздерді өзара таптастырғанда, оның рөлі мен маңызы ескеріледі. Осы тұрғыдан қарағанда, тұрлаулы, тұрлаусыз болып екі топқа бөлінеді. Сөйлем құруға негіз болатын бас мүшелер – тұрлаулы мүшелер – сөйлем атаулының грамматикалық ұйытқысы. Ал тұрлаусыз мүшелер тұрлаулы мүшелердің маңына топтанып не тікелей соларды, не бірін бірі анықтап, толықтап, пысықтап тұрады.
Ι ТАРАУ
Пысықтауыш және оның зерттелуі
Түркологияда Н.К.Дмитриев, М.Балақаев, А.Н.Кононов, Е.И.Убрятова пысықтауышты арнайы сөйлем мүшесі ретінде қарастырса, Г.Д.Санжеев пен Л.П.Поцелуевский пысықтауышты формалық белгісінің негізіне сүйеніп және тек үстеу үшін арнайы сөйлем мүшесін қарастыру қажет емес дейтін пікірді негізге ала отырып, пысықтауышты сөйлем мүшесі деп танымайды.
Қазақ лингвистикасында А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, Х.Басымов, Ә.Ермеков, М.Томанов, Т.Сайрамбаев, т.б. ғалымдардың пысықтауышқа қатысты еңбектері бар. Ахмет Байтұрсынов: «Тіл құрал» атты еңбегінде пысықтауышқа қатысты былай дейді: «Пысықтауыш сөздер деп амал пысықтау үшін айтылатын сөздерді айтамыз. Сөйлем ішінде әр нәрсенің амалын көрсететін сөз баяндауыш. Сондықтан пысықтауыш сөздер баяндауышты пысықтайтын сөздер болып шығады. Бұлар баяндауышты қалай пысықтайды? Әуелі баяндауыш көрсетіп тұрған амалдың мезгілін айтып, екінші орнын айтып, үшінші сынын, сыйқын айтып, төртінші себебін айтып, бесінші мақсатын айтып пысықтайды. Сондықтан пысықтауыш сөздердің өзі бес топқа бөлінеді:
1. мезгіл пысықтауыш
2. мекен пысықтауыш
3. сын пысықтауыш
4. себеп пысықтауыш
5. мақсат пысықтауыш
Амалдың мезгілін, мекенін, сынын, себебін, мақсатын көрсету-бұл пысықтауыш сөздердің ішкі белгілері. Бұлардан басқа тысқы белгілері де бар. Әр пысықтауыш сөздің өз алдына жауап беретін сұраулары бар. Олар тысқы белгісі болады». (
Қ. Жұбанов үш түрлі сөйлем мүшесі бар деп көрсетеді. «Сөйлемде бастауыш пен баяндауыштан басқа да мүшелер болады. Олар я баяндауышты, я бастауышты анығырақ, айқынырақ аңғарту үшін тұрады.
Сатырлаған сойыл үйдің үстіне жауды (Б.Майлин).
Бұл сөйлемде сойыл, жауды деген сөздер негізгі мүшелер. Қалғандарының бәрі де айқындауыштар. Үстіне деген сөз қайда жауғанын көрсетіп, жауды деген баяндауышты айқындап тұр. Үйдің деген сөз ненің үстіне жауғанын білдіріп, үстіне деген айқындауыштың айқындауышы болып тұр. Сатырлаған деген сөз қандай, қайткен сойыл екенін аңғартып, сойыл деген бастауыштың айқындауышы болып тұр». (
С.Аманжоловтың пысықтауышқа қатысты пікірі төмендегідей: «Тұрлаусыз сөйлем мүшелерінің бірі–пысықтауыш. Бұл да шартпен алынған термин. Пысықтауыштар–қимылды, сынды айқындайтын сөз. Мұны анықтауыш, толықтауыштардан бөлгенде, тек қана мағынасына, сөз табының жігіне қарай бөлгенбіз. Анықтауыш–қандай, қай, қайсы, қайсы сияқты сұрауларға, толықтауыштар септік жалғауының тура сұрауына жауап берсе, пысықтауыш тек қана үстеулердің, көсемшелердің және шылаулы сөздердің сұрауына жауап береді. Сонымен қатар, пысықтауыштар септік жалғауының бұрма сұрауларына, есімдердің, етістіктердің шылаулы түрлерінің сұрауына жауап береді.
Нығмет Сауранбаевтың 1953 жылғы еңбегінде пысықтауыш туралы былай делінген: «Сөйлемде пысықтауыш болған сөз етістік болған басқа мүшенің мезгілін, мекенін, амалын, шартын, мақсатын, себебін білдіреді.
Пысықтауыштар белгілі сөз таптарынан ғана болады. Көбінесе, пысықтауыш болатын–үстеулер. Сол сияқты белгілі орында сын есім де, етістіктің көсемше, есімше түрлері де мекен, мезгіл мағынадағы зат есімдер де пысықтауыш бола алады». ()
Пысықтауыштар басқа сөйлем мүшесінен әлдеқайда абстракттанған сөздер. Бұлардың да түп негізі объект, зат болған. Оны байқау үшін кеше, бүгін, ертең, өте, аса, қолма-қол... сияқты үстеулердің этимологиясын қараса болғаны. Кеше+нің түбірі кеш, бүгін+нің түбірі бү+күн, ертең+нің түбірі ар-арғы, тең-таң мағынасындағы екі сөзден құралған. Өте +нің түбірі–өт (етістік), асаның түбірі–ас (етістік), қолма-қол дың түбірі–қол мен қол деген сөзден құралған.
Пысықтауыштардың мағынасы етістіктің мәнімен байланысты, сондықтан бұлар, көбінесе, етістікке жақын тұрады. Қазақ тілінде үстеулерден басқа сөздер де пысықтауыш болады. Оның ішінде, әсіресе, сын есімдер етістікке тетелес тұрса, сөз жоқ, пысықтауыш болады. Етістіктер көсемше түрінде ғана емес, белгілі жалғау я жұрнақ жалғанған есімшелерден де пысықтауыш болады. Ашығырақ айтсақ, -ша, -ше жұрнағы жалғанған есімдік, есім сөздер, есімшелер үстеуге айналып барып, пысықтауыш болады. Бұлардан басқа сан есім анықтаған жылы, күні, айы... дегендер де күрделі пысықтауыш болады. Бұлармен ғана іс бітпейді. Бізде орасан, әсіресе, ерекше, тым-тым... сияқты сын үстеулер де пысықтауыш болады. Барлық пысықтауыш мағынасына қарай беске бөлінеді:
1. мезгіл пысықтауыш
2. мекен пысықтауыш
3. себеп пысықтауыш
4. мақсат пысықтауыш
5. сын-қимыл пысықтауыш
Мұғалімдердің және тіл мамандарының 1952 жылдан бері «Халық мұғалімі» журналы бетінде толықтауыш пен пысықтауыш жайында айтысып келе жатқан мәселесі, әсіресе ол мүшелердің мекендік мәндерін айыра тануға, олардың мәндік, формалық белгілерін шатастырмайтын етіп анықтауға арналған еді. Сөйлем мүшелерінің ішінде осы толықтауыш пен пысықтауыштың анықтамасын дұрыстау, оларды талдағанда бірімен-бірін шатастырмайтын қалыпқа келтіру қазақ тілін зерттеушілердің де, грамматика жазушылардың да, мектеп мұғалімдерінің де негізгі мақсаты деп білеміз. Бұл–бізде тек қазақ тілшілерінің ғана алдында тұрған мәселе емес, орыс, өзбек, татар т.б. тілшілерінің алдында көптен қойылып келе жатқан даулы мәселенің бірі.
Оқушы жұртшылығына белгілі қазақ тілі синтаксисінің бұл мәселесіне байланысты бірнеше көзқарас бар. Сол көзқарастар әр кезде жарыққа шығып та келді. 1938 жылы шыққан орталау, орта мектептерге арналған алғашқы синтаксистің өзінде-ақ мекен пысықтауыш болатындар тек мекен үстеулері ғана делінген. Септік жалғаулы болғанымен, мағынасына және контекске қарай пысықтауыш болып кететін сөздер туралы да сонда тұжырымды пікір айтылған. Осымен байланысты септік жалғауының «тура сұрауы», «бұрма сұрауы» деген фразалар пайда болып еді. Шынында да, іліктен басқа септік жалғауында тұрған сөздер біркелкі емес. Бұларды дұрыс тану үшін, сөздердің қасиетін, олардың байланысу, грамматиканың қарамағына түсу жолдарын білу қажет. Грамматика сөздердегі, сөйлемдердегі жеке, нақты нәрседен абстракцияланып алынған. Біз сөз етіп отырған толықтауыш, пысықтауыш... дегендеріміздің бәрі– грамматиканың қарамағына түсіп, соның нәтижесінде аса зор маңызға ие болып тұрған сөздер.
Тілшілер, оқытушы мұғалімдер, алдымен, әрбір грамматикалық категорияның өзіндік ерекшелігі, өздеріне тән мағыналық, формалық белгісі, жасалу жолдары болатынын еске алулары керек. Бұл ерекшеліктері болмаса, оларды бірінен-бірін айыру қиын болар еді. Ғалымдар грамматиканың ережесін жасағанда, форма немесе мағына қуалап қателесуі, бір жақты кетуі, схоластикалық т.б. ағымға түсіп кетуі сөзсіз. Қазақ тілшілерінің арасында осылай, мәселеге біржақты қараушылықтың салдарынан болып жүрген бірсыпыра қателер, даулы мәселелер бар. Сол 1952 жылдан бері жазылған мақаланың бірде-бірі мәселені тұжырымды, дәлелді етіп шешіп бере алмағаны осыған айғақ. Рас, әркім өзінің көзқарасын дұрыс-ау деп шамалады, сол көзқарас бойынша грамматикамыз осы мәселені түйіндеп, оқушыларға үйретсе, оңайлық, жүйелік пайда бола ма деп ойлады.
Шынында, бұл мәселе оңай мәселе емес. Оның оңай еместігін тілдегі мекендік мағынаны беретін, лексика- грамматикалық ұғымды білдіретін сөздердің, грамматикалық мағына мен грамматикалық формалардың әр алуан екендігінен көземіз. Демек, мекендік мәнді зат есімнің жатыс, барыс, шығыс, кейде көмектес жалғаулы түрі де білдіреді.
Жалпы түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің, фактілері мекендік мәнді білдіретін сөздер мен тұлғалар көп екендігін және олар әр алуан болып кеетіндігін дәлелдейді. Сонымен бірге, кейде бір форманың өзі түрлі мағынаға ие болатындығы да кездеседі. Кейбір есім сөздер белгілі қосымшаны, шылауды қабылдаумен байланысты және контекске байланысты абстрактыланып, бірде үстеудің, бірде есім сөздің сұрауына жауап береді. Бұл да жалғыз қазақ тіліне тән ерекшелік емес, түрлі тілдердің бәріне тән ерекшелік.
Жасыратыны жоқ, біз синтаксисті орыс тілінің грамматикасына сүйене отырын жаздық, бізден бұрынғылар да орыс грамматикасына сүйене отырып жазған болатын. Түркологтардың сол тілдің ерекшелігіне байланысты ізденгендері де бар. Соның ішінде Е. И. Убрятованың «Исследования по синтаксису якутского языка» деген еңбегі осылай жазылған.
Орыс тілінде де толықтауыш пен пысықтауыш арасыында бұлдыр нәрселер бар. Орысша «куда?» дегенге жауап беретін нәрселерді бір қалыпта алуға бола ма, жоқ па? Біздегі объектілердің предикатқа қарым-қатынасы орыс грамматикасындағыдай ма? Оларды қазақшаға механикалық түрде алуға бола ма? Және орта мектепке мұны қалай енгізуге болады? Бізде «қайда?» деген сұрау жалғаулы, жалғаусыз сөздерге қойыла береді. Осының айырмашылығын орта ментеп үшін қалай беру керек? Біздің жалғаусыз сөз ғана пысықтауыш болады, жалғаулы болса толықтауыш болады деп жүргеніміз осыдан екенін түсіну керек.
Бұл айналып келгенде балаларды шатастырмау үшін және жеңіл болу үшін айтылған нәрсе. «түбінде, ішінде, жанында, қасында» деген сөздердің бәрі «қайда» деген сұрауға жауап береді. Тіпті көзге көрінбейтін нәрселер де «қайда»-ға жауап береді. Мұндай абстрактылық ұғымдардың барлығына балалардың ойы жетпейді. Орыстарда «в Москву», «на Москву» дегендегі «у»-лар қойылудың критерийі А.М. Пешковскийдің еңбегінде тамаша айтылған. Бұлардың екеуі бір «куда?»деген сұрауға жауап береді, бірақ мұнда предлогтар бар, олар септік жалғаулармен қабаттасып жүреді. Бізде ол жоқ.
Біздегі толықтауыш пен пысықтауыш жіктелуі сияқты ерекшеліктерді еске алып барып айтылған. Оларды еске алмай, көз жұмып, қалай болса солай еліктеп, ала салсақ қазақ тілінің өңін айналдырып жіберу болып шығады.()
Бұл ғалымдар пысықтауыштың тұлғаларын анықтап, мағыналық түрлерін жіктесе, Қ.Шәукенов «Синтаксис» атты еңбегінде пысықтауышты сөйлем мүшесі ретінде қарастырмайды (1.97).
Пысықтауыштар өздері қатысты мүшені (көбінесе етістік баяндауыштың) мекен, мезгіл жағынан да және істің істелу амалы, себебі мен мақсаты жағынан пысықтайды.
Пысықтауыш мүшенің тағы бір ерекшелігі – ол пысықталатын мүшемен соншалық тығыз байланыста бола бермейді. Логикалық екпін өзіне түскен жағдайда ғана пысықтауыш өзі айқындайтын етістік баяндауыштың нақ алдында тұрады да, қалған реттерде бірде арасына сөз салып, сөйлемнің орта шенінде, бірде сөйлемнің бас шенінде, тіпті, бастауыштан бұрын келе береді. Мысалы: Мұрат мектепке кеше барды. Мұрат кеше мектепке барды. Кеше мектепке Мұрат барды. Осы сөйлемдер құрамындағыдай пысықтауыштың орнын ауыстырып айта беруге болады. Бір рет қана логикалық екпін кеше сөзіне түскенде, пысықтауыш баяндауыштың тікелей алдында келген. Қалған сөйлемдерде логикалық екпін пысықтауышқа түспей, басқа сөздерге түсіп, соның салдарынан оның орны да әр қилы өзгере берген. Пысықтауыштардың мұндай «еркіндігі», әрине, сөздің стильдік қолданылу заңдылықтарымен ұштасып, инверсия заңдылығын туғызады. Екінші жағынан, бұл ерекшелік пысықтауыштың өзі пысықтайтын сөзбен байланысының біршама әлсіздігін, көбінесе, грамматикалықтан гөрі мағыналық жағынан ғана ұласып жататындығын дәлелдейді.
Пысықтауыш - басқа сөздің әйтеуір бір сапасын, ерекше белгілерін білдіру үшін жұмсалатын бағыныңқы мүше. Солай болғандықтан, ол анықтауышқа ұқсас. Дегенмен ол екеуінің елеулі айырмашылығы бар: анықтауыш заттық ұғымы бар сөздердің – зат есімдердің, субстантивтенген басқа есімдердің-әр алуан сапасын, меншіктілік-тәндік қатынасын білдіру үшін жұмсалса, пысықтауыш, негізінде, заттың қимылдық сапасының сапасын, белгісін білдіреді. Басқаша айтқанда, пысықтауыш етістіктен болған мүшені анықтайды (2.186).
Пысықтауыштар білдіретін мағыналарына қарай былай бөлінеді: мезгіл пысықтауыш, мекен пысықтауыш, мақсат пысықтауыш, себеп-салдар пысықтауыш, амал пысықтауыш, мөлшер пысықтауыш.
Пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер – үстеулер, үстеу мәндес есімдер, сапалық есімдер мен мекендік, мезгілдік, мақсаттық, амалдық мағыналарда жұмсалатын септеулі (жатыс, барыс, шығыс, көмектес септіктеріндегі) зат есімдер.
Үстеу-түркі тілдерінде кешеуіл қалыптасқан. Дербес сөз табы ретінде өзге грамматикалық категориялардан кейін пайда болған. Тілдегі өзге сөз таптары үстеудің пайда болу, қалыптасына үлкен әсер етті. Тіл білімінде үстеудің пайда болу, қалыптасуын «адвербиалдану» деп атайды.
Сөз таптарының бірден пайда болмай тілдің тарихи дамуы барысында біртіндеп жасалатындығы үстеудің сөз табы ретінде қалыптасуынан айқын көрінеді. Зерттеушілер үндіеуропа тілдерінде зат есімдер мен сын есімдердің септік жалғаулы түрлерінің сөйлемде пысықтауыш қызметінде жұмсалу барысында олардан үстеулердің жасалғандығын айтады. Ал қазіргі түркі тілдерінде қолданылып жүрген бірге, зорға, иоқару, илгери үстеулері де бір кезде басқа сөз таптарына тән, өзге функцияда қолданылған сөздер тобы болған. Осындай бірқатар сөздер өздерінің қолданылу аясында, сөйлемдегі қызметіне байланысты пысықтауыштық функцияда тұрақтанып, кейіннен мағыналық реңкінің ауысуына, бастапқы нақты мағынасының жалпылануына, дерексізденуіне байланысты үстеу сөз табының ерекшеліктерін, қасиеттерін бойына сіңіріп сол жүйеге өтеді.
Форма жағынан көнеленген, мағына жағынан әуелгі төркіндерінен алшақтаған сөздер өздерінің бастапқы топтарынан бөлініп шығып, лексикалық мазмұны жағынан басқа сөздер тобына айналады. Сонымен қатар форма жағынан да не біржола септелмейтін, не бірен-саран септік жалғауларын қабылдайтын жарым-жартылай ғана өзгеретін сөздерге айналады. Мысалы: артқа, алға, алда, арттан. Мұндай сөздер мағына жағынан қимылдың алуан түрлі күй-жайын, белгісін білдіреді, оларда заттық мағына болмайды. Сөйлемде көбінесе пысықтауыш болып қызмет атқарады. Ал сөз табындық ерекшелігі, морфологиялық өзгешелігі тұрғысынан үстеулерге жатады.
Қазіргі түркі тілдеріндегі кейбір үстеулердің құрамындағы аффикстер шығу тегі жағынан алғанда алғашында жалғаулар болғанмен қазіргі кезде олар сөздің түбірінен ажыратып алуға келмейтін дәрежеге жеткен де, түбірге сіңісіп, оның құрамдас бөлігі болып қалған. Осындай құбылыстардың нәтижесінде үстеулер жасалған. Сөз таптарының ішінде зерттеу объектісі болып отырған үстеу сөздер бір кездерде бейтарап жатқан, лексико-грамматикалық белгілері мен семантикалық айқындалмаған тілдік сөз топтары еді.....
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Ұқсас мақалалар:
» Дипломдық жұмыс: Қазақ тілі | Қазіргі қазақ тіліндегі жанасу байланысу формасы
» Дипломдық жұмыс: Қазақ тілі | Бірыңғай мүшелі сөйлемдер
» Дипломдық жұмыс: Қазақ тілі | Фразеологизмнің сөз тіркесіне алу тәсілі
» Дипломдық жұмыс: Қазақ тілі | Қазақ тілінде орын тәртібі жайлы сөз тіркесі
» Дипломдық жұмыс: Қазақ тілі | Қазақ тіліндегі етістікті фразеологизм
» Дипломдық жұмыс: Қазақ тілі | Қазіргі қазақ тіліндегі жанасу байланысу формасы
» Дипломдық жұмыс: Қазақ тілі | Бірыңғай мүшелі сөйлемдер
» Дипломдық жұмыс: Қазақ тілі | Фразеологизмнің сөз тіркесіне алу тәсілі
» Дипломдық жұмыс: Қазақ тілі | Қазақ тілінде орын тәртібі жайлы сөз тіркесі
» Дипломдық жұмыс: Қазақ тілі | Қазақ тіліндегі етістікті фразеологизм
Іздеп көріңіз: