Дипломдық жұмыс: География | Жамбыл облысындағы ерекше қорғауға алынған аймақтардың қазіргі жағдайы
Мазмұны
КІРІСПЕ..........................................................................................
I Тарау ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ АЙМАҒЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕ ҚОРҒАУҒА АЛЫНҒАН НЫСАНДАРДЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ
1.1 Жамбыл облысы аймағындағы ерекше қорғауға алынған нысандардың зерттелу кезеңдері....................................................................
1.2 Жамбыл облысының физикалық-географиялық жағдайы ландшафтысының ерекшеліктері...........................................................................
1.3 Жамбыл облысы аймағындағы тарихи- мәдени нысандарға сипаттама..................................................................................................................
II Тарау ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ АЙМАҒЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕ ҚОРҒАУҒА АЛЫНҒАН НЫСАНДАРДЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ
2.1 Ерекше қорғалатын табиғи территориялар жүйесінің Жамбыл облысы аймағындағы қазіргі жағдайы.................................................................
2.2 Жамбыл облысы территориясындағы ерекше қорғауға алынған тарихи-мәдени ескерткіштердің зерттелу деңгейі...........................................
2.3 Жамбыл облысы территориясында ерекше қорғауға алынған нысандарда орын алған мәселелерді шешу жолдары..........................................
ҚОРЫТЫНДЫ..............................................................................
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР..............................................
ҚОСЫМШАЛАР...........................................................................
Зерттеудің көкейтестілігі: Қазіргі таңда ғаламдық проблемалардың қатарына еніп отырған қоршаған ортаны қорғау мәселесі аса күрделі, кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болып саналады. Өйткені Қазақстан Республикасы кең байтақ жері бар, табиғи байлығы мол мемлекеттердің бірі.
Біздің елімізде табиғат ресурстарын тиімді пайдалану мен қоршаған ортаны қорғауға ерекше көңіл аударылып отыр.
Елімізде табиғатты қорғау ісіне жасалып отырған қамқорлық ҚР Конституциясынан да айқын көрініс тапқан. Сонымен қатар экологиялық ахуалды қайта қалпына келтіру, қоршаған табиғи ортаны қорғау жұмыстары бойынша да нормативтік құжаттар қабылданған. Негізгі құжатта: «Қазақстанның әрбір азаматы табиғатты аялауға, оның байлықтарын қорғауға міндетті»- деп көрсетілген [1].
Экономикалық жүйенің тұрақтылығы негізгі екі фактордың бір-бірімен әсерлесуінен қалыптасатыны белгілі: бір жағынан, жергілікті жердің табиғи жағдайлары мен ресурстары, екінші жағынан өндірістік және өндірістік емес сипаттағы ластанушы көздер мен олардың түзілу қарқындылығы. Егер аймақ өсімдікке, жоғарғы қабатты су көздеріне, топырақ ресурстарына, күн сәулесінің белсенді радиациясына бай болса және қолайлы температуралы күндері ұзақ болатын болса, онда мұндай факторлар қоршаған ортаның ластанушы күштерге қарсы тұра алады. Ал олардың жеткіліксіздігі жағдайында тіпті аз ғана қалдықтардың өзі аймақтағы экологиялық жағдайды асқындырып жіберуі мүмкін.
Қазақстан территориясында ластаушы күштерге қарсы тұратын қуатты табиғи факторлар жоқ, сондықтан ластануға оңай берілетін осалдығымен ерекшеленеді. Атап айтқанда, ол су ресурстарына және флораға кедей, қуаттылығы аз топырақ қабаты жел және су эрозиясына ұшырауға бейім келеді.
Табиғи ортаны қирату және табиғат байлықтарын аяусыз игеру арқылы қоғамның тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес. Бүгінгі таңда экономикалық мүдде экологиядан басым түсіп жатқан жағдайда ерекше қорғауға алынған аймақтардың жағдайына жеткілікті деңгейде мән берілмеуі біздің дипломдық жұмысымыздың тақырыбын «Жамбыл облысындағы ерекше қорғауға алынған аймақтардың қазіргі жағдайы» деп алуымызға негіз болады.
Зерттеудің мақсаты: Жамбыл облысы территориясындағы ерекше қорғауға алынған аймақтарына талдау жасау, бүгінгі таңдағы аса шиеленіскен аймақтарын ашып көрсету.
Зерттеудің нысаны: Жамбыл облысының территориясы, оның аумағындағы ерекше қорғауға алынған нысандардың жағдайы.
Зерттеудің пәні: Жамбыл облысы территориясында ерекше қорғауға алынған аймақтардың қалыптасуы.
Зерттеудің міндеттері:
- Жамбыл облысының географиялық орны мен территориялық ерекшеліктерін айқындау;
- Облыс территориясындағы ерекше қорғауға алынған нысандардың зерттелу кезеңдерін көрсету;
- Жамбыл облысындағы ерекше қорғауға алынған аймақтарды аудандастырудың жиілігін анықтау;
- Облыстың қазіргі ерекше қорғауға алынған аймақтары жағдайының алдын алу шараларын талдау.
Зерттеудің ғылыми болжамы: Егер облыстағы ерекше қорғауға алынған аймақтардың қазіргі жағдайының алдын-алу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылса, онда аймақтың экологиялық ахуалының деңгейі жоғарылайды.
Зерттеудің әдістері: жалпы географиялық әдістер, статистикалық, математикалық, картографиялық, талдау, жинақтау және экологиялық сараптама әдістері.
Зерттеудің көздері: географиялық әдебиеттер, статистикалық анықтамалықтар, ақпараттық оқу құралдары, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдар. Сондай-ақ, Жамбыл облысындағы ерекше қорғауға алынған нысандардың материалдары қолданылды.
Зерттеудің теориялық мәнділігі: Зерттеу жұмысымызға негіз болған Жамбыл облысының ерекше қорғауға алынған нысандарының зерттелу кезеңдері мен аймақтардың қалыптасуы ғылыми тұрғыда талданып көрсетілді.
Зерттеу жұмысының практикалық маңыздылығы: Зерттеу жұмысында келтірілген және дәйектелген мәліметтерді географиялық ерекшеліктеріне талдау жасаудың, келешектегі табиғат жағдайы мен табиғат қорғау шараларын анықтап, іс жүзінде қолданудың маңыздылығы артады. Жалпы білім беретін орта мектепте физикалық география курсын өткенде негізгі материалдарды пайдалануға мүмкіндік береді.
Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, екі негізгі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
Кіріспеде зерттеу жұмысының негізгі өзектілігі, мақсаты, міндеті, нысаны, теориялық, практикалық мәнділігі айқындалды.
«Жамбыл облысы аймағындағы ерекше қорғауға алынған нысандардың зерттелу тарихы» деп аталатын бірінші тарауда Жамбыл облысының географиялық орны мен ландшафтысының ерекшеліктері, ерекше қорғауға алынған нысандарының зерттелу тарихы көрсетілді.
«Жамбыл облысы аймағындағы ерекше қорғауға алынған нысандардың қазіргі жағдайы» атты екінші тарауда зерттеу жұмысымызға негіз болған облыстағы тарихи-мәдени аймақтардың жағдайы мен ерекше қорғалатын территориялар жүйесінің қазіргі таңдағы көрінісі сипатталды.
Қорытындыда жұмыстың негізгі дәйектілігі көрсетіліп, ұсыныстар мен пікірлер берілді.
Қосымшада диплом жұмысының мазмұнындағы теориялық мәліметтерді толықтыратын карта, кесте секілді қосымша материалдар берілді.
Тарау ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ АЙМАҒЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕ ҚОРҒАУҒА АЛЫНҒАН НЫСАНДАРДЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ
1.1 Жамбыл облысы аймағындағы ерекше қорғауға алынған нысандардың зерттелу кезеңдері
Қазақ жері ұлан- байтақ. Онда алтын мен мыс, көл мен дария, мол сулы теңіздер, жан-жануарлар мен өсімдіктер бар. Табиғаттың ерекше көз тартатын көрікті орындары ерте кездерден бастап-ақ адам баласын шаттық сезімге бөлеп, әсем сұлулығымен таңдандырды. Ондай ғажайып жерлерді халық көздің қарашығындай сақтап, оған үнемі қамқорлық жасап отырды.
Орта Азия мен Қазақстан жерінде арнаулы қорыққа айналдырылған орындар ерте заманнан бастап болғандығын аңыз-әңгімелерден, нақыл сөздерден, жер-су аттарынан және тарихи жазба мәліметтерден көптеп кездестіреміз.
XI ғасырда өмір сүрген атақты ғұлама- ғалым Махмұд Қашқари «Түркі тілдерінің сөздігі» деген құнды еңбегінде «Қорық- әмірлердің мал жаятын көк майса жері. Кейде қоршалған әр жерді де қорық деп атайды» деп жазды. Сондай-ақ «қорықшы» деген сөзге берген түсініктемесінде «қорықтарды қадағалап, қамқорлық жасайтын адам» мағынасында қолданылатынын ескертті. Сол кезде, әсіресе, хан қорықтары туралы тарихшылар мен саяхатшылардың еңбектерінде көбірек деректер келтіріледі. X ғасырда Бұхара жерінде Шамсабад қорығы болғандығын, оның айналасы топырақ дуалмен қоршалып, ішінде көптеген жабайы жануарлардың ұсталғандығын, ортазиялық тарихшы Мұхаммед Наршахи баяндайды. Ал, Қазақстан жерінде қорыққа айналдырылған орындар одан да ерте дәуірлерде болған. Оған дәлелді атақты тарихшы В.В. Бартольд еңбектерінен кездестіреміз. YI –YII ғасырларда Жетісуды мекен еткен үйсін тайпалары жері шұрайлы, көк шалғынды, саялы-салқын орындарды қорыққа айналдырып, онда ретсіз мал жаймай, мезгілсіз аң ауламағандығын жазады.
Ғалымның бұл мәліметін қуаттай түсетін басқа деректер де бар. YII ғасырда Шығыстан шыққан жиһангез Сюань Цзань Талас өңірінде болып, Бинюй «Мыңбұлақ» деген жердің табиғатының әсемдігі мен хан қорығындағы бұтақты мүйіз бұғылардың көптігін жазады. Жаздың ыстық кездерінде түркі ханы өзен мен бұлағы мол саялы жерге келіп, қорықтағы бұғылардың сымбатына қызыға қарап, оларды санаумен әуестенетін. Егер бір адам оның біреуін атқан жағдайда өлім жазасына кесілетіндігі туралы арнайы жарлықта жарияланған.
Қазақстанда қорықтың болғандығын аңғартатын басқа да жер су аттары кездеседі. Мысалы, Зайсан өңіріндегі Сары шоқы, Сыр бойындағы Кең, Семейдегі Жиделібайсын қорықтары осы ойымыздың айқын дәлелі. Тілші ғалым Қойшыбаев Қордай тауындағы Қорғас өзенінің атын «Қорықсу» деген мағынаны білдіреді, - деп тұжырымдайды. Сонымен қатар Қорғалжын көлінің аты да қорық сөзімен байланыстырыла қарастырылады.
Талас Алатауындағы әсем табиғат әлемі үстіміздегі ғасырдың алғашқы жылдарында – ақ прогресшіл бағыттағы орыс ғалымдарының назарын өзіне ерекше аударған болатын. Ақыры, мыңдаған жылдар бойы жүргізілген зерттеулер өз нәтижесін берді. 1920 жылдың жазында Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің профессоры А.Л. Бродский Ақсу және Жабағылы өзендерінің бойындағы жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемін зерттей келе Түркістан Орталық атқару комитеті жанындағы «Табиғат қорғау комитеті» алдына аталмыш жерге табиғи қорық ұйымдастыру жөнінде арнайы мәселе қойды. Комитет профессор А.Л. Бродскийдің бұл ұсынысын бірауыздан қабылдап, 1922-1923 жылдары құрамында Орта Азия мемлекеттік университетінің көрнекті биолог ғалымдары бар комиссия мүшелерін Ақсу-Жабағылы алқабының табиғат ресурстарын есепке алуға жіберді. Мұнда нақты ғылыми жұмыстар жүргізген М.Г. Попов, Е.П Коровин, М.А. Димо, Д.Н. Кашкаров сияқты ғалымдар Түркістан Орталық атқару комитетіне мынандай қорытынды хабарлама жасайды: «Ақсу –Жабағылы өзендерінің жоғарғы ағысы төңірегінде - қорыққа тән келетін ерекше қасиетті табиғаттың сұлу да көрікті жерлері бар екені күмәнсіз. Бұл жерде Түркістан өлкесіне тән өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің типті белгілері көптеп кездеседі және олардың бәрі адам қолы тимеген күйінде сақталған. Ал оның табиғаты өте сұлу әрі ғылыми тұрғыдан зерттеуге де аса қолайлы аймақ» - делінген.
Ғалымдар мен мамандардың осы қорытынды пікірінен кейін көптеген ғылыми – зерттеу мекемелері 1923-1926 жылдар аралығында «Ақсу-Жабағылы қорығын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөле бастады. Ақыры 1926 жылы Ақсу –Жабағылы қорығы құрылды. Қорықты ұйымдастырудағы ең басты мақсат – батыс Тянь- Шаньның табиғаты тамаша көріністерін сол қалпында сақтау және осы тау жүйесі табиғи кешендерінің даму заңдылықтарын зерттеу, тау сілемдерімен ұштасып жатқан аршалы ормандарды, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді қорғау. Міне, осылайша 1927 жылы Қазақстан жеріндегі тұңғыш табиғат қорығы дүниеге келді» [1].
1.2 Жамбыл облысының физикалық- географиялық жағдайы ландшафтысының ерекшеліктері
Облыстың аумағы батысы Арал теңізімен, шығысы Жетісу (Жоңғар) Алатауымен шектелетін Қазақстанның оңтүстік бөлігінің дәл ортасында, 42,22 және 46,00 солтүстік ендік пен 68,15 және 75,55 шығыс бойлық аралығында орналасқан. Жері негізінен жазық. Солтүстік бөлігі (Бетпақдаланы есептемегенде) негізінен, Талас және Шу өзендері алаптарында орналасқан. Шу аңғары облысты екіге бөледі. Солтүстік бөлігінің батысы түгелімен ойысты - сортаңды, шығысын ұсақ шоқылы - жартасты Бетпақдала шөлі алып жатыр. Оның теңіз деңгейінен биіктігі 350 – 500 м. Мұндағы ең биік жері - Байқара тауы (655м). Шу өзенінің оңтүстік бөлігі - төбешікті - қырқалы келген Мойынқұм құмды алқабына (теңіз деңгейінен биіктігі 300 - 600м) ұласады. Оның орта бөлігіндегі құм бұйраттардың арасында көптеген шұраттар (оазистер) кездеседі. Бұл жерлерде жер асты суы (грунт суы) жер бетіне жақын жатыр.
Облыстың шығысында Шу – Іле тауларының аласа келген Желтау, Айтау, Хантау, Майжарылған таулары және Қопа, Қараой үстіртті жазықтары орналасқан. Олардың биіктіктері 1500 метрден аспайды. Беткейлерді көлбеу, жоталары жатық келеді. Облыстың қиыр оңтүстік – шығысында Іле Алатауына қабысып, Кіндіктас пен Жетіжол таулары жатыр. Шу - Іле тауларынан бастау алатын өзендерінің барлығы дерлік жаз айларында кеуіп, қүрғақ арналарға айналады. Шу – Іле тауларынан бастау алатын өзендердің барлығы дерлік жаз айларында кеуіп, құрғақ арналарға айналады. Шу - Іле тауларының оңтүстік - батысында, Шу өзенінің оң жағалық аңғарын ала солтүстік - батыстан оңтүстік - шығысқа қарай созыла орналасқан Сарыой үстіртті жазығы мен Сексеуілді даласы жатыр. Сарыой жазығында мемлекеттік Андасай қорықшасы орналасқан [1].
Облыстың оңтүстік, оңтүстік шығысында Қырғыз Алатауының Қазақстанға қарасты солтүстік, солтүстік - батыс бөлігі орналасқан. Оның сүйірлене келген жоталары (биіктігі 4000 метрге жетеді) шығыстан батысқа қарай төмендей береді. Облыс аумағындағы оның ең биік жері - Меркі өзені бастау алатын тұсы (4099м). Жалпы ендік бағытта орналасқан Қырғыз Алатауының 4000 метрге жуық бірнеше жоталары мен сілемдері бар. Сонымен қатар, Қаратөбе, Мақбел, Шұңқыр, Құмбел атты асулары орналасқан. Олар арқылы жаяу немесе салт атты адамдар көрші Қырғыз еліне өте алады. Қырғыз Алатауынан облыстың бірнеше өзендері (Мақпел, Шалсу, Шұңқыр, Қарақат, Меркі, Аспара, т.б) бастау алады. Облыстың оңтүстік - батысында облыс аумағында Талас Алатауының қиыр солтүстік бөлігі кіреді. Таудың облыс аумағы бөлігінің ең биік жері - 4027м. Мемлекеттік Ақсу - Жабағылы қорығының солтүстік - шығыс бөлігі (Жуалы ауданы аумағында) осында орналасқан.
Облыстың оңтүстік - батыс аумағында Қаратау жотасының солтүстік - шығысындағы Үлкен Ақтау мен оңтүстік – шығыс бөлігі (Кіші Қаратау) кіреді. Оның облыс аумағындағы ұзындығы 150 шаршы шақырым шамасында. Ең биік жері - Кіші Қаратау жотасының орта тұсы 1610 метрді құрайды. Оңтүстік - шығысында ірі фосфорит кен орындары, полиметалл кен тастары бар. Жотадан жаз ортасында құрғап қалатын немесе жылғаға айналатын бірнеше өзендер (Бүркітті, Шабақты, Көктал, т.б) бастау алады. Жотаның солтүстік – шығыс өңірінде бірнеше көлдер тобы (Билікөл, Ақкөл, Ащыкөл, Ақжар, Жылқыбай, т.б.) жатыр.
Облыстың орталық өңіріндегі сазды-тақтасты, құмды төбешекті жерлерінде бұлақтар, ұсақ тұзды көлдер, құдықтар көптеп көздеседі.Олардың маңы жыл бойғы мал жайылымдарына пайдаланылады.
Жер бедерінің қалыптасу тарихы. Облыс аумағы бүкіл Қазақстан жеріндей ұзақ уақыт бойы Жердің ішкі және сыртқы күштерінің әсер етуі нәтижесінде қалыптасқан. Аумақты бірнеше рет теңіз басып, кейіннен құрлыққа айналып, одан кейін, қайта теңіз суы астында қалып отырған. Жер бетінде таулар пайда болып, кейіннен олар мүжіліп, жазыққа айналған. Мұндай күрделі процестер оңдаған, жүздеген миллион жылдар бойы қайталанып отырған. Соның нәтижесінде облыс аумағының қазіргі жер бедері қалыптасқан. Қазіргі жер бедерінің қалыптасуын 2 кезеңге бөлуге болады.
Бұлар – ерте мезозой - палеогон және жаңа неоген – төрттік кезеңдер. Палеозойдағы қарқынды соңғы тектоникалық қозғалыс әсерінен герцин қатпарлану дәуірінде облыс аумағының оңтүстігінде биік таулар пайда болған. Кайнозой эрасының басында олар мүжіліп біржолата құрлыққа айналған. Жердің жаңа тарихының (кайнозойдан бастап) ұзақтығы 55 - 65 млн. жылға созылған. Облыс аумағының қазіргі жер бедерінің қалыптасуы жер қабығының альпілік қозғалысымен тығыз байланысты. Төрттік кезеңінде жер бетінің қалыптасуы одан әрі жалғасқан.
Сурет - 1. Жамбыл облысының физикалық картасы
Палеоген кезінде облыс аумағында тектоникалық қозғалыс өте баяу жүрген. Осы кезеңде облыстың солтүстігіндегі ескі тау жүйелері бұзылып жазық өңіріне (Бетпақдала) айналған. Биік таудың бұзылып ойпаттарға жиналуынан аккумулятивтік жазықтар (Шу, Талас өзендері алабы) пайда болған.
Неогеннің басында жер қыртысында бірнеше дүркін қозғалыстар болды. Бірақ олар облыс аумағына айтарлықтай өзгеріс әкелмеді. Неогеннің екінші бөлігінде (12 - 15 млн. жыл бұрын) облыс аумағында тау массивтері қарқынды көтеріле бастады. Осы уақыттан бастап жаңа тектоникалық қозғалыс дәуірі жүріп, ірі тау жоталары (Қырғыз Алатауы, Талас Алатауы, Өгем жотасы, т.б.) қалыптаса бастады. Тауаралық аңғарлар мен ірі өзен аңғарлары пайда болды. Құм, тақтасты материалдар тау алды жазығы мен тауаралық ойыстарға ысырылды. Жарылу және тілімдену нәтижесінде Шу өзенінің арналары пайда болды. Облыс аумағында неоген кезеңінің аяғында аридтік климат үстем болған. Облыс аумағын қамтыған сирек орманда шөл және қуаң дала қалыптаса бастады.
Төрттік кезеңде (1 - 1,2 млн. жыл бұрын) обыстың облыстың оңтүстігінде мезгіл - мезгіл қарқынды көтерілулер қайталанған. Бұрынғы түгелімен дерлік жазық аумақтар бірнеше бөліктерге жарыла ажыратылады. Кейбіреулері едәуір биіктерге көтерілген. Кейде неогеннің қызыл түсті саз балшықтары тау бастарында кездеседі. Жоталар биік таулық кейіпке келіп, биіктігі 3000 - 4000 метрге жеткен. Тауаралық ойыстар айқындалып, тау алды және тауаралық аңғарлар мен қазаншұңқырлар қалыптасқан /.
Тауларды төрттік кезеңде екі рет мұз басқан.Осы кезеңде Шу өзені жүйесі құрылған. Алғашқы мұз басудан кейін қарқынды түрде терең шатқалдар жасап, облыстың оңтүстігіндегі өзендердің (Қорағаты, Меркі, Аспара) арналары қалыптаса бастаған.Қазіргі кезеңде неогентектоникалық қозғалыс әлі жалғасуда. Қырғыз Алатауы мен Талас Алатауындағы тау түзілім процестері де әлі тоқтаған жоқ. Оған 2003 жылдың мамыр айында Тұрар Рысқұлов ауданында болған жер сілкінісі дәлел. (қ.Құландағы жерсілкініс) /1/.
Геологиясы және кен байлықтары. Қазақстан жерін тектоникалық аудандастыру 1:1500 000 масштабты картаға негізделген. Бұл тұрғыдан облыс аумағы Шығыс Еуропа платформасының Орал – Монғол қатпарлы белдеуінің батысын алып жатыр. Қатпарлы белдеу өзінің оңтүстік – батысында Тұран плитасына (ойпатына) жалғасады. Оның шығыс бөлігінің жоғарғы тысы жоғары триастан антропогенге дейінгі теңіздік, континенттік, терриигендік, карбоннаттық – терригендік шөгінділердің (қалыңдығы 4 - 5 км-ге дейін) түзілген. Фундамент құрамы әр түрлі келген кембрийден триасқа дейінгі геосинклинальдік және квазиплатформалық геологиялық формациялардан тұрады және интрузиялар бойлаған жарылымдармен тілімденген. Қаратау өңірінде кембрийге дейінгі метаморфтануға шалынған жыныстары, кембрий – ордовиктік кремнийлі – тақтатасты ванадийлі және фосфоритті карбонатты- терригендік шөгінділері, жоғары девон – төменгі карбонның карбонатты шөгінділері көптеп кездеседі. Көкшетау – Солтүстік Тянь - Шань қатпарлы жүйесіне жататын каледониттер түгелімен дерлік Бетпақдаланы алып жатыр.
Облыс жер қойнауы кен орындарына бай. Мұнда ірі газ кен орындары (Амангелді, Малдыбай, Анабай, Айрақты, Солтүстік Үшарал,Үшарал - Кемпіртөбе), мыс, қорғасын, мырыш, алмас, фосфорит,тас көмір, ас тұзы, гипс, селитра, т.б.кендер барланып, кейбіреулері өндірілуде.
Облыстың негізгі байлығы фосфорит кендері. Фосфоритті бассейн Кіші Қаратаудың солтүстік – шығыс бөлігінде орналасқан 45 кен орнын қамтиды. Кіші Қаратудың кен орындарын алғаш 1936 жылы геолог И.И.Машкара геологиялық барлау барысында анықтаған болатын. Арнаулы геологиялық зерттеулер кейін, рудалардың химиялық анализі жасалып, фосфориттің кәсіптік маңызы бар екендігі анықталған соң ғана басталды. Геолог ғалымдар осы бассейнді 3 бөлікке бөледі: оңтүстік – шығыс, орталық және оңтүстік – батыс аймақтары. Оңтүстік – шығысында Шолақтау мен Ақсай кен орындары орналасқан. Кен орындары минералды – химиялық құрамына қарай 4 қабатқа: негізгі фосфоритті, фосфат – кремнийлі, төменгі фосфоритті және кремнийлі болып бөлінеді. Фосфорлы ангридтің мөлшері әртүрлі қабатта әрқалай: 2 – 7 % - тен 15 - 37% аралығында болады. Осы кеннен алынатын суперфосфат рудасы алдын – ала байытуды қажет етпейді. Өнеркәсіптік маңызы бар фосфорит кен орындары: Тесіктас – қалыңдығы - 3,5 м, фосфоритті ангидрид мөлшері – 30%, Жаңатас, Көксу, Көкжан, Үмбас – 24 – 25%, 29 - 30%. Кіші Қаратауда, фосфориттен басқа, тас көмір, мирабилит, марганец табылып отыр. Облыс жеріндегі шөгінді тау жыныстарымен галит, ізбестас, саз, цемент, доломит т.б. құрылыс материалдары байланысты.
Климаттық тұрғыдан облыс аумағының жазық өңірі Балқаш - Арал, Жоңғар (Жетісу) – Шу - Іле және Қаратау – Қызылқұм климаттық облыстарына жатады. Олар өз тұрғысынан бірнеше климаттық аудандарға бөлінеді. Облыс аумағын қамтитын аудандарға Орталық Қазақстан климаттық ауданының оңтүстік бөлігі, Балқаш маңы климаттық ауданнының батыс бөлігі, Мойынқұм климаттық ауданы,Талас аңғары климаттық ауданы, Шу – Талас климаттық ауданы жатады. Одан басқа облыстың таулы өңірі – Батыс Тянь – Шань таулы климаттық облысының Жуалы, Шығыс Қаратау, Солтүстік Қырғыз және Шу – Іле климаттық аудандары кіреді. Жазық өңіріндегі климаттық аудандарға, негізінен, қуаң климат тән.
Облыстың аумағының басым бөлігі ашық әрі жазық екенін ескерсек, жылдың суық айларында солтүстіктен келетін Азиялық антициклонның ықпалы мол. Облыстың бұл өңіріне ылғалға мол континенттік Сібір және арктикалық ауа массасы енеді. Ылғалды ауа массасының қайталануы сирек, облыстың оңтүстігіне жеткенше оның ылғалы азаяды. Климаттық аудандардың жалпы қасиеттеріне тән нәрсе – қысым градиенті мен жел жылдамдығының күшеюі. Желдің жылдық орташа жылдамдығы 3 – 4 м/сек, Балқаш көлі маңында 4,5 – 5 м/сек. Желдің баяу жылдамдығы жаздың аяғы мен күздің басында байқалады. Ал жел жылдамдығының максимумы қыстың 2 - жартысына келеді. Бұл кезде облыс аумағы арктикалық шептің әсерінде болады, қысымдық градиент ұлғаяды. Ал жаз айларындағы жылы ауа жазыққа оңтүстіктен келетін ыстық ауа массасының тез таралуы нәтижесінде болады. Облыстың жазық өңіріндегі жылдық температура амплитудасы 78 - 84° С, тәуліктік температура амплитудасы 20 - 30° С.
Орталық Қазақстан климаттық ауданының облыс аумағына қарасты оңтүстік бөлігінде (Сарысу және Мойынқұм аудандарының солтүстік бөлігі) климат қуаң әрі ыстық. Бұл өңір теңіз деңгейінен 400 – 600 метр биіктікте. Мұнда ауа массасы еркін ауысып отырады. Сондықтан орташа айлық ауа температурасының жылдық амплитудасы 38° С - қа жетеді, абсолюттік максимумы 90° С. Бұл көрсеткіш облыс аумағы ғана емес бүкіл Оңтүстік Қазақстанның жазақ өңіріндегі ең үлкен амплитуда. Оған негізгі себеп – суық ауа массасының еркін енуі және қыста олардың тез жылуы, жаз айларында жылы ауа массасының енуі және жергіліктілікті жерде оның тез ысынуы. Қыс айларындағы ауа температурасының ортагша мөлшері - 14 – 12° С. Ауданның солтүстік бөлігінің жазық болуына байланысты сібір және арктикалық ауа массасы еркін енеді де қыс айларында кейде – 43 - 46° С - қа дейін төмендейді. Мұнда қыс айларындағы теріс температураның жиынтығы 1400 - 1500° С - қа жетеді.
Бұл өңір облыстағы ең ұзақ қыс болатын өңір. Аязды күндердің ұзақтығы 160 - 170 күн. Тұрақты қар жамылғысы қараша айының 2 – онкүндігінде қалыптасады. Климаттық ауданда шығыс желдері басым және оның орташа жылдамдығы 6 м/сек – ты құрайды. Қыстың екінші бөлігінде желдің жылдамдығы өзінің шегіне жетеді. Көктемдегі соңғы үсік мамыр айының ортасында байқалады. Мұнда көктемгі температура оңтүстік аудандарда 4 – 5° С төмен. Ауданның жазы оңтүстікке қарағанда біршама салқын. Шілде айының орташа температурасы 23 – 25° С. Оңтүстік өңірлерге қарағанда жаз 20 - 25 күндей қысқа. Ыстық күндер мамыр айының аяғында басталады. Оның ұзақтығы 80 – 100 күндей. Ыстық кезеңдердің болуы Орталық Азиядан келетін термиялық депрессияға байланысты. Күн сайын дерлік температура 40° С – қа жетіп отырады, ал максимум температура 45° С – та тіркеледі. Жаз айында бұлтсыз ашық аспанда тәуліктік орташа температура 18 – 25° С - қа дейін жетеді. Жылдық жауын – шашынның 60 % жылдың жылы кезеңінде жауады. Күздің бірінші жартысында күн ашық, жылы және құрғақ болады. Бірақ екінші жартысында температура тез төмендейді, ауаның циклондық әрекеттері күшейеді, қыркүйектің соңында алғашқы үсік жүреді. Ауданның климаттық жағдайы маусымдық жайылымға (қысқы, көктемгі, күзгі) қолайлы. Бірақ жауын – шашын аз болуы және тұрақты су көздерінің болмауы қиындық туғызады.
Балқаш маңы климаттық ауданының батыс бөлігі облыстың Мойынқұм ауданы аумағының солтүстік – шығысын қамтиды. Климаты құрғақ және жылы. Облыстың басқа аумағына қарағанда мұнда ең суық ызғарлы қыс болады. Оған солтүстік – шығыстағы Зайсан қазаншұңқырынан келетін суық ауа массасы себеп болады. Мұнда қыста ашық күндер облыстың басқа аумағына қарағанда басым. Сондықтан, күн радиациясының мөлшері қиыр оңтүстік аудандардан кем емес. Қыс кезеңінде қысымдық – циркуляциялық жағдай Сібір максимумымен және антициклондармен анықталады. Антициклон нәтижесінде (ашық аспанды күндердің мол болуы) ауа тез суынып, ауа температурасы өте тез төмендейді. Бүкіл аудан бойында қыс айларының орташа температурасы қаңтар айының соңында байқалады. Мысалы, Балқаш көлінің батысында (Құйған ауылы тұсында) орташа температура қаңтарда - 20° С – ты көрсетеді. Қыс оңтүстік аудандарға қарағанда 2 аптадай ұзақ болады. Көктем оңтүстік аудандарға қарағанда 10 – 15 күн кейін басталады және ол тәуліктік ауа температурасының өзгеріп отыруымен ерекшеленеді. Наурыз айында кейде орташа айлық температура қалыптан 9 - 11° С – қа дейін өзгереді. Вегетациялық кезеңнің ұзақтығы 175 - 180 күндей, температура жиынтығы бұл кезеңде 3300 – 3500° С. Жаз айлары ыстық және қуаң. Шілде айының орташа температурасы 23 – 24° С. Ең ыстық күндерде температура 39 – 44° С - қа жетеді. Үсік мамыр айының ортасында да болуы мүмкін. Балқаштың бұл бөлігінде облыс аумағындағы жауын - шашынның ең аз мөлшері байқалады. Жауын - шашының ең аз жауатын мезгілі – тамыз, қыркүйек айлары.
Тұрақты қар жамылғысы қарашаның аяғы - желтоксанның басына келеді. Мұнда желдің жылдамдығы 6 – 10 м/сек және оның негізгі бағыты солтүстік - шығыс және солтүстік. Боранды күндер қаңтардың аяғы және бүкіл ақпан айларында байқалады. Әсіресе, көктем кездерінде қатты желдер жиі болып тұрады. Жаздағы қатты желдер шаңды құйын мен дауыл тудырады. Желдің жылдамдығы кейде 20 м/сек - қа жетеді. Бұл климаттық ауданның аумағын көктемгі және күзгі жайылым ретінде ғана пайдаланады.
Мойынқұм климаттық ауданы толығымен дерлік облыстың орталық бөлігін қамтиды. Аудан төбешікті – қырқалы келген Мойынқұм шөлін, Талас және Шу өзендерінің төменгі шөлейтті аңғарларын және Қаратаудың солтүстік – шығыс бөлігін алып жатыр. Ол ендік бағытта облыстың барлық ауданы арқылы өтеді. Өсімдік жамылғысы, негізінен, баялышты – жусанды, бұйырғынды – жусанды және астық тұқымдасы аралас бұйырғынды – жусанды келеді. Олар сәл сортанданған және сортаңды сұр топырақта өседі. Грунт суы жақын жатқан ойысты және шалғынды жерлерде жусанды - сораңды, ши және әр түрлі астық тұқымдасты шөптесіндер өскен. Климаттық аудан қоңыржайсуық қысымен, ыстық жазымен, температуралық айырмашылығымен және тәуліктік температураның үлкен амплитудасымен (20-30С) ерекшеленеді.
Ауданның солтүстік жағы арктикалық ауа массасының және Сібір антициклонның әсерінде болғанымен Орталық Қазақстан және Балқаш маңы климаттық аудандарына қарағанда термиялық фоны жоғары. Әсіресе, ол жылдың суық кезеңдерінде байқалады. Мұнда қыс (қаңтар айының орташа температурасы – 8 – 1° С) солтүстіктегі екі климаттық аудандарға қарағанда 4 – 5° С - тай жылы. Теріс температураның жиынтық мөлшері 600–800° С – ты құрайды. Балқаш маңы климаттық ауданына қарағанда қыс бір айдай қысқа болады. Наурыз айының басында немесе орта тұсында көктем басталады. Көктем бүкіл аудан бойында бір мезгілде (климаттық ауданның ендік бағытта орналасуына байланысты) дерлік байқалады. Сәуір айының ортасында үсік тоқтайды. Бірақ кейбір жылдары ол сәуірдің аяғында да болуы мүмкін. Аудандағы аязсыз күннің орташа мөлшері 5,5 айға (170 күндей) жетеді. Сәуір айының соңында жаз басталады. Оның ұзақтығы 138 - 48 күнге жетеді. Шілде айының орташа температура мөлшері 25 - 27° С. Маусым айының ортасында тұрақты ыстық ауа райы орнығып, ол қыркүйектің басына дейін созылады. Жаз кезеңіндегі температура жиынтығының мөлшері 3000 - 3200° С. Бұл кезеңде ауа ылғалдылығы өте төмен болады. Мысалы, Ойық метеостансасында 178 күнге созылатын ыстық кезеңдегі ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 30 % - ды құрады. Қыркүйек айының 3 - онкүндігінде күз басталады. Ауа температурасының 10° С - тан жоғары тұрақты кезеңі климаттық ауданның солтүстігіне қазан айының басында, оңтүстікте қазанның соңында болады. Күздегі үсік солтүстікте қыркүйектің соңында, оңтүстікте қазан айының 1 - онкүндігінде болады. Қысқы кезең солтүстікте қараша айының басында, оңтүстікте осы айдың соңында басталады. Жауын - шашынның орташа мөлшері 280 мм-ге жетеді. Жауын –шашынның 50 % - ға жуығы жылдың жылы кезеңінде жауады. Оның 50 % - ға жуығы сәуір – мамыр айларына келеді. Мұнда тұрақты қар жамылғысы болмайды. Тек көтеріңкі келген қиыр шығыс бөлігінде оның қалыңдығы 10 см-ден аспайды.
Аудандағы желдің басым бағыты шығыс, солтүстік және солтүстік - шығысқа келеді. Тасты елді мекені маңында солтүстік желдің жылдық қайталануы 51% - ды құраса, Ұланбел ауылы маңында ол 60% - ға жетеді. Желдің жылдық орташа жылдамдығы 2,9 - 3,3 м/сек. Кейде оның жылдамдығы көктемде 20 м/сек - қа жетеді. Аумақтың климаттық және топырақтық жағдайына қарай көктемгі, күзгі және қысқы мал жайылымы ретінде пайдаланады. Қысқы жайылым, негізінен, Шу өзенінің құмды келген төменгі ағысы мен Мойынқұмда болады. Тұрақты су көзінің болмауынан шөлдік жайылымды толық пайдалануға мүмкіншілік жоқ. Егін шаруашылығы суармалы жерлерде және Шу, Талас өзендерінің жайылмаларында ғана бар. Шу аңғарының орта, төменгі ағыстарында 10° С - тан асатын температура жиынтығы 3460 - 3800° С - ты құрайды.
Шу - Талас климаттық ауданы облыстың Қырғыз және Талас Алатауларының шөлейтті тау алды жазығын және Шу мен Талас өзендерінің орта аңғарын қамтиды. Бұл ауданның теңіз деңгейінен биіктігі 400 - 700 метр. Мұндағы топырақ жамылғысы бозғылт сұр, бозғылт қоңыр. Кейбір жерлерін шалғынды сұр және өзен жайылмаларының шалғынды - сортаңды топырағы қамтыған. Оларда, негізінен, жусан мен бетеге, боз басым өскен. Климаттық аудан оңтүстіктен, оңтүстік - батыстан және оңтүстік - шығыстан тау жоталарымен қоршалған. Бірақ бүкіл солтүстік, солтүстік - шығыс жағы ашық және жазық дала болғандықтан, оның аумағына солтүстіктен келетін суық ауа массасының енуіне қолайлы жағдай туады және термиялық режиміне өзгеріс әкеледі. Қыста меридиан типтегі ауа айналымы орташа айлық температураны төмендетеді. Мысалы, 1935ж. Шу қаласы маңындағы қаңтар айының орташа температурасы - 14° С - ты құраса (орташа температурасы - 9,2° С ), 1945 жылы ақпандағы орташа температура - 15° С - ты көрсетті (орташа температурасы - 5,3° С болатын). 1931 жылы Жамбылдағы (қазіргі Тараз қаласы) ақпанның орташа температурасы - 14,5° С - ты көрсетті. Сол жылы жылдың суық кезеңіндегі ең төменгі температура Таразда – 36 - 41° С - ты көрсетті.
Жалпы, климаттық аудан облыстың ең жылы қысымен (- 3 - 5° с) сипатталады. Оған негізгі себеп, ауданның солтүстік - шығыстан келетін суық ауа массасын Шу - Іле тауларының біршама ұстап қалуынан болады. Қыстың ұзақтығы 97 - 108 күн. Оңтүстікте орналасуына байланысты ауданға оңтүстік - батыстан жиі - жиі тропиктік жылы ауа массасы келіп тұрады. Ауданда қатты жел соғып, қарлы боран болуы өте сирек. Климаттық ауданда көктем ерте басталады. Наурыз айының өзінде – ақ орташа айлық температура оң мәнді (2,4 - 3,3° С) болады. Ауданның тұрақты орташа тәуліктік температурасының 0° С - тан жоғары мәні наурыздың 1- онкүндігінде байқалады. Температураның көтерілуне байланысты циклондық процестер қарқындай түседі, жауын – шашын ұлғаяды.
Атмосфералық циркуляцияның ұлғаюына байланысты, желдің жылдамдығы 2,5 м/сек - тан 3,5 м/сек - қа дейін күшейді. Қатты желдің басым бөлігі (38 %) көктем айларына келеді. 8 - 17 сәуірде – ақ вегетациялық кезең қарқындап, температура жиынтығы 3300 - 3800° С – ты құрайды. Үсік наурыздың соңы сәуірдің 1 - онкүндігінде болады. Соңғы үсік кейде сәуір айының соңында да болуы мүмкін. Жылдың аязсыз күндерінің орташа мөлшері 132 - 174 күн. Мамыр айының басында жаз басталады. Оның ұзақтығы 130 - 146 күн. Тұрақты ыстық кезең (орташа 80 күндей) маусым айының 2 - жартысында болады. Ауа құрғақ, оның күндізгі салыстырмалы ылғалдылығы 23 - 32 %. Қыстағыдай жазда да жел тұрақты емес. Шу қаласы маңында солтүстік –шығыстан келетін жел басым. Жаз айындағы желдің жылдамдығы 3 - 4 м/сек – тан аспайды. Күздің желі қыс айларындағыдай (2,5 - 3,5 м/сек). Күздегі алғашқы үсік қыркүйектің соңында, қазанның басында болады. Кейбір жылдары үсік қазанның аяғы қарашаның басында болады. 1952 жылы Таразда қарашаның 30 - да ауа температурасы -37° С - ты көрсетті.
Климаттық аудандағы жауын - шашын мөлшері 268 – 300 мм. Жауын - шашын жылдың суық және жылы мезгілдерінде бірдей дерлік түседі. Тамыз айы – ең құрғақ айға жатады: жылдық жауын - шашын мөлшері 1,8 - 2,7 % - ы ғана түседі. Жауын – шашын көктемде көп болады. Жылдың ең ылғалды айы - сәуірде жылдық жауын - шашынның 15 - 75% - ы түседі. Жалпы, әр жылдарда климаттық ауданда жауын – шашын мөлшері құбылып отырады. Мысалы, Тараздағы жылдық жауын - шашынның орташа мөлшері 287 мм – ді құраса, кейбір жылдары ол 522 мм - ге жетеді, минимумы 86 мм - ді құрайды. Шілдеде жауын - шашын мүлдем болмайды, не оның мөлшері шамалы ғана. Ауданның оңтүстігінде қыста жауын - шашын кейде жаңбыр түрінде болады. Қар жамылғысы шамалы (2 - 2,5 ай жатады), желтоқсанның 10 – 20 - нан,ақпанның 20 – 25 - іне дейін жатады.
Облыстың таулы аймағының климаты өзгеше. Ол да климаттық аудандарға бөлінеді. Сондай аудандардың бірі - Жуалы климаттық ауданы. Оның аумағы 1 мың км - дей. Ол солтүстік - батыс Тянь - Шаньдағы Жуалы қазаншұңқырын қамтиды. Аудан теңіз деңгейінен 960 - 1500 метр биіктікте және барлық жағынан дерлік таулармен қоршалған. Сондықтан оның климаттық ерекшеліктері республиканың солтүстік облыстарына жақындау келеді. Климаттық ауданның қалыптасуына таулармен оқшаулануы ықпал еткен. Тек солтүстік – шығысында ғана жіңішке келген аңғар жатыр. Сол аңғардан (өткелден) қыста Сібір антициклоны мен арктикалық суық ауа массасы енеді. Сонымен бірге жергілікті орографиялық ерекшелік те ...
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Ұқсас мақалалар:
» Дипломдық жұмыс: Биология | Оңтүстік Қазақстан облысының жануарлар дүниесі
» Дипломдық жұмыс: География | Орталық Қазақстанның көлдеріне аймақтық шолу
» Дипломдық жұмыс: География | Жамбыл облысының туристік географиясы
» Дипломдық жұмыс: География | Оңтүстік қазақстан өңірі ландшафттық топонимикасы ерекшеліктері
» Дипломдық жұмыс: Кәсіби оқыту | Кіріспелік нұсқауға қысқаша мазмұндама жасау
» Дипломдық жұмыс: Биология | Оңтүстік Қазақстан облысының жануарлар дүниесі
» Дипломдық жұмыс: География | Орталық Қазақстанның көлдеріне аймақтық шолу
» Дипломдық жұмыс: География | Жамбыл облысының туристік географиясы
» Дипломдық жұмыс: География | Оңтүстік қазақстан өңірі ландшафттық топонимикасы ерекшеліктері
» Дипломдық жұмыс: Кәсіби оқыту | Кіріспелік нұсқауға қысқаша мазмұндама жасау
Іздеп көріңіз: