Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Қазақ аңыз-әңгімелерінде тұлпар бейнесінің сомдалуы
Мазмұны
КІРІСПЕ
І ТАРАУ
ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ТҰЛПАР БЕЙНЕСІНІҢ МИФОЛОГИЯЛЫҚ БАСТАУЛАРЫ
1.1 Жылқы малының шығу тегі
1.2 Жылқыға байланысты наным- сенімдер мен салт- дәстүрлер
ІІ ТАРАУ
ҚАЗАҚ АҢЫЗ-ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕ ТҰЛПАР БЕЙНЕСІНІҢ СОМДАЛУЫ
2.1 Батырлар жырындағы тұлпарлар образы
2.2 Тұлпар туралы шығармалардың көркемдігі
Қорытынды .
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауының басым бағыттарында, біз қазақ халқының санғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз. Сонымен қатар, ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді, біртұтас Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз,- [1; 1б.] делінген. Сондықтан біз, Қазақстанның дамуына өз үлесімізді қосуға міндеттіміз.
Дипломдық жұмыс қазақ халқының асыл түлігі - тұлпар бейнесінің әдебиетімізде жеке образ болып қалыптасуы, осы образ арқылы шығармаларда өмір шындығы мен кейіпкер тағдырының көрініс табуы, оның көркемдік тұрғыдан жинақтауға әсері сынды мәселелерді қарастыруға арналған. Дипломдық жұмыста қазақ ауыз әдебиетіндегі тұлпарлар бейнесі: жылқы малы туралы наным-түсінік, тұлпарлар бейнесін сомдауда кейіпкер тағдырының көркемдік тұтастығы, қазіргі әдебиеттегі тұлпарлар бейнесінің өзіндік қырлары кеңінен көрсетіледі.
Қазақ халқын: "ер қанаты - аттан" бөлек қарау мүмкін емес. Арыдағы арналарды еске алсақ, халық әдебиеті үлгілерінде, көне жазба ескерткіштердің тасқа қашалып жазылған мұраларында тілге тиек етіліп, аласапыран замандарда да елге қорған, ерге қанат бола білген тұлпарлар көп жырланады. Мінсе -көлігі, жесе - азығы, ішсе - сусыны болған сенімді серігі - тұлпарларға айрықша мән берген. Қазақ халқының өмір тарихы мен өткен жолы асыл жануар - жылқымен байланысты болғандықтан, оны ән-жырға қосып жырлап, мифтік санада өз жаратушысы деп те сенген . Бұндай дәлелдерді халық тарихы мен өмір-тұрмысынан жиі ұшырастыруға болады.
Қазіргі таңда тілдік, этнографиялық, тарихи тұрғыдан мол мағлұмат беретін ауыз әдебиетінің туындылары - көптеген ғылымның зерттеу объектісіне айналуда. Қазақ тұлпарларының әуел бастан халқымыздың санасына, дүниетанымына етене жақын болғандығын дәлелдейтін рухани мұраларды С. Қондыбай [3], А. Тоқтабай [4] т.б. археолог, этнограф зерттеушілеріміздің еңбектерінен кездестіреміз. Қазақ халық әдебиетіндегі жылқы малының орны жөнінде Ә. Қоңыратбаев [5], Н. Келімбетов [6], А. Қыраубаева [7], Р. Бердібай [8] т.б. еңбектері зерттеушілер үшін құнды ғылыми - танымдық мәліметтерді алға тартады.
"Мал патшасы - жылқының" әдебиеттегі орнын, оның образын биік тұғырға көтерген Ғ. Мүсірепов , Т. Әлімқұлов , Қ. Жұмаділов , С. Бақбергенов т.б. қаламгерлер тұлпар бейнесін көркем де шынайы суреттеген.
Шындығында да, жан - жануарлар қай халықтың болмасын фольклоры мен әдебиетінде елеулі орын алатындығы әдеби шығармалардың тереңіне үңілген адамға мен мұндалап - ақ түр. Жылқы жайлы Қазақ Совет энциклопедиясындағы тарихи деректерге сүйенсек, біздің заманымыздан 7000 - 6000 жылдар бұрын Азия, Африка, Европада қолға үйретілгендігі сөз болып, сондай - ақ, жабайы жылқының сүйегі Францияның солтүстігінен көп табылған, - делінген . Осы ретте, Қазақстан территориясынан табылған Ботай мәдениетін зерттеуге ат салысқан ғалымдар: В.З. Зайберт , Л.А. Маркова, М.К. Хабдулина, Г.Б. Зданович т.б. энеолит дәуіріндегі табылған сүйектердің - 99,9 % - і жылқынікі болғандығын тап басып көрсетеді.
Қазақстан - Американ біріккен экспедициясының қорытындысы табылған жебелердің үшына жасалған талдауларда жылқы малының қаны табылмағандығын айта келіп, II ғасырда жылқыны қазақтар қолға үйреткендігін дәлелдеген . Эпостық шығармалар ішінде жиі кездесетін, кез-келген елдің ауыз әдебиет туындыларында мол ұшырасатын бейне - жылқы болып табылуы да тегін емес. Шығармалардың басым көпшілігінде ол адамның жақын досы, ақылшысы, сырласы, тағдырласы түрінде өріледі. Мәселен, Саха -Якут, түркі халықтарының дүниетанымында жылқы - жаратушы ана, апам -напат тотемі жылқы - тәңірі мен пенделердің арасын байланыстырушы (пырақ) күш немесе шаманның ие - қыласы, жылқы - адам не сиқыршы ретінде сомдалған. Қазақ әдебиетінде XX ғасырдың 60-80 жылдар аралығындағы прозалық шығармаларында да тұлпар образына байланысты көркемдік ізденістер оқырман назарын өзіне аударады. Бұл шығармалардағы басты идея -тұлпарлардың адам өміріндегі өзіндік орны, тарихи қоғамдық - әлеуметтік шындықтың тұлпарлар образымен сабақтасуын, тұлпардың сымбаты мен сұлулығы, ат баптаудағы дәстүрлі мектептер суреттелген. Мұның бәрінен, әрине жылқы - халқымыздьщ қымбат қазыналарының бірі, өмір - тұрмыстағы жиі пайдаланатын, қадірлі де қасиетті жануарларының қатарына жататынын білеміз.
Тақырыптың өзектілігі. Ұлттық сөз өнеріндегі - тұлпар бейнесінің тарихы мен тағдыры арыдағы арналарда, тым көне кезеңдерде жатыр.
Ұлттық рәміздерімізде бейнеленген қыран, барыс тәрізді жылқы символикасының да ұлттық санадағы орны ерекше. Символдардың мәнін өскелең ұрпаққа түсіндіру - халқымыздың сан ғасырлар бойы дәстүрге айналдырған ғұрыптық жоралғылары мен ырымдарының, түрлі ем-домдардың түпкі себебін терең ұғынуға септігін тигізеді.
Бұл - халықтың рухани мәдениетінің алғышарттарын түсінуге, ұлттық санамыз бен үрдісімізді тарих қойнауынан аршып, далалықтар өркениетін мақтан тұтуға жетелейді . Әлем халықтарының әдебиетіне ортақ бейне болып табылатын тұлпар, арғымақ, сәйгүліктерді сонау көне замандарды жалғастырушы дәстүрлі мәдениет үлгісі деп қарап, 60 - 80 жылдар әдебиетінде осы дәстүрді қайта жандандырып таза жылқы малының бейнесін сомдап, ішкі жан - дүниесін, психологиясы мен тағдырын суреттеген шығармаларды қарастырдық.
Қазақ әдебиетіндегі тұлпарлар бейнесін - халқымыздың арғы-бергі тарихымен, ұлттык сөз өнеріндегі белесті кезеңдер: ежелгі әдеби жәдігерліктерден, ақын-жыраулар мұрасынан - Абай әлеміне, одан қазіргі дәуірге дейінгі аралықтағы жетістіктермен табиғи байланыстарылады.
Тақырып өзектілігі де арғы-бергі бел-белестеріміздегі тұлпарлар бейнесінің тарихы мен тағдырын таразылаудан тұрады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ әдебиетіндегі тұлпарлар бейнесі арнайы зерттеуді қажет етеді. Осы кезеңге дейін қазақта жылқы малын этнографиялық, археологиялық, тұрғыдан зерттеулер жасалғанымен, әдеби тұрғыдан ғылыми еңбек жазылған жоқ.
Қазақ әдебиетінің ежелгі мифтік, ру - тайпалық кезеңде жылқы малы қолға үйретіліп қазақтың малына айналған. Халқымыз асау тұлпарды ән - өлең мен дастандарына қосып жырлаған. Қай кезең әдебиетін алсақ та, ішінара тұлпар, сәйгүлік, арғымақ бейнелері сөз етіледі.
Жылқы малын этнографиялық тұрғыдан - А. Тоқтабай [4], археологиялық тұрғыдан - В.Ф. Зайберт, С.Я. Зданович, М.К. Хабдулина , мифтік тұрғыдан –
С. Қондыбай [3] т.б. секілді ғалымдар зерттеу жасаған. Қазақ жылқысының ерекшеліктеріне В.М. Смирин, Ю.М. Смирин , Р.С. Липец [14], Б. Жетпісбаева [15], Б. Қиянатұлы [16] т.б. терең тоқталған. Осы күнге дейін тұлпардың қазақ әдебиетіндегі бейнесін сомдаған ғылыми жұмыс болмағандықтан, бұл тырнақалды еңбек болып табылады.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диплом жұмысының негізгі мақсаты – қазақ ауыз әдебиетінің аңыз- әңгімелердегі тұлпарлар бейнесінің шығу тегін, типологиясын, функционалдық қызметі мен даму эволюциясын ашумен қатар қоғамдық сана, дәстүр жалғастығымен әдебиетке жеке образ болып келген кезеңін таныту болып табылады. Осы арнада төмендегідей міндеттер туындайды:
• этнографиялық зерттеулерге сүйене отырып, қазақ ұғымындағы
тұлпарлар бейнесінің мән-мағынасын ашу;
• қазақ эпостарында кездесетін тұлпарлар бейнесіне талдау жасау;
• Орта ғасыр әдебиетіндегі тұлпарлар бейнесін зерделеу;
• Жыраулық поэзиядағы арғымақтар бейнесінің көркемдік мәнін саралау
Зерттеудің құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І ТАРАУ
ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ТҰЛПАР БЕЙНЕСІНІҢ МИФОЛОГИЯЛЫҚ БАСТАУЛАРЫ
1.1 Жылқы малының шығу тегі
Ел аузында: "Жылқы - жеті қазынаның бірі", "Ат ерді сақтайды", "Ат -адамның қанаты", "Жылқы - түлік патшасы" деп ұлықтаған ұлағатты ұлтымыз желден жүйрік жануарды күллі тіршілік тірегі, тұрмыс - салты, өмірінің өзегімен тығыз сабақтастырып келеді. Хас тұлпарға қатысты қанымызда бар асыл қасиеттер әр кезде жанымызда атой салып, бой көрсетіп қалады.
Біздің тегіміз - түрік, түлігіміз - жылқы. Содан да болар, "...аттың жалына қиямет күніне шейін жақсылық байлаулы тұрады", - дейді. Жылқы - төрт түліктің төресі. Тәкаппар, сезімтал, кірпияз, кербез, киелі жануар. Қазақ қазақ болып, ұлт болып қалғаны үшін - ат пен анаға қарыздар. Осыншама кең байтақ жерді бабаларымыз аттың жалында, түйенің қомында, білектің күшімен, найзаның ұшымен сақтап қалып, бізге аманат етіп тапсырды.
Жылқы түлігінің қасиеті мол, орны бөлек. Ол - мінсең көлігің, жесең тамағың, ішсең сусының, кисең киімің. Жылқының еті де дәрі, сүті мен каны да дәрі. Қазысының майы адамның сүйегін балқытады. Сынықшылар сол май арқылы адамның теріс біткен сүйегін бұзып, қайта салады. Бие сауған әйелдің дені сау болады, сүтінің қасиеті тырнағының астынан бүкіл денесіне дариды. "Жылқы - жаным, қымыз - қаным", - деген Ақтайлақ би. "Жылқының сүті -шекер, еті - бал", - дейді дана халқымыз.
Жалпы, жылқы малына беретін 22 тұжырымды сын бар. Құлын - жатырына, бала - нағашысына тартады. Алып - анадан, ат - биеден. Ат болатын тай -саяққа үйір, адам болатын бала - қонаққа үйір. Жүйрік атта жал болмайды, ер жігітте мал болмайды. Жылқы тәңірдің жердегі елшісі. Міне, осы тектес толғамдарды жалғастыра беруге болады. Не дегенде де халқымыз жылқы түлігін қастерлей білген.
Қазақтың ерлері ғана емес, әйелдері де жылқы түлігінің табиғатын терең түсіне, түйсіне, сезіне білген. Бәйдібек би жол жүріп кеткен бір жолы топ барымташы Домалақ анамыздың қолынан шай ішіп, сый - сияпат көреді. Үйір-
үйір жылқыны барымталап қайтқан олар сол үйге тағы да соғып шайланады. Домалақ ананың пейіліне, ықыласына риза больш, бізден бір жылқы алыңыз деп мезірет жасайды. Сонда анамыз көп үйірдің ішінен ең нашар, кәрі құла сары айғырды таңдаған екен. Бұл шешім мен байламға ешкім де түсінбейді. Келесі күні анамыздың айтуы бойынша кәрі айғырды таудың басына алып шығып, екі санына қыл арқаннан бұғалық салып бұрағанда, кәрі айғыр жан даусымен шыңғырады. Оны естіген үйірлі жылқы барымташыларға бой бермей, тым-тырақай қашып, түгел кәрі айғырдың қасына жиналыпты. Бұл үйірі құтты, қүтпен айғыр болған екен. Осылайша анамыздың ақылы, жылқының қасиетін жете білетіндігі жылқысынан айрылған елге пайдасын тигізген екен.
"Жылқы - жершіл", "Ат айналып қазығын табады", деп халқымыз бекер айтпаса керек. Жақсы жылқы басы босаса қандай қашықтықтан да туып - өскен жеріне тарта береді.
Қасиетті жылқы малы қазақ үшін жаралып, қазақ пен оның кең даласы жылқыға арналған сияқты. Бірінсіз-бірінің күні де, сәні де мәні де жоқ. "Ат бағу адамға сауап әпереді", - деген Пайғамбарымыз. "Халық едік артық көрген атты тақтан" деп жырлаған Ілияс Жансүгіров. Қазақ өзінің бауыр етінен жаралған баласын жақсы көргенде "құлыным" деп еркелетіп, бата бергенде: "Атың арымасын, тоның тозбасын, қадірің қашпасын", - дейді. Әйтеуір атсыз әңгіме жоқ. Қазақ өзі аттан, қазаны оттан түспеген халық [28, 15 б.].
Түркі әдебиеті мен салт-дәстүрінде өте маңызды орын алатын жылқы түркілердің адам ретіндегі болмыс - бейнесінің қалыптасуына да әсерін тигізді. Жүйріктің жылдамдығы арқасында түркілер жаңа жағрапиялық аймақтарды бағындырды, шетсіз де шексіз далалық алқаптарға билік жүргізді, үш құрлықта үлкен-үлкен мемлекетгер немесе империялар құрды. Жылқының тарихи рөлі оның культке айналуына басты себеп болды. Бұрынғы кезеңде Тәңірі жіберген деп сенілген бұл "ұжымақ аттары" кейін де қызметін жалғастырды. Тұлпарсыз батырдың жеңіске жетуі мүмкін емес. Шашасына шаң жұқпас сәйгүлік пен батырдың арасында ұқсастық пен байланыстын қалыптасуы жылқының түркі тарихында атқарған маңызына тікелей қатысты.
Біздің заманымызда да бір-бірінен жырақ жағрапиялық аймақтарды мекендейтін түркі қауымдарының арасындағы тарихи ортақтықты қамтамасыз етіп отырған факторлардың бірі - осы жылқы мәдениеті.
“Тарихта жылқы түркі үшін тек көлік қана емес, экономикалық, сауда, әскери және әлеуметтік өмірдің бір бөлшегі болды. Түркілер тұлпар көмегімен Азия, Еуропа жөне Африкада үстемдік құрды, кең жағрапиялық аймаққа тарады. Алыс өлкелерді ашудың, жаңа елдерді бағындырудың басты құралы болған ер қанаты ат - түркілердегі тәуелсіздік жайлы идеялардың дамуына ықпал еткен факторлардың бірі. Жылқының мініс көлігі ретінде қолға үйретілуі адамзат тарихының тағы бір саты ілгерілеуін қамтамасыз етті. Адам мен жан-жануардың тіршілігін жалғастыратын негізгі фактор - су. Сулы және шөбі шүйгін жазықтар, таулар - мал өсірумен айналысатын қауымдар әсте бас тартпайтын орындар” [29, 2 б.].
“Жылқы - арғы қазақтың болмысында да, оның рухани дүниесі мен дүниетанымынында да ең басты универсал сипатқа ие тіршілік иесі болған. Сондықтан да қазақтың тіршілігіндегі, тарихындағы, мәдениеті мен әдет -ғұрпы, салт - дәстүріндегі жылқы малының алатын орны жөнінде жаңа теңеу, жаңа эпитет, жаңа метафора ойлап шығаруды қажет деп есептемейміз” [3, 25 б.].
Тұлпар бейнесін тереңнен зерттей отырып, халқымызбен бірге жасасып келе жаткан асыл жануарларымыздың пайда болуы мен дамуына да тоқталсақ, Ч. Дарвиннің еңбегіне сүйене отыра, атақты палеонтолог В.О. Коволевскийден (1842-1883) бастап, жылқы тобының эволюциясы жайлы белгілі ғалымдар қазірге дейін зерттеулер жүргізуде
Тұлпар туралы дерек көздері өте мол. Жылқы малының шығу тегі айдаһармен, сумен байланыстырылады. Жылқының - айдаһарға ұқсас бір көрінер қыры, келбеті болған. С. Әжіғалиев ежелгі қытайлар мен оның батыс
көршілерінің мифологиясындағы тау және ат бейнелерінің арасындағы генетикалық байланыс жөнінде де сөз қозғаған. Бұған қарап «тау мен ат» байланысын «үңгір мен ат» байланысымен шендестіруге болады. Осыған үқсас аңыздар Монғолияда сақталған: «Аса қадірлі деп есептелген Монго Морито тауында мекендейтін күміс аттар аспаннан түскен екен. Жалпы, аттың
аспанмен және таумен (үңгірмен) сабақтастығын «танг», (тау), «таз» (тай) сөз өзгерістерінен де көруге болады.
Көшпелі түркі фольклорында қанатты арғымақ бейнесін молынан сақтап отыр. Бірақ оның көшпелі тұрмысы қанатты ат бейнесін бейнелеу өнерінде сақтап қалуға мүмкіндік берген жоқ.
Рас, судан шығатын тұлпарлар туралы аңыздың барлығы да бір географиялық ареалға - Каспий теңізінің жағалауына, дәлірек айтсақ, осы теңіздің оңтүстік - шығыс (Түркменстан) және оңтүстік - батыс (Әзірбайжан) жағалауына келіп тоғысады.
Ат (жылқы) бейнесі адамды жарату (антропогенез) мифологиясына қатыстырылады. Түркі - моңғол халықтарының фольклорында (эпосында) «жылқыдан жаралу» мотивінің бар екендігін Р.С. Липец те атап көрсеткен болатын. Ол: «Эпостағы ат эпос қаһарманының ата - аналарының біреуі, көбінесе шешесі болып баяндалады. Мәселен, саха - якуттың олонхолардағы «Жылқынын баласы» әр түрлі нұсқалармен белгілі. Бір эпоста қаһарман - адам жылқының баласы болса, екінші эпоста ол - уақытша жылқы кейіпіне енген қатын - тәңіриесінің баласы да, осындай қаһармандардың барлығы да өзінің шығу тегі жағынан жылқы, ат тәңіриесі - Джесеймен байланысты болып келеді.
1. Ерен - жылқының баласы, яғни оның шешесі - Бие (ұрғашы жылқы).
2. Ереннің шешесі - уақытша бие кейпіне енген адам сипатты әйел.
3. Ереннің шешесі оны ат қорада туады.
Бұдан шығатыны - ереннің өзі де жылқы (еркек құлын, тай) кейпінде бола алған.
Жылқы - ана немесе жылқы - қарындас (яғни жылқы тотемдер) ереннің басты көмекшісі болған, ол еренді емдейтін, өліп қалса - тірілтіп алатын болған. Кейінірек, бұл жылқы бейнелерін кәдуілгі адам кейіпті шешелер мен қарындастар (әйел текті тәңіриелер мен бақсы-абыздар) бейнесін ығыстырып шығарған. Осындай өзгерістердін сарқындарын түркі халықтарының эпостары мен ертегілерінен кездестіруге болады.
Жылқытұрпаттылық (гиппоморфизм) - мифологиядағы бейнелердің кейіптенуінің бір түрі, бір варианты деп есептеуге болады.
Жылқытұрпаттылық дегеніміз мифтік, шежірелік, эпостық кейіпкерлердін жылқы кейіпінде, тұлғасында да суреттелуі. Ер адам - айғыр, әйел - бие тұрпатында суреттеле алады. Мәселен, көне грек мифологиясында теңіз тәңіриесі Посейдон да ат кейпінде суреттелген, архаикалық миф Посейдонның Деметрамен ат (жылқы) кейпінде некелескендігін айтады. Осындай түрдегі «некелесу» үнді мифологиясындағы Вивасват туралы мифте де бар. Осыларға ұқсас кейіпкер болмысты мен түркі (қазақ) фольклорынан да табуға болады. Шоқан Уәлиханов қырғыздарда арбаушы батырлармен қатар арбаушы аттардың - арбын құлын (лошадь чародей) дегеннің де болатындығын жаза келе, қазақта да «жылқы әулие» деген түсініктің болғанын атайды. Бұл жерде қырғыздық «арбын құлын» мен қазақтың «жылқы әулие» дегендердің мифтік болмысын анықтау, нақтылау керек.
Жалпы, қазақ фольклорында «су және жылқы» байланысы, «су жылқылары» (суын айғыр, суын биелер, теңіз жылқылары) деген фольклорлық бейнеден көрініс тапқан. Осындай телімелік келтірімнің түркілерге де тән болғандығын көрсететін мысалдардың да бар екендігін айтуымыз керек.
Ертегілер мен эпостар, аңыздардағы, яғни олардың ар жағындағы мифтегі кез келген жылқы, тіпті оның «сумен байланысы» көрсетілмей қалғанның өзінде де су жылқысы болып табылады.
«Су жылқылары» деген мифтік түсініктің қалыптасқан жері - Каспий теңізінің айналасы, бастапкы жерін нақтылап көрсеткенде - бүгінгі Әзірбайжан территориясы болуы тиіс деп есептейміз. Бұл - энеолит заманы, яғни аталмыш аймақтарға ирандықтар келместен бұрынғы уақыт. Кейінгі, қола ғасырында бұл түсініктер Каспий теңізінің барлық жағалауына, одан соң Орталық Еуразияға таралды. Жекелеген этникалық - мәдени орталарда этникалық варианттары қалыптасты, соған қарамастан кейінгі замандарда да теңіз айналасы кеңістігінде осындай жылқылар туралы түсініктер сақталып қала берген. Осындай тұспалды орынды ететін мынадай қисындар келтіруге болады.
Біріншіден, б.з.д. соңғы ғасырларда Каспий теңізінің оңтүстік – батысында, Әзірбайжан мен солтүстік батыс Иран жерінде өмір сүрген каспи тайпаларының этнонимі «ат бағушылар» деп аударылып жүр; «каспи» этнонимінің этимологиясы «Каласпи» - «Қал ананың аттары» болуы мүмкін. Қал (Хал немесе Ал) - Ұлы - аналар категориясына жататын мифтік кейіпкердің атауы «албастылардың жылқыны жақсы көруі» сияқты түсініктердің нақ осы каспи этнонимінің де сабақтастығы болуы ықтимал.
Екіншіден, реалды тарихтағы түрікпендік «ақалтеке» сәйгүлігінің тұқымының Каспий теңізінің оңтүстік - шығыс жағалауына таяу жерде ғана таралуы, олардың тарихи құжаттарында кездесетін «ариандық», «нисалдық» тұлпарлардың реалды ұрпағы болуы, осындай сәйгүліктерді тудырған ареал мифтік су жылқылары туралы түсініктердің шығуына да ықпал ете алады.
Үшіншіден, Маңғыстау жағалауындағы қазақ - түрікпен әулиелік нысандарының біразы теңіз жылқыларымен байланысты. Олардың ішіндегі ең көрнектісі - Бекдашы маңындағы Дүлдүл - ата әулие. Түрікпен түсінігіндегі жылқы малының иесі, жылқышылардың пірі болған Дүлдүл - атаның есімі ислам дінінің таралуына байланысты, бірақ 14 ғасырға дейінгі түрікпендер «Дүлдүл - ата» есімімен таныс болмай тұрғанда, теңіз жағалауында орналасқан осы бір киелі орынның атауы басқаша болғаны анық. Ең бастысы -«жылқышылар иірінің, жылқы иесінің» аңыздық «моласының» теңіз жағалауында жатуы ойландыруы тиіс.
Төртіншіден, иран, үндіарий халықтарының мифологиясындағы, Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген көне жұрттардың (дей - түріктердің) келтіріміндегі «су жылқысы» бейнесінің бастауы да тарихи, географиялық қисындарға сәйкес осы Каспий теңізінің аралығында жатыр.
В.А. Гордлевский су жылқылары туралы мифтік түсініктердің фольклорда бар екендігін жазып қалдырған. Ол бойынша «су айғырының жүні алтын болады, аттың аузында (ұртында) бір жылтыраған тас болады, айғырлар судан жағаға шыққанда тасты бір биіктеу жерге қояды, адамды көрген бойда тасты алып, су астына кіріп ғайып болады» делінеді.
«Қорқыт ата кітабы» циклінде де теңіз айғыры кездеседі.
Осындай аңыздар башқұрттарда да бар. «Ақбоз ат», «Қара Юрга», «Заятулек - Хыухылу» эпостарында осындай жылқылар туралы сюжеттерге елеулі орын берілген. Солардың бірі - башқұрт халқының күрамындағы «баюлы» (байұлы) руының шығу тегі туралы аңыз - эпоста келтірілген: «Күшлек деген жігіт өзінің сұңқарын бір үйір «су жылқысына» айырбастайды, сөйтіп судан бір үйір
жылқы, оларды қара жорға тұлпар бастап шығады. Осы тұлпар иесіне қыз әкеліп береді, осы қыздан туған жігіттің балалары «байұлы» руы болып тарапты...» , - дейді С. Қондыбай [3, 56 б.].
Маңғыстаулық қазақтар теңіз жылқыларын «суын» деп атап, миф пен аңыздың болмысына қарай «суын бие», «суын айғыр» деп ажыратып айта береді.
Аңыздық келтірім бойынша, суын айғырлар жыл маусымының белгілі бір кезеңінде, яғни нақты бір күні теңіз астынан жағаға шығады екен. Міне, осы датаны (судан шығатын күнді), шығатын түсты білген жылқышылар өздерінің кәдімгі үйірдегі биелерін сол маңайға жібереді. Мұндағы басты пиғыл: «Су астынан шыққан айғыр жерлік биелердің бәріне болмаса да біреуіне шабуы әбден мүмкін». Міне, осындай, суын айғыр түсіп, буаз болған бие болатын болса, оны (биелерді) басқа жылқылардан бөлек бағып, одан туған құлынды ешкімнің көзіне түсірмей, оқшау өсірген екен....
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Ұқсас мақалалар:
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Эпостағы тұлпар образы
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Қазыбек би және қазақ шешендік өнері
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Р. Бердібай - фольклор зерттеуші
» Дипломдық жұмыс: Қазақ тілі | : Ұлттық әшекей бұйымдардың тілдегі көрінісі.
» Дипломдық жұмыс: Дене шынықтыру | ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ОЙЫНЫНЫҢ ТАРИХЫ МЕН ҚАЗІРГІ КЕЗДЕГІ ДАМУ ДЕҢГЕЙІНІҢ СИПАТТАМАСЫ
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Эпостағы тұлпар образы
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Қазыбек би және қазақ шешендік өнері
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Р. Бердібай - фольклор зерттеуші
» Дипломдық жұмыс: Қазақ тілі | : Ұлттық әшекей бұйымдардың тілдегі көрінісі.
» Дипломдық жұмыс: Дене шынықтыру | ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ОЙЫНЫНЫҢ ТАРИХЫ МЕН ҚАЗІРГІ КЕЗДЕГІ ДАМУ ДЕҢГЕЙІНІҢ СИПАТТАМАСЫ
Іздеп көріңіз: