Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Мұхтар Әуезов - фольклортанушы (қазақ фольклористикасы бойынша)

Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Мұхтар Әуезов - фольклортанушы (қазақ фольклористикасы бойынша)

Мазмұны

Кіріспе

І ТАРАУ. ХХ ҒАСЫРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДАМУ ҮРДІСІ ЖӘНЕ ӘУЕЗОВ
1.1. 20-30 жылдардағы қазақ фольклортану ғылымының даму
ерекшеліктері
1.2.М.Әуезовтің алғашқы фольклортанушылық ізденістері

ІІ ТАРАУ. М.ӘУЕЗОВ – ФОЛЬКЛОР ЗЕРТТЕУШІСІ
2.1 М.Әуезовтің қазақ ауыз әдебиетінің жанрлық түрлерін зерттеуге
арналған еңбектері
2.2 М.Әуезов қазақ фольклорын жанрлық тұрғыдан зерттеуші
а) Тұрмыс-салт жырлары
ә) Мақал-мәтел, шешендік сөздер, жұмбақтар
б) Ертегілер
в) Лиро- эпостық жырлар
г) Батырлар жыры
ғ) Айтыс
д) Тарихи жырлар

ҚОРЫТЫНДЫ

КІРІСПЕ
Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімі қалың жұртшылыққа әйгілі керемет талант иесі, кемеңгер жазушы ғана емес еді; ол энциклопедиялық білімі бар ғажап ғалым, өте көрнекті қайраткер ретінде де әйгілі. Оның осындай әр жақты жазушылық және ғылыми педагогтік шығармашылығына арналған ірі монографиялық зерттеулерден бастап баспасөз бетіне әр жылдары жарияланған ірілі-ұсақ мақалалардың жалпы саны қазірдің өзінде бес мыңның үстінде.
М.О.Әуезовтің ұзақ жылғы жемісті әдеби мұрасына зер салсақ, оның екі үлкен арнасы зерттеушілердің назарын ерекше аударады. Олар зерттеуші Ә.Молдаханов атап айтқандай: Біріншісі – абайтанушылығы, екіншісі – фольклортанушылығы жазушының әдеби-ғылыми мұрасының екі алтын діңгегі де осыла (7). Дүниежүзіне әйгілі «Абай жолы» эпопеясы авторының әдеби мұрасы тарихшы, филолог, педагог ғалымдарының еңбектерінде зерттеліп келді (30). Ал енді, фольклортанушы ғалымның еңбектері әлі де өз дәрежесіне зерттеліп, көпшілікке таныла қойған жоқ. Дегенмен, М. Әуезовтің жазушылық және ғылыми шығармашылықтарындағы фольклортанушылық мәселесі зерттеушілердің назарынан тыс қалды деуге болмайды.
Ғұламаның фольклор саласындағы еңбектері туралы ең алғаш пікір айтқан ғалым, белгілі сыншы: Ғ.Тоқжанов. Ол 1927 ж. «Әдебиет тарихына бір жақты бағамен сын айтқан. Бұрын жазба әдебиет дамымай тұрған кезде, қазақ-кеңес әдебиетінің алғашқы дәуірлерінде, алдымен халқымыздың бай мұрасы фольклордан үйренуіміз керек, соған сүйеніп жазба әдебиет жасауымыз керек деп жиырмасыншы жылдардың бас кезінде айтқан М.Әуезовтің орынды пікірін Ғ.Тоқжанов: «Мұхтар бүгінгі қазақ жігіттеріне Біржанның салдығын, Ақанның серілігін, қарияларға Асанның қайғысын үлгі етеді. Үлгіні ертегі әңгімелерден, батырлық жырлардан алу керек екенін үгіттейді» - деп өрескел бұрмалайды (29). Тұрпайы социологиялық сын тұрғысынан келе етіп, мін тағады. Сол кездерде ресми жағынан үстем болған «пролеткульттік» әдеби сынның бір белгісі осындай еді. Бұдан кейін ұзақ уақыт бойы М.Әуезовтің фольклорлық еңбектері жайлы мәселе қозғалып сөз болмады. Кейін 50 жылдары «Абай жолы» эпопеясы арқылы аты дүние жүзіне әйгілі болған кезде ғана М.Әуезовтің жазушылық шығармашылығы ішінара ғылыми еңбектері арнайы мақала очерктердің объектісіне айналды. Соның өзінде, жазушылық жағы басымырақ қаралып, фольклортанушылығы «тиіп-қашты» ғана айтылды. Әуезұлы Мұхтардың 1932 жылғы 10 маусымда «Социалистік Қазақстан» газетіндегі ашық хатынан кейін ғалымның 20-шы жылдардағы еңбегі мүлде айтылмай, жабылып қалған болатын. Бұл жағдай М.О.Әуезовтің фольклортанушылық қырының осы уақытқа дейін жете зерттелмей, көпшілік танылмай келуінің басты себебі еді.
Солай болғанымен де «асыл тас су түбінде жатпайды» дегендей М.Әуезовтің фольклорды зерттеген еңбектері оның тұтас шығармашылығына арналған жинақтарда әдебиетші – ғалымдар З.Кедринанның (31), А.Нұрқатовтың (32), Е.Лизунова мен Ы.Дүйсенбаевтің (33), М.С.Сильченко мен М.Смирнованың еңбектерінде сол секілді ұлы жазушы ғұламаның творчествосына арналған газеттік журналдың мақалаларында көрініс тауып отырды (34).
Дегенмен де, ғалымдар М.Әуезовтің фольклортанушылығы туралы мәселені оның жалпы ғылыми педагогтік қызметімен байланысты көріп, фольклор туралы ішінара ғана тоқталып елуінші, алпысыншы, жылдардағы еңбектері ішінен, әсіресе, «Манас» туралы зерттеулерінің ғылыми мәнін ашып береді.
М.Әуезовтің шығармашылық жолына арналған профессорлар Сильченко мен Смирнова очерктерінде оның әр кездерде жазған фольклорлық еңбектері жайлы біраз сөз болады (34). Бірақ олар М.Әуезовтің фольклорды жинау зерттеу жұмысы «Жиырмасыншы жылдары профессиясына айналмаған болса, отызыншы, қырқыншы жылдары қазақтың халық поэзиясын зерттеуге барлық уақыты мен күшін түгел арнады» деп оның ғылыми еңбектеріне емес, жалпы дәуірге шолу жасайды.
Әсіресе, 60 – жылдары М.О.Әуезовтің мұрасын зерттеудегі олқылықтардың орны толтырылды.
М.О.Әуезовпен ұзақ жылдар қызметтес болып келген, қазақ фольклортану ғылымында әр жылдары онымен қоян-қолтық бірге жемісті еңбек етіп, осы ғылымды кеңес дәуірінде ілгері дамытқан ғалымдар: Ә.Қоңыратбаев, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, Е.Ысмайлов тағы басқалары фольклордың өз тараптарынан қарастырып отырған әр жақты проблемаларының түйінін шешеуде аса беделді Әуезовтің айтқан ғылыми қағидаларына әрқашан иек артып отырды.
Алғашқы жылдары М.Әуезовтің қазақ эпостарын алғашқылардың бірі болып зерттелген қажырлы да жемісті еңбектеріне баға берудің орнына М.Ғабдуллин, оны автордың «жіберген қателіктері» ретінде айтқан еді.
Ал кейінгі жылдары М.Ғабдуллин студенттерге сабақ бергенде зерттеушінің теориялық қағидаларын басшылыққа алады.
Осы дипломды жазудағы мақсат-міндеттерім: Біріншіден, М.Әуезовтің фольклоршылық еңбегі кеңестік дәуірде, яғни Қазан төңкерісінен кейінгі кездерде басталды, сондықтан М.Әуезов еңбегімен тұспалдас қазақ фольклорының 20-30жылдардағы даму ерекшеліктерін ашу.
Екіншіден, фольклортанушы ғалымның 20-жылдардағы фольклорлық еңбектері, фольклортану ғылымында мүлде аталмай ақтаңдақтар күйін кешкен болатын. Ғалымдардың көпшілігі фольклортанушы ғалымның қырқыншы, елуінші, алпысыншы жылдардағы еңбектерін сөз етсе, дипломда 20-30 жылдары жазылған қазақ фольклортану ғылымын қалыптастыру дамытуға байланысты мақалалар мен еңбектері «Әдебиет тарихы» еңбегі және 1939 жылғы М.Әуезов пен Л.Соболевтің бірігіп жазған очеркіндегі қазақ фольклорын жанрлық жағынан қарастыруы сөз етілмек.
Демек «Мұхтар Әуезов – фольклортанушы» мәселесін бүгінгі жаңа заман талабы тұрғысынан зерттеп, көпшілік оқырманға таныстыру.

І ТАРАУ ХХ ҒАСЫРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДАМУ ҮРДІСІ ЖӘНЕ ӘУЕЗОВ

1.1. 20-30– жылдардағы қазақ фольклортану ғылымының даму ерекшеліктері

Қазақ ауыз әдебиетін зерттеу ісі шын мәнінде кеңес дәуірінде қолға алынып, ғылыми жолға қойылды. Бұл кезде ауыз әдебиетін зерттейтін– фольклористика ғылымы қалыптасты, фольклорист ғалымдар қатары өсті. Осының нәтижесінде жалпы қазақ ауыз әдебиетінің және оның жеке түрлерінің туу, қалыптасып даму тарихы жайында мақалалар, үлкен ғылыми зерттеулер жазылды.
Қазақ ауыз әдебиетін зерттеу ісі кеңестік дәуірде жүзеге асты дегенімізбен бұл салада Қазан төңкерісіне дейін жүргізілген жұмыстарды жоққа шығармаймыз.
Қазақ халқы ғасырлар бойы өзiнiң ұшан-теңiз аса қымбат ауыз әдебиет мұрасын жасап, ақындық талабын таныта бiлдi.
Халқымыздың табиғатынан сөз өнерiне жүйріктiгiн суырып салғыш, айтқыш қабiлетiн өткен ғасырдағы фольклорист ғалымдар Радлов, Потанин, Ш.Уәлиханов т.б. сол кездiң өзiнде жоғары бағалаған. Олар қазақ ауыз әдебиетi жайында құнды пiкiр айтты, бiрақ арнаулы зерттеу бар деп айту қиын. Олар тым болмаса қазақ фольклористикасының белгiлi бiр проблемасын түпкiлiктi көтерiп, сол жайлы жүйелi түрде пiкiр жасалмады. Себебi бiрiншiден сол кезге жүйеге келiп, толық жиналып болмаған ауыз әдебиетiнiң материалдық ұшан-теңiз молдығы мүмкiндiк бермесе, екiншiден Ш.Уәлихановтан басқалары, қазақ халқының емес, орыс Еуропа елдерiнiң өкiлдерi едi. Басқа бiр тiлдегi халықтың тiлiн түсiнгенмен, әдеби шығарманың поэтикалық iшкi сырын терең бiле алмады. Сондықтан олардың пiкiрлерi көпшiлiгiне жалпылама болып, нақтылы түрде зерттеу мәселесi көтерiлмедi. Бұл зерттеушiлер /Қазақ фольклористикасы/ қазақ халқының этнографиясы жайында жазған еңбектерiне талдау жасап, халықтың әдет-ғұрып, тұрмыс салтына, яғни ауыз әдебиеттiң ұсақ формаларына көбiрек көңiл бөлдi. Және де бұл пікірлер советтік дәуірде қалыптасқан қазақ фальклористикасы үшін қымбат та құнды болғанын белеміз.
Кеңес дәуіріндегі қазақ фольклористикасының қалыптасу, даму, өсу, жолы, басынан кешірген кезеңдері бар деп қараймыз. Фольклорист М.Ғабдуллин шартты түрде үш кезеңге бөліп қарастырады.
Бірінші кезең – 20-30 жылдар арасы.
Екінші кезең – соғыс жылдары.
Үшінші кезең – Ұлы Отан соғысының кейінгі жылдар (1).
20-жылдардың бас кезінде-ақ қазақ халқының ауыз әдебиеті жайында мәселелер көтеріліп, фольклор туралы газет-журналдарға үлкенді-кішілі мақалалар жариялана бастайды. Бұл мақалаларды қазақ фольклорын жинау, зерттеу, бағалау халқына көптеген пікірлер айтылады. Мұның өзі қазақ кеңес фольклористикасының, яғни ауыз әдебиетін зерттейтін ғылымның тууына негіз болды.
Алғашқы қадамды қазақ ауыз әдебиеті туралы жазылған кіші-гірім мақала-заметкалардан басталған қазақ кеңес фольклористикасы идеология майдандарында шиеленіскен таптық күрес жағдайында, фольклордың тарихы және қоғамдық күрес жағдайында, фольклордың тарихы және қоғамдық ролі жайында көтерілген мәселелерге белсене араласу негізінде дүниеге келді. Идеологиялық күрестердің негізінде туып қалыптаса бастаған қазақ кеңес фольклористикасы 20-жылдардың бас кезінде-ақ ауыз әдебиеті жөнінде бірнеше мәселелер көтереді. Солардың ішінде оның айырықша көңіл бөлгені: екі мәдени мұраны игеру және ауыз әдебиетінің тарихын зерттеу мәселесі болады.
Ескі мәдени мұраны игеру туралы мәселе Қазан төңкерісінен кейін қауырт қолға алынды. Және бұл мәселеде 20-жылдары екі түрлі концепция орын алды.
Біріншісі – А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, М.Әуезов «Қазақта Ресейдегідей тап болған жоқ. Сондықтан халықтың ауыз әдебиетіне таптық көзқарас келмейді. Өйткені, ол барлық жұртқа ортақ, бүкіл халықтың рухани мұрасы» - деп қарады.
Екіншісі – Ғ.Тоқжанов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов бұған қарсы әдебиеттің партиялығы, таптығы деген концепцияны жақтады.
Алаш ордашыларды С.Сейфуллин мінеп түрлі мақалалар жазды. Оларды кеңес өкіметіне қарсы «Олар ескі өмірді қайта орнатпақ болып күрес жүргізеді», - деп әшекерелей отырып, былай дейді; «Олар қазақтың бұрынғы батырлары туралы байлар құлқымен бұрынғы айтылған өлеңдерді жинап, оған тағы да елдегі өлеңшілерге жаңадан өлең қостырып кітаптар шығарды. Мәселен: «Аламан», «Кенесары - Наурызбай» ... т.б.» және де «Олар ... байлардың санасын сарындаған көркем әдебиетті сүйгіштеді» (2).
Міне осындай алаш ордашыларға қарсы Сәкен бастаған бұл күресті С.Мұқанов қолдап, «Қазақ әдебиеті әм Ыбырай» деген мақаласында: «Ауыз әдебиеті бізде бай, әдемі әдебиет» дей отырып ауыз әдебиетті шығарушы үстем тап емес, еңбекші халық, халық мүддесін жырлаған жыршы – ақындар екенін дәлелдейді (3). Осы ретте Сәбит халық әдебиетінің ең көрнекті өкілдері деп Орынбай, Шөже, Арыстанбай, Шал, Тоғжан, Біржан, Ақан, Ыбырай сияқты ақын-жыршы, әншілерді атайды, олардың шығармаларын жинау, жарыққа шығару жайлы мәселе көтереді.
Ал Аманғали Сегізбаев «Халық пен әдебиет» дейтін мақаласында (4), Бейсенбай Кенжебаев «Абай өлеңдерінің 1923 жылғы басылуы туралы» дейтін мақаласында ауыз әдебиетінің негізгі иесі еңбекші халық екенін айтады (5).
20-жылдардағы қазақ фольклористикасын таптық тұрғыдан бағалап, таптық тілекке сәйкес зерттеу мәселесі көтерілді. Ескі мәдени мұраның бәрін «халықтық» деп жарияламай, олардың ішінен ең асылдарын, идеялық және көркемдік сапасы жоғарыларын еңбекші таптың мүддесіне сай келетіндерін таңдап алу мәселесіне ерекше назар аударды. Мәселен, Сәкен, Сәбит, Елжас сияқты жас әдебиетші коммунистер түрлі еңбектер жазды.
Осындай бір-бірімен күрескен екі көзқарастың қайсысы шындық, қайсысы жасанды екенін ең әділ төреші тарихтың өзі бүгінгі күні түпкілікті дәлелдеп отыр. Бүгінгі күні фольклортану ғылымына таптық тұрғыдағы көзқарас, тұрпайы социологиялық сан алып, үкім шығаратын даттаушылық әдіс енді келмеске кетті. Бұрынғының бәріне байыбына бармай біржақты марапаттаушылық әдеттен де айыққанымыз шындық. Ендігі жерде қандай мәселе болса да, дәйекті ғылыми шешім жасай алатын кезеңге маңай тіреп отырмыз.
20-жылдардағы фольклористиканың екінші бір көтерген мәселесі–ауыз әдебиетінің тарихын зерттеу туралы мәселе. Бұл мәселеге айырықша көңіл бөлген–М.Әуезов.
Ал 30-жылдары қазақ кеңес фольклористикасы тақырып жағынан болсын, зерттеудің ғылыми сапасы жағынан болсын ілгерілеп дамығандығын байқатады. Осы кезде ауыз әдебиетіне арналған маңызды әрі көлемді зерттеулер көріне бастайды.
Аталған жылдары фольклористикамыз тақырып жағынан алғанда бірнеше күрделі мәселелерді көтереді. Солардың ішінен бастылары мыналар:
1. Оқулықтар жасау мәселесі
2. Ауыз әдебиетінен үйрену мәселесі
3. Ауыз әдебиетін халық өміріне байланысты және халық ақындарының творчествосы туралы (1).
30-жылдары қазақ ауыз әдебиетінің тарихын оқулық көлемінде баяндау мәселесін алғаш көтерген. Оны қолға алған С.Сейфуллин еді. Бұл іске кірісер алдында ол әдеби мұраны білетіндерге арнап 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газеті арқылы ашық хат жазады, қазақ әдебиетінің тарихы туралы кітап жазу ойы барлығын айтып, соған керекті материалдарды ел арасынан жиналып беруді сұрайды.
Аталған кітабын Сәкен екі бөлім етіп шығарды. Оның біріншісі, «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» деген атпен 1931 жылы хрестоматия құрастырып жарияланады. Ал екіншісі «Қазақ әдебиеті, Билер дәуірінің әдебиеті» деп аталатын қазақ ауыз әдебиетінің тарихын баяндауға арналған ғылыми зерттеу еңбек 1932 жылы жарық көреді. Мұнда Сәкен алдымен қазақ халқының тарихынан қысқаша мәлімет береді де, содан кейін ауыз әдебиетін жанрға жіктеп, бірнеше салаға бөледі. Және де ол ауыз әдебиетінің өзіндік ерекшеліктерін, көркемдік қасиетін көрсетеді.
Сәкеннің бұл еңбегі өз кезі үшін аса қажет және құнды еңбек бірі саналады, бірақ кітаптың ақауы, қате-кемшіліктері де байқалады. Ондай кемшіліктің бастысы–Сәкеннің қазақ халқының ауыз әдебиетін түгелдей билер дәуірінікі деуінде (Сәкен бұл пікірінен қайтты, оны кейіннен Ө.Тұрманжановпен бірлесіп жауған оқулығынан көресіз).
Сәкеннен кейін қазақ ауыз әдебиетін оқулық көлемінде зерттеп баяндау жөнінде 30-жылдары көп жұмыс жүргізілді. Бастауыш және орталау мектептерге арналып, бірнеше оқулық хрестоматиялар баспа жүзінде жарық көрді. Оларды белгілі әдебиетшілеріміз М.Жолдыбаев, М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, Ө.Тұрманжанов, М.Қаратаев, С.Мұқанов, Қ.Бекхожин т.б. жазып құрастырады. 30-жылдары шыққан бұл кітаптар азды–көпті кемшіліктеріне қарамастан, қазақ фольклористикасын дамыта түсу жолында тағы бір ілгері басқан қадам болып табылады.
30-жылдары қазақ әдебиетшілерінің, соның ішінде фольклористердің кеңінен көтерген мәселесі–көркем шеберлікке үйрену жайында болды. Рас, бұл мәселе 20-жылдарда да көтерілген еді. Бірақ, 30-жылдардың бас кезінде оған айрықша мән берілді. Осы мәселелер төңірегінде айтыстар да болды. Сонда – қазақ кеңес жазушылары шеберлікті орыс, батыс, шығыс әдебиеті классиктерінен және Абайдан үйрену керек деуімен қатар, оны халықтың ауыз әдебиетінен де үйрену қажет деген пікірлер де айтылады.
Мәселен, С.Мұқанов «Қазақтың пролетариаттық әдебиеті туралы» (1931) деген еңбегінде «Қара таудың басынан көш келеді» деген өлең өлшемі баяу өмірдің, түйе үстінде аяңдаған өмірдің өлеңі. Қызусыз қимыл, екпінсіз ырғақтың өлеңі екенін айтады (3). Ал социалистік жаңа заманды, екпінді құрылысты, совет адамдарының ерлік еңбегін шабыттана жырлау үшін өлеңнің оралымды ұшқыр түрі деп қазақ ауыз әдебиетіндегі «жыр» өлшемін ұсынады. Өйткені, қазақтың «Қобыланды», «Алпамыс» сияқты жырларында батырдың жорық – шабыс, айқас-тартыс, алыс-жұлыстары, көз ілеспес ерлік қимылдары «жыр» арқылы берілген. Сондықтан бүгінгі ерлік өмірді, екпінді қимылды түйдектете жырлау үшін өлеңнің «жыр» түрі өте мәнді екінен, бұл ретте «Қобыландыдағы» «жыр» түрін өзіне үлгі етіп жүргенін дәлелдейді.
Сәбит «Поэзия мәселесі» атты мақаласында халық поэзиясындағы «жыр» түріне және одан үйрену мәселесіне қайта оралады.
Халықтың ауыз әдебиетінен үйрену керек деген мәселені кезінде Сәкен де, Ілияс та, Мұхтар да көтерді. Бұл жөнінде олардың да айтқан, жазған пікірлері мол. Олар халықтың тіл байлығын, сөз өнерін үйренуді ұсынады, ауыз әдебиетіндегі кейбір сюжеттерді, фольклорлық образдарды пайдаланып, сол негізде жаңа шығармалар жазу мәселесіне көңіл аударады. Соның нәтижесінде қазақ кеңес әдебиетінде фольклорлық тақырыпқа жазылған бірнеше шығармалар дүниеге келді. Бұған Мұхтардың, Сәбиттің, Ғабиттің тағы біраз ақын-жазушылар фольклорлық сюжет негізінде жазған шығармалары дәлел.
Әрине, халық әбедиетінен үйрену және оны пайдалану мәселесін 30-жылдарда ақын-жазушылар ғана көтеріп қойған жоқ. Оған қазақ совет фольклористикасы да көңіл аударды. Әдебиетші ғалымдар мен фольклористер аталған мәселені кеңінен алып зерттеуге кірісті. Осыған орай олар ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің байланысты, фольклорды пайдалану және одан үйрену жолдары дейтін мәселені үлкен ғылыми проблема етіп көтерді. Бұл мәселелер С.Сейфуллин мен М.Әуезовтің, І.Жансүгіров пен Қ.Жұмалиевтің, С.Мұқанов пен Б.Кенжебаевтің, Е.Ысмайлов пен М. Қаратаевтың, тағы басқа да әдебиетшілер мен фольклористердің ғылыми-зерттеу еңбектерінен, мақалалары мен оқулықтарынан елеулі орын алды. Мұның өзі қазақ кеңес фольклористикасының ауыз әдебиетін зерттеу жолында жүргізген күрделі еңбегінің бір көрінісі еді.
30-жылдарда қазақ фольклористикасының тағы бір назар аударған мәселесі – кеңестік дәуірдегі халық творчествосы болды. Оған себеп: бұл мәселенің бүкіл одақ көлемінде қолға алынуы, оған партиямыз бен үкіметіміздің айрықша мән беруі, қамқорлық жасауы.
1933 жылы Сәбит Москвада СССР жазушылары одағының үйінде А.М.Горкийдің қабылдауында болады, әдебиет мәселелері жөнінде әңгімелесіп отырады. Сөз арасында: «Елдеріңіздің ескі әдебиетті қалай?» - деп сұрайды Горький. Оның бұл сұрағына Сәбит жауап беріп, қазақ халқының ауыз әдебиетке бай екендігін айтады.
- Сіздер алтын қазыналы сандықтың үсінде отыр екенсіздер, - дейді ұлы жазушы. Содан кейін ол Сәбитке ауыз әдебиетін жинау, зерттеу, одан үйрену туралы көп кеңестер береді (3).
Ал кеңес жазушыларының Бүкілодақтық бірінші съезінде (1934 ж) жасаған баяндамасында А.М.Горький халық әдебиеті туралы даналық пікірлер айтты. «Сөз өнері фольклордан басталады» дей келіп, сол фольклорды жинау, ең жақсыларын баспа жүзіне шығару, зерттеу басты міндет екенін көрсетеді. Және де халықтың ғасырлар бойына жасаған сөз байлығы, сөздік қоры фольклорда жатыр, одан үйрену, пайдалану қажет дейді.
Горкийдің осы ақыл-кеңестерінен кейін барлық жерде, соның ішінде Қазақстан көлемінде де халық әдебиетін бағалау, жинау, жариялау, зерттеу жөнінде көп жұмыс жүргізілгені мәлім. Және де А.М.Горький бастап айтқандай – халық арасынан шыққан өнер иелеріне барлық жерде көңіл бөлініп, ерекше жағдай туғызды.......
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
дипломдык жумыс М. Әуезов - фольклортанушы (қазақ фольклористикасы бойынша) дипломдық жұмыс дайын жоба дипломная работа, сборник готовых дипломных работ на казахском языке, скачать бесплатно готовые дипломные работы проекты на казахском, дайын дипломдык жумыстар казак адебиет жобалар дипломдық жұмыстар

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]