Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Мысал жанры

Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Мысал жанры

Кіріспе
Азаматтық даму тарихына қарап отырсақ, қай халықтың болмасын руханияты мен мәдениеті ауыз әдебиеті екендігіне көзімізді жеткізеді. Ауыз әдебиетінің әр алуан түрлері қоғам дамуымен бірге жаңарып, өзгеріп отыратыны шындық. Осы жаңарулар өмірге көп қырлы өнер туындыларын әкеліп, әр түрлі қызмет атқарған. Ал ғылым қалыптасқан кезде жаңа жанрлардың тууына септігін тигізген. Біздің жұмысымызға негіз етіп алып отырғанынымыз да әдебиеттану мен фольклортану ғылымдарында сөз болып келе жатқан мысал табиғаты жайлы, оның тарихы, ол жайындағы ғылымдағы теориялық айтыстар, әртүрлі зерттеулерге тоқталып өтпекпіз. Біз мұнда орыс ғалымдарының ғылыми деректері мен мысал жанры туралы әр жылдары сөз қозғаған қазақ зерттеушілерінің еңбектеріне сүйендік.
Тақырыптың өзектілігі:
Мысал – қоғамдағы жағымсыз құбылыстарды, адам бойындағы әр түрлі жайсыз қасиеттерді, мінез-құлықтарды тура сынамай, астарлап жеткізетін шығармалар деп аталады. Мысалдың алғашқы үлгілерінің пайда болуын біздің эрамызға дейін VIII ғасырдағы гректердің өмірінен байқаймыз. Олар белгілі бір ойды, пікірді дидактикалық мазмұнда айтып беретін әңгімелер түрінде көрінген. Әрине бұл , бірден туып, қалыптаса қойған жоқ.
Эпостың әріден келе жатқан бір түрі – мысал. Мысал ескі Грецияда да болған. Бірақ мысалдың қайтадан дәуірлеген, кең түрде жайылған кезі XVII-XVIII ғасырларда болды. Мысал дегеніміз шағын ғана шығарма. Көбіне өлеңмен жазылады. Болмысты перделеу түрінде сықақтап суреттейді. Автор өз көзқарасын адамгершілікке үндейді, мысалдағы қатысушылар адамша сөйлей алатын, адамша күйініп, сүйінетін не айуан, не басқа нәрселер болады. Бірақ қатысушы адам да бола береді. Мысалдардың көпшілігінде-ақ не басында не аяғында автор пернелеген нәрсенің негізгі мазмұны, автордың айтайын деген адамгершілік ойы болады. Дворян- буржуазия жазушылары мысалды өздерінің қоғамдық адамгершілігін үйретудің құралы етіп қолданды. Бұл үйретулер сатираның кімге қарсы жұмсалуын анықтайтын жазушылардың таптық мүддесі болды. Ресейде мысал-жазушылар - Сумароков, Крылов т.б. қазақтың жазба әдебиетінде тұңғыш мысал жазушылар Абай мен Н.Наушабаев
Адамның шындық болмысты түсініп, қаншалықты рухани дәрежеде болғандығын өнер көрсетеді. Осы ретте алғашқы қауым адамдарының өміріне көз жүгіртеміз. Олардың дүние танымы мифтік көзқарастарымен анықталатыны белгілі. Адам санасының өсуі, өзгеруіне байланысты алғашқы түсініктердің де аясы кеңейе бастаған. Осылайша, дүниеге жаңаша қарау, қоршаған ортаға деген жаңаша қатынас өнерге де әсер етпей қалған жоқ. Ойымызды нақтылай түссек, алғашқыда шығарылған туындының оқиғасы сақталып, ауыздан-ауызға таралу жолында сюжеті мен айтылу мәнеріне қарай аңыз, хикая, ертегі пайда болғанда , даму процесі жетілген сайын шығармашылық та жан – жақты дамып отырған. Мысалы, мифтің тууы алғашқы адамдардың айналасындағылардың бәрін “ киелі” деп түсінгенімен байланысты болса, келе – келе бұл сипаттан айрылып, өздері араласып жүрген адамдар, іс - әрекет жөніде айтылатын әңгімелерге ауысқан.
Бұл әңгімелер де келе-келе жаңаша сипат алып, түрлі формаларды тудырған. Осы орайда қазақ халық прозасын, соның ішінде ертегілердің жан – жақты сипатын ашып берген ғалым С. Қасқабасов былай дейді:
«Ертегі жанрының түп – төркіні алғашқы қауым пайда болған көне миф, аңшылар туралы әңгімелер, хикая және әртүрлі кәде ырымдар мен аңыздар. Басқаша айтқанда, ертегі жанры өзінің қалыптасу процесінде осы жанрлардың қасиеттерін бойына сіңірген, олардың кейбіреуін молырақ, бағзыларын азырақ пайдалынған». [ 1,257].
Яғни, ойлаудың қалыптасу барысында шығармашылық әр түрлі үлгілер бір – біріне әсер етіп, өзгеше бір шығармашылықтың түрін туғызады екен. Сонда мысалдың да жанрлық тұлғасының қалыптасуындағы бірінші ерекшеліктер сонау дәуірдің өзінде жатса керек.
Сөз өнерінің басқа түрлеріне қарағанда мысал өте күрделі жанр. Осындай күрделі форма болғандықтан да мысал сонау Аристотель заманынан күні бүгінге дейін әлем ғалымдарының назарын өзіне аударып келеді.
Мысалдың ең басты ерекшелігі астармен жазылады, айтар ой тұспалдап жеткізіледі. Бірақ астарлап жазылатын дүниенің барлығы мысал бола бермейді. Мысал болу үшін оқиға, сюжет болуы тиіс. Сол әрекетті іске асыратын персонаждардың табиғатына келетін болсақ, ол аң – құс
Мысал жанрының тағы бір ерекшелігін елемеске болмайды. Ондағы персонаждар өздерінің табиғатынан тыс әрекетпен көрінбейді. Персонаж арқылы адам мінезі берілгенімен, мұнда адам мен хайуан, жансыз заттар бір - біріне мүлдем кірігіп кетпейді. Әрине, олар адамша сөйлейді, адамдар сияқты талас – тартысқа түседі. Бірақ мұның да шегі болады. Осы тұста қиял мен ғажайыпқа құрылып, көркемдік эстетикалық қызмет атқаратын ертегілерден мысалдың өзгешелігі көрінеді. Жансыз заттардың естіп қоюы, көріп қоюы ертегілерде мүмкін болса да, мысалдың табиғаты мұны көтермейді.
Мысалдағы тағы бір шарттылық, ол екі бөлімнен тұрады-дағы, бірінші бөлімінде оқиға дамып, шешімін табады, осы шешімнен айтылмақшы ойға негіз беріледі, ал екінші бөлімінде әлгі оқиғадан қорытынды жасалып, түйін шығарылады. Түйін негізінен сатирамен, ирониямен астасып келеді. Бұл мысалдың даму барысында алғанг қасиеті. Мысалдың негізгі сипатының ашылатыны да осы тұс болып келеді.
Мысал қоғамдық ой-сананың жемісі. Оның маңыздылығы да сонда, мысал адамдар арасындағы қарым – қатынасты әшкерелеуші құрал есебінде танылады. Бұл күнде мысалдың өзіндік жанрлық тұрпаты айқын, дәстүрлік белгілері сақталған іргелі форма екендігі анық. Алайда, оны қарапайым, қосалқы аударма жанр ретінде таныған кезеңдер де болды. Сондықтан да, біздің ойымызша, әдебиеттану мен фольклортану ғылымдарының саласындағы еңбектерге сүйене отырып, мысал жанрының жан – жақты табиғатын тану басты мәселенің бірі. Біз де осы еңбегімізде шамамыздың келгенінше мысал жанры табиғатына зерттеу жасадық. Әрине, бұған дейін де мысал жанры туралы зерттеулер болды. Бұл сол еңбектердің жалғасы іспеттес.
Қазақ әдебиетінде мысал жанрының стилі жүйелі – комплексті зерттеу методологиясы аясында арнайы зерттеледі.
Эпостың шағын да өткір жанры мысалдың қазақ әдебиетінде жедел дамып, әдеби процесте ықпалды маңызға ие болған кезеңі XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басына дәл келеді. Ол кезеңде Дулат Бабатайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді алыптар буыны дүниеге әкелген мысалдар, Мұсабек Байзақов, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Сәбит Дөнентаев, Бекет Өтетілеуов, Спандияр Көбеев т.б. мысалдарында жалғасын тауып,жанрдың тұтас тұлғасы көрінді.
Дәл осы кезеңде мысал жанрының жедел дамуы кездейсоқтық емес. Бұл кезеңнің қазақ халқының өмірінде ірі –ірі тарихи оқиғалар, қоғамдық қарым-қатынаста әлеуметтік өзгерістер әкелген ерекше уақыт екені белгілі. Қазақ даласындағы сол бір қоғамдық тарихи мезгіл қазақ халқының рухани өміріне де әсерін тигізбей қойған жоқ. Міне, осы әлеуметтік өзгерістер мен рухани серпіліс мысал жанрының дамуына ықпал еткен негізгі факторлар еді.
Жалпы, өмірдегі өзекті мәселелерді көтерер көсем сөз сияқты өтімді , өктем жылдам жанрлардың әдеби аренаға толық шықпай, шыққаннгың өзінде бүкіл халыққа мол дәрежесінде жетпей жатқан кезде халықтың елдікке, бірлікке, оқу-білімге шақыруда ғибраттық сарынды, табиғатында поэзиямен егіз мысал жанрының халық үшін маңызы ерекше болды.
Мысал жанрының дамуы бүкіл қазақ поэзиясын жаңа деңгейге көтерген қазақ әдебиетінің классигі Абай дәуірімен тұспа-тұс келді. Рухани серпіліс кезеңінде Абай дәстүрін жалғастыра мысалды әдебиетімізде жаңа биікке көтерген – Ахмет Байтұрсынов. Ахмет Байтұрсынов 1909 жылы Петерборда басылып шыққан « Қырық мысал» атты жинағы қазақ мысал жанрының алтын діңгегі іспеттес. Ол осы салада жарық көрген тұңғыш жинақ болатын. Бүкіл халық, әдеби орта жылы қабылдаған «Қырық мысал» жинағы 1933 жылы Орынборда, 1922 жылы Қазанда қайтара басылып, сол кезеңдегі мысал жанрының дамуына үлкен әсер етті. Ахаң мысалдары сол кездің өзінде қазақ әдебиетіндегі өзгеше құбылыс ретінде танылды.
Мысал жанрының қазақ әдебиетінің тарихында жарқырай көрінген кезеңі де осы тұс. Шағын жанрлардың өтпелі кезеңінде өркендеуі тек қазақ әдебиетінде ғана емес, әлем халықтары әдебиетінде кездесетін құбылыс екені байқалады. Мысалы, орыс әдебиетінде XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында мысал жанры кеңінен дамыды.
Сол сияқты, француз әдебиетінде Лафонтен мысалдары дүниеге келген кезеңді еске алсақ та, аталған құбылыстың типологиялық сипаты бар екенін аңғарамыз. Осы орайда, Е.М. Мелетинскийдің: «Жалпы , шағын жанрлардың гүлденуі дәуір алмасуымен сейкес келеді де, сөйтіп не үлкен эпикалық формалардың қалыптасуына ықпал етеді, немесе олардың құлдырауына әсер етеді»,-деген пікірі ойымызды нақтылай түседі. [ 2,7].
Мысал жанрының зерттелуі. Қазақ әдебиеттану ғылымында мысал жанрын зерттеу ісі назардан тыс қалған жоқ. Жекелеген сөз шеберлерінің өмірі мен шығармашылық ерекшелігін зерттеу барысында, сондай-ақ қазақ әдебиетінің тарихын зерттеген коллективтік еңбектерде мысал жанры қарастырылды.
Атап айтсақ, Абай Құнанбаевтың мысалдарына өз еңбектерінде М.Әуезов, Қ.Жұмалиев т.б. тоқталып өтті.
Ал, Дулат Бабатайұлы, Сәбит Дөнентаев, Бекет Өтетілеуов мысалдарының өзіндік ерекшеліктеріне Б.Кенжебаев, Р.Бердібаев, Б:Ысқақов, Т.Әбдірахманов секілді ғалымдар өз еңбектерінде қарастырды.
Сондай-ақ, ғалым С.Қирабаев өзінің еңбектерінде С.Көбеевтің мысалдарына арнайы тоқталған. Қазақ мысалының жанрлық ерекшелігі Т.Қожакеев еңбектерінде, мысал жанрының тарихы С.Талжанов еңбегінде арнайы қарастырылды. Әдебиетші Т.Еңсегенов «Казахская басня» деген тақырыпта кандитаттық диссертация қорғады. Бұл еңбекте қазақ мысалы хронология бойынша кезең-кезеңге бөлініп сараланады. Мысал жанрының шығу тегіне, теориясына әр жылдары Ахмет Байтұрсынов, З.Қабдолов, С.Қасқабасов секілді ғалымдар өз еңбектерінде тоқталып өткен.
Поэзиялық жанрлар, соның ішінде мысал жанры жайында жазған З.Ахметов, М.Базарбаев, Қ.Сүйіншәлиев, Ш.Елеукенов, Т.Кәкішов, Ә. Нарымбетов, Р.Нұрғалиев, Ш.Сәтпаева, Р.Сыздықова, Қ.Мұқаметқанов тағы басқа ғалымдардың еңбектері де зерттеуге негіз болды.
Диплом жұмысының негізгі мақсаттары Қазақ әдебиеттану ғылымында мысал жанрының теориясына қатысты мәселелердің қойылуына арнайы тоқталмақпыз. Мысал жанры теориясының өзекті мәселелеріне арналған белгілі ғылыми бағыттардың тәжірибесі мен жетістіктеріне сүйене отырып, жанрды зерттену барысында ұстанар теориялық принциптеріміздің шарттары қарастырылады.
Диплом жұмысының мақсаты қазақ мысалын хронологиялық жолмен тізіп, шолу емес, мысал жанрының теориясына тоқталып, жанр табиғатын тану. Өйткені: «... әдебиет теориясының мақсаты нақтылы көркем шығармаларға толық талдау жасау емес. Оның міндеті — сондай талдау жасауға негіз боларлық ой-түйіндер, байлам-тұжырымдарды ғылыми жүйеге салып, айқындап беру.

1 МЫСАЛ ЖАНРЫНЫҢ ТЕОРИЯСЫ

Көркем творчествоның көне жанры шағын болса да, өткір тілі мысалдың әлемдік әдебиет пен фольклорында алатын орны ерекше. Әдебиеттану ғылымының басқа жанрларына қарағанда мысалдың тек өзіне ғана тән айқындалған формасы бар.Ол - әлем әдебиетінде жалғасын тапқан ортақ сюжеттілік, персонаждардың көбінесе аң- құстан болуы, осы арқылы астарлап берілетін ойдың, идеяның ар жағында қоғамдық-әлеуметтік мәселенің, адам мінез-құлқының жатуы. Мысал жанрының белгілі бір тұтастығы, әлем халықтарының мысалдарындағы ұлы үндестігі, типологиялық ұқсастығы осыдан көрінеді.
Мысал жазба әдебиет үлгісі болып табылады. Өзінің даму барысында ол екі түрлі жолмен қалыптасты. Бұл әдебиетте XIX ғасырға дейін-ақ анықталған прозалық және поэзиялық мысал үлгілері.
Бір жанрдың екі ішкі жанрлық түрінің басты өзгешеліктерін, ұқсастықтарын сипаттау ғылымда әртүрлі теориялық бағыттарды қалыптастырды. Сондай ғылыми пікір-тұжырымның бір-екеуіне тоқталып өтейік: « Мысал жөнінде ғылымдағы екі бағытты айтуға болады, ол Лесссингтің рационалистік концепциясы мен Гриммнің романтикалық теориясы. [3,231-232].
Сонымен бірге, кейінгі зерттеушілерден қолдау таппаған поэзиялық мысалды зерттеу барысында пайда болған дарынды психолог Л. Высотскийдің «психологиялық бағытын» да атап өту керек.
Мысалдың шығу тегі, типологиялық дамуы және оның бойында лирикалық, эпостық, драмалық, тіпті трагикалық элементтердің кездесесетіндігі ғалымдардың әртүрлі байлам жасауына әкелген. Мысалды халық ауыз әдебиетіндегі жануарлар эпосымен тығыз байланысты қарастырған Костюхин Е.А. былай дейді:
«Теорияда мысал тек қана әдебиет жанрының бірі ретінде қарастырылмайды, сонымен қатар бір ойды берудің өзіндік формасы және тіпті жалпы сөз өнерінің іргелі формасы ретінде қаралады».[4,164].
Мысалдың философиялық-дидактикалық мазмұнына көңіл қойған Лессинг концепциясын ұстанушылар өмірдегі әртүрлі жағдайлардың себебінен туған ғибраттық мазмұндағы мақал-мәтелдердің негізінде мысал пайда болды дейді. Бұл көзқарасқа философтар да назар аударып, кейіннен В.Перри, А.Потебня, Гаспаров еңбектерінде көрініс тапты. Олардың айтуынша, жанрдың дамып қалыптасуының негізі ғибрат, яғни мысалда айтылар ғибрат адамдардың қарым-қатынасына қызмет етеді. Соңғы түйіннің мақал-мәтелдермен мазмұндас келуінің тәрбиелік сипатына ерекше мән беріп, мысалды өзіне дейін болған басқа формалардан бөлек алып қарастырады.
Сөйтіп, бұлар поэзиялық мысалдың озық үлгісін әкелген француз ақыны Лафонтенді сынға ұшыратты. өйткені, антик дәуірінде Федр мен Бабрийдің кейбір мысалдары өлең тілімен жазылса да, XVIII ғасырға дейін прозалық мысал дамыды. Ал, Лафонтен мысалдары тек философиялық мазмұнға ғана құрылмаған, оның бейнелеу-көркемдеу құралдары да өзгеше болды. Лафонтеннің мысалдарын сынай отырып, Лессинг поэзиялық мысал үлгісінің қалыптасқанын атап көрсетті. Әйтсе де, оның негізгі атқаратын қызметі «ғибрат айту» деген позициясында қалады.
Осы орайда В.Жуковский де : «Мысал дегеніміз әрекет үстінде көрінетін мораль,мұнан адамгершіліктің жалпы ұғымы байқалады», - дейді. [5,402].
Мұнан біз мысалда жеке оқиға арқылы жалпы ақиқатты көреміз.ол үшін алдымен ғибраттық мазмұндағы шындық ойластырылып,соған бейім әңгіме құрылады» деген рационалистік бағыттағы ғалымдармен пікірлестікті аңғартады.
Лессинг мысалды «әдемі поэтикалық ойыншыққа» теңеді. Ол мысалдың ғибрат айтар маңызының төмендеуі поэзиялық мысалдағы персонаждардың тартысы бейнелі сөздер арқылы берілуінде деп таныды. Бұл көзқарас мысалдың ішкі жанрлық түрінің басты сапалық ерекшелігін ажырата алмаушылықтан туындаған болса керек.
Басқа сөз өнері жанрларына қарағанда, мысал жанрының көне дәуірден біздің заманымызға дейін әлем ғалымдарының ерекше назарында болғанын тарихи ұзақ уақытта дүниеге келген іргелі теориялық еңбектер мен қалыптасқан ғылыми бағыттар дәлелдейді. Бұның өзі: мысал жанры – сөз өнерінің ең көне, ең бай және ең дәстүрлі де өміршең. шағын да күрделі формасының бірі екенін байқатса керек. Алайда, оны қоңыртөбел, қарапайым кейде тіпті қосалқы аударма жанр ретінде таныған кезеңдер де болды. Сондықтан да, біздің ойымызша әдебиеттану және фольклортану ғылымы саласындағы теориялық еңбектерге сүйене отырып, мысал жанрының табиғатын тану – басты мәселенің бірі.
Мысал жанры туралы ғылымның жүйелі теориялық үш бағытын айтуға болады.Бірі, Аристотель еңбектерінен бастау алған негізінен философтар да аса назар аударған кейіннен Г. Э. Лессинг, В. Перри, А. Потебня, М. Н.Гаспаров т.б. ғалымдар еңбектерінде айқын көрініс тапқан, мысал жанрының басты өзге жанрдан өзгешелендіріп тұратын негізі ғибрат \мораль\
деген оның философиялық-дидактикалық мазмұнына ден қойған рациональды бағыт. Бұл бағыттағы ғалымдар мысал жанры адамзат қоғамының дамыған кезінде, тіршіліктен түрлі жағдай, өзгеше оқиғалар салдарынан туындаған ғибраттық мазмұнды теңеу, мақал мен мәтелдер негізінде қалыптасты деген тұжырым, пайымдауларға барып ғибрат жанрдың негізгі қасиеті деген ой түйеді.....
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:

Ұқсас мақалалар:
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Мұхтар Әуезов - фольклортанушы (қазақ фольклористикасы бойынша)
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Көне жазба әдебиет пен қазақ ауыз әдебиетінің өзара байланысы
» Дипломдық жұмыс: Аударма ісі | Қараманұлы батыс әдебиетінің аудармашысы
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Ертегілер арқылы оқушылардың тілін дамыту процесі
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Қ. Қараманұлы батыс әдебиетінің аудармашысы

Іздеп көріңіз:
дипломдык жумыс Мысал жанры дипломдық жұмыс дайын жоба дипломная работа, сборник готовых дипломных работ на казахском языке, скачать бесплатно готовые дипломные работы проекты на казахском, дайын дипломдык жумыстар казак адебиет жобалар дипломдық жұмыстар

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]