Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Күләш Ахметованың лирикасы
Мазмұны
Кіріспе
I тарау. К.Ахметова лирикасының идеялық – көркемдік ерекшелігі
1.1 К.Ахметова лирикасыдағы тақырып пен көркемдік шешім
1.2 К.Ахметованың махаббат лирикасы
ІІ тарау. Ақын лирикасындағы стиль және бейнелілік мәселесі
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
Кіріспе
Әдебиеттің тегі бейнелеу тәсілінің үш түріне қарай жіктелетіні әдебиет теориясынан белгілі. Бірі – автордың өз атынан баяндау (лирикалық түр), екіншісі – кейіпкердің толғанысы (лирикалық түр), үшіншісі – кейіпкерге өзара қақтығысып сөйлесу (драмалық түр).Әдебиетте қалыптасқан қанша жанр болса, соның барлығының атқаратын қызметі – өмір шындығын әр қырынан танытып, көркем шындықтың суретін салуға септігін тигізу. Осы жағынан алып қарағанда, әр жанрдың, әрине, өзге ұтымды жақтары бар.Көркем әдебиеттің негізгі саласының, жанрының бірі – лирика. Лирикада ой мен сезім бірлесіп, терең қабысады. Оған тартымды күш-қуат дарытатын терең оймен суарылған, нәрленген жалынды сезім әсерсіз, құрғақ қағида-тұжырымдар арқылы берілсе, оқырманды тебірентпейді. Өмір, дүние, адам тағдыры туралы үлкен толғаныстан тумаған жай сезімшілдік лириканы жандандыра алмайды. Лириканың басқа жанрлардан айырмашылығы да, өзіндік артықшылығы да бар. Академик Зәки Ахметов «Лирикалық шығармада негізінен алғанда жеке адамның көңіл-күйі, сезімі суреттеледі. Нағыз лирикалық туындылар жеке адамның жан-дүниесін, толғанысын, тағдырын бейнелеп, сол арқылы бүкіл ортаны, қоғамды, заманды сипаттап береді»/1.216/.
Адам жанының тереңдігіне бойлай білуді қажет ететін лирика жанрының өзіндік ерекшеліктері, оның өзге жанрлардан айырмашылығы орыс әдебиеттануында кеңінен зерттелеген. Атап айтқанда, Л.Гинзбургтің «О лирике», М.Гринбергтің «Лирическая поэзия», «Три грани лирики». Ал Михайловтың «Лирика сердца и разума», М.Поспеловтың «Лирика среди литературных родов», В.Бузниктің «Лирика и время», Л.Г.Фризманның «Жизнь лирического жанра», Полкиннің «Лирика как искусство стихотворного слова», т.б. еңбектерінде лирика мәселесі кеңінен сөз болса, қазақ әдебиеттануында да осы жанр төңірегінде жазылған көптеген ғылыми кітап, монография, мақалалар да баршылық. А.Байтұрсыновтың «Ақ жолынан» бастап, Ж.Аймауытовтың «Мағжанның ақындығы туралы», Қ.Жұбановтың «Замана бұлбұлдары», Қ.Жұмалиевтің «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі», Е.Ысмайловтың «Ақындар», М.Қаратаевтың «Шеберлік шыңына», М.Дүйсеновтың «Қазақ лирикасындағы тақырып пен көркемдік шешім», М.Базарбаевтың «Көрікті ойдан көркем сөз», З.Қабдоловтың «Сөз өнері», С.Қирабаевтың «Әдебиет және дәуір талабы», З.Ахметовтың «Өлең сөздің теориясы», Б.Кәрібаеваның «Қазіргі қазақ лирикасының поэтикасы», Қ.Жүсіптің «Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік», т.б. көптеген еңбектерде қазақ поэзиясы, лирикасы жүйелі түрде талданып, зерттелініп келеді.
Қазақ поэзиясындағы сапалық күрт өрлеу, жедел кемелдену, негізінен 60-жылдардан басталады. Поэтикалық даму шексіздігінің әр тұсынан бір толқын көтерген қуатты жарылыстар мен дүмпулер кезеңі боп тұратыны белгілі, 60-шы жылдар феномені де сол тектес бір «қопарылыс» мезеті еді. Оның тарихи себептері саяси, әлеуметтік-психологиялық дәйекті негіздері бар. Бұл өзі социалистік Құрылыс ауқымындағы демократияның сәл де болса кеңейе түскен, И.Эренбург «Жылымық» (оттепель) деп ат қойған кезеңде, жеке адамға, оның жан дүниесі мен рухани ділгірлігіне тереңдей үңілуге шақырған уақыт талабына, қоғамдық сана-сезімнің өрлеуіне тұспа-тұс келген, сонымен тікелей байланысты құбылыс болатын. Жеке бастың қадірі туралы концепцияның қайта жандануы лириканың да кібіртігін жазып, тұсауын шешті. Лирика кенет шешіліп, өз тілімен сөйлей бастады. Дүниеге кәдімгі ет пен сүйектен жаратылған жанның болмысынан сәулеленген поэзия келді. Лирикалық кейіпкер арқылы адам жанының тереңі, қасиет-қуаты пердесіз көрініс тапты. Қазақ поэзиясындағы осы жаңа дәуір О.Сүлейменов, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, С.Жиенбаев, М.Мақатаев, Ф.Оңғарсынова, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов, К.Ахметова т.б. есімдермен тығыз байланысты /2.63/.
60-90 жылдар аралығындағы қазақ әдебиетінің ұлттық көркем өнердегі терең тамыры нәзік арқаудан нәр тарта дамуға талпынған бет-бағдары болатын. Бұл жылдар аралығындағы лирика шын мәнінде тасты жарып шығып гүл атқан қызғалдақтай көзге ыстық тартқаны рас /3.106/. Шынында да осы жылдары поэзиямыздың жаңа дәуірі басталды. М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, С.Жиенбаев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Т.Айбергенов, К.Ахметова, т.б. өздерінің ақындық таланттары арқылы қазақ өлеңдеріне үлкен серпіліс, жаңа өрлеу кезеңін ала келді. Осы буын жасаған поэзияны жалғастырып, өзіндік даралығымен келген ақынның бірі – К.Ахметова.
Талант – күрделі құбылыс. Орыс әдебиеті теориясын зерттеуші Н.А.Гуляев талант жөнінде : «Это – комплекс творческих сил и способностей человека, обеспечивающих, прежде всего эстетическую сторону писательского труда, образную, эмоциональна выразительную специфику хужожественного произведения», – дейді /4.106/. Ал қазақтың ұғымымен, талант – ана сүтімен бойға даритын туа біткен қасиет. Ақындық та солай. Заман талабы өзгеруі мүмкін, бірақ оның өлеңдері бәрібір оқылады. .
Қалыптасқан ұғым бойынша, лирика дегеніміз – ақынның ойы мен сезімінің ұштасып келіп тұтас көрінуі. Лириканың предметі де, бейнелеп айтар ойлары да, бейнелеп көрсетері де – ақынның өз көңіл-күйі. Н.А.Добролюбов өзінің И.Никитин өлеңі туралы жазған мақаласында лирикаға орай мынадай тұжырым айтады: «Лирикалық өлеңде, – дейді сыншы, – ақын өзінің табиғатты немесе өмірдегі белгілі бір құбылыстан алған тікелей сезім-түйсігін айтып береді. Бірақ мұндағы нәрсе – сол түйсіктің өзі де, оны ақынның енжар қабылдауы да мес, ақынның сол сыртқы әсерге іштей ұйып, құлай ықылас қоюында» /5.112/.
Осы жылдар поэзиясының ізін басып, өнердегі өзіндік мінезімен алдыңғы топтан көрінетін К.Ахметова поэзиясы – біздің бүгінгі жұмысымыздың басты арқауы да. Бұл орайда «Ақын қуанса, шын қуанып, мұңайса, шын мұңаяды. Оның бір жырдан екінші бір жырға көшіп отыратыны лирикалық кейіпкерінің жан-дүниесіндегі толқыныстар ауыл, аймақ, керек десеңіз кейде ұлт пен ұлыс шекарасынан шығып, жалпы азаматтық толғаныстар кеңістігіне көтеріледі. Ол аспанмен тілдессе де, жермен сырласса да, бір қызығы, сені досыңмен сөйлестіргендей, тілдестіргендей ерекше бір халге бөлейді» деген Ш.Айтматовтың пікірінен біраз нәрсе аңғарылады /6,12/.
Абай әлеміне еркін еніп ,оның өлең сөздегі дәстүр -өнегесін лайықты жалғастырған қазақ ақындары /Шәкәрім, Мағжан, Сұлтанмахмұт т.б./ көркемдік рухани мәселелерді ,адам мен оың еңбегін ,өмір тұрмысын терең толғады.ұлттық поэзияның ұлы мұраттарын бар қырынан ашып, биік белестерге көтерген - С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев,Т.Әбдірахманова, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, М.Әлімбай, М.Айтхожина, Ф.Оңғарсынова, А.Бақтыгереева, Н Оразалин, О.Сүлейменов, Қ.Мырза Әлі, Қ.Бұғыбаева, М.Шаханов, Т.Медетбек, Ө.Нұрғалиев, С.Иманасов, Р.Ниязбек, Ж.Әбдірашев, К.Мырзабеков, А.Егеубаев, Ж.Жақыпбаев, Ұ.Есдәулетов, Е.Раушанов, И.Ғайып, Т.Оразбаева, Б.Серікбаев, Г.Салықбаева, Т.Әбдікәкімов, Н.Мәукенлы, т.б. ізденіс-еңбектері,көзқарас эволюцияары, кеше-бүгін мәселесін жырлаудағы амал-тәсілдері қалың көптің көңілінен шығып,рухни нәр сыйлады.Аталған ақындар шоғырының бел ортасында: -Мен өз жүрегімді жырлау арқылы қазақты жырладым, - деген өлең-өнердің өз өкілі - Күләш Ахметовада бар.
Ұлттық поэзия патшалығына өзіндік өрнек, өзгешеліктерімен келген,адамдық,ізгілік иірімдерін нәзік лиризиммен, терең тебіреністі толғамдармен еркін жырлаған – К.Ахметова уақыт талаптарын жіті зерделеді. Қайсы бір тақырыпты да тереңнен толғап,ақыл-парасат нұрын,көңіл күнделігін ,жан-жүрек сәулесін молынан түсірді. Өлең өрімі, өрнектері арқылы уақыт алға тартқан келелі мәселелерді, тәуелсіздік талаптарын жүректен қозғады. Атамекен мұратын, ел-жұрт тағдырын, адам әлемін алуан ізденіс, түрлі салыстырулар арқылы шебер де шешен жеткізеді. Біздіңше К.Ахметованың ақындық өнері – талант қуатымен, көркемдік нәрімен,сыр-сезімге толы шындық сипаттарымен даралана түседі. Мұны ізденіс іздері де, қолтаңба мәнері де бедерлей түседі. Зерттеу мұраттарының арналы ағысы да, өзекті һәм ұтымды қырлары да осы тұстан айқын аңғарылады. К.Ахметова туралы: Ж.Дәдебаев, Ә.Кекілбаев және Ж.Абдуалиева, Қ.Бегманов т.б . мақалаларында біршама қарастырылды.
К.Ахметова шығармашылығының әлі де сандаған зерттеулерге объект болатынын айта келе, біздің бүгінгі тақырыбымыздың өзегіне айналар ақын өмірбаяны мен шығармашылығына тоқтала кетейік.
Күләш Ахметова 1946 жылы 25 сәуірде Қырғызстанда туылған. Жамбыл облысының Талас ауданындағы Үшарал орта мектебін бітірген.1961 жылы жамбыл медициналық училищесін ,1973 жылы ҚазМУ-ді тамамдаған.
Үшарал медпунктінде меңгеруші,Талас аудандық “Ленин жолы ” 1973-1977 жж республикалық “Қазақстан пионері ”газеттерінде әдеби қызметкер,бөлім меңгерушісі,1977-1980 жж “Жалын” баспасының поэзия бөлімінде редактор болды.
“Сен менің бақытымсың” атты кітабы үшін акын Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты болды. Өлеңдері түркі халықтарының тілдеріне аударылған мектеп оқулықтарына енген. Тәуелсіздіктің он жылдығына арналған республикалық жазба ақындар мүшәйрасының Бас жүлдегері. “Еңбекте үздік шыққаны үшін” медалімен марапатталған /7.37/
Ақын К.Ахметова шығармашылығындағы басты тақырыптар – атамекен , ел – жер мұраттары , достық пен жастық жырлары көркемдік –рухани мұраттар тұсынан кемел де келісті сипаттарымен әр буын өкілдерінің талап –талғамдарына жауап беріп келеді. Ақын ізденісі мен көзқарас мұраттарынан жаңа уақыт бедері, тәуелсіздік талаптары кеңінен көрініс береді. Әсіресе, ұлт мұраты, демократия тағлымы, адам мен оның еңбегін аялау мен бағалау сипаттары айқын. Кезең көріністері,мезгіл әуендері де нанымды өріс алады. .Алайда, бүгінгі күнге дейін К.Ахметованың лиркасы арнайы зерттеу нысанасына айналған жоқ.Тақырыптың зерттелу мұраттары да осы тұстан терең танылады.
К.Ахметова лирикасы ақынның жеке басының сезім иірімдерін, көңіл-күйін жырлаумен шектелмей, қоғамға тән құбылыстар мен адамға тән мінез-құлықтардың табиғатын ашуға, өмірдің қиын да күрделі тұстарын зерделеуге, адам санасы мен ғалам байланысының сырлы жұмбақтарын тануға көмектеседі. Ақын заманның ащы шындықтарын терең барлап, батыл сөйлейді, еркін жырлайды, көркем суреттейді.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері: Жұмыстың басты мақсаты қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті тұлғасы Күләш Ахметованың ақындық әлемін лирикалық өлеңдері арқылы қарастыру болып табылады. Сол арқылы танымал тұлғаның әдеби процестегі орын-үлесін,ізденіс арналарын,көркемдік мұраттарын, қаламгерлік нысанасын зерделеу.Ақын әлеміне ену,ізденіс арналарына назар аудару,тақырыпты меңгеру, образды ашу, көркемдік амал-тәсілдерді қолдану мүмкіндіктеріне мән беру. Біз диплом жұмысын жазу барысында біз мынандай мақсатты көздедік.
Бірінші тарауда, ақын К.Ахметова өлеңдеріндегі қоғам мен заман шындығының бой көтеруі, ақын өлеңдеріндегі ұлттық таным сипаты, жаңашылдығына, тақырып таңдаудағы ерекшелігіне тоқталамыз.Сондай-ақ “махаббат лирикасы” деп аталатын тарауда ақынның махаббат лирикасы тереңдей талданады. Бұл тарауда ақынның сан алуан сезімді жеткізудегі шеберлігі, әйел сезімдерін бейнелеген өлеңдері арқылы айқындалып отырады. Күләш бұл саладағы шебер қаламгер екендігіне көз жеткіземіз.
Екінші тарауда, ақын өлеңдеріндегі өмір шындығының бейнелену ерекшеліктері, стиль және бейнелілік мәселесін қарастыру. Ақынның өзідік қолтаңбасын айқындау.
Қорытындыда К.Ахметованың қазақ лирикасындағы жетістіктері айқындалады Оның өлең өлкесіне үлкен дайындықпен келген, батыл да өр лирикалық қаһарман бейнесін қалыптастырған талант иесі екендігі дәлелденеді.
Бітіру жұмысының өзектілігі Ақын творчествосын зерттей отырып, оның қазақ поэзиясындағы өзіндік қолтаңбасы, өзіндік мінезі бар, өзіндік «Мені» бар ақын екендігіне көз жеткіздік. К.Ахметованың ақындық политрасы – терең лиризмге құрылған.
К.Ахметованың лирикалық туындыларының басты арнасы, салалары жүйеленіп, оның ел-жер, табиғат, жастық, достық, махаббат тақырыбындағы туындылары терең сараланады.Сондай-ақ , ақын көзқарасы мен қолтаңбасы, ізденіс мұраттары,өлең өрісі мен өрнектеріндегі өзіндік өзгешеліктер, ой-сөз жүйесі, көркемдік таным арналары зерделенеді;
-ақын шығармашылығы тұтас қаламгердің өлең-жырларымен бірлік-байланыста сөз етіліп,өзіндік өзгешеліктері көрсетіледі;
Жұмыстың құрылымы: Бітіру жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І тарау. К.Ахметова лирикасының идеялық-көркемдік ерекшелігі.
1.1 К Ахметова лирикасындағы тақырып пен көркемдік шешім.
Өнер мұраты – халықты бір-бірімен жақындастырып, рухани жағынан үндестіреді. Оның ішінде, әдебиет – халықтың ой-санасын өсіріп, кемелдендіреді.Әдебиет халықтың рухани асыл қазынасы болғанымен,оны жасайтын халық ішінен шыққан дарын иелері.Сондықтан да жеке адамдар жасаған әдебиет туындыларын сандаған ұрпақ оқып,одан ұлағатты ой,өнеге-үлгі алады.Тәлімдік,тағлымдық тұстары мол.
Бұл ретте әрине, аға буын өкілдері: Ә.Тәжібаев, Д.Әбілев, А.Тоқмағамбетов,М.Әлімбаев, Х.Ерғалиев, Ғ.Қайырбеков, С.Мәуленов, С.Сейітов, Т.Әбдірахманова, К.Салықов, Қ.Бекхожин, Қ.Шаңғытбаев,т.б. азаматтық-философиялық түйін-тұжырымдарға толы өлең-жырлары, О.Сүлейменов пен М.Шахановтың азаматтық мәселелерге батыл үн қосуы, сол секілді Т.Молдағалиев, С.Жиенбаев, Қ.Жұмағалиев, Н.Нәжімеденов, С.Иманасов, Ә.Нілбаев, Ө.Нұрғалиев,Қ.Мырза Әлі, М.Мақатаев, К.Мырзабеков, Ж.Әбдірашев, Ш.Сариев,Т.Медетбек, Ұ.Есдәулет, Е.Раушанов, И.Сапарбай, И.Ғайып, С.Тұрғынбеков, Ж.Ерман, А.Егеубай, А.Әлім, С.Адай т.б. өмірі мен өнерге адалдық танытып,қазақ өлеңін дамыту ісінде қайсар мінез бен қаламгерлік қарымдылық көрсетуі көңіл қуантады.
Адам жанының тереңіне бойлай білуді қажет ететін лирика жанрының басты ерекшелігі – ой мен сезімнің тең қабысып отыруы. Ал, нағыз лирик осы қос қасиетпен оқырман жүрегін сәулелендіріп отыруы тиіс. Бұл әрине, қалам ұстаған кез-келген қаламгердің қолынан келе бермейтін, тек сирек талант иесіне ғана бұйырар шығармашылық бақыт.
Қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік көзқарасы мен қолтаңбасы бар, ізденіс пен ізгілікке жаны құштар, жүрегі жырға,көңілі нұрға толы талантты тұлғалардың бірі – Күләш Ахметова.
К.Ахметова ақындығы алыптар тобының асылы мен асқары,“кәдімгі Сәбит Мұқанов” назарына ілігеді .С.Мұқанов “Балауса өлең өрісі” атты жас авторлар шығармашылығы туралы мақаласында – К.Кененбаев, Х.Балшабеков, Х.Алпысбев, А.Жылқышиев, С.Оспанов, И.Дүйсебаев, Т.Қажыбаев, С.Буратаева, М.Нұрқанов т.б. бірге К.Ахметованың жауқазын жырларына да арнайы тоқталады.Ізденіс мұраттарын,көзқарас эвалюциясын, ондағы сыр-сезімді, көркемдік өрнектерді, өлеңдегі өмірін тап басып көрсетеді. Ақындық өнер мен көркемдік қабылдау мұраты өмір тәжірибесімен уақыт бедерінен із береді /8.9 6 /
К.Ахметова лирикасының табиғатынан ұлттық болмыс бедері, қазақ тілінің жыр болыптөгіген әрі мен нәрі, шұрайы мен шырайы қиял қанатымен қанаттанып, құштарлық, өнерге сүйіспеншілік сезімдері сырлы да нәрлі түрде өріс алады. Адам өмірін үлгі ету,еңбек мұраттарын бағалау,келешекке үміт арту айқын аңғарылады. Кеше – бүгін байланысы берік те тағылымды. Мәселен,“Мен туған үй” өлеңінде:
Түрлі достар үйімізде бар біздің,
Тоғысатын шоғырындай жұлдыздың.
Балалайка тартып анам, ал әкем
Әнін салып отыратын қырғыздың /9. 28/, -
деп, - балалық бал дәуренін сағынышпен еске алу арқылы алтын тамыр – ауылға кеше-бүгінге барлау-байлам жасайды. Ақын үйді –Отан бейнесінде алып содан нәр-қуат алған адамдар әлемін ,еңбек тынысын еркін де көркем, серпінді суреттейді. Ата-анаға құрмет, досқа беріктік сынды сезім,сырлардан да табиғилық , тазалық танылады. Бұл тұста, әрине, ақын өмір шындығын көркемдік шешімге айналдырар тұста, тақырып табиғатына айрықша мән береді.Ақын кез-келген тақырыпты талғаусыз толғап,қиыннан қиыстырып жаза бермегені айқын аңғарылады. Бұл ретте,әрине,өзі көрген , көңілі сеніп,жүрекке берік ұялаған жайларды ғана тереңнен толғап, шынайы жырлайды.Өзін толғандырған тақырып табиғатына еркін еніп,оны әр қырынан танып, қалың көпке ізденіс-көркемдігімен, шеберлік пен шешендікке сай соны бейне, ұтымды қырларымен жеткізу – К.Ахметова ақындығының басты белгілерінің бірі.
Ақын тудырған өлең-жырлардың өрімі де әлеуметтік, философиялық, көңіл-күй әуендеріне айналып, жалпы адамзаттық, дүниетанымдық көзқарасын баян етеді. Лирикаға тән қасиеттердің бірі – адам сезіміне әсер берер отты, жалынды эмоциялық сезімталдық екені белгілі. Құрғақ баяндау немесе сезімге құрылмаған жай әншейінгі жалаң тұжырым музыкалық шығарма тудыра алмайды. К.Ахметова лирикасының басты ерекшелігі – нәзік сезімге, ойлы толғанысқа құрылумен ерекшеленеді. Таңдаған тақырыбының түп-төркінін терең зерттеп, баянды барлап барып, сезім сырын шерту – ақын шеберлігінің бір қыры. Ақын кейіпкерлері кімнің атынан сөз алса да оқырман есінде ұзақ сақталатын ерекше мінез даралығымен өзгешеленеді.
К.Ахметова шығармашылығының ең басты жанры – лирика. Лирикада ой мен сезім бірлесіп, терең қабысады. Оған тартымды күш-қуат дарытатын терең оймен суарылған, нәрленген жалынды сезім әсерсіз, құрғақ қағида тұжырымдар арқылы бірлесе, оқырманға әсер етпейді. Өмір, дүние, адам тағдыры туралы үлкен толғаныстан туылған жай сезімшілдік лирикасы жандандыра алмайды. Себебі, лирикаға жан беретін сезімнің аты, нәзіктігі. Лириканың басқа жанрлардан айырмашылығы да осында. Шыншылдық пен сезім байлығы, ойшылдық – оның өмір танудағы, адамды танып бағалаудағы үлкен байлық. Қай кезде қандай тақырыпты жырласа да ақын осы жолдан тайған жоқ. өлең әр күйде, әр жағдайда жазылып оның болмысын аша түседі.
Қонғанда күздің баққа тұманы,
Қоштасар құстар тәтті етіп әнін,
Есіңе аларсың сонда жырларын
Ахматованың емес, Ахметованың /10.133/, -
деп басталған уыздай балғын жыр бүгінде қаншама тарихты, өмірді басынан кешірген кемел шағына келгенін танытады:
Барасыңдар қай жаққа кетіп бәрің?
сырт-сырт етіп тоқтамай өкінтті әр үн.
Бір сөз, бір ой, бір демге ұзарыңдар
Құдіретті, қуатты секундтарым!
Күн күледі, сонан соң түн кіреді,
Түн көзімді сәл ғана ілдіреді.
Қатал патша – уақыт, бізден артық
Қадіріңді өзіңнің кім біледі?!/10.198/ - деп кең тыныстап кейінде қалған өмірге шолу жасайды. Осы екі шумақтың арасында халқымыз бастан кешкен өмір жатыр, онда ақынның өз бояуымен өрнектеп салған қолтаңба ізі жатыр. К.Ахметова өлеңдерін оқи отырып өткен жылдарды қаз-қалпында көз алдымызға елестетеміз. Сол жылдардағы көңіл-күй, сезім оралымдары, туған жерге, ағайын-туғанға деген кіршіксіз махаббат, бейбіт өмірге, бейқуат тірлікке деген қанағат әр өлеңінде жарасымын тауып әдемі суреттелген. Әсіресе, туған жерге,туған ауылына арналған ақын өлеңдері ерекше шабытпен жазылған. әр шумақтан, әр жолдан ақын жүрек сағынышы аңқып тұрады.......
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Ұқсас мақалалар:
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Жүрсін Ерман поэзиясының көркемдік сипаты
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Күләш Ахметова шығармаларындағы махаббат тақырыбы
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Ш. Құдайбердиев лирикасы тілінің лексика-фразеологиялық ерекшеліктері
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Қазіргі қазақ повесть-әңгімелеріндегі лиризм
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | «ҚЫЗ ЖІБЕК» ЖЫРЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ПОЭТИКАСЫ
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Жүрсін Ерман поэзиясының көркемдік сипаты
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Күләш Ахметова шығармаларындағы махаббат тақырыбы
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Ш. Құдайбердиев лирикасы тілінің лексика-фразеологиялық ерекшеліктері
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Қазіргі қазақ повесть-әңгімелеріндегі лиризм
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | «ҚЫЗ ЖІБЕК» ЖЫРЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ПОЭТИКАСЫ
Іздеп көріңіз: